Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Қу қаңбақтан ауыр болсақ бір мысқал...

02.03.2021 3469

Қу қаңбақтан ауыр болсақ бір мысқал 12+

Қу қаңбақтан ауыр болсақ бір мысқал - adebiportal.kz

Алтайдың күн бетіндегі қазақ аймағы Баян-Өлгийдің ең батысында, Атажұрттың ең шығыс шекарасынан қозыкөш жерде, самаладай Бестәңір шыңның баурында жатқан Ойғыр атты өңір бар. Суы тұнық, шөбі шүйгін, тақта-тақта тастары бағзы дәуірдің суретіне, сай-саласы самсаған сынтастарға толы Ойғыр - есімі шартарапқа жайылған қалам иелері көптеп шыққан өлке. Сол алдыңғы толқынның ізін басам деген талабы бар жас ақын Мырзатхан Танжираұлының бір топ өлеңін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Редакциядан

Арман-бейіт басында

Уақыт бітер, өмірдің жалғасы бар.

Шексіздік!

Толқындай қамаукөз жарға асығар,

Көп жүздік.

Түннің талмауыр жүйкесін шымырлатып,

Егілдік.

Қарсы жолға жармақ мұз қырын қатып,

Берілдік.

Берілдік біз неліктен, жарып өтпей,

Күл парша!?

Арман-бейіт басында ессіз сауық

Құрғанша?!

Мұз құрсауда өзіңмен келесі өмір,

Басталар,

Жаназамызды оқыса, «БАҚЫТ»,

Басқалар!

Әжине ұяты

(немесе пенделік формула)

Үппеге зілдей бопса айтам,

Албасты алжып жаңылған.

Шығармыз біздер «көк сайтан»

Адамның сойын жамылған.

Өрбітер шайтан әулеті;

«Шайтанды» – заңды Құзырдан.

Заманда сотқар әулекі,

Заңдылықтар бұзылған.

Жүрегі бұлттың жыртылып,

Сорасы жерге жауады ә!

Түлен түнеп – жын қырық,

Жатыры шіріп Хауана!

Нәсілі асыл «адамнан»

Азғырынды «пендеге»

Айналдық та жанарда...

Тоқырап жасын-шер неге?!

«Қарашұнақ» сүрлеуі...

Ақбөкен – жайсан қан жоса.

Өлемді біліп үргені:

- «Өлмеуге, кәні, қам жаса!»

…Әжине соңғы қайғырған;

«Адаммын!» - демес батылы.

Таралдық деп маймылдан

Тарихты жаздық ақыры.

«Соңғы ұятымыз» шығар бұл!???

- Ха-ха-ха!?...

Қасиетсіз құйқа

«Үш арқарға» адырна тартқан шімірікпей,

Қасиетсіз құйқа бастан түршігем.

Түршігем де күрсінем.

Шыр-шыр шыжбалақ шіркейлерді жүнжіген;

Дүние үшін!

(Садақаға шығарып...)

Ата аруағы асатардай күрзімен.

Жүгенсіздің жүген аттап ер тепкенін,

Көргенімде: өлез сана, қараң, тұл.

Жаудан да қиын, жау алғыр!

Тарихтағы ең алымды, ең қарымды кейіпкер;

Ұрпақ үшін шаһид кеткен есіл ер!

«Әтек бол!..», - деп қарғанады бейіттер.

Бүгін неге?!...

Мистика (Мендік әлем)

Зау ғарышта ойларым кісінейді,

«Көк боз ат» үйірінен.

Айдың мыстан түсі, кейпі...

Жо-жоқ, аңыздар күйі білем!

Тұяғым кенет тетігіне батқанда,

Уақыт... Ғажап!

Зуылдаған ұршық ай....

Бағзы. Мынау сәнді де бақты орда.

Ханзада. Алтын сауыт. Қыршыны-ай!

Шіренгені дүлдүл пырақ белінде,

Аңыздағы «скифтер».

Маған – тұқиян...

Бөрі жанар, бөрі тыныс демін де,

Сезіп тұрмын жан-тәніммен мұқият.

Қауқыметтің ғаламаты досым һәм,

Періште әлем парағымды от алды,

Өткен шақтан ораларда тосыннан,

Көріп қалдым риясыз атамды.

Қалайша?!...

***

Көкжелкемнен мыта ұстап дедектеткен,

Қарайлаймын өміріме өбектеп мен.

Талға асылып жан үзген ақ жаңбырдай,

Мәнсіз, нұрсыз өлгісі келед деп пе ең?!

Алмас кездік тар келген қынды қынар,

Білмеймін, ондық оңар, мыңдық оңар...

Күнді шексіз сүйер ем «есалаңдай»,

Көлеңкеде булыққан шындық. Обал!

Кетік үміт құрысын келсаптағы,

Нық сеніммен атайын, бер, сақпанды!

Ауыр ойдан арқалап ауыр арман,

Ғұлама құзда бүрлер ен шаттағы.

Құс жолында үзілген қауырсында,

Ғарыштағы ғаламат көрші ақпары:

- Адам ойдың қолшоқпары!!!

Дүңгіршек бас

Мен де, сен де бір-бір ерден сілекей;

Тобығына теңгермеген топан су.

Үппе уақыт құйысқаны – «бір егей»

Су шайқаған дүңгіршегі – кесірі.

Сасық мақтан

қолқа-жүрек тұтқырлап,

Шымылдық көз. Құлқынсана «гөй-гөйі»

Әттең қапы...

Мәңкүр-Нүңкір ұқтырмақ:

Жер астында ізі де жоқ пенделік.

Өлілердің айқайы...

Емі-і-іс-емііі-ісс шалынып,

Зар үгіп!

Қыс пәлсапасы

Буға түсіп бусанғандай тал-қайын,

Мұздың демі қас-кірпігін шарпыған.

Ақ матадан сарт-сарт түйіп маңдайын,

Жота-қырат тәу ететін – салтынан.

Қарға ауған аш түлкідей қутыңдап,

Сай-саланы тіміскиді үскірік.

Саятшы қарт қыранымен тың тыңдап,

Жарау күрең қар тарпиды пысқырып.

«Қаңтар шілде».

Түтігеді дала өңі,

«Ақ жорғаның» табанында ақ құрыш.

Ерте қашқан кер саулықтың әлегі...

Кереқапта тербеледі пәк тыныс!

Үкілеткен пұшпақ тымақ Алтай паң,

Қабаттапты саптама етік, мұйығын.

Күн сетер де қос құлағы қалқайған,

Ақ торғынға салады көз қиығын.

Долы аяз күзендейін шақылдап,

Қызылдатқан ымырт кезі – уайым.

Құрақ көрпе, қасқыр ішік қымтанып,

Жаратылыс танып жатты «Құдайын!»

Түн. Қыс. Тағы да...

Даңғаза

Ақ сағымдай сусып кеткен жылдар, ай.

Аңдамайсың!

Іште дүлей жын бар-ай!

«Күрестім мен берілместен», - дейсің ғой,

Маңғаз өмір қалжыңдайды шындамай...

Тау да оңай! Құм да оңай!

Деміктірсе өкпемізді қаптап ыс.

Күйгелектік ақ ауызым – ақ таныс.

Қу қаңбақтан ауыр болсақ бір мысқал,

Пәруана пенделерге мақтаныш.

Әй, қайдам, тоқтаңыз!

Лепірме саяздықтан.

Бір жүре –

Борықтықтан бойыңды аулақ, жүнжіме!

Сәл беріктеу бола білсек жаңғақтан,

Өмір соққан күрзіге.

Ерлік сол, жүнжіме!

Қараша жапырағымен бақұлдасу

Жетелесе бақиға уақыт бір адым,

Өткенді ойлап жанарыңды шыладың.

Қабыршық мұз қалқасынан қиылып,

Бақұлдасты бұлғаң бұла бұлағың.

Тау күрсінді қолына ұстап тымағын,

Көрдің бе анық, самайының қырауын!?

Сені ғана қанжығалап тынбайды,

Бізді тағы тырайтады мынауың!

Өмір, уақыт өтті-кетті тым жылдам,

Түссе дағы түсіп бермес ұнжырғаң.

Қарашада қалт-құлт еткен қарт түгіл,

Талай кетті көктеуікте қыршыннан.

Түбі түгел кептелетін кебінге,

Өмірге бұл шамырқанба, тебінбе.

Тұр жапырақ бар иманын үйіріп,

Бір жапырақ арыз тастап өмірге.

Тітіркенген тағдырынан тік талдың,

Түйсініп те сезініп те ұққанмын,

Осы күйді кешіреміз бәрібір,

Екі жасын жасасақ та Лұқманның.

Әлмисақтан бір сарынды оқиға,

(Теңіз тірлік бір тамшыға тати ма?)

Жапырақтың жүрегіне жыр жазып,

Басын сүйеп аттандырдым бақиға...

Мырзатхан Танжираұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар