Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Кеңшілік Мырзабеков. Күлтеленіп тұр ма екен күрең ...

02.02.2019 4561

Кеңшілік Мырзабеков. Күлтеленіп тұр ма екен күрең арша...

Кеңшілік Мырзабеков. Күлтеленіп тұр ма екен күрең арша... - adebiportal.kz

Ақ қар жапқан даланы аңсадым да,

Кеткім келді алысқа, малшы ауылға.

Күлтеленіп тұр ма екен күрең арша

Орғыл қызыл құмдардың қамсауында?

 

Күрең арша күлдіреп кешкі нұрмен,

Егіліп бір жылаушы ед ескі қырмен.

Қойлар теуіп елтірі еркек құмды,

Айызым қанып қышырын естідім мен.

 

Бәлкім соны аңсадым, бәлкім басқа,

Барғым келді «Салқын тау», «Салқын тасқа».

Атың салқын болғанмен, атпал құмым,

Қалпың басқа еді ғой, халқың басқа.

 

Өліарасы әр айдың ылаңдатып,

Қырбық қар мен қыламық қылаулатып.

Сынық шана шиқылдап шөп тасушы ек,

Ыңырантып інгенді ылаулатып.

 

Бәлкім соны аңсадым, бәлкім бөлек,

Бәлкім маған бөлек бір салқын керек.

Салқын емес...

Салқын ғой Алматы да,

Шөпке бірге баратын қартым керек!

 

Шөпке барам...

Сары інген аман ба екен?

Буаз ба екен биыл да, шабан ба екен?

Ақкөз аяз секілді ақи шалым

Биыл бірақ жол бастап барар ма екен?

Белі ауырып бадалып қалар ма екен?

Қамыт-бауды қайтадан тартып жатып

Басын шайқап аларып қарар ма екен?!.

 

1969 ж., қаңтар

 

 

 

* * *

 

 

Ақ шаңдай артта шұбап қалған жылдар,

Ақшамдай іңіріме жалғандыңдар.

Мехнаты жарық боп жанған жылдар,

Махаббаты қарық боп қалған жылдар.

 

Жылдар, жылдар...

Артымда, алдымда жыл,

Ширек сапар шиырлап қалдым қазір.

Шабандарға бұйрық іс – бүлкіл аяң,

Жараулардың жүйрігі алдымда жүр.

 

Көрер жарық жыл болып жетеледі,

Нелер налып, намысым от өреді.

Жолдарымның жап-жақын төтелері

Арман дейтін аруға некеледі.

 

Жүргем жолды өрде де, ылдида да,

Күндер болды малтыққан, құлдилаған.

Жалғыз ауыз жыр болып қалар ма екен

Жаһұт дүнием мен талай жыл жинаған?!

 

 

1968 ж., қыркүйек

 

 

 

ӘКЕНІ САҒЫНАМЫН

 

 

Әкем дүние салды...

Артында бір шаңырақ – бір үй қалды.

«Сырқатым бар» деуші еді сыпайылап,

Көзін жұмбай, тіріде кім иланды?..

 

Алтын нарқын кім сезген «кеш білем» деп,

Ал асылдар ойлай ма «ескірем» деп?

Төсек тартып қалды әкем талай рет,

Ауырғанын ыңырсып естігем жоқ.

 

Кім әкесін өлімге қия алады?

Тұрды әкемнің қаңырап үй-орманы.

Жемге кеткен қарлығаш қайта оралмай,

Қызылшақа біз қалдық ұядағы.

 

Біз қозы едік...

Марқаймай кешігеміз,

Қатты қорықтық тудық деп несіне егіз.

Айналайын заңынан табиғаттың,

Бір түп көде бар екен – несібеміз!

 

 

Шөп тасыған таңменен бірге тұрып,

Бір самаурын шай ішіп, бір кекіріп.

Қашарымыз өлгенде қабақ шытпай,

Қамыты сынса колхоздың жүрді өкініп.

 

Жалап-жеген колхоздан кәні емес ең,

Жалап-жеген қулармен және егес ең.

Қайран әке, мінезің қызық еді,

Бала емес ең, әрине, дана емес ең.

 

Жалған бітті...

Жарқ етті лағыл арың,

Жарығыңа зәрумін, жанығамын.

Сағынамын, әке, мен сағынамын,

Әке болып қалыппын, не қыламын?!.

 

1970 ж.

 

 

* * *

 

Ән естілді, қоңыр кеш

Қырды қымтап алған шақ.

Кейде адамда көңіл хош,

Өткен жайды толғансақ.

 

...Ән әуені есіліп,

Сонау жонға жетті де.

Жолпат ағай қосылып,

Бірге шырқап кетті ме?..

 

Ойлады ма жас күнді

Бар екен деп бір белгі,

Көзі шалып қос гүлді

Еске алды сол күндерді.

 

– Шіркін, сол бір қызық күн,

Қарттықты бұл кім күтпек?..

Жеңгеңе осы қызықтым,

Көрген сайын ынтық боп.

 

Сонда осындай бір кеште

Естіп едім сырлы әнді.

Егіз гүлдей бірге өскен

Бал махаббат жырланды.

 

Ұқсап кетті-ау бұл соған,

Тамып кетті-ау көзден жас.

Он сегізде тұрса адам,

Болса және қозғалмас.

 

Түу...түу, мынау ойларым

Жығар мені орына.

...Қайырмақ боп қойларын

Қамшы салды торыға.

 

 

 

ҚАРА ТЕҢІЗ

 

Зіп-зілдей денем, сүйегім сыздап, сынық па,

Жығылғандаймын жұдырық пенен сырыққа.

Қажыдым, білем, қай жаққа барып дем алам,

Тынығар жер жоқ, жуынар көл жоқ жуықта.

 

О, таптым, таптым!

Қырымға барам, Қырымға,

Шипалы жер деп жұрт айтып жүр ғой шынында.

Малтимын, шіркін, Қара теңіздің суында,

Балқимын, шіркін, Қара теңіздің құмында.

 

Теңізден қайтам тобылғыдай боп, гүл емес,

Мақтанар едім: «Қақталдым ғой деп, міне, дос».

Қара теңізім, қарайтшы мені, қарайтшы,

Қаралық маған, қаралық саған мін емес.

 

Қай жақтан алдың шипасын күллі көлдің сен?

Қай жақтан алдың жәннатын күллі желдің сен?

Білген екен ғой, құбылаңнан келіп сұғынып,

Түріктер неге мекендеп алған деп жүрсем?

 

Қайырлы теңіз, басқаға да жет, бізге де.

Жүзді ғой сенде пәлен де пәлен жүз кеме.

Құрымдай сенде халық та қазір көп шығар,

Бір барам саған,

Бара алмай қалсам, іздеме!

 

 

 

 

 

 

КЕШЕУ КҮЗДЕ

 

 

Тағы да, міне, кешеу күз,

Тағы да тұман, боз қырау.

Қабағы қату, мешел құз,

Оңдың-ау, орман, тоздың-ау.

 

Қаланың үстін кешеден

Туырлық бұлттар тұр тұтып.

«Жауады-ау, сірә» деседі ел,

Күзгі де болса, нұр күтіп...

 

Ойлаймын: «Қара суық қой

Далада, қырда деп қазір.

Қойшылар, шіркін, жігіт қой,

Азаннан бері атта жүр».

 

Аспанның сұсты түрі тым,

Бұлт ауып кетсе деп жүр ме?

Жаңбыр боп шөпті жібітіп,

Бір жауып кетсе деп жүр ме?

 

Жүр ме әлде ойлап сол адам

Қызылды-жасыл қаланы.

Кіндік жіппенен ораған

Қия алмай жүр ме даланы?..

 

Әлде ол әнеу бір күнгі

Тырнаның дауысын жүр ме ойлап?

Кешегі алау гүл-қырды

Кешкен күндерін нұр жайнап.

 

Менің де көңілім ұйтқиды

Жалаңаш, жайдақ баққа кеп.

..Қабығында әне шық тұрды,

Күн жаумай жылап ақ терек.

 

 

* * *

 

 

Көбеген қозым, көк шығып

Отығып кеткен боларсың.

Тоқырап жетіп тоқшылық,

Опынып біткен боларсың.

 

Бозқонақ басын кеш шалып,

Кейіндеу ордың көк көде.

Не керек, енді еске алып,

Салқын да тиді өкпеңе.

 

Ере алмай қалып отарға,

Байқамай қойшы кешқұрым.

Жамылып түнді, жапанда

Қасқыр дауысын да естідің...

 

Қабынбай қалған сол өкпе,

Жарылмай қалған сол жүрек.

Кездейсоқтық пен кенетке

Қарыздар болмас орны жоқ.

 

Марқайған қозым, бұл күнде

Кеудеңде бар-ау бұла күш.

Қабақта қалған кірбіңді

Кетті ғой шайып қуаныш.

 

Жасыл да жайсаң жайлау –төр,

Жалпағын басып жүрсің ғой.

Өткеніңді тек ойлай гөр

Өкінбей және күрсінбей.

 

Ойлай гөр...

Ерінің күмпілдеп

Енеңді еміп пе едің сен?

Қатал да болса – бір міндет,

Көгенді көріп пе едің сен?!

 

 

ҚАРЛЫҒАШ ДӘУРЕН

 

 

Қарағым, біздің баста да

Қарлығаш дәурен көп тұрмас.

Қанатсыз қалсақ, масқара,

Қанаты барлар жақтырмас.

 

Көнбей-ақ желдің иіне,

Қонбай-ақ жапан түздерге.

Ұшайық, байтақ дүние

Жеткізер болса біздерге.

 

Бар шығар біздің жолда да

Ылдилар менен ылайлар.

Қиын ғой ұшу сонда да

Жете алмаймын деп кім ойлар?

 

Бар шығар шөлде бізге бір

Жалтақтап жүрген жүргінші.

Терілмей қалған түзде бір,

Мұрныңды жарар гүл иісі.

 

Жапан далада жаз болар

Жалғыз үйлерге жетейік.

Шаңыраққа қону аз болар,

Ұя да салып кетейік.

 

 

Қол бұлғап бізге әр жақта,

Сағынтып қалған екенбіз.

Бұрылмай қалай кетерміз,

Бір қонбай қалай өтерміз?

 

Манадан ұшқан жеріміз

Қозы көш қана секілді.

Мезгіл ме, мезгілдеріміз –

Еңкейіп кеткен екінді.

 

Қонбай-ақ желдің иіне,

Қонбай-ақ жапан түздерге.

Ұша берейік, дүние

Жеткізер болса біздерге.

 

Қарағым, бізді баста да,

Қарлығаш дәурен көп тұрмас.

Құласақ жер ғой баспана,

Жер бізді көкке лақтырмас.

 

 

 

МӘҢГІ ТОЛҒАҚ

 

Адам қызық.

Пенде ғой адам деген,

Күресесің өзіңнің санаңменен.

Күрмелесің өзіңнің мінезіңмен,

Құрмет тұтар қоғамың бағаңменен.

 

Баға деген – бағыңның алғышарты,

Бағалады-ау дей көрме жалқы-жарты.

 

Жалқы-жарты бағалау – жарым ырыс

Азаматқа болсын да халқы тәнті.

 

Халқың сүйсе, халқыңды сен сүйгенің,

Еңбегіңе береді еншіңді елің.

Қоғамыңмен санасып, кешірерсің

Халқыңның сен кешпеген кей сүрлеуін.

 

Ол кінә емес.

Қоғамның дамуында

Өткен-кеткен орнымен жаңғыруда.

Өкініш жоқ өткенге, тек өкініш

Болмасын де болашақ тағдырында.

 

Жатпай-тұрмай соны ойла, сонда ғана

Бізге де аға боласың, елге де аға.

Халқы бір күн төбеге көтергенде

Басы айналған «бақытты» пенде ғана.

 

Пенде болма,

Ел қамын ойлағанда

Және айналып кетпеңіз пайғамбарға.

Адам – пенде,

Халқының сүйіктісі

Көктен түсті дейсіз-ау қай жалғанда?

 

Сүйіктісі халықтың өз ұлы ғой,

Сүйгізетін санасы, сезімі ғой.

Азамат та ана ғой,

Халқын сүю –

Мәңгі толғақ, толғаққа төзуі ғой.

 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар