Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Қуандық Түменбай. Темір аяқ...

08.05.2021 4596

Қуандық Түменбай. Темір аяқ 18+

Қуандық Түменбай. Темір аяқ - adebiportal.kz

Әңгіме

Қатира Қалтайдың белесебедіне ынтық боп қалды. Қалтай екі дөңгелек «Уралды» зырғытып, жұмыстан қайтып келе жатқанда көзін алмай қарайды да тұрады. «Шіркін, еркек бала болсам мен де осылай жүрер едім, қыз болып жаратылғанымды қарашы» деп қиялға шомып тұрғанда Қалтай қасына кеп тоқтады.

- Қатира, неғып тұрсың? – деді сұрау салып.

- Сенің белесебедіңе қарап тұрмын.

- Неге қарайсың?

- Тепкім келеді.

- Тебу түк те қиын емес. Рөлді мықтап ұста да, педальді қатты бас. Адамзаттың бәрі бірдей, тек еркек, ұрғашы боп жаратылғаны болмаса.

Қалтайдың тілі удай, сөзді шағып сөйлейді. Өзі шеберханада токарь боп темір жонады, темір-терсектің жеті атасын біледі.

Осы ауылда біреу су тартар құбыр орнатса да Қалтайды іздейді. Су жарықтықтың қандай тереңдіктен шығарын онан артық ешкім білмейді. Сонда Қалтайдың шіренгенін көрсең.

- Қыс түсіп кетпес. Осы айдың аяғына таман көрерміз.

- Қалтайжан-ау, жер тоңазып, су суып кетеді ғой... Көрінгеннің құбырына телміріп отырамыз ба, – деп жалынып-жалпаятындар бар.

- Колхоз жұмысы бірінші кезекте, жеке жұмысқа күшімді рәсуа ете алмаймын.

- Қырсық, қырсықтығы нағашысына тартқан, – деп ара ағайын өздеріне шаң жуытпайды.

Бірақ, сол жексенбіде-ақ асарлатып, Қалтай бас боп құбыр трубасын метрлеп жерге сіңіріп, қара су шүмектен ытқып шыға бастайды. Сонда үй иесінің қуанғанын сұрама. Бөтелке мойны қылқиған бір жәшік бос қалады. Қойдың басы кесіліп, қол жайылып, соңынан құран оқытылады. «Әлі балам үйленгенде құдалыққа ертем» деп Қалтайдың соңынан сөйлеп қалады. «Осының өзі неге үйленбейді, еркек емес пе екен?» деп ара ағайын көкіректе қалғанын артынан айтып та жатады. Бойы біртұтам, мұрны тәмпіш. Ішкені арақ. Бірақ, төртпақ, қол қаруы да, бел қаруы да жетерлік. Қырсық болса да жалғыз шешесінің аузына қарап отыр. «Қалтайжаным барда ішкенім алдымда, ішпегенім артымда» деп шешесі тәуба айтады.

Қатира рөлді ұстап, оң аяғымен педальді басқан бетте жерге жалп етті. Көйлегі түріліп, жуан саны жарқ ете қалды. «Апырмай! – деп таңқалды Қалтай, - мына Қатира да бойжетіп қалыпты-ау. Балтыры білектей, саны аппақ». Көңілінде бір діріл ақырын қозғалып қалды. Жақындап кеп он алты жасар қыздың етегін жапты. Абыройын жапқан қарлығаш-лыпасы да көз алдында жарқ ете қалғанда «осындай да болады екен-ау» деп еркек сезімі бұлқынып, бойына симай кетті.

- Қатира, – деді өзінен он жас кіші қызға үлкендігін көрсетіп, - белсебед тепкің келсе есік алдында сүйеулі тұрады. Жолға шық та, мен қалай тепсем солай тебе бер. Бір-екі рет құлайсың да, үйреніп кетесің. Құлап бара жатсаң, аяғыңды тіреп қал. Бойың ұзын ғой, – деп бөксесі бұлтиып, анары томпия бастаған қызға сұқтана қарады. Тек... – деді мүдіріп қап, - үйде спортивный шалбарың бар ма? Соны киіп ал.

- Жазиранікі бар ғой (Жазира сіңлісі).

- Әкеңдікі болса да киіп ал.

Қалтай шеберханадан қайтқанда қиқалаңдап белесебед теуіп келе жатқан қызды көрді. Қасына кеп тежегішті кері басып тұра қалды.

- Үйрене бастадым. Екі-үш рет қатты құладым, – деді Қатира тез-тез сөйлеп.

- Үйренбейтін нәрсе болмайды, құламайтын адам болмайды. Тек шалқаңнан түспесең болды, - Қалтай қиқарлығына салды, Қатира түсіне қоймады.

Қатираның шешесі татар, сөйлегенде «и-и-и» деп созып тұрып алады, әкесі соғыстан кейін Қазанда қызмет істеп, сол жақтан ертіп келіпті. Ешкіммен араласпайды, көп жұрт ащы тілінен аулақ жүреді. Үлкен жолда құлап-сүрініп белесебед тепкен қызды көрген әйелдер: «Татар ғой, түбі шикі ғой, әйтпесе қыз басымен белесебед тебе ме?» деп күңкілдеді. Бірақ, бетіне айта алмады. Әкесі колхоздың бас зоотехнигі, бас мал маманының мінін бетке айту үшін де жүрек керек.

Соңғы күндері Қалтай ұйқыға жатқанда Қатираның белесебедтен құлағаны көз алдынан кетпей қойды. Әппақ жуан сан, тіп-тік аяқ, қыздың аяғы да осындай болады екен-ау деп тіпті, ойламапты. «Мен не көрдім өмірден. Аяқ көретін үлкен қалада, үністетте оқыдым ба? – деп өзін-өзі өзгелерден кем санады. – Мектеп бітіріп, әскерде болдым. Екі жыл Түркменияның Душак деген елді мекенін күзеттім. Ауылға келгенде көргенім мәшине мен трәктір. Менің көргенім осы», - деп қамығып жатып өміріне шолу жасады. Бірақ, темір жонудың майын ішкен Калтайға СХИ-дің механика факультетін бітірген бас инженердің өзі бас иеді. Трактор мен комбайн тұрып қалса, Қалтайды қолқалайды. Бұл болса ақауды мотордың дыбысынан танып, «диагнозын» дәл қояды. Сосын бас инженер кем-кетік бөлшекті іздеп, аудандық «Казсельхозтехникаға» аттанады. «Трактор мен комбаиннің кеселін Қалтай тәуіп табады» деген сөз ауылға тарап кеткен. «Әттең, оқығанда бас инженер болып-ақ кетер еді» деп қосып та қояды. «Ұрдым ондай оқуыңды да, оқығандарыңды да, болт пен подшибникті ажырата алмайтын нәкәстар» деп бұл да білгенін айтып, басқаларды жетістіре қоймаған. Әуелде трактор мен комбаин айдады. Үй бетін көрмейтін тірлік екен, сырқат шешесінің де қамын ойлады. Сөйтіп, азанда кетіп, түсте үйге келетін токарлыққа ауысты. «Жалғыздың үні шықпас» деген сөздің мәнісін де ес білген соң ой елегінен өткізіп, өзінің арқа сүйері жоқтығын біле бастады.

Қалтай бүгін түнде көз іліндіре алмады. Көзін жұмса көретіні – белесебедтен құлап бара жатқан Қатираның түрілген етегі мен әппақ жуан саны. «Спортивный шалбар киіп шықпай ма екен» деп қыз денесін қызғанып та кетті. Кімнен екені белгісіз, әйтеуір қыз денесін менен басқа ешкім көрмесе екен деген шым-шым еткен бір сезім пайда болып, арлы-берлі дөңбекшіп шықты. Таңертең жұмысқа мініп шығатын есік алдында сүйеулі белесебеді жоқ. «Бұл ауылда ешкім де белсебед ұрламаушы еді» деп айналасына қараса, үйме-үй Қатираның есік алдында тұрған көлігінің қос дөңгелегін көрді. Үстін ескі алашамен жауып қойыпты. «Мейлі, жұмысқа жаяу барамын. Қатира тезірек үйренейін деген екен ғой. Өзімсінгені ғой». Қалтай жеңілдеп қалды. «Үйренсін. Құламаса болды» деп оның етегі түрілген бейнесін ешкімге қимай жұмысқа кетіп барады.

***

Кешқұрым жұмыстан қайтқан Қалтай үлкен көшеде ытқып бара жатқан екі дөңгелекті көрді. Өзінің «Уралы» көшенің арғы бетіне қарай зымырап барады. Белесебед «ПВЗ» және «Урал» боп екіге бөлінеді. «ПВЗ»-ның сүйегі ауыр, «Урал» құнандай жүйткіп тұр, былтыр жол жүруге жеңіл деп осы «Уралды» сатып алған. Жұмысқа қатынайтын қара жорғасы, су ішіп, шөп жемейтін екі аяқты көлік жанның рахаты болды. Есік алдында «мені қашан мінесің» дегендей қос дөңгелек тырсиып, табан тигізер қос педальдің жылтырағы жылт-жылт етіп тұрады. Жұмыстан келгесін дуалға сүйей салады. Түтін ытқытып, ауа былғамайтын үй шаруасына жұғымды «тіхника» екен. Қытайдың астанасы Пекинде темірден түйін түйген токарлардың халықаралық сайысына ауыл Қалтайды ұсынып, аудан мен облыстан да оза шауып, аз қазақтың бірі боп Қытайдан бір-ақ шыққан. Сонда миллиард халқы бар елдің астанасы Пекинде көргені – жүйткіген белесебед, зырғыған жеңіл мәшине дегенің ілуде біреу, қос дөңгелек қонжиып отырған адамзатты барар жеріне баяу әкетіп барады. Сонан Қалтай да келген бетте белесебед сатып алды. Шөп оруға барса, жолай бір бау құрақты артына сала келеді, бір қап ұнды да бел темірге көлденең қойып үйге жеткізеді. Ешкімге жалынбайды. Төрт дөңгелек жеткен жерге екі дөңгелек те жетеді. Ауыздыдан сөз қалған ба, ауылдастары «Қалтай қыз көруге барса да белсебедпен баратын шығар» деп келеке қылады. Ал сол мәшине мінгендер моторы оталмай қалса Қалтайға кеп қиылып, алақанға сап алып кетіп, қол ұшы тисе моторы гүр ете қалады. Солар кейін бірде сәлемдессе, бірде сәлемдеспей қасынан зуылдап өте шығады. Осының бәрі жиырманың бел ортасына келген Қалтай үшін айнадан көргендей аяр қылық боп көрінеді. Әне, өзінің белесебедін Қатира зуылдатып айдап барады. Ұзын көшенің шетіне шыға бұрылып, өзіне сәт сайын жақындай түсті. Педальді басқан сайын тоқпақтай тізесі бұлтиып алға кетіп, дір-дір еткен тоқ саны жұқа спорт шалбарынан тырсиып тұр. Абырой болғанда өзінің бе, әлде сіңлісінің бе, спорт шалбарын киіп алыпты. Құйғытып келді де, педальді артқа қарай шалт басып қалды. Көзі шырадай жанып, жан-дүниесі бусанып, терлеп-тепшіп бір рахат күйге бөленген сыңайы бар. Көкшіл көздерінің қарашығы алаулап бара жатқандай. Белесебедті қисайтып, ерден түсті. Бұл белесебед еркектерге арналған. Еркек ердің ұшы үп-үшкір боп былғары тұмсық шошайып тұр. Қыздарға арналған ер жалпақ болады.

- Әбден терлепсің ғой, – деді Қалтай рөлді қолына ұстап тұрып. – Тағы да теппейсің бе?

- Кейін тебем... – деді даусы жәй шығып бір рахат кейіппен.

- Саған лайықтап ер жасап беремін. – Белесебедті алып кетті де, өткір шотпен шодырайып тұрған көн теріні сәл жонып, жалпайтып тастады. Сосын жуалдыз инемен сөгілген жерді қымтап, қымқыра тікті.

- Құмырысқаның ізі де білінбейді. Енді еркін отырасың, – деді рөлді қолына ұстатып тұрып.

Қатира баланың үлкені, бір үйдің тұңғышы, бұған «тәйт!» дер ешкім жоқ. Тұқыл ерге қарап тұрып күлімсіреді, бір заттың денесіне батқанын да енді біліп тұрғандай. Өңінен бойжеткен қыздың нәпсі сезімі аңғарылып, ана сүтімен келген татарлық турашылдық та көрініп қалды.

- Биыл мектеп бітіресің, – деді Қалтай күлімсіреп тұрып.

- Бітірем.

- Қандай оқуға барасың?

- Трактор айдаймын.

- Тракторың анау тұр. - Шеберханаға симай, үй жанына қойған өзі айдаған шынжыр табан «ДТ-54»-ті иегімен нұсқады. - Гаражың да дайын.

- Жоқ, мен «Беларусь» айдағым келеді. «Беларусь» тез жүреді, өзің үйретесің ғой.

- Ол үшін СПТУ-ды бітіруін керек.

- Несі бар, бітірем. Бітіргендер менен артық қой дейсің бе?

Қалтай кісі таңдамайды, үлкенге де, кішіге де «сен» деп сөйлейді. Қатира да өзімсініп тұр.

- Бас зоотехниктің қызы трәктір айдап жүр деп жұрт күлмей ме? – тәмпіш танауының астынан езуі жиырылып, күлкі көрінді.

- Жұрттың жұмысы қанша. Өз жөндерін жөндеп алсын. – Қыз ана сүтімен келген ащы тәкаппарлығына салды. – Жастар, әсіресе, қыздар қой бағып, трактор айдаңдар деп жүрген өздері емес пе.

Екеуі күн батқанша сөйлесіп тұрды. Сосын Қатира Қалтайға ілесіп кеп жұпыны екі бөлменің ол-пұлын жинап, сыпырғыны сулап, ескі текеметті сыпырып, үй ішін тап-түйнақтай қылды. Қалтайдың шешесі мәз боп қалды.

- Тұтанбай көшіп келгенде құйтақандай қыз едің, бойжетіп қалыпсың. Біздің Қалтайға да сендей біреу болса, ол да жиырманың бесеуіне келді.

- Балаңыздың қолынан бәрі келеді ғой.

Осы сөз кәрі кемпірдің де, баласының да көкірек тұсын шым еткізді. Қалтайдың мәндалин тартатыны бар. Той-томалаққа мәндалинін ұстай барады. Сым шектер мақамды шымыр сүйемелдеп, өзі де әнге қосылады.

- Әкесі тірі болғанда қыз біткен соңынан еріп жүрер еді, – деді шешесі қара шегеге ілулі мәндалинге қарап.

- Кім әкесін арқалап жүр дейсіз, - деп Қатира саңқ ете қалды.

Қыз шығып кетті. Қалтай төмен салбырап тұрған мәндалиннің бір шегін бас бармағымен дың еткізді.

Түнімен көз іле алмады.

***

Бірінші күні Қатираның тракторы үлкен моторға от бере алмай дызылдап біраз тұрды. Қалтай осыны естіп қап үйден атып шығып, сусап тұрған генераторға солярка ытқытып жібергенде мотордың шөлі қанып, майда қоңыр дырылға басты. «Беларустың» кәбеңкесі жылан жалағандай тап-таза.

- Қатира, тежегішке табаныңды тигізіп отыр. Сонда бірқалыпты жылдамдықтан аспайсың. Жылдамдық тормозға тәуелді.

- Оған аяғымыз жетеді ғой. - Бұтына шибарқыт шалбар киген қыздың жуан саны бұлтиып көз арбап тұр. - Аяқтан келетін пәлені көрерміз.

- Қалтай, сен неге трактор айдамайсың? – деді Қатира сол сәт сауалды төтесінен қойып.

- Айдайын десем, «трактор мен комбаинға болт пен гайканы сенен басқа ешкім жасай алмайды» деп, бас инженер мақтап-мақтап токарь ғып қойды ғой.

- Ол да керек, - деп қыз Қалтайдың терісі жырым-жырым алақанына таңдана қарады. Бойы бір тұтам, оқыған оқуы жоқ, темір-терсектің тілін қалайша игерді екен деген ой тұтқиылдан кеп таңқалдырды. Өзі тракторды маңайлаған бір айдан бері жылдамдық пен тежегіш, генератор мен радиатордың тұрған жерінен басқа ештеңе білмейді. СПТУ-да алты ай оқыды, басқа ештеңе көрмеді, тек тракторды алға жылжытып, артқа шегіндіргеніне мәз боп қайтып жүр. «Осының өзі тегін жігіт емес». Күнде қасында жүрген Қалтайға жаңа көргендей көзін сүзе қарады.

- Апам қалай? – деді көз қиығын тастап.

- Өзің көргендей.

- Демалыс күні үйдің ішін қағып-сілкіп берем.

Қалтай үнсіз. Бүгін дүйсенбі, алда әлі алты күн бар, енді сол жетінші күнді күтетін болды. Әйелдер «Беларусь» сүйреткен тележкаға тырмысып мініп жатыр. Оларды Қатира егістік басына жеткізеді. Қызыл «Беларусь» пар етіп қарқын алып, бір тележка қыз-қырқын мен аракідік еркек кіндікті теңселтіп, егістік басына ала жөнелді. Рөлде көзі шырадай жанып, сұңғақ бойлы, атжақты, сұлуша келген қыз отыр. Ол бұрыла бергенде көше шетінен белесебедтің рөлін ұстаған Қалтайдың иығын көріп қалды. Іші шым етіп, тілдескенше асықты.

***

Айтқандай-ақ, Қатира келесі жексенбіде тоқал тамның ішін тап-тұйнақтай ғып жинап берді. Көбіне көн тулақтың үстінде сарғайып жататын Қалтайдың сырқат шешесі Күләй да басын көтеріп, Қатира екі текемет, бір алашаны күн көзіне жайып жатқанда бір асым етті қазанға салды. Ысылдап самауыр келгенде шәйді де Қатира құйды, дәл бір осы үйдің келіні сияқты кесені еркін ұсынып, шүмекті еркін бұрап, шәйнекті аспай-саспай еңкейтті. Қалтайдың шешесі жалтақтай қарап, көзінің астына шық тұрып, сескене сөйледі.

- Қалтайжанға да өзіңдей бір қыз болса ғой.

- Балаңыз көне қойса...

Құс жастықты шынтақтап алып шәй сораптаған Қалтай жыртылып-айырылды.

- Сіз дайын болсаңыз, біз дайын...

Сол-ақ екен, көзінің алды бүлк-бүлк еткен кемпір орнынан әзер тұрып төргі бөлмеге кіріп кетті де, шымқай қызыл орамалды ұстай шығып, шәй құйып отырған Қатираның басына тарта салды. Аурудан ада, қимылы шалт.

- Құдай бағыңды ашсын, – деп қосып қойды.

- Үйбай, мұнысы несі, менің әке-шешем бар емес пе? – деп Қатира ащы дауысын шығарғанмен кемпір басу айтты.

- Туған қызымнан кем көрмеймін. Қазір хабаршы жібереміз. Басыңа орамал тарттың, сен енді осы үйдікісің. Қадамын құтты болсын, қарағым. Әй, Қалтай, анау үшетшік баланы тез ертіп кел...

Қас пен көздің арасында төрт атадан қосылар ауылдың атқа мінері Мәулен кіріп келді.

- Жеңеше, тыныштық па? – деді таңқала сөйлеп.

- Әй, үшетшік, келінді боп жатырсың.

- Қайдан?

- Көріп тұрсың ғой, – деді басына төмілжітіп қызыл орамал тартқан Қатираны көрсетіп. – Тұтанбайдың қызы.

- Қай Тұтанбай. Ауылда Тұтанбай үшеу ғой. Қоңсы Тұтанбай ма?

- Соның өзі.

- Құдаң алыстан екен, – деп кекетіп қойды.

- Алыс болсын, жақын болсын, қызы жарамды. Тірлікті жапырып жібереді. Өзі трәктір айдап түр. Қазір хабаршы боп бар. Аяғың ауырмайды, үй ме үй ғой.

Күнде болмағанмен аракідік стакан соғыстырып жүретін ауыл белсендісінің есігінен Мәулен имене аттады. «Әйелі татар, өзі де соның о жақ бұ жағы, қалай қарсы алар екен?» деген күмәнмен кіргенде олар кешкі шәйді алдарына алып жатыр екен. Ерлі-зайыпты екеуі де «бұ неғып жүр?» дегендей бақырая қарады. Әйелі бір кесе шәй құйды. Мәулен назарын төмен салып:

- Тұқа, құдай қосқан құда болдық, – деді.

- Кіммен? – деді Тұтанбай аспай-саспай.

- Қалтаймен...

- Әкесі кім?

- Қалтай Байсалбаев. Көршілеріңіз.

- Алыс екен, – дегеннен басқа Тұтанбай тұтанып, екіленіп ештеңе айтпады. Әйелі Зухра болса бәрін біліп отырғандай үн-түнсіз қалды, қызым кетті деп өксіп, өрекпімеді. Тұтанбайда ұл жоқ. Қоңсы қонғалы Қалтайды қолбаладай жұмсап жүр. Отын түсірсе отынға барады, шөп асар жасаса осы үйдің тұңғышындай жұртты бастап барып, бір күнде мың бау тастап қайтады. Қонақ келе қалса, «мал бауыздап бер» деп ишарат жасаса болды, көзді ашып-жұмғанша қара қойды тыпырлатып, пәрше-пәршесін шығарады. Әйтеуір сөзін жерге тастаған кезі жоқ, осы үйдің бел баласы секілді.

- Барған жерінде бағын ашсын, – деді күбірлеп.

- Құдай қосқан құда болдық, Тұтеке, – деп колхоздағы қой мен сиырдың иесіне Мәулен соңғы сөзін айтты.

- Құданың китін кигіз, – деп иек қағып еді, Зухра судай жаңа кәстөм-шалбарды әкеп алдына қойды. Тұтанбай тағы бір иек қағып еді, Зухра бір бөтелке мен екі қырлы стакан әкеліп, Тұтанбай екеуі кезек сөйлеп, «Құдалығымыз мың жылдық болсын» деп екі рет соғыстырып, Мәулен сідік шаптырым жердегі Қалтайдың үйіне кәйіп боп қайтып келді.

- Жеңеше, бәрі дұрыс. Ешқандай бөтен сөз жоқ. Тойға дайындала бер.

- Пәсебтің (дән себу) кезінде ненің тойы. Ана бір тоқтыны сойыңдар. Жұрттың бәтесін алайық.

Осылай Қалтай мен Қатира отау тікті. Шақыру билетін шығарып, жастар тойын да жасаған жоқ. Беташар болғасын үш күннен кейін-ақ Қатираның «Беларусы» пар етіп оталды. Пәсебтің қызып жатқан кезінде тракторды қаңтарып қоюға әсте болмайды. Қатын-қалаш пен арагідік еркек кіндік мінген тележкені сүйретіп, «Көкиірімге» тартты. Егін егіліп жатқанда той тойлауға мұрсат жоқ. Оның үстіне қоңторғайлау күйі бар шаңырақты ешкім де сынамайды. Қатар-құрбылары «Қалтайың бәле екен» дегенмен, қарсы кездескенде ерін жыбырлатып ештеңе дей алмады.

Осылай бал айы да артта қалды.

***

- Мен қашанғы қатын-қалашты тасимын, – деді Қатира жылы көрпенің астында жатып. Бал айы артта қалып, балбыраған бір қызық дәурен басталған шақ. Әйел болғалы әр сөзі өтімді. Көрпе астындағы ыстық әңгіме екеуінің де ештеңеге айырбастамас ләззатты шағы. Қатира көбіне егіс басындағы жәйттерді, «Беларусь» өрге қарай ышқына тартқанда күшейткішті барынша басқанын, сосын жайдақ жерге түскесін оң аяғын тежегішке кілт тигізгенде тірі темірдің ойқастап кеткенін қызыға айтады. «Әй, Қатира, жәй айдасайшы, мына Қалтайдың қатыны баламызды түсіретін болды-ау, байың қалай айдауды үйретпеген бе?!» деген қатын-қалаштың сөзін ішек-сілесі қатып айтып, құшағындағы күйеуін төңкеріліп түсіп, екі бетінен кезек сүйіп алды. Қалтай болса тұла бойын бір босатып ап, шалқалап жатып қоңыр әуенге салатын. Қай болт пен қандай гайка аз жонылды, ауданнан қандай подшипник алдыру керек – көк егістің қамын қамқор еркектің көңілімен жеткізетін. Бойында бар еркектік едіреңдеуін де әйел құшағында жатып әй-шәй жоқ бастап кететін.

- Сен неге комбайн айдамайсың? – деді Қатира жұлып алғандай. - Жыл аяғында артық өнім аласың, - деп ашылған көрпені қайта қымтай түсті.

- Мен жас кезімнен комбаин айдадым. Егін орған қандай тамаша. Алдың сап-сары күріш, комбаин дән жейді, сен биіктен қарап отырасың. Дән бункерге құйылады. Бункер толғасын мәшинеге тиеп, элеваторға әкетеді. Тек шаңы жаман.

- Шаң бола ма?

- Егіннің шаңы болмай ма. Егінді топыраққа екпей ме?

Қатира көрпе астында таңқалып жатыр.

- Ал, неге қайтадан комбаинға шықпайсың?

- Мені бас инженер шығармайды. Комбайн бұзылмай тұрмайды. Оны тез жөндейтін қол керек. Мен солардың тәуібімін, тамырын ұстап, кеселін дәл табамын. Комбаин тоқтамау керек.

- Е-е-е, тәуіп екенсің ғой, – еркектің денесіне жұмыр бөксесін бір тигізіп қойды.

- Мен де сол сен айтқан тамашаны көргім келеді. Комбаинға шықсам қайтеді. Тәуібім қасымда.

- Мақұл. - Бойы балбыраған еркек сөзден жаңылып, серттен таяр емес. – Бас инженерге айтайын, енді өзім емес, қатыным комбаин айдайды деп.

- Айтасың ба?

- Айтпағанда. Тәуібің қасыңда.

Қатира тағы да көрпені ысырып тастап, күйеуінің көкірегіне бетін басты. Бүгінгі құлшынысы өзгеше, әйелдік құмарлық пен ынтазар көңілден ытқыған нәпсі бар.

- Қызуың мотордай ғой, – деді өмірі мотор жөндеп, болт пен гайка бұраған Қалтай әйелінің деміне тұншығып.

- Мотордан кем емеспіз, – деп сөйлеп жатыр.

Қою түн бәріне куә.

Ауызғы бөлмедегі кейуана да күбір-сыбырға құлақ түріп, сөз аңдып әуре. Қалтайдан түскен ұрық іңгәлап, сыртқа шықса деп жанұшырып жатыр.

***

Оң аяғымен аттаған есіктен шыға бергенде өнбойы дір етіп, бір күш қапсырып кілт кері бұрып, табалдырықтан сол аяғымен аттады. Қасында ешкім жоқ. Енесі қора жақта жүр, Қалтай таң атпай шеберханаға кеткен. Үйден шыққан бетте баяғы өзі сүйреткен тележкеге мінді. Оны қазір Тұрсынбай деген түбіт мұрт сүйретіп жүр.

Бас-аяғы бір-ақ сағат өтті. Комбайнын пар еткізіп, егіске салды. Айнала сап-сары егін, осыны орып бітірсе, келесі күрішшінің егініне орақ салады. «Неше бункер астық шығар екен? Әр бункер толғанша күрішші де жанын шүберекке түйеді. Жаз бойы төккен тері ғой, мен оны төкпей-шашпай жинап беруім керек». Басындағы орамалын шешіп, аузын тұмшалады. Ала жаздай күріш сабағы бойына жинаған шаң-тозаң комбайнның тісі тигенде бұрқырап аспанға көтеріледі екен. Көзі жайнап отырып күшейткішті басқан Қатира тыныс ала алмай орамалмен аузын буғасын ғана сәл жеңілдейін деді. «Осы еркектер кәбеңкесі бар комбайнды неге ойлап таппайды екен. Қалтайға айтайыншы...». Қолы рөлде, тежегішті әлі бір басқан жоқ. Кедір-бұдыры жоқ атызды аймақта дала кемесі бірқалыпты қарқынмен жүріп келеді. Алдындағы шыр айналған қомағай подборщик майысып тұрған күріш сабақтарын асап-асап алып, ашқарақтана жұтады. Оның бәрі әп-сәтте сабағынан айырылып, бункерге баданадай дән боп құйылып жатыр. Әнебір комбаин тұрып қалды. «Техпомощ» мәшинесі мен бас инженердің сұлбасы көрінді. «Құдай біледі, Қалтай да сол жерде жүрген шығар, онсыз темірдің жамауы жамала ма? Жұрт «скорый помощ» деп мазақтайды екен. Күлсін, мазақтасын, өздерің Қалтайдай боп алыңдар». Қатира тәтті ойға шомып отырып түс болғанын да білмей қалды. Анау төбесі шошайып тұрған киіз үй – дала қосында сағат 1-де бәрі түстік ішуге жиналады, 2-де рөлге қайта отырады. Сары егіс солбырап жүруге көнбейді. «Мендей алтын дәнді рәсуа қылмаңдар» деп, Сыр маржаны атанған сары сабақ күріш сөйлеп тұрғандай естілді Қатираның құлағына. «Егіс біткенше сен тағып жүр» деп берген Қалтайдың сағатына қарады. Қызыл тіл 1250-ге кеп тұр екен. «Уақтылы барып, уақтылы қайту керек». Тежегішті басып, төбеге шығып, бункерге қарады. Дән кенересінен келіп толып тұр. Анадай жерден астық тасып жүрген солдат мәшинесінің төбесі көрінді. Келді де, комбаинмен қатарласып тұра қалды.

- Бар ма? – деді солдат Вася орысшалап.

- Бар. Толып тұр.

- Бар болса, қорапты толтырып қойыңыз. Мен обед ішіп келем де, жүріп кетем.

Қатира дереу бункерді іске қосты. Солдат мәшинесінің қорабына сары дән сауылдап құйыла бастады. Жарты қорапқа да жетіп қалды. Қатира сауылдаған дәнді көріп балаша қуанды. Комбайны басқалардікіндей тоқтап қалмағанына мақтанып та тұр. «Жұрт «тәуібі қасында ғой, түнімен үшкірген адамдікі неге тоқтасын» деп айтып да жүрген шығар». Ең бірінші рет Қалтайдың белесебедін сұрап ап тепкенде жалп етіп құлағаны да көз алдынан зу етіп өте шықты. Бір керемет түс көргендей боп айналасына рахаттана көз салып тұрғанда бункердің мәшине қорабына дән саулатқан өңеші тым-тырыс боп, тек ұшындағы кенеп бүлк-бүлк етіп жыбырлап қалды. Қорап әлі толмай тұр. Үңіліп бункерге қарады. Дән айдағыш зырылдауық темір қақалып-шашалып дән жүрмей тұр. «Бұған не болды? Күріш сабағы тұрып қалды ма екен? Мәшиненің тұрысы анау. Қазір Вася келеді де, «Дайын ба?» дейді орысшалап. Сонда не деймін. Өзім де түстікке баруым керек. Әшейінде шыр айналған жалаңдаған темір шнек үн-түнсіз бұқты да қалды. Не болды бұған?» Көкірегі тызылдап кетті. Аяғын көтеріп, керзі етіктің тұмсығымен бұғып жатқан темірді түртіп қап еді, бір рет қақалып-шашалды да, етік тұмсығын жібермей қақшып қап мүжи бастады. Қомағай шнектің өңешіне кептелген күріш сабағы мен шөп-шалам әрі кетіп, бүдірлі темір керзі етіктің тұмсығын да шыр айналып шайнай бастады. Асып-сасқан Қатира аяғын тартып ала алмады, шыр айналған темір керзі етіктің тұмсығын тып-типыл ғып башайын мүжи бастағанда «Ойбай!» деп жан даусы шықты. Бір қараса, қан аралас сары дән төмен қарай саулап барады. «Қалтай!» деп шыңғырды. Бункердегі дән таусылуға айналды, шыр айналған темір керзі етікті тобыққа дейін жалмады. Аузын тұмшалаған қара орамалды жұлып ап дала қосына қарай бұлғады. Ешкім жоқ. Жұрт ыстық ішіп, демдерін алып, ас тамақтан өткен тәуір шақ еді. «Қалтайдың да қарасы көрінбеді-ау» деп бункерге сүйенген күйі талықсып тұрып қалды. Бункер іші қызылала қанға малынып, түйір-түйір дән түйіршіктері қып-қызыл боп жылтырап жатыр.

Тамағын ішіп, комбайнға асыққан солдат Вася бункердің жақтауына асылып, қолына орамал ұстап тұрған Қатираны көріп, солай қарай жүгіре жөнелді. Не істерін білмей комбайнды бір айналып шықты. Сосын өз-өзіне келіп, моторды өшірді. Қосқа жүгіріп кеп көргенін айтты. Бәрі әбігерге түсті. Енді тобыққа дейін желінген сирақты көздей боп қадалып тұрған дөңгелек темірден қалай ажыратып алып шығу керек? Ол тек сваркамен темір түйіндейтін Қалтайдың ғана қолынан келеді. Бәрі жабылып іздеп, бір күріштіктен Қалтайды тауып әкелді. Әйелін көргенде «ой, жаным-ай!» деп даусын шығарып, қолды-аяққа тұрмай моторды іске қосып, от шашыратып, жіңішке темірді кескілеуге кірісті. Бір сағат быжылдатып отырып Қатираның аяғын темірден ажыратып алды. Тобыққа дейін кесіліп, шолтаң ете қалған әйелінің аяғын кәстөмін шешіп ап орап, дән толы Васяның мәшинесінің қорабына шықты. Алдына алып отырып, аудан орталығындағы ауруханаға тартты. Әлсін-әлсін «тез айда, Вася, тезірек!» деп айқайлады. - Онсыз да қан көп кетті, тезірек, Вася, тезірек!» Қатира есеңгірей бастады. «Белесебед тебуді үйреттің ғой, Қалтай, енді трактор айдауды үйретесің, сосын комбайн...» деп қайталай берді. Қалтай бір бұлқынып, көйлегін шешіп ап, қаны шылқыған кәстөмді лақтырып тастап, жараны көйлекпен орады. «Комбайн, комбайн деп қоймап едің, қан тартып тұр екен ғой». Сары дәннің үстінде кіндігіне дейін жап-жалаңаш отырған жігіт әйеліне қарап дауысын шығармай күбірледі. «Аяғы құрсын, жаның қалса болды» деп кемсең-кемсең етті.

***

Оң аяғын сәл сылти басып, табалдырықтан темір аяқпен аттады.

- Өз аяғыммен кетіп, темір аяқпен келдім, – деп күлімсірегенмен көңіліне қонақтаған кірбің бар. Он екі мүшесінің бір мүшесін далаға тастап келген ұрғашы білдіртпеуге тырысқанмен «басқалардан кеммін» деген сөз көзінен оқылып тұр.

- Жаныңның қалғанына шүкір де. Доғдыр темір аяқ сап берді. Қалтайдың әкесі бір аяғын соғысқа беріп, өмір бойы балдақ сүйеніп шойқаңдап жүрді ғой. - Енесі елпелеңдеп алдынан шықты.

- Ақсақтың бәрін бір жерге жинаған екен де.

Енесі езу тартты.

- Осылай демесең, Қалтайдың қатыны боласың ба... Қазір сорпа қайната қояйын. Бәлнистің су-сорпасынан әбден зәрезап болған шығарсың, – дей бергенде, келіні шойқандап жүріп іске кірісіп кетті.

- Апа, отырыңыз. Аяғым ақсақ болғанмен қолым сау. Отырыңыз. - Сәл сылти басып жүріп, қазанды қайнатып, самауырға шоқ салды.

- Қалтай да өзің жоқта түшіркеніп шәй ішпеді, – деген кезде дастархан басындағы екеудің бірі - Қатира төмен қарады. Сол аяғы тізеден бүгулі, оң аяғы қақайып тігінен жатыр. Аяқтың ұшындағы жер басып жүрер темір көздей боп дөңгеленіп тұр. «Қалтай темір аяғымды көргенде қайтер екен?» деген ой жон арқасын тағы бір тыз еткізгенде алдыр-салдыр басып өзі кіріп келді. Сол аяғы бүгіліп, оң аяғы қақайып Қатира отыр. «Алматыға шығарып салғанда балдақ сүйеніп кетіп еді, енді екі аяғын тең басып, апама шәй құйып беріп отыр. Тәуба, тәуба, Алланың мұнысына да тәуба!» деп көз қиығы темір аяқтың ұшындағы оймақтай темірді бір жалап өтіп, қасына қонжия бере «құй, шәйіңді» деді ыржиып. Жұбайы қосағының жыртиған көзінен ақ көңілді көрді. Көрді де, көзінен жас ыршып, кемсеңдеп кетті.

- Қуанып отыр ғой, жаным! Құдайдың қарасқаны ғой, – деп енесі жуып-шая бастады.

- Иә, қуанып отырмын, – деді Қатира. – Арбамен жүретін мүгедек боп қалсам қайтер едім. - Қолы дірілдеп, шәй кесені саусақ ұшымен Қалтайға ұсына берді.

Қалтай болса ешқашан Қатираның кемсеңдегенін көрмепті, көрші тұрғалы бала боп дауыс шығарғанын естімепті.

- Босқа босама. Аяғың болса ауыр, – деп енесі аузы-аузына жұқпай отыр.

Қалтай дастархан басынан тұра бергенде Қатира да қозғалақтап қалды. Сәл түрілген етегінен тізеге аз-кем жетпей қалған қып-қызыл темір аяқты көрді. Жуан саны тоқпақтай тізеге кеп тоқтап, сып-сидам темір аяққа жалғасып жатыр. Әйелінің бетіне қарап еді, қыз кезіндегідей екі көзі оттай жанып, сұлу жүзі алабұрта бастапты.

Қалтай темекі шегіп кеп дастарханға қайта отырды. Алматыға темір аяқ салдыруға жұбайын шығарып салғанда қоңыр күз еді, қыс та бел ортаға жетіп қалды. Қайта отырғанмен Қалтайға шәй батпады.

Күннің батуын күтті.

Түн де болды.

- Пойызда үстінгі орынға жаттым, – деді Қатира көрпе жамыла бергенде.

- Неге? Үстіне қалай шықтың?

- Түнде темір аяғымды шешіп тастауым керек. Төмендегі кісілерден қысылдым, - деп темір аяқты бекіткен майда тегершектерді ағыта бастағанда күйеуі төңкеріліп түсті.

- Маған аяғың емес, өзің керексің...

Темір аяқты темір жонған көнтақа алақанымен сипады. Темір сияқты емес, жып-жылы.

***

Қатира жиналыстан жабырқап қайтты. Бармай-ақ қояйын деп еді, аудандық комсомол ұйымының идеология жөніндегі хатшысы Сәнипа-ақ жанын қоймады. «Сізсіз жиналыс өтпейді, сізді күтіп отыр, бұл жастардың болашағына арналған жиналыс, райком бірінші хатшысының өзі қатысады, облыстан адамдар келеді» деп тұрып алды. Құдашалығы да бар еді, ол жағын да ойлап, сылти басып, аудандық Мәдениет үйінің есігінен аттай берді. Қатираның бойына бала біткен. Қос қолын сәл томпиып келе жатқан ішіне айқастыра қойып, кең залға кірген бетте жалтақтап тұрып қалды. «Ерлік тауына ту тігеміз!» «Біз еңбекті бағындырамыз!» деп ұран жазылған залда қалаған жеріне отыра салды. Құдаша қыз танымайтын адамдай зыр қағып жүр. «Еңбектегі жанқиярлық ерлігі үшін» деген Жарлықпен алған Ленин орденін Қалтай айтқасын тағып ап еді, қабағын түйіп, кеудесінде күн көсемнің бейнесі тұр. Бұған дейін талай жиынға қатысты, жастармен де кездесу көп болды. Бәрі де «Біз Қатира апамыздай боламыз, тракторды тізгіндеп, еңбек асуларын бағындырамыз» деп тақпақ айтқандай бір мүдірмейді-ау, шіркіндер. Бұрынғы бірінші хатшы көрген жерде хал-жағдайын сұрап, «Амандық болса тракторға қайта шығасың» деп арқасынан қағып қоятын. Қайта құру деген науқан келгелі мына бірінші басшының тілі удай, сөзі түсініксіз.

- Жиналыс тақырыбы – мамандық таңдау, жастарды еңбекке баулу, – деп бастады бүгінгі сөзін ауданның бірінші хатшысы. Оның айтуынша, бұрын ештеңе істелмеген, бұрынғының бәрі жалған, бәрін жаңаша бастап, қайта құруымыз керек, – дейді. «Бұрын өзі қайда жүрді екен?» Қатираның күлкісі келді. Сөз бере қалса, тік мінезіне салып, тіліп түскісі кеп отыр. Сол сәт әлгі тағы да сөзін жалғастырды.

- «Еңбектің Мересьеві» деп бағаланып жүрген жандар бар арамызда. Мересьев соғыс көрді. Бұлар не көрді? Комбаин бункерін аяғымен түрткілеп ойнап тұрып, «еңбектің Мересьеві» боп шыға келді. Қазір кеудесіне күн көсемнің бейнесін тағып жүреді, – деп көпшілікке мойнын соза қарады.

Зал сілтідей тынды. Біреулер бұрылып, Қатираның бетіне қарады, біреулерді күлкі қысып отыр. Қатира орнынан шалт тұрды да, шығар есікке беттеді. Еденді тық-тық ұрған темір аяқтың дыбысы өзімен бірге кетіп бара жатты.

Баяндама да кілт үзілді.

Ілкі сәтте Мәдениет үйінің есігі тарс жабылып, Қатира үш шақырым жолға жаяу тартты. «Осыдан қол-аяғымды аман-есен бауырыма алсам... тракторға қайта шығам. Балаға апам қарайды. Көресің сонда кім екенімді». Көкірегін күйініш пен ыза буып келеді. Қалтайды көріп, тілдескенше асықты. Ыза буған көңілін жайып салғанша тағаты қалмады. Темір аяғын жылдам алып, қиыршық тас жолда шықыр-шықыр дыбыс шығып, үгітілген тастар жан-жаққа ұшып жатыр.

Кенет құрсағы төмен тарта бастады. Ішін басып тұрып қалды. Бұрылып артына қарады, келе жатқан қара-құра көрінбейді. «Мынау шынымен толғақ па?» Жан-дүниесі өзіне бағынбай алашапқын боп кетті. Ішін басқан күйі жол жиегіне шоқиып отыра қалды. Тұлабойы төмен тартып, жан дауысы шықты. Бір мәшине бапылдап келіп, шопыры бүкшиіп отырған Қатираны танып, кәбеңкеге салып ап үйіне әкелгенде, табалдырықтан темір аяғымен аттай бере ышқынып, шыңғырып жіберді.

- Қалтай!

Ол қора жақта темекісін шегіп, жер тырмалап жүр еді. Бір мезет оның көз алдына алба-жұлба киінген біреу елес берді. Қарлығыңқы даусымен екпіндеп сөйлеп келеді. «Мынау не деп келеді?» Қалтай тырма сабын ұстап қалт тұра қалды.

- Ұл ма, қыз ба? - Есеңгіреген Қалтай алба-жұлба бейнеге қарсы жүрді.

- Ұл, ұлды болдың. Бірақ... бірақ... Қатирадан айырылып қалдық. – Көрші Мәріп диуана сақалын тарамдап сөйлеп келеді.

Жедел жәрдеммен келген медбике қыздың үстіндегі ақ желең есік алдында ағараң ете қалды.

Қалтай тарам-тарам тырма сабына сүйеніп сұлық тұр. Жүрегі соқса да көз алды көмескі. Ілкі сәтте тырманы лақтырып тастап, шешесінің қасына кеп төне сөйледі.

- Кетерде не деп еді?!

Шешесі солқылдап қоя берді.

- «Темір аяғым, қош!» деді ғой...

Қалтай бүк түсіп бұрылып кетті.

***

Мәйітті жуушылар өлі дененің темір аяғын іздеді. Қалтайдан сұрап еді, қасарысып тұрып алды.

- Анау тұр, – деді бұрышта тігінен тұрған темір аяқты көрсетіп.

- Ол да он екі мүшенің бір мүшесі. Жуылып, жер астына берілуі керек, – деді сүйекке кірген кексе әйел.

- Бір мүше берілмейді.

- Ең болмаса, ақ шүберекпен жауып қойсаңшы, – деді төмілжітіп орамал тартқан әйел еркектің сұсынан сескеніп.

Аудандық комсомол ұйымы қаралы жиын өткізіп, салют атамыз деп еді, мәйіт иесі қарсылық білдірді.

- Артық сөз, артық әрекеттің керегі жоқ. Қара жер қойнына ың-шыңсыз кетсін, – деп қысқа қайырды.

Жаназада тұрған жұртқа ауыл молдасы аз-кем лұғат айтты.

- Мұсылман баласы о дүниеге аттанарда жансыз заттармен де арыздасқан. Мәселеңки, насыбайшы шақшасымен, домбырашы қалағымен, ұста көрігімен арыздасқан. Мұсылман қызы Қатира он екі мүшесінің бір мүшесі - темір аяғымен бақұлдасыпты. Бұл да мұсылман пендесінің алғырлығы,-дегенде, «Ол айдаған комбайнымен, тепкен белесебедімен де қоштасты ғой» деп Қалтайдың іші қанжылады.

Сүйекшілер мәйітті жер қойнына беріп келгенде өксімеген адам қалмады. Жарық дүниеге шыққан ер бала да іңгәлап, дауыс шығарды. Дәмі қышқыл резеңке емізікті аузынан шығарып тастап, басын алып қаша берді. Жетпістен асып, көкірегі салбыраған Қалтайдың шешесі емшегін аузына салғанда ана сүтін татып көрмеген шарана кеуіп қалған кеудені қылқ-қылқ сорып, сәбилік рахатқа кенелді. Осыны көріп те кемсеңдеп қалғандар болды.

Қалтай қосағының жетісін бермей-ақ топ-толық денесі таралып, жағы сопайып шыға келді. Шарана қыңқылдап, алдына алған әжесінің омырауына жабысты. Әкесі төргі үйге озып, қолын желкесіне тарақтап ап, айқыш-ұйқыш қиялға шомып жатыр. Көне шифонер үстінде қызыл масатыға қадаулы Ленин ордені өзіне сұқтана қарап тұрғандай көрінді. Күн көсемнің түсі суық. «Қатира жоқта күн көсем маған не керек. Аузымен орақ орған өңкей көсемдер...» Ұшып тұрып, масаты әбдірені теріс бұрып, Ленин орденін әрі қаратып қойды. Көзімен төбені шолды. Қатира келгелі ағарып қалған қабырға мен үй төбесі қара қошқыл тарта бастапты. Көзі бұрышқа түсті. Темір аяқ сол күйі тігінен тұр. Атылып барып, қызғылт бояу жағылған темір аяқты қолына алып, қасына қойды. Алақанымен арлы-берлі сипалап, тұтасып тұрып қалған шаңын сүртті. «Осы мен Қатираның денесін өмірі бір сипадым ба екен? Ішіп келгенде темір аяғын ағытып тастауға да үлгертпей бас салушы едім. Протез салдырып келген күні темір аяққа саусақ тигізгенім есімде. Ал енді, сипа темір аяқты». Еркек өз-өзін сөкті, өткенге кінә артты. Қатира он алтыға толар-толмаста өзінің белесебедінен етегі түріліп құлап жатқанда көрген жұп-жуан саны мен тоқ балтыры көз алдынан көлеңдеп өтті. «Қысық болғанмен менің көзім жаман. Көзімнің ішінде көз бар. Шешем «балдарға түкіріп жүрші» дейді. Тұмау тиген балаға тура қарап бір түкірсе, сен көр, мен көр жазылып кетеді. Сонда Қатираның аяғына көзім түскенде қатты таңқалдым. Өмірі аяқ көрмеген сорлы» деп күйінді. Иегі дір-дір етіп, бір бұрышта тік тұрған күйі едені жоқ тоқал тамның бар сызын бойына сіңіріп алған сұп-суық темір аяқты арлы-берлі сипалай берді. Ауызғы үйден шарана қыңқылдады. «Апам бар ғой. Енді үшеуміз осы үйде қалған. Темір аяқ төртеуміз...» Қалтайдың көз жасы темір аяққа тамып кетті.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар