Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Көшпелі кітап сөресі...

21.06.2018 4546

Көшпелі кітап сөресі

Көшпелі кітап сөресі - adebiportal.kz

немесе

болашақтың өркениеті кімнің қолында?

Қазіргі уақыттағы адамдармен салыстырғанда, бұрынғы көненің көздері ақыл-ой, парасат иірімдеріне ынтық болған. Және, ибалы ой мен ғибратты істің ілгерлеуіне қызмет еткен. Иниститут бітірмесе де адамзаттық құндылықтарды насихаттауға келгенде көкірегі даңғыл, сөзге алымды екенін таныта алатын.

Әрине, әлемдік қарыштау үрдісінде адам баласының соншама кең мүмкіндікке, озық техналогияларды меңгеруде прогрессивті динамикамен оқшау кеткеніне шүбә жоқ. Қазір бір жарым, екі жастағы сәби компьютерді қосып, «жұмыс столындағы» өзіне керекті дүниені ашып алады. Бұл ешқашан болмаған көрініс.

Баяғыда біздің бала кезімізде «Весна-308» деген қара-ақ түсті кішкентай теледидар кең тараған. Оның орны төргі қонақ бөлме, әрі, беті жұқа әдемі бұлмен жабылулы тұрады. Тек киноның уақыты келгенде ғана қосылып, ол аяқталғанда қайта солай қымталып шымылдықпен бүркеледі. Үлкендер «қоса бермеңдер, күйіп кетеді» деген ескертуді міндетті түрде айтады. Сонымен оған беталбат жууға дәтің бара бермейді. Ал, керісінше, кітапты қанша оқысаң да өз еркің.

Бүгінгі балалардың бір ерекшелігі «техника сынып қалады, тиіспе» деген тиым жоқ. Сондықтан сәби көңілінің ынтызарлығы ауғанда, электронды ақпарат тұрмыстық құралдарын емін-еркін ұстауға шектеу қойылмаған. Бұл оның технологиялық бейімділігін шыңдай түсетіні белгілі. Алайда, жоғарыда біз айтқан парасат пен аталы сөз құнын түсінуден алыстай береді. Биттайынан «өзгелердің өнімін» белсенді тұтынушылардың қатарына еніп кетеді.

Заманымыздың ілім-білімі дамығанымен (оның өзінде оны белгілі адамдар шоғыры ілгерлетіп отыр), өкінішке орай ол, жалпы адамзаттық игіліктерге бағытталған. Соның нәтижесінде біртекті ойлайтын, бір тілге бейімделген әлеуметтік топтар қалыптасып келеді. Олар ана тіліндегі дүниелерді айтпағанда, кітап атаулыға үңілмейді. Керекті мәліметті смартфоннан алады. Смартфон бөлек жүрген жанына айналған.

Қазіргі ахуал, бойдағы ұлттық ерекшеліктерді солғындататын әрекеттерге мейлінше бейім. Сондықтан халықтық құндылыққа қызмет ету ісі аздық етіп жатады. Мұны қаперлей қоятын әлеуметтің аужалы қалмай, апшып барады. Өйткені, кісілік болмысты шыңдайтын қадамдардан гөрі, тұрмыстық қажеттілікті өтейтін амалдарға көбірек тап келеміз. Адам аяғы қалың тұстарда әртүрлі бұйымдарды жарнамалап жүрген қуыршақша киінген персонаждарды жиі ұшырастырамыз. Костюмінің өзі назарды аударып, «мен мұндалайды». Олар подгузник, иіс және сабын су сияқты арзанқол нәрселерді ұсыну қызметін атқарады.

Дәл осындай көпшіліктің әжетіне қажет нәрселер 19 ғасырда болмады ма?.. Болды. Бірақ, соны дабыралатып, таралуына, содан пайда табуға саудагерлер құлшына атсалыспады. Керісінше, имандылықты үйіретін кітаптарды насихаттады, таратты, саудалады.

Әлбетте, тұрмыстық сананың бұған қатысы жоқ деген қате болар, алайда, мәдениетті, ұлттық рухты елге ұсыну арқылы пайдасын тапты. Мұндай саудагерден айналып кетпейсің бе?

Міне, соның дәлелі, төмендегі суреттегі «көшпелі кітап сөресі».

19 ғасырда Еуропада елдің бәрі жаппай оқуға көшті. Кітапты оқу, оны қонақта немесе достарының арасында баяндап қайта айту, соған сай келесі адамдардың үн қатып отыруы – үлкен мәдениеттің көрінісі болып саналатын. Ондай жиында әлгі романның мазмұнын білмей қалса, орасан кемшілік.

Көршіміз Ресейде «Современник» деген журналды оқымайтын зиялы болмайтын. Оның бір санын жіберіп алу, жарты дүниені жоғалтқанмен тең. Басылымның әрбір авторы жұрт арасында аңызға айналды.

Дәл сондай көрініс қазақ елінде де болды. Көзі ашық зиялылар «Айқап» журналын сұрататын, іздейтін.

Сол сияқты, театрдан қалу да көргенсіздіктің белгісі іспетті. Кейбір ақсүйектер ложаларды тұтастай маусымға бір-ақ сатып алып, өзіне «меншіктеп» қояды екен.

Бұрынғы киноларды көрсеңіз, бәрі кітап оқып отрады. «Спорт лото-82» деген комедияда купедегі төрт жолаушыда бір-бірден кітап бар. Осы сюжет арқылы кітапты, әдебиетті насихаттау жолдарын қарастырған. Ұтымды әдіс.

Ақыры бүгін келіп, өркениеттің салдары оқитын емес, көретін заманға алып келді. Көпшілік орындарда әлденәрсені сәл бөгеліп күтсе, бәрі телефондарын алып шұқшия қалады. Ешкімді тілге тартып әуре болмайды, сырласы жан қалтасында.

Сонымен, негізгі айтпағымыз кітап саудалау ісі болатын. Қазақстанда кітап сататын дүкендер орыс тілді және шетел әдебиеттерін ғана халыққа ұсынады. Тәбәрік (сувенир) ретінде шыққан қазақ тіліндегі бірен-саран кітап болмаса, қазақ қаламгерлерінің дүниесі жоқ. Қазақ қаламгерлерінің дүниелері кітап болып басылып, бірден кітапханаға кетеді. Ол жерде бірен-саран жұрт болмаса оны ешкім біліп, танып, тұшынған хал кеше алмас.

Осы күні барған үйлерден сөреден кітап та көрмейсің. Өйткені, кітап сату мәдениеті әлеумет ұғымынан сызылып тасталған. Кітап сатылмайтынын білген жұрт үйлерінде кітап та ұстамайтын болды. Бұл – ұлтты төл құндылықтарынан алыстатудың таптырмас амалы.

Сондықтан, кітап сату жүлгесін (сеть) қайта қарап, оңтайлы шешімдер қабылдайтын кез келді. Бұл елдің ақсап тұрған ішкі саясатының бір күрделі тармағы. Қазіргі уақытта спортшы өзінің күш-қайраты мен бейімін көрсетіп ақша табады. Әнші әнін айтып, қалтасын сықап шылқып жүр. Жазушы жазған дүниесін кітап дүкендерде сатып, игілігін көре алмай отыр.

Өткенде Қарағанды қаласындағы Серік Сапиев атындағы бокс орталығының қонақүйіне тоқтағанда, номердегі сөреге жиналған кітаптарды көріп қайран қалдым. Кітапты насихаттаудың әрі мәдениеттің үлгісіне ішің жылиды.

Қазақ тілді кітаптарды саудалау, тарату үрдісінде іркіліс болғанымен, соған қарамай кітапқұмарлар оқу үстінде. 2016 жылы күзде Талдықорған қаласында әдеби кітаптарды көшеде жұртшылыққа ұсыну шарасы өтті. Адамдар алып кетіп жатты. Маған бір бойжеткеннің «сіздің кітабыңызды алып, оқып жатырмын» деген жазбасы көңілге жылылық ұялатты. Бірақ осы шара жалғасын таппай қалды.

Сол кезде жоғарыдағы суреттегі көшпелі кітап сөресін иығына артқан әйелдің бейнесі көз алдыма келді.

Әйел нәзік иығымен АДАМЗАТ ҚҰНДЫЛЫҒЫН көтеріп тұр. Ақыл-ойды, көркемдікті, ибалықты, жалпы, рухани құндылықтарды насихаттаудан, ел ұтылмаса керек.

Елінің ұлттық жадысы бүтін, ибасы берік мемлекет – болашақтың өркениетін өз қолына алып, көш бастайтыны кәміл...

Суреттер интернет торабынан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар