Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
«ҚОРҒАНСЫЗДЫҢ КҮНІ» ӘҢГІМЕСІНІҢ ПОЭТИКАСЫ...

30.05.2017 19935

«ҚОРҒАНСЫЗДЫҢ КҮНІ» ӘҢГІМЕСІНІҢ ПОЭТИКАСЫ

«ҚОРҒАНСЫЗДЫҢ КҮНІ» ӘҢГІМЕСІНІҢ ПОЭТИКАСЫ - adebiportal.kz

Түйіндеме: Бұл мақалада М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесіндегі табиғат, адам, қоғам тұтастығының көрінісі сөз болады. Әңгімедегі ой ағысы, мифологиялық тарихилық шегініс себебі,символикалық мән, психологиялық параллелизм көріністері, автор образының поэтикасы талданады. Шығармадағы ашық монологтың ұзақтығы және диалогтың жоқтығы түсіндіріледі. Ұлттық танымды санадан ысыру, ар мен намысты таптау күрескерлік идеяға әкелетінін автордың емеурінмен білдіретіні зерделенеді. Мақалада әлеуметтік орта қорғансыз еткен жандардың жан әлемін бейнелеуде Әуезовтің ұлттық шеңберден асып, жалпы адамзаттық болмысты іздеуге барғаны айтылады.

Кілт сөздер: Адам психологиясы, ой ағысы, монолог, боран, аруақ, автор баяндауы, әділетсіздік, қорғансыз, модернистік,қоғамды билеушілер.

М.Әуезов әңгімелері – адам рухын, адам психологиясының шексіз әлемін ақтару арқылы заман мен орта, ұлт және мемлекет ара қатынасындағы құбылысты мейлінше сезімталдықпен бедерлеген дүниелер.

Жазушының «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесі көркем өнердегі дәстүрлі үрдістің бірі - пейзажды суреттеумен басталады. Қалаға қатынасатын көңілсіз қара жолдағы Арқалық тауы «Не бауыры, не сыртында ықтыртын жоқ ысқаяқ. Арқалық жадағай, жалғыз қабат болған соң, қыс күнінде жел терісінен соқса да, оңынан соқса да паналығы жоқ, азынап тұрады». [ 1. 67]. Табиғаттың жұпыны көрінісін суреттеу арқылы автор көңілсіз тыныc-тіршіліктің беймәлім сырына бастағандай болады. Бұл жерді мекен ететін адамдар әрекетінде де шектеулілік, дәрменсіздік бар. «Ерте күннен аталарының қонысы болғандықтан және басқа ірге аударарлық жайлы жері жоқтықтан, «құдайына жылап» отыра беретін» кедейлердің күйі - сорлылық күйі.

Автор басынан табиғат, адам, қоғам тұтастығын қамти қозғайды. Осы тұста әңгіме өзегіне енгізген Күшікбай батыр туралы аңыздың да шығарма идеясын ашуда үлесі бар. Жол бойындағы биіктің бірінде «тастан үйген оба секілді жалғыз мола Күшікбайдікі. Кезең де сол себепті Күшікбай атымен аталған. Бар жоғы жиырма бір жасында дүние салған Күшікбай ерте күннен жортуылға аттанып, уақтың көп батырларының арасында бұғанасы қатпағандығына қарамай, талай қиын-қыстауда ақыл тауып, қажымай қайрат, ерлік көрсеткен. Осындай өнерінің арқасында ерте күннен батыр атын алған екен».[1. 68]. Осылай шырағы жанып тұрған батырға шешек шыққанын пайдаланып, бұрыннан тісін басып жүрген өз руласы «жанын ауыртпақ болып, белдеуде байлаулы тұрған қызыл бесті деген атын тал түсте тартып алып кетіпті».[1.69].

Аурумен алысып жатып, «жалаңаш етіне бір шекпенді кие салып, жауының артынан қуып барған Күшікбайды елдің ішіндегі басты адамдары «уақтың баласы бірін-бірі өлтіріп арандатпасын» деп, ат-шапан айыбымен қайтарады. Ауруы меңдеген Күшікбай еліне қайтар жолда қайтыс болады. Мұратына жетпей жастай өмірден өткен Күшікбай өліміне кінәлі сырттан келген жау емес, өз іші. Өзін-өзі мұқатқан ел ішінің дүмбілездігі, парықсыз пендешілік Күшікбай батыр өліміне себепші.

Автор өткен өмірдің қатесі кейінгіге сабақ екеніне дүдәмәл көңілмен Күшікбай туралы ел есінде сақталған әңгімені күні бұрын баяндайды. Осы ыза мен намыстың, мұң мен наланың мекені «Күшікбайдан асатын қара жолдың үстінде Арқалықты бетіне алып, қала жақтан бір пар атты келе жатыр». [1.70]. «Қара жолда», «қала жақта» астарлы символ бар. Автор шанадағы жолаушылардың пішіні мен мінезін астастыра суреттейді.

Оларға да қаңтардың қытымыр аязы мен долы бораны пана іздетеді.Жол үстіндегі Ақанның ойы мен оның түнгі жүрісіне ыңғайлы Қалтай қылығы көңілге секем ұялатады.

Әуелде «Кісі отырарлық жері де бар деймісің» деп Қалтай ат басын бұрған үйді қорашсызданған Ақан, серігі «үндеме, неге әкелгенімді кейін білерсің» деген соң «үйге кіруге асыға бастаған». Қараңғылықта қараңғы үйге қара ниет кірді.

Автор үй ішін, сыр сипатын, бар мүлік заттың болмысын, жүдеу тұрмысын көңілсіз реңге рең қоса сипаттағаннан кейін, үй иелерінің кескін-келбетін береді: «Бұл үйдің барлық жаны - үш-ақ әйел. Пештің жанында біріне-бірі тығылып, бүрсиіп отыр. Әйелдердің біреуі - сексеннен асқан, кәрілігі әбден жеткен кемпір, екіншісі қырықтың шамасындағы әйел, үшіншісі он үш жастағы қыз»[1.73]. ... Бір-біріне сүйеу болып отырған үш буын өкілінің уайым-қайғысы ортақ болса да, сыртқы сипатында өзгешелік бар. Басқа түскен қайғыны жан сарайымен сезінген кәрі кеуде кемпірдің «бетінде ерекше бір қайрат білінеді», «кішкене өткір көздері қажыған салқын жанармен жалтылдайды», «келіннің пішінінде не жақсылығына, не жаманшылығына айғақ болған орасан белгі жоқ», «бөтен бір жаттық бар», жас қыздың «қара көзінде және ылғи шытынған, кірбіңдеген қабағында қалың уайымның салған ізі бар. Пішіні мұңды, жүдеу. Жас басына орнаған қайғы, жүрегін жеген дерт сыртына шығып тұр».[1.74].

Автор: «Бұл баланың уайымы не?» деген сұрақпен оқырманды Ғазизаның ішкі сырына жетелейді: «Уайымы - осы үйдегі үш әйелге ортақ болған жесірлік, жетімдік. Бұлардың басынан тағдыр дауылы жаңадан ғана соғып өткен. Қораның алдындағы жас бейіттер сол дауылдың салдарынан туған. Бұл әйелдердің қуаныш-қызығы да, үміт-қорғаны да сол суық қабірге өліктермен бірге көмілген. Ол қабірде жатқан - Ғазизаның әкесі Жақып және жаны туысқан жалғыз кішкене бауыры - Мұқаш... Бұрын әкесі тартатын ауыртпалықтың бәрі бұл күнде Ғазизаның өз басына түскен. Еркек істейтін шаруаның бәрін өзі істейтін болып, әлі келгенше үйін ұстап тұрған - өзі. Соңғы аз уақыттан бері бұл қызметінің үстіне, тағы үй ішіндегі бар жұмыс масыл болып мойнына мінді. Бұрын тыстағы шаруасына да көмегі тиіп, үйдегі барлық шаруаны жайлап отырған шешесі жиырма күннен бері көзінен айрылып, соқыр болды» [1.75]. Ғазиза дүниенің ақ-қарасын, тіршілік мәнісін жете ұғынбаса да, басқа түскен жағдайды сезіммен қабылдап, уайым соңында жүрген жан. Кәрі кемпірдің де, оның суқараңғы келінінің де, жас немересінің де жан жаралары жаңа, олар жетімсіреген өмірге тосырқай қарайды. Ғазиза өткен күндерін сағына еске алса, кемпір «ол күн де бір дәурен екен ғой» деп үнсіз жылаумен елестетеді.

Қыршынынан қиылған ет жақындарының қайғысы еңселерін езіп, болашақтары бұлыңғырланған әйелдердің үйіне Ақан мен Қалтай кіргенде, үшеуі бірдей: «бұ кім?» десіп есікке қарасуы - ендігі жерде бір-бірінің тағдырына деген жауапкершілікті сезінуді, сырттан келер жаулықтан сескенуді аңғартады. Келген құдайы қонақтарға дәстүр бойынша ақжаулық жайылады, келгендер де қайғылы жандарға көңіл айтады. Үйдің қазіргі қожасы кемпірдің уайымнан сәл босағандай боп әңгімеге ерік беруіне себепші де осы беймезгіл жолаушылар. Үйдің жай-күйі, бұрынғы өткен өмірлері кемпірдің әңгімесі арқылы беріледі. Ой ағысына ерік беріп, өткен күндерді еске түсіру нәтижесінде сол өңірдің тыныс-тіршілігі, туыстық қарым-қатынас, кемпірдің баласы мен немересінің аурудан іркес-тіркес қайтыс болуы, онан кейінгі көрген күндері лек-легімен ақтарылады. «Кемпір, қонағы — бір елдің болысы болған соң, оның үстіне сөзінің салмағы бар жуан ауылдың баласы болған соң, екінші әрлі-берлі, өткенде бірде болмаса бірде сөзім, ісім түсер деп, өзінің баласы өлгеннен бергі жайын білдіріп қоюды ойлады». Автор сөз тізгінін әңгімеші кемпірге ұстатады, ол ешкім сұрақ қоймаса да, үй иелерінің тауқыметін тыңдар құлақтың пейіл ықыласымен санаспай-ақ қалтқысыз баяндайды. Әңгімеде тағдыр жолы бұралаң бір үйлі жанның басындағы тауқымет сыршылдықпен беріледі. Өмір естелігін қорытып, өзінің де өзгенің де ісін саралайтын, жан тебірентер тағдыр иесінің психологиялық монологының астарында көп дүние бар.

Б.Майтанов «Қорғансыздың күнін» модернистік ыңғайдағы шығарма дей келіп: «Оған алдымен ұлттық прозада мұндай көрініс бермеген хронотоп құбылысының терең де күрделі қатпарлары, мезгіл мен мекеннің уақытшылық, тұрақтылық, мифологиялық, тарихилық, айналмалық, түзу сипаттылық, секірмелік қасиеттері, пейзаж бен жекелеген әрекеттердің символикалық мәні, семиологиялық егіздеулер, автор образы поэтикасының икемділігі мен алуан өрістілігі, шындықты көру нүктелерінің кеңдігі мен әртараптылығы куәгерлік етеді» дейді.[2.34].

«Ылғи ұрғашы үй болып отыра алмайды, дүниесін бөліп аламыз» деген суық сөз жүргізгендерге назалы қария баласы тірі күндерді өкіне еске ала отырып, тірек-сүйенішінің кім болғанынан да хабардар етеді, «сол тірі болса, маңына келе алар ма еді? Бәрінің де... боғын жуып, жақсысын асырып, жаманын жасырып, адам секілді ғылып, осы ауылды адам қатарына қосқан сол емес пе еді. Жоқтығына қарамай үйін - базар, түзін – той ғылып, думан ғылып отырудан босаушы ма еді. Момындығы, биязы сыпайылығы қандай еді, топырағың торқа болғыр, қарағым!

Мына жамандардың ішінде оның тырнағына татитыны бар ма?»[1,79] деп баласының ірілік шеруін айта келіп, оқиға өрімін «Жақыбым осы жолы ауырғанда – солардың кеселінен ауырған жоқ па?» деп басқа арнаға бұрады. Кемпір қайнысының баласы Дүйсенді «мылжың» деп қосымша атап, жаратпайтын кейпін танытып отырады. Қазақ ділінде жоқ дағды келген қонақты: «Мылжың: тамағым жоқ, жатқызатын жерім жоқ деп, түн ішінде, боранда қуып жіберген», осы тоңмойын әрекетінің өтемі айналасына да салмақ болады. «...екі сөздің бірінде : «шауып алам, айып алам!» деп тұратын. Өктем елдің баласы бұл қорлыққа шыдасын ба? «Өлмесең - өрем қап» деп далаға тентіретіп жіберген соң, сол түнде келіп, қорасын талқан қылып жарып, төрт-бес семіз қойын, малға мініп жүрген екі атын алып кеткен ұрылардың малын» қайтаруға Жақыпты салады. Жақып сол жолда суық тиіп, оңалмастай дертке шалдығады. Қазақ қоғамындағы өмір шындығы мейлінше қанықтықпен баяндалады. Несібесін саудамен тауып жүрген Жақып қапыда қайтыс болғаннан кейін, жұрттан аласысын алу да, бересісін беру де панасыз жандарға қиындық тудырды. Өзім білділік танытқан туысқандарының үш қараның сомасындай борыш үшін Ғазизаны қатыны өлген Мәрденге беруді ұйғаруы, жетім көңілді әйелдер мұңына мұң қосады.

Кемпір әңгімесінен сол тұстағы заман келбеті елестейді. Келген екі жолаушының да қазақ қоғамындағы мұңға көзқарасын автор білдіргісі келгендей. Бірақ әңгімеге құлақ қойғансып отырған Ақан мен Қалтайдың сезім күйі басқа әлемде екеніні де автор бақылауынан тыс қалмайды. «Кемпірдің сөзін жалықпай тыңдап отырса да, Ғазизаға қарай қалған пішіндерінде көңілдегі бір алаңдық пен іштеріне жасырынған жат ойдың белгісі көрініп тұр» .[ 1.81].

Кемпір «Менің үйім - осы ауылдың үлкен үйі» деп өктем сөзінің ретін түсіндіргендей болады, торығу мен ауыр тұрмыс мұңына қайратты қарсылық көрсетіп, келіні мен немересінің рухын жықпауды ұстанғанын сездіреді.

Ғазизаның қамын ойлап қиналған кемпірдің «Кешегі баламнан қалған жалғыз көзім - бұл жылаған соң, қуарған қу өмірдің не бағасы бар? Сол сөзді айтқызып отырған сұмдарды қарғадым, ұрыстым. Одан басқа біздің қолымызда не тұр?» деуі тағдыр үкіміне налып, шырғалаңнан шығар жолдың көмескілігін мойындаған жанның сөзі.

Кемпір әңгімесіндегі ой өрілімінің ащыраңқылығы, ішкі толғаныстың көптігін білдіреді. Ашық монологта адам болмысындағы дүниеқоңыздықтың аяу, мүсіркеу білмейтіні, дүние жолына түскендердің кешегі ізгі істі ұмытып, өмір қисынында арамдық пен аярлықтың не бір түрін шығарып, айналасына тоңмойын пейіл танытқаны негізгі арқау болған.

Кейуана әңгімесінің айтылу барысы имандылық ілімінің өлшемін санаға сіңіруде, табиғатына дарытуда кемтар, дүние құлы болғандардың ар алдындағы айыптарын салмақтауға жетелейді. Монологты баяндаушының жан жарасының ащы қасіреті, ішкі арпалыс психологиясы бірден сезіледі. Әңгімеден құса көңілдің зары естілді. Бірақ бұл зар сырттан келгендердің жанын суытып, шошындырмады. «Сезімді адамның жүрегін шаныштырып тіксіндіретін, жұртты мінезінен жирендіретін, түңілтетін көрнеу жауыздықтар, ауыр халдер Ақанға көп әсер бере қойған жоқ». [1.83].

Кемпірдің әңгімесі Ақанға «Оқып кеткен сабағы секілді болды», «Сезімсіз салқын қалпына» түсті, өзгенің қасіреті «сезіміне сенбейтін» оның «осыған жанашырлық-ау» деп еркінен тыс сілкінісін, ішкі мені жатырқады, ниеті жеңді. Сезімі жоқ пасық Ақанның болмысын автор танығанымен, үй иелері жете танымай отыр. Автор адамдар тағдырына немқұрайлы қарайтын Ақан мізбақпастығын суреттеу арқылы оқырманға болашақ істелер жауыздықты сездіреді. Арам пиғылды тасбауыр Ақан мен Қалтайдың жүректеріне ащы зар жеткен жоқ, уылжыған қорғансыз Ғазиза жан түршігер зымияндықтың құрбаны болды. Жылтыр жымысқылық дегеніне жетті.

«Жүрегіне ар-ұят та, жігер-намыс та бірге өскен» Ғазиза санасының соңғы қалауы: «әкесі мен бауырының бейіттеріне барып, екеуінің арасында отырып зарлау! Дүниеде жетім болып, жалғыз қалғандағы басынан кешірген қасіретін шығару, азабын, дертін айту!»[1.87].

Суық қолмен істелген зұлымдықтан қорланған Ғазиза жанының зарын өкіріп соққан жел ғана естіп, зар ақ түтек боран гуіліне үндесіп кетті. Аруақты тірі дейтін ежелгі қазақи ұғым бойынша, Ғазиза пананы аруақтардан іздеп, молаға барды. Ғазизаның өлімге бел шешуінің әлеуметтік-психологиялық дәлелі, автор баяндауынан да, кемпір әңгімесінің өзегінен де сезіледі.

«Қорғансыздың күнінде» арамдықпен жасалған зұлымдық-жауыздықтың жиіркенішті суреті жеріне жеткізіле көрсетілген.

Әңгімедегі оқиға ағымы қорғансыздың күні қашанда қорғансыз, олар қашанда әділетсіздік пен озбырлық құрбаны деген ойға жетелейді. Қорғансыздың көретін күні - аянышты тіршілік. Әңгіме аты да осындай идеялық ойды меңзейді. Ғазизаға жасалған қаскөйлік сонау Күшікбай өлімінің тақсыретін тартушылықтың бір парасы, Күшікбай заманынан қорғансыз қалған ел қалың қатпарлы кесел-қырсықтан көз ашпаған. Көшбасшыдан көзжазған елдің есесі кетіп езілетіні, қала жақтан қара жолмен келген «жауыздықтың қолында бір ойыншық» болатынын тұспалдау бар, әңгіме мәнісін де осы тұстан іздеу керек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы.1-т., - Алматы: Жазушы. 1979.-454.

2. Майтанов Б. Мұхтар Әуезов және болмысты сезіну мен саралау.

/М.О.Әуезовтің көркемдік дүниетанымдық ізденістері (1920-30 жылдар) – Алматы: М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты. 2006. -304.

Аннотация: В настоящей статье речь идет об отражении единства природы, человека и общества в рассказе М.Ауэзова «Сиротская доля». Подвергаются анализу поток сознания, причины историко-мифологических отступлений, символика, психологический параллелизм, поэтика образа автора. Рассматриваются вопросы продолжительности открытого монолога и отсутствия диалога в произведении. Вытеснение национального самосознания, подмена чести и совести могут привести к гораздо более серьезным последствиям – таково завуалированное отношение автора к изображаемому. Подчеркивается, что писатель придает большое значение изображению внутреннего мира своих героев.

Ключевые слова: психология человека, поток сознания, монолог, метель, духи святых, авторское изложение, несправедливость, сирота, модернистский, правящие круги.

Abstrakt: The present article is a question of reflection of unity of the nature, the person and society in the M. Auezov ‘s story "The orphan share". The stream of consciousness, the reason of historical and mythological retreats, symbolics, psychological overlapping, poetics of an image of the author are exposed to the analysis. Questions of duration of an open monologue and lack of dialogue in work are considered. Replacement of national consciousness, substitution of honor and conscience can lead to much more serious consequences – such is the veiled relation of the author to represented. It is emphasized that the writer attaches great value to the image of an inner world of the heroes.

Keywords: psychology of the person, consciousness stream, monologue, blizzard, spirits sacred, author's statement, injustice, orphan, modernist, ruling circles.

Н.М. Рахманова

ф.ғ.к.,проф.м.а.,Алматы университеті

Алматы, Қазақстан

55rnm@mail.ru


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар