Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Қорғаныс министріне айтар өтінішім бар...

11.01.2017 4908

Қорғаныс министріне айтар өтінішім бар

Қорғаныс министріне айтар өтінішім бар - adebiportal.kz


(Қазақ Ұлттық өнер университеті «Сахна қозғалысы мен сахна сайысы» пәнінің аға оқытушысы Жалынбек Ақанұлымен болған сұхбат)

- Сахна қозғалысы, сахна сайысы қандай пән және оны оқытуда қолбайлау болатын кедергі бар ма?

- Сахна қозғалысы, сахна сайысы – сахнадағы қимыл-қозғалысты үйлесімді етуге тәрбиелейтін пән. Әрине бар. Ол – қағазбастылық.

Әр қимыл, ір қозғалыс тіпті жекпе-жекте кездескен батырлар мен нояндардың арбасуы, бір-бірін бақылауы бәрін қаз-қалпында қағаз бетіне түсіруге тура келеді. Бірақ бұл сала әлі бірізділеніп қазақы сипатта жүйеленбеген. Менің магистратуралық білім алуымның өзі осы бір кенже қалған мамандықты қазақыландыру, деректі түрде дәлелдемелер мен дәрістік дағдыға түсіру еді. Міне, сол мақсат-мүддеге жетуге жақын қалдым деп білемін. Қазір баспа бетіне ұсынып, университет тарапынан басылым күтіп отырған оқулық кітаптарымда осы сала түгелге дерлік қамтылып, жік-жігімен жүйеленіп тұр. Барлық орысша терминдерді қазақтың ұл-қыздарының ұғымына сай қазақшаға аударып, бағзыдан бар, кейін келе қолданыстан қалған сөздерді жаңғыртуға тырыстым. Мәселен, «шынтақ алмасып ұру», «қадамдық шабуыл», «құлаштап соғу», «тоқинек алу» - сияқты сахналық қолданыс пен төбелестегі қимылдарды жасалу тәртібінен бастап маңыздылығына дейін жинақтап қойдым. 

                                            90b076e20276b59e5d51f898398abe58.jpg


Негізгі мамандығым сахна сайысы болғандықтан «Қазақтың қырық қаруы» деген танымдық сценарий жазу үстіндемін. Осының алдында «Қазақтың бес қаруы» деген сценарий жазып оны түсірген едім. Шыны керек бұл сала үшін қағазбастылық қажетсіз-ақ.

- Қазіргі қазақ киносына ойыссақ. Шірене садақ тартқан, жұлқып найза иірген, қасқайып қылыш сілтеген батырлық бейнелерді экраннан анда-санда бір көретініміз рас. Жалпы қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен ел қорғаған батырларымызды дәріптеу неге кемшін?

- Оның рас. Біздің көршілес Ресейдің өзі боевик жанрындағы фильмдердің сұранысқа өте ие екендігін түсінгені соншалық ,жылына 300-ге жуық фильм түсіреді. Біздің Қазақстанда да сондай фильмдер түсіруге қаржы табылады. Бірақ қолдау аз. Түсірілмейді емес, түсірілуде. Бірақ солардың дені тұрмыстық тақырыптағы, тізесі шыққан түрік сериалдары сияқты кілең жылап-сықтаудан тұратын дүниелер. Мұның аяғы неге әкеліп соғуда? Әрине суицидке, қыз зорлауға, әке-шешеге қол көтеруге, түсік тастауға жетелеуде. Ал, осындай рухыңды оятар, ғұрыпыңды тірілтер, намысыңа қамшы ұрар қазақы болмыстағы фильмдер ерді еркекше, ұлды ұлықша тәрбиелер еді ғой. Өзіңіз ойлаңызшы, тек қолындағы қылышынан-ақ иесінің төре тұқымы, би баласы, батыр ұрпағы екендігін бірден танып отыратын тектілікті жаңғыртсақ, әрі мұны экраннан көріп көзайым болсақ, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғаны осы емеспе. Бірақ, саусақпен санарлық фильмдермен қай жыртығымызды жамаймыз.

- «Тектілік» ұғымы сөзімізге тұздық болсын. Сол текті тұлғаны, батырлық болмысты неге қазіргі қоғамға көрсетпеске? Мәселен, неге қазақ азаматы саптама етікпен, кісе белдікпен, түлкі тымақпен жүрмеске?

- Жөнді қолқа. Менің де қарыным ашатыны осы. Біздің киініп жүрген киіміміздің бәрі синтетика, химикат. Сіз айтқандай киініп жүрген адамдар бар. Сырт пошымынан-ақ қазақылықты көріп дән риза боласың. Солардан өзгеміз түгел қазақ емес Еуропаның Қазақстанда жүрген бір-бір елшілері сияқтымыз. Мен қазақша киінген  кісілерден баяғы сал-серілерге, арқалы ақындарға, төрде төрелік айтқан би-шешендерге тән сипатты көрем. Ал, мен батырларша, балуандарша, мергендерше киінгім келеді. Ойлаңызшы, иығыма ақ қасқырдың терісінен жамылғы жауып, басыма ақ қарсақтан құйырығы бұлаңдаған тымақ кисем, саусақтарымды күміске толтырып, қос шынтағыма қорғасын қаптаған шынтаққап тақсам сонда ғана менің сипатым ашылар ма еді. Бұның бәрі тегін емес, кешегі қазақ неге бір ұрғанда жылқының бүйірін тесіп, бір қолына бір атанның күшін теңгерген? Енді өзіңіз ойлаңыз, жаңағы салалы саусақтары күміске толса, шынтақтағы қолқабы қорғасыннан құйылған салмақты болса, әрі сол ауырлықты күні-бойы көтеріп жүрген қол әрине шыныққан, шымыр, бұлшық еттері бекіген болмағанда қайтсін.

                                               9c5a2f3553f8b83af3679d60faef05f7.jpg


Амал нешік, ондай киімді тіккен былай тұрсын, қылыш соғар, қазақы қару-жарақ жасайтын ұсталар да сирексіген заман. Мылтықты мықты санағанмен, қазақтың қайқыбас қылышы кез-келгенді ез етіп, қарсы шыққанның басын қақ айырмап па еді. Қайқы қылыш жасаудың өзі әу баста біздің қазақтан тараған. Қанша градусқа дейін балқытатыны, қандай қоспа қосылу керектігі, тіпті рецептісіне дейін жасалу тәртібі бізден басталған. Қайқы қылыштың жүзі ұстараның жүзіндей жіңішке, беріктігі болаттай мықты болған. Амал нешік, қазіргі қылыш деп жүргеніміз бутафория ғой. Әйтпесе, анау самурайдың семсері, ағылшындардың шпагасы, римдіктердің крест қылышы біздің қазақы қылыштардың жанында жәй ойыншық ғой. Бірақ біз барды жоқ етіп, өзгенің таңсығын зор етіп отырмыз.

- Ал, енді театрға келсек. Біз тарихи тақырыптағы қойылымдарды көруге барып, көңіліміз ортайып қайтатыны рас. Мәселен; сахнадағы Абылай ханнан, Кенесарыдан, Наурызбайдан тұлғалық ірілікті көрсек те, атына заты сай соғыс тактикасын, яғни найзаласу, қылыштасу, шоқпарласу, қамшыгерлік сияқты шеберлікті көре алмай әттең-аймен үйге кететініміз ақиқат. Бұның себебі не?

- Бірер жылдар бұрын өңірлік театрлар арнайы шақыртып, келісімшарт жасасып соғыс сахналарын, жекпе-жек алаңдарын қойғызып алатын. Бірақ, соңғы уақытта мынандай бір жымысқы келісім пайда болды. Театрдағы суретші, режиссер, костюмер сияқты бір топ шағармашылық топ бірлесе отырып есептеп, қолда бар дүниемен қорытынды жасауды тапты. Мәселен осындай соғыс сахналарын жарық, музыка сияқты эффектілермен бере салып көрпесіне қарай көсілетінді шығарды. Сайып келгенде, мұның соңы жеңілдің астын, ауырдың үстін пана ететін қуақы тірлікке алып келуде. Және бізді шақырмауының бірнеше себептері бар.

                         d797d689a07412d8dbe251d2c6cb7201.jpg


Біріншіден, найзаласу, қылыштасу өнері – тез игеріп кететін оңай дүние емес. Бұл – суық қару. Мұны игеру үшін де уақыт керек. Ал, қазіргі театрлар екі-үш аптаның ішінде бір спектакль жасап шығып дағдыланып қалған. Өзі шала-шарпы бір қайнауы ішіндегі спектакльге кәсіби найзаласуды қайдан үйретіп үлгересің. Олар қысқа мерзімде мәтінді сіңіре ме, әлде сахна сайысын ба? Біріншісі осы.

Ал, екіншісі біздің жатын орын, жүріп-тұруымызды кім көтермек. О баста есептеген кезде тіркелмеген ақшаны кім қалтасынан шығарып берсін? Міне, мұның себептері осы. Айналып келгенде әр театр өз қотырын өзі қасып, өз қазандығында өзі қайнап жатқандығының көрінісі.

- Адамның бойында жоқ дүние көрер көзге, естір құлаққа бірден шалынатынын білерсіз. Айтпағым, кейбір театрлар тарихи тақырыптағы, жыраулық стильде жазылған, қазақы бай әдебиетке суарылған спектакьлдерді сахналап жатады. Бірақ, артистер ол сөздерді бұрын естіп, күнделікті қолданып жүрмегендіктен, табиғатына сай келмейтін, аузындағы сөзі мен ісі ұштаспайтын алшақтықты жиі байқаймыз. Мәселен тұтығу, мәтіннен жаңылу, жаттанды түрде жеткізу деген сияқты. Ал, артистер күнделікті қылыш, найза ұстап жүрмегесін, бұл құралдар сахнада жат көрінбей ме? Қанша уақытта жанына серік етіп, құралға қаншалықты көндігеді?

Бірде Жұмат Шанин кезекті қойылым жоспарын кем дегенде қырық күннен кейін дайын болатындығын айтыпты. Отырғандардың бірі:  «Несіне созасың? Қырық күн көп емес пе?» - деген, екен. Сонда Ж.Шанин: «Адамның бойындағы қан да, арам ниет те қырық күннен кейін барып тазарады. Дәл сол сияқты артистер де кейіпкер тағдырына қырық күн бойы бейімделіп, жүріс-тұрысын, мінез-құлқын әдетке айналдырады емес пе!» - депті.  Сол, сияқты, біздің құрал-жабдықтарға да бір айлық уақыт қажет. Мәселен «отыз күн ораза» тұтамыз. Неге? Байқасаңыз алғашқы төрт-бес күннен кейін аштыққа төзіп, тіпті күнделікті әдетіңе айнала бастайды. Дәл, солай бастапқыда икемге келмеген қару-жарақтар отыз күннің ішінде ырқыңа көніп, сенің қол аяғың сияқты жұмыс жасайтын болады.

Айтпасқа шараң жоқ. Біз қазір қазақтың қамшысын, кездігін, қылышын, шоқпарын тек мұражайдан көретін болдық. Бұрын қалай еді. Баланы бес жасынан бастап батырлыққа баулып, он жасынан оқ жондырып, он үшінде отбасын құрғызған. Әкесі ұлына қақпан құруды, қамшы өруді, ат арқандауды, асау үйретуді, атқа шабуды, садақ тартуды, найза сілтеуді үйреткен. Біз ше? Қамшы өргізген былай тұрсын, қолда барды мұражайға тапсырып, әлемнің алғашқы архитектурасы «киіз үйімізді» керексіз деп таптық. Бірақ мен қолымнан келер көмегім болсын, ұрпағыма деген ұлттық ұғымның қалыптасуына септігі тисін деп сол құндылықты басқаша жаңғырттым. Қызыма шаңырақты киіз үй пішіндес бесік жасадым. Астында әткеншегі бар, шаңырақтан үкі салақтап тұр. Міне бұл менің ұрпағыма деген ұлттық болмысты бесіктен сіңіруге талпынған әкелік парасатым.

                                    5567490f5545e3c7ef2d91cf8759d7e0.jpg


- Актерлік мамандық бар. Бұл мамандық бойынша актер болып жүргендер көп, ал түгел Қазақстан бойынша Нұржан Садыбекұлы екеуіңізден басқа «сахна сайысы, сахна қимылын» жетік білетін бірде-бір адам жоқ. Соған қарағанда арнайы «сахна сайысының шебері» деген мамандық қажет сияқты ғой. Әлде, ондай мамандық бар ма?

- Иә, оның рас. Түгел Қазақстан бойынша Нұржан екеуіміз ғана. Өкінішке орай бұндай мамандық жоқ. Егер мұндай мамандық ашылатын болса қазақ театры мен кино саласы тез арада қарқынды түрде дамып кетер еді. Ұстазымыз Тұрарбек Айтқожановтың аманатын орындаған болар едік. Ұстаз аманатын кейінгіге табыстап, осы саланы жеке-дара ғылым етіп, соңымыздан бір топ жастар қалдырсақ еш арманым болмас еді. Амал қанша жас та ұлғайып 40-қа жақын, мүмкіндік те кеміп келе жатқан жайы бар. Тым болмаса бакалаврлық білім үйретейік, осы саланың негізін қалайық десек, РнD докторлық дәреже керек екен. Ал, оған жету үшін ғылыми саланы қаузау қажет. Бір сөзбен бәрі бір жапырақ қағазға тіреліп отыр. Сол, қағазға жеткенше солып қалмасақ болғаны.

Әйтпесе, қару сілтеудің өзі бір мектеп болса оны жасаудың өзі бір мектеп. Мәселен, мен ағаш таңдаймын, ағаш тани білемін. Оның өзі таным мен зерттеуден келген. Әрі, өзім жасаған шопқарларым, кездіктерім, пышақтарым, бәкілерім, арқар мүйізінен жасаған садағым, қайқы және тік қылыштарым, отыз екі, он алты өрімді қамшыларым бар. Көрген адамдар атай қалап сұрап жатады. Бір сөзбен бойдағы өнерді мұра етпек арманым бар. Артыма атымды қалдыру, атақ-мансап жинау емес атам-заманғы ерлік дәстүрді жаңғыртсам деймін. Ал, қауіпсіздік ережесі, қаруды сезіну мен сілтеу ерекшелігі тіптен бөлек әңгіме. Тіптен бөлек мамандық.

- Ел іргесіне жау тисе еркек кіндіктіміз қорғанысқа шығарымыз сөзсіз. Сондықтан бұл кәсіптің қоғамдағы ролін биіктету ауадай қажет сыңайлы. Бұны тек актерлік бағытта емес басқаша уағыздаудың жолы жоқ па?

- Қазір қалалық мектептердегі 10-11 сынып оқушыларына үйретіп жатқан жайым бар. Мүмкін, солардың ішінен ізбасар тауып алармын. Ал, сұрағыңа келсек, мен қазақтың қырық түрлі қаруын еркін меңгергем, және түгел Қазақстан бойынша тек екі адам болсақ, соның бірі екенімді еш жасырмаймын. Бірақ, біз мынаны білуіміз керек. Ежелден қазақ халықы бұл қару игеруді соғыс тәсілі демеген, «найзаласу өнері», «шоқпарласу өнер», «қылыштасу өнері» деп қарастырған. Сондықтан баскесерлік пен содырлықты емес, сұлу өнерді меңгеруді және насихаттауды парыз көрем.

Осы орайда Қазақстан Республикасының қазіргі Қорғаныс министрі Сәкен Әділханұлы Жасұзақовқа өтінішім бар. Егер мүмкіндік болса, Қазақстан Қарулы Күштеріне қазақтың қырық түрлі қаруының шығу тарихы, игерілу шеберлігі жөнінде дәріс оқысам және, шеберлік сабағын көрсетсем деймін. Өйткені мені, Қазақстан азаматы ретінде жыл сайын мемлекеттік шерулерде мылтықтармен жасалатын тізесі шыққан жаттығулар мезі қылып бітті. Бұлар заманауи қуатты отқарулар. Бірақ біздің байырғы дәстүріміз де бар емес пе? Бізге неге сол алаңдарда қазақтың қылышымен, шоқпарымен, күрзісімен, найзасымен, қамшысымен өнер көрсетпеске. Неге біз өзгенің таңсығын ту етеміз. Міне, менің ішімде осындай бір ниет бар. Сонда ғана біз бес қаруы сай болған, қырық қарудың тілін білетін қорғанысты мемлекетке айналмақпыз.

- Қазір Астанада үйсіз, баспанасыз жүргеніңізді білемін. Өнер саласында өз пікіріңіз бар, өз орыныңызды тапқан жансыз. Сөйте тұра көшіп-қонып, квартирант боп, әлі күнге жатақхана сағалап жүрсіз. Сөз соңында айтарыңыз бар ма?!

- Мен, үйсізбін деп қамықпан. Үй берілер, бәлкім берілмес. Демек еңбегімнің әлі сіңбегені, немесе бағаланбағаны. Менің қабырғамды сөгетін «үй» емес, ол – АМАНАТ! 

                                       94c23dadfc79f0cb3bf878be8a41a6e3.jpg


Салыстырмалы түрде айта кетейін. Мен 3000 метр Іле Алатауы шыңын, «28 Панфиловшылар дивизиясына арналған» 3800 метрлік биіктігін, 4017 метр «Абай шыңын», 4228 метр «Президент шыңын» бағындырдым. Алда 5000-7000 метр биіктіктерді бағындырсам деген ниет бар. Дәл сондай құштарлық, ішкі бір арман ниетім бұл ҰСТАЗЫМНЫҢ АМАНАТЫН өтеу. Тым болмаса ұлымды ізбасар ету. Себебі, дәстүр сабақтастығы құрып бара жатқандай.

Автор: Қазақстан бойынша таңдаулы екеудің бірі бола тұра баспанаға жарымай жүргені шынымен де ұят-ақ. Әсіресе шығармашылық адам үшін үй-жайдың шешілмеуі көп іске қолбайлау болатыны сөзсіз.

Ал, Жалынбек Аханның айтқан өтінішін тек қазіргі ҚР Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов мырзаға ғана емес, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеуханға, елжанды азамат, ҚР экс-Қорғаныс министрі, ұлттық рух десе селқос қарамайтын Иманғали Тасмағамбетов мырзаға да құлаққағыс еткен жөн-ау. Аталмыш ұлттық көрсетілімді 9 мамырда көрсете алмасақ та жыл сайын ұлттық рухты ояту үшін маусым айында 1730 жылығы мамыр, маусым айларында болған  Аңырақай шайқасындағы жеңіс үшін немесе жаз айларының бірінде 1643 жылы жазда өткен Орбұлақ шайқасының құрметіне өткізсе қандай тамаша болар еді. Іздестіре берсек салтанат құрып, бабаларымызды ұлықтайтын айтулы күндер жетіп артылады. Бастысы билік жақтан қолдау болса болғаны...

Біз «Джип» пен «Хаммер» мініп намысымызды оята алмаспыз. Керісінше тоғышарлығымыз, дүниеқоңыздығымыз оянар. Ал, біздің НАМЫС атқа мінгенде ғана тірілмек, мәңгілікке оянбақ. Ат үстіндегі ағаларға айтарымыз осы. Бәлкім біздің қолдан келмеген іс сіздің қолдан келер!...

Сұхбаттасқан: ҚазҰӨУ-нің

«Театртану»

мамандығының 4 курс студенті

Әбділ Нұрислам



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар