Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қуандық Шамахайұлы. Ыстанбұл самалы

22.08.2019 1618

Қуандық Шамахайұлы. Ыстанбұл самалы 16+

(Әңгіме)

Ахмет-бей күндегі әдетімен кешкі серуенге шықты. Бүгін ол кісі ерекше көңілді. Германияда тұратын қызы Айсел мен күйеубаласы және жиендері Ыстанбұлға келген. Зайыбы Әйтен ханым екеуі жалғыз қызын жыл сайын жаз маусымында сағына күтіп отыратын әдеттері бар. Олар келіп, айға жуық аунап-қунап демалып, жатып жетеді. Ахмет-бей үшін ең бір бақытты кезең осы сәт. Қабағы ашылып, жадырап жайнап жүргені.

Кешқұрым көшеде адам қарасы көбейіп, жұрттың көбі салқындау үшін даладағы шайханаларда топтасып отыруды ыстанбұлдықтар ежелден әдетке айналдырған жұрт. Қаланың жасы-жасамысы, үлкені-кішісі бар, бәрі көше бойлаған шайханалар мен дәмханаларда лық толып отырады. Іскер азаматтардың өзі кешкісін дастархан басында жайланып отырып, келісім-шарттарын қарап, шаруа-жайларын талқылап отыруы қалыпты жағдай деуге болады. Дос-жарандар да бас қосып, өзара әңгіменің көрігін қыздырып жатады. Жаңадан танысып, табысқан қос ғашықтардың серуені өз алдына бөлек әңгіме.

Күндізгі аптап ыстықтың алауы қайтып, кешкі самал баяу соққанда, тыныс сарайың кеңіп, бір рақаттанып қаласың. Ахмет-бей жаздың мұндай сәттерінде түнгі сағат екіге дейін көшеде серуендеп жүре береді. Көрші-қолаң, таныс-біліс жандармен жолығып шүйіркелеседі, кейде түн ұзақ әңгіме-дүкен құрып отырады. Сол әдетімен бүгін де үйінен шығып, аяңдап бара жатқан еді. Оны сырттан көріп қалған Хасан анандайтын жерден айғай салды:

-Ахмет-бей мұнда келіңіз, бірге шай ішейік!

Қасында бейтаныс екі азамат отыр. Амандық-саулық сұрасып, төртеуі бір үстелге жайғасты. Ыстанбұл қаласының көрікті жерлерінің бірі Левент маңына жуықта ғана көшіп келген Хасанмен танысқалы көп уақыт өте қойған жоқ. Алғаш танысқан күннен бастап, әңгімелері жарасып, бір мүшелге жуық жас айырмашылықтарына қарамастан достасып кеткен. Хасан осындағы бір ірі компанияның басшысы. Өзі біртоға әрі тым қарапайым бола тұра өте бауырмал азамат. Ахмет-бейді ерекше сыйлайды. Кешкі серуенге шыққан сайын көшенің қай бұрышында жүрсе де тауып ала қойып, осылай шайға шақырып жатқаны. Кездескен сайын туған інісінен бетер бәйек болады да, жүреді. Өзі де бір мың болғыр, ақ жарқын, мінезі биязы жігіт.

-Аға, бүгін көңілдісіз ғой – деп, сөз бастады, Хасан.

-Иә, Хасанжан, қызым бала-шағасымен келіп, жеңгең екеуіміз арқа-жарқа болып жатырмыз.

-О, қуанышыңыз ұзағынан болсын!

-Алла разы болсын! Мына екі азаматты танымадым ғой.

-Мына жігіт менің көмекшім, ал, қарсы алдымызда отырған жігіт студент кездегі досым, өзі белгілі жазушы. Әңгіме-дүкен құрып сырласып, отырғанымыз ғой.

-Жазушы дейсің бе? – деп, таңданған немесе қуанған кейіппен екеуіне алма-кезек көз жүгірткен Ахмет-бей: -Көп жылдар бойы көкейімде жүрген бір оқиға бар еді. Уақыттарың болса, соны сендерге айтып берсем бола ма?

-Әрине, айтыңыз, ағасы! – деп, әлгі жазушы ерекше ықылас танытты.

Ахмет-бей шағын ғана әйнек стакандағы қоңырқай түсті шайынан асықпай бір мәрте ұрттады да, көсіліп сөйлеп кетті.

-Осыдан отыз жыл бұрын Нұсайбин жақтан осында көшіп келдік. Босфорд бұғазының өр жағына келіп орналасқанбыз. Тәуір көлік сатып алдым және бір мейрамхана, екі дүкен ашып тастағанмын. Ол тұста Айселіміз онбес жаста, лицейде оқитын. Табысымыз, ИншАлла жаман болмады. Әйтен екеуіміздің бар арманымыз жалғыз қызымызды оқыту, аялап өсіру, лайықты тәрбиелеу. Құдай бізге жалғыз қыздан өзге перзент бермеді. Сол себептен Айсел үшін екеуіміз де жан беруге даяр едік. Оны күнделікті оқудан оралғанша, Әйтеннің екі көзі төрт болып күтіп отырғаны. Ал, мен жұмыстан кештетіп келіп, есіктен кіре сұрайтыным, Айсел еді. Ол алдымнан жүгіріп шыққанда шаршағанымды ұмытып, көкірегімді қуаныш кернеп, зор күш-қуатқа ие болып кеткендей болушы едім. Бір отбасында айналдырған үшеуіміз ғана болсақ та Айселіміз үйімізді базарға айналдырып жібереді. Оның әңгімесін тыңдай отырып тамақтану біз үшін таусылмас бір мейрам дерсің.

Сөйтіп жүргенде Айселіміз аяқ астынан ауыр науқасқа ұшырады. Әлсін-әлсін есінен танып құлап қалатын болды. Ыстанбұлдағы ең мықты деген дәрігерлерге қаратып, бағасы аспандап тұрған қымбат госпиталға жатқыздым. Еуропа, Америкадан білікті профессорларды да шақырттық. Аяғынан тұрып кетер деп үміттенумен болдық. Бірақ, ең қорқыныштысы, жағдайы күннен күнге ауырлап, барған сайын нашарлай берді. Айселді емдету үшін екі дүкенімді саттым. Дүниенің қай бұрышында қандай білікті дәрігер бар, бәрін шақыртуға бар едім. Олардың бірі келсе, бірі келмейді. Сонда да, аянбай барымды салдым.

Қызымның өз аяғымен жүріп-тұрып жүргенінің өзі баға жетпес байлық, зор қуаныш екен ғой. Төсек тартып жатып қалғаны жаныма қатты батты. Оның бір сәт жадырап күлгені үшін қолымнан келсе, аспандағы айды әперуге дайын болдым. Кейін келе госпиталға жеткенше жанымды шүберекке түйіп баратын болдым. Жол-жөнекей неше түрлі ойлар мазалап әбден ығыр боламын. Дәрігерлер оның бұл аурудан сауығуы екіталай екенін тұспалдап болса да, сездіріп, ескертіп қояды. Сонда да, қызымды күнделікті аман-есен жүзін көріп, бетпе бет тілдесіп жүргеніме шүкіршілік ететінмін.

-Сонда, қызыңыз қандай ауруға тап болған? – жазушы сұрақ қойды.

-Қан ауруы. Оның өзінде қанның ақ түйіршігі. Мұндай дертті көп адамдар тікелей келген ажалға балайды екен. Әйтен екеуіміз оңашада көз жасымызды көлдей ғып төгіп аламыз. Қызымыздың сау жүрген кездерін сағына еске алып, ауыр күрсінеміз. Күн құрғатпай дұға оқып, қызымызға ғұмыр тілейміз. Бар қолымыздан келетіні, дәрігерлер нұсқаған барлық дәрі-дәрмекті қайдан болса да, тауып береміз. Бағасының қымбатына қарамаймыз. Осыған дейін жиған-тергеніміз, қаржы-қаражатымыз да қомақтылау еді. Оның бәрі қызымның бір сәт қана жымиып күлгеніне, наздап еркелей сөйлеген бірауыз сөзіне татымайтынына сол кезде көзіміз әбден жетті. Күн өткен сайын дәрінің саны да көбейіп, бағасы да аспандай түсті. Біз ештеңені аяп қалмадық.

Бір күні мейрамханамды саттым. Саудаласып жатуға мұрша болмады да, алғаш жолыққан сатып алушыға төмендеу бағаға бере салдым. Ақшаны әрине, бір лира да кемітпей госпиталға өткіздім.

Әр таңда қызымның амандығы үшін Алладан медет сұрап, дұға қыламын да госпиталға қарай құстай ұшамын. Жол бойы көңілімді уайым торлайды. Бірде сан-сапалақ ойлармен арпалысып келе жатып, көлігімнің газы мен тежегішін ауыстырып алып, алдымда келе жатқан қымбат машинаны соғып алдым. Көлік жүргізуші құдайға қараған адам болып шықты. Менің айтқаныма құлақ асып, кейін жөндеп қалпына келтіруіме мұрша берді. Тиын-тебеннің басын құрап жүріп, одан да құтылдым. Өз көлігімді де ілдебайлап жөндеп алдым.

Қызымның емдеу ақысы барған сайын өсіп жатты. Ауруы одан бетер асқынған үстіне асқына береді. Алдымен машинамды, кейін үйімді де саттым. Әйтен екеуіміз Зейтінбұрын жақтан біреудің арзанқолдау үйінің төбесіндегі шатырына қосалқы үй етіп, тұрғызылған аядай тар бөлмені жалдап тұруға мәжбүр болдық. Баяғыдай дүркіреп тұрған бизнесім жоқ, онда-мұнда жалданып жұмыс істеймін, табысым да көңіл көншітерліктей емес.

Азанда ертелеп, госпиталға жетемін. Метро жылдам жеткенімен, мен үшін тасбақаның жүрісінен де баяу секілді сезіледі. Бекетке түскен соң біраз жаяу жүремін. Жүгіре басып, асығып-аптығып жетемін. Госпиталдың ұзын дәлізін бойлап келе жатқанда жүрегімнің соғысы өзім тұрмақ қасымдағы адамға де естілерліктей дүрсілдейтін. «Өткен түнде келмес сапарға аттанып кеткен жоқ па екен? Дәрігер жаманат хабар жеткізсе, не істеймін?» деп уайымдаумен боламын.

Палатасының босағасын аттай бергенімде «Баба, келіп қалдыңыз ба? Мен тәуірмін» деген үні құлағыма жеткенде, бақыттан басым айналып кете жаздайтын. Тек осы дауысты естіп, қызымның жастықтан басын көтермей-ақ жатқан жүзін көріп қана бүкіл ғұмырымды өткізуге бар едім. Маған бұл дүниеде өзге ештеңенің қажеті жоқтай сезілетін.

Бір күні маған дәрігер қызымның бір жылдық қана ғұмыры қалғанын, оны көзі тірі қалпында ұстай тұру үшін өте қымбат дәрілерді шұғыл сатып алу қажеттігін ескертіп, ақылға сыймайтын көп мөлшердегі соманы атады. Мен үшін Айселдің бір жыл тұрмақ бір минуты ат басындай алтыннан қымбат еді.

Менде шынын айтқанда сататын да бір түйір мүлік қалмаған болатын. Әйтен екеуіміз күндік ас-ауқатымыз бен биік үйдің төбесіндегі аядай тар тұрағымыздың ақысын зорға тауып өтеп жүрген болатынбыз. Таныс-біліс адамдардан қарыз сұрап, банктен несие ала жүріп әлгі айтқан сомасын алып, госпиталға келдім. Дәрігердің есеп айырысу кеңсесіне келіп, ақшамды ұсынсам, «Айселдің ешбір қарызы жоқ, бәрі бітті» дегенді естігенде, екі құлағым бітіп, еденге гүрс етіп құлап түсіппін. Есімді жисам, дәрігердің емделуші қабылдайтын төсегіне жатқызып қойыпты, әлде бір екпе екенге ұқсайды. Орнымнан атып тұрып «Айсел, жаным Айсел» деп госпиталды басыма көтере айғайлаппын. Дәлізде жүрген медбике мен дәрігер екеуі жүгіріп жетті.

«Сізге не болған? Айсел аман сау. Неге байбалам сала бересіз?» деп дәрігер маған зекіп тастағанда, жүрегім орнына түсіп, кешірім сұрадым. Мен дәрігердің сөзінің соңын күтпей жамандыққа жорып, есімнен адаса жаздаппын. Сөйтсем, емдеудің барлық шығынын басқа бір адам күн ілгері төлеп қойыпты. Енді бес жыл жатып, емделсе де, ешбір ақы алынбайды екен. Кешікпей Германиядан бір атақты профессор келіп қарамақ. Ота жасау керек пе, әлде, қандай бір жаңа емдеу түрін белгілей ме, сол кісі шешеді дейді. «Оның да барлық шығыны алдын ала өтеліп қойған» деді де, ұсынған ақшамды түгелдей өзіме қайтарды.

Таңданыстан аузым ашылып қалыпты. Бізге мұндай көмек жасаған кім? Алладан тілеген дұғамыз қабыл болып, бір қамқоршыны Жаратушы ием өзі жіберді ме? Туған туыстан бетер осыншама қамқорлық жасаған жанның аты-жөнін айтуын, оның жақсылығына жауап қайтара алмасам да тым құрығанда, дұға жасап, Алладан рақым сұрайын деп қанша жалынсам да олар айтпады. Қаладағы бір ірі бизнесмен көрінеді. Өзінің аты-жөнін атамауды қатты тапсырып кетіпті.

Мен ел-жұрттан қарызданып алған ақшаларымды түгелдей өздеріне қайтардым. Банктен алған несиеге шағын кәсіп ашып, жұмысқа кірістім. Жұмыстан тыс уақытта Әйтен екеуіміз бірге қызымызға барамыз. Біз барған сайын Айселдің айтатыны ішімде өрт жанып жатқандай бола береді. Сұп-суық суға батып кеткім келеді дейді. Ол сөзінің мәнін түсінбейміз. Айналып-толғанып, бар мейір шапағатымызды төгіп қайтамыз. Үйге келген соң зар еңіреп жылаймыз. Сосын, бір-бірімізге басу айтып, Алладан медет сұрап, дұға оқимыз. Әлгі қайырымды жанға алғыс айтып, құдайдың құдіретіне тәнті боламыз.

Сөйтіп жүргенде, әлгі Германиядан профессор дәрігер келгенін хабарлады. Ота жасалуы мүмкін десті. Үш күн бойы қызымыз жан сақтау бөлімінде болды. Айселдің ақ жүзін бір көрудің өзі мұң болды. Медбикелер арқылы ғана хабар алып тұрамыз. Ота жасалмаған, бірақ, емдеу жасалып жатыр дегенді ғана естиміз.

Госпиталдың дәлізінде отырып, дұға-тілек айтып қана қайтып жүрдік. Төртінші күн дегенде, Айселді палатасына шығарып, оның айдай жүзін аман-есен көрдік, сөйлесіп көзайым болдық.

Бұрынғыдай емес, анағұрлы тәуірленгені көрініп тұрды. Ота жасалмаса да, жағдайы көшілгері. Бір аптадан кейін Айсел орнынан өзі тұрып, жүретін халге жетті. Он күн өткен соң үйге шығарылатын болды да, госпитал басқармасы белгісіз бизнесменнің алдын ала төлеп қойған ақшасының артылған бөлігін бізге қайтарып берді. Оның өзі қомақты қаржы болып шықты. Біз сол ақшамен осы Левенттің бойынан пәтер сатып алып және банк несиесін толығымен жаптық. Сол бір қайырымды жанның есім сойын білмекке қанша тырыссақ та, госпитал қызметкерлері сол күйі айтпады.

Ал, енді Айселдің сауығып кетуінен мүлде үміт үзген біздің дәрігерлерден әлгі профессор несімен ерекшеленді екен дегенді білуге тырыстық. Сөйтсек, өте қарапайым тәсілмен-ақ ауыр науқастан қызымызды құлан таза айықтырып жіберіпті.

-Онысы, қанда тәсіл? Әдетте расында, қан ауруының бұл түрін аса қатерлі деуші еді ғой – деп, жазушы тағатсыздана сұрақ қойғанда, Ахмет-бей оған мейрімге толы жүзбен күлімсірей қарап:

-Енді, қызығы сол болып тұр ғой. Айтайтын.

Суып қалған шайын қылқ еткізіп жұта салды да әңгімесін ары қарай жалғастырды.

-Әлгі шетелдік профессор «Адам баласы дәрігерге бағынғаны өте дұрыс. Бірақ, ең алдымен өз тәніндегі ағзаның талабымен де санасып, оны да тыңдай білу керек. Тыңдап қана қоймай ағзаның «айтқанын» орындаған абзал» деген ұстанымды басшылыққа алатын ғалым екен. Айселмен сөйлескенде, ол бұрыннан бері бізге айтып келе жатқанын қайталаған. Яғни, әлгі «ішім шоқтай жанып өртенгендей болады, суық суға түскім келеді» дегендей. Профессор оның осы сөзіне жіті назар аударған. Ота жасауды кейінге қалдыра тұрып, Айселдің ішіне мұз басып көруді бұйырған. Үш күн бойы осы әдісті қолданғанда Айселге өте жағымды сезілген. Содан кейін ішінен қан өтіп барып, біртіндеп сауыға бастаған.

Бұған профессордың өзі де таң тамаша болса керек. Медицина тәжірибесінде бұрын болмаған қарапайым әрекет қызымның дертіне шипа болып, ақыры құлан таза сауығып кетті.

Айсел госпиталдан шыққан соң жаңа қонысқа орналасып, тұрмысымыз түзелді. Шағын кәсіпорным да мол табысқа кенелді. Қызым оқуын жалғастырды. Кейін Германияның Бонн қаласындағы ең үздік университетке жолдама алып, дәрігер мамандығын игеріп шықты. Оқуын тәмамдаған жылы өзімен қатар оқыған жергілікті түрік жігітімен отау тікті. Құдаларымыз өткен ғасырдың 60-жылдары Ізмір қаласынан еңбек шартымен Германияға барған қандастарымыз екен.

Айселіміз қазір өзі бітірген оқу орнында профессор. Қыста Әйтен екеуіміз барып, жиендерімізбен шұрқырасып, қызымызбен қауышып, мауқымызды басып қайтамыз. Жазда олар бізге келіп, қуанышқа бөлейді. Қазіргі тірлігіміз осы. Айсел әрбір келген сайын «ауыр сәттерде қол ұшын беріп көмектескен қайырымды жан кім болды екен, таптыңыз ба?» деп, менен сұрайды. Мен қанша сұрастырсам да әлі таба алмай жүрмін. Кім екенін білмесем де, Аллаға дұға қылып, сол бір белгісіз жанға жақсылық тілеймін де жүремін.

-Ал, жігіттер! Көп отырып қалыппыз-ау. Түн ортасынан ауып барады екен – деп, Ахмет-бей орнынан көтерілді.

Үшеуі ере тұрып, Ахмет-бейді үйіне жақындап тастайық десті. Ол кісінің ауласына жақындай берген кезде:

-Бабам келе жатыр – деген әйелдің даусы естілді.

Биік әрі көп бұтақты бәйтеректың түбіндегі дөңгелек үстелде жайғасқан ерлі-зайыптылар мен кейуананың қасында отырған кішкентай ұл мен қыз жарыса жүгіріп келіп, Ахмет-бейді құшақтай алысып, мәз-мейрам болысып жатты.

-Ой, балапандарым сол! Сендер әлі ұйықтаған жоқсыңдар ма? – деп, Ахмет-бей балаларды кең құшағына алды. Ерлі-зайыпты екеу орындарынан тұрып, Хасан және оның серіктерімен амандасты. Танысып, қол алысты, жігіттер Әйтен ханымға сәлем берісті.

Жазушы Айселге көзі түскенде «Мұндай ажырлы да аяулы жанның аман жүргенінің өзі бір ғанибет емес пе» деген ойға келді. Ахмет-бейдің әкелік тілеуінің дұрыстығына, отбасына, ұрпағына деген адалдығы мен қажыр-қайратына риясыз сүйсінді. Тағдырдың әрбір тауқыметі адамға Алланың жіберген сынағы екендігін, онымен бетпе бет келген әрбір жанның тегеруінді күресі ғана ет жақындарын қауіптен құтқарып, өлім аузынан да алып қала алатындығына осы бір қарапайым ғана түрік отбасының өткен өмірі айғақ болып тұрғандай көрінді.

Қысқа ғана таныстықпен басталған дидарласу ұзаққа созылған жоқ. Алдағы күндері тағы жүздесуге уағдаласумен, ізгі ниет-тілектер білдірісумен тәмамдалып, қоштасты.

Левент даңғылының бойымен асықпай келе жатқан үшеудің әрбірі өз ойларымен үнсіз аяңдап келе жатқан еді. Осы үнсіздікті жазушы бұзды:

-Әлгі белгісіз бизнесмен кім болды екен-ә?! Мен сол кісі туралы жазғым келеді. Ертең госпиталға барып, сұрастырып қалай да іздеп табуым керек – дегенде, Хасан досы мырс етті. Ал, қасындағы көмекші тіпті, жатып кеп күлді. Екеуінің бұл қылығына таңданған жазушы:

-Сендерге не болды-ей, жігіттер? Мен анекдот айтпаған секілді едім ғой. Түркі халықтарында «Жылағанның себебін сұрама, жүрегін ауыртасың. Күлгеннің себебін біл, көңіліңді көтересің» деген сөз бар. Қане, неге күлгендеріңді айтыңдар! – деп қадалды.

-Жай күлдік. Саған госпитал бәрі бір ештеңе айтпайды. Текке әуіре болма дегенді ескертіп қояйын! – деді, Хасан. Ал, көмекші жігіт:

-Сол қайырымды бизнесменіңіз, мына қасыңыздағы Хасан-бей. Ал, сіз оны көктен іздейін деп тұрсыз ғой.

-Ал, ендеше! Сен онда несіне жасырынбақ ойнап жүрсің? Ақсақалды әуіре-сарсаңға салып іздеткенше, айтпайсың ба?

-Мен өзім де жаңағы әңгімеден кейін сол бір реткі демеушілігім есіме түсті. Жасаған жақсылықты осылай ұмытып кеткен дұрыс деседі ғой.

-Ертең кездескенде айт. Біліп батасын беріп жүрсін!

-Жоқ, болмайды. Айтпайық!

-Неге?

-Егер сол жақсылық жасаған адам мен едім десем, мен ол кісіден қарымта сұрағандай боламын. Ол адам алдында да, Алла алдында да ұят тірлік. Тіпті, олай болмағанның өзінде ақсақал да, Айсел де өздерін менің алдымда қарыздар сезініп, арамыздағы қарым-қатынасымыз бен сыйластығымыз басқа арнаға бұрылып кетеді. Сондықтан, ең жақсысы, осы қалпында құпия болып, қала бергені жөн – деп, Хасан жазушы досына күректей жалпақ алақанын ұсынып, қол алысты. Көмекші жігіт екі иығын қиқаң еткізді. Ал, жазушы еріксіз таңдай қақты.

Түн тыныштығына бөленген Ыстанбұлдың баяу ғана соғып тұрған самалы жазушының бетін сипай ескенде, Хасан-бей секілді ондаған, бәлкім, жүздеген түрік іскерлерінің аялы алақанын сезгендей ерекше бір тамаша әсер қалдырды.

Ыстанбұл қаласы

2019.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар