Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Көкшетаудан табылған Диуани хикмет туралы сөз...

16.11.2018 6962

Көкшетаудан табылған Диуани хикмет туралы сөз

Көкшетаудан табылған Диуани хикмет туралы сөз - adebiportal.kz

«Диуанның» Көкшедегі нұсқасы туралы бірер сөз

Дүниежүзілік мәдени мұралардың қатарында саналатын Яссауидің «Диуани Хикметтерінің» бір нұсқасы Көкшетау өңірінен табылған еді. Біле білсек, рухани дүниеміздегі үлкен жаңалық, сенсациялық оқиға. Бұл асыл мұрамыздың Көкше жеріне де ертерек тарағандығын байқаймыз. Осы тараптан Диуанның халқымыздың ежелгі мәдени мұрасы ретіндегі әдеби тарихи мән-маңызына тоқтала кетпекпіз.

Әлемдік ориенталистка (шығыстану) мен түркологияда Құл Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани Хикметтерінің» алатын орны ерекше. Яссауи мұраларын зерттеу ісімен көптеген шетел, орыс, түрік, түркі тілдес елдердің ғалымдары, қазақ ғалымдары айналысқан. Мұраны зерттеу ісі бүгінгі күні әлі де жалғасын табуда.

Құл Қожа Ахмет Яссауи Орта Азия мен Қазақстан аймағынан шыққан ұлы ойшыл, философ, ақын. Сопылық поэзияның ірі өкілі. Орта Азия мен Қазақстанға кең тараған суфизмнің йассауия тарихатын негіздеуші шейх, ұстаз. Осы жанрда сопылық ағымдар, тарихаттарға қысқаша тоқтала кетейік: Исламдағы сопылық бауырластық, ордендер – тарихаттар деп аталынады.

Ірі суниттік тарихаттарға: кадирия, маулявия, накшбандия, рифаия, санусия, сухравардия, тиджания, чишития жатады.

Шийт бауырластығының тарихаттарына захабия, нурбахшия және хайдария жатады. Бекташия тарихаты екі ағымның да сипатын алған. Накшбандия тарихатының аздаған шийттік тармағы бар. Тарихаттардың конфессионалдық сипаты өзінің динамикалығымен ерекшеленеді. Ниматаллахия бауырластығы басында суниттік ағымда қалыптасқанымен, кейіннен таза шийттік ағыма айналды. Халбатия тарихаты керісінше шийттік ағымнан суниттік ағымға ауысқан. Захабия мен нурбахшия сияқты шийттік бауырластық өз кезінде кубрабия сияқты суниттік тарихаттың қойнауынан шыққан. Мұндай ауыс-түйіс сопылық тарихаттарға тән болып келеді. Әр сопылық тарихаттың өз сыртқы айырым белгілерінің жүйесі, ғұрыптық инициациясы мен инвеститурасы, мистикалық тәжірибесі болды.

Суфизм – араб-ислам философиясының негізігі бағыттарының бірі, исламдағы мистикалық-аскеттік ағым болып табылады. Суфизмнің ірі теоретигі әл-Ғазали (1058-1111) суфизмді исламның негізгі мәні деп есептеді. әл-Ғазалидың негізгі еңбегі – оның ортодосалды ислам мен суфизм арасындағы қайшылықты жоюға деген талпынысы болып табылады. әл-Ғазалидың паймдауынша шынайы суфизм «Құран» мен Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың суннасына кереғар келмеуі керек. Орта Азиядағы сопылық тарихаттар: нақшбандия, кабруия, кадерия сияқты тарихатттардың арасында Яссауи тарихатының маңызы ерекше болды. Орта ғасырларда бұл ілім Хорезм, Мауреннахр, Анадолыға дейін жеткен. Яссауи тарихатының ерекшелігі исламның дәстүрлік сопылық танымына ежелгі түркілік танымды ұштастыруы, оның симбиозды түрде дамуы болып табылады.

Яссауи ілімі адамгершілік, мейірімділікке шақырады. Фарид-ад-дин Аттар, «Манттық ат таир» («Құстар тілі») еңбегінде оны «Түркістан пірі» деп атаған. Құл Қожа Ахмет қазақ топырағындағы ежелгі Испиджаб (Сайрам) қаласында туған. Йассауидың бабасы – қазақ даласына ислам таратушы Ысқақ бап. Діни білім үйренудегі ұстаздары – Шихабуддин Испиджаби, Арыстан баб, Юсуф (Жүсіп), Хамадани деген кісілер болған. Йассы қаласында (қазіргі Түркістан қаласы) тұрып түркілер арасында сопылық ағымның таралуына, діни-имандылықтың таралуына қажымай еңбек етті.Сопылар ерекше мистикалық-аскеттік жүйе жасаған. Соның бірі олардың жаратушыны, Түп иені танудағы ерекше экстатикалық күй, «хал» күйінде болуы. Алла атына «һу», «һай» деген ерекше зікір айтушы. Бұл таным жолында олар «шариғат», «тарихат», «мағрифат», «хақиқат» сияқты мистикалық таным жолдарынан өтуі тиіс болды.

Яссауи салған сопылық ағым XIII-XIV ғасырлардағы түркі әдебиетінде де жалғасын тапты. Осы кездердегі ғашықтық дастандар Әлидің «Қисса Жүсібі», Құтбтың «Хұсырау уа Шырын», діни әдебиеттер: «Қисасс ул Әнбия», «Жұмжұма», «Нехәт ул Фарадис», «Гүлстан бит туркилердің» тууы Йассауи қалыптастырған өнегелі дәстүр болса керек. Дастанның қазақша мағынасы: «Алланың құдіреті жайлы даналық кітабы».

«Диуан» сөзі арабта «жинақ» деген ұғымды білдіреді. «Диуан» әсіресе түркілер арасында көп тараған. Яссауидің өзі жазған, авторлығы сақталған қолжазба біздің заманымызға жеткен жоқ. Ол басында ежелгі қазақ ру-тайпаларының арасында ауызша жатталып, XVІ-XVІІ ғ.ғ, қағазға түскен болуы мүмкін. Йассауидің бізге жеткен «Диуани хикметі» оның кейінгі шәкірттерінің әртүрлі уақытта көшіріп жазған көшірме қолжазбалары. Негізінен түркі тілдерінің оғыз-қыпшақ диалектісінде жазылған. «Диуани хикмет» – тек таза тілдік, әдеби, тарихи ескерткіш қана емес, ол түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының рухани-мәдени дамуында өшпес із қалдырған, көптеген ғасырлар бойы халқымызды адамгершілік, имандылық, ғибраттылық, өнегелік жолына үндеп келген, маңызы орасан зор рухани мұрамыз!

Яссауи кесенесінде сақталған қолжазбалар кейін көшіріліп, көптеген елдерге тараған. Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Ресей, Иран, Үндістан, Еуропа, Араб елдерінің кітапханалары мен университеттерінің кітапханаларында асыл мұрамыздың қолжазбалары көздің қарашығындай сақталуда. «Диуани хикмет» Қазан (1887, 1901 ж.ж), Стамбул (1901ж.), Ташкент (1902 және 1911 ж) қалаларының баспаларында бірнеше рет жеке-жеке кітап болып басылып шыққан.

«Диуанның» ең толық нұсқасы Қазан басылымы болып табылады. Бұл нұсқада 149 хикмет бар. Осының 109 хикметі Яссауидікі, қалғандары шәкірттері тарапынан жазылып, жинаққа енген дейді зерттеушілер.

Яссауи мұрасын түрік ғалымдары М.Ф.Кепрюлю-заде, К.Ераслан, орыс ғалымдары: А.Н.Самойлович, Е.Э.Бертельс, А.К.Боровков, Г.Ф.Благова, өзбек ғалымдары Э.Р.Рустамов, Н.М.Маллаев, В.И. Захидовтар зерттеп түркология ғылымына өз үлестерін қосты.

Рухани мұрамызды зерттеуден отандық қазақ ғалымдары да сырт қалған жоқ. Олардың қатарында Б.Кенжебаев, Р.Сыздықова, Х.Сүйіншәлиев, Н.Келімбетов, Р.Бердібаев,М.Жармұхамедұлы, С.Дәуітұлы, М.Шафиғи, А.Ахметбекова, Д.Кенжетай, Ғ.Ә.Қамбарбекова, А.Ш. Нұрманова, Б.С.Қорғанбеков, И.Нұрахметұлы т.б.

Қожа Ахмет Яссауидың «Диуанның» көшірмелерінің біздің Көкшетаудан табылуы Яссауи тануды зерттеу ісіндегі үлкен оқиға. Ол қазақ рухани мәдениеті үшін үлкен жаңалық. Асыл мұрамыздың жаңа нұсқасының табылуы Йассауи мұрасын тани берудегі алға басқан қадам деп есептейміз.

Мұраның табылуына түрткі болған Көкшетаудағы Әдебиет және Өнер музейінің директоры Нұралин Нұрбек, музейдің бас ғылыми қызметкері, фольклоршы ғалым Е.Баятұлы және осы ұжымның басқа да ғылыми қызметкерлері болатын. Осы жерде көне қолжазбаның ғылыми тұрғыда аударылып, зерттеліп, көпшілікке танылуына мұрындық болған Қазақ Ұлттық Өнер университетінің бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Иманғазы Нұрахметұлы бауырымызға үлкен алғысымызды білдіруіміз қажет.

Иманғазы Нұрахметұлы қолжазба жайында былай дейді: «Көшірменің қашан, қай жерде, кімнің қолымен жазылғаны туралы нақты дерек жоқ, бас-аяғы жыртылған, сақталуы жақсы емес, тым ескі қолжазба екені белгілі. Сыртқы бетінде «Бекмұхаммет Ахметұлы (Бекмағамбет болуы да мүмкін) деген адамның аты жазылған. Соның аяқ жағында «иесі молла Бекмұхамет» деген сөз бар. Бұл адам хикметтерді көшіріп жазушы ма? Қолжазбаны сақтаушы ма? Ол жағы анық емес.

Мұражай директоры Нұрбек Нұралин: «Бұл қолжазбаны Көкшетауға Оңтүстік жақтан Сарғалдақ қожа деген кісі әкеліп, Сарғалдақ қожаның қызы Айғанымның қолында сақталған болуы мүмкін», - деген болжам айтады. Ондай болжам жасауға қолжазбаның Ғ.Мүсірепов (Рузаевка) ауданынан табылғаны себеп болған сияқты. Мүсірепов ауданы аумағында Абылай заманынан бері қожалар мекендеген екен. Бұхарадан оқыған ғұлама Сарғалдақ қожаның ұрпақтары кейінге дейін сонда болыпты. Сарғалдақ қожаның өзі Қожа Ахмет Яссауидің туған інісі Садыр Шайхтың ұрпағы болса, Шоқанның әжесі Айғаным осы Сарғалдақ қожаның қызы екен».

Яссауи хикметтерінің Көкшетау нұсқасында 59 хикмет бар. Уақыт қысымына шыдамай біраз хикметтер оқуға келмеген, қағаздары тесіліп, әріптері түсіп қалған. Солай болсада 56 хикмет аударылып шыққан. Осының өзі үлкен олжа деп ойлаймыз.

Ғасырлар бойы Көкшетау қазақтарының арасында ауызша айтылып келіп, қағазға түскен бұл қолжазба нұсқаның орны ерекше. Түркітануда Йассауи дастанының кез келген көшірмесі ғылыми жаңалық. Сондықтан бұл нұсқа отандық ғылым ғана емес, жалпы түркітану саласы үшін ерекше маңызға ие болып отыр. Нұсқаның ең маңызды, басты құндылығы ғасырлар бойы Көкше өңірі қазақтарының рухани даму жолында қызмет еткені болса керек! Иншалла, ісіміз оңғарыла берсін!

С.Жәмбек


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар