Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Қуандық Түменбай. Ашылып-жабылған есік...

23.09.2019 4292

Қуандық Түменбай. Ашылып-жабылған есік 16+

Қуандық Түменбай. Ашылып-жабылған есік - adebiportal.kz

(Әңгіме)

Әйелдік қызықтың бәрін артқа тастап, әрбір күніне қызғанышпен қарайтын осы бір төмен етек есік алдында көп көріне бермейді, соңғы кездері ғана саябаққа шығып, жіңішке өзенді жағалайтын боп жүр. Қасындағы сыптығырдай жас жігіт, бауыры ма, беймәлім, қолтықтап ап, аяғын балпаң-балпаң басқан серігінен көз-рахат алып, көңілі тоғаймайды. Күйбең-күйбең еткен қимылынан амал жоқтықтан бірге жүргені байқалады. Жасанды шашын бір жағына қарай шөмеле ғып үйіп тастаған әйел кербез-ақ, жиырмасыншы ғасырдың бел ортасынан қалған ұрғашыға тән сән-салтанат бір басына жетіп-артылса, шүберек киіп, сақина салуға келгенде асып түспесе ешкімнен кем қалмайды, оң иығына ілген шетел сөмкесін де «көрдіңдер ме?» дегендей бауын тартқылап, қасынан өткеннен көз-көрімдік сұрап тұратын сыңайы бар.

Көршілері әу баста көрген жерде шүйіркелесіп, амандық-саулық біліскісі келсе, әйел биіктен қарап, басын алып қашыпты. Бетін бояп, ернін қызартып, бояудан жұқарған сирек кірпіктері мен бір кездегі қиғаш қастың орнын бір қағып қойып, кімнің де болса бетіне шүңірек көзімен тесірейе қарап, үн-түнсіз өтіп кете береді. Жалғызбасты, некеге тұрып, жар сүймеген, пұшпағы қанап, бала таппаған. Жиырма төрт сағат кірпіш үйде қамалып отырады да қояды, тек биылғы Күннің қазан қайнатар ыстығы ғана тысқа шығарып, су жағалап, жан сақтауға мәжбүр еткендей. Өзі табанымен жер басып көп жүре де алмайды. Еті қашып, қу сүйегі қалған сыптай қос балтыры дірілдеп, тәлтіректей басып, әрі ұзамай шүпірлеген орындықтың біріне жалп етіп отыра кетеді. Айналасына секемдене қарап, талдың тұнып тұрған жасыл жапырағына шұқшия көз тігеді. Үнемі тұңғиық ой құшағына сүңгіп, өзіне-өзі сауал қойып, жауабын да өзінен алған бір жұмбақ бейне.

Көбіне еркекше қара шалбар киіп жүретін әйел бүгін үстіне ақ көйлек іліп шығыпты. Етегі делеңдеген көйлектің жол-жол ғып сызып қойған сәні бар. Жарасады, бөкселі әйелге көйлек жараспай қалмайды. Бірақ, орақтай иіліп кеткен имек балтыры сәнді бұзып тұр. Әр адым аттаған сайын жіңішке балтыр дененің салмағын көтере алмай дөп-дөңгелек бөксеге әрең ілесіп келеді. Қара жерді көп баспағаны, жаяу жүрмегені көрініп тұр. Көз шіркінді ештеңе де алдай алмайды, ол әр көріністі әшкере ғып алдыңа жайып сап отырар дүрбі.

- Бұрынғы міністір ғой. Бай-баланы, бәрін де міністірлікке айырбастап жіберіп... Біздің қатын сияқты 40 градус қапырықта тандырға нан жапса, көрер ем, – деп есікпе-есік көршісі Ергеш қапалана сөйледі. – Берген сәлеміңді де алмайды.

Ергеш Тәшкеннің теміржол институтын тәмамдаған кәрі тарлан, Қазақ темір жолының саусақпен санарлықтай білгірі. Сол жақтан өзбектің бір қызын ілестіре келген. Көнбіс әйелгекөзі үйренген күйеу мынаның қылығына шыдай алмай шамырқана сөйлеп келеді.

Бүгін байқадым, біз ауланың жаяу жүргінші кіріп-шығатын қақпасынан шықсақ, ол қолындағы қалта телефонын түртіп қап, мәшине кіретін кең дарбазадан шықты. Қап-қара темір дарбаза оңайлықпен ашыла қоймады. Анау төртбұрыш күркеде мәшинеге арналған дарбазаны компьютермен көріп отырған қарауыл бар. Әйел кілтін алға ұстап ұмсынып, қайта-қайта ноқат түймені басып, қалта телефонмен қабағын шыта сөйлесіп, қара дарбазаәрең дегенде кері шалқайды. Бұның жаяу жүргінші емес, көлікке арналған есік екенін экс-міністір білсе де, айбынын асырып, биліктің қалған-құтқан жұқанасы жанына ләззат сыйлап тұр.

- Жүрісіне қарамай, жұрт кіріп-шығатын қақпадан шықпай дарбазадан шығып жүр. Міністір болсаң, болған шығарсың, қазір кімге керексің. Әнеукүні РТК-да Шукшиннің актриса әйелі: «Мен сексендемін, енді кімге керекпін?» - деп мұңын шақты. Орыстардың бір жақсы жері – барлық уақытта шындықты жайып салады. Бұл да жетпістен асты, енді кімге керек. Қазір кім міністір болмай жатыр, саксофонист әкім боп жатыр. – Болат жолдың бойына темірдей тәртіп орнатқан Ергеш ызалана сөйлеп: -Мен 7-де Мәскеудің «Сегодня»-сын көрмесем тұра алмаймын. Қайыр, қош! – деп майданға бара жатқандай қимай қоштасып, қас пен көздің арасында қасымнан ытқып кетті.

Бір мезет көзімді алмай қарап отырған әйел орындықтан ұшып тұрып, етегін желпи бастады. Ақ көйлегінің етегі желпіген сайын делбең-делбең етеді. Үсті-үстіне желпіп, тізеден жоғары көтергенде жуан санның иір-шиірі де көрініп қалды. Онан кейін жамбасын қаққыштады, қос саусағымен құйрықтың тік тартылған сызығын да сыйпап өтті. Өзгелерге безірейе қарайтын әйелдің өңі әпсәтте әлемтапырақ боп өзгеріп сала берді. Қасындағы қабығы іркіс-тіркіс сәмбі талға алақанын тигізіп, қайта-қайта қаққыштап, киіміне тиген қолын тазартқандай болды. Ілкіде «Ой-й!» деген жан даусы шығып, әудем жердегі орындықта әулекі боп отырған маған көмек сұрағандай жалбарына қарады. Мен тырп етпедім. Сәмбі талдың түбі жыбырлаған құмырсқа, «қыстың қамын жаз ойлап», ілінгенін тасып әлек. Әйелдің денесіне құмырсқа кіріп кетсе керек, сірә, сол жыбырлатып, шыбын жанын шырқыратып барады. Қасынан өткен бір құмырсқаны «На, тебе!» деп биік өкше туфлиінің табанымен аямай мыжып тастады.

- Құмырсқаға тимеңдерші, іздегені өмір ғой, - деп дауысымды шығарып, Фирдоусидің өлеңінен үзінді оқып едім, тағы да артын алақанымен бір сипап тастап, «Нашелся поэт!» - деп маған жақтырмай қарап, алға ұмсынды. Бірақ, қара жерді табанымен баса алмай шайқалақтап кетті. Әйелдің бар арманы – тыржалаңаш шешініп тастап, судың астында тұрып, денесін шаққан құмырысқаны қуу еді, сосын ыстық су құйып, мылжалап өлтіріп, өшін алуды да ойлап тұрды.

Үйіне дейін әлі екі жүз адымдайжер бар. Дене бәріне төзеді, әсіресе, әйел денесі көнбіс, бірақ қаңғырған құмырсқаның әй-шәй жоқ шүберек қымтаған қасиетті жерін иемденіп алғанына опынып, биіктен қараған көңілі төмен түскісі келмей дызылдап келеді. Осыған дейін денесін сыйпаған небір майдай жұмсақ алақан көз алдынан телетайп лентасындай тыз-тыз етіп өте шықты. «Олар менің денеме саусақ тигізу үшін жанын сап, битін сыққан сорлылар еді. Мен замминистрлерге де көнген жоқпын, министрден төмен түскен жоқпын... Мына құмырсқаға не жоқ». Ерні дірілдеп, көзіне шық тұнды.

Қарамен сырланған тор-тор темір дарбазаға жақындай бере сөмкесінен кілт шығарып, қайта-қайта бөртпешегін бас бармағымен басып еді, мүлт кетті ме, дарбаза шалқайып ашыла қоймады. Әйелдің шығарға жаны жоқ, жеті ондықта иіссабын мен жөкенің жеті атасын көрген нән дене жыбырлап, басынан аяғына дейін бір тіршілік иесі қыбыр-қыбыр жол салып, білгенін істеп жүр. Қара дарбазадан күдер үзген ол тұрғындар кіріп-шығып жатқан аула қақпасына қарай бұрылып, көппен бірге ішке аяқ басты. Бір қырынан байқалып қалды, көптің бірі боп ішке енгеніне күйініп,өңі бұрынғыдан бетер алабұрта түсті.

Үшінші қабатқа шыққанда күтуші жігіт қолтығынан демеуші еді, ол да жоқ. «Кете бер» деген өзім, бұлай боларын білдім бе?Сонда да қас пен көздің арасында зып беріп... сәл күте тұрғанда...» Билік үрдісімен екінші біреуді кінәлай бастады. – Бүгін мен үшін сәтсіз күн...» Алқынса да, бұрынғыдай емес, жылдам жүріп келеді. «Мына түріммен үшінші емес, алтыншы қабатқа шығып кетермін. Мына оңбағанның арқасы ғой» деп, денесін емін-еркін шарлаған құмырсқаны сырттай балағаттап, қолын қайта-қайта бөксе тұсына апарып, құйрықтың тік тартылған сызығын саусақ батыра сипады.

Әйел қос құлыпты сорайған кілтпен қышыр-қышыр бұрап, есікті ашар-ашпастан етбетінен түсті. Бір құмырсқа анадай жерде жүйткіп барады. «Мынаның денемнен оп-оңай шығып кеткені ме?» Оң тізесі удай ашыды. «Бүгін мен үшін сәтсіз күн. Осылай жалғасып кете берсе, қайтем? Жедел жәрдем шақырайын. Оны дарбазадан кім кіргізіп алады. Маған келгендер тек дарбазадан кіруші еді. Сыртқа шығуға менің шамам жоқ». Тізесін басып, еденге отыра қалды. Құлдыраңдаған құмырсқа көзіне түсті. «Осы ғой бәрін бүлдіріп жүрген...» Шәрке ұстамайтын басы аяққа ілер жып-жылтыр көнтеріні еңкейіп алып, өзіне таңқала қарап тұрған табиғат жаратқан жәндікті табанымен бір ұрып, жалп еткізді. Құмырсқа шыр айналып, жыбырлап алға ұмтылды. «Мынау әлі тірі ғой». Аяқ киімге арналған иіссу мүңкіген шәркені қолына қыса ұстап, тағы бір лақтырғанда жәндік тырбаңдап, тигізбей кетіп, паркет еденнің саңылауына барып тығылды. «Бүгін әбден қор болдым. Адамнан көрмеген қорлықты құмырсқадан көрдім. Не жаздым екен бұларға? Жедел жәрдемді шақырмай-ақ қояйын. Ол бәрібір аулаға кіре алмайды. Сэр-Серікжан болғанда бұлай болмас еді, - деп, тағы да өз рұқсатымен кеткен күтушісін кінәлады. – Сол қасымда болғанда? – Әйел біреуден көмек сұрап отыр. – Көршілерімнің аты-жөнін де білмеймін». Тарс жабулы темір есікке телміре қарады. Қос қабат есік серпіле ашылып, біреу кіріп келмес пеекен деп тіледі. «Әлгі құмырсқа да із-түзсіз жоғалды. Адамға алданыш еді, қасымда қарайып жүре тұрғанда...» Әйел оны да іздеді.

Қызыл құмырсқа саңылаудан жол тауып, илеуіне қарай құлдыраңдап қашып барады. Ашылып-жабылған есіктен аман шығып, тырбаңдап табан жолға түсті. Жолдың жиегін алды. Жалпақ табаннан сақтанбаса болмайды екен, жолда жүргенде бәрін басынан өткеріп, жан сауғалады.

«Құмырсқа екеш құмырсқа да қасымда жоқ, – деп әйел айналасына қарап, алданыш іздеді. – Бүгін дарбаза ашылмады, көлік өткен жоқ, әлгі құмырсқа қай есіктен шықты екен», – деп оны да ойлап қойды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар