Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Көркем образды танудағы әсемдік категориясының орн...

05.07.2022 3608

Көркем образды танудағы әсемдік категориясының орны 12+

Көркем образды танудағы әсемдік категориясының орны - adebiportal.kz

Осы заманғы өнер және классикалық эстетика зерттеушілерінің іргелі зерттеу еңбектерін басшылыққа ала отырып байыптағанымыз, өзара тығыз байланысқан өнер туындылары мен көркем шығармашылық дүниесінің негізгі, маңызды деген үш аспектісін ажыратамыз. Олар көркем шығармашылықтың өн боынан табылатын: эстетикалық, танымдық, бақылаушылық (авторлық субьективтілік аспектісі) аясы (сферасы), аспектілері.

Біздің білетініміз: өнер туындыларының қалай дегенмен де ең басты қасиеті эстетикалық құрылысқа жататыны. Оның шеңбер аясына эстетикалық ыңғайда қабылданып, қорытылатын, адамдар болмысының шығармашышылық ынта, қабілетімен туындайтын көркем өнер шығармашылығының жаратынды, туындыларын жатқызатынымз белгілі.

«Эстетикалық» ұғымының ілкі мағына, түсінігі (ежелгі грек) – (есту және көру, сезіну) қабылдау сөзімен түсіндіріледі. Кейінгі дәуірлерде бұл ұғыммен шындықты игеріп, жинақтаудағы адмның ерекше сипаттағы эмоционалды-бағалаушылық қасиеттерін атайтын болдық. Өмір шындығын игеріп, қорытудағы адам баласының эстетикалық іс-қимылы мен қызметіне орай, осыдан туындайтын белгілі заттар мен құбылыстарды ой-тезіне сала отырып, бағамдайтынымыз, сол заттар мен құбылыстардың біткендігіне, аяқталғандығына, тұтастығына қатысты ұғым ретінде түсіндіріледі. Осы бір тұтастық ұғымы ең бастысы адамзаттың өмір шындығын эстетикалық аспектіде игеріп, меңгеруінің негізгі тригері (қозғаушы күші), қуат-көздері, қайнар бұлақтары болып табылады.

«Тұтастық» (кейде «бүтіндік») қандай да болса заттың, құбылыстың аяқталу, жеке дара болмысын, толықтық күйін, кемелділік сипатын көрсетеді.

Солай бола тұрсада жүлгеленген эстетикалық ойлардың сілеи-сарабы антикалық Европа мен ежелгі Шығыстан бастау алып, үзілмей келе жатқан теориялық жүйе деп айтуға болады. Осыдан да көптеген әсемдік туралы ілімдер эстетикалық эмоцияның заттық алғышарттарын түсіндіру, таныту тәжірбиесі ретіндегі ілімдер ретінде қалыптасып, орнықты.

Эстетикалық категориялардың орны көркем образ, көркем өнер болмысын, табиғатын ашатын әсемдік туралы ілімде ерекше болып келеді. Оларды: әсемдік, асқақтық, трагедиялық, комедиялық, эстетикалық мұрат категориялар ретінде жүйелеуге болады.

«Философиялық-эстетикалық категория ретінде әсемдік Ежелгі Грекиядан бастау алып, қалыптасқан». (Шестаков Б.П. Эстетическое категории: опыт, системоантического и исторического исследования. – Москва, 1983 с. 51-56).

Әсемдік категориясы зат пен оның келбетіндегі әмбебаптық болмыс пен шексіз позитивтілік ретінде. Платон мен Аристотель, әл-Фараби мен ибн-Сина ілім, көзқарастарынан, Гегель мен Кант, Владимир Соловьев пайымдауларында орын алған. Заттың құрылымдық көрінісінде әсемдік категориясы өзіндік бір ізгілік болмысы ретінде таныла бастады.

Айналамыздағы көз сүйсіндірер сымбатты ғимараттар мен ғажайып картина, поэзиядағы жанарды арбар сұлу суреттер мен әсерлі бейнелеулер, осының барлығы өнер туындысындағы әсемдік категориясының жарқын болмысы, айқын көрінісі демеске шарамыз жоқ.

Қыз Жібектің ақтығы,

Наурыздың ақша қарындай

Ақбетінің қызылы

Ақ тауықтың қанындай,

Екі беттің ажары

Жазғы түскен сағымдай,

Білегінің шырайы

Ақ балтаның сабындай,

Төсінде бар қос анар

Нар бураның санындай,

Оймақ ауыз, құмар көз

Іздеген ерге табылды-ай!...

Бұл эстетикалық тұрғыда таңдай қақтырар әлемдік фольклордың әсем үлгісіне жататын ғажайып жырдың үзіндісіне қарасақ, халық жыршысы шабытпен суреттеп, сомдап отырған жан тебірентерлік, кереметтей сұлу, әсерлі суреттен, оның эстетикалық талғам, құнарына, әсемдік иірім, нәшіне бас иеміз.

... Ағарып атқан таңды ай-деп,

Шолпанды шыққан күндей деп,

Май қаңбақты ағалардың аты жусан жатыр деп,

Ақ шандақты құрып қойған шатыр деп,

Жазыда көп-ақ жортқан екенбіз... (Доспамбет)

Көкірегі жыр боп күмбірлеген қазақ жырауының ортағасырлық әсемдік танымының көрінісі осындай! Бас имеске шарамыз жоқ! Абай хакімге құлақ түрсек!

Желсіз түнде жарық ай,

Сәулесі суда дірілдеп;

Ауылдың жаны терең сай,

Тасыған өзен гүрілдеп (Абай.)

Табиғаттың майда қоңыр идиллиясы ақынның поэтикалық санасында әсемдік дүниесінің келбетіндей жарасымдылық тапқан. Поэзия тілінде адам сезіміндегі сұлулықтай жарқырай көрініс береді:

Шіркін-ай өткен сол бір шақ,

Ғайыптан маған кезектің.

Көрініп өткен түске ұқсап,

Тәңіріндей, әзіз көріктің!

(Пушкин-Шаңғытбаев Қ.)

Ұлы ақын адам сезіміндегі әсемдік кілтін, сұлулық сырын деп басқан сияқты. Осы бір шумақтардағы «тас бұлақтың суындай», сылдырлаған өңкей келісімнен гармония мен симметрия, тепе-теңдік пен тыныштық самалы беттен өбетіндей.

Әсемдік, сұлулық туралы байыптауларда да тәртіп (оrdо) туралы категорияның орны діни танымға негізделген эстетикада (исламдық, христиандық) да басымдыққа, маңызға ие болғанын көреміз. Грек тілінде космос (ғарыш) сөзі, «тәртіпті» деген ұғымды білдірсе керек. «Он сегіз мың ғаламды жаратқан бір Хақ, Алла тағала, ол үлкен бір тәртіпке бағынады деген исламдық, мұсылмандық танымда, дүниеде бәрі де өлшеулі, өлшеңсіз ештеңе жоқ, оның негізінде «ұлы тәртіп» жатыр деген ұғымға саяды. Қасиетті Августин сияқты христиан теологтарында «дүниенің негізі – тәртіп» деген әйгілі көзқарас үстемдік құрады. Ресейлік ғалым В.В.Быков: Ол «әлем өзінің сұлулығымен бүкіләлемдік тәртіпке қарыздар» деген ой түйеді (Быков В.В. Эстетика отцов церкви. Апологеты. Блаженный Августин. –Москва, 1995 с. 361-369, 394-431).

«Жарық нұр» сияқты әсемдікке қатысты ұғымдар да аталмыш діни танымда ерекше маңызға ие. «Дүние – Алланың жарық нұры» дегенге мұсылмандық дүниетаным деп қояды. Христиан ілімінің ойшылы Николай Кузанский: «кез-келген көрінетін болмыстың әмбебаптық пішіні мен қуат көзі жоғары бір нұрдың жарқырауынан мәңгілік құдайлық жарық пайда болады» деген тұжырым жасайды (Кузанский Н. О красоте //Эстетика Генессанса: B25 п.И., 1984 Т.1. с.117)

«Пішіннің нұрлануынан» зат өз әсемдігін табады деген ой айтады (Кузанский Н. О даре отца светов // Кузанский Н. Соч. В1т. – Москва, 1984 г.) Мұндай эстетикалық көзқарас византиялық дінтанушы Симеон Новыйдың (XIғ) «Құдай дегеніміз – жарық нұр» деген байлам тұжырымдарынан өріс табады. Дәл осындай таным сорабтарының жүлгесі Шәкәрімнен де табылады:

Жарықтан бізді бу қылды,

Құбылтып бізді су қылды.

Судан топырақ қатырып.

Топырақтан жасыл туғызды (Шәкәрім).

Антикалық кезеңдердің өзінде-ақ жарық, нұр, сәуле эстетикасы бой көрсетіпті. Бұл танымның тамырында күн мен от туралы ілкі түсініктер бар екенін байқаймыз. Платонда барлық эстетикалық және әсемдік ұғымдары ақылмен игерлетін, ақылға сыйымды нәрселердің барлығы жарқыраған, айқын, жарық, сонымен бірге соншалықты ашық сипатта танылады. Күн барлық тіршілік атаулының жоғары идеясы боп саналады» (Лосев А.Ф. История античной эстетики. Софисты. Сократ. Платон. –Москва, 1969. С.430).

Бұл тұрғыда жарық эстетикасына маңыз берген кейінгі дәуір ойшылдарының бірі ретінде Владимир Соловьевті атауға болады. Оның тұжырымынша: «Жарық дегеніміз әлемдік тұтастықтың көрінісі; «ал әсемдік тек қана нұрланудан туады» (Соловьев В.С. Красота в природе //Соловьев В.С. Соч.: B2т. 2-е изд. –Москва, 1990. Т.2 364-365)

Діни таным ғана емес, күнделікті өмірдің барлық салаларына молынан тамыр тартқан. Адам баласы ерте кездің өзінен-ақ жарқырап сәуле шашқан, құбылған, от шашқан, от шақан, нұр шашқан нәрселерге, ашық жарқын түске құмар болғаны байқалады. Жарық нұрды, сәулені, жоғары күштердің сыйы деп қабылдағаны көрінеді.

Лермонтовтан аударған «Қанжар» өлеңінде Абайдың:

«Сүйкімді болат қанжар, тұрсың жайнап,

Ыстық-суық майданда шығады ойнап», -

десе, тағы бірде:

«Болатша дірілдеген жалын көрген,

Бір күңгүрт тартып және оттай жанған»,

- дейтіні бар.

Қазақтың арқалы ақыны Мұқағали Мақатаев жарық сәулеге, жарық нұрға, өмірге ғашық сезімін:

Мен сені сүйгем

Жаныммен сүйгем Жарық Күн!

жатсам да сүйем тұңғиығында тамұқтың

- деп білдірсе, өмір болмысының негізі жарық сәуле екендігін былайша жеткізеді:

Өмір дегенге,

Тірлікте сірә, жетер ме ой.

Жарық сәуледен басқанынң бәрі бекер ғой.

Бекер ғой бәрі,

Бекер ғой бәрі – бөтен ғой,

Өмір дегенің – бір күндік сәуле екен ғой!...

Әсемдік категориясының эстетика ілімі аясындағы сипаттарын сөз еткенде байқайтынымыз, ерекше бір тәртіптілік, үйлесімділік, байыптылық, тоқтаутылық, байырқаулылық, сабырлылық, жанға жайлы тыныштық пен әсем көңіл-күй, музыка тіліндегі қоңырқай бір «мажорлық» қасиеттер басты назарға алынады. Осының барлығы оның бірден-бір қажеттілігі екендігін сезінеміз.

…Кешкі ескен жібек жылы жел сұлу,

Хан иісті түрлі-түсті гүл сұлу.

Әдемі аспан – төбедегі көк шатыр,

Асқар тауы, дариясымен жер сұлу...» (Мағжан).

Осы шумақтағы Мағжан өлеңдерінің жолына табиғаттағы сұлулық, әсемдік сезімдері түгелдей кірігіп, шуақ шашып тұр. XVIII-XIX ғ.ғ орайында әсемдік ілімінің теориясы Германияда жаңартылып, түбірлі жүйелеуге түскен. Осы кезеңдерде зат мазмұны мен пішініне қатысты әсемдік үйлесімділігі мәселесі қызу қызу талқыға түскенін байқаймыз. Бұл мәселені шешудің екі түрлі тенденциясы алға шықты. Ежелгі және орта ғасырлық эстетика дәстүрлерін басшылыққа алған немістің классикалық философияның өкілі Гегель «сұлулық пен шындық дегеніміз бір нәрсе» дей отырып, әсемдік деген – «идеяның сезімдік көрінісі» деген ой түйеді.

Ал немістің классикалық философиясының тағы бір өкілі Кант Гегель тұжырымнан басқаша ой қорытады. Кант тұжырымынша заттағы сұлулық оған пішіні арқылы беріледі деген көзқараста болды. Былайша айтқанда «белгілі бір бірліктегі көптүрліліктің үйлесімі» ретінде көрініс табады деген ой айтады. Зат әсемдікке қатаң пішіндік реттілік, сыртқы прапорция, симметрия жетіп жатыр, ал әсемдік үшін кемелділік те, тартымдылық ьа, әсерлілік те қажет еместігін ескертеді. Ғалым философ гүлдерді, құстарды, моллюскаларды сұлулықтың еркін, таза үлгілері ретінде қарастырады. Гегель мен Канттың әсемдік туралы ілімін кейінгі дәуір өнертанушылары мазмұн эстетикасы мен пішін эстетикасы деп атауды ұйғарды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар