Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қос кітаптың тұсауы кесілді...

02.04.2021 6489

Қос кітаптың тұсауы кесілді 12+

Қос кітаптың тұсауы кесілді - adebiportal.kz

Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында белгілі ақын, айтыскер, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның мәдениет қайраткері Егеухан Мұхәмәдиқының «Бұйырғын» және «Кінәлі қыз» кітаптарының тұсаукесері өтті. Тұсаукесер рәсімі қаламгер апамыздың сексен жылдық мерейтойына орайластырылған екен. Өткен жылы әлемді жайлаған індеттің салдарынан мұндай іс-шараларды өткізу мүмкін болмаған еді. Туған күнінде Елорда төрінде екі бірдей кітабын оқырман жұртшылық алдында таныстыру рәсіміне қазақтың белгілі ақын, жазушы, ғалым, журналист қыздары, зиялы қауым өкілдері мен Егеухан Мұхамәдиқызының оқырмандары, ұрпақтары, туыс-туғандары қатысты.

1940 жылы 1 сәуірде Моңғолияның Баян Өлгий аймағында дүниеге келген айтыскер, ақын, журналист Егеухан Мұхамәдиқызының есімі елге кеңінен танымал. Қазақтан және Монғолия Жазушылар одақтарының мүшесі, ІІ дәрежелі «Құрмет» орденінің, І, ІІ дәрежелі «Алтын алқа» иесі, «Ақ қайың» (1971), «Ару арманы» (1977), «Қос қанат» (1982), «Алмийн цэцэрлэг» (моңғол тілінде, 1989), «Қос ішек» (Алматы, «Жалын», 1996), «Қайтқан қаз» (Астана, «Аударма», 2005 ), «Махаббат жетегінде» (Астана, «Фолиант», 2010) атты жыр жинақтарының авторы Егеухан Мұхамәдиқызының өлеңдер мен толғаулар қамтылған «Бұйырғын» жинағы мен ұлттық этнографиялық анықтамалық пен ғұмырбаяндық сипаттағы «Кінәлі қыз» эссе-романы енген «Кінәлі қыз» кітабының тұсаукесер рәсімінің тізгінін қазақтың белгілі ақын әрі ұстаз-ғалым қызы Жанат Әскербекқызы ұстады.

- Сонау 1989 жылы Алматыда өткен халықаралық ақындар айтысына Монғолиядан келіп қатысып, «Ақкөйлек, көңіл жай» деген әуенімен көрермендерді елең еткізген ақын, алтын алқалы ана, қаламгер, Қазақстанның мәдениет қайраткері Егеухан апамыз сексен бірдің сеңгіріне шығып отыр. Өзі бастан өткерген өмірдің қызығы мен шыжығы қамтылған «Кінәлі қыз» кітабы мен «Бұйырғын» өлеңдер жинағының тұсауын кесу рәсіміне жиналған қауымға рақмет айтамыз, - дей», - отырып, алғашқы құттықтау сөзді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Репертуарлық саясат басқармасының басшысы, белгілі ақын Рига Оңаеваға берді.

- Аса құрметті Егеухан Мұхамәдиқызы! Бүгінгі мерейтойыңыз қарсаңында өтіп жатқан қос кітабыңыздың тұсаукесері құтты болсын! Осындай қуанышты күндеріңіз көп болсын! өзіңіздей әдебиет, өнер қайраткері қашанда мемлекеттің назарында. Сіз халықтың алғысына бөленген, жаратылысынан болмысы бөлек тұлғасыз. Бала күнімізде сіздің айтыстарыңызды телеарнадан көріп тамашалап отырушы едік, Бүгінгі күні еңселі елорданың төрінде Министр ханымның құттықтау хатын оқып беру сәті бұйырып тұр екен, - дей келе ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатын оқып табыс етіп, ақын апасына ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс тіледі.

ҚР Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы сөз алып, Нұрсұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің және Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің аманатты құттықтау хаттарын оқып беріп, жолдаған сый-сыяпаттарын табыстады.

Құттықтау сөз ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Үмітхан Мұңалбаева ханымға берілді. Ұлттық академиялық кітапхана ұжымы атынан ақын Егеухан Мұхамәдиқызына «Халық қалаулысы» орденін және «Халық құрметі» төсбелгісін тапсырып, қазақтың салтымен сыяпат жасады.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы, журналист Шәрбану Бейсенова сөз алып, Егеухан Мұхамәдиқызының «Кінәлі қыз» еңбегіне кеңінен тоқталды. «Бұл шығарманың қызықтылығы сонда, бір бастап алған соң, өзгеге көңіл бұруға жібермейді, шығарманың ішіне кіріп, ары қарай не болады екен деп елеңдеп отырасың», - дей отырып, кітаптың екі бөліміне кеңінен толғай отырып, кейбір тұстарына мазмұндау жасай отырып, өз ойына түйген қызықты тұстары туралы айтып берді. Кітаптың бірінші бөліміндегі киіз үйдің жабдықтарына қатысты мағлұматтарды дамыта отырып, суреттер арқылы безендіріп, үйдің сүйегі мен жамылғысы, бау-шуының атауларын жебе арқылы көрсетіп, мектеп оқушыларына, өзге де оқырмандарға қажетті көрнекі оқу құралы ретінде шығарса игі болар еді деген ұсыныс білдірді. Бұл кітапты оқып отырып, біздің қазақ әйелдері қандай еңбекқор, қолөнер шебері болғандығын осы кітаптан аңғарамыз деп атап өтті.

Қазақтың қаламгер қыздары Шәрбану Бейсенова, Оңайгүл Тұржан, Роза Мұқановалар кітаптың тұсауын кесу рәсімін жасап, лентасын қиды.

Бұдан соң әнге кезек беріліп, Егеухан Мұхамәдиұлы сөзін, композитор Сейітқали Қалыбеков әнін жазған «Бойжеткен» әнін Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, танымал әнші Ерлан Рысқали орындады.

Келесі сөз кезегін алған ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы, драматург Роза Мұқанова былайша кеңінен толғады:

- Апа, мерейтойыңыз құтты болсын! Мен сізді көрген кезде сонау ақын Сараның сарқыты сияқты, өткен ғасырдың Дала аруларын көргендей боламын. Сіздің жүрген жол, сіз көрген таибғат, сіз көрген тағдыр, үлкендер мен кішілер арасындағы қарым-ұатынас бүгіндері ертегіге айналып бара жатқандай заманда өмір сүріп жатырмыз. Сол көненің көзіндей болып ортамызға жүргеніңіз үшін мың алғыс! Менің ата-анам мен Кәп ата екеуіңіз Үржар жерінде, Көлденең мен Көкөзектің арасында көңілдеріңіз жарасып, жақсы сыйластықта, сол арадағы бейне жазушылар одағының филиалы сияқты өмір сүрдіңіздер. Менің ата-анам мен Кәп атаның көзіндей болып бүгін міне ортамызда отырсыз. Әкемнің «Аққудың сағынышы» деген кітабында Кәп ата мен өзіңіз туралы біраз естеліктер енген болатын. Мен ол кісінің сіздерді сипаттағанындай, дәріптегеніндей жеткізіп айта алмаспын. Бірақ сіздер биік болсаңыздар, біз де етекте болмаймыз. Сіздер биіктен көрініп тұрғанда, біз де аласармаймыз. Кейінгі ұрпақ та аласармайды деп сенемін, аман болыңыз, торқалы тоқсанға келіп, Жамбыл тәтеміздің жасы жүзге жетіп, арамызда аман жүріңіз! – деп Таризи шаңырағынан ақын апасының иығына шапан жапты.

Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі, қаламгер Өріс Яшкүрқызы сөз алып, Егеухан апасын «Егеш тәте» деп атау жанына жақын екенін айта келе, тұсауы кесіліп отырған кітаптарды оқып шыққанын, алдыңғы айтылған пікірлерге қосылатындығын білдірді. Және де кітаптағы өзі үшін ерекше тоқталатын жағдай – ол махаббат үшін күрес мәселесі деп атап өтті. «Қыз Жібек пен Төлеген» дейміз, бірақ Жібек өз махаббаты үшін тәуекелге барып күрескен жоқ қой, біздің заманымыздың Жібегі Егеухан апамыз қарсы алдынан тап болар таудай қиындықтарға қарамастан өз бақыты үшін күресті ғой. Бұл – қыздарымыз үшін үлгі емес пе?», - дей келе осы идея бойынша жазып келген өлеңін оқып берді.

Мықты нық өзің құрған керегең,

Үлгі қазір кішілерге өнегең.

Махаббатың Қыз Жібегі сіз болып,

Ал Кәп аға аңыз болды – Төлеген! –

деп жүрекжарды лебізін жырмен аяқтады.

Ақын, филология ғылымдарының кандидаты, М.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Оңайгүл Тұржан ақын апасына деген ілтипат тілегін былайша өрнектеді:

- Егеухан апай, бүгінгі туған күніңіз, бүгінгі кемел жасыңыз құтты болсын! Расымен де сіздің қазақы бейне-тұлғаңызды көргенде кешегі нағыз қазақты көргендей боламын. Еуразия Ұлттық университетінде, журналистика факультетінде «Имиджелогия» пәнінен сабақ беремін. Бұл тұтас ғылымның әдістемесі бойынша алғанда, сіздің имиджіңіз ерек, қанық имидж апа! Сіздің киіп жүретін киіміңіздің өзі – қазақтың ұмытылып қалған баяғы дәуренінің бір нышан көрсеткіші сияқты болып тұрады. Ең алғаш сіз айтысқа келді дегенді теледидардан көріп, айтысып отырған қалпыңызға тамсанып оытрғанымыз есімде. Жалпы адамзаттың дамуында, анау деп, мынау деп әспеттегенімізбен, шындығында әйелзатына жол беріле берген жоқ қой. Тек қазақ емес, әлемдік тәжірибеде сондай. Арғы дәуірлерде небір мықтылар, оның ішінде философтар, өнер адамдары қатарында әйел адамдардың аты аталмайды. Мұның сесебі, әйелдерің орны отбасы-ошақ қасы деген түсініктің әбден қалыптасуынан болды ғой деп білеміз. Осындай түсінік ғасырлар бойы небір талантты әйелдерді тұқыртып келді. Біздің қазақта да осылайц болғанына еш күмәніміз жоқ. Қазіргі күнге жеткен мәлімет бойынша әлемдегі ең көнеден сақталған алғашқы шығарманың авторы – әйел адам екені мақтаныш емес пе? Қосөзен арасындағы аккад ханшайымы Энхедуаннаның біздің дәуірімізге дейінгі 22 ғасырда жазған мадақ жырлары әлемдік руханиятқа кеңінен танымал. Патшаның қызы болғандықтан, сондай мүмкіндігі болған шығар. Айтпағым: әйелдерге әр дәуірде мұндай мүмкіндік бұйыра бермеген. Біздің ұлы әжелеріміздің сарқытындай болып, шығармашылығыңызды өлтіріп алмай осы күнге жеткізгеніңізге ризамыз. Бұл әрине – өзіңіздің өнерсүйер кемел отбасыңыздың да арқасы деп білемін. «Монғолияның ІІ дәрежелі шахташшысы» деген атағыңыз барлығына да таңғалып отырмын. Бұл да ғажап емес пе! Апа, өміріңізге жарқын күндер тілеймін! – деп аяқтады.

Белгілі жазушы, әдебиет сыншысы Айгүл Кемелбаева ақын апасының кітабы жайлы былай деп ой толғады:

- Егеухан апамыздың «Кінәлі қыз» кітабын бір демде оқып шықтым. Оқып отырып Голливудтық кинолардың сценарийін жазып отырады ғой, оқиғаны бірден ашып тастамай, біртіндеп-біртіндеп өрістетіп отыратын. Байқағаным, сондай талант сізде бар екен дегенді айтқым келеді. Бұл – дайын фильм сценарийі. Қазақ қызының образына, өзіңіздің өмір жолыңызға құрылған ғұмырбаяндық романда Баян-Өлгей өлкесінің географиясын, флорасы мен фаунасын тамаша суреттейсіз. Әдебиетте саяхат жарында жазылған кітаптар көп. Бұл – орта ғасырлық әдебиетте адамның мінез-құлқын, дүниеге көзқарасын, философиялық ойларын ашып көрсететін күрделі жанр болып саналды. Сіздің «Кінәлі қыз» кітабыңызды да солай сипатта қабылдадым. Осы кітапты оқығанда, Қобда өзенін, Баян-Өлгий жерін көргің келеді екен. Шетелдік балалар әдебиеті жауһарларын ағылшын тілінен қазақ тіліне тікелей аудартып баспадан шығартып жатқан Раиса Қадырдың: «Монғолияның атын шығаруда біздің қазақтардың үлесі зор. Бүркітші қыз Айшолпан туралы кино шыққаннан кейін бұл елді көргісі келетін туристердің саны артқан», - деген сөзі есіме оралып отыр. Сол сияқты сіздің бұл ғұмырбаяндық кітабыңызда да елдің, жердің қаншама аңыздары бар екен. Қобда өзені туралы ескі аңыз маған ұнады. Жағымды детальдер ұнады. Шиыршық атқан детективті жанр нышандары көрініс тауып отырады. «Мың бір түндегідей» қара сөз бен өлең аралас келіп отырады. Монғолия қазақтары арасында өмір сүрген, туған жерін бір көруге армандап өткен Марқакөлдің тумасы Шәмел Қалқаұлы туралы қандай тамаша жазылған. Қазіргі прозада жасандылық көп қой. Ақынның проза жазуы – бар дәстүр ғой. Үлкен шынайы шығармашылық табысыңыз құтты болсын деймін. Өлеңмен бірге прозадағы қолтаңбаңыз сәтті шыққанына қуаныштымын! Ұрпақтарыңыздың қызығына бөлене беріңіз! - деген тілегін білдірді.

Жазушы, баспагер, ғалым Райхан Мәженқызының жолдаған ыстық лебізді құттықтауын отырыс тізгіншісі Жанат Әскербекқызы оқып берді. Қазақ тарихындағы Сара, Ұлбикелер салған ұлы сүрлеуді жаңғыртқан айтыскер, білім мен біліктің, еңбек пен бейнеттің иесісіз, он бала тәрбиелеп өсіріп, отбасы құндылықтарын дәріптеген батыр анасыз, «Бұйырғын», «Кінәлі қыз» еңбектеріңіз қазақ әдебиетінің ғана емес, әлем әдебиетінің құнды қазынасына айналуынна тілектеспін деген тілегін білдіріпті.

Алматыдан арнайы келіп отырған, ақынның қызы Есенгүл Кәпқызы сөз алып, алтын уақытын қиып келіп отырған көпшілік қауымға рақметін айтты. Анасының «Кінәлі қыз» – өмірден алынған, намысқа тие айтылған сөзден болып тағдыр, махаббат үшін күреске құрылған туынды екенін баяндай келе, ата-анасының сол жүрген жерлеріне, сол тауларға барып кинофильм түсірсе ғажап болар еді деген ойын жеткізді. Қазақтың небір сирек қолданылатын ескі сөздері мен әдет-ғұрыптарының кені – менің анам, жалықпай оқитын да – менің анам деп, тынымсыз еңбек етіп жұмыс істеген де – менің анам, сол қат-қабат шаруаның арасында бізге тәрбие беріп, сабағымызды қадағалаған да менің анам мен әкем, бұл кісілер – біздің мәңгілік мақтанышымыз деген перзенттік ризашылығын білдірді.

Жанат Әскербекқызы: Егеухан апамыздың шығармашылығына арналған бүгінгі жиын ару аналардың, ару қыздардың, қаламгер қыздарымыздың басы қосылып, тамаша өтті ғой деп білемін. Ақын апамыздың қаламгерлік еңбегі, тағдыры, ісмерлігі, ана ретіндегі орны, бәрі жан-жақты айтылды, мүмкіндігінше ашылды. Әрине, мұнымен ғана шектелу жоқ деп ойлаймын. Кітапқа байланысты әдемі ойлар, ұсыныстар айтылып жатыр. Мұның бәрі алдағы күндері жалғасын тапсын деп тілейміз, - дей отырып, тұсаукесер рәсімнің иесі Егеухан Мұхамәдиқызынан көпшілікке арнап бір ауыз лебіз, бір өлең сұрады.

«Мен жайлы, кітаптарым жайлы айтылған барлық пікірлеріңіз үшін және ақпарат құралдарына көптен көп рақметімді айтамын! «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген қазақтың сөзі бар ғой, ақсақалыма арнаған «Кешір, дара, оралдым сыңар қанат» деген өлеңімді оқып берейін», - деп, «Кінәлі қыз» роман-эсседе суреттелген өңірге ақсақалы өмірден өткен соң жалғыз сапарлап барғаны арқау болған жырын оқып берді.

Міне, осылайша Елорда төріндегі мәдениет қарашаңырағы, Қазақстан Республикасы ұлттық академиялық кітапханасында Егеухан Мұхамәдиқызының екі бірдей кітабының тұсаукесер рәсімі мағыналы да мазмұнды леппен өтті. «Сексеннің сеңгірін басып, торқалы тоқсаннан өтіп, Жамбыл тәтемнің жасына жетіңіз!» - деп Егеухан апамызға айтылған ізгі тілектерге «Әдебиет порталы» ұжымы да қосылады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар