Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ОҚУШЫЛАР ПАРАҒЫ
Қысқаша мазмұн: Тортай мінген ақбоз ат...

14.03.2019 46650

Қысқаша мазмұн: Тортай мінген ақбоз ат

Қысқаша мазмұн: Тортай мінген ақбоз ат - adebiportal.kz

Автор: Оралхан Бөкей

Түсінік: Серік Қантаев
Оралхан Бөкейдің барлық шығармаларында кездесетін тұрақты тақырып, ортақ желі бар. Ол – адам мен табиғат. Олардың ертеден туыстығын, тұтастығын жазушы тап басып тани біледі. Сүйсіне суреттеп, жарқыратып жазады. Оралханның көптің көкейіндегісін тап басып, айрықша сүйіспеншілікке бөленуі, атының алыс елдерге танылуы да осынау шығармашылық шеберлігінің жемісі. Көркемәдебиетте туған жер табиғатының, өзіндің із өрнек айшығын кестелеп қалдырған жазушының тағы бір ерекше шығармасы «Тортай мінер ақ боз ат» әңгімесі.
Әңгіменің бірінші бөлім оқиғасы туған жер табиғатын суреттеуден басталады. «Шілденің ортасы болса да, бұл жер қоңыр салқын, бұлтсыз күндері тамылжыған тамаша мезгіл басталушы еді. Не ыстық емес, не суық емес жайлаудың жаймашуақ сәтінде төбеңнен көкпеңбек болып төңкеріліп тұрар аспанға қарағайдың бүршігін лақтырып ойнайсың...». Бұл суреттеу арқылы автордың балалық сүйкімді сезіммен табиғат тынысын тебірене тамашалайды. Әрі қарай кешкі ауылдың өмірі суреттеледі. «Шаршау дегенді білмейтін, қыз – келіншектер соғыс жылынан кейінгі, бейбіт өмірдің шуағына жылынып, сызылта ән салатын тау арасында жылтылдатып от жағып, ән шырқағанда, лаулаған жалын бақсыдай тілін жалаңдатып, күй шертіп тау- тасты күңірентіп тұрғандай әдемі сезілуші еді –ау. Біздер, балалар, күні бойы өгіз үйретіп, бұзау жаямыз. Үш уақыт сиыр сауғызамыз. Ымырт үйіріле алтыбақан құрған азаматтардың маңайында арпалысып, тиіп – қашып ұлардай шулап ойнап жүргеніміз». Автор, аса бір ілтипатпен туған жерін суреттей отырып, әңгіменің кейіпкері жас баланың балғын балдәуренін сол кездегі яғни, соғыстан кейінгі ауыл тіршілігіне алып келеді. Соғыстың салдарынан әке – шешесіз қалған балалар әр ауылдан да табылатын. Бас кейіпкер Тортай қиял еліне сапарға шығуды өте қатты ұнатады. Қиял елінен жерге түскен соң, Тортай енді түсін айтады. Бала қиялындағы ақ боз атты түсінде көк өгізінің арғымаққа айналып, жер тарпып, кісінеп тұрған кейпінде көреді.
- Тортай, сен түбі сол ақ боз атқа мінесің,- дейді досы.
- Қайдам!? Қайдан білейін, әкем марқұмның тақымы тайғада тимей кетіп еді...
Күзде жайлаудағы барлық балалар оқуға аттанғанда тауда бұзау бағып, жалғыз Тортай қалады. Тортай досына кетерінде ең сүйікті кітабын сыйлап тұрып айтты: « Мен үшінде оқы, бәлкім мен міне алмаған ақ боз атқа сен мінерсің».
- Сенің өз ақ боз атың бар емес пе?
- Жоқ, менің маңдайыма көк өгіз жазылған.
- Онда мен ақ боз атымды сыйға тартамын.
Уақыт ешқашан бір орнында тұрмайды. Жылдар өтеді. Тортайда басқа балалардай ер жетеді. Ол үйленіп, екі – үш баланың әкесі болады. Кәсібі әлі сол мал бағумен айналысады. Баяғыда Тортаймен бірге өскен баланың жазғы демалысында үлкен азамат болып ауылына келуі баяндалады. Амандаса келген Тортайға, ол шығып сәлем бере алған жоқ. Батылы жетпеді. Ұялды. «Тортай мінер ақ боз ат...менің тақымымда кеткендей еді...иесіне қайтаруға кеш еді...». Әңгіменің жалпы түйіні осы. Бұл әңгіме оқырманын сезім, төзім, қайырым, бауырмалдық сияқты қасиеттерге үйретсе әрбір сурет, әр бір көрініс оқушы жадында сақталып қалатыны сөзсіз. Әңгімеде жазушы табиғат жайлы сөйлегенде, әр сөйлем соңын «еді – ау» деген сөзбен бітіруінің өзі, табиғатқа етене жақын екендігін көрсетеді. Шығарманың тақырыбы арқылы айтайын деген ойын, жазушы нанымды да шынайы жеткізген, себебі: қазақ атты ер қанатына балайды, жүйірікті, сәйгүлікті өте жоғары бағалайды. Демек, ақ боз ат ұлт рухы, халық дәстүрі.
«Тортай мінер ақ боз ат» әңгімесіндегі «Меннің» яғни, автордың баяндау стильі Тортайдың бақыты жайлы, ақ боз ат жайлы, арман – қиялы ең соңында бәрі ертегі болып, қатал өмір өз дегенін істемей тынбайтын, Тортайға лайықты атты сол «меннің» мініп кеткеніне өкінетіні реалды өмір мен қиялдағы шындықтың, егіз параллель қосарланып жатқанын көреміз.
Тортай жетім бала, бірақ өзі білімге өте құштар, ертеден қара кешке дейін кітап оқиды, жазушы, үлкен адам болғысы келеді. Қоғамға айтары бар. Бірақ, күндердің күнінде кітаптарын Оралханға беріп тұрып, «- Ораш, осы кітаптарды сен оқышы, үлкен адам бол, жазушы бол!»,- деп тілегін білдіреді.
- Мен ауылдың қойын бақсам да к.німді көремін ғой, саған үлкен үміт артып отырмын,- дейді. Тортай бала болсада түсінгі мол, өмірдің философиясын жақсы түсінген. Әңгімедегі оқиға екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы және соғыстан кейінгі қазақ ауылында өтеді. Осыған байланысты халыққа түскен ауыртпашылық пен қиыншылық, қайғы – қасірет, жасөспірімдер мен бүлдіршін балғындарды жылатты, жетімсіретті. Жетімдіктің тауқметін тартқан Тортай, өмір бойы армандап, қиялдап өтті десек онда қате болар. Арманына, қиялына қолы жетпесе де өмірді, туған жерін, елінің адамдарын сүйді, ал жазушы Оралхан Бөкей өз кейіпкерлерін жасауда даналыққа сүйенеді екен: «Біздер, көркемшығармамыздың басты қаһарманы – АДАМ және сол адамзатты сүйгіштігін бейнелеуіміз керек». Басты кейіпкерлері Тортай және әңгімені баяндаушы бала Оралхан бейбітшілікті, еңбекті, туған жерін, адамзатты сүйген бейнелер.
Айшықты тіл, бедерлі сурет.
«Тортай мінер ақ боз ат» әңгімесінің тілі:
1. Мақал – мәтел, фразелогиязмдер:
Қой аузынан шөп алмас, Ит басына іркіт төгілу, Ораза - намаз тоқтықта ғана, Тоқ бала аш баламен ойнамайды, Қыздың жиған жүгіндей, Белі кеткендей тұра алмау, Тақымы қотыр тайға тимеу.
2. Теңеулер:
Табанға кілемдей жұмсақ тию, Лаулаған жалын бақсыдай тілін жалаңдатып, Ұлардай шулап, Ұядай қылып жинау, Көк күмбезіне найзадай кіріп, ой етек алақандағыдай көрінеді, Алтайдың шолпысындай жарқыраған, Бұқтырма, ай мен күндей қосару,
3. Эпитет:
Жайма шуақ сәт, Көкпеңбек болып төңкеріліп тұрар аспан, Бейбіт күннің шуағы, Тасқа тиіп тайғанаған жаңбыр сыбдыры, Тас үңгір, Жұмақты өмір, Көк мұнар дүние, Қоңыр үн.

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар