Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СОЛАҚАЙЛАР КЛУБЫ
Кэндзабуро мырзаның бізге жасаған ықпалы...

08.10.2018 4439

Кэндзабуро мырзаның бізге жасаған ықпалы

Кэндзабуро мырзаның бізге жасаған ықпалы - adebiportal.kz

Кэндзабуро Оэның әдеби талқы жиынында оқылған сөз


ХХІ ғасырдың табалдырығын аттаған алты-ақ жыл ішінде Кэндзабуро мырза әлемдегі түйткілді мәселелерге назар аударып, адамзат тағдыры жөнінде терең толғанған, өз жан дүниесін ар сотына тартқан, жанрлық жаңалыққа ұмтылған «Ұрланған балалар», «Мұң бейнелі бала», «Екі ғасырлық бала», «Қош бол, кітаптарым» сынды төрт кітап жариялап үлгеріпті. Жетпістің желкесіне шыққан ақсақалдың мұнысы хикмет деуге тұрарлық еңбек. Кэндзабуро мырза әлдеқашан ие болған даңқ пен еткен еңбектің игілігіне бөленіп, қарттық өмірдің зейнетін көріп жата беруіне болар еді. Бірақ қылшылдаған жастың өзі таңырқайтындай жанкешті еңбек етіпті. Біз секілді қаламдастары бұған қатты мойынсал болдық және ыңғайсызданып та қалдық.

«Ол кісінің осынша тынбай еңбектенуіне тегі қандай күш түрткі болды екен?» деп бірнеше күн ойландым. Сөйтсем, ол интеллектуал адамда болатын даналық және «тек мен ғана қашып шығып сендерге хабар бере аламын» дейтін жауапкершілік пен батылдық екен. Кэндзабуро мырза азаптан құтылу жолын іздеп жүріп сол азапты асқан батылдықпен арқалап өтерлік рухани сілкіністі басынан кешірген. Ол сілкініс Дантенің «Құдыретті комедиясы» сияқты бұралаң және даңқты жол. Ол кісі азап арқалай жүріп оның мәнін сезінген. Сосын өзі де қарапайым жанашыр адамнан адамзат үшін жарық іздеп, оны құтқаруға талпынған, дінде айтылатын ұлы ізгілік дәрежесіне көтерілген. Ол «Қараңғы қобдишаны иығыма салып, оларды кең, жарық жерге қоямын» деумен өзін құрбан еткен Лу Шүндік рух пен «Балаларды құтқарыңдар» дейтін ұлы ізгіліктің жалғасы екен. Мұндай рух ешқашан тыным таппайды. Шығармашылық, тек шығармашылық қана оны арылта алады.

Кэндзабуро мырза жазу бөлмесіне тығылып алып кітаптан бас алмайтын оқымысты емес. Ол Лу Шүн секілді зұлымдыққа жаны қас адам. Оның шығармаларынан алып тасты тау басына қарай тынбай итерген Сизифтің құлшынысын көруге болады, заманынан кеш қалған Дон Кихот сарбаздың құлшынысын көруге болады. «Қажетсіз болса да, сен үшін істедім» дейтін Конфуцийдің құлшынысын көруге болады. Ол «Торығу ішіндегі үмітті», яғни «Темір қапасқа түскен сәулені» іздеді. Осындай қасіретті ой-толғам үстінде «мен айтпасам, кім айтады» деп жауапкершілік арқалады.

Менің есіме Қытайдың шығыс-солтүстік өлкесіне кең тараған Хай Либу деген аңшы туралы ертегі түсіп отыр. Хай Либу аң-құстың тілін білетін адам екен. Бірақ ол қасиетін өзінен басқа жан баласы білсе, бұл тасқа айналмақ. Бір күні аңшы ормандағы аң-құстың таудан тасқын жүріп, қыстақты ағызып әкететіні туралы айтысып жатқанын естиді. Хай Либу таудан түсе салып, қыстақтағы адамдарға дереу кету керегін айтады. Жұрт әрине сенбейді, жынданған екен деп ойлайды. Оларға қауіп төнетін болған соң Хай Либу амалсыздан өзінің құпиясы мен болған жағдайды баяндайды. Ол сонда сөйлеп тұрып біртіндеп тасқа айнала бастайды. Жұрт сол кезде барып сенеді. Оның атымен ұран шақырып көше бастайды. Көп өтпей тасқын жүріп, қыстақты жермен жексен етеді. Міне, сол Хай Либу сияқты ғұмырын туған халқына арнап, адамзатпен бетпе-бет келген ауыр мәселелерге терең үңілген адам жазбай тұра алмайды екен, «бірден-бір хабар беретін адам» үн-түнсіз отыра алмайды екен.

Кэндзабуро мырза қарапайым отбасынан шыққан, ізденімпаз, өте білімдар адам. Ең алғаш қолына қалам алғанда-ақ «Жапонда қазірге дейін қалыптасқан әдеби нұсқаларға ұқсамайтын дүние жазамын» деп алдына мақсат қойған. Неше он жылдан бері ол прозаның нұсқасы мен құрылымы жөнінде ізденіп, эксперимент жасады. Бүкіл әлемнің назарын өзіне аударды. Жетістікке жетті. ХХІ ғасырдың табалдырығын аттаған соң ол: «Әр жолы жазуға отырғанда, өзім өмір сүріп жатқан заманға қалай қараймын, тек өзіме ғана тән прозаны қалай жазамын деп ойланамын» – деп еді. Бұл сөзінен ол кісінің өнерді шексіз сүйгенін, соған шын берілгендігін көруге болады. Сол үшін де қаламы қаңтарылған емес.

Жақында Кэндзабуро мырзаның шығармаларын парақтап шығып, оның әдебиеттегі жүріп өткен жолына үңілдім. Шығармаларын оқып отырып адамзатқа деген махаббатын, болашақ туралы уайымы мен үмітін сездім. Біз оаған ерекше назар аударуымыз керек. Ол кісінің шығармалары мен әдебиеттегі ізін зерттеп, үлгі алуымыз керек. Ол кісінің шығармалары бізге қалай ықпал еткенін жинақтап, бес тақырыпқа топтап айтуды жөн көрдім.

Қиыр шет пен орталықтың қарама-қарсылығы

Кэндзабуро мырза 2000 жылы Синхуа университетінде сөз сөйлегенде: «Мен әңгімелерімде немесе мақалаларымда Жапонияның қиыр шетінде, орман арасында өмірге келіп, сонда есейген баланың бастан өткерген қоғамдық жағдайы мен мәдениетін жаздым... Өткен жазушылық өмірімді қайта барлап, шығармаларымды теориялық тұрғыда тұрақтандырдым, оқуды Франсуа Рабледен бастадым да, Михайл Бахтинның методологиялық зерттеуіне табан тіредім. Юкио Мисиманы уәкілдік еткен таным бойынша Токионы Жапонияның орталығы, императорды мәдениеттің орталығы деп қарадым. Осы таным бойынша Бахтинның абсурдтық реализм теориясы арқылы өз шығармаларымды қиыр шетке қойып, фондық мәдениеттің тасасында жатқан халықтық аңыз-ертегілерді таған еттім. Бахтинның теориясы француз әдебиетінен тамыр тартып, Ресей әдебиетін тұғыр еткен еуропалық мәдениеттің туындысы. Бірақ мен Қытай, Корея, Окинава сынды азиялық мәдениеттің ерекшелігін таныдым» дегені бар еді.

Кэндзабуро мырзадағы «орталық – қиыр шет» қарама-қарсылығын әрқалай түсінуге болады. Мен мұны туған жердің жазушыға әсер етуі және жазушының туған жеріне үңілуі деп түсінемін. Бұл бейсаналылықтан саналылыққа дейінгі процесс. Кэндзабуро мырза ерте кезде жазған «Өсіру» сияқты шығармаларында туған топырақтың құнарын қаламына бейсаналы түрде іле кеткен. Қаймағы бұзылмаған ауыл мәдениетінің сырттан келген мәдениетпен, қала мәдениетімен қақтығысын анық бейнелеп көрсеткен. Ауыл мәдениетіндегі дуализмды да бейнелеген. Ол шығармашылықпен айналыса жүріп төл туындыларының табиғатында «орталық – қиыр шет» қарама-қарсылығының бар екенін байқаған. Өткен ғасырдағы шығармаларын осы теориямен қуаттап отырды, әрі шығармалары арқылы осы теорияны дәлелдеп, мазмұнын байытты. Ол Бахтин теориясының әдістемесімен тар шатқалдағы айналасын орман қоршаған қыстақтың жалпылық мәнін таныды. Бұл мән – халықтық мәдениет пен моральдің негізінде құрылған, ресми және қалалық мәдениетпен шарпысады.

Алайда Кэндзабуро мырза ауыл мәдениетіне көзсіз табынатын адам емес еді. Ол туған жеріндегі халықтық мәдениет пен дәстүрлі құндылықтарды қорғай отырып, ондағы ескішіл, кертартпалықты сынға алды. ХХІ ғасыр кірген соң сынын күшейтті. Ауыл адамы ретіндегі туған жерге деген әсіре сүйіспеншілік сезімі солғындады. Осындай салқын позициядан оның шығармаларында орталық пен қиыр шет ортақ өмір сүретін, өзара бірін-бірі толықтыратын көрініс пайда болды. Ол туған жеріге деген махаббат пен жек көрушілік позициясын батыстықтардың туған жер мәдениетін сыни түрде қабылдаудан алған. Ақырында «туған жер шеңберінен» шықты, «орталық-қиыр шет» қарама-қарсылығына жаңа өріс сыйлады. Ол өріс – «ауыл-мемлекет-шағын космос» еді. Бұл Кэндзабуро мырзаның теориялық тұрғыда қосқан зор үлесі. Оның теориясы әлем әдебиеті үшін, әсіресе, үшінші елдер әдебиеті үшін аса терең мәнге ие. Ол «орталық пен қиыр шеттің» қарама-қарсылығын дәріптей жүріп, соңына келгенде қиыр шетті орталыққа айналдырды, ол туған жердің орманында қаз тұрғанымен, әдебиеттің орманын қаулатып өсірді. Әдебиеттің орманы мемлекеттің картинасы, шағын космос деуге де болады. Бұл жерде әдебиеттің сахнасы, актерлері аз, көрермендері санаулы болғанымен, әлем, адамзат туралы жалпылық мәнге ие драма ойналады.

Кэндзабуро мырзаның туған жер мәдениетін тануы және одан асуы, біз сияқты соңынан ерген қаламдастары үшін үлгі тұтарлық нәрсе. Белгілі дәрежеде біз Кэндзабуро мырзамен ақылдасып алғандай ұқсас жолға түсіппіз. Біз өз орманымызды, өз «бәйтерегімізді» таба алмайтын шығармыз, бірақ гаолян және жүгері атызымыз бар, өсімдік орманын таба алмасақ та, бетон орманын табуымыз мүмкін, «бәйтерегімізді» таба алмасақ та, тотемімізді, анамызды, жұлдызымызды табуымыз мүмкін. Былайша айтқанда, әңгіме біздің құлазыған даладан келгендігімізде емес, қайта өзіміздің «қанымыздан» бастау алып, гетерогенді мәдениетті тауып, гетерогенді мәдениет пен жалпылық мәдениет бір-біріне қарама-қарсы болумен қатар, екеуі бірге сақталатынын тани алғандығымызда. Онан да маңыздысы – осы әрі қарама-қарсы әрі бірге сақталатын жағдайда даралық пен жалпылық бірегей құбылысқа айналған жаңа мәдениет жарата алуымыз.

Дәстүрді сақтау және дастүрден шығу

Кэндзабуро мырза ерте кезде француз әдебиетін оқыған, Сартрдың экзистенциализм (болмысшылдық) теориясын терең зерделеген. Алғаш әдебиетке келгенде экзистенциализмге сүйене отырып, өзі әбден тозығы жетті деп қарайтын жапонның дәстүрлі әдебиетіне төңкеріс жасауды мақсат тұтқан. Бірақ өміріндегі ұлығаусар өзгеріс – Рабле мен Бахтинның тобырлық драмалық мәдениет пен абсурдтық реализм теориясын терең зерттеудің нәтижесінде жапонның «Гендзидің хикаясы» сынды дәстүрлі әдебиетіндегі құндылықтарды таныды. Студент кезінде сол заманда кең таралған «Мендік прозаны» қатты сынаған. Кейін шығармашылықпен айналыса келе ол позициясын түзеткен – «дәнін алып, қауызын тастады». Елдің көбі Кэндзабуро мырзаны жапонның дастүрлі әдебиетінен мүлдем теріс айналған модернист жазушы деп ойлайды. Қаламгер шығармашылығына терең бойламаудан туған шолақ пікір. Біздіңше Кэндзабуроның шығармалары жапонның дәстүрлі әдебиетінен тамыр тартқан. Оны жапонның дәстүрлі әдебиетінің топырағынан өсіп шыққан орман деуге болады. Ол орманнан өзге жердің ағашын кездестіргеніңізбен, бәрібір тамыры жапондікі.

Кэндзабуро мырзаның шығармаларының көбінде жапонның «Мендік прозасының» элементтері бар. Ол әрине, батыс әдебиетінің элементтерімен қою араласып жатады. Кэндзабуро мырзаның «Жанымның тереңіне шым баттым», «Миллион жылдық футбол командасы» немесе таяу жылдары жазған «Балалар сериялы» болсын, кейіпкерлерді сомдауы мен баяндау тәсілінен «Мендік проза» дәстүрін көруге болады. Бірақ бұл шығармалар өз алдына өркен жайып, «Мендік прозаның» қалыбынан шығып кеткен. Ол өзінің отбасылық тұрмысы мен құпия сезімдерін орманның ұзақ тарихы мен халықтық дастүрлі мәдениеттің кең айдынында және мемлекеттегі ішкі-сыртқы күрделі оқиғалар аясында өрістетеді. Яғни, жеке адамның, тұрмыстың қасіретін адамзаттың болашағы мен тағдырына бас қатырар мәселе деңгейіне көтерген.

«Шынтуайтында, мен «Мендік прозадағы» баяндау тәсілінің тонын теріс айналдырдып, жалпылық сипаттағы проза жазу жөнінде іздендім. Блейкті, Иейтсті, әсіресе Дантені қабылдай отырып, мүгедек ұлымның отбасымызға сыйлаған құпиясы мен жан дүниемізді жалпылыққа айналдырдым» деп өзі де айтқан.

Негізі «Мендік проза» жапон әдебиетіне ғана тән ерекше құбылыс емес, бүгінгі қытай әдебиетінде де осыған ұқсас стильде жазылған шығармалар баршылық. Тек бір ойландыратыны – жеке бастың мұңын күйттеп жазудан қайтсек құтыламыз? Тұрмыстағы жеке бастың құпиясын жазып шиырлай беруден қалай бас тартамыз? Бір адамның қасіретін көптің қасіретімен, тіпті адамзаттың қасіретімен қалай жалғаймыз? Бұл жағынан Кэндзабуроның шығармалары бізге үлгі бола алады. Белгілі бір мәнде барлық проза – «Мендік проза». Маңыздысы – мұндағы «мен» барлық адамға қатысты болмақ, құрығанда, біраз адамның ішіндегі «менге» қаратылуы керек.

Қоғамға назар аударып, саясатқа араласуы

Осыдан он тоғыз жыл бұрын «Сарымсақ жыры» романымды жазғанымда, әйгілі адамның нақыл сөзі деп ойдан шығарып: «Прозаиктер саясаттан іргесін аулаққа салғысы келеді, бірақ шығармасы оны саясатқа итермелейді. Ылғи да адамзат тағдырына алаңдап жүріп, өз тағдырын ұмытып кетеді, олардың трагедиясы осында» деп жазғаным бар еді. Әдебиет пен саясаттың қатынасы тек қытай әдебиетінде ғана шешімсіз мәселе емес, әлем әдебиетінде солай. Біз табиғатты, сезімді жырлаған әдебиеттің эстетикалық құнын жоққа шығармаймыз. Бірақ қоғамдық, саяси мәселелерді қаузаған, адам тағдырына ден қойған шығармалар өз заманының келбетін ашып көрсеткен дүниелер екенін мойындамасқа болмайды. Әдебиетте болуға тиісті қасиет – оның қоғамдық сипаты мен сыншылдығы. Тек оны айта алу-алмауымыз ойланатын жайт. Бұл тұрғыда Кэндзабуро мырза бізге өз шығармалары арқылы үлгі көрсетті. Ол кісінің айқын саяси позициясы мен қайраткерлігіне, қоғамдық-саяси мәселелер төңірегінде қырағылығына куә болдық. Ол шығармалары жалаң саяси тақырыпқа құрылған қарабайырлыққа ұрынбады. Бір сарынды зары мен запыранын төге берген жоқ. Саяси позициясы мен сыни пікірлерін кейіпкерлеріне сіңірген. Ол дәріптемейді, ой тастайды. Оның кейінгі жылдары жазған шығармалары кесек ойға құрылған, кейіпкерлері үнемі шиеленіскен ой қақтығысында жүреді. Бұл нағыз Достоевскийдің полифониялық стиліндегі проза. Өзі айтпақшы: «Мен осы шығармаларды жазған кезде Жапония мен әлемдегі реалды тақырыпты мүгедек баласы бар зиялы жапон отбасының тұрмысында шынайы бейнелеу арқылы меңгердім» – деген. Оның прозадағы сахнасы – тар аңғардағы орман. Сол кездегі қоғамдық шындық пен тарихи оқиғаларды салыстырған. Әлемнің әр жерінен келген кейіпкерлер шығармадағы орталық ұстын – жапон отбасымен бірге сахнаға шыққан. Жоғарыда айтқанымыздай, әдебиеттің мәні сол, егер әлем бір орталықтың болуын қажет деп тапса, көздеген жер әлемнің орталығына айналады.

Ерен білім, кең пайым

Ұлттық дәстүрді жалғау мен сырттың мәдениетін қабылдау – ертеден келе жатқан үрдіс. Ол тек әдебиеттің ғана емес, барлық өнер түрінің дамуы барысында кездесетін, онсыз болмайтын қос фактор. Кэндзабуро батыс әдебиетінің мектебінен шыққан. Батыс әдебиетін меңгеруге келгенде біз ол кісінің шалғайын да жетпейміз. Ол аса білімдар адам. «Ұрланған балада» Артюр Рембоны тілге тиек етуі, «Мұң бейнелі балада» Дон Кихотты, «Хош бол, кітаптарымда» Томас Элиотты айтуы – бәрі-бәрі ол кісінің кітаптарын интеллектуалды проза дәрежесіне көтерген. Сонысына орай, шығармаларында біріне бірі ұқсамайтын қаншама идея мен өнердің алуан формасы жарасым тауып жатады. Ол кісінің прозалық шығармаларында, мақалаларында, лекциялары мен хаттарында аталатын шетелдік ақын-жазушылар мен философтарының саны неше жүзден асады әрі соны орнын тауып атап отырады. Міне, осынша ерен білімінің арқасында әлем әдебиетінің биігіне көтерілді. Азия жазушыларына «әлем әдебиетінің бір бөлігі – Азия әдебиетін жасауымыз керек» дегенді айта алды.

Бала мен болашақ жөніндегі толғаныс

Өткен жылы салыстырмалы әдебиет теориясын оқитын қызымның диссертациясына «Әлем әдебиетіндегі балалар образы» деген атау қойып бердім. Оған өткен ғасырдың 60-жылдарынан қазірге дейін әлем әдебиетінде баланы бас кейіпкер еткен немесе өмірге баланың көзімен қарап жазған көптеген шығармалар дүниеге келгенін айттым. Олар «Бидай атызындағы қарауыл» (авторы: Джером Дэвид Сэлинджер) сияқты жасөспірімдер сүйіп оқитын роман емес, керісінше қоғам мен мәдениетті арқау ете отыры, балалардың өзгеше образын сомдаған. Атап айтар болсақ, неміс жазушысы Гюнтер Краузенің «Қаңылтыр барабанындағы» Оскар, Нигеря жазушысы Бен Аликтың «Аштыққа ұшыраған жолдарындағы» Абикудың баласы Азарро, тегі индиялық Англия жазушысы Сарман Рашидтың «Түн ортасындағы бала» романындағы Салым Синай, өзіміздің қытай жазушыларынан Хан Шаугұңның «Әке! Әке! Әке!» романындағы Бин Зай, Алайдың «Шаң-тозаң айыққанда» романындағы есуас бала, менің «41 зеңбірек» романымдағы Луо Шяутұң мен «Жәудір шалғам» повестімдегі үндемес қара бала. Мен қызыма Кэндзабуро мырзаның жақын жылдары жазған балалар туралы романдарынан «Ұрланған баладағы» нәресте Гоблин, «Мұң бейнелі баладағы» өткен мен болашаққа барып келе беретін киелі бала Каме и Мегуми сынды кейіпкерлерді ерекше атап көрсеттім. Мен қызымнан: «Көп жазушыларының шығармаларындағы артқы мәдени көрініс бір-біріне ұқсамайды, не үшін олар уәделескендей балалар туралы жазады? Не үшін ондағы балалар ерекше қасиетке ие? Олар неге дүниеге баланың көзімен қарап, әңгімені соның әузімен баяндайды? Неге жазушы жасы ұлғайған сайын бала туралы жазуға әуес болады? Олардың шығармаларындағы кейіпкер бала мен автордың арасында қандай қатынас бар?» деп сұрадым. Қызым сұрақтарым аяқталмай жатып тұрып кетті. Артынан қызымның жетекшісі бұл тақырып докторлық диссертациясының тақырыбы екенін, магистрлік еңбеке келмейтінін айтыпты.

Мен өзімнің білімім таяз, қарым-қабілетім шанақты екенін білемін. Кэндзабуро мырзаның балалар туралы жазған шығармаларындағы балалар образының шынайы мәнін түсіну маған қиын тиеді. Бірақ аталған шығармаларды кілтін бізге ол кісінің өзі айтып берді.

Кэндзабуро мырза өзінің «Ұрланған бала» романында еуропа халықтарының аңызындағы «наресте Гоблинді» пайдаланған. Гоблин – жерасты албастысы. Ол үнемі адамдардың бейғам кездерін пайдаланып баласын ұрлап, оның орнына бет-аузын әжім басқан сұрықсыз балаларды немесе мұздан жасалған балаларды тастап кетеді. Кэндзабуро мырза ұлдарына албасты әкеліп тастаған балалар деп қарайды. Бұл бір символдық мәнге ие образды қиял. Шынтуайтында біз де албастының ұрлап әкеліп тастаған балалары емеспіз бе? Кәне, қайсымыз кір шалмаған таза жүрегімізді сақтай алдық? Бүгінгі қоғамда алуан түрлі сұрқия топтардан Гоблинның символдық бейнесін көруге болады. Мына қоғам албастының балаларынан құралған жоқ па? Бізді ұрлап әкеліп тастаған адамдарды да бұрын біреу ұрлап әкелмеді дей аламыз ба? Біз Кэндзабуро мырзаға қосылып өзімізді-өзіміз әбден сөксек болады.

Кэндзабуро мырза бала кезінде анасынан естіген әңгімелерді прозасы мен мақалаларында талай жазған. Ол қатты ауырып, өліп қалам-ау деп қорыққанда, анасы: «Уайымдама, сен өлсең, сені дүниеге қайта әкелем… өзің өмір есігін ашқаннан бергі естіген, көрген, оқыған нәрселеріңді саған шытжаңа әңгімелеп беремін, оның үстіне өмірге қайта келген сен де қазіргі хикаяңды баяндайтын боласың, сондықтан екі бала да маған ұқсайды» дейді. Меніңше Кэндзабуро мырза өзіміздің орнымызға басқа біреуді ауыстырып тастап кететін әдісті меңзеп отыр. Ол бейне ертегідегі сіңілін қарап отырып жоғалтып алған бүлдіршін қыз Аида сияқты. Содан ол сырнайын тынбай тартқанда, сазды әуенге арбалған албастылар естен танып құлайды да, қыздың көз алдында нағыз бала пайда болады.

Ал сіз Кэндзабуро мырзаның анасы секілді тоқтамай хикая айтып, ертегідегі бүлдіршін қыз Аида сияқты сырнайыңызды үздіксіз шерте беріңіз. Сіздің хикаяңыз бен сырнайыңыздан төгілген саз ұрланған балаларды қайтарып әкеліп қана қоймайды, өзіңіз де баяғы жүрегін кір шалмаған таза қалпыңызға көшесіз.

Мо Янь, 2006 жыл 11-қыркүйек

Қытай тілінен аударған: Қаһар Уайыс

«Солақайлар» әдеби клубы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар