Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қыздар университетінің арулары Мақпал Мысамен кездесті

26.04.2019 587

Қыздар университетінің арулары Мақпал Мысамен кездесті

«Қарашығы қара өлеңге толған қыз». Осындай атаумен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ақын, «Жүз жаңа есім» жобасының жеңімпазы Мақпал Мысамен кездесу өтті.

Оқу орнының «Ақ қауырсын» жас ақындар клубының ұйытқы болуымен қолға алынған жобаның мақсаты – ақындық бағытты студенттер арасында кеңінен насихаттау, ұлт әдебиетінің бүгінгі өкілдерін жастар арасында дәріптеу.

Мақпал Мыса – өзіндік өрнегі қалыптасқан ақын. Ол 1983 жылғы желтоқсанда Алматы облысының Райымбек ауданында дүниеге келген. Алғашқы қанатқақты жырлары облыстық «Толғауы тоқсан туған тіл», «Поэзия, менімен егіз бе едің?», республикалық «Өмір өрнектері», «Жас толқын» жинақтарына енген. Ол облыстық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы, республикалық Абай оқуларының, 2011 жылы Ақсу ауданының 80 жылдығына арналған республикалық мүшәйраның бірінші орын иегері атанды. Қобызшы Молықбай, Майра Уәлиқызы, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы сыйлықтардың лауреаты, Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығына арналған республикалық жыр мүшәйрасының жеңімпазы. Сонымен қатар Қазақстан Тұңғыш Президенті Қоры ұйымдастырған «Алтын тобылғы» Республикалық байқауының бас жүлдегері атанған. Мемлекеттік «100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңіндегі 29 жеңімпаздың бірі.

Мақпалдың «Мен керекпiн», «Алақандағы бақыт», «Мен керекпін», «Аспантаудың көктемі» және «Шоған Абыз» атты жыр жинақтары жарық көрген.

Жиын барысында Қыздар университетінің студенттері ақынға көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, өз шығармашылығынан өлеңдер оқыды. Арнау әндерді орындады. Өз кезегінде Мақпал Мыса өлең туралы, өз шығармашылығы жайында әңгіме өрбітіп, алдағы жоспарымен бөлісті.

– Ақын – халық байлығы. Ал, көпшілік ақыннан өресі биік, төрт аяғын тең басқан өлең күтеді. Менің жазып жүргендерім болашақ жазарымның жарнамасы болуы керек. Бұл дегеніңіз – үлкен жауапкершілік. Рухымыздың тазалығын, жанымыздың жарасымын жырдан ғана табамын. Өлең – Жаратқаннан қонған қасиет. Оны бақыт құсындай аялай білу қажет. Өлең – жұмбағы шешусіз тылсым әлем. Ол зауыттан шығатын өнім емес. Шабытсыз жыр жайдақ ой, жалаң сезімнен құралуы мүмкін. Ал, шын өлең шабытпен туады. Адамдар өлеңнің құдіретін дүниеәуи ойлардан ада болған кезде ғана жан-жүрегімен сезінеді, – дейді Мақпал Мыса.

Жиын барысында қаламгер өлеңдерін оқып, «Ақ қауырсын» жас ақындар клубының кітапханасына «Шоған Абыз» кітабын тарту етті.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің

Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар