Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Көктем көшіп барады......

10.04.2015 3769

Көктем көшіп барады...

Көктем көшіп барады... - adebiportal.kz

Ғалым Жайлыбай – бүгінгі қазақ поэзиясының бағын ашып, бағасын асырып жүрген көрнекті ақындардың, тұлғалардың қатарында аса дарынды ақын. Ақын Ғалым адам болмысындағы бекзат қадір-қасиеттеріне ғашық. Ол адалдық, адамдық, тазалық, кісілік, ізгілік сынды мінезді ардақтап, сол ізгі қасиеттерді қастерлеп, іңкәрлікпен, құштарлықпен жырлауға құмар. Қазіргі қазақ поэзиясының көгіндегі жұлдыздардың бірегейі саналатын ақынның жырларын ұсынамыз. 


7c8d4826d9f8fe8676337620496fb739.jpg


Сәуірдің сәукелесі

Сағыныш айналса сағымға,
Үміттің үзігі жалғанбас.
Мөлт ете қалады жанымда
Көктемнің көзінен тамған жас.

Аққулар ұшқанда төбемнен,
Қанатын самалға сүйгіздім.
Өрнектеп өлмейтін өлеңмен –
Сәуірге сәукеле кигіздім.

Тимеген қай тасқа бұл маңдай,
Тастаған талайлар шалманы.
Жыр жазсам жарқырап тұрғандай
Бақыттың балауыз шамдары.

Ағайын,
алдыңда аялдап,
айтуға келгем жоқ базына.
Барамын өзіңмен аяңдап
Қол бұлғап шақырған жазыма.

Алда да ғұмыр бар,
армандас,
тарыла көрмесін пейілің.
...Көктемнің көзінен тамған жас –
Мөп-мөлдір мейірім...

 
Алаң

Әйтеуір алаңдаймын,
Ай күттім,
жыл күттім-ау.
Саптыаяғы секілді сараң байдың –
Қаңсыған тірлік мынау.


Жалғанның зар боп қалдым жарығына,
Көрінбей Ай қарасы.
Шаһардың жарқ-жұрқ еткен шамы мына –
Шайтанның шайханасы.

Ұстап ап сигарының сирағынан,
Сыраны сіміреді кәрі қасқа.
Бұл мекен айрылғалы иманынан
Мен үшін бәрі басқа.

Атасы асып туған аймағынан,
Шақырды тағы да асқа.
Бабалары шетінен бай-бағылан,
Мен үшін бәрі басқа.

Қайтейін,
ол да қайғым,
Айдынға құс қонбады.
Ақылы ұзарыпты Молдабайдың –
Балағы қысқарғалы.

Біреудің малы қайғы,
Жаны қайғы,
Үшеуміз сая іздедік үш қорықтан.
...көз ілсем көрем, Алла-ай,
Абылайды –
Бұқарға түс жорытқан.

 
Есениннің кітабы

Жарық барда жайнаймын,
жаңғырамын,
Тұмам  мынау туғалы тұндырды өлең.
Менің жаным пернесі домбыраның,
Тиіп кетсе саусағың күмбірлеген.

Сан шаһарда,
сан дода,
сан ортада,
Таныстырды – Ақын – деп елге мені.
Сағым ауған сонау жыл
Сарыарқада –
Сағыныштың сырқаты меңдеп еді.

Бәрі естелік бүгінде кешегімнің,
Махаббатқа малтыққан шақтағы әнім...
Есіл, Нұра бойында
Есениннің –
Сәл ескілеу кітабын жаттағаным.

Сол ақындай көңілім құбылады,
Сүйеді ару шайырды шалғайдағы.
...Шаганэ қыз секілді шұғылалы
Айседора секілді ай маңдайлы.

Кеңістікке көз қадап тұратынмын,
Жаңбырлары жанымның құйып өткен.
Енді бүгін ес жиған
бір ақынмын –
Қаракөзін қазақтың сүйіп өткен.

Ақын ақын бола ма
Кешпесе арман,
Бәйтеректің бәріміз бір бұтағы.
...Ессіз ғашық кезімді еске салған
Есениннің ескілеу жыр кітабы.

00228850.jpg

 Гүл мен Гөзел

Алатаудың етегі «Тілектаста»,
Жүрек басқа,
айтылар тілек басқа.

Бақытыңа бал-шырын балама өзі,
Гөзел сұлу – қазақтың қаракөзі.

Қарсы алады періште гүл бағында,
Мен жазатын өлеңнің ырғағында.

Нұрға малып жаныңды
баққа бөлеп,
Гүлден гүлге қонады ақ көбелек.

Гөзел қыздың осында гүл өрнегі,
Бірсалары,
сырмағы,
кілемдері...

басымдағы сәт деңіз,
бұл бір керім,
көзбен сүйсең Гөзелдің гүлгүлдерін.

Баян табар бақыттың базарындай,
Гөзел сұлу – шығыстың ғазалындай.

«Тілектаста» болмаған кімдер қонақ,
Әлеміңді жіберер гүлдерге орап.

Мынау мекен жаныңның ырыс, бағы,
Тербеледі Гөзелдің гүлстаны.

Құлақ түріп жанымның мұң-зарына,
Жыр сыйладым Гөзелдің гүлзарына...

Алатаудың малынса күні нұрға,
Гүл мен Гөзел айналар бір ұғымға.

Маржан қадап кеудеңе кірпігімен,
Гөзел ару тіл қатар гүл тілімен.

Жақындасаң жаныңа жаз кезігер,
Гүл мен Гөзел тірлікте аз кезігер...

Аспанға ұшып барады бір құс әппақ,
Ақ періште арманым гүл құшақтап...

 
Сауал

– Қазаққа өлең керек пе,
– ай, білмедім,
Білмеуімнің өзін де қайғым дедім.
Қанатының сусылы аққу құстың
Мамырлатып жеткізді майдың лебін.

– Ақынсыз – деп мақтама,
– Ой,  сіз,  ғажап,
Көк жүзінде жұлдыздар жамыраған.
«Ойсыз қазақ болса да,
тойсыз қазақ
болмайды», – деп кетіп ед, Қадыр ағам.

Өлең жаздым өмірде өрледім де,
Шуақ кезім ол менің, шырақ кезім.
Жанарыма жас тұнды көргенімде
Бала күнде аршыған бұлақ көзін.

Жусанды қыр,
мен сенде жарқылдағам,
Дүбірлетсе дүлдүлдер дүниені.
Алқалы топ алдында алқынбаған
Біздің сөзге қарғам-ай, кім ие еді?

Жақ айырар сауалды
қалай ұғар,
Бұл жүйкеге керек-ақ талай төзім.
Талайы бар жұрт едік
Абайы бар –

Қазаққа өлең керек пе,
ал, айт, өзің!..


Балқадиша. Балқантау

...дегенде Балқадиша, Балқадиша

Ақан сері

Өмірімнің өлең болды әр күні,
Көңілімнің ақ құстары қалқыды.
Қадиша қыз «қарғам-айға» салғанда,
Балқантаудың бақыт құшты бал түні.

Бір көрген соң сағынар жан, Балқантау,
Біреулерге лағыл арман – Балқантау.
Біздейлердің саны барған – Балқантау,
Бабамыздың бағы қалған,  Балқантау!

Пырағыма алтын күйме жегіп мен,
Саған бұрын келмегенмін неліктен?..
Балқантаудың бал түнінде балбырап,
Қадишаның дауысына еліткем.

Бір әніңді алып кетсем не етеді,
Шырағыңды жағып кетсем не етеді.
Сенде мәңгі қалып кетсем не етеді,
Мақпал туған бұлбұл құстың мекені...

Бұлдыраймын,
булығамын,
бұлқынам,
Сенімімді сергелдең ғып бір тұман.
Айдынымнан аққу ұшып,
қаз қонды –
Қаз дауысты Қазыбектің жұртынан.

Ғажап  үнің ғашық етті осы елге,
Күрең шәйім суып қалды кесемде.
«Барар жерім Балқантау ғой, ендігі –
– Ол да біздің барған тау ғой» –  десең де.

Қайтарып бір шабыт буған шағымды,
Қарындасым,
қалықтатшы әніңді.
Ақан сері боп отырмын,
Балқанда –
Қадиша қыз!
Балқадиша кәдімгі...

Ғұмыр осы,
өзіңменен бір кешем,
Есігіңе қара құлып ілме, сен!
Ақан ағам сенер ме еді
кезігіп –
Балқадиша Балқантауда жүр десем.

Ай артынан зулап аққан жылдар-ай,
Мен де бір ән салар едім бұлдамай.
Кешіріңдер,
Балқадиша,
Балқантау –
Дауысымның дауыс болмай тұрғаны-ай.

«...дегенде Балқадиша, Балқадиша...
Жағалай сазға біткен тал, Қадиша».
Бір емес екі мәрте келгенімде –
Керегі өлең болса ал, Қадиша!
Балқантау...
Балқадиша...

 
Қара базар.  Қайыршы

Запыранын құстырып заманақыр,
Қарашаға қабарып қала жатыр.

Қара кешке қайран  жұрт
қарақұрым –
Қара базар,
қайыршы,
қара бақыр...

Қара бақыр, қалтқымды қалтылдатқан,
Анау тобыр әліптің артын баққан.
Қара базар кей-кейде  қараша үйдей
Қара дауыл жабуын жалпылдатқан.

Жусан текті кісі едім далада өнген,
Сәл кешеулеп әйтеуір қала көрген.
Сөзін сатқан саудагер болмасам да,
Қара бақыр таппадым қара өлеңнен.

Қайқаяды қара жол қайқаңды асқан,
Қайырлаған көш керуен,
қайта алмасқан.
Қара базар ішінде қараңдаймын
Қайыршыға «қайыр-қош» айта алмастан.

Қаймақ тосып қарсы алған қайманасын,
Қара базар көп кезсең қайраласың.
Қара базар кей-кейде қаралыдай,
Қара түтін қоршаған айналасын.

Батқан күннің алдынан түн күтеді,
Қайыршыны жалғанда кім күтеді?
Теңге ораған тер сіңген  орамалын
Жан қалтаға жалма-жан сүңгітеді.

Бауырынан ақ таңның кімдер өрер?
Осы сурет көздерім  күнде көрер.
Қара базар,
Қайыршы,
Қара бақыр –
Ар жағы да қараңғы бірдеңелер...
 
Қарқылдайды қап-қара қу жақ қарға,
Ыржақтарға қауқар жоқ, қылжақтарға.
... – базарыңның барында ойна – деуші ед, 
Көшіп жатыр бар базар бір жақтарға.

gj.jpg

Ескі гармонь.  Құдайберген

Ескі гармонь маркасы «Қазан» деген,
Базарлы әуен төгетін
Ажарлы өлең.
Құс тілімен Құдекең құйқылжытса,
Оянатын бар ауыл азанменен.

Бозторғайдай шырылдап шырай берген,
Күнде асатын сол ырғақ құмай белден.
Балаларын ауылдың жиып кешке
Гармонь созып қоятын Құдайберген.

Еске алғанмен енді біз ертегі етіп,
Сапар сазын шертетін ертелетіп.
Гармонь тартса, арман-ай,
Құдаш тартсын – 
Еліктіріп,
елітіп,
еркелетіп.

Самал сүйген сол жазда
сағым өбкен,
Әулетімнің әуелеп әні кеткен.
Ескі гармонь демесең,
есті гармонь –
көнелігі болмаса жаны көктем.

Құйрығындай түлкінің бұлаң еткен,
Бұлақ көзін аршыған бұла көктем.
«...гармоншы жоқ әлемде ағамыздай,
Дүниеде аспап жоқ бұдан өткен».

«Аяғына кигені былғары етік...»
Орамалын сәулем қыз бұлғап өтіп.
Ескі әуенге есінеп
есім жисам,
Күндер қашып кетіпті,
жылдар өтіп...

Сондағы әуен тап қазір ойымда отыр,
«...Біздің ауыл Сарысудың бойында отыр».
Құдайберген гармонын
қолына алсын –
Құрттап болып құрысқан қойын қотыр.

Жүрек тербер самалды саз ағыны,
Қандай еді сол күннің тазалығы.
Біздің көлге көгілдір құс қондырған
Құдаш тартқан гармонның ғажап үні.

Жылдар қашып барады
күнді ұрлаумен,
Сүмбілемен бір көшті сүмбіл дәурен.
...Әр ауылға керек-ақ, Құдайберген –
Сәл ескілеу және де бір-бір гармонь.


Белгісіз күй

Сәуір келді,
тәуір болса жарады,
Қара нөсер сабалап тұр қаланы.
Басылмады көңілімнің алаңы,
Сен не дейсің,
жарық күннің жамалы?..

Сарыуайым өн бойымды жаншыған,
Содан қалай аршылам?
Бала-шаға аузы аққа тиерде –
Қара саба қаңсыған...

Ақ дүниеден іздегені
арай, нұр,
Талайына өлең берген талайлы ұл.
...Қысырақтың үйірінен адасып,
Кісінейді қара айғыр.

Туған жердің тауы,
қыры,
белесі,
Сенде қалған өткен күннің елесі.
...Шанағына шаң толған –
Қара қобыз үнсіз қалды неге осы?..

Солай, енді қарағым,
Жыр оқысам жалт ете ме жанарың?
...Қазақы ауыл қазақы ұл секілді –
Дүниенің бағып өскен қабағын.

Құпиясын құлыптасын құм шағыл,
Қысы-жазы көгеретін шырша бұл!
– Біздің елде жатыр, – дейді су тасып,
Сәуір келді,
қандай екен бұл сәуір?!

Не айтасыз, енді сіз? –
адам айтса сенгісіз...
Көңілімнің көктемдегі күйі  осы –
аты-жөні белгісіз...

 
Жантық

(Циклдан)

Айқындап атыңды бәріне,
Танытсам беймәлім әкеңді.
Бұл жантық тірі екен әлі де –
Ұстатқан
Мағжанды,
Сәкенді.

Қодығы секілді қоғамның,
Не деген жаны иттің сірі еді?..
Бұтағын балталап солардың –
Кітабын күзетіп жүреді.

Аурушаң түлкідей иіліп,
Бұл сорлы түбінде тірі өлер.
...Шендінің бишігін үйіріп
Шешесін айдатып жіберер.

...Түс көрдім,
түсімнің түсі аппақ,
Түс көрер бұл пенде не түрлі.
...Құланың қу басын құшақтап
Батыраш өкірді.

Мәңгілік жазуы тасында,
Шыңғыстан қол бұлғап бұлақ бір.
...Абайдың қабірі басында
Оразбай еңкілдеп жылап тұр...


Бетпақдала  этюді

Шаңқай түс,
шағырмақ күн,
Жел тұрса басың бүлік.
Көшеді шағылда ақ құм
Шалғынның шашын жұлып.

Түн қызын таңға ұзатты,
Тие ме бізге себі?..
Жапанда жалғыз атты –

Жолаушы із кеседі.

Жалғанған тағы көші,
Бабамның жолына осы.
...Бетпақтың бағы да осы –
Бетпақтың соры да осы.

Мәпелер құстарын да,
Көктемнің көшіне еріп.
күзеуі,
қыстауында –
Жататын өсіп-өніп.

Сүйгенмін сол өлкені,
Көргенім көз ашқалы.
Білмейтін көлеңкені
Өзгеше өз аспаны.

Соры мен бақ
мекеннің,
Сезгенбіз таласын да.
...Бөрі мен ақ бөкеннің
Өскенбіз арасында.


Қас-қағым

Бақытын да,
бағын да тел емізген,
Аулақ қондың сол дәурен неге бізден?
...Өлең көшіп барады жанымыздан
Үркер ауып барады төбемізден.

Зулайды күн,
тез еді көші неткен,
Жасындары аямай осып өткен.
...Тойдан күліп қайтатын кездерім-ай,
Ойландырып келгендей осы көктем.

Беу, тіршілік,
сыр ұқтым астарыңнан,
тұрады өмір қастерлі қас-қағымнан.
...Күлкім де өшіп барады күннен-күнге,
Бұлтым көшіп барады аспанымнан.

Өлеңіме өріліп өткен күн әр,
Көз ұшында көлбейді көктен мұнар.
...Көл жүрегі дір етті құсы қонып,
Мөлдіреді соңғы рет көктемгі қар.

Ақ таңдардан күтетін аздап арай,
Жанарымның жаутаңдай жаздағаны-ай.
...Өткен қашып барады көз алдымнан,
Көктем қашып барады жазға қарай.

adebiportal.kz

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар