Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Көкшелік жас ақындардың ток-шоуы өтеді...

27.10.2016 5274

Көкшелік жас ақындардың ток-шоуы өтеді

Көкшелік жас ақындардың ток-шоуы өтеді - adebiportal.kz


уш жигит.jpg


Астана қаласындағы Ақмола облысының мәдениет күндері аясында өтетін игі шаралардың бірі – кестелі жырларымен қазақ әлеміне біршама танылып үлгерген Көкшетаулық жас ақындардың елордалық жырсүйер қауыммен кезесуі. «Тәуелсіз елдің тәуелсіз ақындары» тақырыбындағы кеш ток-шоу форматында өтеді. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған бұл кездесу 29 қазан күні 11 сағатта ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында басталады.


Кездесуде ақындар Мерген Тоқсанбай, Оюлы Қуаныш (Оспанов), Бақытбек Бекмұратұлы өз өлеңдерін оқып, шығармашылығындағы жаңалықтарымен бөліседі.


Тәуелсіздіктен кейін туып шыққан Көкше ақындарының үшінші толқынына жататын үш ақынның үшеуі де мектеп қабырғасында жүргенде жыр әлеміне қанат қақты. Бүгінгі күні ақындардың әрқайсының өз шығармашылық жолдары, өз тыңдармандар әлемі бар.


Бүгінге дейін «Ностальгия», «Мен біреуді сағынамын» атты жыр жинақтарын шығарып үлгерген Мерген Тоқсанбай лирикасының басты тақырыбы – махаббат сезімі.


Сүймесе, өмір де өлімдей.
Сүйгенім – ең әйбәт бақыт!
Дірілдеп еріндеріңдей,
Толқимын, сені ойлап жатып.

Ақын өлеңдері әлеуметтік желілер, газет-журналдар арқылы өз оқырмандарын тапқан. Мерген ақынның көптеген өлеңдеріне жазылған көкшелік сазгерлердің әндері жиі орындалады.


Облыстық, республикалық айтыс додаларының жүлдегері, айтыс пен жазба ақындықты қатар алып жүрген жас таланттардың бірі Қуаныш Оспанов айтыс өнерін, жазба поэзияны сүйетін қауымға Оюлы Қуаныш лақап есімімен жақсы таныс. Оюлы Қуаныш қазіргі қоғамыздың жарқын бейнесі мен көлеңкелі тұстарын әсерлі жыр жолдарына айналдыруға төселіп келе жатқан жас талант. «Ауылдың баласымын» деп алғашқы жыр жинағын, осы аттас әнін де шығарған Қуаныш ақын өлеңдерінде қазақтың жан жүрегі ауылға деген аңсар, балалық шқтың тәтті мұңы жиі ұшырасады:


Қараша ауыл көңілдегі дертім ең,

Бала кезде құлағымнан шертіп ең.

Саған келдім, қам көңіл боп шерленіп,

Алып ұшқан жүрегімнің еркімен.


Өткен жылы ғаламтор желісі арқылы қалың жұртты дүр сілкіндірген белгілі оқиғаға байланысты жазылған «Жанайқай» өлеңіне танымал композитор Әбиірбек Тінәлі саз жазып орындауы, бүгіндері бейнебаянға айналдырылуы да ақын шығармашылығынң жетістігі болса керек.


Жас ақын Бақытбек Бекмұратұлы да өзінің ойлы жырымен оқырман қауымға жақсы таныс. Бақытбек ақынның шынайы өлеңдерінде соны суреттеулер мен кейіптеулер жиі ұшырасады. «Түнгі қала» атты өлеңінен үзінді алайық:


...Қашанда көшесінде көлік өрген,
Шырайлы шаһар деуші ед сені көрген.
Түн перісі күледі шашын жайып,
Ішінде мас қаланың желік енген...

Саналы оқырманға орынды ой тастар жырлар Бақытбек ақынның жыр қоржынында аз емес.


Мерген Тоқсанбай мен Оюлы Қуаныш ақындар 19-реткі өткелі отырған халықаралық «Шабыт» фестиваліне жолдама алып отыр. Ақындардың оқырман қауыммен кездесуіне де, жыр додасындағы қадамына да сәттілік тілейміз!


adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар