Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Керекудің ақындары...

09.10.2018 6803

Керекудің ақындары 12+

Керекудің ақындары - adebiportal.kz

Асығат Тұрғанбек

Асығат Тұрғанбек – Баянауыл ауданының Егіндібұлақ ауылында дүниеге келген. Айтыскер және жазба ақын ретінде кеңінен танымал.2005 жылы, Баянауылда өткен Жаяу Мұсаның 170 жылдық мерейойындағы республикалық айтыстың жеңімпазы, өзге де айтыстардың бірнеше мәрте жеңімпазы, жүлдегері, 2008 жылы Астана қаласында өткен «Астана жүрек» республикалық мүшәйрасының жүлдегері және Павлодар қаласында өткен Павлодар облысы қаламгерлері 1байқауының Дихан Әбілов атындағы сыйлығының иегері. 2009 жылы Павлодар облысының мәдениет пен өнер саласының дамуына қосқан маңызды жеке үлесі және мәдени әлеуетті нығайтуға бағытталған белсенді де жемісті еңбегі үшін «Айтыскер ақын» аталымы бойынша облыс әкімінің грантымен марапатталған. Өлеңдері облыстық басылым беттерінде, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде, өзге де мерзімді басылымдарда жарияланған. Қазіргі таңда Павлодар облыстық “Желдірме» ақындар мектебінің жетекшісі.

Күз көші

Бұлт астында бір бұғып ,бірде күліп

Күндегідей тұрмады күн керіліп

Буаз бұлттар құрсағын босата алмай

Жетегінде қу желдің жүр жегіліп

Күреңітті жазира дала да асқақ

Ару қайың қымсынды жалаңаш қап

Келін күткен анадай ақ төсеуге

Жел сыпырды жер бетін тағы аластап

Секемденіп суықты сезіпті ,аңдап

Бас сауғалап барады безіп қаңбақ

Сар кілемнің түсіндей төгіліп тұр

Жапырақтар жайылған жазық таңдап

Күздің көші бағытын аулаққа алып

Қоштасады бар сырын тауға ақтарып

Алқашқы қар асылды тал басына

Жыламысын дегендей жаурап қалып

Азан

Азаншы үні...

Дүние сөзін ұмыттым,

Аллаһқа – мадақ, адамға – сабақ сыр ұктым.

Саулаған сарын санамда сәуле сапырып,

Жаратқан ием, жаураған жанды жылыттың!

Әуезді азан – иманның мөлдір тұмасы,

Әлемде әуен жоқ одан асқан, сірә, осы.

Жайнамаздарға жығылған мүмин пенденің

Сауабы артып, кемиді екен ғой күнәсі.

Көкірегім азан әуезін таңнан сіміріп,

Келеді көңіл түндігі ептеп түріліп.

Тыншығып әлем жайылған алақанымда,

Жан дүниеме періште тұрды үңіліп.

Жеткендей бағзы заманнан үні Біләлдің,

Күмбірлеп жаһан, жарқырап кетті-ау мұнар күн!

Сардары екі дүниенің Аллаһ елшісі,

Күн сайын азан естуге сонша құмармын!

Екіұдай көңіл жайланды бір сәт аптығып,

Қайырлы хамад соңынан түсті тәтті үміт.

Намазхандардың құлшылықтарын осынау

Қабыл ет, Аллаһ Тағалам, енді сәтті ғып!

Бес парыз ғана бастайды бізді Жұмаққа

Шектеулі ғұмыр, санаулы сағат, күн, апта:

Барлығы толы екен ғой түрлі сынаққа.

Қайырсыз істер мақшарда тұрмас бес тиын,

Бес парыз ғана бастайды бізді Жұмаққа.

Жаратылмаған, Жаратқан ие, Алла – бір,

Сүрелерменен аспаннан Жерге самға, нұр.

Тірлікте сүннет, сауапты қадыр тұтса адам,

Шұғылаланып тұратын еді-ау бар қабір.

Алланы сүй де, жүректе иман шамды жақ,

Бақида қарсы алады сонда мәңгі бақ!

Фәниде мынау алдамшы қызық қуғандар

Барады Сират көпірге ертең зар жылап.

Жалғанда ғұмыр кешкендер пірлер тәрізді!

Жаннатта мәңгі жайланады екен жаны ізгі.

Алланың құлы, Мұхамед расул үмбеті,

Ашылар бағың ұлықтап жүрсең парызды!

Жеңісбек Пәзілұлы

Жеңісбек Пәзілұлы – Шығыс Түркістанда дүниеге келген. 2006-2010 жыл аралығында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің журналистика бөлімін үздік тәмамдаған. Республикалық «Ана тілі», «Әдебиет айдыны» және «Болашақ» газетінде өлеңдері мен мақалалары жарық көрген. Махамбет Өтемісұлының туғанына 200 жыл толуына орай өткізілген Алматы облыстық ақындар айтысында ІІІ орын алған. Сондай-ақ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы тарапынан өткізлген айтыстың үш дүркін жүлдегері. Қазіргі таңда Жаяу Мұса атындағы Баянауыл балалар өнер мектебінің ақындар сыныбының ұстазы.

Махамбеттің «қос туына» серт

Ақындық пен батырлығың – екі ту,

Ел жүктеген ер мойнында күзету.

Еркіндіктен туған ерлік жаршысы,

Маған қымбат Махамбетті жыр ету.

Махамбет те халқымыздың ұраны,

Ақындығы сан ғасырдың жыр-әні.

Дұшпандарға төнген отты жырлары,

Кере тартқан садағындай тұрады.

Қос туыңның қасиеті ерлікте,

Халқың сүйген егіз екі жүректе.

От кеудеңнен шыққан сөзің ұран боп,

Оянды жұрт қалған сүркей түнекте.

Ақберендей қиып түсер өткірлік,

Ерік бермей бойындағы тектілік.

«Алаш! Алаш!» деген ұран дауысы,

Тұлпарының тұяғынан естіліп.

«Қос туыңның» нәтижесі – көк туым,

Қадірлейді халқымыз да текті ұлын.

Ақындар мен батырлардың жалғасы,

Өтемін мен төмендетпей серт туын.

Міне, бүгін «қос туыңмен» серттестім,

Бейнең маған рух берер өрт кескін.

Ақындығың жас ұрпақты жебесе,

Батырлығың сыйлап кетті өшпес күн!

Домбыра

Қазақпыз жөргегінен жыр құраған,

Төгіліп таңдайдан – саз, рухынан – ән.

Өмірдің керуенінің ізі деп біл,

Бейуақта күй төгілсе домбырадан.

Тағдыр – қармақ, телегей өмір – теңіз,

Бірақ та таршылықта күй кешеміз.

Маңдайдан ашщы терді шыпылдатып,

Шерлі үнін домбыраның сөйлетеміз.

Өмірде тағдырыңды бастан кешу –

Болашақтың түйінін өзің шешу.

Домбыраны өмір деп білсек егер,

Екі ішектің бірі – келу, бірі – кету.

Бізге қымбат отанның шаңырағы,

Қарашықтай қорғайды ел мұраны.

Егер біреу қазақты білмек болса,

Зерттеп көрсін алдымен домбыраны.

Жай қарама қауқиған қара қосқа,

Тұлпар баптап, байлаған атағашқа.

Домбырамен түсемін сын-тезіне,

Қос ішекте кие бар, қате баспа!

Қаншалық тарих тасын санасақ та,

Дәстүрім өзек тартар парасатқа.

Қазақтың рухы сіңген шанағына,

Домбыра – асыл мұра болашақта.

Қамшы

Қасиетіңді өткен күннен тапқанда,

Тобылғы сап, алты таспа, ұққанға.

Арыстандай айбарыңа енесің,

Қамшы ұстап, атқа мініп шапқанда.

Тарихта көрседағы қасірет,

Сертің осы сілтегенді тіліп өт!

Ғұмыр жолын қамшысына теңеген,

Қамшыгерлік қанға сіңген қасиет.

Қолға алғанда күбірлейтін дұғаңды,

Батыр қазақ қамшыменен сыналды.

Қамшы салып тұлпарларын жүгіртіп,

Қамшы тиген жау босатқан далаңды.

Берік болған тарихта босағаң,

Қарт қойнауың еркіндікке босаған.

Қарашықтай қорғап қазақ даласын,

Қамшы сілтеп әділ кесім жасаған.

Тауға тартам

Ауасы салқын самалы менің көңілім,

Асқармен сырлас тастары менің сенімім.

Тауымда туып тауда өстім мен кеше,

Тартпаса тыңда бұлбұлға даусым сері үнім.

Тауда туғам тау жақты ылғи сағынам,

Көк жасыл желек жазира саған табынам.

Көкбөрі кезіп тарландап жүрер тау жақта,

Сондықтан менде қасиетіңді танығам.

Тау жаққа барсам бөлекше күйге енемін,

Жүрекке құяр сұлулық жатыр сенемін.

Қыраным маған сарқылмайтын жігер бер

Сен жүрген жерлер ерекше шабыт білемін.

Тау жақтан ылғи алтынын елдің көрермін,

Тартады бір күш берерін әкеп берермін.

Жарқашты тастан қылтиып шыққан қырқаға,

Қайсарлық етіп жыр гүлің болып өнермін.

Айбат Сейсенбекұлы

Айбат Сейсенбекұлы – 1986 жылы 22 қазан күні Күркелі ауылдық округінің Шоманкөл ауылында дүниеге келген. Павлодар қаласындағы ПМПИ-дің 2010 жылғы түлегі. Қазіргі уақытта академик Қ.И.Сәтбаевтің мемориалдық мұражайының директоры. Облыстық және республикалық ақындар мүшайрасының бірнеше мәрте жүлдегері. Өлеңдері басылым бетінде тұрақты түрде жарияланып тұрады.

Мен саған ғашықпын,

Ей,Өмір!
Шүкірлік етемін әр таңға.

Паңданар жағдай жоқ менде

Бір жүгім бар білем арқамда.


Жаралдым, қызмет қыламын,

Сен салған айдынмен жүземін.

Ізгілік іс үшін жан құрбан,

Кешегі ұлылар ізі едім.


Заманмен тірлігің егіз бе,

Әлде ол сенен тым бөлек пе?

Желпініп, құбыла салады,

Баладай сары ауыз жел өкпе.


Бұлтыңдап қояды түлкідей,

Бұтына құйрығы оралып.

Сол құйрық сананы ірітті-ау,

Арланым барады жоғалып.


Ей, өмір,

Бағытым бөлек тым,

Заңғарлық ұғыңдыр заманға.

Ортамыз бүгінде толып жүр,

Хайуан кейіпті Адамға.


Жығылды сан тұлпар жолынан,

Оқ тиіп жортқанда тасада.

Жалаңаш арларды қаңғытып,

Жыртқыштар қоғамын жасама.


Мен сені сүйемін, ей, Өмір!

***


Сұрамаймын ханның сарайын,

Қаламайды оны көңілім.

Бай болудағы жоқ мақсат,

Байдың да әркез өңі мұң.

Абырой -атақ не керек,

Келеді бір күн көлігім.

Мінезім менің жақпаса,

Өз басымдағы өз бөрігім.

Қансырап мейлі қалайын,

Қыңсылатпашы өмірім.

***

Қу тіршілік алдайсың-ау, сен, мені

Кеңшілікті кемшілік деп мендегі.

Көре алмайтын соқырлардың мылтығы,

Жүз оқ атар жүрегіме ең кемі.


Аңдып әлек азулылар ізімді,

Мұндайларға былай жолдаймыз біз үнді.

Арызымды ашық айтып Аллаға,

Қыбылаға қаратам да жүзімді:


«Ия, Жаратқан мыналарға жүрек бер,

Иман да бер қос дүние де Ұлы өткел.

Мейірім бер бар пендеңе,жарылқа

Алмасыншы санасына түнеп көр»


Деп осылай тілегімді жолдар ем,

Кей пендеге әсер етпес ол да кем.

Жүректерді дүниеге құл болған,

Ұшықтатып алса ма екен молдамен.

***

Сен де кімсің,ей, досым, мен де кіммін?

Әні өзгеше емес тым сендегі үннің.

Екеуміздің жолымыз бір арнада

Тергеніміз тезегі пенде күннің.


Сенде ақылды кейіпте көрінесің,

Ақ жауындай ақ бұлттан төгілесің.

Менде жүрем ісімді мақтап жұртқа

Шын мәнінде ұлтыма жоқ үлесім.


Абай айтқан болдық біз боқтың қабы,

Сөз салмақсыз, ой арам, тоқтың қамы.

Бабам сөзге тоқтаған нар мүсін ед,

Бізге соқпай уәде күн кеттің бе әрі?!


Данагөй де біздерміз данышпан да,

Жалған сөзге жүйрікпіз жарысқанда.

Адастырды бұл заман намыстан да,

Боққа құлайды қыраным сәл ұшқанда.


Біздер кімбіз айтшы дос, тартыңбашы,

Сенде емес пе өрліктің алтын басы.

Бізден бөлек өзгеше қоғам келед(і)

Олар қалай көсілер сәл тыңдашы...

Жарқынбек АМАНТАЙҰЛЫ

Қар аралас жапырақ

Көңіл неге таппайды тынышын бір,

Арқам ннге біртүрлі құрысып жүр.

Естен тана құласам көз алдымда,

Шыр көбелек айнала жыр ұшып жүр.

Қайдан іздеп көрмедім жақсы күйді,

Жүрегімді күз қурап бақ шіриді.

Өлең саған енді есік жиі қағам,

Өзің сілкіп шаңынан қақшы миды.

Биіктеген дүние, аласарған,

Қабағыма мұң тірлік қала салған.

Алғаш ғашық боп қалған бозбаладай,

Жаңаша үміт керек-ау, жаңаша арман.

Біреу өлсем деп жүр ме айға асылып,

Бір қыз кетсем деумен жүр байға шығып...

Көзі тұман жастығым, сөзі былдыр

Ес жиғызбай барасың қайда асығып?!

Көптен өлең өрмеп ем қызбаланып,

Құламай-ақ тұрар ма ед(і) құзға барып.

Алғашқы қар жаууда жапыраққа,

Жатыр ма екен жонына сыз қадалып.

Құс қиялдың жыраққа ауғанда үні,

Мəңгі ұйқыға кетеді баудан гүлім.

Мен өлеңге осылай қайта оралдым,

Қар аралас жапырақ жауған күні.

Бір ақынды іздеймін...

(Əміржанға)

Мұңды көзбен жымиятын ғаламға,

Мұңды көзбен жадырайтын, қуанып.

Бір ақынды іздеп жүрмін қаламда,

Күздің жүзі солған кезде қуарып.

Көшедегі нөпір де оны ағызбас,

Кер толқынға ұқсайтынды кескіні..

Солса да өзі, болса да өзі нағыз дос,

Жырдан жуық жоқ болатын ешкімі.

Сондай еді, осындайды сипаты,

Оны тану қиын емес көзінен.

Қарашығын қара бұлтқа сипатып,

Рухы өрлеп кетті мекен өзінен.

Шынымен де ұмытқан ба ел түгел,

Сарғыш шамдар сағынбай ма шуағын?!.

Болған еді əйтпегенде ентіге,

Мені өзі іздей келіп қалатұғын уағы...

Бұл шаһардың жылымапты жүрегі,

Іздеу сала суреттерін ілмейді-ау...

Ақын өзі жоғалғанын біледі,

Қала кімді жоғалтқанын білмейді-ау!

Бір ақынды іздеймін...

Жұқалау қалтаң болса,

Жауырлау арқаң болса,

Жүзіңді жігер жылытып,

Жаныңа қалған болса,

Ол сенсің!

Ойылған қолың болса,

Ой-қырлы жолың болса,

Қазаның орталау болып,

Мейманың толы болса.

Ол сенсің.

Намысың биік болса,

Қанатың қиық болса,

Əлі ешкім түсінбей жүрген,

Жаныңда күйік болса..

Ол сенсің!

Ағаңды ағалай алсаң,

Бауырды бағалай алсаң.

Алаштың ары деп мінген,

Атыңды тағалай алсаң

Ол сенсің!

Дүние баурамас болсаң,

Езбенен дауламас болсаң

Ызғарлы көзбенен сөзге,

Жүрегің жаурамас болсаң,

Ол сенсің!

Тағдырға көнетін болсаң,

Қылды қақ бөлетін болсаң,

Қыл арқан шірітпей мойны,

Қылқынып өлетін болсаң,

Ол сенсің!

Жанарың жастанып жатса,

Кей кеште аш қалып жатсаң,

Аллаға серіксіз сеніп,

Жайнамаз жастанып жатсаң!

Ол сенсің!

Сенсің ол досым менің,

Мен сенсіз көсілмедім,

Мерейімді өсірмедім!

Сен менің жүрегімде...

Мен де сол төсіңдемін

Өң мен түс

Мен түсімде,

Талай-талайбиіктен құлап көргем,

Арыстанмен алыстым лап берген.

Ең, ең сұлу арудың бетін сүйіп,

Жанарына жарқ етер шырақ бергем.

Жауды қырдым, сан мәрте Отаным деп,

Жунглейге жол салып отадым кеп.

Ел қыла алмас ерлікті қылдым қанша,

Жон арқасын гүл еттім жотанығ көп.

Байлықты да сапырдым алақанда,

Алты Алашты аузыма қарата алғам,

Меккеге де сан мәрте жаяу бардым,

Таяқ ұстап қолыма қара талдан.

Намаз оқып, алдыңғы шепке бастым,

Ғайбат, өсек, арамнан шетке қаштым.

Қатым қылып Құранды оқи-оқи,

Мешіт пенен халқыма мектеп аштым.

Көк туды көктен биік көтергенмін,

Жетімдерді жебеумен көкке өрледім.

Ағайынның алдында, ата-анамның,

Көбен көрдім борышым өтелгенін.

Армандардың бал шекер шырын дәмі,

Таңдайдан кетпеуші еді бұрындары.

Түсімде жасап жүрген көп ерліктің,

Өңімде істемеппін бірін де әлі...

Оянып жүре бердім сол-ақ екен,

Түс деген дүниеден шолақ екен...

Дәурен-ай, енді қалған ғұмырымда,

Өң мен түс алмасар күн болар ма екен?!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар