Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Қуандық Шамахайұлы. Қалаға келген жыл ...

12.11.2018 3764

Қуандық Шамахайұлы. Қалаға келген жыл

Қуандық Шамахайұлы. Қалаға келген жыл  - adebiportal.kz

(әңгіме)

Бала кезінде ол үшін ең үрейлі бір уайым болды. Онысы, әкесінің үйге келмей қалуы еді. Бұл әрине, өзгелер үшін күтпеген жағдай немесе әдеттегі дүние болуы да мүмкін. Совхоз басқаратын әкесі іс-сапарға жиі шығатын. Шопандар қосынын аралап, мал-жайымен танысады, аудан орталығынан келген басшылар мен өкілдерді ертіп кетіп ауылдың жағдайымен таныстырады дегендей жұмыс көп.

Оны қойшы, үлкендердің бәрінің басында бар шаруа ғой. Бекеннің қорқынышы мүлдем басқаша еді. Үйде шешесі мен әкесі арасындағы әңгімені өтірік ұйықтаған болып үнемі тыңдайтын. Және көрші әйелдің анасына келіп сыбырласып сөйлесетін сырларынан да естіп, білгені, әкесінің алыс ауылда тағы бір әйелі бар. Іс сапармен сол жаққа барғанда, әлгі әйелдің үйіне апталап жатып алатыны бар екен. Бүйте берсе, бір күні әкесінен көз жазып қалуы да ғажап емес. Бала көңіліндегі ең үлкен қорқыныш пен үрейі де осы еді. Отбасын молшылық пен тоқшылыққа кенелтіп отырған әкесінің күндердің күнінде өздерін тастап, сол әйелге біржолата кетіп қалуы мүмкін екенін ойлағанда жанын қоярға жер таппайтын.

Бала үшін әкесіз қалудан өткен қорлық жоқ. Әкесіз баланы достары да сыйламайды. Егер ажал жетіп, өліп қалса, әңгіме басқа. Жұрт аяп, түсіністікпен қарайды. «Жазмыштан озмыш жоқ, амал нешік» деседі де қояды. Ал, әкесі тастап кетсе, нағыз тозақ сол болады. Балалар оны «тастанды» деп кемсітеді, мазақтайды, басынады, ұрып-соғып та тастайды. Әкесі бар балаларға ешкім батпайды, қайтсе де именеді. Оның өзінде де Бекеннің әкесі ауылдың білдей бастығы. Сол үшін айналасының бәрі, мұғалімдері, тіпті мектеп директорының өзі Бекенге құрметпен қарайды. Өстіп жүргенде, оны әкесі тастап, әлгі бөтен әйелге кетіп қалса, күні не болмақ.

Осыны ойлағанда түн ұйқысы төрт бөлінеді. Ақырын сыбырлап құдайдан тілейді. Әкесінің өздерін тастап кетпеуін, бөтен әйелге бармауын жалбарынып тұрып тілейді. Құдай тілеуін берді ме, әлде, әкесі отбасының алдындағы жауапкершілігін сезінді ме, еш қайда кетпеді. Бірақ, үлкендердің сыбыр-күбірлеріне қарағанда, әлгі әйелге баруын да қоймаған көрінеді. Баланың онда шаруасы қанша, бастысы, өз үйінен кетпегенінен артық не бар екен. Бекен осыны көңіліне медеу етті.

Бала кезінде ол үлкендердің бәрін бақытты деп ойлайтын. Тезірек өссем екен деп қатты асығатын. Енді, ойласа балалық шақтан бақытты ештеңе жоқ сияқты. Өмірінің ақырында хал үстінде жатқан қарттар жалған дүниеде аман-сау жүрген күндерін бақытты санайды. Жарық дүниедегі бір күнгі тірліктің құнын біліп, шынайы бағалайтын болса керек. Олай болса, бақыт дегеннің өзі тірі жүру емес пе екен.

Балалық шағының сонау жылдарының бірініде әкесі оны шапалақпен тартып қалғаны бар. Өзінің кінәсіз екенін неше рет айтса да солай істеді. Қатты ренжіп, өксіп-өксіп жылады. Сонда, қасында тұрған досы: «Сабайтын әкеңнің болғанына не жетсін, шіркін! Мен сорлыда бетімнен салып қалатын әке де жоқ, жүрміз ғой, міне, жетімдік көріп, еркелетпей-ақ қойсыншы, ақырып ұрсып, сабайтын әкеңнің болғанына ештеңе жетпейді» дегені бар. Кәдімгі үлкен адамдарша солай дегеніне Бекен таңданып қалған еді. Енді, ойласа сол досы неткен ақылды бала еді. Мейлі, шапалақпен тартпақ тұрмақ тепкілесе де өз әкеңе жетер кім бар?

Бекен орта мектептің оныншы сыныбына көшетін жылы жазда отбасы аяқ астынан Алматыға қоныс аударды. Қалаға келгендеріне бір айға таяп қалған. Көшуге бастамашы болған анасы болса керек. Қала орталығындағы әжептәуір айтулы шағынауданнан көнетоздау болғанымен жайлы үш бөлмелі пәтерге қоныстанған болатын. Ыстық, суық суы үзіліссіз келіп, тұратын, күн-түн демей машинаның даусы тыным бермейтін қаланың тірлігі мамыржай да тыныш ауылдан өзгешелеу көрінді.

Сабақ басталғанына үш-төрт күн ғана болған. Қаланың қыздарының мінездері ашық әрі тым батыл секілді көрінді. Бекен орта мектепті аяқтауға таяп қалса да әлі күнге дейін бір де қызбен достасып көрмепті.

Әкесі ауылдың қожайыны іспетті, ірі шаруашылықтың директоры болғандықтан өте ықпалды болды. Оның үстіне су жаңа «Волга» көлігін мініп алып, өрлі-қилы шапқылап жүретін. Бекен оқу үздігі әрі түрі де тартымды оның үстіне киімнің тәуірін киетіндіктен мектептегі түсі игі делінетін қыздардың бәрі оған көз тастайтын. Бірақ, олардың ешбіріне онша назар аудармайтын. Жалпы, қай кезде де өздері рай танытқан қыздарға ұлдардың кеуде көтеріп, мұрын шүйіре қалатын әдеттері тағы бар емес пе.

Бекеннің қиялындағы ару ақылына көркі сай білімді болуға тиіс. Бірақ, аядай ауылдағы жалғыз мектептен өзі сұлу, өзі ақылды қызды табуды армандауға ғана болатын шығар. Бірақ, табу деген мүмкін емес жағдай.

Сабақ басталғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Бекеннің дос-жарандар тауып үлгермеген сәті. Содан да болар, қаладағы алғашқы айлар тым көңілсіз өтіп жатты. Бәрінен де көңілді адам анасы ғана еді. Қалада тұруға құмартқан өмірлік арманы орындалғандықтан болар, мінез деген жібектей жұмсарған. Әкесі өзіне қолайлы қызмет қарастырып жүргендіктен әлде бір достарын іздеп, азаннан кешке дейін үй бетін көрмейді.

Бекеннің өзінен кіші екі бауыры үйдің іргесіндегі кинотеатрға кетеді, қаланың балалары болғандарына өздерінше мәз-мейрам. Бекен туып-өскен шағын ғана ауылын сағына ма, әлде, тоғыз жыл бойы тай-құлындай тебісіп, бірге өсіп, біте қайнасқан достарын қимай ма, күз мезгілі көңіліне мұң торлата бергендей болады да тұрады. Қала оның көңілін соншалықты қатты көншіте қоймаған. Әке-шешесі бар өнерін салып жүріп, оны математикаға басымдық беріп оқытатын арнаулы мектепке орналастырған.

Байқауынша, сыныптас достары үш топқа жіктелетіндей көрінеді. Бір топ бар, бастары қатты істейді. Есеп шығару үшін ғана жаралғандай сабақтан бас алмайтын, математикадан өзге ештеңеге қызықпайтын нағыз ғұламалар. Келесі топтағылар – әке-шешелері қалталы адамдар. Балаларынан данышпан тұлға жасағылары келіп, мұнда әкелгендері болмаса, ондай оқушылар оқу үлгерімдері нашар бола тұра ерке тотайлар. Қызық қуғанды ғана білетін топастар десе де болғандай. Үшінші тобы оқуда суырылып алға шығып кетпесе де, қарайып кейін де қалып қоймайтындар. Әлеуметтік жағынан да, киім-киіс, жүріс-тұрыстарымен де жуан ортада жүретіндер. Бекен негізінен осы топтан ойып тұрып орын алды.

Ауылда ол барлық жағынан үздіктердің көшін бастайтын. Оның бәрі әкесінің ауылды басқарған шонжар, анасының мектепте завуч болғандығының арқасы екендігін ол қалаға келген соң ғана түсінді. Қала деген кімнің болса да шынайы келбетін ашып беретін пәле екен. Ағылшын тілі пәнінен ауылда қамшы салдырмайтын Бекен мұнда келгенде орташа деңгейдегілердің де қатарына жете алмай қалды.

Киім кию жағынан да кейін ығыстырылды. Әкесі Мәскеуге барған сайын оған ауылда жоқ киімдер әкелетін. Тіпті мектеп формасының өзі өзге балалардан мүлде басқаша еді. Ал, қаладағы шетел фирмаларының импорттық киіммен сәнденген оқушыларды көргенде өзін тым қораш сезініп кетті.

Дегенмен, түр-ажары тәуір бозбала емес пе, еңсесін тіктеп ала білді. Самбомен төрт жыл айналысқандығының арқасында сыныптағы барлық ұлдарды тізе бүктіріп, қыздарды таң қалдырды. Осылайша, бірінші тоқсан аяқталғанда, оған көз тігетін қыздар өз ортасынан да, көрші сыныптардан да табылғанымен, ол қиялындағы әсем де ақылды аруды кездестіре қоймады.

Бірақ, үш қызды тәуірлеу деп таныды. Сыныптастары арасында Қарлығаш деген бір қыз болды. Оның көріктілігінде еш мін жоқ. Оған жетер сұлу жан бүкіл мектеп көлемінде жоқ деуге де болады. Кері баққан жері оқу үлгерімі өте нашар. Сыныптағы отыз оқушының ең соңы. Оның үстіне аузын буған өгіздей томаға-тұйық бірдеме. Әсіресе, тақтаға шыққанда қақалап-шашалып, аузына су толтырып алған адамша бірауыз сөзінің өзі дұрыс шықпай тұншығып қала жаздайды. Мұғалімдердің бәрінің оған ит жыны келеді. Мұндай қызбен жұптассам, кері кетермін деп ойлады да одан ат-тонын ала қашты.

Онымен салыстырғанда, 10-шы Ә-де оқитын Жазира әлде қайда көңілді әрі пысық. Сұңғақ бойлы, дене бітімі түзу, өте сәнді киінеді. Оқу үздіктері қатарында. Математика, ағылшын тілі пәндерінен қалалық олимпиаданың жүлдегері. Осал тұсы, бетінде бірнеше безеуі бар. Тым ашық ауыз, сөзі көптеу. Оның үстіне өз сыныбындағы кейбір беделді ұлдармен паркте қыдырып, бірер рет сүйісіп те қойған дегенді естіген соң жігіттік намысы қайнап кетіп, онымен жақындасуға ырық бермеді.

Ал, Айсұлу деген бар. Оның аты ғана керемет демесең, заты түкке тұрмайды, өз сыныптасы. Оқу үлгерімі де оңып тұрған жоқ. Түрі қап-қара, бойы аласа тығыршықтай толық. Сонысына қарамай сыныптағы тәуір қыздардан қалыспайтын сөзуар. «Қарға қазға еріп аяғын үсітті» дегеннің кері. Бекен неше жерден ауылдың баласы болғанымен, қара қыздарды онша жақтырмайды. Оның пайымынша, әйел адам ақ құба өңді, шырайлы, қай тақырып бойынша тілдесе қалсаң қашан да үнсіз қалмайтын білімдар болуға тиіс. Жалпы, Бекен білімді әрі ақылды қыздарды жақсы көреді. Болашақта әйелінің өте білімдар жан болғанын қалайтын бала еді.

Тоқсандық демалыста ауылдағы достарының бірі келмекші болған. Бұл жолы сәті түспеген екен. Жаңа жылда ғана мүмкіндік болса, үш досы қатар келмекке уәде беріп, телефон арқылы хабарласты. Каникулды балалық шақтағы достарымен көңілді өткізбек болған жоспары орындалмады.

Демалыс басталғалы ол күнде таңертең ерте тұрып, сүт әкелетін жұмыс тапқан. Аулаға қаланың іргесінде тұратын тұрғындар сүт әкеліп саудалайды. Таңғы ұйқыңды қиып тұру да оңай емес, бірақ, өзге амалы да жоқ.

Осылай азанда шыққан сайын аулада велосипед мініп жүрген көзінде қалың линзалы көзілдірігі бар сұрықсыздау қызды күнде көреді. Осы үйде тұратын болса керек. Дене бітімі өте арық, киім киісі тым беталды. Қарашаның ызғарлы желі ескен қара суығында Бекен бүрсеңдеп бара жатса, ол екі беті алаулап, қасынан арлы-берлі зу етіп өте шығады. Кейде оған қызғана көз тастап қоятыны бар. Оның қай кіреберісте тұратынын да білмейді. Күнде таңертең көрсе де, оны үйге кіре салып, ұмытып қала береді.

Бір күні кешкісін әке-шешесі кезекті ұрыс-керістерін бастап кетті. Бітпейтін отбасылық жанжалдан мезі болған бала балконға шығып, темекі тартты. Сол-ақ екен, бүйірдегі үйден скрипканың баяу үнімен орындалып жатқан әлде бір лирикалық әуен естілді. Сол бір сазды әуенді тыңдаған сайын құлақтың құрышын қандырып, айтуға сөз жетпестей тамаша күйге бөлеп әкетті. Бекен тоңғанына қарамастан сол әуенді тыңдап ұзақ тұрды.

Ол ішке кіргенде әкесі киініп шығып бара жатты. Шешесі ас үйде жағын таянып терең ой құшағында отыр. Байғұс шешесі өмірлік арманы болған қалаға келсе де, жадырап-жайнап жүре алмады-ау. Осы сәтте шешесін қатты аяп кеткен еді. Бір басына қаншама ауыртпалықтарды жинап алды. Ауылда болса, әкесінің соңынан жүгіріп шығып, оны тауып әкеле салу көзді ашып, жұмғаннан да оңай болар еді. Аядай ғана ауылда әкесі көп ұзаса, үйдің іргесінде тұратын бажасынікіне барады немесе өзінің бас бухгалтері ағайдың үйінде отырады. Онда жоқ болса, дәрігер ағайдың немесе зоотехниктің үйінен-ақ табылады. Ал, енді, мына миллиондаған тұрғыны бар алып қаладан тауып көр.

Бекен төсекке жатып алып «Өскенде еш қашан қатын алмаспын. Бүйтіп күнде итше ырылдасып отырғанша жалғыз өзің тыныш демалып отырғаның рақат емес пе» деп ойлап жатып ұйықтап кеткен болатын.

Әкесі бірде оған «Сендердің жайларыңды ғана ойлап, шешеңмен бірге тұруға мәжбүрмін. Сен есейген соң бәрін ұғарсың. Десе де, әлі де дұрыс түсінуге тырыс» дегені бар.

Әкесі оның әдемі адам. Қаланың еркектері секілді мес қарын емес, сымға тартқандай ұзын бойлы, ашаң жүзді, қасы қою, көмірдей қара бұйра шашы бар. Ауылдағы ең көрікті жігіт болды. Бекенді қасына ертіп жүргенде жұрт оны «туған інің бе?» деп жататын. Өз қатарластарынан әлде қайда жас көрінетіндігін содан-ақ аңғаруға болар. Бірақ, сол сымбатты жігіттің отбасында бір тыныштық жоқ. Бекен шешесін түсінбей-ақ қойды. Үнемі болмашы бірдемелер айтып, оның құлақ етін жейді де отырады. Сосын, ұрыс-керіс басталады. Екеуінің дүниетанымы мен көзқарастары үйлеспейтін секілді көрінеді де тұрады.

Десе де, туған анасы болғандықтан ол шешесін жақсы көреді. Бірақ, есейген сайын олардың түкке тұрмайтын бірдемелер үшін дүрдараз бола беретіндеріне жыны келеді. Сол бір кеш бойы Бекеннің құлағынан әлгі сприпканың үні кетпей қойды. Бұрын естімеген сол бір әуен тұла бойын иемденіп алғандай көңілінде сайрап тұрды.

Ертеңінде сүт алуға шыққанда тағы да әлгі қызды кездестірді. Үстінде әлде бір көнетоз қызыл курткасы бар, созылып кеткен тоқыма бас киімді мыжырайтып киіп алған біртүрлі қыз оның қасынан әдеттегідей зу етіп, өте бергенде қолындағы шелекті сүйкеп кетті де сүт төгіліп қалды. Қатты ашуланған Бекен «Өй, шеш...» деп барып, зорға тоқтады. Ол қыз да жалма жан велосипедінен түсіп, көз әйнегін қолына алып жетіп келді. Жақыннан қарап еді, соншалықты ажарсыз қыз емес екен.

- Қап, әттеген-ай! Балақай, мені кешірші! Ойланып келе жатып, абайсызда сені соғып кете жаздадым. Сүттың ақысын төлейін! – дейді, қатты абыржып.

Бекен айтарға сөз таппады. Қалың линзадан онша аңғарылмайтыны болмаса, кірпігі ұзын, көзі ойлы әрі әдемі екен. Әнтек, тым арық бола тұра ұзын бойлы, қыз бала бола тұра қозғалысы ебедейсіз. Киімді соншалықты талғамсыз киетіні біртүрлілеу. Көз қарасында әлде бір қылымсудың ешбір белгісі де жоқ. Қос жанарының үстіндегі сұйықтау қасы мен астындағы азғана секпілі ғана әдемі көздің құтын қашырып тұрғандай.

Бекен жерде домалап жатқан шелегін алды да «Ақша керек емес, осыдан былай көзіңе қарап жүр» деп үйіне қарай аяңдады. Қыздың «балақай» деген сөзіне ит жыны ұстап қалды. «Бүйтіп сүттің төгілетінін білгенде ұйықтап жатар едім» дегеннен басқа ой миына кіріп те шыққан жоқ.

Күздің қара суығы жұқа киімнен өтіп, қалтыратып бара жатқан соң асыға басып подездің алдына жеткенде неге екенін білмеді, бұрылып қарағысы келді. Сол жағына жалт қарап еді, әлгі қыз көрші кіреберіске велосипедін жетелеп кіріп бара жатыр екен. Бекенге қарап күлімсіреді де қол бұлғады. Одан ары ызасы келіп ішке енді.

Әке-шешесі жұмысқа кеткен. Қарындастары ұйықтап жатыр. Таңғы асын ішпекке асүйге кірген. Түннен қалған палауды жылытып жемек болып, пешке қойды да, асүйдегі теледидарды қосты. Аяқ астынан есік қоңырауы сылдыр етті. Таң сәріде сағат тоғыз болмай жатып біреулердің келіп тұрғанын жақтырмаған Бекен кім екенін сұрамастан есікті ашса, қолында бір шелек сүті бар әлгі көрші қыз тұр.

- Сүтіңді төгіп тастадым. Енді, оны төлеуім керек қой – деп, жайнаңдаған көзімен күлімдейді.

- Неге әуіре болдың?

- Енді осылай есіктің көзінде тұра беремін бе?

- Кел, үйге кір!

Шелекті киім ілгіштің қасына қоя салып, асүйдің есігін нұсқады:

- Бірдеме күйіп жатқан секілді ғой.

Бекен жүгіріп барып, пештің үстіндегі тамақты алды.

- Жылытқан тамақ денсаулыққа кері әсер етеді. Бауыр ауруына шалдықтырады – деп, бір білгірсіп қойды да, көрші қыз сөзін жалғастырды:

- Не болды? Тағы да ашуланып қалдың ба? Көп ызалана берсең ұзақ жасамайсың. Сен екеуіміз қабырғалас көрші екенбіз ғой. Арамызды көп болса жырма-отыз сантиметрлік бір ғана қабырға бөліп тұр. Сөйте тұра бір-бірімізді танымаймыз.

Бекенге әңгіменің сылтауы табылды. Қыз асүйдегі орындықтардың біріне жайғасты.

- А, сен мына бүйірдегі пәтерде тұрасың ба? Неге таныспасқа? Менің атым Бекен – деп қолын ұсынды. Жүн күртесінің ұзын жеңінен шығарған кішкентай қолының ыстық алақанын қысып тұрып, қыз:

- Сәулегүл! – деп, асүйдің жиһаздарына айнала көз жүгіртіп шықты да:

- Көршіммен танысқаныма қуаныштымын. Аздап ашуланшақ демесең, былай жақсы жігіт секілдісің. Бастысы, екеуіміз де оныншы сыныпта оқитын құрдастар болып шықтық. Осы жазда ғана көшіп келсеңдер де жайлы қоныстанған екенсіңдер. Бірақ, мынандай перде асүйге лайық емес - деп, сағатына қарады да:

- О, уақыт кетіп барады. Анам келгенше, үй тазартып қоюым керек – деп, киім ілгіштегі курткасын қолына алды.

- «Қуыс үйден құр шықпа» деген бар ғой. Тым болмаса кәмпит ал! – дегенінде қыз өзінің әдемі күлкісімен Бекенге сый жасап, бір кәмпитті аузына салды да:

- Рақмет! Мен негізі, қатты кәмпит жемеуші едім. Тіске зиян. Жаңа танысқан көршім ұсынған соң жей салайын – деп шығып кетті. Есік жабылған соң оның қалдырған шелектегі сүтін көріп, қысылғанынан есікті қайта ашып айғай салды:

- Әй, қыз! Сәулегүл! Мына сүтіңді алып кет. Саған мұны төлеп бер деген кім бар, өзі?

- Ол не дегенің? Кінәлі менмін ғой, сол үшін әкелдім. Сосын, саған айтарым, көшеде сатылатын сүтті алмағаның абзал. Сиырда бруцеллёз деген ауру болады. Абайлаған дұрыс! – деді де ширақ қимылдап сатымен төмен қарай ылдилай жөнелді.

Бекен әлде қашан суып қалған палауға қарады да «Расында, жылытқан тамақ бауыр ауруына шалдықтыратын шығар» деген ойға келді де жұмыртқа қуыруға кірісті. Сол күні әлгі қыз туралы ұзақ ойлағанына өзі де таңданып қалған еді.

Мектебі басқа болғанымен, екеуінің сыныптары бір болғандықтан сабақ сұрасып, кітап алмасып жүріп, Бекен мен Сәулегүл әжептәуір достасып кеткен еді. Көбінесе, Бекен оған барады. Алғаш көргенде беталды киінетін, тым білгірси беретіндей көрінген қыз кейін ұнай бастады. Ол қыз барлық пәндерге келгенде қамшы салдырмайтын үздік болып шықты. Жаратылыстану пәндеріне әсіресе, химияға мықты. Ал, шет тіліне келгенде тіпті керемет. Рок музыкасын тыңдағанымен классикалық әуендерді жаңғақша шағады, бірнеше музыкалық аспапта шебер орындайды да екен. Бұрын ұйқы шақыратын дүниеге балап келген Бетховен, Моцарттарды ол Сәулегүлге еріп, сүйсіне тыңдайтын болып кеткен. Сөйте-сөйте екеуі күн құрғатпай кездесетін болып алды.

Сәулегүл ғалымдар отбасының кенже қызы болып шықты. Екі ағасы да шетелде. Үлкені дипломатиялық миссия атқарса, кішісі ғылыммен айналысады екен. Олардың тұрмыстық салттары Бекеннің отбасынан мүлде өзгеше болуы оны тіпті де қызықтыра түскен. Әкесі мен шешесі шет елдерге алма-кезек шығып тұрады. Әлде бір симпозиум, халықаралық форум дегендерге жиі шақырылатын көрінеді. Сәулегүлдің шешесі сапарда болған кезде әкесі үй шаруасын дөңгелетіп әкетеді екен. Бекеннің үйінде ондай болмайды. Әкесі аштан өлсе де ас-су, тамақ дайындауға араласпайды. Анасы да ол кісіні үй шаруасына жолатпайды. Ер азамат үшін үй шаруасы қол емес деп біледі.

Ал, Сәулегүлдің үйінде нағыз теңдік, әділдік, демократия салтанат құрған дерсің. Әке-шеше диктатурасы деген атымен жоқ. Бекеннің әкесі мен шешесі құсап өзара ұрыс-керіс үдетіп отырмайды.

Қызымен әкесі де, шешесі де тең құрбысындай лайықты қарым-қатынас жасап, еркін сөйлеседі. Сәулегүлге бас-аяқсыз таусылмайтын ақыл айтып, нұсқау беріп отырған ештеңелері жоқ. Керісінше, бірдемені шешу үшін қызының да пікірін тыңдайды екен. Медицина саласы бойынша ғылым докторы, профессор шешесінің үй бетін көруі сирек. Ал, үйінде болған кезінде Бекеннің анасы құсап, құлақтың етіп жеп, күйеуіне күңкілдей бермейді, телефонмен әлде кімдермен пәлен сағат бойы сөйлесіп, өсек-аяң айтып отырмайды. Үнемі бірдемелер жазып, оқып отырғаны. Өзі қатарлас әйелдер секілді сәнді тон киіп, алтын бұйымдар тағып жүрмесе де зиялы келбетімен ерекше тартымды кісі. Қызына шетелден әкелетін бұйымдары да танымдық кітаптар, түрлі дәрістер жазылған күйтабақтар дегендей. Ондай базарлықтарын профессор әйел Бекенге де тарту етеді.

Бекен ол қызға неге соншама іш тартып бара жатқанын өзі де түсінбеді. Барған сайын бауыр басып, жақындай берген. Көктемнің алғашқы күндерінің бірінде Бекен мен Сәулегүл оның әкесінің көлігімен тау баурайындағы олардың саяжайына барған. Сайдың бойындағы екі қабатты ағаш үйдің ішіндегі заттар шаңнан көз ашпай қалған екен. Олар көліктегі заттарды ішке енгізіскен соң екеуі әлі де қары еріп үлгере қоймаған орман ішін армансыз аралады.

Сәулегүл ондағы ағаштар мен тарихи ескерткіш орындары туралы неше түрлі тартымды әңгімелерімен Бекенді тамсандырумен болды. Сыныптастарымен мейрамханада отырып, паркті кезгеннен гөрі күні бойы орман аралаған осы сенбі Бекеннің жадында ұзақ сақталған болатын.

Сол оқиғадан екі-үш күн өткен соң Сәулегүлдің туған күні болып, Бекенді шақырған. Бір бума гүлі мен жаңа кітабын ұстап кешігіңкіреп есік алдына келгенде сыныптастарының дабыр-дұбыр шуы анық естіліп тұрды. Есік ашқан Сәулегүлдің анасы Бекеннің басына қағаздан жасалған шошақ қалпақ кигізіп үлгерді.

Әке-шешесі де балалармен бірге бәрі картоннан жасалған шошақ қалпақты киіп алыпты. Бөлмеде «Happy birthday» деген жазумен безендірілген шарлар ілінген. Ең қызығы ол Сәулегүлді танымай қалды. Таң-тамаша болғаны, соншалық аузының қалай ашылып кеткенін сезбей қалғанын ойласа, әлі күнге дейін ұялып, екі беті ду еткендей болады. «Әрбір заттың формасы оның мазмұнын айшықтауға міндетті емес» деген бір философтың сөзі бар еді. Бұрын ешқашан көйлек, юбка киіп, сәнденгенін көрмеген еді. Көйлек киген Сәулегүл әп-сәтте құлпырып шыға келіпті. Қызыл көйлегі мен сәндеп жайған шашы, мойнындағы алқасы, жымиған күлкісі бәрі-бәрі керемет жарасып тұр. Мұндай сұлулықты бұрын қалай аңғармай жүргеніне таң қалды.

Сәулегүл шындаса, көз тартар сұлу да бола алатын, әдеттегі күндерде көріктілігін көзден таса ұстай білетін мықты қыз болып шықты. Өкінішке қарай туған күнінің ертеңінде-ақ әлгі қалың линзалы көзілдірігін тағып, бетіндегі опа-далапты жуып, созылып, ұйпа-тұйпа болып кеткен күртесін киіп, мыжық-мыжық курткасын іле салып баяғы сол Андерсеннің кейіпкері «Үйректің ұсқынсыз балапанына» айналып шыға келді.

Соған қарамастан өзгеше қырынан танылды. Енді, ойлап отырса, сол тұстағы екеуінің қарым-қатынасын қалай деп атаудың өзі қиын болатын. Қос ғашық деуге де, қатарлас достар деуге келмейтін еді. Қалай болғанда да, өте жақын жандар екені айдан анық. Бекеннің достары бұл жайдан мүлде бейхабар болды. Өзі де ләм-им деп ауыз ашқан емес. Алайда, жасырсаң да жария болатын дүниелер бұл өмірде көп қой. Оның бұл тірлігінен ең алдымен сыныптас қыздары иіс алып қойды.

«Бекеннің біздің қыздарға қарамайтын жөні бар екен. Оның шетелде тұратын хас сұлуы бар екен» деген рас-өтірігі аралас әңгіме тарап үлгеріпті. Бекен кәдімгідей уайымдай бастады. Сәулегүлді олар «Үйректің ұсқынсыз балапаны» бейнесінде көріп қалмаса екен деп алаңдайтын болды.

Бір күні Бекен сыныптас достарымен бірге дәмханада отырған. Оның ең жақын досы Қанат сүйіктісі Нұргүлмен «жұптасқанына» бір жыл толған қуанышын апта соңында атап өтпекші екен. Досы Бекенге былай деді:

- Бәке, сен міндетті түрде әлгі құпия аруыңды ертіп кел!

- Сенің жүрегіңді жаулаған сол сұлуды көргім келеді – деп, Нұргүл де қиылды.

Бекен бұл ұсынысты естігенде әлгі бір ертектегі бақа-арумен некелескен бейшара ханзада секілді қырынан қысылды. Бірақ, келіспеске еш амалы жоқ.

Кешкісін Сәулегүлдің үйіне барып апта соңында болатын отырысқа жоғары деңгейде дайындалуды шегелеп тапсырды. Ана жолғы туған күніндей киініп, көрікті кейіпке енуін жалынып тұрып сұрады. Өз бөлмесінің бұрышындағы шағын зертханасында түрлі сынақтар жасап, қарбалас отырған Сәулегүлге Бекеннің ұсынысы аса ұнай қойған жоқ.

- Химия олимпиадасы болғалы жатқанда қайдағы отырыс, той-томалақ? Оның үстіне мен өзімді мейлінше бар болмысыммен көрсетуге құмармын – деді де күлімсіреп:

- Бекен, қарашы! Мына суды мен қазір қанға айналдырайын ба? – деп айтып ауыз жиғанша әйнек ыдыстағы суға өзге бір затты қосып еді, дереу өңі бұзылып қан түстес қызыл сұйыққа айналды. Бекенге қызықты көрінгенімен аса мән бермеуге тырысып:

- Жарайды, керемет-ақ екен. Химиядан саған жету қайда... дей бастағанда оның қуаныштан бал-бұл жанған жүзі солғын тарта бастағанын аңғарды да, Бекен іштей шынымен қызығып тұрғандай-ақ дереу басқаша әуенге көшті.

- Ой, расында қалай болғаны? Су қалайша қызарып шыға келді? – деп, сұраса да іштей оның туған күніндегідей әсем киіндіріп, апта соңында дәмханаға қалай апаруды ғана ойлаумен болды.

Сәулегүл оның қызығушылығын туғдырдым деп ойласа керек, әңгімесін жалғастырды:

- Бұл ең қарапайым сараптама ғой. Мына әйнек ыдыстың түбіне глицрен тұнбасын құйып сулаған соң мына құтыдан хлор қосылған темірдің әлсіздендірілген ерітіндісін қосамыз. Сонда осы екеуінің арасынан раданид темірдің сұйығы пайда болады да қан қызыл түсті көрсетіп тұр. Ұқтың ба, балақай? – деді де, Бекеннің «балақай» деген сөзді жақтырмайтынын еске алғандай әңгімені басқа жаққа бұрып әкетті.

- Жарайды, сол отырысың соншалықты маңызды болса, мен шама-шарқымша сәнденіп баруға тырысайын. Бірақ, апта соңындағы сол күні мен алдымен анамды әуежайдан күтіп аламын. Арасында химия пәнінің қосымша сабағына қатысуым керек. Үйлестіруге тырысамын. Жарай ма? Сен уайымдамай-ақ қой – деп, көңілін көтергісі келгендей оның мұрнын ақырын ғана қысып қойды.

Ертеңінде мектепке келгенде сыныптас қыздары Бекенге қарап, жымыңдасып, өзара сыбырласып қояды. Кезекті сабақтың арасында есіміне мінезі сәйкес келмейтін Тынышгүл деген беймаза шошақай қыз парта ауыстырып, Бекеннің қасына жайғасты:

- Сенбі күні дәмханаға мен де барып, сенің мисс сұлуыңның жарқын бейнесін көруіме бола ма? Сен секілді ақылына көркі сай әсем жігітіміздің жүрегін жаулаған қандай қыз екенін көріп, көзайым болғым келеді – деп, тіл безей бастап еді, абырой болғанда математика пәнінің мұғалімі қолындағы борды жіберіп қалды. Осылайша жасаған қатаң ескертуінен кейін ғана қыз аузын жапты.

Сол күнді қысылмайтын нәрсеге бола соншама уайымдап, мазасызданып зорға өткізгеніне әлі күнге дейін таң қалады. Енді ойласа ақымақтық екен ғой. Бірақ, адам баласы өз санасыздығын дер кезінде пайымдай алушы ма еді.

Сабақтан кейін Сәулегүл зорға дегенде Бекеннің үйіне телефон соғып хабарласты. «Сен еш қам жеме! Мен шешемді күтіп алған соң киім ауыстырамын да дереу шығамын» деді.

Уағдаласқандары бойынша олар кешкі сағат жетіде «Медеу» ойын-сауық кешенінің дәмханасында бәрі жиналып отырды. Сәулегүл ғана жоқ. Жарты сағат бұрын Бекен оны шаштараздың алдында күтіп алып, бірге келмекке көндірген. Бірақ, келе қоймады да, дәмханаға өзі жалғыз келе бермеске амалы қалмады. Бекеннің екі көзі төрт болып, есік жаққа қараумен болды.

Қызыққа тым әуес Нұргүл бар және Тынышгүл бастаған шақырусыз қонақтар да Сәулегүлдің келіп кіруін тағатсыздана күтіп отырды. Біраз уақыт би билеп келіп, дастархан басына енді жайғаса бергенде сағат сегізден асып та кеткен болатын. Бір кезде асығып-абыржыған Сәулегүл ентіге жүгіріп ішке енді. «Қап» деді, іштей Бекен. Оның келе жатқанын қалайша аңғармай қалғанына өкініп.

- Бекен! – деп, бар даусымен айғай салған оны алдымен көрген Нұргүл Тынышгүлді түртіп алып, мырс етіп күлгенін байқап қалды. Сөйткенше, болған жоқ:

- Е, біздің Бәкеңнің әлгі мисс құрбысы келіп жеткен екен ғой! – дегенде жалт қараған Бекеннің төбе шашы тік тұрып, үстелдің астына кіріп кете жаздады.

Сәулегүлдің уәдесі әдірем қалған екен. Боянып, тараған түгі де жоқ. Үстінде сол баяғы қалың линзалы көзілдірік, созылып, қолқылдаған кең күртеше, тізесі шыққан көнетоз шалбар. Онымен қоймай қып-қызыл болып, терлеп-тепшіп, мәз бола күліп, қол бұлғап тұр.

Жалма жан қасына жүгіріп жеткен Бекен оны білектен бас салды да сыртқа қарай дедектетіп сүйрелей жөнелді. Жол-жөнекей киім ілгіштен курткасын алды. Сыртқа шыққан соң Сәулегүл:

- Қолымды босатшы, ауырттың ғой, жынданып кеттің бе? Әужайда рейс кешігіп көп күтіп қалдым. Киінуге, сәнденуге мұрша болмай зорға үлгеріп келіп тұрсам...

Ашуға булығып есінен тана жаздаған Бекен сыртқа шыға салып бір таксиді тоқтатты да:

- Сен неге менің абыройымды осынша төктің? Неткен ақымақ едің? Әйел заты емессің бе, бір рет болса да айнаға қарай салсаң қайтеді? Саған тіпті, айтарға сөзім де жоқ! – деп, көліктің ішіне қарай итеріп жіберді де, өзі келесі бір таксиді тоқтатып, жайғасты. Дереу үйіне қарай тартып отырды. Сәулегүлмен тіпті қоштасқан да жоқ. Ол қолындағы тоқыма қалпағын қысып ұстап, бірдеме дегісі келіп еді, есік жабылды да, такси орнынан сырғи қозғалып тартып отырды.

Сол тұста оған мүлде жаны ашымады. Достарының алдында масқара етті. Сыныптас қыздардың табасына қалдырды. Ызасы кемерінен асқан Бекен ұяттан кірерге тесік таппай қалды.

Сол кештен кейін Сәулегүлдің қарасын да көрген жоқ. «Бекеңнің мисс құрбысы қолтырауыннан айнымайтын біреу екен» деген қаңқу сөз мектеп ішінде бір апта ғана айтылды да, ұмыт болды. Достарына Сәулегүл жайында ештеңе айтпады. Олар да ер азаматтық мінез танытты, қазбалап сұрап жатпады.

Бірақ, шын мәнінде, Бекен өзі екі күннен кейін-ақ Сәулегүлді сағына бастаған болатын. Сонда да, астамшыл асқақ қырсық мінезіне басып, оның үйіне қарай аттап баспай қойды. Кейін аңғарғаны, оның алғашқы махаббаты сол қыз болған екен. Алайда, ол дер кезінде оны мойындауға ерік күші мен ар-ұяты жетпеді. Өмір бойы армандаған, көп жыл бойы қиялындағы өшпес махаббат сол болғанын кейін қатты сезініп жүрді.

Дәмханадан қуып жібергеннен кейінгі күндерде оны үнемі еске алып, бір көруге зар болумен өтті. Сәулегүлдің тұнық түсті көзәйнектің ар жағынан тұнжырап қарап тұратын ұзын кірпікті ойлы жанары көз алдынан кетпейді. Онымен бірге отырып, сабақ жаттау, әртүрлі тақырыптар бойынша әңгіме-дүкен құру, сүйсіне тыңдайтын әуендерін ойнатып қойып, қатар отырып тыңдау жан рақаты екенін түсініп, аңсай бастады. Дереу жүгіріп барғысы келсе де, өзін барынша тежеумен болды.

Ең өкініштісі, осы бір қырсық ит мінезінің кесірінен Сәулегүлден мәңгілікке көз жазды. Дәмханадағы кеште достарынан соншалықты қысылып, ер жігітке жараспайтын ит мінез көрсеткен ақымақтығын кейін түсінсе де тым кеш еді. Сол бір мән-мағынасыз кештен кейін бір ай өтті. Бекен ары-бері ауытқып, беймаза күй кешіп жүрді. Ақыры, төзімі таусылып бір күні үйіне телефон шалды. «Телефон аппараты желіге қосылмаған» деген сигнал естілді. Терезеден көріп қаламын ба деген есек дәмемен талай рет сыртқа көз тастады. Қыстың қарлы маусымы. Ол аулада велосипед мініп жүрмесі анық. Сабаққа бара жатқаны немесе келе жатқаны да көрінбейді. Бұрын аулада кездейсоқ жүздесіп те қала беретін. Енді, ондай да бақыт бұйырмай қойды.

Тағы бір күні тағаты таусылып, үйіне телефон шалып еді, тұтқаны шешесі көтерді:

- Сәулегүл Еуропада жүр. Өзің кімсің, айналайын?

Бекен сасқанынан телефон тұтқасын тезірек қоя салды. Сыныптастарынан оның мекенжайын сұрастырып тауып алды. Хат жазуға бірнеше рет оқталды. Ойындағысын түгел жазып, кешірім сұрап, қайтадан табыспақ ойда еді. Не деп ақталарын білмеді. Оны қатты ренжіткенін сезеді. Сәулегүлдің мінезі де өзіне мәлім. Илана қоюы екіталай. Өте ақылды, білімдар қыз. Ондай қызды кейін кездестірермін деп ойлаған. Бірақ, олай болмады. Бекен өзінің ақымақтығына қатты налыды.

Ол арманшыл қыз болатын. Әкесі мен шешесі секілді үлкен ғалым болып, әлемді шарлап жүруді армандайтын. Мінезі тура, алдағы өміріне ірі мақсат қойған өресі биік, тәні мен жаны сұлу бесаспап ондай жанды кейін де көп іздеп, армандады, еш қайдан кездестірмеді. Сәулегүлмен жолығып, бір ауыз тілдесудің де сәті түспеді. Ол Бекеннің жадында нұр сәуле шашқан қимас қастерлі естелік қана қалдырды. Уақыт өткен сайын сол бір қыздың асыл қасиеттерінің бағасы одан сайын арта түскендей болған. Болашақ жарының дәл Сәулегүлдей болғанын ол қалады. Алайда, өмір заңы оған бағынбады.

Қалаға келген жылдағы алғашқы махаббатын ол жиі еске алып, кәдімгідей аңсаумен келеді. Жанын жегідей жейтін осы бір «дерт» оған байыз таптырмай кейде қатты мазалайтыны да бар.

2018


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар