Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Қуандық Шамахайұлы. Бет...

14.05.2020 5406

Қуандық Шамахайұлы. Бет 16+

Қуандық Шамахайұлы. Бет - adebiportal.kz

(әңгме)

Жобалау институтына қарасты ғылыми орталықта тоғыз жігіт бірге қызмет етеміз. Негізі, бастықты қосқанда он адамбыз. Бас дирекциямыз қаладағы ең тәуір аумақта, үкімет үйіне таяу жерде орналасқан. Ал, біздің орталық қала шетіндегі көнетоздау ғимараттың астыңғы қабатындағы ат шаптырым залда. Орталықтың басшысы жасы елуді еңсерген, техника ғылымының докторы Бақтыбай деген кісі біз орналасқан кең залдың түкпіріндегі аядай бір бөлмесінде оқшау отырады.

Ортамызда таяудағы бірер айда зейнеткерлікке шыққалы отырған бір ғана ақсақалымыз бар. Қалғандарымыз негізінен құрдастармыз десек те болады. Арамызда бір-екі жас айырмашылық болуы мүмкін. Бірақ, оны есепке алып жатпаймыз. Талай жылдан бері бірге қызмет етіп келе жатқандықтан, емен-жарқын әңгімелесіп, әзілдесіп, қауқылдасып дегендей дуылдасқанда кәдімгі бір топтағы студент-жастар секілдіміз.

Зейнеткерлікке шыққалы жүрген Болат аға да өзінің екі мүшелге таяу үлкендігін ұмытып кетеді де бізбен тең құрбысындай қалжыңдасып, бірге ойнап-күліп жүргені. Түскі үзілісте мекеменің қасындағы асханада он еркек бір ұзын үстелге жайғасып алып, тойда отырғандай-ақ арқа-жарқа боламыз.

Басшымыз Бақтыбай да кішіпейіл кісі. Бәз біреулер құсап шікірейіп, ыңыранып отырмайды. Бәрімізбен тең дәрежеде қарым-қатынас жасайды. Ешкімді алалап, бөліп-жарып жатпайды. Қыл аяғы жиналыстың өзін ресмилендіруден аулақ. Түкпірдегі шағын кабинетінен шығып келіп, кез-келген мәселені топ ортаға сала қояды. Бәріміз шуылдасып отырып талқылаймыз да, қандай күрмеуі қиын түйін болса да әп-сәтте оп-оңай шеше саламыз. Бәзбір мекемелердегі қызметкерлер секілді “Пәлен Пәштуанович, Түгенше Түгеншеевич” деп кеңсенің қасаң тілімен майпоздап, сызылып тұрмаймыз. “Бәке, Қалеке” деп кәдімгі қазақы мінез-құлықпен еш жасандылықсыз шынайы қатынасып, сыйласамыз. Өзімізге осы үрдісіміз жеңіл әрі өте ыңғайлы.

Орталықтағы қызметіміз барысында Бақтыбайдан өзгеміз галстук та тақпаймыз. Ғылыми мамандар болғандықтан шығармашылыққа етене жақындығымыздан солай шығармыз. Жалпы, қалай десек те, арамызда еркіндікпен қатар іскерлік ерекше мәдениет қалыптасқан жайы бар.

Атқаратын ісіміз мемлекеттік қызметтен тендер арқылы сатылып алынатын жобалық қызмет түрлері. Сырттай қараған жандарға бастығы мен бағынушысы қайсы екенін айыру қиын көрінуі мүмкін. Бірақ, ақсап жатқан жұмыс атаулы жоқ. Бәріміз де ісімізге мығым, жауапкершілігіміз өте жоғары екендігін бұл жерде айта кеткен дұрыс болар. Жалпы, күні бүгінге дейін біздің ұжымға мұндай еркіндіктің пайдасы болмаса, зиян шектірген кезі жоқ. Бұдан болып, беталды ауа жайылып кеткен жеріміз де болған емес.

Ешқайсымыз жауаптанған ісімізге салқынын тигізетіндей оғаш әрекетке бармаймыз. Қандай күрделі жоба ұсынылса да еңсеріп, ойдағыдай игеріп алып шығамыз. Оны жоғары басшылардан тыс министрліктегілердің өзі бұрыннан жақсы біледі. Өз саламызда кез-келген жобаны тез игеріп, сапалы жасап тастайтынымызға көздері жеткен. Сондықтан да шығар, атқарған жобаларымыздан осыған дейін титтей шикілік шыққан емес.

Күнкөрістің жалғыз көзі тендер мен грант болғандықтан, тапсырыс арқылы түскен жобаларды жұмыла көтеріп, тиісті мерзімінде тас түйін тындырып тастап келесі бірін күтіп отырамыз. Обалы нешік, жігіттеріміз білікті әрі өз кәсібін жетік меңгерген шетінен “сен тұр, мен атайын” дерліктей-ақ таңдаулы мамандар. Біздің орталықтың қызметіне бас дирекциядағылар да дән риза. Тоқсандық, жылдық жұмыстардың есептік жиындарында үнемі мадақталып жатамыз. Қысқасы, елде жоқ демократияны біздің орталық баяғыда орнықтырып қойған десем, тым артық кетпеспін деп ойлаймын.

Бас дирекцияда Дәрмен дейтін бір қалжыңбас жігіт бар. Ол біздің орталықты жауаптанған үйлестіруші. Аптасына бір-екі рет келіп, шаруа-жайымызбен танысып, бақылау-тексеріс жасап, шұғыл тапсырыстарға ұсыныс жасап жүреді. Сол Дәрмен бізге “тоғыз тоңқылдақ, бір шіңкілдек” деп ат қойып алған. Кейін ол атау бүкіл ұжымға тарап кетіпті. Бастығымыз Бақтыбайдың бойы аласа, дене-бітімі де нәзіктеу кісі. Соған бейімделген болса керек, дауысы да тым жіңішке. Дәлізде келе жатып үнін естісең әйел адам сөйлеп жатыр екен деп қаласың. Дәрменнің қойған сол атауы шынымен де біздің орталыққа атап соққандай дәл келеді деуге болады. Бақтыбай шіңкілдеп, жөн сілтейді, біз тоғызымыз тоңқылдап, жобалау жұмыстарын атқарамыз. Алғаш естігенде сәл біртүрлілеу сезілгенімен кейін оған құлағымыз үйір болғаны сонша, мүлде ерсі көрмей кеттік.

Бірде барша ұжым жиналысы басталарда бас директордың өзі мінберде тұрып алып, залда отырған Бақтыбайға:

- Бәке, сіздің тоғыз тоңқылдақ түгел ме? - деп, сұрап жұртты ду күлдіргені бар. Оған Бақтыбайдың міз бақпайтыны соншалық:

- Бәрі осында! - деп, жайбарақат жауап бергенін айтсаңшы.

Сөйтіп жүргенде, Болат ағамызға зейнет демалысына шығып, жұмыстан кететін болды. Осы орайда, мына бір жағдайды тілге тиек ете кетейінші.

Корей жұртында бір қызық үрдіс бар екен. Ол жайлы Оңтүстік Кореяда жиырма жыл тұрып жатқан бір досымнан естіген едім. Бұл елде бірге қызмет етіп жүрген кезінде жақын сырлас, сыйлас болған жандар қайсы бірі бұйрық бойынша қызметтен босаса онымен ешбірі сөйлеспей бәрі сырт айналады екен. Тіпті, қоштаспайды да. Әрі-беріден соң көшеде ұшырасып қалса, аман-сәлемін де алмайтын көрінеді. Онысының не сыры барын кім біліпті. Нағыз “әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа” дейтіннің кері шығар.

Біз енді, корей емеспіз. Кәдімгі қазақпыз. Салт-санамыз мүлде басқа ғой. Болат ағамен қимай-қимай қоштастық. Бас дирекциядан жауапты қызметкерлер келіп, шағын жиын өткізді. Олар құр қол келмепті. Министрліктен “үздік қызметкер” деген төсбелгі мен куәлік әкеліп салтанатты түрде тапсырды. Бақтыбай бастап, біз қостап құттықтау сөз сөйледік. Ағамыздың көңілі босады. Еңіреп жылап жібермесе де, көзі жасауырап тұрып, бәрімізге алғысын жаудырып, аптаның соңында болатын тойына шақыру таратты. Бәріміз алма-кезек құшақтап, шығарып салдық.

Ортамыздан бір адам кеткеннің өзі тым жайсыздау екен, біртүрлі қоңылтақсып қалдық. Қатты бауыр басып қалғанбыз ғой. Болат ағаның орнына бір қызметкер келеді деп естігенбіз. Бірақ, оншақты күндей ол кісінің үстелі бос тұрды. Жұмысын сегіз жігіт бөлісіп алғанбыз, пәлендей қиындық туа қойған жоқ.

Бір күні таңертең бәріміз жиналып, әдеттегідей дуылдасып, жұмысымызға қызу кірісіп жатқанбыз. Сырттан біздің бас директордың орынбасары, Бақтыбай және бір жас келіншек үшеуі кірді. Әдетте бізді бас дирекциямен байланыстыратын адам Дәрмен ғой. Ол еңбек демалысынан орала қоймағандықтан, оны-мұны шаруалармен директордың орынбасары соңғы кезде жиі бас сұғып жүр.

Үшеуі кіріп сәлемдескенде, біздің орталықтағы сегіз жігіттің он алты көзі бір сәтте әлгі жас келіншекке найзадай қадалды да қалды. Сілтідей тынған тыныштық орнады. Бәрінің ауыздары ашылып, әлгі келіншектің сұлулығына таңдана қарап қалғандары сырттай байқаған кімге болса да ап-анық аңғарылар еді.

Қысқасы, топ ортаға айдай сұлу бір ару көктен түсе қалды. Бастықтар оны Болат ағаның босаған орнына сән-салтанатпен отырғызып бізге таныстырды.

- Білімі - жоғары. Жасы отыз екіде. Екі балалы. Аты Әлима. Сіздердің үйлестірушілеріңіз Дәрменнің курстасы - деп, директордың орынбасары қысқа қайырды да жөніне кетті...

Әлиманың қызметке қарым-қабілеті анау айтарлықтай тәуір болмай шықты. Тіпті, жобалаудың ең қарапайым дүниелерінен де бейхабар екен. Оған бірдеме үйретіп, жұмысқа тартамын деген Бақтыбайдың құлшынысынан еш нәтиже шықпады. Ақыры, оның жұмысын сегіз жігітке теңдей бөліп беріп, тынышталғандай болды.

Дегенмен, Әлима қол қусырып қарап отырмады. Орталықты бұрынғыдан күрт өзгертіп жіберді. Біз осы күнге дейін кабинетімізде перде тұтып көрмеппіз. Әлима завхозды шақырып әкеліп, оны жолға қойды. Кеңсе жиһаздарын түгел ауыстыртып, еденге кілем төсеттіріп, орталықты жайнатып жіберді. Бір бұрышқа шағын ас үй іспетті студия жасатып, газ және қысқа толқынды пеш орнаттырып тастады. Ыдыс-аяқтың неше атасын алдырып, анау-мынау шайханадан кем түспейтін етіп жабдықтады.

Енді, көрші асхананың есігін ашпайтын болдық. Бәріміз түскі үзілісте сол бұрышта отырып тамақтанамыз. Әлима майысып отырып, шәй құяды. Заты әйел адам ғой, ас әзірлеудің хас шебері екен. Жедел әрі дәмді етіп лезде пісіріп алдымызға қоя салады. Дәмі тіл үйіреді дерсің.

Одан да тыс елеулі өзгерістер жетіп артылады. Орталық жігіттерінің киім-киіс, жүріс-тұрыстары да бұрынғымен салыстыруға келмейтін ірі өзгеріске енді.

Шырттай боп киініп келеміз. Үстімізде сәнді костюм, мойнымызда галстук, шаштарымыздың өзі әдемілеп басылған және сиыр жалағандай тараулы. Өзіміз Дударай деп атап кеткен бұйра бас Саматтың да желке шашы қысқарып, шалбарының қыры пышақтың жүзіндей үтіктеліп, жарқырап келетін болды. Алғашында өзімізді театрға келген депутаттардай сезініп, біртүрлі бейімделе алмай жүр едік. Жүре-келе оған да үйреніп алдық.

Жарайды, бұл мәселенің бір жағы ғана. Енді, одан маңызды өзгерістерді айтпай кетуге тағы болмас. Әлима орталықтағы азғана топтың бұрын шешілмеген көптеген жеке мәселелерін реттеуге келгенде, қала әкімдігі мен әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінің өзін шаң қаптырды деуге болады. Оншақты жыл бойы тұрған пәтерінің кезегі алға бір елі де жылжымай қойған екі әріптесімізді әп-сәтте қуанышқа кенелтті. Екеуінің уәжін тыңдай сала бар-жоғы екі мәрте телефон соқты да, ертеңінде-ақ жаңа пәтердің кілтін қолдарына табыс етті. Баспаналы болған екеудің қуанышы қойнына сыймай қалай разы-хош болғанын сөзбен айтып жеткізу тіпті де мүмкін емес.

Күтпеген жерден Әлиманың арқасында қаланың ішінен он сотық жер телімін алып менің де талай жылғы арманым орындалды. Қала әкімдігіне құжат тапсырып кезек күткеніме жиырма жылға жуықтап қалған еді. Оны да бір ғана қоңыраумен екі минутта шешіп бере салды. Екі өкпемді қолға алып, жер комитетіне жүгіріп жетсем, бұрын сәлемімді алмақ түгіл есігінен қаратпай ит қосып қуатын комитет төрағасы дәлізге өзі шығып келіп, мені ерекше ілтипатпен қарсы алды да, күллі құжатымды алақаныма салды.

Жылдар бойы шешілмеген көп шаруаларымыз тек Әлиманың арқасында ғана лезде жолға қойылып жатты. Біреулер ешқандай кезексіз-ақ кішкентайларын балабақшаға қабылдатса, енді бірі жоғары оқу орнының ақылы бөлімінде оқитын ұл-қыздарын мемлекеттік білім грантына ауыстырып алды. Қайсы бірі банктегі несиелерін жаптырды. Болат ағайды дербес зейнеткер етіп, көзайым қылды.

Менің баспаханада жарық көрмей оншақты жылдан бері жатқан монографиям бар еді. Әлимаға айтқан бойда-ақ баспаның басшысы уәде берді де, ертеңінде кітабымның жарыққа шыққанын хабарлады.

Дударай көлігіне қосалқы бөлшек таппай жүргенін шәй үстінде жай ғана әңгіме етіп айтқаны-ақ сол еді, екі күннен кейін онысын сонау Жапониядан алдыртып берді. Бақтыбай ұлының тойын өткізуге несие алуға банкке бармақшы болып еді, Әлима оны дереу тоқтатты. Сол сәтте қаладағы ең қымбат мейрамханаға телефон соқты да, тойды бір тиынсыз тегін өткізетін етіп,оны да шешіп тастады.

Біздің орталыққа Әлиманы құдай айдап келген екен. Жылдар бойы толғандырып, айлар бойы алаңдатқан жеке бас шаруаларымыз осылайша бір ғана қоңыраудың құдіретімен көзді ашып-жұмғанша шешімін тауып жатты.

Бір қызығы, Әлиманың құзіреті тұрмыстық жеке мәселелерді ғана қас қағым сәтте жедел шешіп берумен шектеледі екен. Ал, ресми іс-қызмет бабына мүлде тісі батпайды. Ол тұрмақ өзіне жүктелген міндетті де атқаруға қауқарсыз болып шықты. Онысына біз қуанбасақ несіне ренжиміз. Жобалауға келгенде сегізіміз жұмыла кірісіп, өз шаруамызбен қоса Әлиманың жұмысын да “қолын қол, бұтын бұт” еткендей-ақ тас түйін етеміз. Ортамыздағы жалғыз әйел заты. Оның өзінде тұрмыстық проблемамыздың бәрін түбегейлі шешіп беріп жүрсе, ондай қарындастан айналып қана кетпейсің бе. Мұндай әріптесіңе қол ұшын беру бер жағы ғой. Егер керек болса, Сарыарқаның сақылдаған сары аязында тыр жалаңаш жауырыныңа мұз арқалап әкел десе де біздің жігіттер ойланбастан келісе салар еді.

Бір күні кезекті тексерісін жасауға бас дирекциядан Дәрмен келе қалды. Бәрімізден бұрын оны Әлима жік-жапар болып, қуана қарсы алды. Бірге оқыған курстасы ғой. Бірақ, сұлу құрбысына Дәрмен аса қатты мән бермейтіндей көрінді.

Әдеттегісіндей жасаған жобаларымыз бен атқарылған істің есеп-қисабын мұқият тексеріп, әрбірімізге тиісті кеңесімен бірге арнайы нұсқау берді. Кезек Әлимаға келгенде ол курстасым екен деп аямады. Әдеттегідей талап қойып, оның берген жауаптарына көңілі толмады. Онымен тынбай бәріміздің көзімізше қатаң ескерту жасады. Біз өзімізше, оған ара түстік. Дәрменге Бақтыбайдан бастап, бәріміз “ол жаңадан келді ғой”, “көш жүре түзеледі”, “ептеп үйреніп келе жатыр” десіп, түсіністікпен қарауын өтініп, жалынып-жалпайдық. Ол Әлиманың өз бетімен ештеңе жасамағанын, оның жұмысын бәріміз бөліп алып, жан-жақтан құрастырып бергенімізді біліп қойды.

- Жігіттер, сендерден гөрі маған Әлима жақын. Біз курстаспыз. Бірақ, бұл жерде жеке бастың қамынан гөрі қоғамның мүддесі, жұмыстың талабы биік тұру керек қой. Әркім жасаған жобасын кімнің алдында болса да өзі қорғай алуы тиіс. Бұл жерде олай болмай тұр. Мен одан есеп сұрасам, ештеңе айтпайды. Есесіне бәрің жабылып, Әлиманың атынан сөйлейсіңдер - деп, әдетте қалжыңдасып, қажасып жүретін Дәрменіміз қабағын түйіп, өзінше бола қалғаны.

Біз де ашылып ештеңе дей алмадық. Не дейміз, “пәтер, жер телімін алып берді, кітабымызды шығарып берді, несиемізді жапты” деп бар сырымызды ақтаратын емес. Сонымен, Дәрмен ештеңеге түсіністікпен қарамады. Акт жазып, қол қойдырды да тайып тұрды.

Арада үш-төрт күн өтті. Бір күні түскі үзілісте төрт көзіміз түгел шәй ішіп отыр едік. Есіктен Дәрмен суыт кірді. Түрі өрт сөндіргендей түтігіп кеткен. Оны көрген Әлима да бір сұмдықты сезгендей орнынан атып тұрды.

- Дәке, төрлет! Отырсаңшы! - деп, жан-жақтан жік-жапар болып жатырмыз.

Біздің сөзімізді құлағына да қыстырмаған Дәрмен адымдап барып, Әлимаға төнді. Екеуінің арасы бір қарысқа жетер-жетпес жақындағанда Дәрмен оның жүзіне от шашқан қос жанарын қадап тұрып:

- Мені мұқаттым деп масайрамай-ақ қой. Азар болса, көп жыл адал еңбегім сіңген кәсіби қызметімнен айырылған шығармын. Оған мен еш қайғырмаймын. Ал, саған шынымен жаным ашиды, құрдасым! Студент кезіңде осындай едің. Әлі өзгермепсің! Ештеңе білмесең де, әр емтихан сайын көзіңді аударып-төңкеріп, сұлу жүзіңмен алдап-арбап жібі бостау көңілшек ұстаздарыңды “сындырып”, қалаған бағаңды қойдырып кетуші едің. Қазір сол тәсіліңді анағұрлым жетілдіріпсің, көрдік. Жұрттың проблемасын шешіп беріп, қатты жарылқайтын болыпсың. Сенің осындай “қайырым-көмегіңнің” салдарынан қаншама момын адал жандардың кезегінен айырылып, үй-күйсіз тентіреп, орасан зор зардап шегіп жатқанын білесің бе? Жоғары-төменде таныс-білістерің де жыртылып айырылады екен. Оған да әбден қанық болдым. Қолыңнан келді, мені қызметтен босаттырдың. Сондағы ойың мені қоңыз теріп кетеді деп пе едің? Олай болмайды, Әлима! Менің екі қолыма бір күрек қайдан да табылады. Мен алған біліміме, қарым-қабілетіме сенемін. Ал, сен ше? Сенің сенерің - қазір маған міз бақпай тосып тұрған алақандай мына бетің ғана. Осы бетпен әлі де талай іс тындырамын дерсің! Бірақ, алысқа шаппайсың, курстас құрбым! Бетіңнен әр тайып, жүзіңді әжім шимайлағанда қалай күн көресің? Саған жаным ашиды. Ал, басым аман болса, мен жерде қалмаспын! - деді де, Дәрмен бұрылып кете берді.

Әлиманың қос жанарынан қатар ыршып шыққан екі түйір күміс моншақ толған айдай ақ құба жүзін лайлап қана қоймай екі бетін аяусыз сыза тіліп өткендей құлдилап ағып бара жатты...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар