Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ: Дауыл алдында*...

18.02.2016 3646

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ: Дауыл алдында*

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ: Дауыл алдында* - adebiportal.kz


 (повесть)


Пролог


Астанадағы көк тіреген зәулім ғимарат. «Бизнес орталығы» деген жазуы бар кіреберістен асығыс енген Бас редактор бірден редакциясына қарай беттеген. Дәлізге кіргені сол еді, іштегі шаң-шұң айғай селт еткізді. Әдетте газет ұжымында мұндай айғай-шу бола бермейтін. Бұрынғыдай емес, таралым да, авторлар да азайған. Аймақтардағы тілшілер, қаладағы авторлар мақалаларын электрондық поштамен жолдап, қаламақыларын банкомат арқылы алатындықтан, мұнда жұрттың бас сұғуы да сирек. Азғана зейнеткерлер болмаса, редакцияға арнайы ат басын бұратындардың өзі некен саяқ.


Орта жастағы бір әйел айғайға басып тұр екен. Газет қызметкерлері бірдемені түсіндірмек болып әлек. Ал, адуын әйел дес берер түрі жоқ. Есіктен кірген Бас редакторды көзі шалған хатшы қыз:

- Апай, біздің шеф те келді. Енді тыныштық сақтаңыз! – деді.

Әйел сөзін кілт үзіп, Бас редактормен сыпайы амандасты. Оны кабинетіне жайғастырған соң хатшы қызға шай алдырды.

- Қанеки, бұйымтайыңызды айта отырыңыз. Атыңыз Шолпан болды ғой. Айғай-шу шығаратындай соншама не жағдай, әпке?

- Ой, айналайын! Бұл таусылмайтын бір жыр. Оны қойшы, бәрінен жанға бататыны, елдегі ең танымал газет саналатын сіздің басылым бетінде ана бір сұмырайды дәріптеген мақалалардың жиі жарық көретіні жүйкеме тиіп бітті. Ол шын мәнінде, барып тұрған паразит, қан сорғыш таскене еді ғой... көріңде өкіргір... оңбаған...

- Шолпан әпке, ол паразитіңіз кім еді? Мақала көп қой, нақтырақ...

- Ана жексұрын Қайдар Көмірбайұлын айтамын да!


Бас редактордың қос жанары шарасынан шығып кете жаздады. Әдетте, қазақ баласы қайтыс болған адамның артынан көр топырағы кеппей жатып, мұндай ауыр сөздер айтпаушы еді ғой. Оның өзінде ол жай қатардағы қарапайым адам емес. Мемлекеттік сыйлықтың иегері. Кешегі күнге дейін үкіметтік ірі комитетті басқарды. Кенеттен қайтыс болды. Әркім әртүрлі айтты. Біреулер жүрек талмасынан кетті деді. Енді бірі көлігіне жарылғыш зат қойылды дескен. Арнайы тапсырыс, қастандық деді.


Нақтысын білмесе де, Бас редактор газеттің соңғы бетінде жарияланған қазанамасы мен көңіл айтуларды, бірлі-жарым еске алударды көрген. Әдеттегі жағдай ғой. Қырқы кезінде редакция қызметкері жазған бір мадаққа толы мақалаға қол қойған. Тұрған үйіне ескерткіш тақта қойылуын, орта мектепке аты берілуін, қаладағы бір көшенің марқұмның есімімен аталуын мақалада ұсыныс етіп, көтергені есінде. Мына әйел оның несіне соншама күйінді екен?! Жалпы, өлген адамға бұлайша өшігудің қажеті қанша?


Біртүрлі қызық жағдай.



1. Құбыжық кейіптегі адам


Қала тұрғындарына лайық әдеттегі үш бөлмелі пәтер. Кең бөлменің ортасындағы жұмсақ креслода жасы елуді еңсерген бір ер азамат отыр. Аты Сәрсен. Бір орында қозғалмай көп отырғаны, қатты түңілген кейіпі аңғарылады. Екі көзінің бірі үлкендеу, келесісі одан кішірек әрі бір жағына қарай тартылып жиырылып тұрғандай. Қос жанарға жас толған сайын оны қысып-қысып алады, екі иығы селкідегеніне қарағанда жылап отырғаны аңғарылады.


Келесі бөлмеде шүйкедей бір қара кемпір намаз оқып отыр. Тарамыс-тарамыс болған қолында қара таспих. Оны мүжіліп кеткен қиқы-шойқы саусақтарымен үздіксіз айналдыра тастарын теріп, сыбырлайды. Сыбырлаған даусы жым-жырт мүлгіген тыныштықта анық естіледі. «Я Алла ұлымның ауруына шипа беріп, денсаулығын қалпына келтіре гөр! Я құдіреті күшті жаратқаным...». Арасында ұлы отырған бөлмеге ұрлана қарап, құлақ салып тыңдап қояды. Алаңдап отырғаны көрініп тұр.


Сәрсеннің жанарына толған су айналаны тұмандандырып, ештеңе көрсетпеуге айналған соң қабағын түйіп, көзін тағы да қысып-қысып жіберді. Екі тамшы жас бетін сызып өткендей төмен қарай домалады. Әйтеуір айналасы қайтадан көзге көріне бастады. Жазу үстелінде қағазы мен қаламы, шағын компьютері тұр.


«Басымнан кешкен сұмдықтардың бәрін бастан аяқ жазып шығайын. Иә, жазған жөн. Жазбаса болмайды. Бәлкім, біреуге сабақ болар». Үстелге жақындап барып, компьютерге қолын созбақ болды. Оң қолы мүлде қозғалмады. Қол емес, бейне бір салбырап тұрған жең сияқты. Өзінің он екі мүшесінің біріне ол іштей қанша мәрте бұйрық берсе де тырп етпеді. Ернін тістеп тұрып, зорласа да жансыз қол салбырап тұра берді. Сол қолымен ұстап алғанда сұп-суық бірдемеге саусақтары тигендей денесі дір етті. Жансызданған оң қолын көтеріп әкеліп үстелге қойды. Компьютердің түймелерін баспақ болады, қозғалмайды, қаламды ұстатпақ болады, жансыз саусақтары мүлде илікпейді. Қатты күш жұмсағандықтан ентігіп, шаршап қалғаны байқалады. Маңдайы тершіген. Сол қолы үздіксіз дір-дір етіп, бірдемені сабалап тұрғандай үнемі қозғалыста көрінеді. Өзі өзіне сыбырлап «Бірдеме жазып қалдыруым да адыра қалған екен».


Бұрылып барып орнына қайта жайғасты. Дірілдеп қалшылдаған, шала өлген жәндік іспетті ойнақшыған сол қолын тізесіне қойды. Оған қарап сәл отырған соң орнынан тұрып, қарсы алдындағы үлкен айнаға жақындады. Жақындай бере шошып кілт тоқтай қалып кері бұрылды да қайтадан жақындады. Алдындағы бейне өзі емес, құбыжық секілді. Ауызы қисайып, бетінің бір жағына қарай ойысып кетіпті. Сөйлеу қабілеті күрт нашарлағанын енді түсінді. Тілі кәдімгі иттікі сияқты салақтап шыға береді. Содан болар, сілекейі шұбырады. Онымен салыстырғанда қанша жерден жансыз болса да оң қолында оғаштық жоқтай. Ал, сол қолы әлденені сабалағандай үздіксіз қалыш-қалыш етуі сырт көзге тым ерсі. Соған қарамастан барлық үміт сол шала жансар сол қолда ғана сияқты. Үстіңгі ернінде аппақ мұрт пайда болғандай көрінді. Жақындап қараса ешқандай мұрт емес, мұрынбоқ екен. Оны қалшылдаған қолымен сүртпек болып әуреленді, болмады. Өзін тағы бір рет жақсылап көру үшін айнаға жақындады. Аузы қисайып бір жақ бетіне шығып кеткендіктен бір көзі үлкен қалпында, келесісі сығырайып қалыпты. Өзінің құбыжық кейпін көрген Сәрсен қарқылдап күлмекке әрекеттенді. Бірақ, даусы не жылау, не күлу емес адам шошырлық қиқылдаған бірдеме болып шықты.


Мұны естіген анасы келесі бөлмеден жалма жан жүгіріп жетті:


- Балам, не болды?

- Көрдің бе, шеше? Ұлыңның лауазымды қызметке өрлеймін деп жүріп жеткен жерін?

- Олай деме, балам! Бақандай жиырма күн ес-түссіз жаттың. Қайта Аллаға тәубе де. Әйтеуір, шыбын жаның бойыңда, аман қалдың.

- Өй, шеше-ай! Бүйтіп аман қалғаның құрысын. Мына қолды, ана аузы-мұрымды қара! Тірі өлік енді кімге керек? (Сәрсен ащы күлкі шақырғысы келеді, бірақ, онысы қиқылдаған жаман бір дауыс болып естіледі)

- Ұлым тыныштал! Таусыла берме. Болмайды, олай деуге! Алланың рақымы түссе әлі-ақ сауығып кетесің. «Сабыр түбі сары алтын» деген. (анасының көзінде жас)

- Кане, шеше! Мына мұрнымды сүртіп жіберші!

Әбден қажыған, тауысылған сыңаймен орнына барып cылқ етіп отыра кетті.



2. Шолақ белсенді Қайдар


- Жігіттер, қыздар! Сенбілікке шығайық!


Білдей беделді мекемеге жаңадан келіп жұмысқа орналасқан Сәрсен тосын дауысты естігенде орнынан атып тұра жаздады.


- Сенбілікке шығайық!


Әлгі дауыс ұзын дәліз арқылы барған сайын жақындап, Сәрсен отырған кабинеттің дәл қасына жетті. Дауыс біртүрлі таныс секілденген соң есікті ашып қарады. «Тездетіп шығайық, қане, қане!» - деп, Қайдар келеді екен, томпаңдап.


Қайдар мен Сәрсен екеуі алыс шет елден оқу бітіріп осында бірге келген. Екеуі мектепте, университетте, кейін Батыс Еуропада тағылымдамадан да бірге өткен. Келгендеріне көп те болған жоқ әрі жасы кіші болғасын ба, Сәрсен жұрттың бетіне тура қарауға батылы бара қоймайтын. Сондықтан болар, елді сенбілікке шақырып ұрандатып жүрген жас маманды көргендер біртүрлі таңданыспен қарасып жатты. Сәрсен тым шолақ белсенді досы үшін қысылып кетті.


Бүгін жұмыс аптасының соңғы күні. Сағат онекіден кейін комитеттің барлық қызметкерлері көше тазалауға шығады дегенді таңертең департамент басшысы Жұмабек бәріне айтқан. Алайда, сағат онекі тұрмақ екіден асып кетсе де ешкім шыға қоймаған, енді жарты сағаттан кейін бәрі үйлеріне қарай зытуға дайындалып, «субботник» деген пәлені ешкім аңдаусызда аузынан шығарып алмаса екен деп тілеп отырған еді. Сәрсен дәлізге шыққаны сол еді, Қайдар қасынан өтіп бара жатып:


- Сәке, сенбілікке шығайық енді, - деп біртүрлі жұмсақ үнмен өте анық айтты да ары қарай жүгірді. Досының тым ерсі қылығына мазақтай күле қарап тұрған Сәрсен шұғыл бұрылып жүре бергені сол еді, дәл артынан өкшелеп келіп қалған біреумен соқтығысып қалды. Қатты састы. Оның соғысқан адамы анау-мынау емес, комитет төрағасы Сарқытбек Жәкеновичтің өзі болып шықты. Қасындағы көмекшісі мен күзет қызметінің оққағары екеуі сүйеп қалмағанда Сәрсен төрағаны шалқасынан түсіргендей екен. Жөпелдемеде ауыз аша алмай қалды. Тіпті кешірім сұрау да есінен шығып кетіпті. Төраға оны ала көзбен бір атты да ары жүре берді. Тек оққағар ғана «көзіңе қарасаңшы!» деп зекіді де басшысының соңынан жүгіре жөнелді.


Бәрінің алдында ұзын дәліздегі есіктерді алма кезек ашып, Қайдар «сенбілік, сенбілік» деп алыстап бара жатты. Арасында мені көрдің бе дегендей төрағаға қиығымен көз тастап қояды. Алдын кес-кестеп, зор белсенділік танытып жүрген оған төраға назар аударды ма, жоқ па ол жағы белгісіз. Шашын үнемі сиыр жалағандай етіп тарап алып, әлде бір әтірдің иісін аңқытып жүретін осы бір төрағамен Сәрсен бетпе бет жүздесіп көрмепті де. Комитет жиындарында мінберден көреді, бар шаруа басқарма басшысы Шиқанбай мен департамент директоры, бөлім бастығы арқылы келіп жататындықтан төрағамен тікелей жүздесудің қажеттілігі де жоқ еді.


Бір рет қана өте жақыннан көргені коллегия мүшелеріне таныстыру кезінде ғана. Онда Қайдар екеуі қатар кірген. Сонда:

- Сен қай жақтың тумасы едің? – деп, тым енжар кейіппен сұраған.

- Таулы Алтайдың Қосағаш ауданында тудым, осында өстім - дегенінде:

- А, бұл Алтайдың ар жағының тумасы екен! – деп, қасында отырғандарға бірдемені ескерткендей өте бір қызық әуенмен тіл қатқаны бар. Ал, Қайдардан ештеңе сұрамаған. – Жас мамандарға үміт артамыз, жақсы жұмыс істеңдер! – деп шығарып салған.

- Жігіттер! Сенбілікке тез шығайық! – деп, Қайдар далаға шыққан соң да дамылсыз айқайлап жатты. Төраға дәу қара «Джипіне» мінді де әлде қайда тартып отырды.


Ішінде басқарма, департамент басшыларының орынбасарлары бар, жетекші мамандары бар бір топ адам тысқа шығып, сенбілік жасамақ болды. Алайда, мардымды ештеңе тындыра қоймады. Сәлден соң онда-мұнда топтасып тұрды да комитет төрағасын жамандауға кірісті. Қайдар әр топқа құлағын бір тосып сөз тыңдаумен әлек. Кадр басқармасының басшысы ауладағы жұмысты ұйымдастырған болып жүр. Біреулерге ағаш егетін шұңқыр қаздырады, енді біреулерге кірпіш тасытып жинатады. Осылай әбігер болып жатқанда төрағаның машинасы келіп тоқтады. Оны көре сала Қайдар жалма жан бірнеше кірпішті ала салып келесі жаққа таси бастады. Сасып қалған жұрт жөпелдемеде не дерлерін білмей аңырысып қалған. Ал, төраға кімнің белсенді жұмыс істеп, кімнің қарап тұрғанында еш шаруасы жоқ, асықпай көлігінен түсті де бас есікке қарай беттеді. Төраға қастарынан өткен соң ғана естерін жиған қызметкерлер Қайдарға:


- Сен не істеп жатырсың? – деп, таңданысты.

- Мына бір азғана кірпішті таси салғанда тұрған не бар екен? Мен керек болса жалғыз өзім-ақ қатыра саламын! – деп Қайдар ұшып жүр.

- Тоқтат деймін саған! – деп, бас маман Шамов оны итеріп жіберді де, 

-Мұны біз сол жақтан бағанадан бері тасып әкеліп, зорға жинаған жоқпыз ба, доңыз-ау?

- А, солай ма? Жай айтпайсыз ба, енді – деді де, Қайдар қызарақтап анандайда демалып отырған адамдардың арасына барып жайғасты.


Қайдардың қылығын сырттай бақылап тұрған курстасы Сәрсен ол үшін ұялып, жерге кіріп кете жаздады. Бір қызарып, бір бозарды. Қайдардың бас-көзсіз тасып, шашып тастаған кірпіштерін қайтадан жинап жатқан бас маман Шамов пен Жамбыл екеуінің арасында мынандай әңгіме болды:


- Бізге тағы бір жынды қосылған екен. Бағана ғана төрағаны көре салып, бәрімізді сенбілікке айдап шықты ғой. Жап-жас болып алып қарашы, өзін! Осындайлар іште жатып оқып, шығатын шығар. Уақытттың ағысын таныған қу ғой шамасы. Мұндайларда білім де, намыс та болмайды. Көзге түсіп, мәнсапқа жетсе болғаны.


- Қой, үндеме! Анауың төрағаның жерлесі дейді ғой. Көп сөйлеймін деп наныңнан айырылып қалып жүрме!

- Тфу, олардан несіне қорқам. Құдай өзі берген жанын өзі алады. Қорқа-қорқа батыр болдық емес пе?

- Бәрі қорыққандықтан ауыздарын жауып жүретін болды ғой.

Әйтпесе, айтарымыз көп-ақ.


Ашуға булығып, екі беті қызарып кеткен Жамбыл бірдеме айтпақ болып аузын ашты да лезде жапты. Оның аяқ астынан үнсіз қалғанына таңданған Сәрсен бұрылып қараса артында Қайдар келіп тұр екен.


Сәлден соң Қайдар Сәрсенді қолтықтан оңаша алып шықты. Досын ыңғайсыз жағдайда қалды-ау деп аяп тұрған еді. Сөйтсе ол:

- Сен пәтер алуға арызыңды бердің бе? – дейді.

- Қайдағы пәтер?

- Өзеннің сол жағалауында салынып жатқан жаңа үй ше...

- Оны тек көп балалы қызметкерлерге ғана береді демеп пе еді?

- Екеуіміз жас маманбыз, шетелде тағылымдамадан өттік қой.

- Жұмысқа кіріскеніміз енді ғана. Оны өзің де білесің. Келмей жатып үй-жай сұрағанымыз ұят болар. Ал, сен арыз бергеннен саумысың, өзі?

- Жо-жоқ, берген жоқпын – деді де ол бұрылып кете берді.


Досының сырына ежелден қанық Сәрсен «Қандай жерде ұятқа қалсаң да еш пысқырмайсың-ау, Қайдар. Түк болмағандай жүре бересің. Төзімділігіңе қайран қаламын. Ойлағаныңды қалай да жүзеге асыруды көздейсің, ол дұрыс па, бұрыс па? Онда шаруаң жоқ. Ал, мен ұятты жағдайда қалсам сол сәтте естен танып қаламын. Не істеп не қойғанымды да білмеймін. Тіпті кейін сол жайсыз оқиға әркез есіме түскен сайын жүрегім шаншып, мазасыз күй кешемін».


Кең кабинет. Бас маман Жамбыл, жас қызметкерлер Сәрсен мен Қайдар отыр. Жастар Жамбылдан әлдебір дүниелерді сұрап, кеңес алып жатыр. Жамбыл көңілді әрі әр сұраққа тиянақты жауап береді:


- Бізді кеңестік жүйеде білім алды, комсомолда, парткомда хатшы болды, ғылыми коммунизм баяғыда күйреген деп сөгесіңдер. Жарайды, оның бәрі дұрыс-ақ. Дегенмен біз базалық білімді өте сапалы алдық. Физика мен математика идеологиядан тыс ғылым болғасын ба, біз әлі де жастарға қамшы салдырмай келеміз, - деп арасында Жамбыл мақтанып қояды.

Ол кісі Сәрсенмен өте мейірімді кейіппен сөйлеседі, жақсы пікірлеседі, нағыз бір іскерлік сипатқа енеді. Ал, Қайдармен екеуара әңгімеде қабағын шытып, көңілсіздене қалады. Оған пысқырып жатқан Қайдар жоқ, жасайтын жобаның мазмұнын түгел айтқызбаққа әрекеттеніп, одан ары мазалай береді. Бір күні Жамбылдың төзімі таусылып айқайға көшті де, Қайдарға: 


- Сен не деген топас адамсың? Индикатор деген пунктке не жазу керек екенін мен саған осының алдында ғана түсіндірген едім ғой. Қайтадан келіп сұрайсың? Шет елге барып, үкіметтің қаржысымен алып келген біліміңнің түрі осы ма? – деп, алдындағы қағаздарын лақтырып, айғайға басты да сәлден соң сабырлы кейіпке түсіп: - Мемлекеттік қызметке жершілдік жүрмейді, айналайын! Әр адамның жеке сауатымен, түйсігімен, жанкешті еңбегімен ғана жасалады – деп, орнына жайғасты.


- Сіз не, қайдағы жершілдікті айтып тұрсыз? – деп, Қайдар оның қыр соңынан қалмай қойды.


Жамбыл жауап бере алмай қалды. Күмілжіп не дерін білмей абыржыды. Қайдар одан бетер өршеленіп қояр түрі жоқ. Жамбылдың екі қолы адам аярлықтай дірілдеп, әлсін - әлсін шашын кері қарай қайыра берді.


- Жершілдік деген не ол, өзі? Сіз кімді меңзеп тұрсыз? – деген Қайдардың озбырлау қазбалауына Жамбыл не дерін білмей сасқанынан:

- Жарайды, ештеңе... болды, болды...

- Бірдеме дегіңіз келсе, ер азаматша айтқан сияқты ғып жеткізбейсіз бе? Сіздің тәжірибеңіз бар екен, біз жаспыз. Көмектесуге міндеттісіз ғой. Неменеге жасырасыз. Мені не, өзіңізден асып кетеді деп көре алмай тұрсыз ба?

- Енді сен өзің әркім білетін әдеттегі нәрсені білмей тұрсың ғой...

- Жас адам білмегенін сұрап тұрса сіз айтқыңыз келмейді. Мен мұндайды жай тастамаймын. Жастарды өзінен артылып кетеді деп оған қысым жасайтындарды жазалайтын жер табылар. Айтамын. Мен турашыл адаммын. Біліп қойыңыз!

- Оһо, мынаны қара! – деп, ашуға мінген Жамбыл қайтадан сабасына түсіп, - Ал, сен қайда, кімге айтпақсың сонда? – күлімсірегендей болды.

- Ендеше мұны мен алдымен департамент отырысында мәлімдеймін, Басқарманың жалпы жиналысында мәселе етіп көтеремін. Оны кейін комитеттегі алқалық кеңеске дейін жеткіземін.

- Жарайды, Қайдартай! Бері таман кел, мен жақсылап түсіндіріп берейін! – деді, Жамбыл лезде райынан қайтып.

- Жоқ, сізге қарап тұрған ештеңе жоқ. Білдей бір мемлекеттік комитетте өзге ешкім таба алмайды деп пе едіңіз? Түсіндірейін деп қояды ғой. Қарай гөр өзін – деді де, Қайдар оны ала көзбен атып шығып кетті.


Ол шыққан соң Жамбыл басын екі қолымен мыжығылап біраз ойланғандай отырды да кенет атып тұрып, кабинеттің есігін ашып екі жаққа алма кезек қарап алды. Сосын есікті тарс еткізіп жапқанына қарағанда ызадан жарылып өлейін деп тұр.


- Атасының басы! Көп болса ышқыры бос Сарқытбегіне барып айтар, айтсын! – деп ашуға булығып, үстелді жұдырығымен түйіп-түйіп жіберді.


Сөйтті де Сәрсеннің барын жаңа аңғарғандай шошынған әрі күдіктенген кейіппен қарады. Сәрсен тіл қатпаса да «қорықпаңыз, мен ешкімге айтпаймын» дегендей ишара білдірді.


Осы оқиғадан кейін Жамбыл Қайдардың қасында салқынқанды әрі салмақты, ресми тұрпаттағы, өте сақ кейіпке көшті. Ал, ол жоқта кабинеттің есігін жақсылап тұрып жауып алады да Сәрсенге бар сырын ақтарып салады. Сырттан тықыр естілсе немесе біреу келе қалса сөзін үзіп, бірдеме жазған болып отыра қалады. Сырт көзге тұйық секілді көрінгенімен Жамбыл негізі ашық жарқын адам екен.



3. Қорқыншты түс, мазасыз ой


Сәрсен ас-суын өз қолымен ұстап іше алмайтындығына налиды. Анасы шүйкедей кемпір тамақтан қасықтап алып қисайып кеткен аузына жақындатады. Ол сол қасықтағы сорпаның өзін төгіп-шашып, зорға аузына тигізген болады. Шалажансар аузын ашуға бар күшін салған сайын қиналып тағдырға налиды. Анасының артында жан жары Шолпан келіп күйеуінің тамақ екеш тамақты да дұрыстап іше алмай әуреге түсіп отырғанын көріп көз жасын төгіп тұрғанын көрді. Сәрсен жарына үлкенді кішілі екі көзімен барынша мейірімін төгіп қарауға тырысты.


Алайда, оның көзі басқа емес әйелінің өзіне аянышты бола тұра қорқынышты бір жәндіктікіндей көрінеді. Сүйікті де адал жары енді адам емес, әлде бір жануарға айналғандай Шолпанға сезіледі. Осындай ойдың оралғанына ол өзін кінәлі сезініп, Сәрсенді одан бетер аяумен қатар бойын белгісіз бір үрей билегендей болды. Шолпан сырт киімін шешіп жатып енесіне:


- Апа, әуіре болмай-ақ қойыңыз! Қазір өзім беремін ғой.

- Мені әуіре болып жатыр деп саған кім айтты?


Кемпір баласы ауырғалы беймаза күйде. Келінінің еш кінәсі жоғын білсе де қит етсе соған тиседі. Алайда, ол кісінің жайын келін де түсінеді. Сондықтан ренжімейді де.


Сәрсен түні бойы азапқа түседі. Көз шырымын алмайтындықтан күндізгіден гөрі түнгі жағдайы қиын. Күндіз қайдағы-жайдағыны ойлап тыныш отыра береді. Түнде көзі ілініп бара жатады да селк етіп оянады. Ең қиыны ұйықтаған, ұйықтамағанын ажырата алмайды. Ұйықтаса да тыныққаны сезілмейтіндіктен көз ілмегендей ойлайды.


Әйелінен сұраса, «Жаңа ғана қорылдап тұрып, жап-жақсы ұйықтап жатқандай болғансың» дейді. Ал, өзіне болғанда әлі шаршаңқы, жүрегі тынымсыз қысылып мазасызданады да тұрады. Ұйықтап тұрған адамның сергіп демалып қалатын сәтін ол аңсайды. Ұйықтап демалу үшін тағы да көз жұмады. Сәл көзі ілінсе болды сан алуан түс көріп мазасы кетеді. Алдында ғана көріп, шошып оянған түсі енді қайта ұйықтаса тағы да көп сериялы фильм секілді жалғаса береді. Қайта-қайта шошып оянады. Үнемі ұшақ апатына ұшырап жатқан түс көреді. Бірде қою бұлттардың арасында келе жатқан ұшақ биік таудың шыңына соғылып құлайды. Енді бірде биікте самғап келе жатады да жерді сүзіп жарылып кетеді. Және мұндай көрініс қайталана береді. Әр апат сайын айғай салып шошып оянады. Айғайы бірде өзіне ғана естілсе, кейде әйеліне де естілетін сияқты. Ұшақ жер сүзе құлағанда неге менің еш жерім ауырмады? – деп таңданады да түс екенін біліп қуанып қалады.


Ұйқы қысып барады. Көзін жұмды. Иен дала. Әуеде ұшақ. Тағы да құлайтын шығар деп ойлайды. Ал, өзі бір киіз үйдің ішінде жатып ұшақты шаңырақтан көреді. Ұшақ алыстап барып құлады. Ішінде болмағаным қандай жақсы болды деп ойлайды. Енді екпетінен түсіп жата қалғаны сол еді. Үстінен зіл батпандай бірдеме басып алып, тырп еткізбей қысып барады. Аяқ-қолын сермегісі келсе қозғалмайды. Не нәрсеге басылғанын білудің өзі мүмкін емес. Беті мен көзін де тұмшалап тастағандықтан, көру сезінудің де ауылы алыс. Басын қозғап бір жақ көзін бостатты-ау, әйтеуір. Сөйтсе, оны терісі сыпырылған ақбөкеннің етіне көміп тастапты, бірер жарым емес, өте көп. Майлары сыртына шығып езілген, қаны мен сөлі сыртқа шылқыған көп шикі еттің ортасында жатыр. Денесіне жабысқан киік еттері сондай жиіркенішті. Көзіне жақын жерде тұрған бас терісі сыпырылған киік көздері жалт-жұлт етіп, орсиған тістерінің шықырлауы бәрінің шала өлгенін аңғартады.


Сәлден соң Сәрсен терісі сыпырылған киіктердің арасына бата бастады. Өзі жалаңаш адам қаптаған жас еттердің арасымен жылдам құлдилап барады. Не деген терең? Сөйтіп келе жатып шылқыған майдың ортасына күмп ете түсті. Енді біттім, өлген шығармын дегенде жан даусы шығып оянып кетті. Шолпан тыныш ұйықтап жатыр екен. Соған қарағанда түсінде айқайлағаны болмаса өңінде даусы шықпаған секілді. Ертеректе киік аулауға көп шығушы еді. Машинамен қуып жүріп талайын бытырлатып атқандармен бірге жүрді. Өзі мерген де емес, тіпті мылтық ұстамайды. Сонда да әйтеуір қызық көру үшін бірге жүреді. Әкесі жарықтық аңқұмарлардың бұл қылығын жақтырмайтын. «Егер киіктің орнына өздерін ауласа қайтер екен?» деп ұрсып отыратын. Сол киіктің бүгінде тұқымы да қалмаған.


Бала кезінде ауылда өсті. Зеріккен кезінде ауылдың шетіне иен далаға шығып, шегірткеден бастап, зорманға шейінгі жәндіктерді аулауды жақсы көретін. Шегірткелерді ұстап алады да бір аяғын жұлып, оны бәкі ғып бір ашып, жауып ойнайды. Өзін қоя беріп, енді қалай секірер екен деп қызықтайды. Бейшара шекіртке бір аяғымен секіре алмай қиралаңдап, жұлынған аяғы жағынан жап-жасыл бірдеме ағызып шөптерге соғыла зорға жылжиды. Енді оның өмір сүру мүмкіндігі қалмаған сияқты.


Қинамай-ақ, өлтірейін деп шешіп, табанымен таптап тастайды. Шегірткеде ешбір белгі қалмай мыжылғанымен мұрты ма, мүйізі ме, қылдай бірдемесі қозғалып дірілдеумен тұр. Тағы бірде торғайдың бірнеше жұмыртқасын ұясымен жұлып алып, ағып жатқан өзенге салып жібергені бар. Сонда екі торғай тас төбесіне келіп алып шырылдағанда төбесі шымырылап, терісі сыпырылардай болып қызық күйге түскені бар. Сол оқиғадан кейін ол жәндік атаулыға тиіспейтін болған.


Кейін білім алып азамат болған шағында ешкімге қатты сөз айтпайтын, ешкімді ренжітпеуге тырысатын иманды адам болып қалыптасты. Біреудің ұялып немесе қатты ренжігенін көрсе бітті, оның орнына өзін қойып көріп аяушылық танытатын бір сәуле көкірегінде пайда болған.


Сәрсен түс көруден қорқып ояу жатты. Ояу жатқанда үнемі есіне Қайдар түсіп мазасын алады. «Осы бір Қайдар деген пәле өмір бақи соңымнан қалмайтын болды ғой. Ақыры ауырып қиналып жатқанда да ойға оралып, жынға тие беретінін қарашы, жексұрын неменің! Қайдардың лауазымға жетуінің өзі бір қызық оқиғадан басталып еді ғой. Ой, ақымақ. Ол сол ақымақтығының арқасында лауазымға қол жеткізгендігіне әлі таң қаламын. Әй, несін айтасың? Ол немемен салыстырғанда, әйтеуір, арымыз таза, есіміз дұрыс ғой».



4. Жағымпаздар жиыны


Комитет төрағасы Сарқытбек Жәкенович қасына департаментті жауаптанатын орынбасары Шиқанбайды ертіп, басқарма басшысын жанына алып, қызметкерлер ұжымымен кездесуге келді. Жиналысты ашып сөйлеген департамент директоры Жұмабек төрағаның өте жұмысбасты екенін, соған қарамастан ұжыммен кездесуге уақыт тауып келгенін аса бір данышпандыққа балап, қайта-қайта тоңқаңдап рахмет айтып, жиналғандарға қол шапалақтаттырып дүниедегі бар жақсылықты тілеп барып қызметкерлерге сөз берді. Осы жиында әр қызметкер өзінің өзекті мәселесін ортаға салып, шештіріп алуға тиіс екен. Алғашқы сөзді алған бөлім бастығы Борат Темірбаевич:


- Әріптестер! Бүгін біз үшін ақ түйенің қарны жарылған керемет күн болды. Біздің ұжымға төраға келіп еді, Алланың нұры жаңбыр жауып табиғаттың өзі құлпырып сала берді (бір топ әйелдер қостап, отырғандар тағы да қол соғып қошамет көрсетті). Осы сәтте артқы орындықтарда отырған екі орыс қызметкер өзара: - Причем тут ак туйе-белый вервлюд. Оскарблает председателю что ли? – десіп таңданысып жатты.


Борат қызыл сөзді боратып, көпіріп ұзақ тұрды. – Құрметті төраға, сіздің арқаңызда біздің бөлім гүлденіп даму үстінде. Бөлім қызметкерлері, үкіметіміздің Орта Азия елдеріне көшбасшы болуға ұмтылған келелі мақсатын жүзеге асыруға қызу атсалысып жатыр. Осының бәрінде сіздің телегей теңіз біліміңіз туралы айтып тауыса алмай жүреміз. Биыл дағдарысқа қарамастан ай сайын сыйақы алдық. Бұл да сіздің төраға болып отырғандығыңыздың, абырой беделіңіздің Қаратаудан да, Алатаудан да биік асқақ екендігінің айғағы! Жасай беріңіз, төраға!


Мінбердің төрінде отырған үшеудің кескін келбеті күлкілі еді. Төрағаның бойы тым ұзын, қасындағы екеудің дәл ортасында жылу станциясының мұржасы секілді сорайып тұр. Оның оң жағында отырған орынбасары Шиқанбайдың бойы тым аласа болғандықдықтан жалпиып үстелге жабысып қала жаздап иегі тиіп отыр. Арасында мойнын созып төрағасына бірдемені сыбырлап қояды. Ол естімей анандайдан мойнын салбыратып, құлағын тосады. Сонда да ерні жетпегендіктен Шиқанбай орнынан сәл көтеріліп барып бірдеме дейді. Төраға қайтадан басын көтеріп алып, бойын тіктей қояды да шөлі қанып су ішкен түйедей алысқа көз тастайды.


Директор Жұмабектің дегбірі қашқан. Біреулер бірдемені бықсытып қоя ма дегендей өзінен өзі қуыстанып, қипақтап бір қызарып, бір бозарып мазасыз күйде. Сасқанынан сөз сөйлеуге шыққан қызметкерлердің бәрін жалпылама сөзбен өтірік мақтап көлгірсіп қояды. Келесі сөзді Тахмина деген қайыстай қара егде әйел алды:


- Бүгін біз үшін жүрекжарды қуанышты күн. Себебі, дана басшымыз төраға мырза сіз өзіңіз келіп бізбен жүздесіп отырсыз. Бағана Борат бастығымыз дұрыс айтты, сіздің беделіңіздің арқасында жұмысымыз жақсы жүріп жатыр, бой десе бойыңыз бар, ой десе ол тіпті мұхит қой.


Мен өзімді бақытты санаймын. Еңбек жолымды тракторшы болып бастасам да, бүгін міне, еліміздің үлкен бір комитетінің қарамағында еңбек етіп жүрмін дегендей. Шиқанбай бауырыма да көп рахмет! (не үшін екені түсініксіз) Директоріміз де тамаша жігіт. Менде не арман бар? Осылай еңбек етіп жатқан. Енді мен өзі төрт баламмен бір бөлмелі пәтер жалдап тұрам. Пәтердің қожайыны мазасыздау адам, үнемі ұрсып шаршатты. Енді жаңадан салынып жатқан үйден үш бөлмелі пәтер бұйырса, сіздің арқаңызда...


Осындай сарынмен жиналыс өтіп жатты. Бәрінің айтатыны бір сарынды мадақ пен жалғыз ғана тілек – пәтер алу. Олардың сөзін тыңдап отырғаны, қойғаны белгісіз, мінбердегі үшеу кейде бір бірімен сыбырласып кетеді немесе залға қарап мелшиіп отырысады.


Сәрсен жалыға бастады. «Бәрінің айтатыны түкке тұрмайтын бірдемелер. Тіпті мұндай жиын өткізудің қажеті қанша? Өтірік әрі жадағай мадақты естіп отыру ұнай ма екен, өздеріне. Неге тоқтатпайды, мұндай мәнсіз былшылды? Егер айтатын болса, шешімін күткен проблема қаншама?».


Алдыңғы қатарда отырған жас оқытушылар әлде кімдермен хабарлама алмасып, ұялы телефондарына үңіліп үнсіз әңгіме дүкен құру үстінде. Өзара жазбаша әңгімелері қызықты болса керек, жымиып күлісіп алып, одан армен жазуға қызу кіріседі.. Әр сөз алған қызметкердің айтатыны, пәтерге қол жеткізу. Оны айту үшін ұзын сонар мадақ шұбыртады. Мадақталатын баяғы сол мінбер маңында отырған үшеу. Солар болмаса дүние қараң қалатын секілді және неғұрлым соларды мақтай берсе баспанаға тез қол жеткізетін сияқты.


Марғау тыныштықты селт еткізген Қайдардың мінберге көтірілгені болды. Ол басында сөйлегендерше бастап зуылдатты. Алайда, басшыларды мақтағанда «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген халық даналықтарымен өзін ақтап алуға тырысып жатты. Онымен қоймай «Дәл қазіргі мына дағдарыс кезінде біздің комитет барлық отбасын баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндігі жоқ екенін мемлекеттік қызметкерлер ұжымы ретінде біз жақсы түсінінуіміз керек қой. Ондай мүмкіндік тіпті үкіметтің өзінде де жоқ» - деп, елдің жайын күйттеп жүрген жалған патриот бола қалды. «Жалпы біз ылғи жоғарыға қол жайып сұрай беретін ескі санадан арылуымыз қажет» - деп, тағы бір ділмарсып алды да:


- Енді өзімнің жеке өмірім жайында бір-екі ауыз сөз айта кетейін. Мен мына комитет ғимаратына тиіп тұрған жатақханада тұрып жатырмын. Онда ауылдан келген құрылысшылар тұрады. Таңеретең, кешке солармен бірге үстімде майкем бар қатар тұрып беті-қол жуамын. Дәлізде үйде киетін киіммен әжетханаға бірге зытып бара жатамын. Шынын айтқанда өте ыңғайсыз. Ал, сөйтіп аламын да олардың алдына барып, кейде елбасы жолдауын түсіндіріп тұрамын, түк болмағандай. Мені қоялық, бұл білдей бір маңдай алды мемлекеттік комитеттің атына жаман!


Мұны естіген Сәрсен өзі емес Қайдар үшін қатты қорықты. Төраға оны жерден алып, жерге салатын шығар деп ойлаған. Сөйтсе, ол басын жай ғана изеп қойып отыр. Қаптаған жауапты қызметкерлер ішінен тым болмаса бірі «Сен жұмысшылардан артық кімсің? Жалақы алып жүргенің солардың арқасы. Сөзінің түрін қара мынаның?» - деп ұрсып шыға келердей ойлаған. Жоқ, бәрі «расында, солай екен-ау!» деген сыңаймен қабылдағанын қайтерсің. Сәрсен таңданып қайран қалды. Ол да жай екен. Екі аптадан кейін осындай ақымақ сөздері үшін оны өрлетіп, бөлім бастығы етіп тағайындады.


Сол сәтте Сәрсеннің құлақ шекесі тұсынан қатты шаншып ауырды да миының ішінде бірдеме үзіліп кеткендей тырс етті. Содан бері желкесі мен құлағының арасындағы тұсы ауыратын болған. Әріптестерінің әзіліне қарағанда Қайдардың сол бір жиналыста айтқан әлгі есалаң сөзі ғана оны лауазымға жеткізген. Оны бөлім басшылығына қалай қоюды білмей жүрген төрағаға сол бір ақымақ сөздің өзі жеткілікті болған екен. Жұрт «жершілдіктің ақырына жетпеспіз, енді ненормальный біреу басқарса да бәрібір болыпты» десіп жүрді.


Дені дұрыс сөзі де жоқ, білімі таяз, әр іске салдыр-салақ Қайдардың өзі бөлім басшылығын ұршықша иіріп қатыратын түрі бар. Бөлім жұмысының бәрін Жамбыл секілді қара нарларға артып қоя салады. Өзі бақылау жасап, жұрттың кірген-шыққанын аңдып, дайын құжатқа қол қойып қана отырады. Жалақының жоғарысы сонікі. Сыйақыны өзгеден кесіп, өзіне қосып алса да оны тексеретін ешкім жоқ. Тексеріс болған күннің өзінде ол мейлі, аты дардай финпол болсын, минпол болсын Қайдарға бәрібір. Суға, тіпті батпаққа батырса да құрғақ шығып кете алады. Егер жұмыс оң бағаланса, жақсы атақ сонікі. Қателік шығып, онысы әшкере болса, ұжымда оққа байлап бере салатын ежелгі жаулары бар. Соларды сырттай «соттай» салады. Жұмыс істемейді, істейін десе де қолынан түк келмейді, бірақ, істейтіндерге бақылау жасай алады. Бөлім бастығының бар бітіретіні осы. Бақылағаннан гөрі жұмысты істеу қиын болса керек еді. Алайда, бас қатырып, істі тындырған адамнан гөрі түк бітірмей оны жай бақылағандарға ортақ қазаннан молырақ үлес тиетін етіп қойған жүйенің осалдығын Қайдар тиімді пайдалана білді. Кез келген саңылаудан кіріп те қалта толтыра алатын қабілет оған табиғаттан дарыған машық іспетті.


Ат төбеліндей топтың арасына еніп, жабық есіктің артында шешілетін мәселелерді тыңдап отыратын халге жетуі Қайдар үшін үлкен дәреже еді. Оны қатардағы қаптаған қызметкер қауымнан гөрі ілгерілік деп ойлап, көп артықшылық санайды. Өз ұжымындағы қарапайым адамдардың ұсыныстарын ол жүре тыңдайтын жағдайға жетіп үлгерген. «Сен оттай бер. Сенің былшылыңмен дүние өзгермейді. Сенің айтқаныңмен емес, біздің жоспарлауымызбен болады» деген менмендік оның әр қадамынан көрініп тұрар еді.


Ұжым арасында Сәрсеннің біліктілігі, ғылыми ізденісінің мәнділігі және қызмет атқарудағы шеберлігі туралы көп айтылып жүрді. Алайда, ресми түрде ол жайында ешкім тіс жарған емес. Қайдар мамандықтың кейбір күрделі тұстарын курстасы Сәрсеннен біліп ала салады. Ал, Жамбыл секілді мықтыларға сыр білдірмеуге тырысады.



5. Екі оттың ортасында


Адамның не ойлағанын білу мүмкін емес деп жататыны бекер секілді. Қайдардың бөлім бастығы болғанына іштей ең қатты қарсыласқан адам Жамбыл екендігі бірден аңғарылып тұрды. Жасырғысы келсе де түрі оны үнемі ұстап береді. Соған қарамастан ішкі ойларын жасырғысы келіп:


- Ал, Қайреке! Қызмет құтты болсын!

- Біздің Қайрекең бір бөлім тұрмақ бүкіл комитетті де басқарып кете алатын жігіт қой! – деп те көрді.


Болмады. Бәрібір Қайдарды иттің етінен де жек көретіндігі білініп тұрады. Жағымпаздана алмайтынын білген сайын Жамбыл ыңғайсыз жағдайға түсе береді. Оның ішкі ойын залым Қайдар да білетін сияқты. Осылайша, жылдар жылжып өтіп жатты.


Бір күні бөлімде Жамбыл мен Сәрсен оңаша отырған. Жамбыл әдеттегісінше есікті ашып екі жаққа алма кезек көз тастады да жақсылап жауып, Сәрсеннің үстелінің алдына орындығын әкеліп қойып әңгіме бастады:


- Біздің төраға ұятты ұмытқан екен. Өз әйелін, тіпті көңілдестерін әкеліп басқарманы былғағаны аз болғандай мына біздің көрші бөлімге бір алжыған шалды меңгерушілікке қойыпты. Онысы бұрын мемлекеттік қызметте істемеген, онысын айтпағанның өзінде базалық білімінің өзі күмәнділеу көрінеді. Сондағы мақсаты не деп ойлайсың?


- Мен қайдан білейін? Өзінен сұрамайсыз ба?


- Сұрар едім. Бірақ, оған кіргеннен министрдің қабылдауына бара салған әлдеқайда оңай шығар. Ешбір жерде жоқ бюрократияны қалыптастырды ғой, пәтшағарлар. Ана бір Шиқанбай деген тіпті шектен шығып барады. Ал, ана алжыған шалдың өтірік сөзіне бастық басымен қалай сеніп жүргеніне таң қаламын. Шал айтатын көрінеді, «мен үлкен кісімен өте жақын араласамын, үнемі әңгімелесіп тұрамын» деп. Оған есі дұрыс адам сене ме? Үлкен кісі ерігіп отыр ма екен, пенсиядағы қырт шалдарды тыңдап. Оған біздің әлгі топас сенетін көрінеді.


Осы сәтте есік баяу ашылып, Қайдар келді де Жамбылдың дәл артында тұрып оның сөзіне құлақ түре қалды. Сәрсен ауыр жағдайға тап болды. «Артыңда Қайдар тұр» деп оған ымдайын десе, Қайдар тұр көз алмай аңдып. Егер оны ашық айтса, Қайдардың «Сендер менен жасырып не әңгіме айтып отырсыңдар? Егер менімен істегілерің келмесе, арыздарыңды жазып өз еріктеріңмен кетіңдер!» - деп шыға келері белгілі.


- Сен неге үнсіз қалдың? - деген Жамбылдың сұрағы оны одан бетер састырды. Қайдар келмес бұрын Сәрсен де бірдемелерді айтып, төрағаны қосыла жамандағандай болып көрінетін болды.


- Жарайды, өзің біл. Мені қойшы, екі жылдан соң зейнеткерлікке шығып өз жайыма кетемін. Сендерге обал. Өңшең надандар мен жағымпаздар арасында... Абайдың айтқаны бар ғой, «әрбір надан қорқақ келеді» деп. Төрағанікі тура соның өзі... – дей бере артында тұрған Қайдарды көріп қалды.


Жамбылдың өңі құп-қу болып, аузы ашылған күйі қатты да қалды. Қайдар ешкім ештеңе демеген соң біраз тұрды да әлдекімді сұрастырып алып, шығып кетті. Жамбыл онсыз да жабық тұрған есіктің тұтқасын тартып көрді де:


- Сен не деген арамза жігіт едің? Тым құрығанда артыңда Қайдар тұр дегенді ымдап болса да сездірмейсің бе?

- Ымдайын десем Қайдар мені аңдып тырп еткізбей тұрған жоқ па?!

- Амалдауға болушы еді. Бастыққа жағу үшін бәрін әдейі жасадың.


Есік деген байқамасаң осындай қауіпті нәрсе – деді де бұрылып барып, оны ашты да қайтадан қатты жауып, қабырғаны солқ еткізді.

- Сіздің сөзіңіздің мәнін ол ұққан да жоқ шығар – деп, Сәрсен оны жұбатпақ болғанымен Жамбылдың өңі абыржулы күйден уайымшыл солғын кейіпке көшті.



6. Үміткерлік


Бір күні Сәрсенді Қайдар ресми түрде кабинетіне шақырды. Бірге оқыған курстастан гөрі биікте отырған патша секілді жасанды үнмен Қайдар:


- Қане, Сәрсен! Бері таман отыр. Екеуміз бірге оқыдық. Сенен жасырарым жоқ, бір ресми құпияны ашайын деп отырмын – деді, де сынағандай ұзақ тесіліп қарады. Талай жыл бірге оқып, бір ұжымда әріптес болып келе жатқан құрдасының бұл қылығы жынына тисе де Сәрсен онысын сыртқа шығара алмай «Иә» деп бағынышты кейіппен әлсіз ғана дауыстады.


- Мына досыңды басшылар орынбасарлыққа өрлетейін деп жатыр.


Қызғаныштың қызыл жалыны ішті өртеп өтсе де Сәрсен білдіртпеуге тырысып:


- Қуанышты хабар екен. Құтты болсын! – деп, қолын созды. Қайдар қысқа әрі добалдай саусақтарымен досының қолын қатты қысып, оның ішкі қыжылын сезсе де пысқырмайтындығын көрсете отырып, әңгімесін жалғастырды:


- Маған басшылар өз орныңа адам тап деп жатыр. Сен қандай пікірдесің, кімді қойсақ болады?

- Кім болса да бәрібір ғой.

- Онысы несі? Бөлім басқару деген кім көрінген істей беретін қызмет болғаны ма, сонда?

- (Сәрсен сасып қалды да, өңі бұзылып) Жамбыл аға істей алар еді.

- Жамбыл, Жамбыл деседі ғой. Мүмкіндігінің бәрі сарқылған, кәрі шал не істей алады дейсің. Жарайды, сенің ұсынысыңды білдім. Менің ойымша бұл қызметті сен атқарар едің. Төрағаға өз ұсынысымды айтып та қойғанмын. Ағамыз қолдайды деп ойлаймын. Расын айтқанда, мен сені бұрыннан өз орныма даярлап жүрген адаммын. Жауапкершілікті терең сезінетін тұлғалар өз орнына аз дегенде үш үміткерді дайындап отырады. Өз орныма дайындаған үміткерлердің арасынан мен сені нөмір біріншісі деген пікірде едім.

Сәрсен жөпелдемеде «Жарайды» дей салуға ретін таба алмаса да ұсыныспен жүз пайыз келісетіндігін білдіруге барын салып тырысты. Сәлден соң Қайдар орнынан тұрып, қарапайым кейіпке енді де:

- Бірге істегенімізге талай жыл болды. Бір бірімізбен араласпаймыз.

Әлі күнге дейін үйіңнен бір дәм татқызбадың ғой, досым? – деп, қиыла қалды.

- Келсеңші, есігіміз ашық! Жастық шағымызды еске алып, емен-жарқын әңгімелесіп бір отырайық. Үнемі ресми ғана тілдесіп, өтірік жасанды қарым-қатынас жасаудан расын айтсам шаршадым.

Сәрсеннің ағынан жарылып айтқан бұл сыры Қайдарға ұнамады. Ләм им деп ауыз ашпаса да қабағын түйіп сұрлана қалды. Аңдаусызда тағы да бірдемені бүлдіріп алғанын білген Сәрсен онысын қалай жуып, шаюдың да ретін таппай үнсіз шығып жүре берді.



7. Мәнсап


Қайдар Сәрсеннің үйінде бір емес, бірнеше рет қонақ болып күтілді. Келген сайын ет пен араққа сылқия тойып алып кетеді. Қайдар арақтың қызуы басына шыға бастаған кезде айтатыны мынау:

- Шолпан! Сенің күйеуіңді мен өз орныма қойып, өрлетпекпін. Бірақ, бұл мемлекеттік құпия дегенді Шолпан ханым сен ұмытпа!


Бір-ақ тұтамдай бола тұра быттиған семіз аяғын айқастырып, бір-біріне артып отырғысы келеді, алайда, онысы келмейді. Қайдардың бүкіл болмысына Шолпанның ызасы келеді, сөзіне де, өзіне де. Дегенмен үнсіз қалуға мәжбүр. Жолдасына кесірім тиер деп қана үндемеуге тырысады. Алайда, үндемеу дегеннің өзі Қайдардың бос сандырағынан текке дәмеленіп өзін өзі қарабет еткендей әсер ете береді. Бірде тағы да сол сөзін қайталап, Сәрсеннің көзін ала бере Шолпанның қолын қатты қысып, шайтан ойнақшыған көзін сүзіп қарағаны бар. Көп уақыт өтсе де Қайдар орынбасар, Сәрсен бөлім бастығы болған жоқ. Баяғы сол қалпында. Үйге келеді, ішіп жеп, мас болып қайтады.


Тағы бір кезекті отырыс. Қайдар жылқының семіз қазы, қартасын жеп арақты сылқитып отыр. Аяқ қолы қысқа болғанымен ет-жеңді әрі семіз Қайдарға Шолпан мен Сәрсен алма кезек «ал, ал, жесеңші» деп жалынып әлек. Негізі айтпаса да Қайдар тамақтан да, арақтан бас тартып отырғаны шамалы. Арасында әлдебір тақырыпта әңгіме дүкен құрған болысады. Біртіндеп әңгіме ауаны жаңадан құрылған халық ассамблеясы дегенге қарай ауысты.


- Үй ішінен үй тіккендей бірдеңе.. Онсыз да біздің елде келімсектерге жасалып жатқан қолпаштаулары аз ба еді? Енді, оны бюджеттен қаржыландырып, президент әкімшіліген кеңсе беріп шашылудың қажеті жоқ болатын. «Қасқырды қанша асырасаңдар да орманға қарап ұлиды» деген бар. Олардан не қайыр. Бас аман болса болды, әйтеуір – деп қалды, Шолпан.


- Қазақ бекер айтпаған ғой, «жаман үйдің қонағы билейді» деп. Өзге ұлт диаспорасына артықшылық беріп әспеттейтін ел әлемде жоқ шығар. Әлгі совет кезіндегі интернационализм секілді болып қалар, азар болса. Біреулердің бас пайдасы үшін керек болған шығар. Көреміз әлі – деп оны Сәрсен де қостап қойды. Сол мезетте Қайдар қоразданып:


- Сендер жауапты адамдар бола тұра қалай сөйлейсіңдер? Жаңа ассамблей біздің төрағаның идеясы болатын. Үлкен кісі оны қолдады. Оны ұлт көшбасшымыз өзі басқарып отыр. Ұлтшылдық деген жақсы нәрсе емес. Біз қазақстандық жаңа ұлт жасауымыз керек. Бізге тыныштық керек, бәрінің көңілін табуымыз қажет. Толеранттылық керек, бізге! Сендер мәнін білмей жатып, жауапсыз әңгіме айтқанды қойыңдар!


- Ой, тәйірі! Біз кішкентай адамбыз. Үлкендерде не шаруамыз бар?

Оны қой! Қане, Қайреке! Алып қой! – деді, Сәрсен әңгіме ауанын басқа бұрып.

- Сен не? Ірі комитеттің білдей бір бөлім бастығын кішкентай адам деп...

- Жоға, Қайреке! Мен өзімді, мына Шолпанды айтқаным ғой...

- Сәрсен саған біздің Сарқытбек Жәкенович басқаратын комитет олқы соғып тұр ма, не?!

- Мәселе онда емес...

- Мәселе неде, сонда?

- Қазақта сөз бар, «елің қандай болса бөркің де сондай» деген. Жүйе осылай болған соң біз де одан асып қайда барамыз?

- Сәрсен сен саяси жүйе туралы не айтып отырсың?

- Жарайды, қойдық... бос әңгіме... (Шолпан Сәрсенді шынтағымен түртіп қояды) ішейік қане!

Шөлмектің түбінде қалған арақты сарқып екі рюмкеге құяды да соғыстырып ішеді. Қайдар шыққан соң Шолпан Сәрсенге:

- Қайдардың қасында қанша мас болсаң да байқап сөйлеп жүрсеңші! Анауың қауіпті адам. Түймедейді түйедей етіп жүрмесін!

- Қой, Шолпан! Біз өмір бойы бірге келе жатқан жандармыз. Онда тұрған не бар... қашанғы ойымыз басқа, сөзіміз бөлек болып жүреміз?

- Білмеймін, байқа!

- Ой, бұл отызжетінші жыл емес қой...


Ертеңінде Сәрсенді кадр басқармасының бастығы Мәкен дейтін суық түсті, өзінше кекиіп қалған біреу шақырды. Салып ұрып жетіп барса қасында Қайдар отыр екен. Мәкен қанша жерден түсі суық адам болсадағы Сәрсенді көрген бетте жымың ете қалды да қасында Қайдардың отырғанын сезіп қайтадан суық кейпіне ене қойды. Соған қарағанда ол да Қайдардан қорқады екен. Мұнысы Сәрсенді шынымен таңдандырғандай болды.


- Қане, отыр Сәрсен! Ал, жігітім сен біздің саяси жүйені қандай деп жүрген адамсың? «Елің қандай болса бөркің де сондай» деген не сөз?

- Енді ол жай ғана...

- Жай ғана дейтін болмайды, бауырым! Сен өзің Қазақстанда тумасаң да біздің қаражатпен шет елде білім алып келген жауапты қызметкерсің. Сенің туған өлкең – көрші ел ондай қамқорлық жасаған жоқ қой, саған?

- Дастархан басында не айтылмайды? Мыналарыңыз қызық болды ғой...

- Сен мемлекеттің маңызды буыны болып тұрған комитетте істейтін жауапты қызметтегі адамсың. Дастархан басында ма, қайда бәрібір. Біз саған ресми түрде ескертіп қоймақпыз. Бұдан былай абай бол!

Осы тұста Қайдар әңгімеге араласты:

- Бұл ескертіп қоя салатын дүние емес. Аса күрделі саяси мәселе.


Бұдан былай саған осы жауапты қызметті сеніп тапсырып қоюға бола ма, жоқ па дегенді де қарастыруға болушы еді. Жолдастық тұрғыдан мен саған мына кадр басқармасы бастығының жанында ресми түрде айтып отырмын. Ол үшін хаттама толтырып жиналыс ашпай-ақ.


- Өте дұрыс, Қайреке! Ал, Сәрсен! Бөлім бастығы адамгершілік танытып отыр. Комитет алқасының отырысына шығарылса, біттің ғой. Түсініп отырсың ба, Сәрсен?

- Иә, түсініп отырмын. Сіздерге көп рахмет! – деп, Сәрсен ызадан жарылғалы тұрса да онысын жасырып шығып кетті.


Осы оқиғадан кейін Сәрсеннің құлақ шекесі тұсы қатты шағып ауырып қана қоймай түнде ұйқысы қашатын болды. Дегенмен, бір күні расында Қайдар орынбасарлыққа өрлеп, Сәрсен оның орнына бөлім бастығы болды. Өзінің меңгеруші болуына ана жолы кадр басқармасы бастығы алдында кемшілігін адал түрде мойындағандығының пайдасы тиген шығар деп оңашада жымиып қояды.


Сәрсеннің бөлімі Қайдарға тікелей бағынатындықтан ол тағы да курстасына кіріптар болып кетті. Ең қиыны, тіпті қорлығы Қайдар өзіне жүктелген барлық міндетін Сәрсенге атқартып қойды. Ол түн ауғанша жұмыста отыратын болды. Шаршаған кезде қолды бірақ сілтеп, Қайдардың ит терісін басына қаптап кетіп қалғысы келеді. Алайда, оған жүрегі дуаламайды. Сонымен бірге бөлім бастығы деген кішкентай креслосын тағы қимайды.



8. Түкпірдегі кабинетте


Сарқытбек Жәкенович басқаратын комитетке тексерушілер жиі ат ізін салып, ұжымнан маза кетті. Қайдар бұл туралы Сәрсенге:

- Әлдебір оңбаған немелер біздің үстімізден үнемі шағым жазатын болып алды.

- Кімдер екен ол оңбағандар?

- Оны әзірше саған айтпаймын. Бірақ, сен еш абыржыма! Біздің Сарқытбек Жәкеновичтің «крышасы» мықты. Ол кісі тұрғанда бізге күйе де жағылмайды, су да жұқпайды.


Әр тексеріс сайын директорлер мен бөлім бастықтарына арнайы тапсырма беріліп, қызметкерлерден ақша жинаттырады. Ол ақшаны Қайдар алады да тексеріске келген комиссия мүшелерінің жанынан табылады. Оларды қыдыртады, мейрамханаларға, сауналарға апарып, күн демей, түн демей қастарынан бір елі қалмай жүріп шығарып салады. Олардың ішінде ешқайда қыдырмай тексерістерінің анықтамасын ұжымға таныстырып, ресми түрде ескерту жасап, соңғы шешімді жоғары жақ қабылдайтындығын ашық айтып кететіндері бар.


Алайда, тексеріс кете салысымен арты жым-жырт тыныш қана қала береді. Ешнәрсе болмағандай бәз баяғысынша тіршілік жалғаса береді. Сәрсен өз жұмысымен қатар Қайдардікін де қоса атқарып, түн ауа үйіне қайтып жүріп жатты.


...Сарқытбек Жәкеновичті көргенде алғаш Сәрсен оның қартаңдау бола тұра жасына лайық келмейтін біртүрлі жеңілтек кейпіне еріксіз таңданған болатын. Беті әйел адамдардікі секілді жұқалтаң, киім-киіс жүріс-тұрысында да төмен етектілерге тән бірдеме бар секілді көрінген. Қолындағы «печатька» деп аталатын алтын сақинасы, көзілдірігінің алтынданған жақтаулары, тіпті аңқытып жүретін иіс суының өзінде мемлекеттік ресми тұлғадан гөрі әртіске жуықтайтын бірдеме бар секілді.


Ымырыт үйіріліп, айналаны әлдеқашан қараңғылық жайлаған. Алайда, комитет кабинеттерінде әлі жұмыс тарамаған. Жалпы мұнда кешкі жеті-сегізден кейін жұмыс қыза түсетін әдет пайда болған. Дәл осындай кезде маңызды шешімдер қабылданып жатады. Онекіге қарай жұмыстан қайтуға Сәкен де дағдыланып алған.


Бірде кешқұрымда Сәрсен ресми хатқа қол қойдыру үшін комитет төрағасына келсе қабылдау бөлмесі иен тұр екен. Қарсы есіктегі көмекшісін іздесе ол да жоқ. Астыңғы қабатқа түсіп күзет қызметіндегілерден сұрап еді:


- Көмекшісін білмедік, хатшы қыз сұранып кеткен. Ал, төраға өз орнында. Әзір шыға қоймайтын да шығар, - деген жауап алды.


Далиған кең қабылдау бөлмесіне қайта келіп төрағаның есігін ашып ішке енді. Бірақ, алып кресло бос тұр. Іле кері бұрылды да орындығының артқы жағындағы тағы бір есікке көзі түсті. Осы есіктен кіріп төрағамен бірге шай ішетіндігін Қайдар мақтан етіп талай айтқан. Комитеттің отымен кіріп, күлімен шығып талай жыл еңбек етсе де осы есікке жақындап, төрағаның үстелінің маңына келіп көрмепті. Үстелдің артына шыққанда жүрегі соғып, белгісіз бір үрей бойын билегендей болады екен.


Есікті ақырын ғана ашып, мысықша зып етіп кіріп барды. Төрағаны ол шудан қашып осы бір жасырын бөлмесінде алаңсыз жұмыс істеп отырған болар деп топшылаған. Алайда, оның көзіне оттай басылғаны диван үстінде жан алысып, жан берісіп үздіксіз қимылмен итектесіп жатқан тыржалаңаш ер мен әйел болды. Дәл бір бейәдеп кинолардағы секілді көрініс. Сәрсеннің жүрегі солқ еткендей болды да аузы ашылған күйі босағада сілейіп тұрып қалыпты. Дивандағы екеу де әлде кімнің кіргенін сезгендей өліп өшкен қимылдарын кілт доғарған, ыңқыл сыңқылдарынан да әп сәтте арылып мелшиіп қалған. Үшеуін де бейне бір электр тогі ұрғандай мең зең.


Мүлгіген тыныштық пен меңіреу сәтті тас талқан еткен бір кездері әлде бір құрылымда жастар ұйымын басқарған, бүгінде департамент директоры болып жүрген, танымал жас маман, болашағынан зор үміт күттірген Каринаның ойбай салып бетін басқан ащы даусы болды. Төраға жалма жан есін жиып, қол созым жерде тұрған пиджагін үстіне жауып жатты. Сәрсен де шошып оянған адамша селк етіп, шұғыл бұрылып есікті сыртынан қатты жапты да делізге шықты. Есінен танып қалған Сәрсен бір кезде өз үйінің кіреберісіне қалай жеткенін де аңғармай қалыпты.


Ол өз көзімен көрген былық-шылық жайында ешкімге тіс жармады. Өмірінде мұндай сұмдықты көремін деп ойламапты да. Тіпті екі-үш күн түні бойы ұйықтай алмай әуреге түскені бар. «Қайдағы біреулердің былыққаны үшін неге мен ұйқыдан айырылуым керек. Айналамның бәрін әділ таза деп ойлаушы едім. Жас ұлғайған сайын неше түрлі сұмдықты көреді екенсің ғой. Бұл дүниеде адам өзі қалай өмір сүру керек? Төраға менен өлердей қорқып жүрген шығар, масқара тірлігімді елге жаяды деп. Менен басқа біреу болса, осы сәтті пайдаланып бағар ма еді. Бәлкім, төраға мүлде қорықпайтын да шығар. Ол кімнен қорқады? Жоғары жақтың көбі өз жерлестері мен жемтіктестері. Қандай жағдайдан да оны арашалап ала салады. Ал, мен қорқуым керек шығар. Мені кішкентай қоңыз ғұрлы көрмес. Мыжып тастай салады ғой. Түкке тұрмайтын осындай ақымақтар қалай бізді билейді-ә! Олармен күрессем ғой. Бірақ, қалай күресем, менің қолымнан не келеді? Текке ұйқымды бұзғаннан не пайда? Демалайын». Сонда да, жүрегі маза бермейді.


Бірнеше күн өткен соң Қайдар Сәрсенге еріген қорғасындай жайлы мінез танытып:

- Cәке, төрағаның бөлмесінде көргеніңді не істейін деп жатырсың?

- Не істеуші едім, ештеңе... көрген көзде жазық жоқ. Бітті.


Қайдар ерекше ілтипатпен Сәрсеннің арқасынан қағып, «дымың ішіңде болсын» дегендей сыңай танытты да, көзін қысып қойып кете берді. Бұл сұрақты реті келгенде кадр басқармасының бастығы мен төрағаның бірінші орынбасары Шиқанбай да қойды. Сәрсен «ештеңе істемеймін» деген жауабынан жазбады. Бұрын әлдеқандай болып қабағын қарыс түйіп алып жүретін бірінші орынбасар Шиқанбай табан астында өзгеріп қарапайым кейіпке ене қалып:


- Ер жігіттің бәрінің басында бар нәрселер ғой. Төраға есікті құлыптадым деп ойлаған екен. Бірақ, құлып жай айналғанымен бекітілмей ашық қалыпты – деп, Сәрсенді түртіп қойып, қатындарша қиқылдап күледі.


Комитетке келген «кешенді» деп аталған тексеріс аяқталып, оның соңы кадрлық ауыс-түйістерге ұласты. Төрағаның қылы да қисайған жоқ, креслосын сақтап қалды. Ірі басшылардан кадр басқармасының бастығы, орынбасарлардан Шиқанбай мен Қайдар ғана орнында. Яғни, Сәрсеннен «әлгі кабинетте көргеніңді не істейсің?» дегенді сұраған үшеуі дін аман. Директорлерден басы болып, Жұмабек ұшып кетті де орнына Сәрсенді тағайындады. Ол директор болдым екен деп бөлімін тастамады, қоса атқаратын болды. Сәрсен олармен жерлес болмаса да жемтіктеске айналып бара жатқандай сезініп, кейде тіпті әлгі көзбен көргендерін пайдаланып, төрағаның бермесін неге алмасқа деп ойлап қояды.


Алайда, тумысынан аш көздігі жоқ, ниеті адал Сәрсен төрағамен бетпе бет кездесіп қалудан да тайсақтап жүрді. Анандай жерден көре қалса бұрылып кетуге тырысады. Ал, төрағаны көрсең түк болмағандай жиналысын ашып, жауып көптің көзінше әлгі көңілдесі Каринаға тапсырмалар беріп, тым ресмиленгені соншалық тіпті «сіз» деп қояды. Оны көрген Сәрсен оңашада өзінің ынжықтығына налып, басын өз жұдырығымен түйіп-түйіп қояды.


Ол жұмысбасты болып, қатты шаршап жүрді. Дәрігерлер ауруханаға жатып емделуді талап ететін болды. Қайдар оған үйіп-төгіп тапсырмаларды береді де:


- Досым, шаршап жүрсің ғой, білем. Емделуге қайда барам десең де жібереміз. Еуропа дейсің бе, Америкаға ма? Сенен аяйтын ештеңеміз жоқ! – деп, өзі бәрін қалтасынан беретіндей көлгірсиді. Онымен қоймай «сен біздің бәйтерексің! Сенсіз күніміз қараң қалады. Сендей алтын маманды бұл дүниеден таппасбыз» - деген секілді Қайдардың жасанды мадақтарына Сәрсен марқаймаса да сүйікті мамандығы мен кәсібіне адал беріліп, жұмысты дер кезінде атқарып тастамаса көңілі көншімейтін жағдайға душар болған еді. Кезекті демалысты да уақытылы ала алмай жүрді. Керісінше, түк тындырмаса да комитетке берілген шет елдің айтулы емдеу-сауықтыру орындарының жолдамаларын Қайдар құр жібермейді. Бірінен орала салып, келесіне аттанудан арланбайды да.


Қайдар жыл сайынғы тендерлік комиссия атаулыны не өзі басқарады, ал, егер төраға басқарса міндетті түрде орынбасары болып алады. Мұндай науқан кезінде Қайдардың айдарынан жел есіп шыға келеді. Бәрін өзі атқарып, реттеп жатады. Ондай кездерде оған жер-жерден іздеп келіп жолағатындар да бір толастамайды. Жұрт ол туралы «шексіз байып бара жатыр», «параны алуға әбден маманданған адам», «жемқорларды құрықтап жатырмыз дегендердің өзі Қайдарға келгенде дәрменсіздік танытады» дейтінін Сәрсеннің құлағы әлде неше рет шалған. Алғашында оған жиіркенішпен қарайтын сияқты еді. Енді оған кәдімгідей іші күйіп, көреалмастық сезім бойын билегендей болады.


Сәрсен де пенде болған соң байығысы келеді. Сауда-саттық жасау қолынан келмейді. Мына опасыз жалған дүниеде байлықтан артық қандай қызық бар. Бай болу үшін әрине, көп ақша керек. Ал, оны қайдан табады? Сәрсенге мәлім жалғыз жол молырақ жалақыға қол жеткізу ғана еді. Жоғары жалақы тек қана биік лауазымдыларға беріледі. Қазіргі күні көзге көрінері осы ғана. Сондықтан лауазым үшін барыңды салып, жұмыс істе!


Қайдар бір күні Сәрсенге екеуі бірігіп бір көлемді кітап жазуы қажет екендігін айтты. Бұл көптен бері Сәрсеннің де ойында жүрген арманы еді. Қайдар оны жоспарға енгізіп, тіпті төрағамен келісіп қомақты қаламақы да тағайындататын болыпты. Екеуі тарауларды бөліп алып жазуға кірісіп кетті. Өзіне тиесілі бөлігін жазып бітіріп Қайдарға алып кірсе ол:


- Сәке, менің қолым тимей жатыр. Менің тарауларымды сен жазып тасташы! Егер мені күтсең онда жоспарланған мерзім өтіп кетеді. Кітап бастыруға келіп тұрған мынандай тамаша мүмкіндіктен текке айырылсақ не болады? – деп қарап тұр.


Сәрсен кірісіп кетті. Төл мамандығы болған соң барлық проблема оған қызықты әрі жанына жақын. Тарауларды түгендеп бәрін тас түйін етіп әзірлеген соң Қайдарға әкеліп тапсырды. Мұқаба бетіне Қайдар екеуінің фамилиясы қатар жазылған. Қайдар бастыру ісін түгелдей мойнына алып, жүгіретін болды. Сәрсеннің ондай шаруға құлқы жоқ. Бірер рет кірісіп көрген, еш нәтиже шықпаған. Ал, ондайға Қайдар епті. Бәрін лезде бітіріп тастайды. Кітап жарық көрді. Алайда, Сәрсеннің фамилиясы түсіп қалып, жалғыз Қайдар ғана автор ретінде көрсетіліпті. Қаламақы түскен кезде де дым бұйырмады.


Сәрсен бірде Қайдарға кірді:

- Қайреке! Әлгі кітабымыз жарық көріпті ғой...

- Иә, баяғыда шықты ғой. Сен әлі білген жоқсың ба? Әлі күнге дейін білмей жүргенің жарамайды, досым! – деп, түк болмағандай жайбырақат отыр.


Сәрсен бірдеме айтпаққа оқталды да жүрегі дуаламады. Осы жайбырақат кейіпті бұзып, оны ашуландыру біртүрлі қиын секілді сезілді оған. Сосын үн-түнсіз шығып кете берді.


Келесі жылы аталмыш еңбек мемлекеттік сыйлық алып, Қайдардың аты елге жайылды. Осы кезде бәрінен бұрын Шолпанның төзімі таусылды:


- Қайдарды сотқа бер! Еңбек сенікі ғой. Тым құрығанда сот екеуіңді мәмлеге шақырып, қаламақы мен сыйақыны алып берсе, оның өзі қайда жатыр. Сен ол ақымаққа басындырмасаңшы! Кім еді, ол Қайдар деген ақымақ, соншама?! Онсыз да күнімізді көре аламыз ғой.


Әйелінің сөзі рас еді. Бірақ, Сәрсен үшін өзінің тағдыры тап сол Қайдардың қолында тұрғандай сезілетін болған. Балалары ержеткен сайын тұрмыстық қажеттілік те өсе түсті. Директорлік пен бөлім басқару және ғылыми жобаны жүзеге асырғаны үшін берілетін жалақысы болмаса қоңыз теріп кететін түрлері бар. Дағдарыс жағадан алғанда, қымбатшылық аяқтан шалады. Сәрсен жұмысынан айырылып қалмау және мүмкіндік болса лауазымын жоғарылатып одан да көп жалақы алу үшін Қайдарға барынша кіріптар болып бара жатты.


Шолпан шарасыз күйге түскен. Қайдарға жыны келіп, оны иттің етінен жек көреді. Егер біреу қолына қару ұстатып, өзін қылмысқа тартпауға кепілдік беріп, Қайдарды атып таста десе, жайратып-ақ салар еді. Алайда, күйеуі үшін онысын білдірмеуге тырысады. Бәрінен бұрын Сәрсенді аяп, балаларының көптігіне, ақшаның аздығына кейде налыса да, дереу тәубаға келіп, бәрінің амандығын тілеп Аллаға жалбарынып жүреді.



9. Кешкі астағы әңгіме


Бір күні Сәрсен үйге қуанышы қойнына сыймай желіп жетті. Кешкі ас үстінде ол анасы, Шолпан мен балаларының ортасында отырып мынандай әңгіме айтты:


- Мені бүгін Қайдар шақырып алып, бір жаңалық жеткізді.

- Не айтты ол соншама?

- Біздің төраға қызметін бермек екен?

- Ол сұмырай қайда бармақ, сонда?

- Алыс шетелдің біріне елші болады дейді.

- Комитетті былықтырғаны аз болғандай... Әйтеуір солардың жолдары болғыш. Ал, оның орнына кім отырмақшы екен?

- Қайдар төраға болады.

- А, не дейді? Ха-ха-ха! Жетістірген екен. Ал, Қайдардың орнына бірінші орынбасарлыққа ше?

- Мені қоймақ көрінеді.

Сол-ақ, екен, төрт қызы жан-жақтан шулап қоя берді.

- Алақай, әкем қызмет көлігін мінетін болды!

- Жүргізушісі бізді қыдыртатын шығар, ә!

- Біздің көрші кіреберістегі министрдің орынбасарының қыздары әкесінің қызмет көлігімен қаланың сыртына шығып келіп жүреді ғой.

- Әке, онда мені «Болашақпен» шетелге магистратураға жіберетін шығарсыз...

- Қойсаңдаршы енді! «Асамай жатып құлдық» демекші, онысы несі-ей? – деп, қыздарын тыныштандырған соң Шолпан:

- Қалай, ол жұмысты алып жүре аласың ба? Ауыр болып жүрмесін? – деп, күйеуінен сұрап еді, енесі:

- Немене, жұрттың істеген қызметі менің баламның қолынан келмейді ғой деп пе едің? – деп, ара түскендей болды.

Сәрсен олардың бәріне қаратып:

- Әлі нақты шешім шыққан жоқ. Сондықтан, балалар да, өздерің де

дабыра ғып ешкімге айтпаңдар! Болмай қалып ертең ұятқа қалып жүрмейік.



10. Ақымаққа басындырудың әлегі


Сәрсеннің мұрнына су жетпей жүр. Барлығына үлгеру үшін жұмысқа жан-тәнімен беріліп кіріседі. Денсаулығының аздап сыр бергеніне тіпті назар аударуға да шамасы жоқ. Қайдар да тықақтап қоймайды. «Енді күш салатын кез келді. Бәрін мейіздей ғып қатыр!» дейді де тұрады. Қайдан қандай құдірет оған дем беріп тұрғанын білмейді. Әйтеуір Сәкен шаршап-шалдығуды білмей шаруаға бар ынтамен кірісіп жатты.


...Қайдар кабинетінде терісіне сыймай қып-қызыл болып, тұлан тұтып отыр екен:

- Неге бақандай отыз пайыздың айырмашылығы шығады? Мынандай маңызды кезеңде пәле болды ғой!

- Соншама айырмашылық болуы тіпті мүмкін емес.

- Енді болып тұр ғой. Министрліктен қайта-қайта мазалап жатыр.

Жоғары жаққа жалған мәлімет бергенің үшін жауапкершілік сенің мойныңда Сәрсен мырза!

- Есеп мұқият жасалған. Олай болуға тиіс емес!

- Нашар жасалған болып тұр да. Министрліктегілер сенен гөрі білікті

азаматтар болса керек. Есепті кімге жасатып едің?

- Жамбыл аға жасаған.

- Сол бір жексұрын шалды баяғыда жұмыстан шығарып жіберу керек еді. Осының өзі жетіп жатыр, давай, қызметтік хат жазшы! Бүгін-ақ көзін құртайық, оңбағанның!

- Жәкең есеп-қисапты жасап, мен тексеріп бекіткен едім.

- Нашар тексергенсің. Министрлікті алдағандарың үшін жауап бересіңдер! – деді де, үстелінің үстіндегі қоңырауды басты. Кіріп келген хатшысына «Жамбылды шақыр!» деп бұйырды.


Сәрсеннің ызасы келді. «Қол қойған бірінші орынбасар ретінде сен де жауап бересің! Қол қою дегеніміз жауапкершілікті мойныма аламын деген сөз. Жамбылдан мен, менен гөрі сен көбірек жазаға ұшырайсың. Солай бола тұра несіне маған қораздана бересің?!». Осы сөздер тілінің ұшында тұрды. Бірақ, айта алмады. «Толеранттық керек. Осы өзі бір сүйкімді сөз. Түкке тұрмайтын бірдемеден жанжал шығарғаннан не пайда? Қолға келейін деп тұрған бірінші орынбасарлықтан текке айырылып қалып жүрермін». Осындай ойға келген Сәрсен Қайдарға жарамсақтана қарап, өзін кінәлі сезінгендей жалған түрге еніп тұрды.


Жамбыл да әлдеқашан келген, қоянша бұғып отыр. Қайдар Жамбылдың жер-жебіріне жетіп боқтап, тіпті енді айтарға жаман сөз таппай ызадан жарыла жаздағанда телефон безілдеп қоя берді. Тұтқаны көтерген Қайдар біраз уақыт үнсіз тыңдап отырды да:


- Е, солай деңіз. Сіздің инспектор қателескен екен ғой, бәсе! Мен жігіттерді шақырып алып, ұрсып отыр едім. О не дегеніңіз, ештеңе етпейді. Кешірім сұрамай-ақ қойсаңыз да қайтеді. Жұмыс болған соң ондай-ондай болып тұрады ғой – деп, телефонын қоя салды. Сәрсен қуанып кетті:


- Сонымен біздікі дұрыс болып шықты ғой...

- Сонда да сендер жауапкершілікті босаңсытуға болмайды. Жәке, сіз бара беріңіз! – деді де, оңаша қалған соң Қайдар Сәрсенге өзімсінген кейіппен жайлап қана былай деді:

- Сендер енді, біздікі дұрыс болып шықты, министрліктегілер өздері қателескен екен деп онда-мұнда айта бермеңдер! Мен саған мұны әдейі оңашада ескертіп отырмын.

- Иә, Қайреке! Түсіндім.


Сәрсеннің іштей өзіне қатты жыны келді. Өзіңнен ақылды әрі білімді біреудің сені мазақ еткеніне көнуге болар еді. Ал, сенен әлдеқайда төмен, тіпті мүлде ақымақ тоғышардың басынғанынан ауыр не бар екен бұл жалғанда. Алайда, бірінші орынбасар болу деген оның жеке өмірі, атақ абыройы үшін аса құнды дүние болғандықтан төзбеске амалы да жоқ еді. Дегенмен, әркез өзін «лауазым дәметкен оңбаған ит» деп іштей сыбап алғанымен қызмет баспалдағына жармасып алып өрмелеумен болды.


Соңғы кезде көк желкеден тартып, құрыстырып ауыртатын науқасы дендеп, қан қысымы жиі көтерілетін болды. Сәрсен оған да қарамай жұмысқа қызу кірісіп, әдеттегідей түн ортасы ауғанда үйіне қайтып жүрді. Арасында ең қымбат мейрамханаларға соғып Қайдарды жақсылап «суарып» қояды. Екі құлағы елеңдеп жақсы хабар тыңдауға тырысса да әзірге жоғары лауазым жайы тым-тырыс. «Сен қам жеме! Бәрі дұрыс болады. Біздің Жәкенович құр уәденің адамы емес» - деп, қояды Қайдар.


Демалыс күндердің бірінде Сәрсен саябақта күйеуімен бірге қолтықтасып келе жатқан Каринаны кездестіріп қалды. Ана жолы төрағамен әмпей-жәмпей арпалыста жолықтырғаннан кейін онымен бетпе бет кездескені осы еді. Таяуда қорғаған докторлығына құтты болсын айтты. Карина заты қазақ қызы ғой, обалы нешік, қатты қысылып, ұяттан жерге кіріп кете жаздап тұр. Ақымақ күйеуі арсалаң-арсалаң етіп өзінше мәз. Сәрсен оларды жақсылап кекетіп, мазақтағысы келді де жүрегі дуаламады. «Бет көрсе, жүз ұялады» деген рас екен. Қанша жерден жыны келіп тұрса да назарын төмен салып, абыржып тұрған Каринаны аяды. Осындай кезде Қайдардың бетің-жүзің демей айтып салатын батылдығына таң қалады. Онікін турашылдық немесе әділдік деу әбестік болар еді.


Сәрсен әр түн сайын қорқынышты түс көріп шошып оянатын болғалы біраз уақыт өтті.


Дәрігерге қаралуға, бір сәт тынығып демалуға еш мұрша жоқ. Жұмысбасты болып, үнемі мұрнынан шаншылып жүру тек Сәрсеннің пешенесіне жазылғандай.



11. Есек дәме


Сәрсеннің қасқырға құрған қақпанына киік түсіп қалыпты. Қасқыр болса, тұмсықтан періп құлатармын деп даярлап келген темір дойырын ол киіктің екі мүйізінің орта тұсына сілтеп кеп жіберді. Екі көзі жаутаңдап алаңсыз тұрған жануар сұлап түсті. Аузы-мұрнынан қою күрең қан ытқып шықты. Сонда да серектеп әлі тірі жатыр. Жанын қинамайын деп шешіп басының мылжа-мылжасы шыққанша пергіледі. Сонда да пырылдап қаны суша аққанымен өлмей қойды. Ес-түссіз ұрғылай берді.


Бір қараса киіктің бас сүйегінің сау тамтығы қалмай миы шашылып кетіпті. Әлі демі үзілмеген. Сәрсен бар күшін салып тағы бір ұрғанда киіктің екі көзі анандай жерге ұшып кетті. Айналаның бәрі қанға боялды. Өзінің киген киімі де қан. Шалажансар киіктің кеуде тұсында бірдеме томпып шығады да қайтадан кері кетеді. Жүрек секілді. Біраздан соң әлгі бассыз дене артқы екі аяғынан тұрып келіп Сәкенге қарай беттеді. Ол ойбай салып бетін баса қоймақ болса екі алақаны қан екен! Сол сәтте бірдеменің түгі бетіне тигендей болды. Анықтап қараса, кілемнің үстінде екпетінен жатып ұйықтап қалған екен. Шолпан төсекті сықырлатып бір аунап түсті де:


- Түннің бір уағына дейін алқаш Қайдармен бірге былшылдап отырғаныңмен қоймай енді таңға дейін көз шырымын алуға да мұрша бермейтін болдың ғой. Неменеге ойбайлап адамға ұйқы бермейсің? – деді.


Сәрсен қатты мас болып, еденге құлай кеткенін енді сезді. Орнынан тұрып төсекке қарай беттеп еді, Шолпан:


- Ары, ары...жүр! Маған жолама! Әне жерде төсек салып қойғанмын – деп, жаюлы бөстекті нұсқады.


Сәрсен ас үйге барып суық суды өлгенше сімірді. Қайтып келіп жатқанымен басы лықылдап, жүрегі лобылығып маза бермеді. Сонда да ауыз ашуға еркі де, дәрмені де жоқ еді. Үнсіз көзді жұмып жатудан басқа не шара. Сәлден соң Шолпан:


- Сәрсен, сен не деген ақымақ адамсың? Ана бір доңыз сияқты Қайдарға басындырып жүресің бе, осылай өмір бойы. Сен одан он есе артық білімдісің, қабілетің бар, Құдайға шүкір. Ол сені қашанғы осылай тәлкек ете береді. Өзің білесің бе, сол ақымақтың құлы болып жүргеніңді?


- Білем. Енді қойдым. Шештім жалпы...


- Осы сөзді талай айтқансың. Есек Қайдардың төраға болатыны шылғи өтірік. Не деген тойымсыз пенде десеңші. Арақты ішкен сайын беті жылтырап әбден тойынып алыпты өзі. Сен орынбасарлықты қайтейін деп едің. Қойсаңшы! Лауазым үшін сол ақымаққа жағымпазданғанша тыныш отырайық та. «Мен орнымды Сәрсенге беремін. Көп жыл өзім дайындап жүрмін. Менің орныма келетін адам» дегенді естіген сайын құсқым келеді. Ал, сен болсаң күліп қойып отырасың. Неге бетіне түкіріп жібермейсің? Ішетін арағын жайына ішіп кетсе бір жөн ғой. Бізді жынды ғып, былай шыққан соң мәз болатын шығар, қатырдым деп. Енді келсе, біліп қой, мен оның бетін тырнап жұлып аламын! Қайдарды адам санатына қосып жатқан сенен басқа кім бар? Бәрі біледі, оны. Жерлестерімен сыбайласқан кішкентай паразит. Қанша жерге барады дейсің ол? Бір-ақ күнде тоңқалаң асады ғой. Үкіметтің құрығы ұзын, қашанғы қызметтік орнын былғап тайраңдатып қояр дейсің. Сен соның зұлымдығын біле тұра осынша уақыт қайта-қайта мазақ еткізіп қоюың барып тұрған бетсіздік. Сәрсен, сен мәнсап үшін жан бермейтін адам екендігіңді Қайдарға айтып тасташы! Оған айт, арақ ішкің келіп, тамағың жыбырлап бара жатса, өз жөніңмен қылғыта бер де!


- Бетпе бет келгенде, адам біртүрлі батпайды екен.


- Ол сені басынып, не айтқысы келгенін айта алғанда сен неге одан ыңғайсыздануың керек?


- Шолпан, бұл деген енді адамның туа біткен болмысына байланысты ғой.


Келесі бөлмеден қарт анасының «һім» деген даусы шыққан соң екеуі де үнсіз қалды. Сәрсен көзін жұмып, кешегі мейрамханаға төлеген ақшасын ойлағанда осы бір оңбаған Қайдарға не үшін осылай шашылып жүргеніне өзі де қатты таңданды. Оның орта миында Қайдар өрлеген соң өз орнын міндетті түрде маған ұсынады деген есек дәме өшпестей сақталып қалыпты. Бірақ, Сәрсен өзін мәнсапқұмарлар қатарына қосудан аулақ. Оны дәлелдеуге де бар.


Бірақ, Қайдар үйіне келіп, «әлгі күткен ісіміздің бір сәті түсетін сыңайлы» деп Сәрсеннің өзімен қоса әйеліне де ерекше бір ықыласпен көз тастағанда оның алдына бәрін үйіп-төгіп, бәйек болып отырғаны. Ол тағы «Ал, Сәке! Мен айтқан сөзімде тұрамын. Қызметімді саған тапсырамын, қатырып істейсің ғой, а!» деп қоятынын қайтерсің. Сәрсен үшін арақ-тамақ шығын емес қой. Ең бастысы, өзінің жігерсіздігіне налып, оңашада басымен қабырға сүзгісі келеді.


Сәрсеннің отбасы таңғы шайларын ішіп отырған. Алланың берген төрт перзенті де қыз. Тұңғышы әлдеқашан жұмысқа кетсе керек. Шолпан шайын ішіп болып, орнынан тұрды. Сәрсен бір кесе шайын тауыспаған күйі сораптап әлі отыр. Қарт анасы кешегі ішкен арақтан мазасы кетіп, басы мең-зең болып отырған ұлын барынша аяған кейіппен көз тастайды. Оны аңғарған Шолпан:


- Аялайтын анасы бар адам неткен бақытты! – деп, кекетті де асүйден шығып, өз бөлмесіне беттеді.


Әжептәуір бой жетіп қалған үш қыз да орындарынан тұрып анасының артынан ерді. Қарт анасы ұлымен оңаша қалып, ойға шомып отырды. Кейуана ұлымен әңгімелескісі келгенімен келесі бөлмедегі келінінен ығып, батпайды. Сәрсен де шай сораптаған күйі үн-түнсіз. Кемпір бірдеме демекке оқталды, үндемей терең дем алып күрсінді де үстелдің үстіндегі бірдемелерді жинастыруға көшті. Арасында келесі бөлмеге бір көз тастап алды да:


- Балам, тәбетің ашылмай тұрса, сорпа жасап берейін бе? – дегенде, Сәрсен әдейі ана жақ естісін дегендей қаттырақ:

- Жоқ, керек емес!


- Жарайды, өзің біл. Әкең марқұм түнде ұртап-жалап қойса, таңертең міндетті түрде сорпа ішіп терлейтін. Сосын, қырыс-тырысым жазылды деп жұмысқа кете береуші еді. Е, дәурен-ай!


Келесі бөлмеден «Енді, сорпа дайындайтын жайым жоқ» деген келіннің даусы естілді. Оның сөзін жақтырмаған анасы ыдыс-аяқты салдырлатып жуа бастады.


- Сен бүйтіп қорқып-үркіп отыратының бар, несіне ішесің? Қазір сенің жасыңдағылардың көбі бес уақ намаз оқып, Құдайға құлшылық етіп жүр ғой.


Саусағына мың теңгелік қыстыра келген Шолпан онысын күйеуіне ұсынып жатып былай деді:

- Қызыңның ұзату тойы жақындап қалды. Ана құдалар жақ сұмдық дайындалып жатқан көрінеді. Кеше бір келінін көшеде көрдім. Сенің жүрісің мынау, шошқа Қайдарды суарудан қолың бір босамайды. Дос бар, дұшпан бар. Ең бастысы, қызымыздың беті қызармасын, ендігі жерде.

- Әлін білмеген әлек деп, ол несіне жетісіп, байдың ұлымен танысып жүр – деген ұлының сөзін анасы да жақтырмай қалды. Ал, Шолпан біраз жерге шабатын түрі бар.

- Жоқтан бар жасап, бір тиын да болса, үнемдейін деп мен мұрнымнан шаншылып жүремін. Ал, сен үйде де, түзде де қолыңа түскенді ана бір торайша тымырайған Қайдардың алды-артына тығып әлексің.


Сәрсен айылын жия қойды. Шолпанның анасы мен қыздарының көзінше бар шиін шығарар деп сақтанып істі насырға шаптырмауға тырысты.

- Несі бар? Жігіт болғасын, достарымен бірлі-жарым бірдеме ішкен шығар. Содан болып, қайыр сұрап қалмассыңдар! – дей беріп еді, Сәрсен анасын зекіп тастады:

- Шеше, сіздің не шаруаңыз бар?!

Кейуана үн-түнсіз шығып өз бөлмесіне қарай беттеді. Қыздарының бірі:

- Екеулеріңізде ұят бар ма, жасы үлкен әжеме несіне дауыс көтересіздер? – деп, кемпірге ара түсіп бақты.

- Саған не жоқ, аулақ жүр! – деп, Сәрсен оған да зекіп тастады. Әйелімен барынша сабырлы сөйлесті.

- Бір жөні болар. Тағы да несие алармын. Ауылдағы туыстардан көмек сұрармын. Жұмыстан бірнеше айға аванс алуыма мүмкіндік бар, оны да реттей жатармын. Ең бастысы, қызымды жерге қаратпасам, болды емес пе?

- Ауылдағылар не деп ойлайды? Оларды қоя тұр. Алда қыс келе жатыр. Ана үшеудің киім-кешегі, соғым деген тағы бар. Ипотека деген пәле де көз аштырмай тұрған жоқ па? – деп, мұңайған Шолпан жұмысына жиналды.



12. Ақша іздеу


Шолпан кейде жұмыс арасында Сәрсенге телефон шалып, оны-мұны ала кел, сала кел деп тапсыратыны бар. Бірақ, жұмысқа жан-тәнімен берілген Сәрсен әйелінің тапсырғанын үнемі ұмытып кетеді. Мұнысын тағы өз басы соншалықты айып санамайтыны да бар. Жұмыс уақытын тек өзіне ғана арнау керек деп есептейді. Қоғам міндеттеген қызметін адал атқарудың орнына арасында арлы-берлі шапқылап жеке шаруасын бітіріп жүретін адамдарға оның жыны келеді. Тәуелсіздіктің арқасында үкіметтік ірі мекемеге келгенін ол зор бақыт санайды. Жұмысын барынша адал атқарса, өзінің ел егемендігін нығайтуға қосып жатқан үлесі санайды. Азия жолбарыстары секілді тез дамып кетуге әр азамат өз үлесін қосуға міндетті, сол үшін де адал еңбек етуді парызы санайды.


Бірақ, дәл бүгін ол қарызға ақша табуы керек екендігін еш ұмытпады. Қызының ұзатылу тойы, бай әулетпен құдаласу деген ой миына өшпеспей етіп қадалып қалыпты. Қалталы-ау деген бірнеше адамды сөзге тартып көріп еді, еш қайыр болмады. «Соншама көп ақша менде қайдан болсын», «Тым үлкен сома ғой. Онымен не істейін деп едің?» деседі. Қызын ұзатқалы жатқанын айта алмады. Кейбірі тіпті, мазақ етіп апарып тастады. «Үлкен бастық болайын деп жатыр деп естіп едік. Кресло сатып алмақшымысың?», «Биік мәнсапқа жеткен соң соны қарыз алып жумақшысың ба? - деп те қыжыртқандар болды. Негізі, мұндай қалжыңды Сәрсен көтере қоймаушы еді. Бірақ, «Бұлардың қыжыртпалары құрып кетсінші. Бос сөз ғой, бәрі. Ал, бірінші орынбасарлық деген шынайы әрі пайдалы қадам. Бос сөзге бола жүйке жұқтартып қайтемін. Оттай беріңдер» деген ой келгенде, өзінің барған сайын Қайдарға ұқсап бара жатқанын аңғарғандай болды.


Енді оның соңғы үміті ғана қалды. Алыс туысы болып келетін жамағайын ағасы Темірханға үміт артқаннан басқа жол қалмады. Оған телефон шалудың да қажеті жоқ, фирмасына тура тартайын деп шешті. Негізі, оның алдына бармаймын деп ойлайтын. Бірақ, өзге амал қалмады. Темірхан өте қалталы адам. Жоғарыдағы қазынаның қақпағын ашып-жабатындармен ауыз жаласатын нағыз пысықайдың өзі. Хатшысы ертіп кіргенде Темірхан таңданысын жасыра алмады.


- О, бұл өзі, өңім бе, түсім бе? Өмірі төбесін көрсетпейтін інішектің ақ дидарын көретін де күн бар екен ғой – деп, қарсы алды.

Сәрсен бұйымтайын бірден айтты. Оны естіген туысы «хе, хе» деп біраз күліп алды да:

- Мен саған ақша бере алмаймын. Сен мені жұртқа тендердің түбін тескен жемқор деп жамандаған көрінесің. Жемқордың арам ақшасы сен секілді адал ақ адамға сіңбейтін шығар. Құдайға шүкір, ақша бар, жетеді. Бірақ, бермеймін. Сонымен, інім өзің қаншалықты ақ жолмен жүріп, таза тамақ жеп жүрсің? Одан гөрі соны айтшы, маған! – деп, тағы да шиқылдап күлді.


Сәрсен жауап қатпады. Оған жөпелдемеде айтып тастайтындай ащы сөз де таппады. Тысқа шыққанда оның кеңсесін күзеткен бірнеше қарауыл мен бейнебақылау, қымбат көлігі мен сәнді киінген жүргізушісін көріп қайран қалды. Жеке кәсіпорын дегеннен гөрі ел басқарып отырған облыс әкімінің кеңсесі іспетті. Тіпті, оны да жолда қалдыратындай керемет тұлға дерсің. Бар болғаны, орта мектеп қана бітірген қатардағы сантехник еді ғой, бір кезде. Жол бойы еріксіз бас шайқаумен болды. Өз жағдайы еске түскенде тым аянышты екендігіне көз жеткізгендей.


Жол бойы «ақша қайдан тапсам екен» деп сыбырлаумен келді. Жұмысына ене бере оның санасын сан-сапалақ ой басып алды. Бірінші орынбасар болған күні-ақ, ұжымды, бұрын қатар жүрген әріптестерді қойша иіріп жинап аламын да айтамын. «Жігіттер, мен енді, бұрынғы Сәрсен емеспін. Басшылық маған сенім артқан екен, мен өзім өзгеріп, сіздерді де өзгертіп жұмыс істегеннен басқа жол жоқ. Оған ешбіріңіз таңданбай-ақ қойыңыздар. «Бұған не жабысқан» деп сөге көрмеңіздер. Сәрсен бірінші орынбасар болып еді, өзгеріп шыға келді, бұрын бізбен бірге отырып, басшыларға астыртын қарсы шығатын деудің де қажеті жоқ. Өйте берсек, ісіміз алға баспайды. Жұмыс жүрмесе, тіршілігіміз жақсармайды. Сендердің араларыңнан бірін бірінші орынбасар етіп тағайындаса, осы сөзді айтатындарыңа сенімдімін» деп сөзді бастаймын. Осылай жөнге салып алмасам, олардың ішінде менімен қалжыңдасып тіл алмай қоятын қулар да шығады» деген оймен кабинетінің есігін ашып кірді. «Маған өзі не болған? Мынауым тіпті ұят қой. Жә, оны қойшы! Әлгі ақша ше! Кімнен қарыз сұрасам екен?!» деген ой қайта мазалай бастады.



13. Ақша өзі келді


Түн жарымы ауған мезетте Сәрсеннің үйінің есігін әлде біреу ақырын тоқылдатып қақты. Бәрі дерлік ұйықтап жатқан. Сәрсен ғана ояу еді. Ол жұмыста үлгермеген кейбір қағаздарын үйге әкеліп, компьютерде басып отырған. Есікті тағы да баяу ғана тоқылдатты. Көршілердің бірі болар деп ойлап есікті ашты. Бір жас жігіт бас киімін шешіп сыпайы амандасты да:

- Сәрсен ағайдың үйі ме екен?

- Иә, не керек еді?

- Сіз боларсыз, Сәрсен аға?

- Иә, дәл өзімін.

- Мен сіздің ауылдың Ғани деген кісінің ұлымын ғой.

- Үйге кірсеңші! Қане, екеуіміз асүйге жайғасайық, сен шәй іш!


Жас жігіт облыстық басқармадан министрлікке ауысып келіп жатқанын айтты. Сәрсен «мынауың үйіңізді уақытша паналай тұрайын дегелі отырғаннан сау ма екен, өзі» деген ой келді де, былай деп сұрады:

- Үй-жай алып орналастың ба?

- Қызметтік пәтер берген.

- А, бәрекелді! Дұрыс болған екен.

- Жуықта бір шаруамен ауылға барып қайтқанмын.

Сәрсен әлі де күдіктен арыла қоймады. «Бұл жігіт мені бірдемеге салайын деп отыр-ау, дәу де болса. Ақша сұрай қоймас. Біздегілердің біріне ісі түсті ме екен?» деп ойлап отырды.

- Әке-шешең аман сау ма? Жағдайлары қалай?

- Құдайға шүкір, аға! Бәрі орынша. Сіз ауылдағы біздің көрші Ғайса ақсақалды білесіз ғой...

- Білгенде қандай бала кезімде үйінде тұрып оқыдым. Өзі маған сабақ берген. Ұстазым ғой.

- Сол кісі жуықта қайтыс болды.

- Иманды болсын! Жалғыз ұлы мен кемпірінің қазасын көтере алмады-ау! Пайғамбар жасынан енді ғана асты емес пе?

- Иә, ұлы мен жары көлік апатынан қайтқаннан кейін сұлық түсіп жатып қалыпты. Көңілін сұрай барғанымда сізге аманат етіп бір нәрсе беріп жіберген еді.


Жігіт портфелінен ақ шүберекке ораулы әлде бір затты шығарып әкеліп, үстелдің үстіне қойды. Құран кітабы ма деп топшылады.

- Бұл құранды не үшін берді? Мен не істеуім керек екен?

- Құран емес, ағасы! Бұл ақша.

- Не?! Ақша дейді?..

- Өзіңіз ашып көріңіз. Мен қол тигізген емеспін. 45 мың доллар бар деген. Жақсылап санап алыңыз, аға! О дүниелік болған жанның аманаты ғой. Мен парызымнан құтылдым. Маған айтқан соңғы сөзі сол болды. Сіздің қолыңызға тапсыр деген.

- Бұнысы несі? Не істеуім керек екен, мұнымен? Әй, есіл ер-ай?!

- Сізге сеніп тапсырды. Сізді білімді, үлкен жерде істейді. «Одан сенімді, дені дұрыс адам таппадым. Менің жылдығыма дейін үшеуіміздің басымызға биік, кең мол мазар тұрғызсын, қымбат тастар қолдансын, қорған салсын, ақшаны түгел осы іске жұмсасын» деп тапсырды. Маған осының бәрін сөзбе сөз жеткіз деп жалынды. Мен Алланың атымен ант етіп, аманатқа қиянат жасамайтынымды айтып уәде бердім. 

- Бірге туысқан Кәкімжан деген інісі бар еді ғой.

- Оған сенбеді. Кәкімжан көке маскүнем болып кеткен. Үйленген де жоқ. Әкем айтып отырды, «осыншама ақшаны ана алқаш інісінен қалай жасырып тығып келді екен» деп.

Жерлес жігіт орнынан тұрып, кетуге жиналды. Сәрсенмен қоштасарда «мына кісі аманатқа қиянат жасамас па екен» деген оймен сынап қарап тұрғандай көрінді. Шынымен солай ойлады ма, жоқ па, оны кім біліпті. Сәрсеннің ойына сондай бір күдік ұялағаны енді, рас.

Жігітті шығарып салған соң Сәрсен ауыр ойға батты. Үйіне ере келген жұмысы бір шоғыр қағаздарына да қарамады. Ақырын баспалап барып, сыбырлап әйелін оятты.

- Шолпан, ояншы!

- Кетші,ей! Ұйқы берсеңші, адамға...

- Жоға, мен өзге бір мәселе бойынша...

- Мәселесі несі, құрғырдың?

- Қызды ұзататын ақша өзі жетіп келді.

- Қайдағы ақша, есің дұрыс па, өзі келгені несі, тағы?!

- 45 мың доллар!

- Сенің енді, есіңнен адасуың ғана қалған еді.

- Ақырын, шешем оянып кетпесін! Жүр, асүйге, мен саған

көрсетейін!

Шолпан үстел үстінде тізіліп тұрған бума-бума долларды көргенде есінен танып қала жаздап, таңданды. Тіпті шошып кетті.

- Ал, қаншасын жұмсаймыз?

- Ол не дегенің? Пәле болады ғой.

- Несі бар, тірілер татырмаған қарызды өлген адамнан алып қолдана

тұрармыз. Онда тұрған не бар? 



14. Уайымсыз күндерді аңсау


Cәрсен бөлмесінде өзімен өзі сөйлесіп отырғандай көрінді. Есікті ақырын ашып қараса, қабырғаға көз тігіп бірдеме айтып тұр.

- Оттамаңдар, сендерден қорқамын ба? Басты қатырмаңдар! Тапқан екенсіңдер, ақымақты,ә! Қайдар, сені білемін ғой. Көп қалған жоқ, бәрің кетесіңдер!


Шолпан оған «Жүр, шәй іш!» деп еді, танымай тұрғандай тесіліп қарап қалды. Қайталап айтқанда ғана «а,ия» деп қисық аузын жыбырлатып, қисалаңдап есікке қарай беттеді.


Құдай қосқан қосағының осыншама ауыр халге түскені бәрінен бұрын Шолпанға қатты батты. Оның көз алдында күннен күнге нашарлап бара жатқаны, емдеудің еш мүмкін еместігін дәрігерлердің ашық айтқаны тіпті тығырыққа тіреп тастады. Кеудеде ауыр бір өксік тығылып, тынысын тарылта береді. Иен далаға шығып, ойбайлап тұрып жылағысы келеді. Бірақ, одан келер қандай қайыр бар.


Жұма күні мешітке барды. Ғайса ақсақалдың өзіне, әйеліне, баласына бағыштап құран оқытты. Мешітте оңаша отырып, тілек тілегісі келді. Бірақ, не деп, қандай дұға оқу керек екенін де білмейді. Жай ғана «Ия, Алла! Сәрсенді сақтай гөр, күнәсін кешіріп, сауығып кетуін нәсіп ете гөр» деп сыбырлап жалбырынған болады.


Тұла бойын торлаған мазасыздықтан сәл де болса жеңілдеп қалғандай үйіне қайтады. Бірде бар, бірде жоқ болса да дендері сау, уайымсыз өткізген өткен күндерін аңсап сағынады.



15. Ерекше адам


Ғайса ақсақал! Ерекше адам еді. Көп уақыт үйленбей жүрді. Кітап оқудың фанаты болды. Білімі телегей теңіз болса да, ауылдан ұзап шықпады. Қалада жүріп, ғылыммен айналысса, қазіргі академикпіз деп жүргендерді шаң қаптыратындай әлеуеті бар еді. Өмір бойы ауыл мектебінде әдебиет пәнінен сабақ беріп, тым құрығанда қалаға бір рет қыдырып та келмей бүкіл ғұмырын өткізді. Жасы қырықтың жуан ортасына келгенде ауылға жолдамамен барған дәрігер әйелмен бас қосып, бір ұлды болған.


Ана жылы ауылға барғанда арнайы барып сәлем берген. Біршама шау тартып, қартайып кеткендей көрінді. Былтыр ғана ауылдан қайғылы хабар жеткен. Көлік апатынан әйелі мен ұлы қатар көз жұмыпты. Сәрсен бара алмады. Өз жұмысымен бірге Қайдардікін де қоса атқарудан қолы босамады. Енді, міне тірідегі аманатын арқалап, түн ішінде ауыл азаматының келіп кеткені. Қазасын да соның аузынан естіп отырғаны.


Бала кезінен осы кісіге қарап бой түзеген еді. Үйінде тұрды, қолында өсті. Салт бас, сабау қамшы еркек болса да үйін мұнтаздай таза ұстаушы еді. Ауылда тұрады екенмін деп олпы-солпы киінбейді. Үстіне бір тал қылшық жуытпай таза да сәнді киінеді.


Шекара аттап көрмесе де, ешбір шетелдікпен сөйлеспесе де ағылшын тілін жетік білді. Әлде бір өнер, әдебиет саласының журналына жазылып, пошта арқылы алдырып тұрақты оқитын. Ол кезде ауылда интернет тұрмақ теледидар да жоқ. Шағын транзистор радиосы арқылы ағылшын тіліндегі бағдарламаларды тыңдайды. Оның өзінде қысқа толқын арқылы тарайтын ағылшын тіліндегі бағдарламаларды тыңдай алмайды. Ұзын толқыннан ұстайтындардың көбі ағылшын тілінде тарайтын советтік радиохабарлар болып келеді.


Ауыл мектебінде маман тапшы болғандықтан Ғайса ағай шет тілі пәнінен де сабақ берді. Ол кісіден сабақ алған балалар ағылшын тілін тәуір меңгерді. Сол ауыл балаларының бір қатары қазір дипломатиялық қызметпен шетелдерде жүр. Арасында ірі халықаралық ұйымдарда менеджер болып жүргендері де баршылық. Шетелдік ақпарат құралдарында журналист болып жүргендері де кездеседі.


Таулы Алтай өлкесіндегі қандастары ғана емес, жергілікті алтайлар да ол кісіні қатты сыйлайтын. Түрік тіліне қамшы салдырмайтын Ғайса олармен алтай тілінде де еркін сөйлесетін. Шүй өзенінің бойындағы алтайлар мен қазаққа ғана емес, шекара асып келіп-кетіп жүретін монғол, хакас, туваларға да танымал адам еді.


Берісі Барнауыл, арысы Алматы, Ұланбатыр, Мәскеуден сапарлап келген ғалымдар, жазушы, журналистер ауылға ат ізін салса, Ғайсаны сұрастырып табатын. Ондай жандар келгенде ағамыз бір серпіліп қалатын еді. Оған мәскеулік ғалымдардың ішінен де небір айтулы академиктер құда түсіп академияға шақырған көрінеді. Бірақ, үйкүшік Ғайса ауылдан ұзап шыққан емес.


Бірде орталықтан келген бір топ адам Ғайсаның үйін сұрастырып келгені бар. Олардың жүріс-тұрыстары бұрын келіп-кетіп жүрген ғалымдарға, жазушыларға мүлдем ұқсамайтын. Әскери формалары болмағанымен қауіпсіздік саласының өкілдері көрінеді.


Олар келген бетте Ғайсаны тергеуге алды. Үйін тінтіп, әлде бір дерек іздеді. Көрші-қолаң бәрін шақырып, Ғайсаға қайдан кімдердің келіп-кеткенін сұрап, олардың айтқандарын түгел жазып алып, әңгімелескен адамдардың бәріне әр параққа қол қойдырып алды. Мектеп мұғалімдерімен, оқушылармен де жеке-жеке кездесті. Ағылшын, түрік тілдеріндегі кітап, журналдарға қатты шұқшиып, жіті тексерді. Үш күннен кейін қалай тосын келгендері секілді дәл солай суыт кетіп қалды.


Кейін белгілі болғаны, әлде біреу Ғайсаны «шетелдің шпионы», «имперализмнің идеологиясын таратушы қауіпті элемент» дегендей арыз жазыпты. Сол бойынша келіп тексеріс жүргізген екен. Олар кеткен соң жергілікті органдар ол кісіні бақылауға алғанымен қанша дегенмен ел іші ғой, соншалықты төтенше шүйліге қойған жоқ.


Оның үстіне одақты ұзақ жыл басқарған қаусаған шалдар бірінен кейін бірі о дүниеге аттанып, Горбачев келгелі «қайта құру», «демократия», «жариялылық» деген сөздерден саяси жылылық есіп, саяси ахуал жұмсарған жайы бар. Бұл жағдай бәрінен бұрын Ғайсаға қолайлы жағдай тудырып, тыныштық әкелген болатын.



16. Аманат ақша


- Ал, сонымен Ғайса шалдың ақшасының жартысын жаратайық па, бәрін жұмсайық па? Үш адамға қорған мен мазар тұрғызуға енді, 45 мың доллар кетпейді ғой.

- Сәкесі-ау, кейін екеуіміз үшін соншама ақшаны қайтаруға шамамыз жете ме?

- Төлейтін несі бар, оны?

- Сен не айтып тұрсың? Сыйласқан адам өмірінің соңында ақырғы аманатын саған сеніп тапсырып кеткен жоқ па?!

- Ол адам қазір бұ дүниеде жоқ. Менің олардың күмбезді тұрғызған, тұрғызбағанымды Ғайсекең білмейді де...бәрі бітті ғой. Тірі адам тірлігін жасайды. Өлген адамға керегі де, оның азығы да – Құран аяттары. Жұма сайын мешітке барып бет сипатам, болды. Егер басына күмбез тұрғызғаннан болып жаннатқа кіретін болса, мен тағы бір 45 мың қосып сарай салдыруға да дайынмын. Тірісінде мен ол кісіні қатты сыйладым, жақсы көремін де. Бірақ, марқұм қабірді неше жерден әспеттесең де оның о дүниеде еш пайдасы жоғын түсінбей кеткен тым дәстүршіл қазақ болды ғой, ағамыз. Жуықта араб шейхі өлді. Жермен жексен етіп қана көме салды ғой. Не сонда, оның артында қалдырған дәулеті жетпеді дейсің бе? Қызық-ей?! Көптің ішінен неге мені таңдады, бала кезімде мен соншалықты керемет адам болатындай көріндім бе екен?


- Өлді екен деп адамның аманатына қиянат жасаудан өз басым қорқамын.

- Қиянатты жасалған, жасалмағанын білуден қалды ғой, ол кісі. Бәрібір емес пе, енді оған...

- Бәрібір дейсің бе?!

- Иә. Ол кісі енді әлде қашан аруаққа айналды. Денесі топыраққа сіңіп жоғалды. Жаны жаннатта болсын, өзі де сауапты іс көп жасаған ұстаз адам. Оның орны тек жұмақ. Аруақтарды бұл дүниедегі еш нәрсе қызықтырмайды. Ал, күмбез тұрғызайық, қорған салайық. Кірпіш сататындардың тауары өтеді, құрылысшылар ақшалы болады. Одан марқұмға не пайда?

- Сенде адамгершілік атаулы қалмаған екен.

- Жарайды, мен-ақ жаман адам болайыншы! Сен неден қорқасың? Ғайса шалдың аруағы келіп мазалайды деп ойлайсың ба? Ол кісі пейіште. Біздің күйкі тірлікке несіне араласар дейсің. Көзі тірісінде ойласа ойлаған шығар. О дүниеге барған соң оның маңызы жоқ екенін біледі ғой. Тән емес, бұл дүниеде жан ғана мәңгі. Өлдің бе, сасық дене құрт жеп қайда қалмайды.

- Оңбаған, Қайдар доңыздың оқуы өтіп кеткен саған! Қазір-ақ, ақшаны шешейге беремін! – деп, Шолпан жалма жан төргі бөлмеге ұмтылды.

- Өй, сен тоқта! Мен қызым үшін амалсыздан барып отырмын ғой, бұған. Сен мән-жайды түсінсеңші! Тым құрығанда, жартысын жаратайық. Кейін орнын толтырып, аруақтардың басына мазар салсақ, салармыз. Одан пайда көретін де тірі жандар ғой. Өлгендерге содан бір сауап бола қояр дейсің бе?

- Мұндай пасық сөзіңді тоқтатшы!

- Ақырын-ей, шешем оянып кетеді. Шолпан, сен сөз түсінсеңші!


Жақсының аруағы қолдап, бізге қиналған кезде бұл ақша өз аяғымен келді. Біз оны жеп кетпейміз ғой, кейін орнын толтырамыз. Егер ол кісінің аруағы мұны білсе, бізге қиын кезде қол созғаны үшін қуанатын шығар. Жалпы, табиғаты сондай жан еді, жарықтық. Адамдарға реті келсе көмектесуге дайын тұратын-ды, марқұм. Шолпан, сен байбалам салмашы! Бұл соншалықты лас әрекет емес.


- Олай болса, қарызға қаншасын аламыз?

- Онбес мыңды ала тұрайық!

- Ой, тым көп. Онмыңды жұмсасақ та жетеді. Бірақ, кейін қалай да орнын толтыратын болайық. Мұнымызды анамыз білсе, масқара ғой...



17. Жамбыл ағайдың әңгімесі


Неге екені белгісіз, соңғы кездері Жамбыл ағай мен Сәрсеннің арасы  суи бастағандай еді. Бірде ол бастығының кабинетіне бас сұғып, әрненің басын шалып отырды да, әдетінше есіктің тұтқасынан тартып, жақсылап жапты. Сосын, әлдебір әңгіменің шетін шығарды:

- Сәрсен Бейсенович! Қулығына құрық бойламайтын залымдар болады екен ғой, а?!

- Не боп қалды, Жәке?

- Былтырғы практикант жігіттің өлімі ше? Себебін білетін шығарсың?

- Жүрегі тоқтап қалды дегенді ғана білемін.

- Ол жігіт сағат 11 мен 12 арасында мерт болған. Бұл кезде жұмыс кестесі бойынша Қайдардың ұйымдастыруымен өтіп жатқан баспасөз мәслихатында барлық практиканттар қатысып отыруға тиіс еді. Мәслихаттағы модератор ретінде әлгі қайтыс болған жігіт жоспарланып бекітілген. Ал, Қайдар мырза оларды мәслихат жұмысынан босатып, төрағаның коттеджіне жібереді. Практиканттар коттедждің жер төлесінде қойма қазып жатқанда топырық құлап әлгі жігітті басып қалады. Аршып аламыз дегенше бейшара бала жан тапсырған.

- Масқара! Қылмыс қой. Мен қалай білмегенмін...

- Сен көп нәрседен хабарсызсың, Сәрсен Бейсенович! Қолы ұзын немелер бәрінің ізін өшірді, куәгерлердің ауыздарын жапты. Дәрігерлер де, тергеушілер де қалталары толған соң жаппай жым-жылас етті. Қайдар төрағаның джипімен өзі керуен бастап, бір автобус адам сонау ит арқасы қияндағы Торғайдың даласына мәйітті жеткізіп, бүкіл шаруаны комитет есебінен атқарып жүргендері жайдан жай ғой деп пе едің? Байғұс практиканттың әке-шешесі ауылдың маңдай алды байларының бірегейі көрінеді. Қайдардың «адамгершілігіне» қатты тәнті болса керек. Күздікпен, соғыммен тұрақты қамтып отыратын көрінеді ғой, соңғы кезде.

- Оның бәрін қайдан білесіз, Жәке?

- Төрағаның жүргізушісі біздің құда бала ғой.

Сәрсеннің құлақ-шекесі біз сұғып алғандай қатты шаншып кеткенде, қан қысым түсіретін дәрісіне еріксіз қол созды. «Жамбыл ағайдың да құлақ-шекесі желкесіне қарай тартып, осылай шанши ма екен, сұрау керек еді» деп ойлағаны сол еді. Ол кісі де желке тұсын мыжып, уқалап тұрғанын көргенде күліп жібере жаздады. Аурулары ортақ екені түсінікті болды. Жамбыл әңгімесін одан ары жалғастырды:


- Сәрсен Бейсенович, қалай ойлайсың? Егер мен ел басқарып отырған үлкен басшы болсам, қандай адам болар екенмін? Қалай болғанда да, қабылдауыма келіп алып, өзіне баспана, балаларына лауазым сұрайтын зиялы сымақтарды ит қосып қуып шығар едім.


- Жәке, онда сіз қарапайым халықтың өтінішіне құлақ аспайтын нағыз бюрократтың өзі болдыңыз ғой.

- Міне, көрдің бе? Қателік осы жерден басталып отыр. Халықты баспанамен қамту туралы арнайы заң да, ереже де бар. Оны егер мен өзім қол қойып жарлықпен бекіткен болсам, ең алдымен өзім бұзбаған болар едім. Өзгенің де бұзуына жол бермейтінім анық. Осы саланы ең адал адамға жауаптандырып, әділ болғаны үшін барлық жағдайын жасар едім.

- Қазір де солай ғой, неізі.

- Қайдам. Айналасы бірнеше жылдың ішінде астаналық тұрғын үй басқармасының басшысы неше рет ауысты, тіпті, санынан жаңылдық. Алды сотталып та кетті. Парақорлықпен шатылса керек. Тіпті, пара алмаған күннің өзінде мысалы, мен саяси биік мінбердегі басшы бола тұра жұртқа жағып, жақсы атты болу үшін заңды, ережені белден басып, алдыма келгендердің бәріне «пәтер бер» бұрыштама соға берсем не болады? Үйлі-жайлы болғандар ел арасында мен туралы мадақ айтады. «Жәкең ұлтжанды, адамгершілігі керемет, нағыз халықтың адамы» десіп ауыздарының суы құриды. Бекітілген заң, ережені бұзып жатқанымда ешкімнің шаруасы жоқ. Мені көрген төменгі деңгейдегі басшылар бәрі жаппай заң бұзуға көшсе ше?


Жалпы, алдыңғы жүйенің қателігін қазір де айнытпай қайталаумен келе жатырмыз ғой. Екі саяси жүйенің куәгері болдық заң, ереже атаулының бұлжымай орындалатын әділетті қоғамды көре алмай-ақ келеміз ғой. Мен жай қарапайым мысал ретінде айтқаным. Басшы болған әр адам өзінен бұрынғы және өзінің кезінде бекітілген заңдарға сөзсіз бағынып, әділдікті ғана ұстанса, қоғамда еш алауыздық та тумас еді. Халық жалпы, басшыдан әділдіктен басқа ештеңе күтпейді. Тамақ сұрамайды, ақша талап етпейді. Тек қана айыптылар лайықты жазасын алса, адал жандар еңбегінің жемісін көрсе болғаны. Қалғаны әркімнің өз қолында.


Лауазым деген нәрсе әркімге артықшылығы үшін берілетін тағдырдың сыйы емес. Бар болғаны, әлде бір кездейсоқтықпен түсетін таңдау. «Қызмет – қолдың кірі» деп тегін айтпаған ғой. Қол қою мен мөр басудан ғана тұратын алдамшы бір дүние. Әйтпесе, сол қызметті біреу әркімнің ақылына қарап береді дейсің бе? Қарамайды, бәрі далбаса. Ал, адам баласында одан қымбат табиғат берген керемет бір құндылық бар. Ол – дарын, қабілеті. Оны ешбір мөрмен де, тақпен айырбастай алмайсың.


- Жәке, сіз бастық болсаңыз керемет болатын түріңіз бар ғой.

- Мен бастық болайын деп бұрын да, қазір де ойлаған емеспін. Оған жету үшін ардан безіп, ұяттан айырылу керек екенін білгендіктен құлшынбадым. Құлшынсам да, оны мен секілділерге ұсынбайтынын ерте түсінген жандардың бірімін. Есіңде жүрсін деп саған өзімше ағалық ақылымды айтқаным ғой. Арды кірлетуге болмайды. Бастысы, сол!


Сөйтті де Жамбыл шығып кетті. Әлде бір реніш ізі байқалғандай.



18. Тоғышар


- Маған кім қандай қатынас жасаса, мен де дәл сондай қарымта қайтарамын. Солай ма, Сәрсен! А, Шолпан? Әлде мен қате айттым ба?

- Қайдар Көмірбаевич, ыстық мантыдан алып отырыңыз, вискиден ішіп қойсаңызшы! – дейді, Шолпан біртүрлі жалынышты үнмен. Қайдар көнетін түрі жоқ. Сәрсен әңгімені басқа арнаға бұрғысы келіп әуіре.

- Жоқ, мен екеуіңе қойған сауалыма әлі жауап алған жоқпын.

- Қандай сұрақ болып еді, өзі?

- Ондайды қой, Сәрсен! Мен ішерімді ішсем де ақылымнан адаспайтын адаммын. Іш, же деп қысауды қоя тұрыңдар! Қайталап айтамын, маған кім қалай қараса, мен де дәл солай қараймын. Бітті! – деді де, қолындағы шанышқыны үстелдің үстіне сарт еткізіп тастай салды. Алдындағы тәрелке ортасынан қақ бөлінді.


Қайдар орнынан тәнтіректеп тұрды да әжетханаға кірді. Одан шыққан соң телефон соғып жүргізушісін шақырды. Сосын, қонақ бөлмеге кірместен дәлізде қойқаңдап, олай-бұлай жүрді. Сәрсен мен Шолпан оның келіп жайғасуын күтіп, үнсіз отыр. Дәлізді бойлап, арлы-берлі сенделді де:


- Қой, кеттім, құрысын! – деді.

- Көлігіңіз келгенше отыра тұрыңыз!

Қайдар Шолпанның сөзіне иланғандай жұмсақ орындыққа май басқан ауыр денесімен баяулап келіп жайғасты. Бірақ, виски де ішпеді, тамаққа да қол созбады, тойған сиырша ыңыранып үнсіз отырды.


Сәрсеннің кіші қызы есіктен басын қылтитып анасын шақырды. Асүйге қарай оңаша шығарып алып былай деді:

- Ана бір мас ағай әжетхананы былғап кетіпті, кіре алмай жиіркеніп тұрмын. Сүртіп алыңызшы!

- Жарайды, қазір кетеді. Сосын, тазартамын – деді де, қонақ бөлмеге кіріп есікті жапты.

Үнсіздікті Сәрсен бұзды. Басы ауырып дел-сал отырса да ауыз ашты.

- Қайреке, мен сіздің қызметіңізді атқара алмайтын шығармын.

- Не дейсің? Ертерек айтуың керек еді. Басқа біреуді дайындайтын...


Студент кезде бұл Қайдар әрдайым Сәрсеннің қолдауына мұқтаж, өте жалынышты еді. Сол бір бейшара Қайдарды осыншама күшейіп кетер деп кім ойлаған, атаңа нәлет. Ол тұста Сәрсен де оны талай басынған. Бірақ, сол кезді қазір еске алып, тәубаға келетін Қайдар жоқ сияқты. Дүние алма кезек деген рас екен-ау!


Сыртта келіп тұрғанын хабарлап жүргізуші жігіт телефон шалды. Қайдар Сәрсеннің қолындағы польтосының екі жеңіне қолын тығып жатып былай деді:

- Мен саған бір принциптік мәселені ескертіп қояйын. Жалпы, ресми түрдегі ұсыныстан бас тартқан кез келген тұлғаны біз тәуелсіз мемлекетіміз үшін жаны ашымайтын, сенімсіз адам деп танимыз. Егер ол Қазақстанда тумаған болса, тем более..


Қайдар шығып кетті. Орнына келіп жайғасқан Сәрсен құюлы тұрған вискиді тартып жіберіп, үстелді жұдырықпен салып қалды.

- Атасының басы! Мемлекет атынан сөйлейтін доңыз Қайдар кім еді, саншама! Егер сенімсіздік мәселесі туатын болса, оның да қаншалықты деңгейде екені жұртқа мәлім. Қазақстанда тумағансың деп қояды ғой. «Оңтүстікте» деп неге турасын айтпайды, ол оңбаған тоғышар неме?!

- Сен Қайдармен текетіресіп еш нәтиже шығара алмайсың. Сенен бұрын олармен айқасқан қанша мықты қызметкерлер не тапты? Бәрін иттей ғып жұмыстан қуып жіберді. Бұлар тамырын тереңге жайып алған. Жоғары жақтың бәрінде өз жерлестері отыр. «Тек жүрсең тоқ жүресің». Ешкімнің тісі батпайтын тоғышарлармен күрескенше ебін тауып күнімізді көргеніміз дұрыс қой. Бұл қоғамда ештеңені өзгерте алмайсың. Әділдік іздеген жандардың өздерін жексұрын етіп жатқан жоқ па? – деді, ыдыс-аяқтарын жинастырып жүрген Шолпан.

- Бәріміз тоғышармыз. Дені дұрыс ешкім қалмады – деп, күйінген Сәрсен сәлден соң есіне бірдеме түскендей Шолпанға бұрылып:

- Ғайса шалдың ақшасының бүгін қаншасымен ана доңызды суардым?

- Үш жүз доллар жұмсадың – деп күрсінді, әйелі.



19. Бала Қайдардың хикаясы


Қайдардың алдамшы жалған бейнесімен жұртты алдап, отаншыл адамның образын жасау қабілеті сонау жылдардағы орта мектеп оқушысы кезіндегімен салыстырғанда бүгінгі күні тым биік шыңдарды бағындырып, әлде қашан жетіліп, көп алға шыққан екен. Тіпті, керемет дамығаны соншалық, сырт көзге мүлде аңғарылмайтын жағдайға жетіпті. Бұлайша жасырылған сайын қауіптілігі одан бетер арта түсері анық. Мемлекет үшін, атқарып отырған қызметі үшін жанын салып жүрген адамның маскасын тауып киіп алған. Онысын сыпырып алсаң, ар жағындағы жемқор, жершіл, жағымпаз, топас түрі шыға келер еді.


Өткен ғасырдың сексенінші жылдардың ортасында үлкен қалаға алыс ауылдан Қайдар да ауысып келген еді. Сәрсен де Алтай өлкесінен ауысып келіп, екеуі бір мектептің тоғызыншы сыныбына қатар орналасқан. Қайдар өте қызық бала болатын. Бірде тарих пәнінен сабақ беретін ағай капиталист елдерде аштықтың салдарынан көптеген адамдар өмірмен қоштасып жатқанын айтты. Арасында «Сендерге советтік еліміз бен туған отанымыз тегін тегін білім беріп жатыр. Капиталист елдерде білім беру ақылы. Ақша төлемесең, мектептің маңына да жолатпайды. Ал, сендер ел қадірін білмейсіңдер. Тапсырма орындамай келесіңдер. Үкіметіміз салып берген мына әдемі мектебіміздің терезесін шағып кетесіңдер. Парталарды шимайлап, бүлдіресіңдер» - деп оқушыларды сөккені бар. Сол сәтте бір баланың өкіріп жылаған даусы естілді. Бәріміз таңданып, бұрылып қарадық. Сыныпты басына көтеріп еңіреп отырған Қайдар екен. Бізден де бетер таңданысын жасыра алмаған мұғалім оның қасына барды.


- Айналайын, саған не болды?

- Капиталист елде тумағаным қандай жақсы болған. Онда қазір мектеп те жоқ, ендігі қарным ашып, баяғыда өліп қалған болар ма едім – деп, одан ары өкірсін. Балалар ду етіп күлкіге ерік берді.


- Шуламаңдар, балалар! Қайдардікі жөн ғой. Іріп-шіріген капитализмнің зардабы мен совет өкіметінің артықшылығын осы бастан жақсы түсінген бала екен – деп алып, мұғалімнің өзі ішек-сілесі қатқанша күлген болатын.


Ауылдан қалаға жаңа келген бала Қайдардың осындай аңғал алдамшы кейпі тым қарабайыр қалыптан жетіле келіп, қазір өте биік шыңдарды бағындырып үлгерген екен. Егер Қайдарды ол кездегі жай бір балапан ағаштың шыбығы десек, бүгінгі күні ол тамырын тереңге жайған биік терекке айналғандай. Қазіргі дәуірдегі күннің көзі, ауа мен топырақ оған керемет жаққан екен де. Сәрсен Қайдардың әр басқан қадамына ит жыны келсе де, елдегі ірі комитеттің бірегей ортасында ойқастатқан осы бір ақымақ қойылымына ере берсе ғана өзіне және бала-шағасына пайдалы болатын секілді сезеді.



20. Балалы үйдің ұрлығы жатпайды


Сәрсеннің құдалары ұлы мен келініне арнап қаланың ең қымбат ауданынан үш бөлмелі пәтер сатып алыпты. Оның кілтін той үстінде салтанатты түрде табыс етпекші екен. Күйеубаланың нағашылары тоңазытқыштан бастап, асүйдің барлық жиһаздарын әперуді мойындарына алса, жиендері мен жезделері теледидардан бастап, қонақ бөлмені толтыруды жауаптанып жатқан көрінеді. Қыздың төркініне жатын бөлме жиһаздары тиесілі дейді. Енді, оларға ең қымбат әрі тәуірін алып бермесең сүйекке таңба. Бастары қатқан ерлі-зайыпты екеуі тірі жаннан қарыз сұрап ақша таппағандықтан ендігі жалғыз үміттері Ғайса марқұмның аманат қаржысына ғана келіп тірелген. Оның қаншасын қалай жұмсаймыз дегенге ғана мәселе тіреліп тұрған.


Кенет келесі бөлмеден Сәрсеннің анасы жыламсырай сөйлеп жетті. Абыржып қалған екеуі орындарынан атып тұрып, қатар дауыстады:

- Шеше, не болып қалды, сізге?

- Сендер не деген адамшылықтан безген күнәһар едіңдер?

- Ол не дегеніңіз, шеше?!

- Не дегені несі? Байғұс Ғайсаның аманаттап қалдырған ақшасын қайда жібердіңдер? Ақшасын ұрлау үшін оның өлімін де менен жасырыпсыңдар. Көзі тірісінде туысқандай болып сыйласып өткен аяулы жанның өлімін жасыру не деген сұмдық? Осыған дейін хат құран түсіртіп, қаншама дұға бағыштаған болар едім. Не деген ардан безген адамсыңдар, өздерің?

- Сізге мұны кім айтып жүр?

- Ана қаршадай қыздан естідім ғой.

- Дәл қайсы оны айтқан?

- Не істейін деп едің? Жазалайсың ба? Сөзді қой, ана ақшадан қаншасы қалды, қане, тапсырыңдар маған! Өлім аузында жатқан адам өмірінің соңғы аманатын сеніп тапсырып кеткенде, оған қиянат жасау, не деген имансыздық, мынау! Елге барып, бір бригаданы өзім-ақ тауып мазар тұрғызуға тапсырыс беремін. Елге кетемін.


Шолпан ақшаны дереу суырып алып шығып, кемпірдің алдына тастады.

- 45 мың доллары түгел ме, мұнда?

- 500-iн жұмсап қойғанбыз.

- Ұятсыздар.

- Кейін орнына саламыз деген едік қой.

- Иә, салатын едіңдер. Пайдаланып кетейін дегенсіңдер ғой. Олай болмайды. Аруақ атады деген бар. Қорықпайсыңдар ма? Өлінің аманатын кейінге қалдыруға болмайды. Сені әкең екеуіміз адам болсын деп оқыттық қой. Үкімет сенім артып мұхиттың арғы жағына да оқуға жіберді. Соны ақтаған түрің осы ма? Ғайса қандай адам еді? Сені жастайыңнан оқытып, тәрбиелеген ұстазың еді ғой. Ғайса болмаса, ағылшын тілін де білмей өсетін едің. Шолпан, айналайын! Саған не жорық? Ер азаматтың бұрыс басқан қадамын жөнге салып отырар болмас па, ер азаматтың жары деген?!


- Қыздардың қайсы екен өсек тасып жүрген?

- Сен ақымақ адамсың, Сәрсен! – деді, Шолпан оған жауап ретінде. Сәрсеннің нағашы ағасын суыт шақыртып алған анасы оның көлігіне отырып, Ғайсаның ақшасын өзінің немере қызының тойына арнап сақтаған азын-аулақ қаражатымен толықтырып алды да, енді жолға шығуға тас түйін дайын отырды.

Сәрсен тұңғышынан кейінгі үш қызын шақырып алып, тергеуге алды. Үлкені екі иығын қиқаң еткізіп, ештеңе білмейтінін айтты.

- Онда сен айтқан шығарсың?

- Неге мен айтуым керек? – деп, қарсы сұрақ қойған соң кенже қызы да жалма-жан:

- Сонда мен айтты дегілерің келеді ғой – деп жұлқынып шыға келді. 

Өнбейтін даудың туындайтынын білген Сәрсен балконға шығып кетті.


Сәрсеннің анасын есік алдындағы көлікке дейін Шолпан шығарып салды. Кемпір жол жөнекей келініне о дүниелік болған адамның аманатын орындау – марқұмның өзінен бұрын тірілерге сауабы мол екенін, қиянат жасаудың соңы жақсылықпен бітпейтінін ескертумен келеді. Келіні енесінен кешірім сұраумен болды. Сәрсеннің көнбегенін, оның соңғы кезде қатты өзгеріп кеткеніне өзі де өкініп таңданатынын айтты. «Алла бәрін көріп тұр. Жаратушы кешірсе игі» деген кемпір келінімен қоштасып жолға шығып кетті.



21. Ес тандырар күндер


Сарқытбек Жәкенович ұзын үстелдің шетіне шығып, Сәрсеннің қолын қатты қысып тұрып айтты:

- Жоғары лауазымға көтерілгелі жатырсың. Алдын ала құттықтап қояйын!


Оның әйелдерше қылмың қаққан кейпі Сәрсенге біртүрлі көрінді. Бірнеше жыл бұрын қазіргі күлміңдеген кейпі кабинетінің түкпіргі бөлмесінде қалай абыржулы көрінгені Сәрсеннің көз алдына келгендей болды. «Мына адам сол сәтте менің алдымда кірерге тесік таппаған еді-ау. Енді, міне ештеңе болмағандай менің бетіме тура қарап тұр. Онымен қоймай ақыл айтады. Өзінің ресми қызмет орнында жасайтын әлгі бір ісінің тәжірибесін үйретпес пе екен. Тыңдауға болатын әңгіме сол шығар, бәлкім. Шетелге докторантураға жолдаманы сол бір жас келіншекке жалаңаш тәнінің өтеуі үшін бергенін менің білетініме қалай қарайды екен? Мені бит құрлы көрмейтіндіктен ол үшін бұл пенде мүлде қымсынатын түрі жоқ. Мен секілді кішкентай адамның аузына азғантай май жаға салды. Болды. Іс бітті.


Комитет сахнасында маған өзінше нұсқау беріп, жұмысқа бағыт-бағдар сілтеуші ресми тұлғаның рөлін сомдап отыр. Мұны әртіс демегенде кім дейсің. Жырқылдап, жылпылдаған түрің құрысын. Ағарып кеткен буырыл шашын боятып алыпты. Өзінен бақандай отыз жас кіші әйел алған адамның әуіресі. Докторлық қорғап елге әлде қашан оралған байырғы ашынасы Каринаны өрлетпей не күтіп отыр екен, бұл жарықтық? Менің бетіме тура қарай алмай тайсақтағанына қарағанда менің не ойлап отырғанымды тұспалдайтын сияқты. Әй қайдам. Сәрсен не ойласа, со ойласын дейтін шығар. Аузымды жапты, енді, шетелге барып жас тоқалымен бірге рақат өмірін сүрмекші. Оның ішкі есебі өте мықты. Оған ешкім кесе көлделең тұра алмайды. Мұндайлардың сүйенген иелері тым мықты. Бәрі соған ғана сыйынады, құдайдай табынады, жатса да тұрса да амандығын тілейді. Өзге амалдары да жоқ. Ол кетсе немесе олай-бұлай бола қалса, бәрінің күндері қараң. «Қолыңнан келсе, қоншыңнан бас», «Оралыңның барында ойна да күл». Жырқылдақтың жеке қағидасы осы. Халықтың қамын ойлағандай сөйлегенде аузы аузына жұқпайды, самбырлап кетеді дерсің. Іс жүзінде басқаша. Тек өз кіндігінен тарағандардың бәріне жағдайын жасап, шетел банктеріне керек-жарағын салып беріп кетсе болды. Одан кейін топан су қаптаса да бұларға бәрі бір.


Оңбаған таскенелер, халықтың қанын сорған сыбайласқан жемқорлар. Момақан әрі мамыражай жануар қойлардың қанын сорып, тырнақтайдан бармақтайға дейін быттиып толатын таскенелер көктемде, яғни, аралық маусымда ғана ғана өмір сүреді. Қоңыр қойдың тәтті қанына тойып тырсиған таскене, сендердің маусымдарың аяқталуға жақын. Дауыл тұрып, найзағай жарқылдаған сәттен бастап, сенің жырқылдаған күлкің тиылады, қан сорғыш таскенелер қарасын батырады. Кешікпей жадырап жаз шығады (Сәрсеннің екі құлағы шулап, ұшақтың жерге қонған сәтіндегідей гуілдеп Сарқытбектің сөзі естілмей тек аузының қимылы ғана көрінді. Ол мына жырқылдақтың кабинетінде құлап қалмасам екен деп қана ойлаумен болды). Иә, дауыл тұрмайынша, найзағай жарқылдап жаңбыр төкпейінше таскенелер жойылмайды.


Сендерге де бір зауал болары анық. Мына Қайдар не ойлап отыр екен, оңбаған таскене?! Былықтарының бәрін менің білетінім бұған да аян. Бірақ, кішкентай Сәрсеннің қолынан не келер дейсің деген ойда шығар». Осындай сан-сапалақ ойлар Сәрсеннің миын ашытып жібергендей болды.


Сарқытбек Жәкенович ақылын айтып біткендей болды. Не айтқаны Сәрсеннің миына қонған да жоқ. Сәлден соң:

- Ал, осылай жігіттер, іске сәт! – деп, Сәрсенге қол созды. Осы сәтте Қайдар тұрып тағы бірдемесін бықсытты:

- Сарқытбек Жәкенович! Министрлікке тапсыратын есеп кешігетін түрі бар. Мен еш үлгере алмай жатырмын, жұмыстан қолым бір босамайды. Сәрсенді есепке отырғызу керек болып тұр.

- Сәрсен, сен біраз отыру керек, есепті бітіру үшін – деп, төрағаның қатындарша қылымси қалғанын көргенде Сәрсеннің басының ішінен бірдеме тырс етіп үзіліп кеткендей болды. «Мына көп тырсылдың соңы мені құртып тынатын шығар» деген ойға келген Сәрсен ызадан жарыла жаздап, Сарқытбекке көз салғанда ол бірнеше жыл бұрын түкпірдегі бөлмедегісі құсап көзін жыпылықтатып жіберді.


Сәрсен төрағаның кабинетінен теңселіп зорға шықты. Дәліз бойлап келе жатқанда айналасы шыр көбелек айналып, екі құлағы бітіп, әлемнен бөлініп бара жатқандай сезілді. Қалай да, жығылып қалмай кабинетіне жетуден өзге ештеңе ойламады.


Бір есін жиса телефоны безілдеп жатыр екен. Үстеліне келіп жайғасыпты. Кабинетке қалай жеткені, есікті қалай ашып кіргені есінде жоқ. Телефон тұтқасын көтергенде әйелінің даусын естіп көңілі сәл жайланғандай болды. Шолпан асығыс сөйлеп кетті:


- Үйге бір кісі «елден келдім» деп сені күтіп отыр.

- Кім деген екен, ол?

- Кәкімжан деген кісі. Қазір тез жет!

Үйіне келе жатқанда Сәрсеннің екі аяғы босап, қалай болса солай кете беретіндей біртүрлі сезілді. Кәкімжан төргі бөлмеге жайғасып шіреніп отыр екен. Сәрсеннің тұла бойын әлде бір жайсыз үрей билегендей болды. Аман саулықтан кейін ол тікелей бұйымтайына көшті.


- Ал, інішек! Мен ақшамды алайын деп сонау ит арқасы қияндағы Таулы Алтайдан келіп отырмын.

- Қайдағы ақша?

- Менің Ғайса ағама тықтырып қойған 45 мың долларым бар еді.

Өлерінде басын сүйеген әлде кімдер оны саған беріп жіберді деп естідім.

- Ондай ақша келуі келген. Біз онымен марқұмның өсиеті бойынша

басына мазар тұрғызып, қорған салдырғанбыз. Ақша түгелдей соған жұмсалған.

- Марқұмның өсиеті дейді ғой. Ондай өсиет қалдырған жоқ, менің ағам. Қалдырған күннің өзінде бірге туысқан інісі тұрғанда не үшін оны саған аманаттауы керек екен? Аға мен бауыр, өлі мен тірінің арасына сына қағып өйтіп арандатуды қойыңдар. Ағамды өзге білмесе де сен жақсы білесің. Ол кісі о дүниелік болған соң басына ескерткіш қойдыруға әуестенетін соншалықты арзанқол адам емес еді ғой. Менің қойып кеткен ақшамды көршілер алып әдейі саған жіберіпті. Ауылда талайлармен жүз шайыстық, жаға да жыртыстық. Олар өздерінше мені мұқатқан түрлері шығар. Олай болмайды. Мен өзіме тиесілі ақ адал пұлымды желге ұшыратын адам емеспін. Ақшамның қайдағы біреуге емес, керісінше, сен секілді жауапты қызметтегі үкімет адамының қолына өткеніне қуанып отырмын.


- Ол ақша енді жоқ. Өзінің қалдырған аманаты бойынша өткізетін жерге өткізіп, салдарыатын қорғаны мен мазарын тұрғызып, қалған ақшасымен құран түсіртіп, бәрі өз қажетіне жұмсалған.

- Менің ақшамды қандай қажеттіліктеріңе қалай жаратқандарыңда менің шаруам жоқ. Ақшам сенің қолыңнан өткен екен. Онда сен төлеп қайтарасың.

- Не?! Айтқанын орындадым. Неге төлеуім керек?

- Айналайын, Сәрсен! Мен сонау Шүйдің бойындағы Қош-Ағаштан сенімен жүз шайысуға келген жоқпын ғой. Біз бір ауылдың тумасымыз. Бүйтіп керіскеніміз жараспайды. Өлген адамның артында қалған туған жалғыз інісінің ақшасын алаяқтық жолмен қолға түсіріп, жаратып тастап қайтармау мемлекеттік жоғары қызметтегі жауапты тұлғаға жараса ма? Мен бұны комитеттің тәртіптік кеңесіне, министрге, қала берді тіпті, премьер-министрдің сайтына, «Нұр Отан» партиясына жазып, сауал тастаймын. Жауап алмай тынбаймын. Үш күн ғана күте аламын. Одан ары мүмкіндігім жоқ. Егер осы уақыттың ішінде толықтай қолыма салмасаң ренжіме, інішек! – деді де, Кәкімжан шығып кетті.


Сәрсеннің көзі қарауытып, екі құлағы шыңылдай бастады. «Тағы қайталады. Естен танып құлайтын шығармын. Дәрігерге қаралсам, жатқызып тастайды. Мына түріммен барсам, емхана айлап жатсам да шығаруы екіталай. Қайдар жауапты қызметке өрлеткелі отыр. Бастықтар жан тыныштығын күйттеді деп сөгеді. Қан қысымды түсірсем, жақсы болар еді. Бірақ, қалай түсіруге болады, оны?».


- Сәрсен, саған не болды? Бір жерің ауырып тұр ма? – деп жанұшыра айғай салған дауыс оны сергітіп жібергендей болды. Маңдайынан суық тер бұрқ ете қалды. Шолпан оны сүртіп әлек. Анасы не істерін білмей абыржулы екен. Есін жиып, жөнге келген Сәрсен былай деді:

- Жарайды, біршама жақсы болып қалдым. Ана маскүнем Кәкімжан неме айтқанын істейтін болса, мені біржолата құртады. Бастықтарға таптырмайтын әдемі сылтау болады. Мені көре алмай жүрген бақталастарым табалайды, күлкіге айналдырады. Енді не істейміз?

- Ауылда менің азын-аулақ малым бар ғой. Соны сатайық! Ал, оған дейін екеуіңнің де таныстарың бар ғой. Біреуден қарыз алып, ақшасын тауып бере салыңдар. Қыздың тойын өз шама-шарықтарыңа қарап өткізіңдер. Барымен базар дегендей. Әлдеріңе қарамай жұртқа еліктеп, ашылып-шашылып қайтесіңдер! Ең бастысы, балалар бақытты болса, бітті емес пе? – деді, Сәрсеннің шешесі. 



22. Қайдардан қарыз алу


- О, соншама көп ақшамен не істейін деп едің? Жаңа лауазымыңды жуайын деп пе едің? – деп Қайдар орнынан атып тұра жаздады.

- Жоға, жуғаны несі? Өте қажет. Қысылып тұрмын.

- Сен өзі депозит атаулыдан жұрдайсың ба?

- Ой, менде қайдан болсын. Ипотека деген пәледен құтыла алмай...

- А, солай екен-ау. Қашан керек саған?

- Тіпті, қазір болса да!

- Жарайды, депозиттік шотымнан алып берейін. Бірақ, 12 пайыздық өсімімен қоса аласың ғой?! Егер келіссең, осы! Онда түстен кейін әкеліп қолыңа саламын. Келісесің бе?

- Келіскенде қандай, Қайреке, көп рахмет! Алты айдың ішінде тауып дереу қайтарамын.

- Неше айда қайтарасың, өз шаруаң. Мен үшін ақшам орнында деп қана есептеледі.

Оны бастабында онша түсіне қоймаған Сәрсен шыққан соң ойланды.

«Иә, расында солай екен-ау. Оның 12 пайыздық өсімі жарты жылда қанша болушы еді» деп есептеп көрмек болды.


Бірақ, оның есіне әріптестері арасында Қайдар туралы кең тараған анекдот түсіп кетті. Бірде ол үйіндегі ақша сақтайтын сейфінің кодын ұмытып қалыпты дейді. Алайда, тезарада ақша керек болып қалады. Кодты ары ойлап, бері ойлап есіне түсіре алмайды. Бір жерге жазып қойғанын естіген әйелі әлде бір белгілеу дәптерін ұсынса, ол оған пысқырып та қарамайтын көрінеді. Керісінше, киім-кешектерін ақтарып жүріп бір ескі ішкиімін тауып алып соның ышқырына жазылған кодтты теріп тұрыпты. Шын-өтірігі белгісіз осындай әңгіме тараған. Ышқырға үңілгені жалған шығар. Бірақ, сейфтің бары рас болса керек.


Ақшасын үйіндегі сейфінде сақтайтын болса, не үшін 12 пайыздық өсім айтып жүргенін Сәрсен түсіне алмады. Қалай ойласаң да Қайдар өте қу адам. Ол депозит ашып, шотта ақша сақтамайды. Әйелінің атына ашып алған жеке фирмасы аздық еткендей соңғы кезде қызы мен күйеубаласы да үкіметтен бөлінетін тендерлердің тұрақты жеңімпазына айналды деген әңгіме шыққан.


Жә, оны қойшы! Несі болсын, Сәрсен барған сайын осы бір бала кездегі топас досы Қайдардың ықпалына түсіп бара жатқанын, тіпті кіріптар болып кеткенін аңғарады. Бала кезде осы Қайдар бейне бір ақыл-есі кем адам секілді әрекеттерімен жұртқа жиі мазақ болушы еді. Қазір сөйткен жұрттың бәрін ықтырып тұратын құдірет оның бойында пайда болыпты.


Әсіресе, Сәрсен оның ашса алақанында, жұмса жұдырығында болып бара жатқандай. Бірақ, амал нешік. Өзге жол жоқ. Қиналған сәтте іздеген ақшаның өзін өзге ешкім емес ақыры, осы Қайдардан ғана тапты.


Сәрсеннің денсаулығы күрт нашарлап кетсе де, жұмыстан қалмады. Комитеттің есебін дайындап, жаңа бағдарламасын жасау үшін күн-түн демей жұмыстан бас алмайтын болды. Дәрігерге барғысы келеді, бірақ, бас салып жатқызып қоятынын сезеді. Жатып қалса, Қайдар ренжиді, бас-көз жоқ ұрсады. Барған сайын денесі босап, еңсесі көтертпейді.


Бірде Шолпан оған былай деді:

- Сен қан қысымыңды қалпына келтіру үшін күнде таңертең жүгірсең қайтеді? Интернеттен бір мақала оқыдым, өте пайдалы көрінеді. Емделмей-ақ, солай сауығып кеткен адамдар көп екен. Біздің көрші пәтердегі вице-министрді де күнде терезеден көремін. Ауладағы саябақтың ішінде жүгіріп жүреді.


- Иә, соны мен де байқаймын. Соңғы кезде бастықтар спортпен көбірек айналысатын болыпты ғой. Жаяу жүрудің де пайдасы көп көрінеді. Менде уақыт жоқ қой. Дегенмен, таңғы мезгілде шамалы уақыт бөліп, жүгіруге болады, негізі – деп оған Сәрсен де ықылас танытты.



23. Күзгі саябақта


Астана саябағын кесіп өтетін жаяу жолаушылар жолы бойында таң сәріде үстінде су жаңа спорттық киімі бар бір ер адам екпетінен түсіп жатыр екен. Арлы-берлі өтіп жатқан адамдар бұрылып бір қарайды да өте шығады. Үстіндегі киімінің жаңалығы, ақсары жүзі мен қолының кіршіксіз тазалығына қарағанда маскүнем қаңғыбасқа мүлде ұқсамайды. Біршама сұйылып кеткен шашын күзгі самал желбіреткенде ар жағынан басының аппақ құйқасы жылт-жылт еткендей ағараңдап көрінеді.


Заңғар таудың белі омбы қар. Бірізді соқпақпен жаяу келе жатыр. Алға жылжудың өзі мұң. Ілдебайлап алға жылжып келе жатып, күтпеген жерден терең орға күмп етті. Басы ғана қылтиып, бейне бір суға батып бара жатқандай екі қолын сермеп, тыпырлады да қалды. Неше жерден жанталаса әуреленсе де шыға алар түрі жоқ. Күн батып, айналаны қою қараңғылық жайлап барады.


Бір үлкен қара құс, тазқара болса керек, ұшып келіп қанатын қомдап отыр. Сәрсеннің екі көзін ойып алмаққа әзірленіп отырғаны анық. Одан қорғану үшін екі қолын омбы қардан суырып алу керек. Онсыз қалай қорғанбақ?! Бірақ, қанша тырысса да, қардан шыға алар емес.


Бір мезетте аяғының қылта тұсынан бірдеңе тартқандай болды. Екі аяғын тыпырлатып, қозғап еді, тыншығандай. Бірақ, қайтадан тістелеп тартқандай болады. Аяқ-қолын омбы қардан суыра алмай, қара терге малшынды. Қарға бір сүңгіп алды да аяғымен алысқан әлгі пәлені бас салды. Бар күшімен жұлқып тартып қалып еді, қардың бетіне шыға келді. Өзі де әлгі апаннан шыға алды. Әлдебір жуан төбет екен. Арс-арс етіп үріп қояды, бір әрекет жасамаса қауып алатын түрі бар.


Алға жылжи бермек болып, тағы қарға омбылады да қалды. Тағы да қылтасынан бірдеме тартқылағандай болды. Қыңқылдаған дыбысынан білді. Түлкі. Бір аяғын қардан енді шығара бергенде әлгі түлкі қайта келді. Шалт бұрылып, ұстай алды. Ол тістелеп әлек. Қалың киініп алған соң былқ еткен жоқ. Қылғындырды. Көзі алайып кетті. Қарысып қалған қолын босатпаған күйі үй жаққа алып барды. Жігіттер абыр-дабыр. Пышақ сұрады. Біреуі дереу әкеп берді. Шалажансар түлкіні оң қолымен алқымынан көтерген күйі сол қолыммен кеуде тұсын орып жіберді. Түлкі өлер емес. Қанын сорғалатқан күйі жүрегін жұлып алды. Бүлк-бүлк етеді. Шикілей қалпында ауызға салды да, бір-екі шайнап, қылғытты.


...Сәрсен таңертең саябақта жүгіріп бара жатқанда есінен танып құлаған екен. Жиырма шақты күн ауруханада ес-түссіз жатқанда өңі мен түсін айырмай неше түрлі көріністермен арпалысумен болды. Дәрігерлердің барынша күш салып, алуан түрлі дәрі-дәрмекпен төпелеуінің арқасында тірі қалып, есін жиған болатын.



24. Ауру болдың, әлекке түстің


- Шеше, мына аузы-мұрнымды сүртіп жіберіңізші!

- Қане, балам! Қазір...

- Мен енді сауығып, бұрынғы қалпыма келе алар ма екенмін?

- Жазыласың, балам! Алланың әмірімен болады, бәрі.

- Шіркін, балалық шақ. Сіздің жетегіңізге еріп талай жерге барушы едім.


Мөлдір бұлақтың суымен бетімді осылай жуып, сүртетін едіңіз. Шіркін, Алтай табиғаты қандай сұлу болса, суының мөлдірлігі сондай лайсыз тұп-тұнық еді ғой. Қайран, туған жер. Саф ауасын жұтып, көк майсасына аунамағалы қаншама жыл? Ит тірлікпен жүріп, есіл уақытты қор ғып өткізгенімді айтсайшы!

- Өкінбе, балам! Әлі ден сау болса талай барасың.

- Қайдам, мына түріммен көшеге шықсам да жұрт құбыжық көргендей үркіп кетіп жүрер.

- Қой, қайдағы жоқты айтпа! Алладан шын тілесең бәрі дұрыс болады. 

Сәрсеннің екі көзі әп-сәтте өлген қойдікіндей бір нүктеге қадалды да қалды. Сол-ақ екен, бас-аяқ жоқ бірдемелерді айтып сандырақтап кетті:

- Оттама, сен Қайдар доңыз! Сенен қорқатын біреу бар ма, мұнда?!


Қазір-ақ күшті дауыл соғады, сендейлерді қаңбақша ұшырып, қаланың қоқыс төгетін алаңына апарып бірақ тығады. Сен секілді паразиттердің орны сол жерде. Айнала тазарады, табиғат қайта түлейді. Сенің сүйенген иең болса, менің сенген Тәңірім бар. Сарқытбек Жәкеновичіңнің орны комитет емес, абақты. Соны біліп ал, сен шошқа!


Ұлының осылайша ара-тұра сандырақтап кететіндігіне, бет-аузының қисайып, күн өткен сайын жағдайының төмендеп бара жатқанына анасы бастабында қатты налып, уайымдаушы еді. Қазір ептеп бой үретіп бара жатқандай «не де болса нар тәуекел ғой, Алланың басқа салғанына көнеміз» деп, әлі де үмітін үзбей жалғыз ұлының тілеуін тілеп, дұға оқи беретін болған. Кейуанаға қатты бататыны, құдайдың оған төрт бірдей қыз бергенде, артында қарашаңыраққа ие болатындай бір ұлды қимағаны еді. Қызметтің соңына түсіп, күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылған ұлының қазіргі кейпі, мынау! О, Алла-ай!



25. Шытырман түс, сүреңсіз тірлік


Сәрсеннің көзі ілінсе болды, сол бәз-баяғы терісі сыпырылған көп киіктің арасына батып бара жатады. Одан шықпақшы болып, жанұшыра тырмысады. Бірақ, әлгі сойылған киіктер сол сәтте шұбатылған ұзын сұр жыланға айналып шыға келеді. Сосын, Сәрсеннің бүкіл денесін орап алып, буады. Ол бар күшімен жыландардың орауынан сытылып шығуға әрекеттеніп бұлқынады. Қайыс арқан секілді денесін орап буып тастаған жылан тынысын тарылтқан сайын ол жалма жан оның басын іздейді. Дереу басын таппаса, ол кез келген жерінен шағып алуы мүмкін.


Оратылған ұзын жыланның бір жуандау бір бөлігінен бас салды. Басы осы тұста болар деп топшылаған. Жоқ, бұл басы емес екен. Бәлкім, іш жағы шығар. Қолын жылжытып, ала шұбар денесін түгендеп келе жатыр. Сәрсеннің көзіне бір жіңішкелеу тұсы шалынды. Дәу де болса, мұнысы құйыршығы болар деген. Олай болмады, бас екен! Сол қолымен тамақ тұсынан қысып ұстай алды. Жылан оны шағып алмаққа барынша әрекет жасап жатыр. Сәрсен қос қолдап тұрып бар күшімен қысты. Бірақ, ол неме тағы жалғыз емес екен. Келесі жақтан тағы бірі шыға келді. Екі жылан оның денесін бірігіп ораған көрінеді. Енді қос тілдерін жылтыңдатып, шағып алмаққа әрекеттеніп жатыр. Суп-суық денелерімен Сәрсенді қысып, барған сайын тынысын тарылтып барады. Несі болса да, екеуінің де бастарының тамақ тұсынан екі қолмен қысып ұстап алды. Шағатын тілі ғана болмаса, өзге қауіп бола қоймас деп ойлады. Жыланның екі басы да оның бетіне қарай тап беріп, өңмеңдеп қояды. Бірақ, Сәрсеннің қолын бүктейтіндей күш екеуінде де жоқ секілді. Бұған сәл де болса шүкіршілік етті.


Денесін толықтай орап шандып тастаған жыланның буып-қысуынан ол аса қорқа қоймады. Алайда, сонау шиыртпақтың арасынан тағы бір жыланның басы қылтиып шықты. Сәрсеннің бетіне қарай асықпай жылжып, төніп келеді. Бәсе, денесін ораған шырмауықтарға қарағанда екі жыланнан көбірек тәрізді сезілген. Үшінші жылан оның бетіне жақындап келді. Екі қолы бос емес. Қайтерін білмей жан даусы шығып айғай салды:


- Шолпан, оның тамақ тұсынан бас сал!

Күйеуінің даусынан шошып оянған Шолпан «не болды, не болды» деп атып тұрды. Сәрсен қара терге малшынып, ентігіп жатыр екен. Әйелі оның шалажансарлау суық денесін арлы-берлі қозғап, жастығын түзеп қойды. Ас үйден кесеге жылы шай құйып әкеліп, қасықпен аузына құйды. Шайдан соң денесі сәл жіпсіген Сәрсеннің құрыс-тырысы жазылып, көзіне ұйқы тығыла бастады. Бірақ, ұйықтамауға тырысты. Тағы да бастырылып, жаман түс көруден қорықты. Ұйқысын ашу үшін:


- Шолпан-ау, қыздың тойы не болып жатыр?

- Тойды қойшы, сенің денсаулығың бәрінен қымбат. Дені сау жандар бір жөнін табар.

- Қыздың көңілін ойла. Барыңды сал. Мына түріммен мен онда бармасым анық. Ел-жұрттан ұялып бітетін шығарсыңдар.

Шолпан ләм-им деп ауыз аша алмады. Не десін. Тойдың төріне құбыжықтай түріңмен барып жайғас деп қалай айта алмақ.



26. Қайдардың елгезектігі


Сәрсен науқастанғалы Қайдар елгезектігімен ерекше көзге түсіп жүр. Небір таптырмайтын дәрі-дәрмектерді жердің түбінен алдырып, білікті дәрігер атаулыны түгендеп, зыр жүгіреді. Оның бұл әрекетіне таңданғандармен қатар шын сүйсініп, мақтағандар да табылды. Ал, шын мәнінде, Қайдардың оңашада Шолпанға «Сәкең менен 45 мың доллар қарыз алғанын саған айтты ма?» деп сұрағанын тірі жан білмейді. «Иә, Сәрсен маған оны сол сәтте айтқан. Ақшаңызды жаңа жылға дейін өсімімен қайтарамыз ғой» деген Шолпанның жауабына «Иә, иә. Асығыс жоқ, кейін болады ғой» деп тіл қатқан Қайдар мазасыздықтан бір арылғандай терең тыныстап алғаны бар.


Бірде Сәрсеннің екінші рет инсульт алғаны жайында хабар жетті. Осы кезден бастап, Қайдар Сәрсенге баруға батылы бармады. Бірнеше күн тың тыңдап бақты. Естуінше, ендігі жерде емдеуден еш үміт жоқ көрінеді. Білікті дәрігерлердің барын салып емдеп жатқанына қарамастан Сәрсеннің тағы да инсульт алуын жұрт әртүрлі саққа жүгіртіп жатты. Оның ішінде шын себеп біреу ғана болатын. Сәрсен жарты денесі жансызданып, бір қолының қалтаңдап, дірілдеп қалғанына қарамай газет оқып, теледидар қарап, ақпарат алуға құмар көрінеді.


Кезекті рет ресми ақпараттармен танысып отырып, өзі еңбек еткен комитеттегі жаңа тағайындауларға көзі түседі. Комитет төрағалығына Қайдар өрлеп, бірінші орынбасарлыққа Каринаның тағайындалғаны туралы ақпарат оған мәлімет емес, оқ болып қадалған. Соны біле сала Сәрсен ес-түссіз құлаған көрінеді.


Қайдар осы бір ыңғайсыз жағдайдың кесірінен, пәлеге ұрынудан қорқып, қатты сақтанды. Сөйтіп жүргенде мүлде күтпеген жағдай болып, болмашы үрейі тіпті қатерлі қауіпке ұласты. Өзімен бірге бірқатар жерлестерінің сүйенген иесі, қалыптасқан атау бойынша «крышалары» аспанда күн күлімдеген жайма шуақ бір күні президенттің жарлығымен лауазымынан аластатылды. Жай ғана орнынан алынып тасталса жөн ғой. Арнайы қызмет оны қамауға алып, қылмыстық іс қозғаған.


Қайдар үшін бұл деген бір түйір бұлтсыз аспанда көпе-көрінеу найзағай жарқ етіп, жаумай жасын түскенмен бірдей еді. Аспандағы күні сөніп, қою қараңғылық түнеріп келіп басқандай ауыр күйге түскен. Жалғанды жалпағынан бастап, есіріп жүрген Қайдар желі шыққан доптай басылып, тыпыршыды да қалды. Заң-ереже атаулыны аттап өтіп, ойына не келсе соны істеп, айналасындағылардың қарадай үрейін ұшырып, өзі ештеңе істемегенімен қоймай өзгеге елеулі кедергі жасайтын, қол астындағыларын жайылып төсек, иіліп жастық етіп үйреніп қалған Қайдар үшін бұл күтпеген жағдай еді. Әр нәрсенің ақыры болатынын, бәрінің де өткінші әрі уақытша екенін бұрын-соңды ойлауға да уақыт таппаған екен. Енді, жасаған иттіктерінің тігісін жатқызудың, батып бара жатқан судан лай жұқтырмай ебін тауып шығудың қамына кірісе бастады. Біршама уақыт біртоғалыққа, момындыққа қадам басып байқады. «Мына немелердің алдында несіне бүйтуім керек, неге сөйтуім керек» дейтін астамшылдықтан бір сәтте арылу оңайға соқпады. Сонда да барынша тырысты.


Дегенмен, тумысынан кәсібіне айналмаса да, кәдесіне жараған әртістік мінезінің пайдасы тиетін түрі бар. Жаңа жағдайға бейімделу үшін ең алдымен ауруханаға барып, Сәрсеннің жағдайын біліп, көңілін сұраған жөн деп тапты.


Қайдарды еңкіш тартқан денесі шидей арық жасамыс дәрігер қарсы алды. Арық денесіне киілді дегеннен гөрі жауып қойған дерліктей ақ халаты қолқылдаған қарт доктор ұзын дәлізді бойлап Сәрсен жатқан палатаға Қайдарды ертіп әкелді. Оқушы-студенттік кейін жастық шағын бірге өткізген ежелгі дос, әріптесі қабырғаға мелшиіп қараған күйі қимылсыз отыр. Тірі жанның көзқарасына мүлде ұқсамайтын қос жанарынан тоқтаусыз жас парлап ағып жатыр. Төсіле қарай қалған жанары тым қорқынышты көрінсе де, бас салуға шамасы жетпес деген сеніммен жақындап барып амандасты.


- Сәке, қалайсың? Ем-дом шипалы болсын!

- Ол кісі ештеңе естімейді, тіпті түсінбейді – деді, әлгі шидиген доктор.

- Сіз қалай емдеп жатырсыз, сонда?

- Арт-терапия қолданамыз.

- Мынау неге жылай береді?

- Жылап отырған жоқ. Көзіне жас тоқтамай тұр. Бұл уақытша, басылады.

- Бұл қазір менің көңіл сұрап келіп тұрғанымды біле ме?

- Білуі екіталай. Ештеңені сезіне алмайды, негізі. Жағдайы ауыр.

- Бейшара, обал болған екен. Ал, сіздің арт-терапияңыз ше?

- Менікі ғылыми тәжірибе. Болмашы оң ықпал жасауы мүмкін.

- Ол маған қарап отыр ғой. Сонда мені танымай отыр ма?

- Ешкімді танымайды. Сіз тұрмақ анасын, балаларын, әйелін де.


Бұл сөзге біршама рақаттанып қалған Қайдар енді оған балалық шағының досы, әріптесі ретінде емес, керісінше, хайуанаттар бағындағы маймылды көріп тұрған саяхатшыдай көз салды. Бәрібір бұл енді ештеңені сезіп жарытпайды дегендей тым еркінсіп кетті.

- Адам болудан қалған екен, байғұс. Сіздікі жай бір эксперимент қана екен ғой. Тірі деуге де келмейтін шалажансар затқа айналу неткен қасірет! – деген сөзін дәрігер естіген-естімегені белгісіз, әлде бір тыңдауыш құралдарын реттеп, құрал-жабдықтарымен әуіре болып жатты.


Ауруханадан шыққан сәтте Қайдарға алдымен көмекшісі, іле-шала әйелі суыт телефон шалып, жайсыз хабар жеткізді. Екеуінің айтқаны, бір мазмұндас үрейлі дабыл еді. Алдымен кабинетіне, кейін оның үйіне бір топ арнаулы қызмет өкілдері іздеп барған. Жай бармаған. Қолдарында белді құзіретті органның арнайы ұйғарымы бар. Кабинетіндегі және үйіндегі есік-тесігі бар, тартпасы бар барлық сейф, шкаф атаулының бәріне таңба қойып, мөрлеген, тұтқындалғанын мәлімдеген хаттама қалдырған. Енді, Қайдардың соңынан іздестіріп жүрген көрінеді.


Жалма-жан көлігіне келіп от алдырғаны сол еді. Өзіне қарай жақындап келе жатқан сақшылар машинасын алдыға салған үш бірдей түсі суық көлікті көрді. Газды бар күшімен басып, қала сыртына қарай жанұшыра қашты. Жылдамдықты қанша арттырса да, әлгілер де қалысатын түрі жоқ, өкшелеп қуып келеді. Қалай да құтылудың ғана қамын ойлап, бар өнерін салып келеді. Сәтін салғанда қарсы келе жатқан көліктің қарасы көрінбейді. Кенет тақтайдай түзу жолдың шорт үзіліп, ар жағында терең ор қазылғанына көзі түсті. Кілт бұрылуға кеш екенін ойлап та үлгермеді. Газдан аяғын бостатып тормозға ауысқаны сол еді. Биік жыраға құстай ұшып түсіп гүрс етті.


Соңынан өкшелеп келе жатқан бірнеше көлік шиқылдата тормоздарын баса келіп, қатарласа тоқтай қалды. Машинадан жүгіре шыққан бір топ адам жыраның шетіне жете бергенде тарс еткен жарылыс болып, қызыл жалын көкке көтерілді...


Ертеңінде телеарна жаңалықтары мен республикалық бас газетте комитет төрағасының мезгілсіз қазасы туралы хабарланып, «марқұмның еңбексүйгіш адал қасиеті мен жарқын бейнесі оны білетін жандардың жадында мәңгі сақталады» десіп жатты. Қаралы митинг өтіп, өмірбаяны оқылды. Жоғары мәртебелі тұлғаның арнайы жолдаған телеграммасы таныстырылды.


Сол күні кешке Сәрсеннің үйіне де қаралы хабар жеткен. Ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтыс болғаны туралы шағын ғана қазанама қалалық газеттің бір бұрышында жарық көрді. Шүйкедей қара кемпірдің жоқтауы жерлеуге жиналған азғана топтың қабырғасын қайыстырып, бәрінің көзіне жас алдырды. Жамбыл бастаған бірқатар әріптестері Сәрсеннің отбасына барынша қолдау көрсетіп, марқұмның қырқы өткенше барлық шаруаны атқарысты.



Эпилог


Бас редактор редакциядан кештеу шықты. Бизнес орталығы ғимаратын меңіреу тыныштық жайлаған. Есік аузындағы күзет қызметінің екі жігітінен өзге тірі жан қалмапты. Шолпанның айтқан әңгімесі көңіліне әлде бір мұң ұялатқандай. Далаға шыққан соң ауыр күрсініп, терең тыныстады.


Кең даңғылды бойлап үйіне қарай жаяу тартты. Күндіз шайдай ашық тұрған көк аспанды қара бұлт торлаған. Аспанның көкжиегінде жарқылдаған найзағай отының ізін ала бере күркіреген күннің даусы алыстан талып жетеді. Батыстан соққан желдің екпіні барған сайын күшейіп, дауылдың басталарынан нақты хабар бергендей.


Көше бойы көлікке де, жаяу жолаушыға да лық толған. Ерсілі-қарсылы асығып-аптыққан жандар иін тіреседі. Дауыл басталмай тұрып, үйге жетудің қамын ойлаған Бас редактор келесі көшеге бұрыла бере кілт тоқтай қалды. Қарсы алдындағы зәулім үй әлгі комитеттің бас кеңсесі еді. Бар сырын ішіне бүккендей сұрғылт ғимарат сазарып тұр. «Енді, мұнда Сәрсен де, Қайдар да жоқ. Сарқытбек Жәкенович, Шиқанбай секілді қулар шетелде шалқып жүр. Олардың орнын Жамбыл, Сәрсен секілді адал жандар басты ма, әлде, тағы бір тоғышарлар отыр ма? Не өзгерді екен?» деген ой санаға сап еткенде тағы бір мәрте ауыр күрсінді.


Желдің екпені одан сайын арта түсті. Найзағайдың жарқылы да жақындап келеді. Құйғыта соққан дауыл алдында тұрғанның бәрінің ту-талақайын шығарып, жайпап кетердей арыны тым қатты. Бас редактор тез-тез адымдай басып, көше бойлап келе жатты.


...Түнімен соққан дауыл қаланың астаң-кестеңін шығарғанымен таңертең аспан ашылған. Бірнеше ресми органдардың шатырын жұлып әкеткені белгілі болған. Көп жыл бойы тамырын тереңге жайып, нық орныққан кәрі терек түп орнымен қопарылып сұлап жатқанын көз көрді. Дауылдың осыншама қатты болғанына таңданбасқа лаж жоқ.


Көп жыл бойы бір орыннан мызғымаған, барша жұрттың әбден көздері үйренген бір үлкен баннерлерді жұмысшылар орнынан шешіп алып жатқанын көріп, таңданып қарап қалған Бас редакторға орынбасары телефон шалды:


- Шеф! Арнаулы нөмір дайындайтын сияқтымыз ғой...


                                               

Атақты жазушы, ұстазым Ц.Доржготовқа имитация


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар