Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Қуандық Шамахайұлы. Шөлейт жақта...

04.05.2017 5843

Қуандық Шамахайұлы. Шөлейт жақта

Қуандық Шамахайұлы. Шөлейт жақта - adebiportal.kz

(Әңгіме)

Ардақты әкем Шамахай Дөңтайұлының рухына тағзым!

Үшініші сынып бітірген жылы көктемде күтпеген оқиға болды. Әкем әлдебір бастықпен қатты сөзге келіп қалды да, ауылдағы байланыс бөлімінің меңгерушісі қызметінен босады. Ол тұста біздің жақта жұмыс тапшы дегенді үлкендердің аузынан жиі еститінбіз. Жұмыссыздық болған жерде кедейшілік меңдейтіні де белгілі. Анам менен кейінгі бауырларымды бағады, үй шаруасымен айналысады. Күнкөрістің жалғыз көзі әкемнің айлығы еді. Енді одан айырылған соң тіршілігіміз қиындай бастады.

Ауылдағы әкемнің дос-жарандары, нағашыларымыз, туыстарымыз бәрі жабылып үгіттеп әлгі бір мес қарын бастықтың «аяғына жығала сал» деп жалынғандары есімде. Бірақ, қырсық әкем көнбеді. Анамның көзіне жас алып, жалынып тұрып айтқанына да құлақ аспады. Соған қарағанда өзінікі дұрыс болған шығар. Өзінен ағаттық кетсе әкем кешірім сұраудан еш тартынбайтын адам. Ал, өзінікі жөн болса, ешкімнің алдына бас имейтіні тағы бар.

Жалпы, әкем – адал, батыл, өжет турашыл қысқасы, нағыз ер азамат еді. Офицерлер училищесінде оқып жүрген кезінде «халық жауының» баласы екендігі әшкере болып, кейін байланыс техникумына ауысқан көрінеді. Арасында шахтер болып та жұмыс істеген кездері болыпты. Әкесіне саяси жала жабылмағанда бүгінгі күні білдей бір офицер болып, «ханға сәлем бермей» жүрер еді. Әлгіндей мес қарындарды алдына құрша жорғалатып қояр ма екен. Амал нешік, енді аядай ауылдан жұмыс таппай сандалып жүргені. Ауыл конторында әжептәуір мәнсабы бар нағашы ағам да туған қарындасының күйеуіне қол ұшын бере алмады. Нағашы ағамның:

- Сенің турашылдығың мен батылдығынан не пайда? Ақыры, міне жұмыссыз қалдың. Ол мес қарынның ит екенін бәріміз де білеміз. Бірақ, шыдап жүрміз ғой – дегенін құлағым шалғаны бар.

Әкемнің айналаға сын көзбен қарайтындығын, лауазымы биік екен деп ешкімнің алдында бас имейтін қайсарлығы мен әділдігін, тынымсыз еңбек етуден жалықпайтын шаруақорлығын әлі күнге дейін үлгі етіп айтатындар бар. Бала болсам да сол кездің өзінде әкемнің отбасына қамқор, бәрімізге шынайы қорған бола алатын ержүректігін сезетінмін.

Сонымен, әділетсіздікке төзбейтін, басынан сөз асырмайтын «қырсық» әкем ешкімнің ақылына құлақ аспай, ақыры туған жерді тастап, елдің сонау қиыр шығысындағы біздің Алтай тауы өңірінен екімыңнан астам шақырым шалғайдағы ішкергі шөлейт аймаққа көшетін болды. Еңбек шартын жасап қойыпты. Көп ұзамай Ұланбатырдан арнайы көлік те келіп жетті. Ағайын-туыс, дос-жаран, бүкіл ауыл болып шығарып салды. Арнайы ресми жиын өтіп, ауыл басшылары мен құрметті азаматтары, ақсақал ағалар сөз сөйлеп, бата берісіп, жылап-сықтап у-шу болғандары әлі есімде.

Көлікке жүк тиеліп, алыс сапарға аттанғанға дейін әкемді райынан қайтармақ болғандар көп болды. «Жат жұрт қой. Балаларың монғол болып кетеді. Тілді, дәстүрді ұмытады». «Битке өкпелеп, тоныңды отқа жағасың ба?», «Ақылға келсеңші» деп жатқандар екінің бірі деуге болады. Алған бетінен қайтпайтын турашыл әкем оған көнсін бе. Аймақ орталығынан бірер отбасы қосылып, бес-алты машина болып жолға шығып кеттік.

Сонымен, Монғолияның кең даласын кесіп өтіп, бірнеше аймақтың өлкесін аралаған көшіміз көлікті болып, оншақты күннен соң межелеген жерімізге де жеттік. Жол бойында бір-екі рет қана қонақ үйге түнеген шығармыз. Көбінесе, кешқұрым жеткен малшылар шаңырағына немесе қала, елді мекендердің шетіндегі кез келген үйге түсе саламыз. Монғол отбасылары туысы келгендей-ақ қабылдай береді. «Ұзақ жолдан келе жатыр екенсіздер. Баратын жерлеріңіз әлі алыс. Өз үйлеріңдей көріңдер, ішіп-жеңдер, қонып жатыңдар» деп құрақ ұшып жүргені. Осыншама қонақжай, мінезге бай, жайлы халықты әлем елдерін жағалай араласаң еш жерден таппайтын шығарсың. .

Жаңа мекеніміз аласа төбешіктері ғана бар, негізінен мидай жазық далада орын тапкен екен. Біздің өлкедегідей аспанмен таласқан биік таулар мен жалама жартастар, күркіреп аққан өзен су, ит тұмсығы өтпес ну орман, тоғай атымен жоқ. Осы елдегі ең шөлейт өлке саналады. Соған қарамастан, біздің ауылмен салыстырғанда әлде қайда өркениетті. Теміржол, пойыз секілді бұрын көріп, білмеген неше түрлі тосын дүниелер бар. Баламыз ғой, біз мәз-мейірамбыз.

Анам жерсінбей, туыстарын, елін сағынып, айға жуық уақыт жылап-сықтаумен болды. Ол кісі саяси қуғын-сүргін болған жылы бесіктегі сәби екен. Әкесін ауыл молдасы болғаны үшін «Жапон тыңшысы» деген саяси жаламен Сталиннің Монғолиядағы жендеттері тұтқындап әкеткен көрінеді. Сол кеткеннен оралмаған. Бала кезінде, екінші дүниежүзілік соғыс кезі болса керек. Анасы (менің нағашы әжем) екеуі отырып алып «Германия жеңіске жетіп, Совет елі құласа, Сталин ит өліммен германдардың қолында өлсе екен» деп тілейді екен. Ондағысы, жазықсыз жаламен айдауға кеткен азаматтар германдар жеңсе қайтып орала ма деген үміт қой.

Анам медбикелік орташа білімі бар, қарапайым еңбек адамы. Бала кезімде маған үнемі музыкалық аспаптар сатып әперіп, үйрететін. Менің саз аспабына бейімділігім болған шығар, домбыра, гармон, мондалин, гитарада әжептәуір ойнайтын болып өстім. Кітапқұмарлығыма да аса ден қойып, қалаған кітаптарды сатып алуыма ақша аяған жоқ. Бір үйде тоғыз бала өстік. Мені үй шаруасына көп араластырмай ақсаусақ болуыма тікелей жағдай жасады. Жалпы, мен өзім қатты-қайырым шаруаларға аса қырым жоқ, сәл жалқаулау бала болдым, соны аңғарса керек, анам менен бір өнер адамын жасағысы келді.

Хош, сонымен жаңа жерге үлкендер бейімделе алмай қиналса да, балалар үшін қызықты еді. Туған жерден қатар келген үйлердің балалары бірге ойнаймыз. Арасында жергілікті балалармен қосылып кетеміз. Кейде олармен тас атысып, шекісіп қалып та жатамыз. Сөйтіп жүргенде жаздың шуақты күндері де өте шықты.

Кешікпей сабақ басталып, мен төртінші сыныпқа қабылдандым. Бірауыз монғолша білмеймін. Әртүрлі пәндер өтеді. Ештеңе түсінбеймін. Екі аптадай мылқау адам секілді жүрдім. Бір айдың ішінде біршама түсіне бастағандаймын. Мұғалімдер барын салады, балалар да ортаға алып, тіл ұқтыруға көмектеседі. Бірінші тоқсанды қорытқанда, тарих, әдебиет, монғол тілі сабағынан үштік бағаға шықтым. Бұрын кілең бестік алып келген мен үшін бұл ауыр қасірет еді. Үйге келген соң оңаша отырып алып, көз жасымды төгіп-төгіп алатынмын.

Ең қызығы, ондағы мұғалімдер менің жаңадан тіл үйреніп жатқаныммен, қазақы ортадан келген, өзге ұлттың өкілі екеніммен еш санаспайды. Диктанттан қанша қате жіберсем, соған сай баға қояды. Бірақ, ұлты монғол бола тұра менен көп қате жіберетіндер тағы бар еді. Соны айтып, кейде мені мақтап қояды. Каникулда бір «семіз» монғол романды қолға алып, күн-демей тапжылмай отырып оқып тастадым. Осыдан кейін біршама еркін сөйлейтін жағдайға жеттім.

Екінші тоқсанда төрттіктер қатарына қосылып, ақыры төртінші сыныптың соңғы жартыжылын үздік бітіріп, тілдік кедергіні толықтай еңсердім.

Әкем біз көшіп келген шағын қалашықтың байланыс бөлімінің меңгерушісі, ал, анам қонақ үйдің әкімшісі әрі асхананың бас аспазы болып қызметке орналасқан. Тұрмысымыз оңалып, жағдайымыз жақсара түсті. Әкемнің меңгеруші деген аты ғана болмаса, радио-техника, телефон байланыс, хат-хабар қабылдау, мерзімді басылымдар тарату, монтерлікті бәрін бір өзі атқарады. Жазғы каникулда мен әкем үшін таптырмайтын көмекшімін. Менің ең жақсы көретін жұмысым газет-журналдарды жазылушыларға, мекемелерге бөліп, оны жәшіктерге салу. Түнгі сағат екіде келетін жүрдек пойыздан поштаны күтіп алып, кешкі алтыда хат-хабарлар салынған қапшықты кері жөнелтемін.

Оның бәрінде қасымнан бір елі қалмай көмектесіп жүретін бір-екі көрші ұлдар бар. Осы міндетімізді ерекше ықыласпен атқарамыз. Бәрінен қызығы, пошта жәшіктеріне салып болған соң әртүрлі газет, журналдардың кезекті сандарынан міндетті түрде бес-алтауы артылып қалады. Бір құшақ газет пен журналды үйге әкеліп алып рақаттанып оқимын.

Өстіп жүріп елдегі барлық баспасөзбен қоса АПН агенттігі тарапынан Мәскеуде әлемнің бірнеше тілінде шығарылып, дүниежүзі елдеріне тарайтын совет журналдарымен де «достасып» кеттім. Әсіресе, онда тарихи отаным Қазақстан туралы мақала шықса қалт жібермей тамсана оқимын. Осылайша, оқушы кезімде-ақ оқырман ретінде ерте есейіп, кешікпей өзім де жаза бастадым.

Жазып-сызған дүниелерім бесінші-алтыншы сынып оқушысы кезімде балаларға арналған газет-журналдарда және орталық басылымдарда жарық көре бастады. Осы кезден бастап, мектепте ғана емес, ауыл деңгейінде танымал болып жұрт «жазушы бала» деп атап кетті.

Ал, таңды таңға ұрып оқитын әлем классиктерінің романдары мен үшін таусылмас азық. Менің достарым да талғамы биік оқырман балалар еді. Қызықты кітаптарды бірімізден біріміз алып, алмасып кезектесіп оқимыз. Ел астанасына, аймақ орталығына баратын жолаушыларға сол кезеңде атағы жер жарған кітаптарды тапсырып алдыртамыз. Сол заманның ауыл адамдары өте кітапқұмар еді. Теледидар атаулы болмағандықтан шығар, жұрт жаппай баспасөз оқиды, радио тыңдайды. Менің жазған шағын әңгімелерім мерзімді баспасөзде жарияланып, радиохабар арқылы ұсынылған талқылауларға орай жолдаған ой-пікірлерім эфирде оқылған сайын бүкіл ауылда атағым жер жарып, беделім бел асады.

Жаз маусымының айлы түндерінде ауыл балалары аулада топтасып отырып алып, оқыған кітаптарының оқиғасын жарыса айтып қызыл кеңірдек болып жатушы едік.

Мен оқыған кітаптардың бірінде мынандай бір оқиғаны баяндаған әңгіме болушы еді: «Бір жігітті сүйген қызы кедейлігін бетіне басып, қарамай кетеді. Жігіттің алғашқы махаббаты осылайша сәтсіз аяқталады. Ол қыз үшін кімнің ақшасы көп болса, сол бақытты болып есептелмек екен.

Ол екеуі он жылдан кейін бір ірі сауда орнында кездесіп қалады. Келіншек күйеуін күтіп тұрса керек. Жігітті көре сала тани кетеді.

- Ой, аманбысың, халың қалай? Менің жолым болды. Өмірім қуанышқа толы. Күйеуім айына 15700$ еңбекақы табатын іскер азамат. Ал, өз жағдайың нешік?

Он жыл бұрын өліп-өшіп сүйген адамынан мұндай сөз естіген жігіттің көңілін мұң торлап, үнсіз тұрады. Осы сәтте келіншектің күйеуі де келеді. Келіншегі ауыз ашып үлгермей тұрып күйеуі әйелімен сөйлесіп тұрған жігітке жік-жапар бола қалады.

- Амансыз ба, сэр? Менің зайыбыммен таныстыңыз ба?

- Қайырлы күн!

Әйеліне бұрылып былай дейді:

- Сүйіктім, біздің басшымен танысып қой. Менің жасап жатқан әлгі 100 миллионның жобасы осы кісінікі.

Келіншегі таң-тамаша қалады. Тіпті, аузы ашылып, сөйлеуге де шамасы келмей қалса керек. Ал, кезінде кедейсініп, қарамай кеткен жігіті сыпайы ғана күлімсіреп:

- Айыпқа бұйырмаңыздар асығыс шаруам бар еді. Мен кетейін. Бүгін сіздерді жолықтырғаныма өте қуаныштымын. Күндеріңіз сәтті өтсін! – дейді де, бұрылып жүре береді.

Ерлі-зайыпты екеуі оның артынан қарап тұрғанда енді ғана есін жиған әйелі сұрайды:

- Мынау сенің бастығың ба, сонда?

- Иә, сүйіктім. Өте қарапайым ғажап адам. Өткен өмірінде бір мұңлы тарих бар көрінеді. Өлердей ғашық болған қызы мұны кедейсің деп кемсітіп, тастап кетсе керек. Сол сәтсіздіктен кейін барын салып тер төгіп еңбек еткен екен. Міне, қазір адал еңбегімен ірі жетістікке жетіп, бір айда миллион доллардан артық табыс табады. Әлгі қыздың ақымақтығын айтсаңшы. Мынандай іскер азаматтың көңілін қалдырмай тұрмысқа шыққанда ғой, одан бақытты жан бұл дүниеде болмас еді-ау.

Әйел айтарға сөз таппай қалады». Осы әңгемені оқыған соң мен қиялға ерік беремін. Шіркін-ай, Қасен аға да дәл осылай байып кетіп, өзіне қарамай кеткен қызын қатты өкіндірсе ғой деп армандаймын.

Қасен деген орта жастағы салт кісі. Бізбен бірге елдің батысынан көшіп келген. Үлкендердің айтуларына қарағанда, жетім өскен, кедей, қолдап-демейтін туыстары да болмаған соң үйлене алмай «отырып» қалған болса керек. Қазақтың салты бойынша құдаласатын жақын-жанашыры болмаса, қалыңмал демесе де жөн-жоралғы жасайтын халі болмаса қызға құр сөз айтқаннан пайда жоқ қой. Оның үстіне жалғызілікті бойдақ жігітті күшіккүйеу етіп кім босағасына кіргізіп алсын. Қанша кедей болса да ондайға ер азаматтың өзі де бара қоймайды. Сөйтіп жүріп, туған ел-жерден пана таппаған соң Монғолияның қиыр шығысына қалың қалқаның ортасына келіп, бізбен көрші болды.

Менің әкем де Қасенге қатты жаны ашып, қалай да оған лайық, міндетті түрде ұлты қазақ қалыңдық іздеп әуіреге түсіп жүретін. Қазақтар шоғырланған Налайх, Бэрх, Зүүнбаян секілді қалалардан қалыңдық сұрастырып, іздеу салғанын білемін. Байланыс бөлімінің меңгерушісі болғандықтан қай жердегі қазақтармен де өзінше жедел қарым-қатынас жасай алатын.

Сөйтіп жүріп Замын-Үүд деген шекаралық қалашықтан қалқа әйелі бар Қабатай деген кісіні табады. Ол кісінің монғолданып кеткен бір қарындасын айттырып көрген екен, онысы жуас Қасенді «тым көңілсіз» деп менсінбей қойыпты. Ақыры, қазақша жақсы білетін өзі жесір, екі балалы ұранқай келіншекке құда түседі. Қасеннің өзі де оны жерлес деп жақын тартып жүреді екен. Қырсыққанда ол қатын да Қасенге қарамай әйелі қайтыс болған бай қалқаға тұрмысқа шығып кетеді.

Кітаптан оқыған оқиғалар мен кейіпкерлерімнің басындағы тосын сыйлар мен сәттіліктер Қасенге де бұйыруы тиіс деп мен бала қиялыма әбден шегелеп алғанмын. Солай боларын күтіп де жүрдім. Сөйтіп жүргенде жұрттың ойына да кірмеген, бірақ, мен үшін сарыла күткен бір оқиға болды.

Елдің орталығынан шығып, қиыр шығыстағы шекаралық аумаққа өтіп, ары қарай Бейжіңге дейін баратын пойыз біз мекендейтін бекетке түңгі сағат екіде аялдайтын. Қаладан келетін жолаушылар біздің ауылға осы мезетте жетеді. Темір жол вокзалы мен біздің үйдің арасы өтірік айтқан адамға бес аттам жер. Пойыздан түскен әрбір қазақ бекет күзетшісінен немесе бірге келген жергілікті жолаушылардың бірінен міндетті түрде «Мұнда қазақ үй бар ма?» деп сұрайды. Ауылдағы ең танымал қазақ әкем болғандықтан жұрт біздікін нұсқап жіберетіні заңдылық. Сондықтан, түн ортасында әлде біреу есік қақса оған таңдануды әлде қашан қойғанбыз. Оның сыртында әлде бір шұғыл жағдай бола қалса да ауыл тұрғындары біздің үйді табады. Себебі, аймақпен, өзге қалалармен байланысатын телефон байланысы тек біздің үйде ғана бар.

Түн ортасында бір құдайы қонақтың келгенін ұйқылы-ояу жатып аңғарғанмын. Қазақша сөйлескені және даусына қарағанда әйел адам. Оның өзінде жас қыз-келіншектерге тән үн естілді. «Ай, осы дәу де болса Қасенге қалыңдық болып қалар» деп, ойладым ұйқылы-ояу жатып.

Таңертең тұрып қарасам, расымен де жасы отыздар шамасындағы бір әдемі келіншек шай ішіп отыр. Аты Алтыншаш екен. Жалғыз өзі келіпті. Әкем сұрақтың астына алып отыр. Мен де құлақ түре қалдым. Айтуына қарағанда, қалада тұрған. Сауда техникумын бітіргеннен кейін есепші болып жұмысқа орналасқан. Тұрмысқа шыққанымен некесі сәтсіз болыпты. Баласы туа сала шетінеп, күйеуі ішкілікке салынып ақыры ажырасып тынған. Жұмысында әлде бір күрделі жағдай туындап, дау-дамайға іліккенге ұқсайды. Сосын, бәрін тастап, пойызға отырған да шығысты бетке алып тартып отырған. Шекараға тым жақындап қалған соң жол-жөнекей жолаушылардан жөн сұраған. Сонда, вагонның жолсерігі осы жол бекетінде бірлі-жарым қазақ отбасылар тұратынын және әкемді танитынын айтып, тіпті үйді де көрсетіп жіберіпті.

- Аға, жөн білетін адамсыз ғой. Ауыл басшыларына айтып мамандығым бойынша жұмысқа орналасуыма көмектесіңізші! – деді, Алтыншаш.

Бәрінен бұрын мен қуанып кеттім. «Мына Алтыншаш Қасен ағаға қалыңдық болуға лайық екен» деп іштей алақайлап қоямын. Өзі сұлу әрі қазақ. Бұдан артық Қасенге кім керек? Көктен іздегені жерден табылды деген осы.

Әкем Алтыншашты басшыларға ертіп апарып теміржол бекетіне кассир етіп жұмысқа орналастырды. Әзірше, кассир бола тұрсын. Екі айдан кейін бір есепші зейнетке шығады. Соның орнына қоямыз деп уәде беріпті. Онымен де шектелген жоқ. Бір бөлмелі үй беріпті. Ауылдағы бес-алты қазақ отбасы артық-ауыс ыдыс-аяқтарын, төсек-жабдықтарын беріп, Алтыншашты көзді ашып-жұмғанша жеке отау ғып жіберді.

Енді, күйеу жігіт Қасен ғана керек еді. Оны шаруашылық бастығы аңшылар бригадасына жіберген екен. Бір-екі күнде келіп қалады деседі. Оны сарыла күтіп жүрген мен ғана. Үлкендердің ойларына ештеңе кіріп шығар емес. Зоотехник көкеміздің әйелі әлгі Алтыншаштан күйеуін қызғанып әуіре болып жүр. Зоотехниктің өзінде де бар сияқты. Оңашада әйелінің көзін ала бере сөз лақтырып қалса керек. Аса қырағы әйелі оны аңғарып қойып, үйіне барған соң күйеуінің екі аяғын бір етікке тығады ғой. Осы сәтті пайдаланып, сол жеңгеме өз ойымды айттым.

- О, қу шешек! Әй, Шәкеңнің осы ұлынан бірдеме шығады-ей. Табылған ақыл ғой, мұның! – деді де, бұл іске өзі кірісіп кеткендей болды.

Төрт-бес әйел бас қосып, күбірлесіп-сыбырласып жүріп Қасенмен таныстырды. Алтыншаштың олармен не сөйлескенін қайдан білейін. Бірде жылап отырады. Енді бірде әйелдердің бірдеме деп айтып жатқандарына басын изеп отырғанын көзім шалып қалады. Соған қарағанда бәріне көнетін де сияқты. Ондай жерге бала-шағаны жолатпайды. Біз де аулақ жүреміз. Ақыры, не десе де көндірген секілді екеуін қосып тынды ғой.

Осылайша Қасен байғұстың бағы жанды. Екеуі жарасып кеткендей болды. Қасен мен Алтыншаштың қолтықтасып клубта болатын ойын-сауыққа, киноға кетіп бара жатқандарын терезеден көріп, бірдеме тындырып тастағандай мен де мәз боламын. Алтыншаш та ғажап жеңге болды. Мереке, демалыс күндері азғана қазақ отбасы бас қосып, ел-жеріне деген сағыныштарын айтып, шер тарқатып бас қосады. Ондай отырыстарда Алтыншаш жеңгеміз гитарамен, домбырамен сүйемелдеп ән айтады. Музыка аспабының өзін сөйлетіп жіберердей керемет ойнайды. Ән айтқанда даусының кереметтігін айтсаңшы. Радиода ән шырқайтын атақты әншілерден кем түспейді.

Бірақ, Қасеннің әбден соры қайнаған жан екен. Бақыттан бал-бұл жайнаған жүзі тағы да сұрланып, қабағы қарс түйіліп, мұңға батып жүруіне тура келді. Қасеннің айдай сұлу Алтыншашпен бас қосқанына төрт-бес ай ғана өткен. Қыс пен көктемнің желді маусымы кетіп, жадырап жаз шыға бастаған мамыражай сәтте тас төбеден жаумай жасын түскендей жағдайға тап болды да аңтарылып қалды.

Бір күні Алтыншаштың бір жақ бүйірі қатты тесіп ауырады да артынша құсады. Шыдатпаған соң ауыл емханасына барады. Менің анам бар және өзге әйелдер оны бастабында жақсылыққа жорып қойды. «Е, талғақ шығар. Бала көтерген ғой» десті. Бірақ, ауыл дәрігері әкеме келіп аймақ орталығынан жедел жәрдем шақырттырды. Оның айтуына қарағанда, соқыр ішек деген ауруға тап болған. Аймаққа барып ота жасатпаса қауіпті көрінеді.

Жедел жәрдем де жүйткіп келіп, Алтыншашты Қасенмен қоса алып кетті. Ауыл дәрігері біздің үйге келіп телефон соғып науқастың жағдайын білді. Дереу ота жасалатынын, соқыр ішегі ішінен жарылып кеткенін естідім. Байбына бармасам да қауіпті екенін сезгендей болдым.

Оқушылардың жазғы демалысы басталғандықтан түннің бір уағына дейін кітап оқып, өте кеш жатамын да, түске дейін ұйқыны соғатынмын. Енді ғана оянғаным сол еді, ауызғы бөлмеде біреулердің дабырлаған дауыстары естілді.

- Алла аясын енді. Қасен бейшараға обал болды ғой.

- Енді ғана қатарға қосылып келе жатқанда...

- Амал нешік, біреудің көзі тиді ме екен...

- Елден алыс жүргенімізде қиын болды-ау!

Бала болсам да сезе қойдым. Алтыншаш дүние салған екен. Әкем ауыл басшыларымен сөйлесіп келгенін, олардың жерлеу рәсіміне көмектесетінін және марқұмның елдегі туыстарына хабарласқанын айтты. Алтыншаштың туған ағасы мен жеңгесі ұшақпен астанаға қарай жолға шыққан көрінеді, қаладан бері халықаралық жүрдек пойызбен шыққанның өзінде екі тәулік қонып зорға жетеді екен. Ал, жергілікті пойыз үш жарым тәуліктен де ұзақ сапарлайды. Үлкендер бас қосып көп ақылдасты. Күн ыстық. Күндіз қырық градустан да асып шыжып тұр. Мұндайда мәйітті ұзақ ұстауға болмайды, туыстарын күтпей жерлей бергеннен өзге лажы жоқ десіп жатты.

Алтыншаш марқұм ауылдың шеткері жағындағы бір төбешіктің үстіне жерленді. Қасен өңі топырақ қосылған күл секілді түтігіп кеткен. Қос жанарын бір нүктеге қадайды да үн-түнсіз тұнжырап тұрады. Тілін жұтып қойғандай ләм-им деп ауыз ашпайды.

Ертеңінде ағасы мен жеңгесі келіп жетті. Айналасы онға да жетпейтін қазақтың бәрімен Алтыншаштың алыстан келген жеңгесі алма кезек көріскенде естіген жанның сай сүйегін сырқыратып, іші-бауырды езіп жіберердей ұзақ жоқтау айтты. Ауыл басшылары мен көрші монғолдар да тілін түсінбесе де мұңлы әуеннің төркінін түсініп көздеріне жас алып тұрды.

Үлкендер жағы басу айтып, қазағы бар, қалқасы бар зорға сабасына түсіргендей болды. Ағасы сабырлы кісі екен. Көзінен парлаған жасты сүрте отырып былай деді:

- Қарғам Алтыншашым екеуіміз әке-шешеден ерте қалдық. Тұрмыстың ауыртпашылығын бір кісідей көріп, енді өз қолы өз аузына жетті-ау дегенде қыршыннан қиылды. Жуықта ғана бір хатын алып едім. «Күзде Қасен екеуіміз демалыс алып елге барамыз» деген еді. Алла ол күнді бізге жазбаған екен, амалым қанша. Мына қиыр шеттегі иен дала, құла жазықта қалың қалқаның арасында жалғыз қалды ма деп уайымдаушы едім. Құдайға шүкір, қандас бауырларым бар екенсіңдер, арулап мұсылманша жерлепсіңдер. Ажал қайдан жетсе, топырақ сол жерден бұйырады деуші еді, бұрынғылар. Адам баласы алғаш шыр етіп дүниеге келгенде, өмірінің соңында көмілетін жерінің шаңы бұрқ етеді деген де бар. Алтыншашымның мәңгілік мекені осы даланың ана бір төбешігі болған екен ғой. Дәм-тұзы осында таусылған екен...Өткен іске амал бар ма, артында бір түйір бала да қалмады...өкініш көп...амал нешік...

Осылай деді де әлгі жігіт ағасы үнсіз тұнжырап отырып қалды. Менің әкем бастап, өзгелер қостап жамырай көңіл айтып жатыр.

Елден келген ерлі-зайыптыларды бір аптадан соң шығарып салдық. Ауыл басшылары да вокзалға келіп, қош айтысты.

Қасенді көрген сайын ауыр күрсінемін. Оның жағдайы тым аянышты еді. Ешқашан жадырап күлмейді. Жылағанын да көрген емеспін. Бірақ, қабығы бір ашылмайды. Бір күні кешке ол біздің үйге келіп әкеме:

- Аға, мен қой фермасына кетіп барамын. Мұндағы жұмысымнан шықтым. Осында Алтыншашыммен бірге жүрген жерлерім, ана үйім де оны үнемі еске сала береді. Кейде түн ортасында қабір басына қалай барып қойғанымды өзім де сезбей қаламын. Алысқа кетейін деп шештім – деді.

- Қасен жан! «Өлгеннің артынан өлмек жоқ». Тірі адам тіршілігін жасамақ керек. Қайда жүрсең де аман жүр – деп, әкем оған батасын берді.

Уақыт өте келе бәрі ұмытыла бастаған. Әркім өз тірлік-тауқыметімен жүргенде, еңбек шартының үш жылы бітіп сондағы азғана қазақ отбасы бірнеше машинаға жүктерін тиеп, жаңадан ашылған бір шахтерлер қалашығына көшуге бет алдық.

Ауыл тұрғындары мен басшылары сән-салтанатпен шығарып салғаны әлі есімде. Ортамызда жалғыз Қасен ғана жоқ. Қой фермасында жесір қалған бір қалқа әйелмен тұрмыс құрып ауылда қалатын көрінеді. Басшыларға әкем оны тапсырып жатқанын құлағым шалды. Монғол басшылардың «Ол енді біздің күйеубала, біздің адам» деп жатқанын білемін.

Көшіміз алыс сапарға бет алып, біраз жүргеннен кейін жол бойындағы бір құдықта қой суарып тұрған малшы көрінген. Барлық машина тоқтады да «Қасен, Қасен» деп шулап жұрт солай қарай жүгірді. Мен де қосылдым. Қасен де қарсы жүгіріп келіп зар еңіреп жылағаны әлі де көз алдымда.

«Елден бірге келіп ек. Мен сорлы жалғыз қалып барамын. Тағдырым осылай болды. Мен енді қазақ емеспін, осында сіңіп, монғол болғаннан басқа амалым не, қайда жүрсеңдер де аман болыңдар!» деп тұрып, бәрімізді құшақтап өксіп-өксіп жылағаны жадымда өшпестей сақталып қалыпты.

- Қойыңды апарып, қораға қамап таста да бізбен бірге жүр, отыр машинаға! – десті, үлкендер жағы оған алма кезек.

- Жоқ, ағайындар! Мен енді, еш қайда кете алмаймын. Қалқа келіндеріңіздің аяғы ауыр. Ай-күніне тақап отыр. Қалқаның қызының жатырын жарып шықсак да ол менің ұрпағым ғой. Не көрсем де енді, осы шөлейт жақта қаламын – деді.

Машина алыстаған сайын бір орында тапжылмай тұрған Қасен кішірейе түсіп, біртіндеп қарайған нүктеге айналды да, көзден ғайып болды. Көк мұнар тартқан шөлейт дала артымызда бар сырын ішке бүгіп, үн-түніз көсіліп жатты.

2017.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар