Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Қуандық Шамахайұлы. Жат жерде...

02.06.2020 5341

Қуандық Шамахайұлы. Жат жерде 12+

Қуандық Шамахайұлы. Жат жерде - adebiportal.kz

(әңгіме)

1. Жеті атан жүк

Төбеге шығып дүрбі салып тұрған Шәміл алғашқыда қатарласа шауып келе жатқан төрт-бес аттың қарасын көріп, қуанып қалған. Бірақ, оның бірі ғана салт атты адам. Өзгелері жетекте келе жатқан бос аттар екеніне көзі жеткенде бойын үрей биледі. Құла атты кісінің Махмет хатшы екенін танып тұр. Әкесінің күрең қасқа жүйрігі мен бірге қатарласқан екі ат та жетекте келеді.

Сапарға кеткен жолаушыны күтіп алуға барған адамның бос аттарды жетектеп жалғыз өзінің сопайып оралуы жақсылықтың нышаны емес екенін сәби жүрегі сезгендей дүрсілдеп соға жөнелді. Әкесі де, Құдыс ағасы да келмеген. Үлкендердің әңгімелерінен құлағы шалған «маршал» дейтін құбыжықтан бір пәле келді, соның қолына түсіп, құтыла алмай қалып қойды деп ойлады. Көз алдына әкесінің қараңғы жерде қамалып отырғаны елестеп, бойын үрей билеп кетті.

Төбеден мойнын салбыратып, ілбіп төменге түсті. Сүйретіліп үйге кірді де, шешесіне:

- Апа, әкемнің күрең қасқасын Махмет хатшы жетектеп келе жатыр. Қасында Құдыс ағам да көрінбейді. Әкем енді, оралмайды-ау! Әлгі маршал деген жалмауыз екеуін де ұстап алған шығар – деді де, өксіп-өксіп жылап жіберді.

- Япырай, мына ұлға не көрінді? Қалада шаруасы болып, осы жолы келе алмаған шығар. Несін уайымдайсың? Бүгін болмаса, келесі аптада келер – деп, шешесі ұлына басу айтып тысқа шықты. Осылай десе де, өзінің де көңілі күпті еді. Расында ер тоқымы мен жүген-ноқтасы түгел болғанымен мінген иесі жоқ аттар Махметтің жетегінде бос келеді.

Он-жиырма жігіт жабылып, тек ат үстінде ғана уағын шаншып, үзігі мен туырлығын жабатын Дөңтайдың еңселі ақ ордасынан үлкен-кіші, бала-шаға демей бәрі тысқа шықты. Отаудан ұлы Хамилат пен келіні Болатхан да жүгіре басып жетіп, өң-түсі өрт сөндіргендей түтігіп кеткен Махмет хатшының аттан түсуін күтіп тұрды.

Аттың шылбырын қарсы алдынан шыққан жігіттерге ұстата берген Махмет хатшы жиналған топтың алдына келіп:

- Оларды ұстап кетті, үшеуін де бірге! – деді. Әйелдер жағы ұлардай шулап, жылай жөнелді. Оларды сабырға шақырып, «тәйіт!» деп, зекіп тастаған Хамилат Махмет хатшыны үйге кіргізген соң:

- Үшеуі дегеніңіз қалай? Қаладан кім еріп келіп еді? – деп сұрады.

- Қаладан Нүкей де бірге келген екен. Машинадан түсе берісімен жасыл қалпақтылардың шеріктері Дөкеңді тарпа бас салып, тұтқындады. Құдыс пен Нүкей ара түспек болып еді, мылтық оқтап, ол екеуін де бірге байлап-матап ала жөнелді. Бар көрген-білгенім осы...

Үш күннен кейін ауылға бір топ әскер киімділер келді. Ішкі істер басқармасының офицері мен қауіпсіздік бөлімнің екі өкілі Дөңтайдың үйіндегі барлық дүние-мүлікті тізімге алып, кебеже-сандықтан бастап, бума-бума бағалы маталар, жаңадан тігіп, жинап қойған өңі түзу киім-кешектерге шейін үлкен түйе қаптарға салып, бәріне арнайы белгі соғып, мөр бастырып тастады.

Мылтығының ұшында найза секілді жебесі бар әскерлер жағалай қоршап тұрды.

Өрістен арнайы жинатып әкелген жылқылардың ішінен құнан, дөнен, бестілерді таңдап бөлдіріп алған жасыл қалпақтылар отызға тарта жылқыны екі әскерге айдатып жіберді. Олардың арасындағы шұбар ала жорға тайын Шәміл «құру-құру» деп дыбыстап шақырып еді, айдаудан бөлініп қашты да, тайпалтып отырып қасына келді. Соңынан қуып келген әскер кілт тұрып қалды. Қолында дайын тұрған қайыспен дереу ноқталап ала қойған балаға дүрсе қоя берген офицер:

- Тайды босат! – деп бұйырды.

- Бермеймін! Бұл менің тайым – деді, Шәміл.

- Сенікі болған. Енді өкіметтікі!

- Мен өз тайымды ешкімге бермеймін!

- Босатпасаң тап қазір өзіңді атып тастаймын! – деп, офицер мықынындағы тапаншасын суырып алды.

- Мә, ат! – деп, Шәміл ызалана айғай салып, кеудесін ағытып оқталған тапаншаға ұсынды.

- Мұның не, Шәміл? Бере сал, қайтейін деп едің? – деген Хамилаттың сөзін құлағына да қыстырмаған Шәміл әлгі офицерге:

- Неғып тұрсың? Атсаңшы, енді! – деп айғай салды.

Тапанша кезеген офицердің қасына келген қауіпсіздік ұйым өкілінің бірі оған қаруын түсіруді бұйырды да:

- Мықты бала екенсің! Астындағы көлігін қорғай білген азамат еліне де адал қызмет ете алады. Тайыңды өзіңе қалдырдық! – деді, Шәмілдің қылығына сүйсінген кейіппен.

Кішкентай Шәміл үшін бұл үлкен жеңіс болды. Бала болса да, өзінің қайтпас қайсарлығын дүйім жұрттың алдында паш еткендей еді. Жасыл қалпақтылардың басшысы Хамилатты шақырып алып:

- Мұндағы біз белгі қойып, мөр бастырған заттарға қол тигізуші болмаңдар! Біз барлығын түгелдей тізімге алдық. Шашауын шығармай бес күннің ішінде Улиастайға жеткізесің! Басқармаға барып, мені сұрастырсаң болды. Өзім комиссиямен бірлесіп, қабылдап аламын. Егер тізімдегі заттан бір түйір тебен кемитін болса, маған ренжіме! Әкең мен ағаларыңды қамаған абақтыға сені де апарып жабамын. Ұқтың ба? – деп, сұстанды.

- Ұқтым, жолдас бастық! – деп, Хамилат бас изеді.

Ауылға шақырусыз келіп, дүние-мүлікті тәркілеп, жылқы ішінен таңдап тұрып, тәуірлерін сұрыптап тартып әкеткен қызыл партияның жасыл қалпақты жендеттері қайтарында да жай кете салмады. Махмет хатшының қолын артына қайырып байлады да атқа мінгізді. Үзеңгіге салған екі аяғын қосақтап матады да, аттың шылбырын бір әскерге ұстатып, ала жөнелді. Оған таққан айыбы «Дөңтаймен сыбайласып, Жапонияға тыңшылық жасаған» дейді. Ұлардай шулап, жылап-сықтаған қатын-баласы қалды артында. Ауылдастары оларды жұбатып, сабырға шақырып жатты.

Қос жұдырығын тас қып түйіп алған Шәміл ауылдан ұзап бара жатқан қару асынған топтың соңынан далдаға түсіп, қарасын батырғанша ызалана қарап ұзақ тұрды. Шұбар жорға тайын жетелеп, ат байлайтын ағаштың қасына келген қаршадай бала өзін бірталай жасқа есейіп кеткендей сезінді.

Ауылға суыт келіп, тапа-талтүсте жылқымен қоса апталдай бір азаматты да көпе-көрінеу тұтқындап әкеткен аталмыш қарулы топ жеті жасар Шәмілдің балалық балдәурен ғұмырын да сол сәтте тартып әкеткендей еді...

Ертеңінде ауыл азаматтары мөр басылып, тәркіленген заттарды түйеге артты. Жүк тиеу үшін Дөңтайдың өз шаңырағына тиесілі оншақты атан түйе өрістен таңдалып әкелінген еді.

Күміспен әшекейлеген оюлы кебежелердің ішінде тайтұяқ алтын, асыл тасты бұйымдардан бастап, құндыз бен сусардың, қасқыр мен түлкінің иленген тері-терсегі де, қозының елтірісі де, жалпы сол дәуірдегі ең қымбат та бағалы зат атаулының неше атасы бар еді.

Айтып-айтпай не керек, өз елінде әл-ауқаты мықты, дәулеті басым әрі өз заманында халықтың ағартушы ұстазы, елін басқарған аудан әкімі, топ жарған қалаулысы болып, орталық өкіметтің сенімді тұлғасына айналған Дөңтайдың осы жасқа дейін жиған-терген байлық-қазынасы осылайша жеті атанға жүк болып, үкіметтің еншісіне кете барды.

Неше жерден «мал ашуы – жан ашуы» делінсе де, азаматтың бір басынан артық дейсің бе. Артында қалған жары мен бала-шағасы жеті атанға жүк болған осынау мүліктің бодауына Дөңтай, Құдыс және Нүкей үшеуі босап келсе болғаны десіп, арыстардың тілеуін тілеп қала берді.

Жүк керуеннің бұйдасын Хамилат қолға алып, ауылдың бір топ жігіті жол ортасына дейін шығарып салды. Улиастайдағы ішкі істер басқарманың дуалына енгізген жеті атан жүкті ана жолғы офицер мен бейтаныс үш қызметкер бірге келіп, тізім бойынша санап алғанша түс ауды.

Жүкті түсіріп, қоймаға енгізген соң офицер Хамилатқа:

- Енді, боссың! Қайта бер! – деп бұйырды.

- Түйелерімді алып кетейін! – деді, Хамилат.

- Бұл атандарың да енді, қазынаның иелігіне алынады. Саған анықтама қағаз береміз. Жеті атаныңды да осында қалдырасың! – деп офицер кесіп айтты.

- Жарайды, басеке! Оған да көндім. Менің сізге өтінішім бар.

- Мейлі, айта бер!

- Әкем мен екі ағаммен жолықтырсаңыз екен. Бірауыз тілдесіп, хал-жағдайларын білейін. Әкелген ас-суымды берейін.

- Оған менің құзіретім жетпейді. Тергеу абақтысына барып, сондағы бастықтарға өтінішіңді өзің айтарсың! – деді де, офицер Хамилатты атын жетектетіп дуалдан асығыс шығарып жіберді.

Тергеу абақтысы Хамилатты маңына да жолатпады. Қарулы күзет жақындаса болды, «Тоқта! Атамын!» деуден басқа сөзге келмейді. Кеш батқанша, абақты аумағын торауылдаумен жүрді. Кешқұрым жұмыстан қайтуға шыққан бастықтарының алдынан шығып, сәлемдесіп, өтінішін айтты. Тұтқындардың аты-жөнін сұраған бастық:

- Ол үшеуі де біздің абақтыда. Қылмыстары бойынша тергеліп жатыр. Жолықтыра алмаймыз. Әкелген ас-суыңды қалдырып кет! Ал, өзің тезірек бұл жерден қараңды батырмасаң, әкең мен ағаларыңмен бірге қамаласың! – деді.

Бұл дүние пендесіне бір мәрте артын берсе, қайтып бет бұруы екіталай екен. Жақын жандарының жүзін көріп, даусын естудің өзі мұң болды. Түн қараңғысында салт атты Хамилат көз жасына ерік беріп, ауылға қарай желдіріп бара жатты...

2. Жабылған жала, жағылған күйе

Жарты жылға жуық жатқан цемент едені бар, тас қабырғалы, суық әрі тар күңгірт бөлмеге Дөңтайдың еті үйреніп те кеткен секілді. «Үш күннен кейін көрге де үйренесің» деген осы шығар. Жөні түзу бөстек те болмаған соң жатып, демалудың өзі қиямет-қайым. Осындайда, мақтасы молдау салынып, кең мол етіп, тігілген қазақ шапанының шарапатын көріп-ақ жүр. Бір өңірін астына төсеп, екінші жағын жамылып жата кетеді.

Моңғол елінің жаңа өкіметіне жан-тәнімен беріліп, ұлғайған жасына қарамастан бар өнерін салып жасаған еңбегі зая кетті. Өткен-кеткен өмірінің белестері мен көрген-білгендері, қолымен жасағандары сурет секілді көз алдында зулап өткенде көкірегін мұң торлап, көзіне жас келеді.

Ақыры, қой аузынан шөп алмайтын момын жұрт деп санап, кең қолтық деп имандай сенген Моңғол елінің абақтысында өмірінің соңын азаппен өткізетін болды. Бұлай болады деп үш ұйықтаса түсіне кірмеген еді. Моңғол елін тәуелсіз дербес мемлекет деп санаған-тын. Сөйтсе, Сталиннің ашса алақанында, жұмса жұдырығында тұрған қызыл большевиктердің қуыршақ өкіметі екен ғой.

Артында қалған қатын, бала-шағасына, ел-жұртына алаңдаумен бірге інісі Құдыс пен тұңғышы Нүкейдің өзімен бірге тұтқындалғанына налиды. Тағдыр неткен қатал еді. Тым құрығанда осы екеуі түрмеден аман-есен босайтын күн туар ма екен?

Дөңтай молда жатса да, тұрса да терең ойдың құрсауынан арыла алмайды.

Соңғы айларда өткен қым-қауыт оқиғалар ап-анық болып көзінің алдына тұра қалады. Тіпті, дәл қазір өтіп жатқандай тізбектеледі. Кіші Хурал залы мен аз ұлттар жөніндегі кеңестің ұйымдастырған бірнеше жиналыстарында ел өкіметі үшін жанын салып еңбек етіп жүрген талай азаматтарға нақақ жала жабылғанын, аяусыз азаптаулардың салдарынан ниеті таза, көңілі ақ, ісі адал ерлер абақтыда көз жұмғанын Дөңтай нақты деректермен бірнеше рет қатаң сынға алған.

Жалғыз Дөңтай ғана емес, көптеген шенді-шекпенділер мен оқымысты жандар да өткір сын айтқан. Себебі, мемлекет қызметінде қатар жүрген азаматтар бір-бірін жақсы танитын және олардың елге адалдығын білетін. Сол сын-пікірлерге қарсы тұрған, жоққа шығарған тірі жан дер кезінде бой көрсеткен жоқ. Бәрі құптайтындай, келісіп отырғандай сыңай танытқан. Әр жиналысты қорытындылап сөз сөйлегенде маршалдың өзі жіберілген қателіктерге қорытынды жасалатынын, түзеп жөнге салатынын айтып жататын. Бір жыл бойы солай айтылып та келді.

Алайда, іс жүзінде барлық сатылы жиындарда айтылған сын-пікірлер хаттамасына талдау жасалғанда, билік басындағы санаулы ғана тұлға кімді қас, кімді дос етеміз дегенге ғана мән берген екен. Жиындарда сөз сөйлегендерді «революцияның досы» және «халық жауы» деген екі-ақ топқа жіктепті. Оның соңы бұрынғыдан да қарқынды әрі арнасы кең саяси қуғын-сүргінді өрістетіп жіберген.

Ел астанасы Ұланбатырмен ғана шектелмей жергілікті аймақтарды қамтыған тұтқындаулар етек алды. «Эсэргүү» - халық жауы деген кім дегенге арнаулы қызмет еш бас қатырып жатпайтын болып алды. Бүкілхалықты қамтыған үрей мен қорқыныш Моңғол даласын ен жайлады. Жүк машинаның ышқынған даусы шықса болды, жұрт «Осы жолы кімдер қолға түсіп, кімдерге сор қамыты киілді екен» деп қана ойлайтын болды.

Бұл неткен бітпейтін халық жаулары десейші. Елдің премьер-министрінен басталған тұтқындау мен қамау қазір аудан, ауыл әкімдері мен олардың хатшы, көмекшілеріне дейін ұласып кетті. Жас-кәрі деп қарамайтын болды. Тұтқындағысы келсе, ешбір себеп-салдарға да пысқырмайды екен. Жаңадан оқу бітірген жас мамандарды да, көп жылғы тәжірибесі бар тіс қаққан жасамыстарды да жасыл қалпақтылар құрықтарына іліп алып, абақтыға топырлатып әкеліп жатыр.

Мұндай сәтті атаққұмар, мәнсапқой зұлымдар да оңды пайдаланатынын Дөңтай көзбен көрді. Бұл нәубеттің арқасында мадақталып, жоғары мәнсапқа жетіп, байып та алғандар бар. Кейбірі не қаласа соны жасап әбден есіріп кеткенін көз көрді.

Революцияның алғашқы кезеңіндегі халықшылдық әдірем қалды. Дәл қазір басшылық қызметтегі ат төбеліндей топ қалың бұқарадан бөлініп, оқшауланып алды. Барлық ресми қызмет барысында сын атаулы айтылмайтын болды. Адамдардың бойларын үрей билеп, үнемі қорқынышпен жүретін болды. Ой-пікірлерін өкіметтен, дос-жарандарынан да жасыратын, ешкімге сенбейтін, «бір елі ауызға екі елі қақпақ» дейтін заман туды.

Мұндай жағдай алаяқтардың оң жамбасына келген еді. Бір кезде жылқы барымталап, екі елдің шекарасында керуен тонап, ұрлық-қарлық жасап жүргендер қазір мықындарына тапанша асынып, бастарына жасыл қалпақ киіп, ішкі істер басқармасының офицері, қылмыстық істің тергеушісі болып шыға келді.

Алып-сатарлар мен жағымпаз-жалбақайлар қолдарына бір мәнсаптың тізгінін ала салып, маңына көпе-көрнеу кілең бір білімсіз, надандарды жинап алатын үрдіс етек алып бара жатты.

Ана жолы қаладан келе жатқанда-ақ өзін жасыл қалпақтылардың күтіп тұрғанын Дөңтай іштей сезген. Алайда, қасындағы інісі мен ұлының бірге тұтқындалатынын мүлде ойламаған еді. Ол екеуінікі де тым албырттық болды. Нүкей мұнда келіп қамалған соң да қызуқандылық танытып, тергеушілерге мінез көрсетті. Қамалған бөлмесінің есігін тепкілеп, шу шығарды. Мұндайды надан тергеушілер өлсе де кешірмейді. Қазақта «соқырдың қолына түспе, саңырауды астына түспе» деген бар.

Төтенше қақылы өкіметтік комиссияның санаулы мүшесі мен бастығының қолы қойылған тұтқындау туралы анықтама барын Дөңтайға әлгі офицер көрсеткен. Ол қағазда Гончиг пен Дөңтайдың ғана аты-жөні болды. Ал, екі жас жігітті олар тәртіп бұзды деген желеумен ғана өз білермендіктерімен ұстап, қамап отыр.

Кеше ғана тергеуде болды. Электр шаммен жарықтандырылған ауа кіретін бір тесігі де жоқ бітеу бөлмеге апарды. Бөлме іші қара күрең түсті қалың пердемен жабдықталған, едені толықтай төсеніштелген екен. Алғашқы тергеу жүрілді.

- Моңғол мемлекетіне опасыздық жасап, халық жауы Гэндэннің сыбайласы болғаныңды мойындайсың ба? – деп сұрады, тергеуші.

- Ешқашан опасыздық жасаған емеспін. Шама-шарқымша адал қызмет еттім – деп жауап берді, Дөңтай.

Осы жауабының нақты екенін, басқа айтары жоқ екенін растап, хаттамаға қол қойды.

Тергеуші оның оңайшылықпен беріле салмайтынына көз жеткізгендей болды. Егер Дөңтайдың «қылмысын» қысқа мерзімде мойындатып, істі дереу «үштіктің» алдына апара алмаса, өзі қылмысты болып қамалатындықтан тергеуші күш қолдана бастады.

Сырттан екі жігіт шақырып, алма-кезек ұрғызды. Қатты соққыдан кейін есінен танып қалыпты. Есін жиғанда өз бөлмесінде жатқанын білді. Тұла бойы ауырсынып қозғалтпайды.

Келесі жолғы тергеуде әлгі офицер алдап-сулап, қолдан жасалған қылмыстық іске қол қойдырмақ болды. Тағы да келіспеді. Егер олардың зорлық-зомбылығына төзбей өзін халық жауы ретінде көрсетсе, артында қалған бала-шағасына, жақын жанашыр жандарға кесірім тиеді деп есептеп, қалай азаптаса да көнбеуге бел байлады.

Қайыс белбеумен осқылады, тепкіледі, қолын үстелдің үстіне қойдырып алып, темір сызғыштың қырымен саусақтарын пергіледі. Саусағымен көзін шұқып және мұрнының тесігіне сұққылады. Сонда да бәріне көнді. Ешбір қылмысты мойнына алмайтынын айтты. Өлімнен қорықпайтынын, шындықтан аттап, жалған жауап бермейтінін мәлімдеумен болды.

Келесі бір тергеуден соң Дөңтай тергеушіге мынандай талап қойды:

- Егер Құдыс пен Нүкейді абақтыдан босатып, оларды ауылға қайтаратын болсаңдар, маған қандай жала жапсаңдар да мен бәрін мойныма аламын – деді.

Тергеуші бастығымен ақылдасатын болды. Алайда, бастығы Құдыс пен Нүкейді босатудан үзілді-кесілді бас тартыпты. Себебі, маршал Чойбалсаннан келіп түскен соңғы жарлық бойынша қажет болса, халық жауларын алдымен атып тастап, қылмыстық іс пен сот үкімін кейін құжат ретінде толтыруға болады екен. Бұған әбден есірген тергеушілер тіпті, шалқайып кетті.

Олар тұтқынға алынғандарға «енді, сенің ешбір сөзіңнің құны жоқ», «сенің жаның тышқақ лақтан да төмен», «сен халық жауысың, сенің бізге берген жауабың маңызды емес, дәлелді өзіміз-ақ ауадан алып, қолдан да жасай саламыз», «мойындасаң да, мойындамасаң да бәрі бір қалаған уақытымызда сені жер жастандыра саламыз» деп астамситын болып алды.

Сөйте тұра жасамаған қылмысын әркімнің өз аузымен айтқызып мойындатуға барлық тергеуші аса қатты құмартады. Ол үшін тұтқындарды қалағанынша келемеждейді. Көңіл-күйіне қаяу түсіріп, дүниеден баз кешіртіреді. Қорқытып-үркітудің сан түрлі тәсілдерін ойлап табады. Мұндай жерде ешбір кінәсі жоқ адамның тұтқынға алынып жатқаны басы ашық әңгіме болғандықтан олар үшін «елін сатты», «жапондарға құпия мәлімет берді» деген жаланың өзі жеткілікті. Жасамаған қылмысты арқалап, ату жазаға бұйырыла салады.

Орталық партия комитетінің басқармасының қаулысы бойынша «тұтқындарды ұрып-соғуға рұқсат ішкі істер министрлігіне берілсін» делінгендіктен, анайы тәсілдері іс жүзінде заңдастырылған екен. Қарулы әскердің қадағалауымен азғана уақытқа таза ауаға шығаратыны бар. Сол сәттерде құлағы шалғаны, бір бөлмеде тізе бүгіп, отырудың өзі мұң болыпты. Ұсталып әкелінген адамдарды топ-тобымен қамап, бір жерге нығап тастаған көрінеді. Қалқалардың көбі аштыққа шыдас бере алмай жан тапсырады екен. Ислам дініне берік қазақтар ежелден ораза ұстау арқылы тәнін төзімділікке үйреткендігінен болса керек, аштыққа төтеп беріп келеді. Күндіз ұйқы бермей қадағалауда ұстайды да, түнімен тергеу жүргізіп қинайды.

Адам тәнін қинаудың да неше атасын ойлап тауып жатыр. Тұтқындар арасында башпайлары балғамен ұрылып, сүйегі шытынағандар, саусақтары тістеуікпен қыстырылып сынғандар да кездеседі. Нүкей мен Құдыс та албырттықпен тергеушілерге қарсыласып, мұндай азаптаудың неше түрлісін көргендері аңғарылып тұр. Дәлізде немесе таза ауаға тысқа шыққан кезде жағдай сұрасып қалады. Олар жасырып ештеңе айта қоймайды, уайымдайды деп ойласа керек. Ұзақ сөйлесуге қарулы әскерлер рұқсат бермейді.

Қыс түскелі жағдай тіпті ауырлай түсті. Цемент едені мен тас қабырғасы бар, от жағылмаған бөлменің темір торлы терезесін әдейі ашып тастайды да, Дөңтайдың үстіне ақ жейде, дамбалын ғана қалдырып ішке енгізеді. Күніне бір тілім нан мен қара су ғана береді.

Қатты тоңып мазасы кетіп тұрған сәтте тергеуші келіп:

- Жаурап қалдың ба? – деп сұрайды. Әрине, «ия» деп жауап береді. Сол сәтте киім-кешегін әкеліп беріп, «киініп ал» деп бұйырады. Қыс түсерде үйінен әкелінген тері тоны мен түлкі тымағы бар еді. Оны да киіп алады. Содан кейін терезесін жауып, пешке от жағады. Аядай тар бөлме лезде ысып шыға келеді.

Шешінуге рұқсат бермейді. Терлеп тепшіп, мазасы кетеді. Сол сәтте тергеуші:

- Қатты ыстықтап кеттің бе? – дейді. Әрине, жауап белгілі. Шешінуге рұқсат береді де, бөлмеден шығарады. Ендігі кезекте үстінен суық су құяды. Бірнеше рет осылай қайталайды. Адам баласы ит жанды екен ғой. Дөңтайдың осыған нақты көзі жеткендей болды. Адам төзгісіз бұл қорлықты да еңсеріп кетті. Өлмеді, аман қалды.

Ескі танысы Гончигті де жапон тыңшысың деп айыптап, осылай азаптапты. Басына тиген ауыр соққыдан бет-аузы адам танымастай боп ісіп-кеуіп кетіпті. Екі өкпесіне қатар шаншу қадалған, оның үстіне іш ауруына тағы шалдыққан көрінеді. Басын көтере алмай қалған оны зембілге салып тергеуге апара жатқанында дәлізде кездесіп, бір-екі ауыз тілдесіп үлгерді. «Мен төзе алар емеспін, әбден қажыдым. Тезірек ажалыммен қауышқым келеді» деді құр сүлдері ғана қалған есіл ер.

Сталиннің заңсыз жүктеген тапсырмасын бұлжытпай орындап отырған маршал Чойбалсанның әрекетін сынаған зиялылардың бәрі ұсталып, атылып кеткенін естіді. Догсом, Лувсаншарав секілді азаматтар Дөңтаймен жақын араласып, сыйласқан жігіттер еді. Оларға да жала жабылып, істі болып жатқанын естіді. Орталық жастар комитетінің хатшысы, Нүкейдің жақын досы Сэнгэдорж да Ұланбатырда абақтыда жатқан көрінеді. Мұның бәрі Улиастайдағы тергеулер барысында Дөңтайға мәлім болып жатты.

Жағдайдың осылай сипат алғаны Дөңтайдың да, Нүкейдің де бұл қапастан аман құтылмасының нышаны еді. Себебі, іс басындағы зиялы азаматтар қызмет бабында әкелі-балалы екеуімен де тығыз қарым-қатынаста болған. Оны ішкі істер тергеушілері әбден біліп отыр. Жалпы, тұтқындау мен тергеудің басты себебі Мәскеуден бастау алып отырғаны да Дөңтайға мәлім болатын.

Моңғолияда Коминтерн өкілі болып қызмет еткен Тұрар Рысқұлов Дөңтаймен бірнеше рет жүздескен. Ал, Нүкей мен Рысқұлов өте жақын араласқан. Тұрарға қанды шеңгелін батырған Сталин оның Моңғол жеріндегі сыбайластарын тауып жазалауға тапсырма беруі заңдылық. Әсіресе, өз қандастарына ол не айтты, қандай тапсырма беріп кетті дегенді мұқият пысықтауды талап еткені арнаулы қызметтің әрекеттерінен аңғарылады. Әсіресе, тергеушілердің соңғы кездегі сұрақтары көп нәрседен хабар бріп тұр.

Германияда оқуға барып келген 44 азаматты түгел тұтқындап, көбін атып тастағанын ана жолы машина үстінде бірге келе жатқанда Гончиг сыбырлап жеткізген. Абақтыда азап шегіп, ар-намысын қорлатқандардың арасында Дашдоржийн Нацагдорж дейтін атақты ақынның да болғанын естіген. Дөңтай ол кісімен де таныс еді.

Дөңтай көп ойланды, ақыры, бір шешімге келді. Ажалдан құтылудың ешбір амалы қалмағандығына көз жеткізді. Адамшылықтан безген азаптаудан біржолата құтылу керек деген ойға тоқтады. Алла тағаланың аманат етіп берген тәнін қашанғы ит әуіре-сарсаңға салып, тозаққа күйдіре береді. «Асарымды асадым, жасарымды жасадым». Ендігі жерде өлімнен басқа жол қалған жоқ. Құдай артымда қалған ел-жұртыма, ұрпағыма тек жақсылықты нәсіп етсін. Дөңтайдың күні осымен бітті, дәм-тұзы таусылды. Моңғолдың жаңа мизам өкіметі үшін жасаған азды-көпті еңбегін бұлар бағаламайды екен. Бәрі бітті...

Тергеушінің алдында тұрғанда, ол өзінің айтқан сөздерін кейінгі ұрпақ оқығанда, бейшара Дөңтайдың сауатсыз надан қызыл жендеттердің ығына шарасыздықтан қалай жығылғанын, айтқанына көніп, айдағанымен жүруге қайтып мәжбүр болғанын түсінер деп сенді. «Маңдайшаң аласа болса, иілмеске» не лажың бар? Шындық осылай иіледі, бірақ, сынбайды. Күндердің күнінде келешек мені ақтап алады. Сауатсыз заңгерлердің ақылға қонымсыз жазасының ешбір негізсіз екеніне бәрінің көздері жетеді.

Көп ойланған Дөңтай молда Алла алдында да, адам алдында да өзінің ақ адал екендігіне іштей ант-су іше отырып, тергеушінің қалағанын барынша орындап, жауап бере бастады.

- Мен қылмысымды мойындаймын. Жапониядан көмек сұрап, қызыл өкіметті құлату жоспарын жасағаным рас. Ол үшін төңкеріс жасау мерзімін күтумен дайындалып жүрдім – деді.

- Дұрыс. Өте жақсы. Нағыз ер қазақ осындай болса керек – деген тергеушінің күлкісі келіп отырған жоқ па екен деген ой келіп Дөңтай оның жүзіне барлай қарады.

Төмен қарап хаттамасын жазып отыр. Жүзін анықтап көре алмады. Көзілдірігін тақпағалы көру қабілеті күрт нашарлаған екен.

- Төңкеріс жасау үшін кімдермен байланыс жасап, ақылдастың? – деген тергеуші сұрағына өзінен бұрын ұсталып, атылып кеткен таныстарын атап шықты.

Адам сенгісіз бұл өтірікке тергеушінің сенген-сенбегенін білмейді. Бірақ, өзінің іштей күлкісі келіп тұрды.

Тергеуші оның өз сөзінен айнып қалмай тұрғанда бәрін жазып үлгермекке жанталаса тұқшыңдап отырғанын көріп одан ары төзе алмай қарқылдап күліп жіберді. Күлкінің мәнін ұқса да тергеуші оған еш мән берместен тезірек қол қойдырып алуға ғана асықты.

Сәлден соң жасыл қалпақтылар бөлім бастығының кеңсесіне жиналып алып, жылға таяу уақыт «қылмысын» мойындамаған қазақ қарияның аяқ астынан «ағынан жарылғанына» мәз-мейрам болысып жатты.

Дөңтайдың берген жауабын жоғарғы жаққа таныстырды. Олар қуана қабылдап, төтенше ерікті өкіметтік комиссия ату жазасына бұйырған қаулысын шығарып берді.

Жасы алпыстың орта шеніне келгенде жарық дүниемен қош айтыспақ. Көңілі жайланып, көкірегінде біртүрлі тыныштық орнағандай өзін жеңіл сезінді. Азапты күндер артта қалды. Енді, «Лә-Иләһа Иллә-Аллаһ Мұхаммәд Расул Аллаһ» деп қана о дүниеге дайындалмақ.

Таң сәріде бірнеше жүк машина абақтының ауласында тізіліп тұрды. Ату жазасына бұйырылған көптеген адамның аты-жөнін шақырып, көліктің үстіне шығарып жатыр. Олардың ортасында Дөңтай да тұрды. Екі қолын артында қайырып байлапты да, басына қанар кигізіп қойыпты.

Қаланың шетіне тізіліп шығып, біраз жер жүрген машиналар терең жыраның жағасына тіреліп келіп тоқтады. Жылғадан керосин майымен бірге адам етінің өткір жағымсыз иісі қолқаны қауып тұр. Бәрін қаз-қатар тізіп тұрғызып қойды.

Бастарындағы қанарды алып, әскерлер мылтықтарын кезеген тұста Дөңтай молданың «Аллаху Акбар!» деп бастап, созылыңқы зор дауыспен шырқап айтқан дұғасы тауды жаңғыртып барып, гүрсілдеп атылған мылтықтың даусынан кейін кілт үзілді. Ондаған жансыз дене терең жыраның түбіне қарай домалап түсіп жатты.

Сол күні Улиастай қаласының шетіндегі сайдан көкшіл түтін аспанға тік көтеріліп барып, жан-жаққа бытырап тарап жатты. Құдайсыз қоғам құруға бет бұрған жат жұртты басқарған Сталин атты жендеттің солақай саясатымен, Моңғол еліндегі ең надан әрі сауатсыз басшылардың орындауымен жүзеге асырылған саяси жаланың құрбаны Дөңтай есімі осылайша құпия мұрағаттың қойнауына енді...

2020.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар