Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Қосағаш қазақтары әдебиетіне шолу (соңы)...

31.03.2021 4105

Қосағаш қазақтары әдебиетіне шолу (соңы) 12+

Қосағаш қазақтары әдебиетіне шолу (соңы) - adebiportal.kz

Қосағаш қазақтары әдебиетіне шолу мақаланың жалғасында Пионер Мұхтасыров пен Әпуза Әмренова шығармашылығы туралы айтылады (бірінші, екінші бөлімдегі Шүй қазақтары көші туралы көрнекі суреттердің авторлары: Нұрдыхан Риянұлы мен Ерболат Мүбәракұлы).

ШҮЙ ӨҢІРІНДЕГІ ҚИЛЫ-ҚИЛЫ ТАҒДЫРЛАР

...Нағашы атасының әңгімесін негіз ете отырып, автор әрбір оқиғаны дамытып, өрбітіп, түсіндіре баяндап отырады. «Өзінің өмірі туралы әңгіме сұрасаң, жеті атасын айтқаннан ары бармаушы еді. Шүйдің атқамінер азаматтарының басынан кешкен хикаяларынан айтайын деп, әңгімені ұзағынан бастап кетуші еді…» Бұл да нағашы атасы Әбіт туралы айтылым. Кітапта баяндалар оқиғалар мен ондағы кейіпкерлерді нағашы атасының әңгімесі арқылы байланыстыруы да тегін емес. Бір қауым елді осында бастап келіп, орналастырған Отыншы әулетінің тарихи жолы, қиямет-қиян тағдыры – Шүй қазақтарының басынан өткен өмірдің айқын сорабы. «– Біздің қазаққа мына Шүйде ел болып, етек-жеңімізді жинап жан сақтау оңайға түскен жоқ. Біздің Отыншы деген ұлы бабамыз Шығыс Қазақстанда Шындығатай деген жерде жайлап қыстап жүреді екен. Қазақ қашан көшпей жүруші еді, арғы ата-бабамыз оңтүстіктен шығысқа, Шындығатайға көшіп келгелі де жүз жылдай өткен соң, тағы да көшуге тура келген заман болыпты», - дей отырып, ежелден Алтайды мекен еткен найман елінің жоңғар қалмақтарынан қысым көріп батысқа босуы, одан кейін атақонысына қайта келуі, алты қаратай атанған бір бөлім елдің қазіргі Катонқарағай өңіріне келіп орнығуы туралы шежіреден сыр шертеді: «Қаратайдың ұрпағы өскендігі соншалықты, Алтай тауының төрт бұрышына сыймай, Тарбағатайға, Құлжаға орналасады. Кейіннен ол жерлер қазақтың атамекені бола тұра қытай жері, орыс жері деп аталып кетті. Қаратайдан «алты қаратай» атанған алты рулы ел өсіп шықты». Қаратайдың Сарғалдақ, Дәулет, Шеруші, Болат, Шоңмұрын, Кәлім атты алты атасының бірі Сарғалдақтардың үлкен шоғыры Алтайды айнала жүріп орнығып, Шүй өңірінің толық құқылы тұрғындары болғанға дейінгі сан ондаған жылдарға созылған тарихы қызықты баяндалады.

Кітаптың оқиғасы бірден бірге ұласып, бірде Алтайдың Шүй бетінде, бірде Қобда бетінде өтіп жатады. Сондай оқиғаның бірі – Шам мен Жұлдыздың оқғиасы. Қобда бетінде мекендейтін керей шеруші руының Бәйімбай атты адамының қызы Алтайдың күн беті, яғни Қытай жағындағы атастырылған адамына бармай, Шүй сарғалдағы Әміреұлы Шаммен бірге қашып кетеді. Осы оқиғадан туындаған «жесір дауы» Алтайдың үш тарабын бірдей шарпиды. Пионер Мұхтасырұлы осы даудың басталуын, өрбуін, шарықтау шегі мен шешімін оны шешуге қатысқан адамдардың іс-әрекеті, шешен тілі арқылы тамаша суреттейді. Мысалы, Жұлдыздың соңынан қуғыншыға келгендердің басшысы Бектеннің құлжабайлар аулына келіп тұрып, шебер тілін безеп, тепсіну сөзі мынадай:

Ақтай, Бозтай ауылы, жиылып бар қауымы.

Кергілесті, керісті, бір биенің сауымы.

Ақыры келіп айтқаны:

«Сәлем де» деді сіздерге, күш қылмасын біздерге,

Мықты болса келіссін, тұрысатын жерлерге.

Шықсын дейміз жекпе-жек, сайысқа сай ерлерге, -

дей отырып, екі жақтағы елдің бұрынғы бірлік-берекесіне неліктен сызат түсуі керек дегенді алға тарта отырып, ең соңында шымбайға бататын сөзді шегелеп айтады:

Құлжабай, саған не болған, жесірін елдің алатын?

Сен емес пе едің кешегі, қарындасын қатын ғып,

Қаратайға жол салатын.

Уақытың келді ме, алып бітіп өзіңді,

Бізге ауыз салатын, –

«Қаратайға жол салатын» деген сөздің мәнісі: сарғалдақ құлжабайдың басшысы Абдолланың: «Ел өсті, жеті атадан асты, енді өзара үйленуге жол салайық», - деп, қаратай ішінен қыз алысуды өзі бастауы екен. Қазақ шешендерінің сөз қарпысуы, мінесуі, орайы келгенде қапысыз жауаппен бір-бірін сүріндіруі, екі ауыз сөзбен емеурін тануы, екі рулы елдің дауына нүкте қоюы – бұл кітапта әлденеше жерде қиюымен келтірілген. Мысалы, Шыңғыстайдағы елдің болысы Әбдікерім Абдолланың басқаруындағы Шүйдегі елге сапарлап келеді. Бұл келісінің өзі де бір жағынан туыстық жағдайларға байланысты қыр көрсету, Әбдікерімнің жақын туысының Мүсіреп деген қызын айттырап алу болады. Әбдікерімнің Шүйге келгенде алдымен қайда түсетіні, қалай келетіні сияқтылардың бәрін сарапқа салып отырған Абдолла алыстан келген болыс әрі болашақ күйеуге қонағасыға арналған қысырдың тайына қоса, Әбдікерімнің өз атын білдірмей союды бұйырады. Солай жасалады. Ет пісіп, қос табақ тартылғанда Әбдікерім тобының үлкені Мұса: «Бұйырған асқа тіс тисін!» - деп бата береді. Сонда Абдолла би Әбдікерім болысқа қарата былай деп сөз бастаған екен. «...Ол қылығымды жөн деп айта алмаймын, ашулануыма себепші болған өзің, қателескен болсам бірге көтерейік дегенді айтып отырмын. Ол не қылық десең, мініп келген атыңның басы алдыңда, дәмін татып отырсың. «Рүстемнің Мұсасы ұрланған буаз биенің ішінде кеткен құлын, бесті ат болып бәйгеге шауып жүргенде таныпты», - дегенді естігенмін, бірақ сенбеуші едім, енді сендім, көзім жетті. Мұсаның алдарыңа тартылған жылқының басын, сенің атыңның басы екенін танып, «бұйырған асқа тіс тисін» деп бата бергенін естіп отырсың. Мұсаның ұрлығымыздың бетін ашып отырғандығын мойындап, болған істі күйіркелемей, ащы шындықты айтып отырмын. Қандай жағдайда да Мүсірепті Тұрдыбайға жем қылмайтын едім. Тұрдыбай ауылынан Мүсірепті алғанда, қалың малын қанша бермекші болғаныңды өзің білесің, ондай ойыңның қателескендік екенін түсіндірем деп, қаттырақ кеткенімді көріп отырсың. Бізге беретін Мүсірептің қалың малы мініп келген атыңды сойғызғаныммен бітті, бұйрықты күні қосыларсыңдар. Маған қымбаты, дұшпаныма басындырмай, арымды сақтау, «малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп сөзін аяқтапты». Міне, қазақтың бір замандағы сұңғыла сыншылары осындай қабілет, қасиетке ие болған.

Жоғарыда айтылғанындай, Отыншыұлы Қалдеке бастап атақоныс Шабанбайдан еріксіз ірге аударса, Қытайасып келіп Монғолия жерінде қаза болған Қалдекеден соң елді Шүйге жеткізіп дамылдатқан көшбасшы – оның ұлы Абдолла болды. Абдолла заманы айналадағы елмен бірде қату, бірде тату күй кеше жүріп, орнығып қалудың қамы болды. Шүйдегі аз қазақты өзге халықтармен теңестіріп, оларға жер иелендіру, тұрақтандыру – Абдолланың ұлы Шәкірт қажы бастаған толқынның еншісіне бұйырған екен. Бұл туралы кітаптың «Алаң да алаң, алаң жұрт, ақ ала ордам қонған жұрт» атты екінші бөлімде баяндалады. Шәкірт қажы өзінің алғырлығының арқасында Томскідегі Ресей билігі өкіліне барып, ел ішіндегі арызбен түрмеде жатқан әкесін босатып алумен қатар, Шүй қазақтарына арнайы жер бөлдіртіп алып, теңдікке қол жеткізеді. Сөйткен Шәкірт қажы да 1925 жылы өмірден өтеді: «Халықтың Шәкеңнің заманында жақсылық, жамандықты бірге көтеріп сүрген өмірлері көз алдарынан өтіп жатты. Бастарына бір қиыншылық түссе Шәкеңе айту ке- рек, бір дау шықса Шәкеңе бару керек дейтіндері. Шәкең ойдағыдай шешімін тауып талай қиыншылықты арқалағаны, қаншама даудың шешімін тауып әділ-ай дегізіп шешкені – бәр-бәрі халықтың ойында. Бір сәт өткенді ой сүзгісінен өткізгенде, өксіп, өкіріп жыламаған жан болмады. Шүй күңіренді, Шүй жылады, Шүй құлазыды, ел ерге қарады, ер жерге қарады. Елдің ерге қарауында кімің бар Шәкеңше бізге қорған, сүйеу, медеу болатын деген сұрақ тұрғандай еді. Ерлердің жерге қарайтыны, еліне біз Шәкеңдей бола алмаспыз, бізде ауыр жүк көтеретін бел де, бедел де жоқ, заман өзгерді, заманның басқа салғанын көресіңдер де көтересіңдер дегендей еді.» Міне, халқына қорған болған Шәкірт қажы Абдоллаұлы да осылай өмірден өтеді. Шәкірт қажыны жоқтап жылаулардың бір парасы мынадай:

Арғы атаң – текті Қалдеке,

Болғанмен бас бір, мал жеке.

Шәкеңнен қайран айырылдық,

Қалғанға берсін береке.

Алтай мен Қазақ дос дедің,

Кеңесіп ақыл қос дедің.

Жаңа заман баянсыз,

Алпыс жыл артын тос дедің.

Шәкірт қажының өмірден өткен кезеңі – алда келе жатқан алапат күндердің қарсаңындағы тыныштық екен. Бұл туралы кітапта автор нағашы атасы Әбіт ақсақалдың сөзі арқылы былай дейді: «Жарықтық Шәкірт қажы құдайдың сүйген құлы екен. Заман бүліне бастағанда дұшпандарына басындырмай сый-құрметпен о дүниеге аттанды. Жылдық асы да көңілдегідей берілді. Көп жаса, аз жаса, әйтеуір бір өлім хақ. Сол бір бұзылған заманда Алланың ақ өлімімен өліп, Шәкірт қажы құсап құрметпен жер қойнына берілген адам болған жоқ. Еліміздің көптеген асылдары жау қолында жан беріп жаназасыз қалды, беттеріне туған жердің түгіл, бөтен жердің бір уыс топырағы бұйырмады, ит пен құсқа жем болды». Иә, бұл – нағыз сол дәуірдің шындығы және бұл тек Шүйдегі ғана емес, Алтайдың төрт тарабындағы күллі қазақтың басына үйірілген қасірет бұлты, орны толмас зобалаң болатын. Кітапта тәтті ұрандармен халықты өзіне баурай білген коммунистердің жұмыс бағыты мен мақсатын тұжырымды түйіндейді: «Қызыл партияның алғашқы қадамы халықты сендірерліктей іспен көрінді. Еңбекші халықты сыйлау, еркек пен әйелдің құқығын тең деп көру, бай-кедей жоқ халық тең болуы, барлық халық білімді болуға жағдай жасау, сөйтіп, тамағы тоқ, уайым-қайғысы жоқ, жаңа өмір құру. Мұндай өмір өз өзінен орнай қалмайды, ол үшін ескіні жою керек. Оны жоятын кім? Коммунистік партияның бастауымен еңбекші халық». Мінеки, осылайша, ойран-топыр басталып кете барады.

ЖЫЛАҒАН ЖЫЛДАР ШЕЖІРЕСІ

«Жылаған жылдар шежіресі» атты үшінші бөлімде Шүй өңірі қазақтарының басындағы ауыр хал – қаймағынан айрылған сүттей болған саяси қуғын-сүргін жылдары әкелген зобалаңның салдарын көреміз. Осы ретте автор алтайлық тарихшы Д.И.Табаевтың кеңес үкіметіндегі саяси қуғын-сүргіннің дүркін-дүркін толқынмен өткені туралы айтқан пікірін келтіреді. Олар мынадай кезеңдер еді: «Бірінші толқын – 1917-1928 жж. революцияның жеңісін, жемісін, Кеңес үкіметін саяси түрде орнықтыру; Екінші толқын – 1929-1933 жылдар байларды құртып жер аудару, бірлестік құрып колхоздастыру; Үшінші толқын – 1933-1938 жылдар саяси қуғынды кеңінен қамту. Біздің аймақта бұл екі толқын бір-бірімен жалғасып, кеңінен қамтылғаны соншалық, ер-азаматтарды құртып жіберді. Алды атылып, айдалып, із-түзсіз жоғалып жатты, артынан ержеткендерімен алдыңғылардың орнын толтырып жатты, осылай толассыз айдау, ату он жылға созылды.»

Коммунистік билік халықты еріксіз күштеп, мәжбүрлеу арқылы жүргізген колхоздастыру науқаны қалай жүрілді және оған қарсыласып, кірмегендердің жай-күйі қалай болды деген сұрақтарға бұл кітапта нақты жауап берілген: «Жаңа заман ешкімге киім, тамақ тауып беріп тұрған жоқ, әзірше жоқтар барлардан бірде сұрап, бірде ұрлап күндерін көруде. Бірақ үнемі өйтіп күн көруге болмады. Кеңес үкіметі бұдан былай ұрлануды да, сұрануды да қойып, ашық түрде бардыкін тартып алып, жоқтарды асырауға көшті. Халықты колхозға «өз еркімен» кіргізу науқаны басталып кетті. «Өз еркіңмен» кірмесең «зорлық» жоқ, бірақ ел ішінде отыруға болмайды. Үкімет басындағылар колхозға кірмейтіндерге арнаулы жер белгілеп қойған. Ол жер – мал бағуға жағдайсыз, өрісі тар, суы алыс, отыны жоқ, рұқсатсыз ел ішіне араласуға болмайтын, жиналысқа қатысуға, сайлауға дауыс беруге құқығы шектелген, «голос лишен» шетке шыққан адамдар күн көретін жер. Ондай жерге алдымен колхозға кіргісі келмеген байларды малын зорлықпен тартып алып, колхозға қосып, өздерін елден шыққан, тең праводан айырылған, жексұрын сүйкімсіздер қатарына қосып көшіріп тастаған, олар «лишондар» деп аталды.»

Бұл зорлыққа шыдамай күйзелген халық өз наразылықтарын білдіру үшін жинала бастайды. Шолақ қамшыдан өзге қаруы жоқ қарапайым халыққа қарсы, оларды үрейлендіру үшін әуелі оқ атып, артынан тегіс ұстап қамауға алып, ату, ұзақ жылға немесе біржола жер аудару, сотттау сияқты жазалау амалдарын қолданудың салдарынан Шүй өңіріндегі сегіз ауыл болып толықсып отырған Отыншы ұрпақтары мен өзге де белгілі әулеттердің біразының үздіксіз мүлде тұқымы үзіліп құрып кеткені – сол бір солақай саясатты дәуірдің өкінішті шындығы еді. «Нәубет құрбандары» атты төртінші бөлімде автордың КГБ архивін ақтарып отырып жинақтаған шүйлік репрессия құрбандарының тізімі берілген.

Санайын отыз жылдар боздақтарын,

Алды-артын ата-баба қозғап бәрін.

Алынған КГБ-ның қағазынан

Әреңге танылады бірлі-жарым.

Дұрыстап аты-жөні жазылмаған,

Өлгенде де бір жеке көр қазылмаған,

Заманының құрбаны қайран ерлер

Шегірткеден қауқарсыз шырылдаған.

Қосағаштық қаламгер Пионер Мұхтасыровтың «Бәйтеректің оқшау шыққан бұтағы» атты кітабының көркем әдеби, тарихи құндылығы зор. Бұл күндері Алматы қаласында тұрып жатқан қарт қаламгер «Ұрпағың үзілмесін» атты мемуралық тарихи көркем туындысын баспаға әзірлеуде. Бұл кітапта Шүй елінің 1940-1990 жылдар арасындағы тыныс-тіршілігі автордың өз қатысуы арқылы баяндалады. Қосағаш ауданы тарихы мен әдебиетінде Пионер Мұхтасыров шығармашылығының орны әрқашан жоғары тұратындығы сөзсіз.

АҚЫН ӘЖЕ ӘПУЗА ӘМІРЕҚЫЗЫ

Қосағаш ауданын мекендейтін жұртқа Әпуза Әміренова есімі кеңінен танымал. Бүгіндері жасы сексеннің төртеуіне келіп, ардақты ел анасы болған Әпуза әже Шүй өңіріндегі Жаңауылда тұрады.

Төбелер менен Жаңауыл,

Ұстаған дәстүр сәнді ауыл.

Шүйді жатқан мекендеп,

Біріне бірі жан бауыр, -

деп көңілі сергек, көкірегі даңғыл әжеміз өзі жырлаған Шүй өңіріндегі Жаңауыл, Төбелер – қазақтар мекендейтін, қазақы өмірдің тірлігі қайнаған ауылдар. Төмендегі суретте: Әпуза Әміреқызы

Мұндағы елдегі қазақы өмірдің қаймағы әлі де болса сұйыла қойған жоқ деуге болады. Бұған әрине, ана тіл мен салт-дәстүрдің сақшысы мен жоқшысы, аға буынның үлесі зор.

Ана тілім бал тілім,

Зердесін ашқан әркімнің.

Ұлты қазақ балалар,

Ана тіл оқып, ал білім.

Алтайдың терістік бетіндегі қоңырқай таулар арасындағы құба жондағы, қалың алтайлық пен орыстың ортасындағы ат төбеліндей аз қазақтың ортасында жас ұрпақты тілі мен ділін сақтауға шақыратын Әпуза әже сияқты үлкендердің болғанына да шүкір дейсің, мынау жаһандасу дәуірінде.

Мың тоғыз жүз отыз жеті жылым сиыр,

Өлеңге бала жастан болдым үйір.

Құдайдың қуатының арқасында,

Сексеннің үшеуіне толдым биыл, -

деп өзі жырлағанындай, 1937 жылы 16 сәуірде Шүйдің Ақталында дүниеге келген Әпуза Әміреқызы да жастайынан өмірдің қиыншылықтарын көріп өседі. Үш айлығында әкесі Әміре халық жауы ретінде жазықсыз ұсталып, ату жазасына кесіледі. Жетімдік пен жоқшылықтың күйін кеше жүріп жетіледі, ел қатарлы еңбек етіп, әулеттің отанасы атанып, өмірге келген ұрпақтарын тәрбиелейді. «Асыл шүй тұралы ой толғау», «Әдеби толқындары», «Кең байтақ Шүй даласы» атты кітаптарын жинақтап бастырып, оқырмандарына ұсынудағы мақсаты жөнінде ақын әже былай деген екен: «Ата бабамыздың келіп қоныстанған жері осы асыл Шүй болғандықтан, мұнда Шүй жайында, оның жерін-суын, елін, табиғатын, өмірдің өзгерістерін, кең заман мен тар заманның айырмашылығын баяндадым». Ақын жырының арқауы – туған жері мен елі, дәстүрі мен салты:

Қазақпыз көрген жерде сыйласатын,

Басыңа іс түскен де жыласатын.

Таулы Алтайдың мерейлі қазағымыз,

Жоғалтпаған дәстүрлі ата салтын.

Шүй өңірі қазақтарында әлі күнге дейін жақсы сақталған әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің ел арасында ұмытылмай ұрпақтан ұрпаққа аманатталуына аға буын алаңдаулы. Осы тұрғыда кейінгі буын ұрпақтарға қазақтың сөз өнерімен қатар қолөнерін де насихаттап келе жатқан Әпуза Әміреқызының жыр жинақтарындағы өлеңдердің поэтикалық қуатына биік талғам тұрғысында баға бергеннен гөрі, ондағы этнопедагогикалық мағлұматтарға баса мән берген дұрыс деп білеміз.

Қазіргі қалаласқан буын үшін кешегі қазақтың көшпелі тірлігіне, киіз үй аталатын баспанасын тігіп-жығудың қыр-сырын жетік білудің маңызы да шамалы болар. Бірақ бұл – еліміздің өткен тарихы ғой. Мәдениетті жұрт өзінің өткен тарихына, салт-дәстүріне бей-жай қарамайды. Осы тұрғыдан алғанда Әпуза әже сияқты алдыңғы буынның этнографиялық бояулы өлеңдері танымдық тұрғыда қажет. Ал мұндай дүниелер ақын әже шығармашылығында жиі ұшырасады. Ақынның «Киіз үйдің жабдығы – қойдың жүні» атты өлеңі жас буын үшін киіз үйдің бөлік жабдықтары, оның киіз үй құрылымындағы мақсаты қандай екендігі жөніндегі танымдық мәні зор:

Шаңырақ – киіз үйдің терезесі,

Мықты ұстар алпыс уық керегені.

Үзігінің сыртына ою салса,

Сәнденер киіз үйдің дөдегесі...

Шүй өңірінде де бүгіндері малдың өріс-жайылымын бағып тау сағалаған малшылар болмаса, аудан, ауыл халқы барлығы бірдей киіз үйді пайдалана бермейді. Атажұрт қазағында да дәл осындай жағдай. Сондықтан да, киіз үйдің сүйегі мен жабын-жабдығы туралы мағлұматтың қажеттілігі зор. Ең берісін айтқанда, тарихи фильм түсіргенде киіз үй мазақ болмасқа керек қой, мұндай ақпараттар. Мысалы, басқұрдың қандай міндеті болуы мүмкін?

Мықты ұстап керегені жібермейтін,

Қой жүнінен тоқылған жалпақ бас құр.

Қазақтың қалың ортасында, миллиондардың арасында жүрген жанға бұл жазбалар әдепкі дүние болып көрінуі мүмкін, ал өзге елдің аумағында, томаға-тұйық өмір сүріп жатқан ұлт азшылығы үшін әрбір салт пен дәстүрді, әдет пен ғұрыпты ұрпақ жадында жаңғыртып отыру – аса маңызды. Тілді, ділді сақтау жолындағы күрес дегеннің өзі – осы. Әпуза апаның күнделікті өмірде орындалатын сан алуан ғұрыптық әрекеттерді өлең жолдарымен ұсынуын осы мақсат тұрғысында түсінуге болады.

Мысалы, осы елде әлі күнге сақталып келе жатқан жоқтау салтына Әпуза апа жырларынан қаншама үлгі табуға болады. Әрине, біреудікін біреу қайталамайды, бірақ бұл – өзінен кейінгіге нұсқаулық емес пе? Өмірге әкелген ата-ана, ағайын-туыс, дос-жаран өмірден өткенде оған деген қимастық сезімін, бұл өмірде кім болғанын, жеткен жетістігі мен асқақ арманын қайғы үстінде егіле отырып жырлап елге танытатын қазақтан өзге қандай халық бар екен, сірә?

Бисмилла сөздің өрнегі

Туған соң пенде өлмегі.

Жалғанда орны толама

Отырған орны төрдегі, -

деп мәпелеп бағып өсірген аяулы ата-ананы жоқтаса, өмірдің ащы-тұщысын бірге бөліскен жан жарынан айрылғандағы запыран қайғысын өлеңмен өрнектеп жеткізеді:

Төрге бір жайған дастарқан

Сабазым, сүйеу бас қалқам.

Кім сүйеу енді болады

Ұрпақтарыңа жас қалған.

Өмірден өткен адамның соңынан дауыс шығарып жоқтау айту, көңіл айта келген адамдармен көрісу – қазақтың байырғы салты. Ескіліктің қалдығы ретінде көп өңірлерде жойылып кеткенімен, әлі де жұқанасы сақталған фольклорлық жанр. Әпуза әженің этнографиялық әлемі бай. Кейінгі ұрпақ үшін айтып қалдырсам деген ойлары баршылық екенін аңғарамыз. Алайда, кәрілік шіркін өз дегенін жасамай қойсын ба:

Шамшырақтай көзіңді бұлдыратқан кәрілік.

Сымдай түзу бойыңды құлдыратқан кәрілік.

Естіп тұрған құлақты дүлей қылған кәрілік.

Жоқ нәрседен селк етіп үрей қылған кәрілік, -

деп мынау жалған дүниенің баянсыздығын, еріксіз қуып жетер дауасыз кәріліктің қалпын қағазға түсіреді. Әпуза әже осынау ұзақ ғұмырында өмірден көрген-түйгендерін жастарға ғұмырлықсабақ, дидактикалық тәлім ретінде ұсынады:

Жақсылық көрсең тасыма,

Жамандық көрсең жасыма.

Қайғы, уайым егіз ғой

Күлгеннің келер басыңа.

Тағдыр жолында ұшырасқан сан түрлі қиындықтарға мойымай еңсере отырып, екі дәуірдің куәгері ретінде туған өлкесінің әз анасы атанған Әпуза Әміреқызы сексеннің сеңгірінде де шаршадым, шалдықтым деместен сан тақырыпты арқау еткен жырлар жазып, Шүй еліндегі оншақты мың қазақтың ортасындағы қазақ тілі мен дәстүр-салтының сақшысы болып отыр. Қосағаш ауданындағы ақын әже Әпуза Әміреқызының шығармашылығына қысқаша шолу жасағанда осындай болды.

Қазақ әдебиеті мен тарихы – Қазақстандағы қазақ әдебиеті мен Қазақстан тарихынан ауқымды ұғым. Қазақ тарихы, Қазақстан тарихы екі түрлі аспектіде қарастырылуы мүмкін. Алайда қазақ әдебиеті – біртұтас. Осы тұрғыдан алғанда, шетелде тұратын қазақтардың ана тілінде жазған ірілі-ұсақты әдеби дүниелері – біртұтас қазақ әдебиетінің ортақ қазынасы болып есептеледі. Атажұрттан тыс жасаған талай-талай қабырғалы қаламгерлердің, әсіресе тамаша лирик ақындарының туындыларынсыз қазақ әдебиетін елестету де қиын. Қазақ жүрген жерде қазақтың әдеби әлемі болуы үшін ана тілдік орта, аға буыннан жас жеткіншектерге дейнгі аралықтағы тілдік байланыс тұтастығы болуы керек. Өкінішке қарай дәрі осы критерийдің сақталуы жыл өткен сайын қиындай түсуде. Ол туралы жоғарыда айтылған болатын. Ресей Федерациясының Алтай Рсепубликасы, Қосағаш ауданында тұрып жатқан қазақтардың анат тілдік әдеби әлемі туралы шолу жасай отырып, қазақ тілінің шетелдегі қазақтар ортасындағы болашағы жарқын болуынан үміт етеміз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар