Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Қуандық Шамахайұлы. Пысық жігіт...

11.05.2019 6604

Қуандық Шамахайұлы. Пысық жігіт

Қуандық Шамахайұлы. Пысық  жігіт - adebiportal.kz

(Әңгіме)

Университетте оқу жылы басталғаннан кейін Әлібек шетелде өткен бір симпозиумға қатысып, екі аптадан соң елге оралған. Кафедраға келген соң жаңа меңгеруші тағайындалғанын естіді. Дәріс арасындағы үзілісте бір топ оқытушы әңгіме-дүкен құрып тұрған еді. Ұзын дәлізді бойлап, етжеңді, қозы қарны томпиыған біреу маң-маң басып келе жатыр.

- Бізге жаңадан келген меңгеруші Жайрат деген кісі осы – десті, қасындағылар Әлібекке.

- Қалайсыңдар, жігіттер! – деп, жағалай қол алысты да, Әлібекке бұрылды:

- Әлеке, келуіңізбен, танысқаныма қуаныштымын! Сабақтан кейін маған келіп кетіңізші!

Сабақтан кейін кафедра меңгерушінің кабинетіне бас сұққан. Әлде бір маңызды шаруа бар шығар, тапсырма берер, ақылдасатын ісі бар болар деп ойлаған. Есіктен кіре бере селт етіп тұрып қалды. Әдетте жиналыс өткізетін ұзын үстелдің үстін толтыра дастархан жайып тастапты. Туралған ет, қазы-қарта, виски-мартини секілді ішімдіктің де неше атасы қаздай тізіліп тұр. Төрде проректормен бірге декан және тағы бейтаныс екі жігіт пен үш жас келіншек отыр. Әріптесі Гауһар есімді жалғызбасты әйел бар еді. Ол шай құйып, ас ұсынып кәдімгі өз үйінде қонақ күтіп отырғандай-ақ мәз-мейрам.

- О, Әлеке! Төрлетіңіз, неғып тұрсыз, келіңіз! – деп, жаңа меңгеруші Жайрат жылп-жылп етеді.

Оқу орнының қабырғасында бұрын-соңды мұндайды көрмеген Әлібек ыңғайсыздана барып жайғасты. Проректор мен декан қызара бөртіп алған көңілді әңгіменің тиегін ағытып, көсіліп отыр. Жұмыс уақыты, ішіп-жеп отырған орындары білім ордасы екенін естен шығарып тастағандай, мүлде жайбарақат.

- Әлеке, сізді біз білікті ғалым ретінде ерекше сыйлаймыз. Мына жаңадан келіп жатқан Жайрекең де өзіңіз секілді мықты азамат – деп, проректор тост көтере сөйлеп, Жайратқа сәттілік тіледі, Әлібектің алыс сапардан оралған қуанышына құтты болсын айтты. Декан байғұс та құрақ ұшып бастығының сөзін құптап, жік-жапар болып отыр.

Әлібек іштей мешітке кіріп келіп, алкаголдік ішімдік ішіп отырғандай ыңғайсызданса да біраз аялдап отыруына тура келді. Оны-мұны бірдемелерді сөз етіп, өзінің барған жерінің жаңалығын айтқан болып, қысыр әңгімемен біршама уақыт өткізді де, жөнін айтып, дастарханның соңын күтпей кетіп қалды.

Жайраттың пысықтығына қайран қалса да, іштей «былай жақсы жігіт секілді» деген қорытындыға келді. Жалпы, Әлібек қана емес, бүкіл факультет, кейін университет болып Жайрат жайындағы жағымды пікір шөпке қойған өртше қаулап жатты.

Кафедрасындағы бір қарт профессор екітомдық еңбегін жарыққа шығара алмай жүргенін айтқан екен, Жайрат қарт ғалымның кітабының электрондық нұсқасын алып қалады да көмектесуге уәде беріпті. Екі аптадан кейін арнайы жиын өткізіп, әлгі профессордың екітомдық кітабының тұсаукесерін жасайды, авторға шапан жабады, артынан кішігірім той да өткізіп жіберген. Мұндай күтпеген қуанышты көрген профессор қатты қуанып, көзіне жас алып тұрып, алғысын білдіреді.

Бірде доцент жігіт ректораттан келген арнайы тексеріс кезінде сабақ кестесі бойынша дәрісханада болмай қалып, шу шығыпты. Ежелден қалыптасқан тәртіп бойынша мұндай тексеріс кезінде әр оқытушы орнынан табылуға тиіс. Оның дәрісті қалай өткізіп жатқаны маңызды емес. Ең бастысы, кесте бойынша дәрісханада тұрса болды. Тексерушілер есікті ашып қарайды да кете береді. Ал, оқытушы жоқ, студенттер шулап отырса, бітті. Нағыз төтенше оқиға сол болмақ.

Тексерушілер Жайратқа келіп, болған жайды хабарлайды. Доцентке түсініктеме жаздырып, шара қолдануды талап етеді.

Әлгі доцентпен Жайрат ұзақ сөйлесті. Бес бірдей жас баласы, сырқат әйелімен бірге пәтер жалдап тұрады екен. Тұңғыш ұлы ғана мектепте оқиды, қалғаны үйде. Оларды балабақшаға орналастыру да мұң. Жеткізбейтін кезекті қанша жыл күтетіндігі де беймәлім. Көп балалы, табысы аз отбасы ретінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға кезекке тұрғандарына да біраз жыл болған. Бірақ, оның да қарасы көрінбейді. Тіпті, алға жылжымайтын көрінеді. Әйелі осы жолы тағы да ауруханаға түсіп қалған. Қырсық қылғанда, үйдегі балалары да мазасыз. Оларды сыртынан құлыптап, асығып-үсігіп сабаққа келе жатқанда жол-жөнекей көршісі телефон соғып балалары төбеден су жіберіп жатқанын хабарлаған соң дереу қайта барып, есікті ашып, суды тоқтатуға мәжбүр болыпты.

Бесінші қабаттан ағытылған су төмен қарай құлдилап, бірінші қабатқа дейін жеткен. Көршілерінен жағалай кешірім сұрап, пәтер қожайынына айтпауын өтініп, жалынып-жалпайып жүргенде сабақ кестесі бойынша өтуге тиіс дәрісінің уақыты зыр еткен. Әріптестеріне хабарласып, айтпақ болғанымен сол сәтте ешбірі тұтқаны көтере қоймаған.

- Жәке, егер мені қожайын осы пәтерден қуып шығатын болса, ешбір жерден жалдауға баспана таппаймын. Көп балалы отбасына ешкім де пәтерін жалға бермейді. Ал, түсініктеме жаз десеңіз, жазайын, – деп, доцент қалтасынан қаламын шығарады.

- Жоқ, керек емес! – деген Жайрат оның жеке деректерін бүге-шігесіне дейін жазып алады да, оған көмектесетінін айтады. Ондай уәденің талайын естіп, әбден көңілі қалған доцент Жайраттың қатыратынына онша сене қоймаса да, өзіне шара қолданбағанына разы болып, көңілі жайланып қалады.

Алайда, Жайрат сөзінде тұрып, күтпеген оқиға болды. Бір аптадан соң доценттің араларында бірер жас қана айырмашылықтары барларымен қоса егіздері де бар едел-жедел төрт баласын балабақшаға орналастырып үлгерді. Онымен де тынған жоқ, келесі айдың басында әлгі доцентке тұрғын үй басқармасының қызметкері хабарласып, үш бөлмелі жаңа пәтердің кілтін тапсырған.

Қатты қуаныштан жүрегі жарыла жаздаған доцент сол сәтте есінен танып, құлап қалады. Дереу жедел жәрдем жетіп келіп, алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілген соң ғана зорға есін жиған. Сонда да, сенер-сенбесін білмей жаңа пәтердің кілтін әлсін-әлсін тістеп көріп, өзінің ояу екеніне де сенбей «Бауырлар, бұл өңім бе, түсім бе?» деп сұрай берген көрінеді. Есесіне ауырып жатқан әйелі орнынан атып тұрып, жаңа пәтерге дейін халатшаң жүгіріп жеткен. Сол күйі өзінің науқас екенін ұмытып, бірнеше жылдар бойы иектеп арылмаған ауруынан құлан таза сауығып кеткен екен.

Осы оқиға Жайратты аңыз адамға айналдырды. Университет қана емес, бүкіл аудан, тіпті қала бойынша Жайраттың ерлігін тамсана жырлап жатты. Әсіресе, кафедраның доценті Гауһар екі адамның басы қосылса, Жайратты мақтап аузының суы құриды да жүреді. Әлібек те жұрт жапа-тармағай мақтаған соң онымен мейлінше, жақын жүруге, сыйласуға тырысты. Негізінде, оның момақан секілді көрінгенімен, тым жылмағай бет пішіні, жасандылау бола тұра нығыздалған мінезі Әлібекке әлде бір күмән тудырара беретін.

Бір күні министрліктен келіп түскен тапсырманы орындау Жайратқа жүктеледі. Мамандыққа қатысты пәндердің тест бойынша бақылау сұрақтарын жасап, қысқа мерзімде өткізу керек екен. Бұл тапсырманы орындауға талай маман шақырылғанымен ешбірінің жасаған сұрақтары жарамай кері қайтарылған көрінеді. Сосын, жоғарыдағылар осы тапсырманы мінсіз атқарған маманға арнайы мол ақша төленеді және министрдің сыйақысына ұсынылады, шетелге мемлекет қаражатымен оқу-жаттығудан өтеді, ел көлеміндегі жоғары оқу орындарын тексеретін мәртебелі комиссиясының құрамына енеді деп белгілеген.

Таңертеңгілік Жайрат Әлібекті кабинетіне шақырды.

- Әлеке, екеуімізге жауапты тапсырма берілді. Жоғары жақ ақы-қақысын жақсылап тұрып төлейді екен. Мынаны бүгін жұмыс уақыты біткенше тапжылмай отырып жасап бітіруіміз керек – деп, мәселенің жай-жапсарын түсіндіріп, - Мен ректораттың жиналысына барып келе қояйын. Сен бастап жасай бер. Келген соң екі жақтап, кешке дейін бітіріп тастайық.

Жайрат сол кеткеннен мол кетті. Әлібек түскі үзілісті де ұмытып, іске бел шеше кірісіп кетеді. Түстен кейін Жайрат телефон соғып, ғылыми кеңестің жиналысына қатысып отырғанын айтып, істі жалғастыра беруін өтініп сұрайды. Әбден кеш батқан соң Жайрат қолында пакет толы тамағы бар ыңырана жетеді. Бұл кезде Әлібек тапсырманы түгелдей аяқтап, соңғы нүктесін қойып жатқан болатын.

- О, Әлеке бәрекелді! Бәрін жасап тастапсың ғой. Маған тиесілі бөлігін қалдыра салмадың ба? Түнімен отырсам да жасайтын едім ғой. Жиналыстан жиналыс туып зорға шықтым. Жолда саған мыналарды алдым. Кел жақында! Қарның ашқан шығар, түскі асқа да бармаған шығарсың. Саған тым құрығанда кілтті де қалдырмаппын ғой – деп, жік-жапар болды.

Әлібек те қарнының ашқанын, кештің батқанын сонда ғана сезген еді. Екеуі отырып тіскебасарды кеңірдектен ары жылжытқан соң Жайрат сейфінен жартылай орталаған «Царская водка» шығарып екі стаканға бөліп құйды да:

- Бірлескен жобамыздың сәтті өтіп, жемісін беруі үшін! – де, қылқ еткізіп қағып салды.

Сессия басталып жатқан кез болатын. Кафедраға келсе, бәрі мәз-мейрам болып жүр. Әлібек не болғанын сұрап еді, топ ішінен баяғы сол Гауһар жауап берді.

Оның айтуынша, Жайраттың университет атынан министрлікке жасап берген аттестацияға арналған тест сұрақтары талапқа толықтай сай сапалы жұмыс деп бағаланғаны үшін жоғары жақтан қомақы сыйақы алыпты, Еуропаға баратын білім жетілдіру жолдамасын иеленіпті. Әлгінде ғана ректор өзі келіп, Жайратты ұжым алдында құттықтап кеткен екен.

Ол жобаны түгелдей өзі жасағанын Әлібек кімге несімен дәлелдей алмақ. Топ ішінде миығынан күліп, мәз болып тұрған Жайратқа «құтты болсын» айтып, қолын қысқан болды...

***

...Жайрат кафедраны биікке көтеремін деп барын салып, жанталасып жатқан кез. Екі оқытушыны сабақтан уақытша босатып, түрлі лозунгтар мен билбордтар дайындап, кафедраның дәрісханаларын көркейтуге жегіп қойды. Әлгі екі жігіт компьютерде түрлі дизайн жасап, лозунг, стендтердің мәтіндері мен әшекейлерін дайындайды. Онысын баспаханаларға апарып бастырып шығару үшін оқытушылардан ақша жинайды. «Кітап – білім бұлағы», «Ана тілің – арың», «Білімді адам – данышпан, білімсіз адам – надан», «Шашасына шаң жұқтырмас ғалымдарымыз жасасын!» деген мәтіндері бар лозунгтарды кабинеттер мен дәрісхана қабырғаларына толтырып тастады.

Жайраттың тапсырмасымен лозунг дайындап жүрген екі жігіттің сабақтарын Әлібек бастаған оқытушыларға жүктеп қойған. Онсыз да сағат жүктемесі көп оқытушылар үшін мұндай қосымша жұмыс атқару оңайға соқпады. Кейбір пәндер сабақ кестесі бойынша бір сәтте қатар қабаттасып қалады. Ондай жағдайда «замена» жасап жүрген лектор дәрісханалар арасында алма-кезек жүгіріп, әбден титықтайды. Егер екі дәрісхана бір қабатта қатар тұрса, тағы жеңілдеу. Есіктерін айқара ашып қоясың да, екі топқа кезектеп барып, сабақ өткізе бересің. Қырсық қылғанда, бірі екінші қабатта болса, келесісі, жетінші қабатта болып шығады.

Осылайша, жұмыстан береке қаша бастаған соң шыдамай кетіп, Әлібек кафедра жиналысында айтып салды. Мұндай орынсыз «заменаны» тоқтатуды, құр позунг-стендтермен қабырға толтырғанша, дәрістерімізді дұрыстап беріп білімнің сапасын арттырайық деген ұсыныс айтты.

Сол-ақ екен, Гауһар бастаған бірнеше әйел түтіп жеп қоя жаздады:

- Сіз неткен қара бастың қамын ойлап қалған адамсыз? Жайрат Жәмкенович кафедраның беделін көтеру үшін бәрін жасап жүр. Ал, сіз жан тыныштығын ойлап кері тартасыз!

- Кері тартқан ештеңем жоқ. Бір сәтте екі топқа алма-кезек жүгіріп сабақ беріп жүрген оқытушыдан студенттер қандай білім алады? Жұмыстың сапасы болмай берекеміз қашады ғой – деген Әлібектің сөзін құлағына қыстырған олар жоқ.

Түрлі лозунгтар мен афоризмдер аздық еткендей Жайрат тағы бір жаңа бастама көтерді. Ұзын дәліздің бір қабырғасына «Үздік оқытушылардың өнегелі әдістемелерінен үйренейік», қарсы қабырғасына «Оқу үздігі студенттерден үлгі алайық» деген тақырыппен тақталар жасап, іліп қоюды қызу қолға алды. Ол үшін бақандай бес оқытушы сабақтан уақытша босатылып, үшеуі тақта жасаумен, екеуі үздіктердің іс тәжірибелерінен мәтін даярлап, оны жапсырумен айналысты.

Дәріс беретін оқытушылардың жүктемелері тағы да бірнеше есеге ауырлады. Мұндай қорлыққа төзбеген екі оқытушы өздері өтініш жазып, жұмыстан шығып кетті. Ал, дәліздің қабырғасына бір шетінен келесі шетіне дейін созылып жатқан әлгі тақтадағы мәтінді оқытушылар да, студенттер де оқып жатқан жоқ. Үзілісте ерсілі-қарсылы ағылған оқытушылар мен студенттер тар дәлізде тақтадағы жазуды оқып тұруға мұршалары жоқ еді.

Мұршасы болған күннің өзінде ерігіп жүрген кім бар дейсің. Оқиын десе де, сеңдей соғылысқан қалың нөпір ешкімнің аялдап тұруына бір мезет те мүмкіндік бермес еді.

- Осыншама әуре болып ешкімге қажетсіз нәрсе жасаудың керегі не? – деп, Әлібек Жайраттан сұрағанда ол:

- Сен тым «үздік» адамсың. Тіпті, халықаралық деңгейде «үздіксің». Әрине, саған қажеті болмас. Бірақ, өзгелерге керек қой – деп, кекетті.

Бірде ректор бір топ нөкерлерімен келіп оқу ғимаратын аралағанда Жайрат жайнаң қағып әлгі нәрселерін көрсетіп жүрді. Қызық болғанда сол қаптаған басшылар Әлібектен өзгеше ойлайтын жандар болып шықты. Ғылыми кеңестің кезекті жиналысында Жайрат басқаратын кафедра алдыңғы қатарға шығып, ол сый-сияпат алып, тағы да мадақталды.

Осымен жарты жыл бітіп, студенттердің қысқы демалысы аяқталды, жаңа семестр басталды. Ақпан айы жаңадан басталғанына қарамастан Жайрат «Халқымыздың дәстүрлі мерекесі Наурыз мейрамын лайықты қарсы алайық!» деген ұран көтерді.

Әр апта сайын жиналыс өткізіп, мереке күндері кімнің қандай тамақ істеп әкелетінін, театрландырған қойылымдар бойынша кафедраның ең жас ассисенті Күнсұлуды қалыңдық етіп, «ұзату тойын» жасайтынын, өзгелері құда-құдағи болып ойнайтын рөлдерін бөліп беріп әуреге түсіп жатқаны. Онымен қоймай кафедрадағы барлық қызметкерлер, студент, магистрант, докторанттар бір-бір домбыра әкеліп сабақ уақытында күй тартып, репитиция жасайтын болды.

Осылайша бір ай бойы дайындалып, мейрамнан бір күн бұрын бәрі домбыраларын ұстап, оюлы шапан, камзол, үкілі тақия, сәукеле киіп барып, ректораттың кең дәлізінде күй тартысты. Ертеңінде Ұлыстың ұлы күні факультет ғимаратында ет асылып, ұлттық тағамдар әзірленді.

Дастархан басына ректор мен ғылыми кеңестің мүшелерін ішкізіп-жегізіп отырғызып, өздері қыз ұзату тойының рәсімін жасап, ойын көрсетті. Студенттерге «Қара жорға» биін билетіп, Гауһар бастаған топ халық әндерінен концерт қойды. Жаппай өнерпазға айналған қызметкерлерін көріп көңілі көтерілген ректор «Біздің оқытушылардың консерватория мен өнер академиясынан қай жері кем?» - деп, ортаға сауал тастағанда бәрі жапа-тармағай «артық, артық» десіп бір дауыспен шу етті.

Тағы да, сый-сияпат Жайратқа беріліп, оның атына көптеген мадақ айтылды. Демалыстың соңғы күнінде Жайрат кафедра оқытушыларын жинап, әлде бір мейрамханада сыйлығын атап өтті. Оған Әлібек бармады. Бірақ, ертеңінде бастары ауырып, жұмысқа келе алмаған оқытушылардың сабағын алма-кезек өткізіп, әбден кешке шаршап-шалдығып үйіне зорға жетті.

Кезекті бір жиналыста Әлібек:

- Біз соңғы кезде тым сауықшыл болып кеткен жоқпыз ба? Жастарға сапалы білім берудің орнына негізгі функциямызға қатысы шамалы дүниелермен қатты шұғылданып кеткендейміз. Бүйте берсек, студенттер алдында ұятқа қалып жүрмейміз бе? – деп еді, жан-жақтан шулап ары қарай сөйлетпей қойды.

- Әлеке, сіз Жайраттың іскерлігін көре алмайсыз. Неге ылғи мін тағып, өкше сығайлай бересіз? – деп, Гауһар бастады.

- Жәйрекеңнің арқасында кафедраның беделі бел асып тұр – деп, ана жолы балаларын балабақшаға орналастырып, пәтер алған доцент қостады.

- Жайраттың соңына түсе берме, жігітім! Биыл Жәйрекеңнің басшылығымен ежелгі салт-дәстүрімізге сай жыл басын атап өттік. Қандай тамаша. Сен өзің халықтың дәстүріне қарсы шығып, ата-бабамыздың асыл мұрасын, қазақы құндылығымызды сөгіп тұрғаннан саумысың? – деп, дәріс беруге келмесе де, түрлі ас ішіп, аяқ босатудан, әлде бір басқосулар мен мән-мағынасы аздау жиналыстардан қалмайтын насыбайшы шал қаһарланды.

Осылайша бір оқу жылы аяқталып жаз шықты. Жылды қорытындылаған ректор Жайраттың іскерлігін мақтап, оған университет қаржысымен шетелге демалуға жолдама берді.

***

Күзде жаңа оқу жылы басталғанда кафедраға қарасты курстардағы үздік оқитын, білімдар студенттердің көбі өзге оқу орындарына ауысып кеткені аңғарылды. Ішінара түрлі гранттар алып, алыс шетелдерге кетіп қалғандары да баршылық екен.

Сабақ басталғалы екі апта өткен. Тағы да «замена» деген пәлесі басталды. Кафедрада әдіскер болып істейтін жас қыз әр оқытушыға бір жалынады да жүреді. Бір күні Әлібек кафедрада келесі дәрісті күтіп отыр еді. Әдіскер келіп:

- Ағай, бір рет қана қол ұшын беріңізші!

- Не боп қалды, айналайын?

- Маған ештеңе болған жоқ. Балжан апайдың дәрісіне бара салыңызшы!

- Ол өзі қайда?

- А, сіз естімеген бе едіңіз? – деп, таңдана қарады.

- Нені?

- Жай ағай. Ол кісі сырқаттанып қалыпты – деді де, жан-жағына үріккен ботадай жаутаңдай қарап, біртүрлі қипақтап қалды. Әлібек келісті де «заменаға» кете берді.

Арада үш ай өткенде әлгі Балжан деген доцент әйел бір рет те көрінбеді. Әртүрлі оқытушы сабақтарын кезектесіп өткізіп жүргенін көреді. Кейде магистрант, докторанттар да оның орнына дәрісханаға кіріп, шығып жүргені байқалады. Тіпті, қысқы сессияның өзінде емтихандарын бір докторант жігіт қабылдап жүрді. Ай соңында әдіскер қыз табель толтырғанда Балжанды күнделікті жұмыста болған етіп мәлімет беріп жүргеніне қарағанда еңбекақысы жүріп жатқаны анық.

Оның мәнін өзімен бірге істейтін Батырбек деген профессордан естігенде жағасын ұстады.

Әлгі Балжан кафедрада бір жарым ставкамен доценттік қызмет атқаратындығына қарамастан, тағы бір ұлттық компанияда пиар менеджер екен. Сол қызметте отырып күз айының басында ол біреуден пара алып жатып, қылмыс үстінде ұсталған, арнайы қызмет өкілдерінің қолына түскен. Оған сол сәтте қылмыстық іс қозғалыпты. Әлі күнге дейін қамауда көрінеді. Іс әзір сотқа жетпегенімен қамау мерзімі тағы да ұзартылыпты. Оны Жайрат жасырып, ешкімге хабарламай педагогикалық жүктемесін ауыстырмай «заменамен» ғана амалдап отырған көрінеді. Балжан өзі тергеу абақтысында отырса да еңбекақысы жүріп жатыр.

- Бұларың жарамайды ғой. Қылмыскермен бұлайша сыбайласуларыңа жол болсын – деді, бір күні Әлібек кафедра жиналысында.

- Әлеке, біріншіден, соттың үкімі шықпай жатып сіз ешкімді қылмыскер деп айыптай алмайсыз. Күдікті екені рас. Бірақ, тек сот қана оның ақ-қарасын айыра алады. Екіншіден, біз Балжанның қамауға алғанын ректоратқа хабарлап, оны қызметтен босатуға ұсыныс жасамаймыз. Кафедраның беделіне нұқсан келеді. «Қол сынса жең ішінде» дегендей біз «жақсылығымызды асырып, жамандығымызды жасырмасақ» несіне бір ұжым болып жүрміз. Сіз ылғи ұжымнан оқшауланып, араға жік салып жүресіз. Біреу сүрінген екен, сіз оны одан ары орға жықпақшы боласыз. Әжептәуір атыңыз бар, атағыңыз бар ұят емес пе?

- Сонда мен не үшін ұялуым керек?

- Неге ұялмайсың? Сенің осы не ойлағаның бар? Сүттей ұйыған ұжымды сен-ақ ірітуге әрекет жасайсың. Ештеңеге көңілің толмайды. Бұлай өмір сүруге болмайды. Ұнамаса, қазір арызыңды жаз да ортамыздан кете бер – деп, насыбайшы шал тістеніп тұрып, айғайға басты.

Әлібек орнынан тұрып, жиналысты тастап шығып жүре берді. Жағдайды деканға барып айтып еді. Ол доцент әйелдің қамауда екендігінен әлдеқашан хабардар болып шықты.

- Мен бұл жерде кішкентай адаммын. Дау-дамайдан аулақ болғым келеді. Оның үстіне Жайраттың жоғары-төменде таныс-білістері де, қолдаушы-жебеушілері де көп. Текке арандап қалармыз. Сіз де қайтесіз, олармен байланыспаңыз. Білгендерін істесін. Өз ісіңізге мығымсыз. Шәкірттеріңіз арасында беделіңіз бар. Өзіңізге болмаса да, бала-шағаңызға кесірі тиеді ғой. Үндемей шаруаңызды істеп жүре бермейсіз бе? – деп, деканы Әлібекке білген ақылын айтып шығарып салды.

Проректор да деканнан алыс кетпеді. Тіпті, оған бұл дүние жарылып кетсе де, айналасында өрт лаулап жатса да бәрі бір секілді. Әлібек сол сәтте өз өтініші бойынша қызметтен кету туралы арызын жазды да ректордың кеңсесіне қалдырып кете берді. Өзге амалы да жоқ еді.

Кейін оқу жылының аяғында әлгі пара алған сәтінде тұтқындалған Балжан қамаудан босап, декан болғанын, Жайраттың өрлеп, проректорлыққа тағайындалғанын естіді. Оны жаңалық қып айтқан жігіт Жайратты «ол өте пысық жігіт» деп, жатып кеп мақтады. Әлібек те мақұлдап, «иә, сұмдық пысық» деп, бас изеді...

2019.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар