Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қуандық Түменбай. Сыраның қалдығы

05.12.2019 996

Қуандық Түменбай. Сыраның қалдығы 18+

(әңгіме)

Сұраныштың қалта телефоны шыр-р ете қалды. Кәдімгі қарапайым телефон. Жұрт сияқты Қырымда суға түсіп жатқанын сурет қып салып жіберер радиотехниканың ғажап жетістігі емес, екінің бірінде бар байланыс құралы. «Ватсабы» да жоқ, басқалар сияқты сөз жазып, хабарлама да жолдай алмайды, әйтеуір шүпірлеген сан шығып, дауыс естіліп тұрады.

- Сұраш (есімін өзімсініп айтқаны), неғып жатсың? Екеуміз бір-бір саптаяқтан сыра ішейік, - деді Пахридиннің өктем үні. Сөйтті де, үнсіз қалды.

- Сен түс көріп ояндың ба? Сыра ішу деген сен үшін күнә емес пе?

Арғы жақтан сабақ айтқандай сартылдаған дауыс шықты.

- Қашанғы жүремін. Ішсең де, ішпесең де, барар жерің белгілі...

- Ім-м-м... – Сұраныш таңдайын қағып, таң қалды. – Кел. Күтем.

- Сенің үйіңнің бүйірінде «Тархун» деген кафе бар. Соған кел. Сол жер арзан болу керек. Әнеукүні өзбектердің төбесін көріп қалдым. Шығын менен.

- Астапыралла! – деді Сұраныш құрдастығына салып. – Алдап кетіп жүрме.

- Жоқ, мен Павлик Морозовтай пионер, Ғани Мұратбаевтай комсомол болғанмын. Жеті жыл коммунистік партияның мүшесі атандым.

- Айтсаң болды, дайынмын.

Сұраныш жаз күні жеңіл киініп, үйдің дәл бүйіріндегі «Тархун» деген қызыл жазуы ымырт жабыла жылт-жылт етіп жанып тұратын кішкентай кафеге келді. Үш-төрт ай болды, бос жатқан жерге біреулер қалқайтып қонақжай мекен салып алды. Көзі түсіп кеткенде көргені – шәй көйлек киген қыздар мен бастарына ала тақия жапсырған жігіттер қолды-аяққа тұрмай зыр қағып жүр. «Білмейтіні жоқ, біздің үйге келіп-кетіп жүріп көрген ғой» деп, құрдасының алғырлығына тағы да таңқалды. «Алғыр. Алғыр болғанда сұрама». Екеуі НАРХОЗ-дың жатақханасында бірге тұрды. Оқу көп, жатақхана жетпейтін заман ғой. Ол НАРХОЗ-дың тұрғылықты тұрғыны болса, бұл КазГУ-дің журналистика факультетіне түскен жатар орнын жалға алған кірме студент. Комендант жоқтан бар жасап, екеуін бір бөлмеге жайғастырды. Жас жағынан құрдас болғанмен Пахридин өмірдің бұрандасын өзгеше бұрайды, оқығаны да аз емес. Оның үстіне Тәшкен көрген, дәл түбіндегі Мырзашөлден. Қазақшаға өзбекше қосып сөйлейді, мақамынан өзбек сөзінің тізбегі төгіліп тұрады. Курстастары қойған жанама есімі – «Өзбек». Бұған мақтанбаса, еш қапа болмайды. Сұраныш қалтасындағы азын-аулақ тиын-тебенін есептей алмай жатқанда «Қайран, қазағым-ай!» деп, қара бақырды көрмей-ақ дөңгелентіп жіберіп, есебін дәл айтып береді. Тамақ істегенде, палау басқанда аққа оранған аспазың жолда қалады. Картоп аршығанын көрсең, пышақтың өткір жүзін болар-болмас тигізіп, қабығын үлбіретіп алып тастағанда, «Онан да аршымай-ақ жей берейік те», - деді Сұраныштың шыдамы таусылып. «Ақшаға келді ғой, жарым, - деп қабағын түйді. – Орыстар шоққа көміп жейді. Біз мұсылманбыз. Адал ас жейміз», - деп оташыдай сақ қимылдап, пышақтың жүзін еркіне жібермей, қарайған жерін ғана қырып тастап отырады. «Қабығын тастаймыз ба?» - деді бірде білмеген боп ділмарсып. «Сақтап қой, екеуміздің мұражайымызға керек болады», - деді шатынап. Намыссыз емес, ешкімге есесін жібермейді. Ал, қара бақырды құр босқа жарату, тегін еңбек ету – ол үшін күнә. Төрт жыл бірге тұрғанда Сұраныш «өзбек» досының өмірдегі мұратына осылай көз жеткізді.

«Мен де осындай болсам ғой» деп ойлағанда Ақтөбеде ақ тары өсірген ауылдастары өзіне ыржиып қарап тұрғандай көрінді. Сабақты да кіл «5»-ке оқып, қызыл диплом алды. Қоғамдық жұмысты да қағып тастайтын. Қазіргі жұмысы – қарапайым есепші, бір су шаруашылығы мекемесінің кіріс-шығысын есептеп отыратын үнемшіл экономист. Ал, енді ақшаға келгенде өліп жатқан адамды тірілтеді, ештеңеге тегін қол тигізбейді, еденнің тесігінен қара бақырға сығалап тұрған тышқан дерсің. Анда-санда сезімге беріліп, ақ қағазды шимайлап, өзінше өлең өрнектейтіні де бар. Бірде, кісі аяғы басылғасын есікті кілттеп кеп: «Сен журфакта оқисың ғой, қарашы, бірақ ешкім білмей-ақ қойсын», - деп екі өлеңін дауыстап оқып берді. Біреуі асыл анаға арналған да, біреуі Отан туралы екен. «Отан, сен болмасаң, мен кіммін?» деп аяқталыпты. Тыңдап болғасын «мен өз жөнімді жөндеп алайын», - деп пікірін айтпай үнсіз қалды. Сұраныштың арманы юрфак еді, даярлық бөлімінде гуманитарлық факультеттер бірге оқыды да, орын толып қап, бұны журфакқа қарай ығыстырып жіберді. Жазғыштығы да шамалы, кітап пен газет-журнал көрсе басын алып қашады. Есесіне Пахридиннің қолынан кітап түспейді. «Журналист, «Абай жолын» неше рет оқыдың?» - деді танысқан бетте. «Әлі оқығам жоқ». «Кім жазғанын білесің бе?» - деді шұқшиып. «Сәбит Мұқанов». «Аман бол», - деп теріс айналды. Өзіне үркектей қараса да, бір қазаннан дәм татып, бірге жатқан адамнан алшақ кете алмады. «Нәшәндік мілитса болатын-ақ жігітсің, сен шығарған газетті де көрерміз», - деді көрпені көк жіппен көктеп тұрып. Екеуара тамаққа шығарған ақша да соның әмиянында сақтаулы. Дүкенге өзін жұмсайды. «Жарты кілә жуа, бір кілә картоп, орташасынан үш сәбіз, әйтпесе босқа тұрып солып қалады» деп, бағасына дейін дәл айтып, есіктен шығарып салады. «Бухгалтер», - дейді бұл артына бір қарап. «Болашақ экономист» деген даусын естіп қалады...

Сұраныш: «Осының шақырғаны рас па, өтірік пе? – деп күдіктене бастады. – Құрдасын әуре қылайын деп таң атпай телефон соқты ма екен?» Өзі Ауылшаруашылығы институтының көп тиражды газетін шығарады. Тірліктен қос иығы жаншылып жүрмесе де, жұмыстың аты – жұмыс. Бір доценттің атынан мақала дайындау керек еді. Алдаса өзінің де қалтасы қағылады, келіп-кету жолы да 80 теңгеден 160 теңге, бұл – ол үшін айдың-күннің аманында қораға қасқыр шапқандай зор шығын. Автобус қымбаттамаса арзандайтын түрі жоқ. Әлеуметтің жағдайы да мәз емес. Әнеукүні үйіне барғанда: «Мұнайға белшесінен батып отырған қазақтың күні күн емес» деп әбден басын ауыртты. «Бір бөтелке мұнайы жоқ Грузияның байлығы ас та төк, транспорты су тегін» деп, басқа да цифрлар мен фактілерді мысалға келтіріп, қысық көзін сығырайта қарағанда, бәріне өзі кінәлідей жалтақтап қалды. «Маған айта бергенше, осының бәрін неге мәселе ғып көтермейсің?» деп еді, Сен журналистсің, жазбайсың ба?!» - деді ұшып тұрып. Тәпелтек бойы келідей қонжиып, қоғамның кемшілігінің бәріне үйіне қыдырып келген өзін айыпкер санап тұрғандай. Бұл да орнынан көтеріліп, келінің қасындағы келсаптай тіп-тік боп тыңдады да тұрды. Байырқап қараса, құрдасы соңғы кездері ашушаң боп кетті, сәл нәрсеге тұтанған шырпыдай шырт ете қалады. Отыз жыл болды, әлі перзент көрген жоқ. Сонан ба екен, тез шытынап, тез шаршайтын боп жүр. Әйтеуір, аржағында жеткізбей жүрген бір желқайық бар. Мейлі, мені алдаса... – деп тосылып қалды. – Мұндай күрделі қалжыңға бармаушы еді?» Өзіне-өзі сауал қойып, кафені айналып жүрді де қойды.

Студент күнінде Пахридинге «Экономика факультетінің «Білім шыңына» атты қолжазба газетіне редактор бол» депті декан бұйрық раймен тапсырма беріп. «Ақша төлейсіз бе?» болды алғашқы сауалы. «Бұл – қоғамдық жұмыс қой» десе: «Қоғамда ештеңе де тегін болмайды. Өздеріңіз Маркстің «Капиталын» оқыттыңыздар. Құн заңын тәптіштеп түсіндірдіңіздер. Еңбектің өтеуі болады» – деп бастырмалатып кетіпті. Декан күлімсіреп отырып, «Жарайды, кәсіподаққа айтармын» деп әрең құтылыпты. Газет шығып, қабырғаға ілінді. Соңына түсіп жүріп редактордың алғаны – 10 сом материалдық көмек. Бұны бермесе, газетті шығармас еді. Тірлігі қаққан қазықтай ғой» деп, атжақты, қалың қабақты құрдасының кейпі көз алдынан кетпей тұрып қалды. Қабырға газетіне баяғы Отан туралы өлеңін жариялапты. Жұрт жаттап алып, кейбір қыздар сылқ-сылқ күліп жүрді. Сұраныштың да миығы тартты...

Досымен өткізген төрт жылдың кейбір көріністері көз алдынан кинокадрдай жылжып өтіп жатыр. «Жігіт болса осындай-ақ болсын». Бірақ, ішімдік туралы айтқанда, арақ ішкен адам №1 азғын еді, сыра да арақтың жақын інісі емес пе?» Жаңа кафенің ішіне бас сұғып, арлы-берлі аралап шықты. Үш-төрт жұмыр бас шүпірлеп, кепкен балыққа тістері өтпей жұлмалап, салқын сыраны қылқ-қылқ жұтып, рахатқа бөгіп отыр. Әр ауыздан шыққан темекінің ащы түтіні ирелеңдеп, үй төбесіне өрмелеп барады. «Мына жерге Пахаш отыра қояр ма екен? Бұл нағыз өмірде артта қалған адамдардың орны ғой». Ашық алаңқайда үш-төрт бос орындық пен үстел тұр. Осында отырармыз». Жігіт бір нәрсеге сенбей тұр. «Ол ішсе, мен бұл жерден мас боп шығармын. Сол келе қойса... Әйелін ертіп кеп жүрмесе... Жоқ, мұндай жерге өзбектер әйел ертпейді. Әй, солар дәл қазір біздің үйде шалқып отырмаса? Мені сырахананың алдына сыптығырдай ғып сілейтіп тұрғызып қойып...» Ол сүйегіне ілінген арық денесіне, теректей ұзын бойына, ексіні бар адамдай жан-жағына алақтап қараған мына тұрысына өз-өзінен күлкісі келді. «Сенен мынауский түрме бастығы шығатын еді, – деп Пахридин бас бармағын шошайтқан өзінің юрфакқа түсе алмағанын тағы бір сөз қылғанда. – Бойың бес шақырымнан көрінеді». «Сол рас-ау» деп өзін-өзі келекелеп тұрып, көргенше асыққан досын тағатсыздана күтті. Тіпті, оның жұбайы Надежданы, КазПИ-де оқыған Орынбор қазағының қызын алғаш бөлмеге шақырғаны да көз алдын кес-кестеп өтті. Физика-математика факультетінде оқитын қонақ қызды қаққан қазықтай ғып отырғызып қойып, сабақ сұрады. «Келтірілген квадрат теңдеу нешеге тең болады?» – деді салған жерден. Қыз ұялып, төмен қарады. «0-ге тең болады». «0»-ге тең болса неменеге оқып жүрсің? – деді дойырлығына салып. – Ах2 + вх+с =0. Иә, өмірдегінің бәрі нольге тең, – деп дауысын жұмсартып, қысық көзін сығырайтып, қызға сынай қарады. Қыз ұялса да, мына сөзден кейін мырс етіп күліп жіберді. «Жоғары математика мен алгебраны әлі оқимыз ғой», – деді тіке қарап. Орыс жерінде өскен қыз ықпады, қазақы қыздар сияқты ұяңдық танытпады. «Жүр, онда киноға барайық», – деді жігіттің жүзіне жылу үйіріліп. Кейіннен «Целинный» кинотеатрына «Одиннадцат надежд» деген футболшылар туралы фильмге апарғанын, «Целинный» тың игерушілердің есебінен соғылған кинотеатр, мұнда билет басқаларға қарағанда арзан, бар болғаны 10-ақ тиын екенін тәптіштеп түсіндіріп, көп нәрсеге көзін жеткізді. «Қызбен жүре қалсаң тек «Целинныйға апар» дегенді де қадап айтты. «Мен сені өзіңмен аттас киноға әкеп тұрмын», – деп қыздың аузын аштырдым». – Әредік осындай әккілігін де көрсетіп қоятын. Иә, әккілігі де, тықырлығы да бар. Бұл кімнің де болса бойында бар қасиет. Бірақ, мен неге екенін қайдам, осы жиырмаға жетпей танысқан құрдасымның бар кемшілігін сызып тастап, жанымдай жақсы көрем. Надежда болса, оны сондай сүйеді, өмір бойына сүйіп өтеріне шүбәм жоқ. Әр сөзіне, оғаштау қимылына ішек-сілесі қатып күліп отырып, бір рахат күй кешеді. «Өзбек өзі біледі» деп әредік қосып қояды. Екеуі бүлкілдеген бір тамыр, Көкке өрлеген бір түтін, тек перзент көрмегені болмаса...

«Келді, келді, мынау шынымен-ақ келді». Қолынан тастамайтын қағаз салатын планшеті томпиып тұр. Өңі солғындау, сыра ішуге келген адам асығып жүруші еді. Өміріңде тұңғыш рет бас сұғуы ғой сыраханаға. Үшінші курста, Надежданың туған күнінде жарты стақан шарапқа екі тамшы су тамызып, түбіне дейін тартып жіберген. Сосын: «Бұзылған деген осы», – деді қырлы стақанды тоқ еткізіп үстелге қойып. Айналасына қарап: «Қыз да, гүл де қып-қызыл ғой», – деді ортадағы жалбырап тұрған раушан гүлін құмары қанғанша иіскеп. Қызып қалғаны бірден белгілі болды. Орынборда орыс арасында өскен қазақ қызы жігітінің қылығына ішін басып күліп, ақырында, шөп еткізіп бетінен сүйіп алды...

Құрдасын көрген бетте: «Шөп сындырайық та» дей беріп еді, қатар тұрған үш ағаш бөшкенің шүршиген шүмегіне тақап кеп, «Қайсысынан, сен мамансың ғой?» – деді жабырқау үнмен. «Жигули» дұрыс қой. Сыралғы». «Түнімен сыра туралы кітаптарды ақтардым. Әрі жеңіл, әрі сіңімдісі осы екен. Көпіршітпей жөндеп құй!» – деді нұсқау күтіп тұрған киіктің асығындай бармен жігітке. Көпіршігі асып-төгілген саптаяққа Сұраныш қол соза бергенде: «Тұра тұр, көпіршігі басылсын, бұлар осы көпіршіктен-ақ дүниенің табысын табады. Қайта құй, – деді түсін суытып. – Сен отыра бер».

Екі қолында екі саптаяқ сыра, қолтығына қысқан томпақ планшетті түсіріп алам ба деп тез жүрген Пахридин үстелге жақындай берді. Бұның көзіне өмірден баз кешкен шаршаңқы біреу жылдам басып келе жатқандай көрінді. Отырған бетте сырадан бір ұрттап, ернін тістеп ашырқанды да, көтеріліп келе жатқан көпіршіктен тағы бір ұрттады.

- Мен де ішетін болдым. Сен ішкен сыраны мен неге ішпеймін, – деп тағы да ұрттап, қарсы отырған құрдасына тесіле қарады. Сосын планшетті ашып, қарала мұқабамен тысталған кітапты шығарды. – Оқыдың ба? – деді Рю Мураками. «Дети из камеры хранения» деген сұқ саусағымен нұқып жазуды көрсетіп.

Ол басын шайқады.

- Оқымайсыңдар. Сендер КазТАГ хабарынан басқа не оқисыңдар. Сенен кейінгілер обще оқуды қойған. Олардың кітабы – әлеуметтік желі, фейсбук, – деп әдеттегідей қасындағы адамды бір тұқыртып өтті. – Сен осыны оқы. Түсінбеген жеріңді менен сұра. Ұялма. Гомосексуализм, лас адамдар. Бұндайды бала күнімізден көріп те, естіп те өскенбіз. – Сырадан бір ұрттады да, таңқала қарап отырған жігітке: «Ей, ішсейші, төлеуі менен. Мені аямай-ақ қой. Мен бүгін өзімді-өзім аямауға келдім, – деді салғырт сөйлеп. Оның қыры қалың нән саптаяғы әрең бел ортаға жеткенде Сұраныштың саптаяғының түбінде майда көпіршіктер бүлкілдеп жатты.

- Қайтала! – деді де, қолынан саптаяғын жұлып ап, барменге қарай кетті. Тапал жігіттің әйел бөксесі бүлкілдеп, жылдам басып барады. Бір асығыстық бар. Қас пен көздің арасында тағы бір саптаяқ сыраны көпіршітіп алып келді де, алдына дүрс еткізіп қоя сап сөзін жалғастырды. Көзінен көзін айырмай ызалана сөйледі.

- Сен, баяғыда, жұма күндері, «Сабаққа неге бармайсың?» деп менен сұраушы едің. Ол күні бізге әскери әзірлік болатын. Мені одан медкомиссия босатқан. Әтекпін. Ондайды білесің бе?

Сұраныш көзі бақырайып, басын шайқады.

- Соңғы шыққан 50 мыңға жуық сөздің басын қосқан «Қазақ тілінің сөздігінде» әтекке мынадай анықтама берілген: «Аталық бездің қабілетсіздігі, белі жоқ еркек». Тағы да Әлжаппар Әбішевтің «Мен әтек болып қалсам, сен қалай тірі жесір болмайсың» деген сөйлемін мысалға алыпты. Баяғыда, Колбин келгенде, «Біз сіздей басшыны жиырма бес жыл бойы күттік» дейтін жазушыларың ғой... – Қышқыл сыраны ашырқанып бір ұрттады. – Есіңе түсіріп көрші, мен сенімен бірге, еркекпен бірге моншаға бардым ба?.. – Аузын толтырып көпіршік сыраны тағы да жұтты. – Мен Надежданы тірі жесір қылғым келмейді. Мына кітап, – мұқабасы қарала кітапты қолына алып, тігінен ұстады, – вокзалдың жүк қоймасына шешесі пакетке орап қалдырып кеткен егіз ұл баланың тағдыры туралы. Олар тар қапаста он үш сағат жатқан. Он үш сағаттан кейін зат қоюға келген адам шығарып ап, детдомға өткізген. Бұл Жапонияда болған жағдай. Бізде де балдарын тоңазытқышқа тастап кетіп жатқандар аз емес, – деп сөзін жұтып, «Іш!» деді зекіген үнмен. Кісәпірдей көріп жүрген құрдасының көзі жасаурап, өңі құп-қу боп бозарып кетті. – Мен саған ертек айтып отырған жоқпын. «Женщина – это винт, который все вертится» деген сақалды шал Лев Толстойдың сөзі бар. Надежда өмірбойына маған үмітпен қарап келді. Әйел – қай кезде де әйел, ол істерін үйде отырып-ақ істей береді. Детдомнан бала асырап алғым келмейді. Ол ертең туған әкесін іздеп шарқ ұрады, оны азапқа салып қайтем. Сен Надяның үмітін ақта. Ол сен дегенде жанын береді. Баланың әкесі болса, жетім емес. Ертең екеуміз өлгенде қатарда тұрады. – Қарсы отырған серігінен көзін айырмай саптаяқтағы сыраның қалдығын бір-ақ сімірді. – Қашанғы жүремін. Мен де сен сияқты келін түсіріп, бала жұмсағым келеді.

- Он-да дос-тық-ты үзе-міз, – деді әр сөзін бөліп айтқан Сұраныш саптаяқтың түбінде бүлкілдеп тұрған сұйықты бір-ақ жұтып, қақалып-шашалып әрең сөйлеп.

- Үзбейміз. Бұрынғыдай үй-ішімізбен қатынасып тұрамыз. – Мұқабасы қарала кітапты қолы қалтырап тұрып қолтығына қыстырып жіберді. Қарсы алдындағы жігіттің тұлабойын ала көзімен бір шолып өтті. Бәріне көнген көңілдің сұрау сала қарағаны көрініп қалды.

Сұраныш сырасы таусылған саптаяқтың сабынан қолын сілкіп алып, орнынан ұшып тұрды. Жүрегі аузына тығылып, тиіп тұрған үйіне қарай тұра жүгірді.

Әйелін көргенше асықты.

Көрнекі сурет: Адриан Браувер "Көңілді отырыс"


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар