Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Қуандық Шамахайұлы. Ұлы қиялгер жазушы неден қател...

23.04.2020 4128

Қуандық Шамахайұлы. Ұлы қиялгер жазушы неден қателесті? 12+

Қуандық Шамахайұлы. Ұлы қиялгер жазушы неден қателесті? - adebiportal.kz

Ғылыми-техникалық негізге сүйеніп шығарма жазудың хас ше­бері, атақты қиялгер жазушы Жюль Верн ХІХ ғасырда жазған жиырма шақты романында жүзден астам бол­жам ұсынған. Оның қиялдары­ның көптеген бөлігі ХХ ғасырда жүзеге асырылғаны тарихтан мәлім.

Әлем оқырмандарына аты мәшһүр Жюль Верннен соң араға қырық жылдай уақыт салып ағылшын жерінде дүние есігін ашқан Герберт Уэльс оның тікелей мұрагері іспетті ізін басты. Уэльс ХХ ғасырдың екін­ші жартысына дейінгі аралықта қа­лың оқырманын тамсандырған 20 ро­ман жазды. Соның ішіндегі ең әйгілісі осыдан тұп-тура 121 жыл бұрын жарыққа шығарылған “Ға­ламшарлар соғысы” деген кітабы бо­ла­тын. Герберт Уэльс те дәл Жюль Верн секілді әр романында қиял-ғажайып ойларды ортаға салды. Онысының көбі сол кезеңде шын­дыққа айналған болса, кейбірі ХХІ ғасырдың еншісіне қалып, бүгінде жүзеге асып жатқан көрінеді.

Алайда, екі жазушының ұқсас­ты­­ғымен қатар шығармаларының ныса­нында елеулі айырмашылықтар да кездеседі. Айталық, Жюль Верн мұхит, теңіз, алыс жолсапарлар мен саяхаттар тақырыбына аса ден қойып қалам тартса, Герберт Уэльс қақты­ғыс­тар­ды, соғыс техникаларының болашағын көбірек бейнеледі. Әлем оқырмандары бүгінде Герберт Уэльс туындыларын “Көрінбейтін адам” (1897) “Ғалым Мороның аралы” (1896) романдары арқылы көбірек таниды.

Ал, оның тақырыбының ау­мағы шын мәнінде өте кең болға­нын атап айту ләзім. Уэльс көбінесе, автокөлік, шынжыр табан танкілер, сүңгуір қайықтар, ұшақтар, шайтан арба, телефон, әуе шарлары секілді техникалық құрыл­ғылардың бола­ша­ғын болжады. Сонымен қатар әлемді шарпуы ықтимал соғыс өрттерін, тіпті өзге ғаламшарлармен арада өтуі мүмкін шайқастарды да қиял елегінен өткізіп қалам тербеді. Тағы бір қызығы, шаңсорғыш, ас үй құралдары секілді әдеттегі тұрмыс­тық заттардың да болашақта қандай болатындығын алдын ала болжап, жазып кетті.

Америкалық тарихшы Пол Краб­т­ридің мәлімдеуінше, Уэльстің шығар­ма­лары жарыққа шыққан тұста заты тұрмақ аты беймәлім болған көп дүниелердің кейін 80 пайызы орындалуға мүмкіндік тапса, дәл 60 пайызы жүзеге асы­рылған көрінеді.

Пол Крабтридің зерт­теуінің нәти­же­сінен белгілі бол­ғаны, оның қиялы­ның 20 пайызы мүлде негізсіз орын­далмас арман ретінде қарастырылған. Алайда, оны орындалмайды дегеннен гөрі әзірше уақыты келмеген, алдағы уақыттың еншісіндегі дүниелер десе болатын секілді. Себебі, аталмыш 20 пайыз негізінен гуманитарлық ғылым­дарға арналған екен.

Пол Крабтри өз зерт­теуінде Уэльстің ұсынған “бүкіл­әлемдік біртұтас мемлекет құру туралы” қиялын орындалмайтын еш негізсіз пайым деп таныған. Оған мен де сенгім келеді. Негізсіз болға­ны-ақ жөн болар еді. Алайда, үлкен өкінішке қарай, ұлы жазушы көз жұмарынан бір жыл бұрын (1946) БҰҰ-ның құрылуы келешектегі “Бү­кіл адамзат­қа ортақ үкімет ор­ны­ның” құрсақта пайда болған “бір тамшы суы” емес пе екен?

ХХ ға­сыр­дың келесі жарты­сынан бастап күшейе түскен жаһан­дану үдерісі бүгінде тіпті кәріне мініп алғаны сон­шалық, кеше ғана қаперсіз жат­қан қазақ даласын да дүр сіл­кін­діріп жатқан жоқ па. Саясаткер­леріміздің өзі жаһандану сөзін ауыздан таста­майтын жағдайға келді. Өстіп жүр­генде, күндердің бір күнінде “Әлем парламенті” жер-жиһанға жар салып, жер шарындағы әр ел бір-бір округке айналып, “депутаттарын” ұсына баста­масына кім кепіл. Жаһанданудың бір қырына үңіліп көрсек, соны көргендей боламыз. Алайда, сіз қайдағы жаман ырымды шығарып отырсың деп сөгуге асық­пай-ақ қойыңыз. “Жаман айтпай жақсы жоқ” дейтін қазақпыз ғой.

Қалай десек те, Герберт Уэльстің қиялы тығырыққа тірелген жоқ, керісінше, жүзеге асу уақытын күтіп тұр ма екен деген күмәнді ой санам­да сумаңдай береді. Сондай-ақ, ұлы жазушының қиялдаған “демокра­тиядан технократияға ауысу” жай­ын­дағы ойларын жүзеге аспайтын дүниеге балайтындар өте көп. Қай­дам.

Бұл тұрғыдан келгенде, басқа­ны айтпа­ғанның өзінде, қазақ ака­де­­мигі Асқар Жұмаділдаевті тыңда­сақ та жетіп жатыр. Расында, бұл өзі қа­лай болар екен деп ойланып қаламыз.

Алайда, қателеспейтін пенде бол­майтындығын Уэльс тағы көрсе­тіп кетті. Қанша дана қиялшыл бол­са да оның кейбір ойларының ор­ын­дал­маған тұстары да баршылық. Айталық, оның “әйелдердің үй шаруасынан аспай қалатындығы турасындағы” қиялы орындалмады. Ол ХХ ғасырда өмір сүрген бри­тандық азамат, ұлы қиялгер болса да Маргарет Тэтчер деген “темір әйелдің” өз елін басқа­ра­тындығын, ғасырлар тоғысында әлемдік саясатқа елеулі ықпал ететіндігін түсінде де көрген жоқ. Германия сынды батыс демокра­­тиясы дамыған елдерді айтпағанның өзінде Үндістан, Цей­лон, Түркия, Пәкстан сын­ды шы­ғыс мемлекеттерінің жо­ғары билігіне төменетектілердің қол жеткізетінін сол кезде біреу айтса, оған тіпті Уэльстің өзі де сенбеген болар еді.

Герберт Уэльс 1920 жылы Кеңес Одағына сапарлап, ұлы төңкерісшіл тұлға Владимир Ленинмен кездесіп, “Ала көлеңкедегі Ресей” атты кітап жазған. Онда да ол кеңестік қоғамның ұзақ тұратындығына сенбеді. Ресейді түн қараңғылығы жамылып келе жатқандай елес­теткен жазушы Ленин жайындағы эссесін “Кремль қиялгері” деп атаған. Қоғамдық дамудың заңды­лығы тұрғысынан келгенде, Ленин­нің арманы жазушыны сендіре алмады. Жалпы фантаст жазу­шылар ғылым, техника, технология сала­сында қамшы салдырмаса да қоғамдық ғылымның дамуы жағына келгенде мардымды ештеңе ұсына қоймайды. Уэльс те сол ізбен жүрді.

Бүгінге дейін гуманитар­лық салада Сен Симон, Шарль Фурье немесе Томмазо Кампанел­ладан озған утопист шыға қойған жоқ.

Ресей жайындағы Уэльстің көп ойлары шындықты дөп баса алмады. “Таяудағы он жылда Кеңес Одағы қытай жерінде саяси билігін орна­та­ды” дегенінің орындалмас қиял екенін бүгін көріп отырмыз. “Ресей қазіргі қатаң режімінің салдарынан батыс елдерінің көшінен көп артта қалады” деп санады. Алайда, кеңес елі әлемде алғаш рет ғарышқа адам баласын ұшырып олардың алдына шығып кет­ті. Мұны ұлы қиялгер болжай алмады.

Сөйте тұра ғалам­шарлар арасындағы соғыс жайында бүтіндей бір роман жазғанын қайтерсіз. Ондай соғыстың бетін әрі қылсын, әзір бола қойған жоқ. Дегенмен, ғарышты игеру сала­сын­дағы адам баласының ірі жетіс­тік­терінің нәтижесінде Ай немесе Марста өз иелігін құрмаққа бәсеке баршы­лық. Кейін қыза келе түрлі қайшы­лықтар туындауы мүмкін. Ондай жағдайда ғаламшарлар ара­лық соғыс болмаса да жер шарын­дағылар айды бөлісе алмай өзара тайталасуы әбден ықтимал.

Соны­мен қатар “ХХ ғасыр­да алып Ресей батыс және шығыс деген екі жікке бөлінеді, славяндардың бүйрегі Батыс Еуропаға қарай бұрады” дегені қазіргі Ресейдің ахуалына сәл де болса келіңкірейтін секілді.

“Қиялдар” кітабында Уэльс дамы­ған елдердің болашағы жайын баян­даған. Олардың тұрғындарын төрт ірі топқа бөледі.

Біріншісі, байлар, акция пакет иелері, банк қожайындары. Олар саясатқа ара­ласпайды, ел ал­дын­да ешбір жау­апкершілікті мой­ын­дарына алмай­ды.

Екіншісі, өндіруші топтар, олар білікті мамандар. Білім­дарлық­тарының арқасында әлеуметтің игілігі үшін ғылыми жаңалықтар аша­ды, жаңа құралдар жасайды.

Үшіншісі, өнім өндірмейтін, менед­жментпен, қаржыны бөлумен ғана шұғыл­дана­тын­дар. Олар сауда-саттықпен, саясат­пен айналыспайды.

Төртіншісі, төмен­гі топ, яғни, білім­сіз надан тобырлар. Ме­ханика­ландыру мен автоматтан­ды­рудың салдарынан жұмыссыз қалған­дар. Осы топтағылардың арасынан ұры-қарылар, қылмыстық элементтер туады деп болжаған.

Ұлы қиялгер адам баласын гендік, тектік жағынан тазартуды армандады. Тұқым қуалайтын науқасқа шалдық­қан­дар, ақыл-есі кемістер, маскүнем­дер, нашақор­лардың қоғамда бола­тындығын мойындаған Уэльс егер ондайлар әлеуметтік қамқорлықтарды көтере алмай қылмыстық жолға түссе аямай жазалауды, тіпті көздерін құрту арқылы өмірді тазартуды өз туынды­ларында ұсынды.

Болашақ мемлекет­тер қылмыскерлерді асырау үшін еш кінәсіз адал адамдарды түрменің күзетіне, бақылаушысына, қызмет көрсетушіге айналдыруға неге мүдделі болуы керек деген болатын автор. Уэльс те өзге мың­даған жазушылар секілді моральдық тазалықты қастер­леді. Алайда, әлі күнге дейін, өкінішке қарай, адам баласы ар тазалығын сақ­та­май ке­леді.

Генетика мен евгеника саласы қарқынды дамып, ірі ғылыми жаңалықтар ашылып жатса да әр жеке адамның текті, ақылды бала та­бу жайындағы армандарының орын­далуы қиынға соғып тұр. Бәрібір, “жазмыштан озмыш жоқ­қа” келіп тіреледі. Баяғыда ата-бабаларымыз “Я Алла, бала бер, бала берсең сана бер, егер сана бер­месең, шетінен бә­рін ала бер” деп тегін зарламаса ке­рек.

Адамзатқа аты әйгілі Бетховеннің өзі науқас ата-анадан жаралған. Бір отбасын­дағы бес баланың төртеуі жарымес болып туылғанда ең кенжесі Людвиг Ван Бетховенді Құдай ерекше жа­ратқан, әлемге аты мәшһүр компо­зитор болатындай дарын мен қабі­лет берген. Герберт Уэльстің фан­тас­тикалық шығармаларында жары­мес балалар туралы, әкесін танымай­тын есерсоқтар жайында көп айтылады.

Герберт Уэльс – атомның бө­лі­нуі, ядролық қарулар, лазер сәулесі сын­ды ғылыми жаңалықтарды бол­жай білген технологияның ірі қиялгері болғанымен қоғамдық-саяси өмірдің болашағын дәл тұспалдай алмаған жазушы.

Алайда, оның ғаламшарлар арасындағы ықтимал соғыстың қаупін алдын ала көре білуі әлемде теңдессіз қиялгер екендігін дәлелдей түскендей болады да тұрады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар