Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ. Ұтыс ойыны

02.11.2018 1112

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ. Ұтыс ойыны

(әңгіме)

Теңге құнсызданды деп жұрттың шулап жатқанын көмекшісі таңертең хабарлады. Жағыпар үшін оның маңызы қанша? Бірдеме деп ауыз ашуға құлқы да жоқ. Құлықтан да бұрын қорқатынын іштей өзі де мойындайды. Бүгінге дейін ауыз ашпай тыныш жүргенінің арқасында осы күнге жеткен жайы бар. Иә, ана бір құрдасының қаза тапқанына дәл бүгін сегіз жыл толған екен-ау. Мұндай қаралы оқиғаны аяқ астынан жиырма пайызға кедейленіп, абдырап қалған қалың ел есіне ала қоймас. «Неге менің ойыма дәл бүгін орала қалды екен?» деп, Жағыпар ақырын ғана күбірледі.

Қалың қазақ үшін оның өлімі қандай жұмбақ болса, қандай саясаткер болғаны да сондай беймәлім күйінде тарих қойнауына кетіп бара жатқандай. Бәрі де беймәлім күйінде қалды. Лауазымдық қызметте жүргенде ол жұрт алдында жылтыңдап шығып, көзге түсе бермей, сырын ішіне бүккен сырбаз саясаткер болатын.

Сайлауға түскен. Өтпей қалды. Дауыс санау өрескел бұрмаланды деп санаған ол лауазымынан кететінін мәлімдеді. Мәлімдеп қана қойған жоқ, кетті. Бірақ, көп ұзамай өмірден де өтті. Өз ажалынан емес, әрине. Арнайы тапсырыспен атылды. Жағыпарға да осы керек пе еді?! Әрине, жоқ! Жағыпар ондай көзсіз батырлыққа ешқашан бармайды. Сонысымен де оның бүгінгі таңда ұпайы түгел. Ал, қанша батыр болса да, ол өлді, өмірден кетті. Не ұтты?

Ал, Жағыпардың бұл өмірде ұтқаны көп. Жалғанды жалпағынан басып, не қаласа соны жасап, жүргенін ол көп жағдайда үнсіз қалатындығының арқасы деп біледі. Қазақ даналығы «үндемеген үйдей пәледен құтылады» деп қалай дәл айтқан десеңші.

Бүгінге дейін корпорацияны өзі басқармаса да, қазіргі отырған орны одан несі кем? Мұндай орынға жеткен де, жетпеген де бар. Дегенмен, Жағыпар сол бір орында ғана қонжиып отыра бермек пе? Ілгерілемек, өрлемек керек қой. Бірақ, қалай, қашан?

Осы сұраққа келгенде іштей болғанымен өзі де күмілжіп қалатын секілді. Кейде ішкі ойын оқып қойып, ана кісіге ізінше барып жеткізетін біреу дәл қасында тұрғандай үрейленіп, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап, көзі алақ-жұлақ ете түсетіні бар. Онысын бірнеше рет қасынан жиі табылатын көмекшісі мен ләппайшыл атқосшысы Темірдің де аңғарып қалғаны бар. Әрине, нақты себебін олар түсіне қоймайды. Сонда да екеуіне Жағыпардың күмәндана қарап, бірдемеден қуыстанғаны байқалып қалатын. Осындай орынды-орынсыз үрей мен қайдағы-жайдағы күдік-күмәннің бәрі де Жағыпарды барған сайын қажытып, қарадай әлекке салады.

Негізі, оның төбесінен қарайтын бір үлкен бастығы науқастанғалы көп болған. Егер беті бері қарамай олай-бұлай болып кетсе, оның орнына Жағыпарды апара алатынын айтқан бір қолдаушысы да бар. Ол жай адам емес, шын мәнінде, жоғарыға сөзі өтетін, қазіргі элита арасындағы өте ықпалды адам. Жағыпардың қазіргі арманы да, жоспары да өзін тікелей басқарып отырған үлкен бастығының орнына жылжып жету ғана болып тұр. Бұл бір қадам. Одан кейін бір аттаса... Оны дәл қазір ойлаудың өзі қорқынышты. Бірақ, армандау керек. «Боламын десем боламын» деп ұмтылу керек.

Ауыр ойдан арылып, алып ұшақтың терезесіне көз салды. Ұшақ төмендеп қонуға жақын қалыпты. Көзге таныс әуежай. Алыс жолдан аман-есен жеттім деген осы. Айнала көзге ыстық, көңілге жылылық ұялатады. Астана өз елінің бас шаһары ғой. Бірақ, үйіме келдім деп аса қатты тағы қуана алмайды. Ол жерде жас кезіндегідей жары мен бала-шағасы сағына күтіп отырған жоқ. Жүрегі шым ете түскендей болды.

Айналасындағы жолаушылардың бәрі үйлеріне асығып, мәз-мейрам. Үйге асығудың баға жетпес бақытын ойлағанда, Жағыпар ауыр күрсінді. Жағыпар үшін асығатындай ештеңе жоқ еді. Даңғарадай үлкен үйінде оны кім күтіп отыр? Азар болса, аспазы мен оққағары, аула күзетшісі ғана қарсы алар. Олар Жағыпарды сағынып отыр деймісің. Осыны ойлағанда көңілі құлазып, көкірегін мұң торлайды.

Балаларының кішкентай кезінде бәрі өзгеше еді. Елдегі элита өкілдерімен бірге Шығыс Азия елдеріне апта бойы сапарлап келген еді, бір жолы. Қызы әжептәуір өсіп қалған, ұлы енді ғана аяғын басып жүрген тұғын. Балаларына, әйеліне сый-сыяпат алу үшін барған жерінің бәрінде тыным таппай жүрген күндерін, алыс елден әкелген базарлығын үйіне келген соң жақын жандарына ұсынудің ләззатын айтсаңшы. Дәл қазір сол бір сәттерін қатты сағынады.

Әйелі кейде екі баласының бірін жетектеп, бірін көтеріп әуежайға келіп, күтіп тұратын. Одан бері онбес-он алты жыл ғана өтсе де тым алыста, ғасырлар қойнауына сіңіп кеткендей сезілетіні несі екен? Адам баласы сірә, тым ұмытшақ келеді-ау деймін. Ол кезде Жағыпардың қалтасы жұқа қарапайым жан болса да, бәріне көңілі тоқ еді. ал, Ал, қазір әмияны толы ақша, есеп шотында қыруар қаржысы болса да, көңілі қоңылтақсып, мүлде босап қалғандай.

Үйіне асығатындай ештеңесі болмаған соң ұшақтағы жолаушылардың соңы болып асықпай сыртқа беттеді. Әуежайда әдеттегідей шопыры күтіп тұр екен.

-А, басеке, ат-көлік аман-есен жеттіңіз бе? Канеки, сөмкеңізді маған беріңіз!

-Аманшылық. Өзің қалайсың? – деп, көлігіне қарай аяңдады.

Әйелі мен бала-шағасының бет-жүзін көрмей осылайша шопырының шығарып салуы, күтіп алуымен неше жылды артқа тастағанын есіне алды. Жағыпар шаршағанын қатты сезгендей болды. Алыс сапар, бөтен елдің шулы көшелері, қызметтік келісімдер, жалған күлімсіреп, өтірік тағзым еткен жасанды сый-құрмет, ашыналарының ақша үшін арын сатып қылымсыған алдамшы қылықтары, ағайын арасындағы, отбасы-ошақ қасындағы ит-тірліктер, ең ет-жақындары бола тұра суық бауыр болып, алыстап бара жатқан әйелі мен бала-шағасы оны әбден титықтатты. Оның жайын ұғар кім бар, қасында...

Жол жиегіндегі қаз-қатар тізілген ағаш жапырақтарының әп-сәтте сарғайып қуырап түсіп жатуы көңілдегі мұңды одан ары қоюлата түскендей болады. Жоғарыға ұсынылатын бағдарламаның жобасы бүгін кеңесте қаралмақшы екен. Үлкен бастық ауырып жатыр. Сонда да жиын өтеді. Аты дардай болғанымен бағдарламаны жүзеге асыруға қаржы көздері жоқ. Тағы бір арман-қиялдағы ғана бағдарлама болып қалары анық. Қаптаған қағаз «өнімдердің» қатарында мекемеден мекемеге жол тартып, қалықтап жүре берер. Оған Жағыпардың аса бір бас қатырғысы да жоқ.

Үлкен бастық емделіп жатқанымен екі апта бойы анау айтқандай шипа дари қоймаған көрінеді. Оның сырқаттанып, жұмысқа шықпағанын естіген ірі ұйым қызметкерлері жұмысты жинап қойған. Түрлі компьютерлік ойындардың көрігін қыздырып, интернет ақтарып, әлеуметтік желіге тіркелген фейк атауларымен араздасқан біреулерге аяусыз тіл тігізе есеп айырысып, неше түрлі қыжыртпа комменттер жазып уақыт өткізіп жатқандары анық.

Мәнсабы аса биік болмаса да жоғары жақтағыларға ықпалы зор бір көкесі ана жолы Жағыпарға үміт отын жағып кеткен еді. «Сенің төбеңнен қарайтын ана бастығыңның кешікпей жаназа намазына баратын шығармыз. Енді, оның орнын сен өзің басуың керек. Мен дөкейге құлаққағыс етіп қоямын. Сен әр қадамыңды аңдып бас. Өте сақ болғайсың!».

Мұны естігенде, Жағыпар бір жағынан ыңғайсызданып та қалды. Төсек тартып жатса да, әзірше тірі адамның тағына жармасу адами тұрғыдан біртүрлілеу секілді. Бірақ, оған жетсе, арғы жағы ... Әрине, мәнсап жолында алдынан шамнан шырақ жағылары анық. Мұны ойлағанда, Жағыпар көңілдегі кірбіңнің бәрінен арылып, күн шуағына малынғандай күй кешеді.

Амалы нешік, бәсеке деген ми батпақтың балшығын белуардан кешіп жүр екенсің, соның мейрімсіз қатал заңымен митыңдауға мәжбүрсің. Оның белгілеп берген шартымен соңына дейін ойнап шығуың керек. Бұл жерде адамгершілік, дені сау ой-сана, парасат атаулыны ысыра тұруың қажет. Кім күшті, айлакер болса сол жеңіп, үйірін басқаратын жыртқыш аңдар әлемінің заңдылығын ұстанасың. Бәсекелесіңді аяусыз төпештеп, сұлатып барып, алға баспасаң, саған орын жоқ.

Шопыры қалаға жақындағанда «Үйңізге қарай бұрылайын ба?» - деп сұрады. «Жоқ, тіке тарт, жұмысқа барамын».

Телефоны дың етті. Студент мисс хабарлама жазыпты. Оның жылдық оқу ақысын төлеуі керек екен. «Темірге хабарлас, мен айтты де, ақша берсін» деп жазып жөнелтті. Кеңседегі көмекшісі қоңырау шалды:

-Тура жұмысқа келесіз бе?

-Иә, келе жатырмын.

-Басеке, ана жолғы блогер сөйлесті. Сізге қатысты бір деректер қолына түскенге ұқсайды.

-Не дерек екен, онысы? Ақша бопсалап тұр ма?

-Солай секілді. Тағы екі жерлесіңіз келіп күтіп отыр.

-Мені бүгін келмейді деп екі жерлесті қайтарып жібер.

-Жақсы. Ал, әлгі блогерді не істеймін?

-Ол әумесірге айт, түстен кейін хабарлассыншы.

-Сіз сағат үште жоба кеңесшілерімен кездесуге барасыз ғой.

-Солай ма еді?

-Кешкі бесте бірінші орынбасар емханаға барып, үлкен бастықтың көңілін сұрайды екен. Алдын ала келісіп қойған көрінеді.

-Оған айт, менімен бірге барсын.

-Айтып қойғанмын.

-Әй, бәрекелді.

Көмекші пысық жігіт. Осындай жігітті тауып әкелген Темірге қалай разы болмайсың. Ана бір блогер неме атасының басын тіміскіп жүр ме? Әйтеуір, жүйкеге тимесе, жүре алмайды, оңбаған немелер.

Бірінші орынбасарды бақылаудан шығаруға болмайды. Ол үлкен бастықтың өз адамы. Оны жоғарыдағы дөкей де тәуір көреді деп естіген. Онымен бірге барып, бастықтың көңілін сұрауы керек. Әй, қу мәнсап-ай! Тірі адамды көрге сүйреп, реті келсе, тез жөнелтіп, орнына отыра қалудың қамын ойлаған пендешілікті айтсаңшы.

Осындайда, жас кезінде ерекше ықыласпен ізденіп, зерттеумен рақаттана айналысқан ғылыми қызметкер болған шағының бақытты дәурен екенін еріксіз мойындайды. Қазіргі күйі адамгершіліктен безген жиіркенішті кезең.

Тағы да көмекшісі телефон соғып тұр.

-Иә, айта бер.

-Басеке, әлгі блогер тағы да хабарласты. Сіздің облыста тұрған кезіңіздегі әлдебір өндіріс туралы мәселе дейді. Күллі құжаттарының көшірмесі жасалған, мақала жазылған, енді, порталға жарияламақ көрінеді.

-Сволочь!

Қаны басына өрлеп, ызаға булыққанда осылайша орысша боқтап жіберді. Мәскеуде докторлық қорғағалы жүргенге осы сөзді жиі қолданушы еді. Ол тұста жүйкеге тиетін дүниелерге жиі тап бола беретін. Бірақ, қорғап келген соң мамыржай бір тамаша тірлік орнаған. Сол күйі ғылымға кеткенде ғой...

Жат елдегі іс сапардан орала салысымен үйіне де бармай, бір кесе ыстық шай ішуге де мұршасы жоқ, жүрген кейпі мынау. Дәл осы кезде әлдеқашан дүниеден өткен анасын еске алды. Шет елден емес, сабақтан келгенінің өзінде тәтті-дәмдісін алдына қойып, шайын демдеп құйып отырушы еді, қайран дүние-ай! Әйелінің түрі анау, бөтен елде ғұмыр кешіп, енді тіпті, уақыт озған сайын жат жанға айналып барады.

Жағыпардың ту сыртынан әлде бір оңбағандар тас атып жүргенге ұқсайды. Оның қазіргіден биік орынтаққа қарай өрлегелі жүргенін біреулер сезіп қойған-ау, шамасы. Осыдан оншақты жыл бұрын аймақты басқарған кезінде бір шағын комбинаттың есеп балансын ретке келтіріп, қарызынан арылтып, інісінің атына жекешелендіріп алғаны рас.

Қазіргі бәз біреулердің миллиардтап қылғытып жатқан тірліктерінің қасында, онысы не тұрады, тәйірі. Жай бір құмырсқа тірлікті осыншама дабырайтып жүрген ана бір блогерсымақтың бопсалауын қарай гөр, сілімтік. Көзіне көк шыбын үймелетіп, есінен тандыра тепкілетсем бе екен?

Бірақ, тағы абайлау керек. Алдымен, оны кім жұмсап отыр? Кімнің адамы екенін білмей тұрып, асығыстық жасауға болмайды деп шешкен Жағыпар оққағарына телефон шалып, тапсырма берді.

Күндіз сілікпесі шығып шаршайды. Түнімен қайдағы-жайдағы шым-шытырық түстер көріп, азаптанып шығады. Көзі ілінсе болды, көпсериялы экшн фильмдер көргендей болады. Түсіндегі шытырман оқиғалардың бас кейіпкері де әрдайым өзі. Шаршайтыны да содан.

Соңғы кезде әлде бір жын иектеп алғандай үнемі сәтсіздіктер алдынан кесе көлделең шыға беретін болып жүр. «Жайланып бір демалсам ғой» деп сыбыр еткені сол еді, ізінше бір хабарлама «тоңқ» етіп телефонына түсе қалды.

Әлде бір бейтаныс нөмір. Әдетте, белгісіз біреулердің қоңырауына жауап бермейтінін білетін болса керек. «Аманбысың, жаным! Шаршап жүрген боларсың, кешке уақытың болса, маған хабарлас! Бұл менің жаңа нөмірім. Күтемін. Гүл-мисс» - депті.

Жағыпар үйіне барып түстенбекке, кең дәлізден тысқа қарай беттегені сол еді. Оққағары жақындап келді де:

-Сізді өткен жолғы мейрамханада Гүл-мисс күтіп отыр – деді.

«Жұмыс уақытында шақырғанына қарағанда, тығыз шаруа шыққан-ау» деп ойлап үлгерген Жағыпар жүргізушісіне көлікті кері қарай бұруды бұйырды. Мейрамхананың қожайыны бұрын облыс әкімінің орынбасары болған, қулығына құрық бойламайтын пысық біреу. Қазір мейрамханасын түріктерге жалға беріп қойған көрінеді.

Соңғы кезде Жағыпар жұрттың көзіне түсіп қалмаудың қамын қатты ойлайтын болған. Елдегі баспасөз атаулының бәрін дерлік өкімет қол астына алып, қатаң бақылау орнатқанымен, ешкімге дес бермейтін әлеуметтік желі деген пәле бар. Қазір қия басқан танымал лауазымдыларды кез келген жерде бейне таспаға түсіріп алып, интернет арқылы таратып жіберу әркімнің қолынан келетін іске айналған. Олардың арасында неше түрлі алаяқтар да бар. Әлде бір жөнсіз әрекеттерін түсіріп алса, қоқаң-лоққы жасап, ақша талап етуден де тайынбайды.

Ел астанасындағы ойын-сауық орындары мен мейрамханалар жүйесінің тізгінін ұстаған өзге ұлт диаспорасы өкілдері ықпалды лауазымдылар келсе, құрақ ұшып қарсы алады. Онысы жайдан жай емес, алысты көздеген жымысқы ойлары басым.

Гүл-миспен оны таныстырған баяғы сол Темір болатын. Өзіне дейін Гүл-мисс талай шонжарлармен әуей болған атақты сылқым. Шетелден келген инвесторлардың де көңілін тауып, талайымен төсектес болған бұл жас әйел қылымсыған қылығымен де, мінсіз сұлу көркімен де талай еркектің көз құрты дерсің. Өзінің көркі мен қылығына әбден сенген мисс қалталы жігіттерді қолғапша айырбастап келген.

Соңғы төрт жылда Жағыпармен жүре бастаған соң оның қатаң бақылауына түсіп, аяғына тұсау салынған жайы бар. Ол Жағыпардан шекесі торсықтай бір ұл тапқан, қазір оның жасы үштен асып барады.

Өз кезегінде адамдармен тіл табысып кетуі қиын, мінезі ауыр әрі ызақор, кекшіл Жағыпарды шын мәнінде, осы Гүл ғана жағымды қылығымен, жібектей мінезімен баурап, көз тойдырар көркімен арбап, қысқа да нұсқа сөздерімен ұйытып, көп жуасытқаны тағы бар. Соның арқасында Жағыпар бір мәнсаптан түсіп қалса, екіншісіне жармасып, жерде қалмай келе жатыр. Оған Гүлдің де өзіндік ықпалы бар.

Лауазымнан кеткен талайлардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, бастары пәлеге қалып жатыр. Жағыпарға ондай күйенің жұғып кетпеуіне жалғыз қайын атасы ғана қорған болып тұр десек, қателескен болар едік. Айлакер жас әйелдің елеулі үлесін Жағыпар да бағалай біледі.

Ана жылы орынтағын босатқан күні кешкісін жыларман күйде осы Гүлге келген.

-Еш абыржыма, жаным! Ана бір армян көріпкелге бал аштырдым. Сен бұдан да үлкен қызметке тағайындаласың. Мен де қарап отырған жоқпын. Ана жаққа сөзі өтетін біреулерге айтқызып та қойғанмын – деп, Жағыпарды нақ сүйері тыныштандырған.

Сол кезде екі көңілдес үш тәулік бойы төсектен тұрмай аймаласып, дәмді-тәттінің бәрін түгендеп, шараптың буымен масайрап, жалған дүниенің ләззатына құмарлана батқан еді. Келесі күні аппаратқа шақырған соң кеткен. Кешкі жаңалықтарда оның лауазымға тағайындалғаны хабарланды. Кешкісін келем деп алып оралмаған соң Гүл оны аппараттағылармен бірігіп, портфелін жуды деп топшылаған. Бірақ, үш күн бойы хабарласпады. Телефоны ұдайы сөндірулі тұрады.

Қандай жағдайда болсын, Гүл жұмыс уақытында Жағыпарға телефон соқпайтын әдеті бар. Оның қоңырау шалатын уақыты кешкі тоғыздан кейін ғана. Бүгін келмесе, көмекшілеріне ме немесе топтағы жігіттерінің біріне телефон шалайын деп отырғанда үй қызметшісі Жағыпардың келгенін хабарлады.

Сәлден соң екі езуі екі құлағына жетердей ыржия күліп, бейкүнә түр жасап алып Жағыпар кіріп келе жатты. Оның қайда болғанын, неге келмегенін Гүл сұрап та жатпады. Жағыпардың соңғы кезде тағы бір ұйғыр қызбен әуей болып жүргенін ол әлдеқашан біліп алған. Үш күн бойы соның қойнына жатып келгенін сұрамай-ақ біліп тұр еді. Ұстамды әрі ақылына көркі сай Гүл-мисс бәрін білсе де ауыз ашпайды. Опасыздығын бетіне басып, теріс қарап кетер-ақ еді. Бірақ, Гүл оның некелі әйелі емес, ана ұйғыр қыз секілді өзі де көңілдес есебіндегі адам. Оның сыртында жалғыз сол ұйғыр ғана дейсің бе, өзге қанша ұрғашымен қайда, қалай қыдырып жүргенін ит біле ме.

Реті келсе, оның төмен етектілермен жанаса кетуге даяр тұратын мінезін Гүл жақсы білсе де аңғармаған түр көрсете салады. Заңды отбасы, бәйбішесі сонау Еуропада, мұнда өзі салт басты, оның еркіндігіне тұсау салатын ешкімнің жоқтығы да басы ашық әңгіме. Соның өзінде заты әйел болғандықтан Жағыпардың бетіне күдіктене көз тастап қояды. Ондай кезде балаша жыпылықтап, абыржып қалатыны аянышты әрі күлкілі көрінетінін қайтерсің. Қорбаң қағып, ебедейсіз жүгіріп, әлде бірдемелерді айтып, барынша Гүлдің көңілін табуға тырысып кеткенін көргенде лезде ашуы тарқап сала береді. Сол сәтте жақсы көріп кететіні соншалық, қапсыра құшақтай алып, қатты мыжып тастағысы келеді. Бір жақсысы, ол әрдайым Гүлдің сөзін тыңдайды, айтқанын орындайды. Кейде Гүл өзін бәйбішедей сезініп кететіні де бар.

Жағыпардың көңілінің хошын келтіретін тағы бір-екі жас сылқымдармен қатар жиі жуығысып тұратын «студент мисс» деген біреудің бар екенін Гүл әзірше білмейді. Жасы бар, орташасы бар қанша ұрғашымен төсектес болса да солардың арасынан пәк таза күйінде ұшырасқан біреуін кездестірген Жағыпар жоқ. Бәрі қолдан қолға өтіп, төсек қатынасына әбден маманданып алған пәлелер. Бәйбішесі де студент кезінде пысықайлардың уысына түсіп, алданып қалып, опық жеген біреу болып шықты. Бірақ, оны жасының үлкендігіне, бұрын-соңды «бүлінгеніне» қарамастан алған себебі, өліп-өшіп сүйгендігінде емес. Керісінше, әкесінің елге белгілі тұлға әрі мәнсабы биік шонжар болғандығының арқасы болатын.

Бәйбішенің де Жағыпарға емешегі үзіліп тұрғаны шамалы болса керек. Байсыз отырып қалуға болмайды. Тұрмысқа шығып бала сүю керек. Әкесінің беделі бел асып тұрған шақта мәнсап қуған пысықай Жағыпар ұшырасып, сөз салған соң жасының кіші екендігіне де қарамастан қосыла салған жайы бар.

Осындай бақай есеппен үйленсе де бәйбішесінен көрген ұл-қыздарын өлердей жақсы көретін Жағыпар ажырасуды ешқашан ойына да алған емес. Өз кезегінде Гүл де оны өзімен бірге болуға мәжбүрлеуден аулақ. Бастысы, өз кіндігінен туған баласына жағдай жасап жүрсе болды.

Жалпы, мына Гүлдің өзі де еркіндікті қалайтын әйел. Біріңғай Жағыпардың ұсынатын ақша-қаражатына ғана телміріп отырған жоқ. Өзі еті тірі, ептеп сауда-саттыққа да қамшы салдырмайтыны бар. Жағыпардың оған қатты бүйрегі бұратыны, Гүлдің әңгімені майын тамызып айтатыны және қоғам өмірінің барлық саласынан әрдайым хабардар болып жүретіні.

Қаланың да, даланың да ықпалды адамдарының арасында Гүлдің таныс-тамырлары да жеткілікті. Соның арқасында естімейтін-білмейтіні де жоқ. Одан естіп, білген әңгімелерінің кейде Жағыпар үшін аса құнды ақпаратқа айналып, өзіндік пайдасын тигізіп жататынын Гүл қайдан білсін.

Бірақ, бұл әйелдің де есебі түгел. Жағыпардың аймақты билеп тұрған кезін пайдаланып, қалаға келген шетел инвесторларының шаруасын реттеп беріп, Гүл жол ортадан қомақты пайда тапты. Өзінің жеке бизнесін ашып алды. Әл-ауқаты мықты бір фирмаға делдалдық жасап, жол құрылысына бөлінген қаражаттың қомақты бөлігін өз пайдасына жаратып алған кездері де болған.

Көңілдесінің бабын тауып, шаруаларын оңдап бергендігінің арқасында қытайлық сауда өкілдерінен, түрік бизнесмендерінен қомақты сыйақы да алды. Соның арқасында Есіл өзенінің сол жағалауындағы коттедж қалашығынан ойып тұрып жер алғаны, сонда үш қабатты зәулім үй салдырғаны өз алдына бөлек әңгіме. Пысық мисс онымен де шектелген жоқ. Қаладағы ең әйгілі сауда үйіне қожалық етумен қатар, көршілес Қарағанды қаласына баратын күре жолдың бойына қой, сиыр, жылқы фермасын салып, бірқатар малшыға жұмыс тауып беріп отыр.

Жалпы, ол сауда-саттық пен кәсіпкерліктің пайда көзін біршама тапқан әйел. Ақшаны таба білетіні секілді, Гүл оны шаша да біледі. Арып-ашып алдына келіп көмек сұраған жандардан ештеңесін аямайды. Ауру-науқастар емделуге дей ме, өнер адамдары демеуші бол дей ме, ешбірінен бас тартпайды. Сұрағанын беріп қоя береді. Жетім-жесір талай жандардың батасын алды, қиналғандарға қол ұшын берді.

Бірде оған Жағыпар «Сен тым береген екенсің» дегенде, «Алаған қолым береген. Мен ақсұңқар құспын. Жемімді басып жемеймін, шашып жеймін» деп аузын жауып тастағаны бар.

Жасы енді ғана отызға келген Гүлдің көңіл жарастырып жүрген Жағыпардан бөлек, жас шамасы өзімен қатарлас сүйіктісі тағы бар. Бүгін сол көңілдес жігітінің басына күн туған соң Жағыпармен бетпе бет сөйлесу қажет болды.

Жағыпар мен Гүл екеуінің жолықпағанына да жарты жылдай болып қалыпты. Жан-жағына алма-кезек қарап алып, оңаша кабинада үстел басында жалғыз отырған Гүлдің қасына келді. Ол орнынан тұрып екеуі құшақтасып, сүйісіп амандасты.

- Жағдайың қалай?

- Шүкіршілік.

-Мен мұнда өткен аптада ғана жігіттермен келгенмін. Қайта-қайта бұлардың көзіне түскім келмеп еді. Тығыз шаруа шыққан болар деп амалсыздан...

- Иә, Жәке! Әлгі менің жерлес досымды кеше тұтқынға алды...

- Ана бір басқарма басшысы ма?

- Дәл өзі. Пара алу үстінде... департамент жігіттері...

- Түсінікті. Не істеуім керек?

- Сотқа жеткізбей босату қажет боп тұр.

- Ойластырайын... Арнайы операция жасалған соң олардың босата қоюы екіталай... Бірақ, бір жөні болар. Сен мына шетелдіктерден аулақ жүрші. Сенуге болмайды. Жарайды, мен кеттім. Мұнда тамақтанбаймын.

- Жәке, бәрі дұрыс болады ғой... – деді, Гүл кібіртіктеп.

- Үмітіңді үзбе! Өзім хабарын беремін.

Жағыпар асығыс қоштасып кетіп қалды. Өзі хабарын беретін болса, істің сәтімен бітерін Гүл жақсы біледі. Жағыпардың бір жақсы қасиеті, болмайтын шаруаны «бітпейді» деп кесіп-пішіп тура айтады. «Үмітіңді үзбе» дегені, дереу қолға алып, нәтиже шығаратындығының нышаны.

Расында, Гүлдің болжағанындай-ақ болды. Түстен кейін Жағыпар жабық нөмірден телефон соғып «Бәрі дұрыс» деп қысқа ғана тілдескен. Кешкісін басқарма басшысы қамаудан босап шығып, Гүлге өзі хабарласты. Өмір деген шіркін, ұтыс ойыны ғой.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар