Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Кір жуып, кіндік кескен жерін сүйген

10.12.2018 515

Кір жуып, кіндік кескен жерін сүйген

Әуелі қолдан келсе еліңді сүй,

Ел үшін еңбек еткен еріңді сүй.

Қағбаға тәуап ету керек болса,

Кір жуып, кіндік кескен жеріңді сүй!

Ғ. Қараш

Данышпан Гете “Дүниеде ештеңе де іс-түссіз жоғалып кетпейді” деген екен. Уақыт алға озған сайын өткен мен бүгіннің арасы қосылып, тарих қойнауындағы беймәлім құпиялар ашылып жатады. Сөзімізді бейнелеп айтсақ, өткеннің тарихы сөйлеп тұрғандай болады да тұрады. Тарих мінберіне Тәуелсіздік алған жылдары Алаш қозғалысының сардарлары шығып, ұлы рухтай қасиетті егемендіктің тұғырына қызмет ете бастады. Аруағы асқар, шарапаты шалқар қайран елім деп өткен Арыстарым-ай! Тірісінде қалың ұйқыдағы қазағына тіреу, өлгенінде медет болған жарықтық Алаш рухы-ай!

Желтоқсан айы – қаймана қазақ үшін қасиетті һәм қадірлі ай. Осыдан тура жүз жыл бұрын (1917 жылдың 5-13 желтоқсан күндері) қазақ оқығандары бірігіп, ІІ жалпықазақ сиезін өткізіп, ұлттың ұйысуы туралы келелі ой айтып, ортаға тас тастап, Алаш Ордасына дауыс береді. Сөйтіп, Алаш қағанаты құрылып, екі жылдан астам елдік рухты сақтай білді. Ал, бүгінгі осынау шат-шадман берекелі ғұмырымыздың несібесі де осы – қасиетті де киелі ЖЕЛТОҚСАН айының күндерімен қабысып отыр.

Гете айтқандай, із-түссіз жоғалып кетпеген, керісінше, елі егемендік алғанда туған халқымен қайта қауышқан, Алаш заманында қазаққа болсын деп адал қызмет еткен үркердей шоғырдың бірегейі – Шаймерден Қосшығұл баласы еді.

Қайраткер туралы әзірше толымды еңбек санатында бір-ақ дүние бар екен. Ол – тарих ғылымының докторы Өмірзақ Озғанбаевтың “Рух күрескері” еңбегі. Бұл еңбек Ш. Қосшығұловтың өмір тарихы мен қоғамдық-саяси қызметін таныстыруға ниет еткенімен, тұлға өмірінің құпиясы мен Алаш қозғалысының тегеурінді сәтін толық ашып көрсете алмаған бір қайнауы ішінде, ойы шашыраңқы, мазмұны жүйесіз еңбек-ті.

Еліміз азаттық алғаннан кейін төл тарихымыз жаңа методологиямен жазыла бастады. Сонау 1991 жылдың басында-ақ “ақтаңдақтар мәселесі” ашылып, құпия қоймалар мен архивтердің пердесі түріліп, шаң басқан құжаттарға “тіл” бітіп, сан алуан құжаттар “сөйлей” бастады. Тіпті, Елбасы Н.Назарбаевтың өзі “Тарих толқынында” атты кітабында қазақтың қилы тарихы туралы сөз қозғап, советтік идеологияның қысымына ұшыраған ұлтымыздың мәдениеті мен әдебиеті, тарихи жылнамасы хақында ой-тұжырым айтты. Елбасы елін азат етуге тырысқан бір топ шоғырдың еңбегіне айрықша тоқталып, үлкен баға берді. Бұл – Алаш ұранды азаматтардың қозғалысы болатын. Елбасы айрықша атаған есімнің бірі – Шаймерден Қосшығұлов!

Қазақтың тарихында мақтаныш саналатын, үлгі-өнеге алуға тұрарлық азаматтар мен тұлғалар өте көп. Санасаң саусақ жетпейді. Бүгінгі тақырыбымыздың кейіпкері болған тұлға туралы Тәуелсіздіктен соң ғана жазыла бастады. Оны тану, зерттеу мәселесі күні бүгінгі дейін оқтын-оқтын айтылып келеді. Қайраткер туралы әзірше толымды еңбек санатында бір-ақ дүние бар екен. Ол – тарих ғылымының докторы Өмірзақ Озғанбаевтың “Рух күрескері” еңбегі. Бұл еңбек Ш.Қосшығұловтың өмір тарихы мен қоғамдық-саяси қызметін таныстыруға ниет еткенімен, тұлға өмірінің құпиясы мен Алаш қозғалысының тегеурінді сәтін толық ашып көрсете алмаған бір қайнауы ішінде, ойы шашыраңқы, мазмұны жүйесіз еңбек-ті. Десе де тұлғатану саласындағы жалғыз еңбек болғанымен әрі азаттық алған жылдары жазылған бірінші еңбек сапында болуымен ғана ізашар дүние деп қарастырылады. Жә, әңгіме төркіні бұл да емес. Жақында, осы Астана шаһарында тұратын Шаймердендей асылдың ұрпағы Самат Қосшығұловпен кездесіп, оның үйінде болған едік. Саматтың Диас есімді бір жасқа енді толатын ұлы бар екен, тұңғышының тегін Шаймерден деп жаздырыпты. Бұл – қазақ зиялысының шөбересі.

Шәймерден Қосшығұловтың немересі Самат Қосшығұлов отбасымен

Самат бабасына қатысты жазылған еңбектерді көзінің қарашығындай сақтап, үйінің төріне іліп қояды екен. Күнделікті ғаламтор желісінен даңқты бабасына қатысты жаңалық іздеп, елең еткізер оқиғаға құлағын түріп жүретін зиялы азамат. Оның осындай мінезіне, тарихқа деген құлшынысына қарап, ризалық кейіп таныттық. Екеуара әңгімемізде бабасының қызметі, өмір жолы сөз болды. Сөз арасында ол: “Осы Астанаға, бұрынғы Ақмолаға ең алғаш автомобиль әкелген, осы қалада сауда-саттықпен айналысқан Құрманғали Қосшығұлов атамыздың бауыры екен”, - деп қалды. Міне, осы әңгіме ел ішінде әр түрлі айтылады. Бұл Қосшығұловтардың қаны да, заты да бөлек. Ө. Озғанбаев мәлімет жинау кезінде бір жаңсақтық жіберіп алса керек... Осы секілді иірілген сұрақтарға толы жәйттардың жауабын беру – тұлға танудың негізгі міндеті. Бұны болашақ зерттеушілер ескеруі керек.

Біздің кейіпкеріміздің сүйегі – Орта жүздің Керей атасы. 1874 жылы дүниеге келген бағлан қазақ Көкшетау өңіріндегі атақты Науан хазірет, Наурызбай Таласұлының алдын көріп, оның медресесінде шәкірт болады. Кейін, көреген ұстазының өсиетімен Бұқара қаласына барып, діни ілімін жалғастырған. Шаймерденнің қазақ тарихындағы есімінің алтын әріппен жазылған сәті – І орыс революциясынан кейінгі қоғамдық өмірмен тікелей байланысты.

1907 жылдың 20 ақпаны күні өз жұмысын бастаған ІІ Дума 103 күн өмір сүріп, 2 рет сессия ашып, 53 жуық мәжіліс өткізіпті. ІІ Мемлекеттік Думаға қазақ халқының атынан бірнеше азамат сайланады. Мәселен, Орал облысынан Б. Қаратаев, Торғай облысынан А. Бірімжанов, Семей облысынан Т. Нұрекенов, Жетісу облысынан М. Тынышбаев, Астрахан облысынан Б. Құлманов және Ақмола облысынан Ш. Қосшығұлұлы болатын.

Патшалы Ресейге кіріптар болған бодан қазақтың һұқы азайып, өзінің байырғы атамекенінде тұрып, өзгеге салық төлеуге мәжбүр болғандығы және тағы басқа алым-салық түрлерінің көбеюі, жер тартысы ... қысқасы, қазақты алқымынан алған империя күннен-күнге қанап, тұншықтыра бастады емес пе. Сол жылдары Орталықта, яғни Петербор қаласында қара жұмысшылар да арыз-шағымын айтып, Патшаға қарсы манифест жариялап, көтеріліске шығады. Сенат алаңында басталған дүрбелең Патшаның Қысқы сарайына кіреді. “Қанды жексенбі” аталған бұл оқиғадан соң, жер-жердегі бодан жұрттың оқығандары жиылып, елдік мәселелерін ортаға сала бастайды. І Мемлекеттік Думаға қазақтан депутат өкіл сайлануға мүмкіндік алған соң, үш генерал-губернаторлық, төрт облысқа бағынған қазақ азаматтары ел үмітін арқалап, сайлауға түседі. Міне, осы тұста қазақтың елдік мұраты жолымен саяси алаңға дін адамы, қазақы тұрмысқа әбден қанық, 32 жастағы орда бұзған жігіт төресі Шаймерденнің де жұлдызы жанады. Ақмола облысынан кандидат ретінде ұсынылып, сайлауға түскен Шәйкен (ел ішінде халық осылай еркелеткен-ді) кемдік көріп, орыс тілін білмейді деген желеумен аластатылады. 1906 жылдың 8 маусымында ІІ Николайдың қысымымен І Мемлекеттік Дума таратылады. Петерборда жүрген қазақ баласы алдағы күннен күдер үзбей, тағы да бағын сынап, ІІ Мемлекеттік Думаға нар тәуекелмен сайлауға түседі.

Сонымен не керек, кір жуып, кіндік кескен жерін сүйген есіл ер Петерборға барып тұрып, еліне ештеңе бітірмей қайтпаймын дегендей, намысқа тырысып, ІІ Мемлекеттік Думаға депутат ретінде сайланады. 1907 жылдың 20 ақпаны күні өз жұмысын бастаған ІІ Дума 103 күн өмір сүріп, 2 рет сессия ашып, 53 жуық мәжіліс өткізіпті. ІІ Мемлекеттік Думаға қазақ халқының атынан бірнеше азамат сайланады. Мәселен, Орал облысынан Б. Қаратаев, Торғай облысынан А.Бірімжанов, Семей облысынан Т.Нұрекенов, Жетісу облысынан М.Тынышбаев, Астрахан облысынан Б.Құлманов және Ақмола облысынан Ш.Қосшығұлұлы болатын.

ІІ Думаға сайланған қазақ депутаттары

Думаға қазақ ұлтынан бөлек басқа да бодан ұлттың өкілдері қатысқан. Тарихи деректерге сүйенсек, ІІ Думаның Мұсылман фракциясында 36 депутат болыпты. 1907 жылдың 3 маусымында тағы да күш қысым көрсетіліп, Дума депутаттары таратылып, жұмысы тоқтайды. Содан кейінгі Думаға ешқашан қазақ баласы депутат ретінде сайланып көрген емес. Патшалық империяның саяси әрекеті, бюрократтық өктемдігінің салқыны сезілді.

Думадан кейінгі өмірінде Шәйкен молда Әлихан Бөкейханның тікелей тапсырмасымен Түркия өтіп, Анадолы жұртында қандастарымызға барып, ресми келіссөздер жүргізіп, Түрік баспасөздеріне Патшалық Ресей қысымындағы қазақтың бодандығы туралы сұхбат берген.

Дума таратылған соң, экс қазақ депутаты Патшалық астанасынан татар тілінде шығып тұрған «Улфат» газетіне қосымша ретінде өз қаржысымен «Серке» газетін шығарады. Татардың Әбдірашид Ибрагимов деген зиялысы шығарған “Улфат” қосымшасы іспетті «Серкенің» ғұмыры ұзаққа созылмаған. Оның ең алғашқы санына Міржақып Дулатұлы өлең арнап жазғаны бар. Петербор қаласында жүріп, орыс интеллигенциясымен тығыз қарым-қатынас орнатып, астананың қоғамдық-мәдени өмірімен танысқан Шәйкен молда қазақ жастарымен де байланысып отырған. Петерборда оқып жүрген қазақ жастарының “Жерлестер” ұйымы да элиталық топ қалыптастырған үлкен алаңға айналды. Думадан кейінгі өмірінде Шәйкен молда Әлихан Бөкейханның тікелей тапсырмасымен Түркия өтіп, Анадолы жұртында қандастарымызға барып, ресми келіссөздер жүргізіп, Түрік баспасөздеріне Патшалық Ресей қысымындағы қазақтың бодандығы туралы сұхбат берген. Реті келсе, «Архив – 2025» бағдарламасы аясында «Рухани жаңғыру» тарихи сананы негіздеу қамымен Түркияның архивтеріне сұраныс салса, Шаймерден Қосшығұловқа қатысты тың мәліметтер табылатынына бек сенімдіміз.

Сөз басында Шаймердендей арыс туралы көп болмаса да біраз деректер жазылғанын айттық. Сондай тарихи бағасы зор құнды естеліктердің бірнешеуін “сөйлетіп” көрсек. Профессор Сағымбай Жұмағұл жазып алған Ерік Қосшығұловтың естелігінде: “...Алаш ардақтысының Түркияға барып, отаршыл Ресейдің шоқындыру саясатын айыптап, қазақ қайғысын жеткізгенін аса бір мақтаныш сезіммен мағмұрланып тұрып айтқан кейпі жадымда. Исі қазақ баласының жоғын жоқтаған Қосшығұл перзентінің қандас, діндес түркі еліне “Қазақ деген ұлт бар” деп сол кездегі патша билігінің орыстандырудағы құрығына қулық бойламас зымияндығын әшкерелегенін зердеме құйған-ды” делінген сөздер қайраткердің Түркияға барған ресми сапарын айғақтап отыр. Тарихымызда Жайық Бектұров есімді көп қуғын көрген, қайшылыққа толы дәуірдің куәгері, жазушы ағамыз болған. Осы кісі «Ана тілі» газетіне жариялаған бір естелігінде: «Бұл – Шаймерден Қосшығұлұлы. Өзім жасымда көргенімде қағілездеу адам тәрізді еді; мынау қартая келген кездегі, әлде ашаршылыққа ұшырап, бетіне ісік түсе бастаған суреті ме, әйтеуір беті қалыңдау.

Шаймерден – бізге арғы түбі бір аталас адам, тек ауыл қонысымыз қашықтау, қысқы қыстауымыздың арасы елу шақырымдай. Шәкеңді жасымда бірнеше рет көрдім. Тез-тез сөйлейтін кісі еді. Біздің ел бұл кісіні “Шәйке молда” деп атайтын.

Ш. Қосшығұлұлының Думаға сайланғаны рас, Петерборға барыпты да сонда шыққан “Серке” атты газетті қазақ арасына таратысқан да көрінеді. Өзі Көкшетаудағы Науан хазіреттен оқиды. Ресей астанасын ба, әлде өзге де бір жерлерден бе, кітап, газет бастыратын қорғасын әріптер әкеледі. Бұл Науанның мешітінен табылады. Содан Шаймерденді патша үкіметі Сібірге, Жақұтияға жер аударды. Ол елге Романовтардың үш жүз жылдығына байланысты кешірімге орай ғана оралады. Бұл туралы әртүрлі аңыз да менің қойын кітапшаларымда бар», - деп жазған екен. Ескі заманның көзін көрген осындай қарттардың әңгімесі біздің Шаймерден туралы түсінігімізді арттыра түседі деп ойлаймыз.

«Содан ол 1932 жылы Омбыға таяу Марьяновка стансы маңында аштан өледі. Ел ішіне белгілі де қадірлі адамның сүйегі сонда қалыпты. Мен білетін балалары, туыстары оның зират басын көтерген жоқ. Шәйке молда 58 жасында көз жұмыпты» деп Жайық Бектұров өкініп жазғандай арыстың сүйегі Омбы даласында қалыпты.

Сондай-ақ қайраткердің өмір жолы мен қызметі, тағдыры туралы тұщымды мәліметтер Сәдуақас Ғылманидың қолжазбаларында кездеседі. Сәдуақас хазірет оның Түркияға барған сапары, онда екі айға жуық болғаны, қандай істер атқарғаны туралы өзінің естіп, білгенін жақсы жазған.

Алаштың аяулы арысы соқтықпалы, соқпақты дәурен сүрді. Алаш рухы тұғырына қонған кезде де көш бастаған серкелердің жанынан табылды. Сөйтіп, дін адамы ретінде, алашшыл азамат ретінде ГПУ женденттерінің қолына түсіп, бірнеше рет айдауға ұшырады. Қуғын-сүргінде жүріп, қаймана қазағы аштық тақсіретін тартқанда, аймаңдай арыс шерменде боп өмірден өтті. «Содан ол 1932 жылы Омбыға таяу Марьяновка стансы маңында аштан өледі. Ел ішіне белгілі де қадірлі адамның сүйегі сонда қалыпты. Мен білетін балалары, туыстары оның зират басын көтерген жоқ. Шәйке молда 58 жасында көз жұмыпты» деп Жайық Бектұров өкініп жазғандай арыстың сүйегі Омбы даласында қалыпты. Осыдан біраз уақыт бұрын бабаның ұрпақтары – Сәкен Құрмашев, Қанаш Есмағамбетов, Ерік Шаймерденов және ғалым-жазушы Тұрсын Жұртбай, алдаспан ақын Дәулеткерей Кәпұлы бастаған алқалы топ арыстың туған жері Қоғам ауылынан арнайы тас апарып, Омбыдағы бейітін көтерген еді. «Орнында бар дүние оңалар» деген осы.

Шәймерден Қосшығұлұлының басына қойылған тас

Тегінде, асыл адамға өлім жоқ. Жақсы адам – жұрттың ырысы емес пе. Бүгінде арыстың туған ауылында оның есімімен аталатын мектеп, көше, мешіт бар. Бас қаламыздағы үлкен көшенің бірі де осы тұлғаның есімімен аталады. Болашақта да тұлға рухына көрсетілер құрмет азаймайды деп ойлаймыз. “Тұңғыштар!” айдарды тізгенде, Дума депутаты ретінде тарихта қалған, елін шексіз-шетсіз сүйген адамның есімі әлі талай қазақтың руханиятына қызмет етері сөзсіз. Оның ұрпақтары барда бабасының аты да, қаны да жалғаса бермек. Біз де алдағы уақытта архив мүмкіндігін пайдаланып, Шаймерден Қосшығұлов туралы жаңаша көзқарас пайымдауын жазғымыз келеді. Ол – болашақтың ісі.

Жарқын ӘЛІ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар