Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Қуандық Шамахайұлы. Күдікті...

24.09.2019 4489

Қуандық Шамахайұлы. Күдікті 12+

Қуандық Шамахайұлы. Күдікті - adebiportal.kz

(әңгіме)

Темірбек әдеттегідей жұмысбасты. Күнделікті қарбалас тірліктің басы мен аяғы белгісіз. Бірін атқарса, екіншісі келіп тұрады. Бәрін бітіріп, арқаны кеңге салып, терең тыныстауды көрмегелі қашан.

Жоғарыдан келген әлде бір нұсқаулар бойынша жасалатын жоба, жоспарлар дейсің бе, бұрын жасалғандарына жазылатын есеп-қисап дейсің бе, әйтеуір, толып жатыр. Азанда келіп қай папкіден бастарын білмей аңырып отырып қалатыны бар. Ондай кезде ойланып жатуға да мұрша бермей бөлім бастығы телефон шалады. Пәлен күнгі түген дейтін тапсырыс бойынша жобаны алдымен жасау қажет екендігін ескертеді де «тездету керек» деп қосып қояды. Сонымен, бас алмай, бел жазбай отырып, жанталасатын үйреншікті тірлік басталады.

Жұмыс күні аяқталуға жақын қалғанда дәлізде әлде кімнің өзінің аты-жөнін айтып, сұрастырып жүргенін құлағы шалып қалды. Сөйткенше болған жоқ, есіктен бейтаныс полиция сержанты сәлем бере кірді.

Оның әкеліп, ұсынғаны, ішкі істер басқармасынан арнайы жіберген шақыру болып шықты. Әрине, қонаққа немесе тойға шақырып отырмағаны анық. Тергеушінің аты-жөні, кабинетінің нөмірі, уақытын көрсете отырып, қылмыстық кодекстің пәленше бабының, түгенше тармағы бойынша күдікті ретінде шақырылғанын мәлімдепті. Келмеген жағдайда заң бойынша қудалаумен қатар қажет деп тапса, мәжбүрлеуге дейін баратындығын атап көрсеткен. Тұла бойын үрей билеп кеткен Темірбек:

- Інім, бұл не, сонда? Мені қалайша күдікті етіп отыр? – дегенде, даусы дірілдеп кеткені өзіне де аңғарылғандай болды.

- Ағасы, мен сізге ештеңе түсіндіре алмаймын. Басқармаға барған соң тергеушіден бәрін білесіз ғой. Мынаған қол қойыңыз! – деп, тағы бір құжатын ұсынды.

Сержант шығысымен ол әлгі қылмыстық кодекстің пәленше бабының түгенше тармағы дегенді Гугл арқылы іздеп көріп, мәтінді оқығанда, шалқасына түсе жаздады...

Темірбек түні бойы ұйықтай алмай мазасы кетті. Әйелінің әлсін-әлсін неге мазасызданып жатқанын сұрап, бір жерің ауырып жатыр ма, жұмысыңда проблема болды ма дегендей қамқорлық пен мейрімге, жанашырлық пен жылылыққа толы үнін естіген сайын тіпті дегбірі қашады.

«Неткен ақымақ едім? Менің иттігім мен опасыздығым ертең-ақ дүйім жұртқа әшкере болады. Жиырма жыл бойы ыдыс-аяқ сылдырлатпай мен үшін жанын беруге даяр жүрген жарымның жайы не болар екен? Бәлкім, бала-шағам, туыс-туғандарым бәрі сырт айналар. Оларды қойшы! Мендей топасты өмір бойы қадірлеп, төбемнен құс ұшырмай жүрген жұдырықтай ғана мына әйел байғұстың күні не болар екен? Бәрінен де оның көңіліне қаяу түсетіні қиын болды-ау! Өзгені қойшы. Бұл жағдайды естігендегі күйі қалай боларын айтсайшы. Көру тұрмақ оны ойлаудың өзі қиын. Неге ғана сол қадамға бардым екен? Әй, ақымақ басым-ай! Мені тек жан жарым кешірсе ғана болғаны.

Әй, қайдам... Баяғыда бір пақыр айтыпты ғой, ешкінің құйыршығы тіп-тік боп үнемі арты ашық жүреді. Оны ешкім сөкпейді. Солай болуға тиіс деп ойлайды. Ал, қойдың құйыршығы бір мәрте солай көтеріліп, жалғыз рет арты ашылсыншы. Бәрі шулап қоя береді.

Расында, менің бір рет жасағанымды үнемі әдет етіп алғандар да бар. Оларды ешкім кінәламайды. Тіпті, онысын еркектікке, серілікке балап мақтаныш ететіндер де бар. Оларды қойшы, өз бетімен кетсін. Менің бір реткі әрекетімнің ақыры мынандай болып, іс насырға шапты. Бәрінен де ұятын айтсайшы. Өлімнен ұят күшті деуші ме еді? Бұдан гөрі өліп қалғаным жақсы еді ғой»...

Ұзын көшені бойлап жүгіріп келеді. Жолдың екі жағы толған адам. Бәрі көз алмай қарап тұр. Кейбірі саусақтарын шошайтып, нұсқайды да бірдеме деп сол маңда тұрғандарға айтады. Оны естігендер жағаларын ұстап, беттерін шымшиды. Қайсы бірі қарқылдап күліп жатыр. «Ұят, масқара!» деген сөздер құлағына шалына бастады. «Бұлар неге маған көз тіге қалды? Несіне сөгіп, жамандап тұр?» деген ой келген соң үсті-басына көз жүгіртсе, үстінде іліп алар лыпы жоқ. Тыр жалаңаш жүгіріп келеді екен. Ұяттан жерге кіре жаздап, ол жерден тез жүгіріп өтудің ғана амалын ойлады. Бар дәрменімен лезде жүгіріп өтіп, көзден таса болуға тырысқанымен екі аяғына тас байлап қойғандай ауырлап алға жылжымайды. Сөйтіп тыпыршып жатқанда:

-Cаған не болды? – деген әйелінің даусынан шошып оянды. Қара терге малшынып, терлеп кеткен екен.

-Ештеңе болған жоқ. Бір жайсыз түс көріп...

Темірбек әрі-сәрі күйде отырып, таңғы асын ішті де кетуге ығайланды. Ұйқысы қанбағандықтан ба, басы ауырып, әңкі-тәңкі. Азанда көрген түсі еске түскенде одан бетер дегбірі қашады.

Қалалық ішкі істер басқармасының еңселі сұры ғимаратына келіп, шақырту қағазында жазылған кабинеттің есігін қақты.

-Кіре беріңіз! – деген жас жігіттің қатты даусы тым өктем естілді.

***

Өткен аптаның соңында Темірбек қызмет ететін мекеме қызметкерлері қала сыртындағы демалыс жеріне барып, бір күндік тынығу іс шарасын өткізген. Күні бойы көлге шомылды, волейбол ойнады, қысқасы, өздерінше таза ауада бой жазысты.

Кешкісін ауладағы ұзын үстелде жайылған дастархан басына жайғасып, бәрі ішіп-жесіп, көңіл көтерісті. Темірбектің гитара шертіп, ән айтатынын бұрыннан білетін әріптестері қолқалап қоймаған соң бір-екі әнді нақышына келтіріп орындап та берді.

Олардың қатарына қайдан қосылғаны белгісіз, бір бейтаныс қыз сол кеш бойы Темірбектің қасынан шықпай қойды.

-Ағай, тағы бір ән айтыңызшы! - деп, қиылып тұрғаны.

Алғашында оны әріптестерінің бірінің қарындасы шығар деп ойлаған. Кейін бірлі жарымынан сұрап көріп еді, ешбірі танымайтын болып шықты. Тіпті, ұжымдағылардың арасынан "мына бейтаныс қыз сенің кімің болады?" - деп, Темірбектің өзінен сұрағандар да болды.

Сонымен түн ауған соң жұрт тарқасып, әркім өз бөлмелеріне кеткен. Әлгі бейтаныс қыз кетуге асықпады. Темірбекті сөзге тартып, оны-мұны бірдемелерді әңгіме етіп, аулада біраз отырды. Өзі бір ауыз жаппайтын әңгімешіл қыз екен. Арасында күлкілі бірдемелер айтып, Темірбекті езу тартқызып қояды.

Уақыт тым кеш болып бара жатқан соң Темірбек көз шырымын алуды ойлап, әлгі қызбен қоштаспаққа ыңғайлана бергенде:

-Аға, бала емзетін келіншекше неге асықтыңыз? Әлде, бөлмеңізде бір сұлу күтіп отыр ма еді?

-Жоға, бөлмеде бір өзім ғанамын. Жай әншейін... тым кеш пе деп...

-Жарайды, ағасы! Сізді бөлмеңізге жеткізіп салайын. Әніңізге сүйсінген көп қыздардың бірі дәлізде бас салып жүрер. Сізге оққағар болайын - деп, сыңқ-сыңқ күлді.

-Мейлі, жасым ұлғайғанда қарындасым қамқорлық жасап, қорғап-қоршап жүргелі тұрса, несіне бас тартамын - деді, Темірбек қалжыңға сүйеп.

Дана есімді жас қыз әлі ауыз жаппай бірдемелер айтып келеді. Бөлмесінің есігіне тақап келіп:

-Мен осы бөлмедемін.

-Бөлмеңізге бас сұғуыма бола ма? - деп, қиылды дерсің әлгі қыз. Темірбек таңырқай көз тастады да:

-Әрине, болады - деп есігін ашты.

-О, люкске орналасқан екенсіз. Құтты болсын! - деді де, екі кісілік үстелдің басына барып жайғасты.

Темірбек тоңазытқышты ашып, ішінен тіскебасар бірдемелермен қоса бір шиша шарап шығарып, екі стаканға толтырып құйды.

-Ал, таныстық үшін алып қояйық!

-Сіздің әдемі әндеріңіз үшін! - деді, Дана күлімсіреп.

Екеуі қысыр әңгіме айтып біраз отырды. Бір кезде орнынан тұрған қыз:

-Ой, аға! басым айналып барады, құлайтын шығармын. Шарабыңыз тым күшті екен - деп, наздана үн қатты да, қарсы алдында тұрған Темірбектің кеудесіне маңдайын сүйеп, ыңырси үн қатты. Қалай құшақтаса кеткендерін Темірбектің өзі де аңғармай қалды. Арғы жағы белгілі...

Түнімен ләззатқа батқан екеуі таң ата бере ұйқыға кеткен. Темірбек оянып жан-жағына қараса, бөлмеде әлгі Дана жоқ. Терезенің пердесін ашып еді, тал түс секілді. Сағатына қараса, шынымен де бір болып қалыпты. Ақшамда аяқ астынан пайда болып, түн ортасында танысып, таң атқанша бірге жатқан Дананың оятпастан, қоштаспастан кетіп қалғанына қайран қалды. Шынымен, "ол өзі осында болды ма, әлде мен түс көрдім бе?" - деп қайран қаларлықтай-ақ еді.

Бірақ, үстелдің үстіндегі орталаған шарап пен босап қалған екі вокал, тіскебасар тағамдар түн ортасынан таңға дейінгі оқиғалардың куәсі екені анық еді. Бір ауыз қоштаспай үн-түнсіз шығып кете бергеніне таңданды да қойды. Жуынып-шайынып шықты да, түстенуге астынғы қабатттағы мейрамханаға кірді. Әріптестері әлде қашан жайғасып алған тамақтанып отыр екен. Дуылдаған қауымның ортасына барып еніп кетті. Демалушы ұжымды басқарып жүрген кәсіподақ комитетінің бастығы ортаға шығып, кешкі тамақ сағат бесте болатынын, одан шыққан соң есік алдында қалаға апаратын автобус дайын тұратынын хабарлады.

Түскі тамақтан соң демалыс үйінің ауласындағы алаңда ұжымдастары екі командаға бөлініп, волейбол ойнады. Сайыстың тартысты болғаны соншалық, екі жақ та бір біріне дес бермеді. Бірінші ойында жеңіп шыққан Темірбектің командасы екінші айналымда жеңіліп қалды да, ақтық бәсекеге түсті. Ұжым қызметкерлері де екі топқа бөлініп алған, ойынның көрігін одан ары қыздыра түсті. Соңғы айналымда өз командасын қызықты ойынға ұтымды жұмылдыра білген Темірбектің командасы басымдық көрсетіп жеңіп шықты.

Түрлі сайыстардың қорытындысы шығарылғанда Темірбек бастаған волейболшылар командасына қомақты ақшалай сыйақы берілді. Бәрі ақшаларын теңдей бөлісіп алып мәз-мейрам болысты. Кешкі ас та көңілді өтті. Бір тәуліктік демалыстарын осылайша өткізген бір ұжымдағы әріптестер жол бойы әндетіп, улап-шулап қалаға іңірде жеткен еді.

***

Тергеуші Қайсар күдікті ретінде шақырылған Темірбекті қарсы алдындағы орындыққа жайғасуды бұйырды. Аты-жөнін, туған жылын, қайда, қандай қызмет атқаратынын, тұрғылықты мекенжайы секілді жалпылама сұрақтардан кейін тергеуші демалыс үйінде өткізген түн туралы сауалға көшті. Темірбек болған оқиғаны, көрген-білгенін түгелдей баяндап берді. Тергеуші:

-Дананы қашаннан бері танисыз? - деп сұрады.

-Сол жолғы демалыс кешінде ғана таныс болдық.

-Сіз оны не мақсатпен бөлмеңізге күшпен енгіздіңіз?

-Мен оны бөлмеме кір деп те айтқан жоқпын... Өзі кіріп шығайынші деген.

-Дәлізде сіздің қасыңыздан өте бергенде бас салып бөлмеңізге енгізгеніңіз қалай?

-Жоқ, олай болған жоқ. Мен басында сізге түгел баяндап шықтым ғой.

-Ендеше, ол неге азанда сіздің бөлмеңізден қашып шығады?

-Қашып шыққан жері жоқ.

-Оның сіз жатқан бөлмеден қатты абыржулы күйде қашып шыққанын көргендер бар.

-Мен оның қашан шығып кеткенін білмеймін. Оянсам жоқ екен.

-Өзіңізден көп жас кіші қызды бөлмеңізге күштеп енгізесіз. Түнімен зорлайсыз. Қорқытып-үркітіп таң атқанша білгеніңізді істейсіз. Ол сіз душқа кіргенде киініп қашып шығады. Ағасы, көп қасарыспай шындықты мойындаңыз.

-Мен сізге имандай шынымды айтып отырмын. Шындығын айтсам, ол қыз мені өзі айналдырды. Тіпті, таныспай жатып қасымнан бір елі ұзамай жабысып отырып алды. Бөлмеме кіруге өзі сұранды. Қысқасы, барлық бастама тек Дана тарапынан болды ғой.

-О, ағасы қатырасыз! Сонда, әлі тұрмысқа шықпаған жас қыз сіз секілді жігіт ағасына өзі жабысып, тіпті зорлап тастаған болды ғой. Онымен қоймай сізді өзі түнімен мазалап... – деп, тергеуші Қайдар қарқылдап тұрып күлді де:

-Мен сізге сөз басында заңның талаптарын ескерттім. Оны қайталап жатудың қажеті шамалы деп білемін. Дананың арызы бойынша сізге қозғалған қылмыстық іс ауыр санатқа жатқызылады. Эсперттер кейбір айғақты заттарға арнайы тексерістер жүргізіп жатыр. Істің ақ-қарасын айырып сотқа жібереміз. Егер тараптар өзара келісеміз десе, онда істі жабуға болатын тұстары бар екенін ескертемін. Ал, енді тергеу аяқталғанша ешқайда кетпеу туралы қолхат бересіз. Сосын, шақырған уақытта дер кезінде осы жерден табылатын боласыз. Бүгінше осы. Енді боссыз!

Темірбектің әбден басы қатты. Араға үш-төрт күн салып әлгі тергеуші шақырады. Қоятыны баяғы сол сұрақтар ғана. Ол да қайталап айтудан бір танбайды. Қайсар әр сөзін компьютерге бірін қалдырмай басып отырады. Ең соңында принтерден шығарып, әр бетке қол қойдырып алып қалады. Қай күні, сағат нешеде келетіндігін ескертіп, қоя береді.

Әлгі бір түндік төсектесі Дананың жаппаған жаласы қалмады. Оңашада кездесіп, ақылға қонбайтын сома айтып, ақша талап етті. «Ондай ақшаны еш қайдан таба алмаймын» десе, «Банктен несие ал» деп ақыл айтады. Онымен қоймай әйеліне айтамын деп қоқаң-лоққы жасайды. Сөйтіп жүргенде бір айдай уақыт өте шықты. Бір күні түстен кейін оны тергеуші тағы да шақырды.

-Эксперттер жасаған сараптамалардың қорытындысы келді. Айғақты заттарда сіздің онымен жыныстық қатынас жасағаның дәлелденді. Енді, істі сотқа жолдаймыз – деді, тергеуші.

-Мен оны зорлаған жоқпын ғой. Не үшін істі болуым керек?

-Мұндай істің талайын тергеген адаммын. Барлық еркектер солай деп айта береді. Сіздің зорламағаныңызды, Дананың өзі барып қойныңызға кіріп кеткенін дәлелдейтін ешбір дерек жоқ. Ондай шаруаны жасайтындар қасына куәгер әкеліп қойып істемейтін шығар. Қарсы айғақ болса, сотта көрсете жатарсыз немесе Данаға ат-шапан айыбыңызды төлеп, кешірім сұрап, бітімге келерсіздер. Ол жағы енді, өз құзырыңызда!

-Дананы зорламасам да, оның жапқан жаласымен сотталып кете беремін бе, сонда?

-Қатынаста болғаныңызды сараптама қорытындысы айғақтап тұр. Ал, Дананың жазған арызында сіз оны зорлағаныңыз егжейлі-тегжелі жазылған. Сіздің мойындау-мойындамауыңыз ендігі жерде маңызды емес. Істі сот шешеді.

Темірбек әйелінің жұмыссыздығын, бала-шағасының көптігін және басындағы үйінің ипотекалық қарызын зорға төлеп отырғанын Данаға айтып, мың мәрте жалынса да ол құлағына да қыстырмады. Арызын қайтарып алмады. Ол өзінің неге мұндай қадамға барғандығының себебін де оңашада Темірбекке жасырмай айтып берді.

Дана туған әкесінен жастай жетім қалыпты. Жесір қалған анасы кейін екінші рет тұрмысқа шығады. Дананың жасы оналтыға толғанда оны өгей әкесі оңашада зорлап тастаған. Ол азғын сол бір кешірілмес күнәсін кейін де талай рет қайталаған. Орта мектептен кейін колледжіге түскен Дана туған үйінен сол күйі безіп кеткен.

Бала кезінен еркек атаулыға өлердей кектенген жас қыз олардан өш алу үшін өзі азғындық жолға түсіпті. Ірі мейманханаларды, түрлі басқосулар мен той-жиындарды аңдып жүріп, жібі бостау, нәпсіқұмар азаматтардың талайын құрыққа түсіріп, сорлатқан екен. Олардан бопсалап тапқан ақшасымен қазір қалада тәуір баспаналы болып, қымбат көлік тізгіндеп жүрген жайы бар көрінеді.

Бар сырын жасырмай айтқан Дана:

-Менің өгей әкем де гитара тартып, ән салатын өзінше сері адам. Бірақ, барып тұрған опасыз азғынның өзі. Сізді көргенде сол бір оңбаған неме есіме түсті де, қысқада кеткен кегімді, ұзында кеткен өшімді тағы бір мәрте қайталап алайын деп ойладым. Сөйтіп сізді оп-оңай қолға түсірдім.

-Сенің өгей әкең басқа адам. Неге ол үшін мен сорлауым керек?

-Неге сорламайды екенсіз? Егер менің уысыма түспей ағалық ақылыңызды айтып, мені ұялтып, тіпті, ақырып ұрсып, шапалақпен бетімнен тартып, бөлмеңізден қуып шықсаңыз, сізге зор алғыс айтар едім. Өмір бойы сізді сыйлап өтер едім. Ал, сіз әйеліңізге, бала-шағаңызға опасыздық жасап, менімен төсектес болдыңыз. Сондықтан, мен сізді кешірмеймін. Опасыздығыңыздың өтемақысы ретінде мен айтқан соманы төлеп құтыласыз немесе абақтыға айдалып, жазаңызды өтейсіз. Мұндай лас статьямен сотталғандардың түрмедегі өмірі қалай өтетінін мен сізге айтпай-ақ қояйын.

Осылай деген Дана орнынан тұрып кете берді. Анандайтын жерде тұрған еңселі әрі ірі қара «жипін» от алдырды да шұғыл бұрылды. Машинаның артындағы қызыл шамның бір жанып, бір сөніп алыстап бара жатқаны Темірбекті «шоқ, шоқ» деп табалап бара жатқандай көрінді...

Екі аптадай уақыт өтті. Қарбалас жұмыстан бас көтермей отырған сәтінде өзін аудандық соттың хатшысымен таныстырған бір жас қыз Темірбекке телефон соғып:

-Сіздің нөміріңізге «смс» жіберемін. Қылмыстық іске қатысты жабық сот өтетін мерзім мен орны хабарланады – деді.

Айтқанындай-ақ, «тоңқ» еткен қысқа дыбысты қоңырау соғылып хабарлама түсті. Келесі аптаның сәрсенбісінде сот өтпек. «Сәрсенбінің сәтінде тағдырым шешіледі екен» деген ой сап етті де, ізінше «Бәрі бір бірнеше жыл арқалап сотталатыным анық. Оның қай күні болғанында қандай мән-мағына бар?» деп іштей қатты қынжылды.

Жабық сот жиналысын басқарған судья қыз тым жас екен. Темірбек «Мына қыздың тәжірибесі аз, өмірдің ащы-тұщысын көрмегені белгілі. Сырттай еш сыр білдірмей өзінше бейтараптық көрсеткен болып отыр. Іштей Дананы жақтайтын шығар. Тым құрығанда істі тіс қаққан ер азамат қарағанда ғой» деген ойда болды.

Соңғы сот отырысына бір жас жігіт сұранып жиналысқа қатысты. Судьяның сұрағына берген жауабына қарағанда, жергілікті университеттің заң факультетінде оқиды екен. Ерікті детектив деп өзін таныстырды. Біздің елдің тәжірибесіне ене қоймаған осы сала бойынша өз бетімен тергеу жүргізіп, онысын сынақтан өткізіп жүргенін айтты және Данаға қатысты осы істі бақылағанын маңызды дерек ұсына алатын судьяға жеткізіп, өзін жиналысқа қатыстыруын сұрады.

Дананың сотқа дайындығы сақадай сай болып шықты. Демалыс орнындағы мейманхананың бір қызметкері сол күні оның Темірбек орналасқан бөлмеден абыржулы күйде қашып шыққанын көргенін айтып, сотқа куәлік етті. Темірбек бар шындықты айтып ақталса да сотты иландыра алмағандай болды. Қызметтес жігіттердің бірі оқиға болатын күні кеш бойы Дананың Темірбектің қасынан шықпай отырғаны күмәнді көрінгенін айтып, әріптесінің ары таза екеніне кепілдік беретінін мәлімдеді. Судья одан:

-Сіз түн жарымда Темірбектің бөлмесінде болдыңыз ба? - деп, сұрады.

-Жоқ – деді, әріптесі.

-Ендеше, сіздің жеке көзқарасыңыз іске ешбір дерек бола алмайды – деді, судья ханым.

Бір кезде әлгі студент-детектив сөз сұрады. Судья рұқсат берді. Темірбек оны да Дананың ертіп әкелген жақтастарының бірі деп ойлады.

-Мәртебелі судья ханым! - деп, сөз бастады әлгі студент. Ары қарай кейбір техникалық құрал жабдықтар яғни, диск, флещка секілді заттар қолдануға рұқсат сұрап алып, былай деді:

-Мен соңғы уақытта өзім ерікті түрде Дана ханымның ізіне түсіп, бақылауға алған едім. Осы кезде мына Темірбек ағайға байланысты оқиғаға тап болдым. Бір ұжымның корпоравтивкасына Дана ханымның астыртын кіріп, мына кісінің қасына жайғасқанын көрген соң ағайдың аты-жөнін сұрап алдым да, рецепшнге өтініш жасадым. Люкс бөлмесіне жасырын камера қойдым. Себебі, Дана ханымның бұдан бұрын да заңсыз жолмен ақша бопсалап, пайда тауып жүргенін білген едім. Сондықтан, арнайы органнан алған рұқсатым да бар. Кейін оқиға дәл мен күткендей өрбіді. Енді, сол бейнебаянды көрсетуге рұқсат беруіңізді сұраймын!

Судья рұқсат берісімен әлгі бала оқиғаны бастан аяқ көрсетіп шықты. Бәрі Темірбектің айтқанымен дөп келіп тұр.

Отырғандар жағасын ұстап, Дананың жүзі өрт сөндіргендей түтігіп кетті. Судья мен хатшысы екеуі де таңданып бас шайқасты. Үзіліс жариялап, судья кеңесу бөлмесіне кеткенде залда қалған жәбірленуші, прокурор, тергеуші, күдікті, детектив-студент те үн-түнсіз отырып күтті.

Судья келіп үкімді оқи бастағанда полиция қызметкері қолындағы кісенін даярлап Темірбекке қарай жақындай берген.

Ұзақ оқылған үкімнің соңғы бөлігіне жеткенде:

-Күдікті Темірбек сот залынан босатылып, Дана ханым тұтқындалсын! - деді.

Темірбекке қарай бара жатқан полиция қызметкері кері бұрылып барып, бағанадан бері ұстап тұрған кісенін Дананың қолына салды...

2019.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар