Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

31.08.2021 5003

Көшеней жырау 12+

Көшеней жырау - adebiportal.kz

Сыр өңірі – жыр өңірі екені әмбеге аян. Сыр ана – қашанда сүлейлердің отаны. Сыр өңірінің жыршылық дәстүрі бұл күнде кемеліне келген, арнасынан асқан, заманымен үндесіп, өркендеп, өрлеп келе жатқан руханиятымыздың алтын діңгегі. Ондағы жыршылық мәнер Қызылорда облысын ғана емес, Ақтөбенің Ырғыз, Шалқар аудандарында өз ішіне қамтып жатқан сазбен әспеттелген ұланқайыр атырап. Ондағы жыршылық мектеп негізінен Нұртуған, Нартай, Сәрсенбай, Жиенбай сынды жыраулар негізін салған дәстүрге сай бөлінеді. Тарихы тереңге тартқан осынау жыршылық үлгілердің өзіне тән мақамы, орындау мәнері, әуендік ерекшеліктерімен, бітім-болмыстарымен бір-бірінен ерекшеленіп тұрады. Жиенбай жырау салған жыр мектебінің үздік өкілі, жыр жампозы Көшенай Рүстембеков болатын.

Совет үкіметі тұсында қазақтың байырғы, ескі рухани мұраларына шектеу қойылғаны белгілі. Алаштың аймаңдай ұлдарының қолы мен тіліне түскен кісен, ұлтымыздың әншілік, жыршылық, күйшілік өнеріне де бұғау салған болатын. Әсіресе, халық әндері мен жырларының сөзін өзгерту, советтік идеологияға сай қайта жасақтау науқаны кеңінен бел алды. Соның салқыны жыршылық өнерімізге де өз зардабын тигізбей қалған жоқ. Ескі жырларда кезігетін аталы аруақ, киелі таным, діни сарынға қатысты сөздердің бәрі сылынып алынды. Бұл үш тұғырсыз жырдың мән-мәйегін табу, түйсіну қиын еді. Міне осындай аумалы-төкпелі шақта, ұлы даланың бойынан үзілмеген ұлық өнер, Көшенай Рүстембеков сынды саңлақтардың қайта жаңғыртып, түлетуімен ортамызға оралды. Ол дауысының айрықша қуаттылығымен, жырының екпінділігімен, махамының өткірлігімен тәмам елді тамсандырған талант болды. Көп айтылып, көп тыңдалып, жұрт құлағы әбден үйренген жыр-термелердің өзі оның дауысынан тотыдай түрленіп шыға келетін деседі көз көргендер. Қазақ даласын ғана емес, тұтас Мәскеуді таңқалдырып, күллі түрколог ғалымдардың алдында сағаттап жыр толғап, көшпенді жұрттың, көшелі баласы екенін танытқан Көшенай жырау еді ол. Көшенай атақты Жиенбай жыраудың немересі. Және Жиенбай дәстүрін жалғастырып, заманға сай жетілдіріп, дамытушы. Сондықтан Жиенбай жырау туралы бір ауыз әңгіме айтпай кету мүмкін емес сынды.

Жиенбай жырау – Сыр өңіріндегі жыршылық мектепті қалыптастырушылардың бірі. Жиенбай алаштан ат оздырған заман, сөз қадыры сақталған, сөз иесі ардақталған, киіз турырлықты жұрттың салт-санасы, әдет-ғұрпы бұзылмаған айтулы кезең болыпты. Оның үстіне үш жүздің баласына аты шыққан Ешнияз сал, Кете Жүсіп, Тұрымбет жырау, Дүр Оңғар сынды бірінен-бірі озған әйгілі жырау-шешендермен замандас болған. Міне Жиенбай жырау осындай жыршылық дәстүрдің ең кемелді ортасында өсіп-жетіліп тәрбиеленген тұлға. Жиенбай жырау алдыңғы толқын сөзгерлерінің жыршылық үлгісін үйреніп, оны жалғап, өзі ары қарай дамытып, жаңа биікке көтереді. Жырау Жиенбайдың да өз тегінен, аталарынан жыршылық, сөз ұстарту үзілмеген. Әкесі Дүзбенбет қолынан домбырасы, аузынан сөзі түспеген, елге сыйлы, айналасына қадырлы, ардақты жыршылардың бірі болған. Сондықтан да Жиенбай көзін тырнап ашқалы жыр тыңдап, сөз киесін бағамдап өскен. Әкесінің тәрбиесінде алты-жеті жасынан бастап жырлай бастаған. Өсекеле Шораяқтың Омары айтқандай, ақ домбырасын қолға алып, ұшатын құстай қомданып, тоқсан да тоғыз толғанып жыр төккені әмбеге аян. Ол заманның жыршылары таңды таңға, күнді түнге жалғап жыр жырлайтын болған. Өткен тарихи уақиғаларды, батырлар жырын, белгілі кезеңдерге байланысты туған ерлік шежіре-дастандарды көркем сөзбен кестелеп жырлайтын болған. Алпыс екі салалы «Көрұғылы» дастаны да осы Жиенбай жырау жеткізген үлгіде бізге жетіп сақталып отыр. Жиенбайдың нағашы тегі заманының дүлдүл жыршысы Шораяқтың Омарынан тарайды. Жиенбай сол Омардың туған апасынан туады. Атақты жыршыға жиен болып келеді. Есімінде жиеннің құрметіне Жиенбай қойса керек-ті.

Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері Көшеней жырау міне осындай алып жыраудың немересі болып келеді. Көшенейдің әкесі Рүстембек Жиенбай жыраудың тәлім-тәрбиесін алған көшелі сөз иесі болған. Кішкентай күнінен әкесінің аузына қарап, сөзін саптап, жырын жаттап, жыршылық өнерді ерте бойына сіңре бастайды. Жиенбай өзіде ескіше сауатты, хатқа жүйрік адам болған. Заманында алыстағы Түркіменстанға айшылық жол жүріп атақты «Көрұғылы» дастанын алып келеді. Осы өз қолымен көшірген дастанды кішкентай Рүстембекке жаттаттырып отырады екен. Сонда бала кезінен қағылез, алғыр болып өскен Рүстембек «Көрұғылы» дастанын небәрі бір жұманың ішінде жаттап алып, домбырамен жырға қосып айтып кеткен екен. Баяғының жыраулары өзіне дейінгі жыр-дастандарды ұлы қалпын сақтай отырып сазына саз, мақамына мақам қосып өз уақытының тыңдармандарының өлшеміне лайықтап, жетілдіріп, дамытып отыратын болған. Жиенбай жырауда «Көрұғылы» дастанын алып келгеннен кейін, жұрттың тыңдауына лайықтап, жаңаша мақаммен түрлендіріп айтқан. Күні бүгінге дейін «Көрұғылы» дастанының Жиенбай жырау жеткізген үлгісі ел ішіне кең таралып жетуінің де бір мәнісі осында болса керек. Ол заманның жыраулары ел-елді, ауыл-аймақты аралап, ел ішінен жыр үйреніп, ел ішіне өнер шашып жыр жырлағаны тарихтан аян. Кейде тіпті жырауларды арнаулы аттай қалап шақырып, айлап, апталап жатып жыр тыңдайтын болған деседі. Сондай айтулы кештердің бірінде Жиенбай жырау бір сәт тынбай үш күн, үш түн жырлап, жиналған жұрттың құлақ құрышын бір қандырады. Сонда қасындағы үзеңгілес досы іштей алаңдай бастады. Әредікте дүзге шыққан жырауға жолдасы: «Жиеке, абайласақ, кішкене аттың басын тартыңқырап жырласаңыз, жырыңыз түгеп қалып, ұятқа қалмасақ жарады»,- деп көңілдегі алаңын білдіреді. Сонда жырау: «Ой, саспа, бауырым. Әлі үш күн, үш түн жырлайтын қазынам бар»,- деп қысқа қайырған екен. Осы шағын уақиғаның өзі Жиенбай жыраудың кенен ілім иесі екенін аңдатып тұр емес пе? Жиенбайдың заманында ақын-жыраулар біршама дәулетті болғанға ұқсайды. Қазақтың бұрынғы далалық әкімшілік жүйесінің іргесі шетіней бастаса да, бұрынғы үрдіс негізінен сақталғанға ұқсайды. Өнерді бағалайтын, жыр қадырын, сөз қадырын ұғатын ел барда, жыршылардың да тұрмыс-тіршілігі соншалық таршылыққа ұшырамапты. Айталы жыр тыңдағысы келген ел, жырауды арнайы ат жіберіп ауылына алдырады. Барлық күтімін жасап, таңды таңға ұрып жыр жырлатады. Жиналған жұрт айызы қанғанша жыр тыңдап болғасын, жыршы ауылына қайтады. Ауылына жетіп, шамалы уақыт өтер-өтпестен, артынан мал айдап жінтікті жігіттер де келеді. Бұл шұбырған мал жыршыға деген елдің ықылас-пейілінен жиылған мал болатын. Міне, сол заманның жыршылары өз өнерімен, сөзінің асқақ қуатымен ел алақанында еркелеп өмір сүрген. Жиенбай да сол ел мейірінің арқасында өз дәулеті өзіне жеткен кеңқолтық адам болыпты деседі ескі әңгіме. Бір қызығы Жиенбай өте мәрт, алдындағы малын да, аузындағы аталы сөзін де жұрттан аямайтын опалы адам болыпты. Қазір ғана жиылған қора толы малды, сол пышақ үстінде ел-жұртқа, ағайын-туысқа, айналасына тегіс үлестіріп, таратып жіберетін болған. Ол туралы ел ішінде небір таңғажайып әңгімелер әлі де айтылады.

Жыршыны туған немересі Бидас Рүстембековтың айтуынша Жиенбай жыраудың киесі сары жолбарыс болыпты. Жыр жорығында сары жолбарыс құйрығын бұлаңдатып Жиенбайдың алдына түсіп айбатымен жебеп-желеп отыратын болыпты. Бидас ағамыз соған қатысты мынандай бір қызық деректі айтады. Бірде Жиенбай жырау мен Төребай би екеуі жолдың қилысында қапияда ұшырасып қалады. Сонда жасы үлкен әрі би, әрі ел басқарған адам Төребай Жиенбайға жол беріп, өтіп кетуін сұрайды. Артынан Төребай бидің нөкерлері, өзіңізден жасы кіші жыршыға жол бергеніңіздің мәнісі не деп сұрағанда Төребай би: «Жиенбайдың киесі сары жолбарыс қой, ол өзі албаты көріне бермейді. Жаңа екеміз қарсы кеп қалғанда сол жолбарысы алдыма келіп айбатын шегіп жатып алды. Жол бермесем маған атылып жарып тастайтын түрі бар» деп баян етіпті. Жалпы қазақ жыршыларының өмір тарихында бұндай үрдіс жиі кездеседі. Сөз қонған, аруақ қонған сөзгерлердің осындай тылсым күшке ие жебеушілері болатыны әдебиетіміздің тарихынан белгілі. Сондай-ақ, Жиенбайдың ұлы атақты жыршы Рүстембектің де сондай жыр киесі бура болып қуатын болған деседі. Жыршы Бидас ағамыздың айтуынша Көшеней жырауға да сол атасы Жиенбайдың сары жолбарысы сөз киесі қонғанға ұқсайды. Бидас аға ол уақиғаны былай деп еске алады. Көшенейдің жыр әліппесін енді ашып, жыршылық жолға біржола түсуге ниеттеніп, талаптанып жүрген кезі еді. Екеміз бір бөлмеде ұйықтаймыз. Бірде түн ортасында Көшенейдің айғайлап, қорқып оянған ащы дауысы шықты. Үйдегілердің бәрі шошынған дауыстан оянып кеттік. Іргелес бөлмеден шешем де келіп, мән-жайды сұрап жатыр. Сүйтсек, Көшенейдің түсіне бір әйдік сарыжолбарыс кіріп, арқасына келіп бас салғанда жырау бала оқыс шошып ояныпты. Бұны үйдегі үлкендер жақсылыққа балады. Атаңның сарыжолбарысы тістесе, өнеріңнің өрге басайын деп тұрғаны екен деп бәріміз қайырлы болсын айтып, жақсылыққа жорыдық. Бидас ағамыз айтқан осы әңгімеден кейін-ақ, шынымен де Көшенейдің жыршылық жолы қалыптасып, тез өсіп, тез жетіле бастайды. Жыршылықтың кемеңгер жолына да басқалардан көрі ертерек түседі.

Көшеней жыраудың түсіне атасы Жиенбайдың пірі келіп құт дарытқасын, жас жыраудың тасы өрге домалай жөнеледі. Дауысына айрықша қуат бітіп, шабыттанып, шарықтай түседі. Оның дарын қабылеті, орындаушылық шеберлігінің шыңдалғаны сондай, Көшеней орындаған жыр-термені бейжай отырып тыңдау мүмкін емес деседі. Оның әсем дауысымен қабат өріліп шығатын нақыл сөздер сол сәтте миыңа шегеленіп, тыңдаушы халық қоғадай жапырылатын болған. Көшеней Рүстембековтың тамылжытып ән айтатын да өнері болыпты. Бірде композитор Әсет Бейсеуов арнайы іздеп келіп екі әнін айтқызып, аса ыриза болып қайтқан көрінеді. Осындай аталы жұртының аузына ерте іліккен Көшеней жыраудың өмірі соншалық қысқа болғаны өкінішті-ақ. 1973 жылы наурыз айында Көшеней Рүстембеков арнаулы делегацияның құрамында Мәскеу қаласына арнайы өнер сапарына аттанады. Сол Мәскеуде сағаттап жыр-жырлап тыңдармнның құлақ құрышын қандыра жырлайды. Әдебиет және өнер зерттеуші, түрколог ғалымдардың алдында «Көрұғылы» дастанын жырлап, алаш ұранды ағайынның алапатын асырады. Өкініштісі Мәскеудегі сол сапардан Көшеней жырау аман-есен еліне орала алмады. Інісі Бидас Рүстембековтың айтуынша жыршының өлімі күні бүгінге дейін жұмбақ. Жыршы Бидас сол ауыр күндер туралы: «Қауіпсіздік дегенді ешкім ойына алмаған, жанына жанашыр ешкім ілеспеген. Көшекең өзі батыр, аңқылдақ, ақкөңіл адам, біреуге көмектескісі келіп тұрады. Спортпен айналысады, анау-мынауға әл бере қоймайды. Әдейі қастандық жасалды ма деген күдік бар. Кейін Мәскеуге Көшеней Рүстембековтің өлімін анықтап беру жөнінде арнайы сауал жолдадық. «Қастандық жасалмаған. Өзі кінәлі, рұқсат етілмеген жерден өткен» деген жауап алдық»,- деп еске алады. Олардың айтуынша жыршы жүйткіп келе жатқан электричканың алдынан қасындағы серіктерін құтқарып қаламын деп арпалысып жүрген сәтінде, өзін іліп әкетіп қапияда мерт болыпты. Жедел жәрдем шақырылып, барыншы шұғыл құтқару шаралары жүрілгенмен, ауруханаға жетіп үлгірмей жаны үзіліп кеткен сыңайлы. Ол қаралы күн, 1973 жылдың жирма жетінші наурызы екен. Сол жылы Көшеней жырау жарқылдап тұрған алмастай жирма жеті-ақ жаста болыпты.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар