Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Қуандық Түменбай. Белдік сатқан...

21.04.2020 4724

Қуандық Түменбай. Белдік сатқан 12+

Қуандық Түменбай. Белдік сатқан - adebiportal.kz

(Хикаят)

«Сағындық соғыстан қой айдап келіпті» дегенде жұрттың төбе шашы тік тұрды. Аман-есен айтысып, «жаңалықты көрейікші» деп шаңырағына бас сұққандар қақыраға тиіп тұрған құмалақ иісі аңқыған мал қорада оншақты қойдың басы қылтиып, күйсеп тұрғанын көздері шалып қалды. Қой қорадан көздері тайып, қақыраға кіре бергенде алдарынан шыққан ашық-шашық солдатқа да «аман-есен келдің бе?» айтысып, аңырып қарап қалды. Соғыстың біткеніне бір жыл болды, қырғын бітпей жатып, «ерлерше опат болды» деп соңынан «қара қағаз» келген Сағындық қисайтып киген пилоткасының ұшында қызыл жұлдызы оттай жанып, сол баяғы тап-таза күйі ыржиып тұрып, ағайынмен қол беріп амандаса бастады. Іші томпиып шығып қалған сол үйдің келіні – Сағындықтың жанжары Тікенгүл болса төмен қарап зыр қағып, келіндік міндетінен әсте жаңылар емес. «Қара қағаз» келіп, ер-азаматтың жылын бергесін сол шаңыраққа ие қып, Тікенгүлді қосқан аталас ағайынның баласы – құлжаның асығындай Құлжабек көрінбейді. Ол ауылға келген «ХТЗ»-ды айдап, жер жыртып жүр, дейді. Томпиған ішіне некелі күйеуінің көзі түскенде Тікенгүл қақыраның сыртына шығып, өксіп-өксіп алды. «Менің күнәм жоқ, кінәлі үлкендер» деген булыққан үнін естіді. Көріп тұрып Сағындықтың іші қылп етті. «Бар бәле сол үлкендерден, шырмауықша шырмалған салт-дәстүрден. Өзім де жолай жүріп алдым. Шаңырағыма асықпадым. Өзімнен де бар. Өлілердің тізіміне тығылып қалып іліктім...» Солқылдап тұрған қосағын сөкпеді, қасына келіп, қос бұрымынан сыйпады.

Сағындық он жетіден аса бере соғысқа барды. Қырық үшінші жылы он жетіден асып, он сегізге иек артқандарды майданға алғанда алғашқылардың бірі боп тізімге ілікті. Соғыстың бел ортасына түсті, қызыл қырғының сәл де болса беті бері қараған кез еді. Бұны «қара қағазға» іліктіріп, жанын сақтап қалған әуелі аспандағы Құдай, сосын өзінің майда-шүйдеге әуестігі. Бесатар мылтықты қалай атуды үйренген соң милықтата киген құлақшын мен қиғаш пилотканың маңдайындағы қызыл жұлдызды жұлып ап алақанға салып, қалтаға тығып жіберетін әдет пайда болды. Сенің құлақшыныңда жұлдыз бар ма, жоқ па, қырғында қарап жатқан ешкім жоқ, жаның қалып, тірі жүргенің олжа. Сол жұлдызды әуелі қызыға ұстап, сосын қалтасының түбіне оп-оңай тастай салды. «Мә, саған керек қой, жұмаққа жұлдыз ала кетеміз бе?» деп, жауынгерлер киім ауыстырғанда бұны мазақ қып тұрып, ескі жұлдызын жұлып ап қолына ұстатса, бұл саны көп, салмағы жоқ бес бұрышты қалтасының түбіне тастап, арқаға ілген қапшықтың қуыс-қуысына тыға берді. Әйтеуір, қайда жүрсе де дәретпен жүруге ынтықты. Діндар әкесінің «Дәретпен жүр» дегені де есінде. Шәй ішетін қалайы күрешкені ортан белінен келтіріп, оқпанадан аулақ кетіп, сарқынды сумен денесін шәйіп, шабуылға жеңілденіп шығып жүрді. Шабуылда дін аман, оқ жалап кеткен жері жоқ, қасындағы жауынгер көзі ақиып өліп жатқанда төбесінде шошайған пилоткасынан жұлдызын жұлып ап, қалтасына салды. Бірлі-жарым мұсылман баласының бас киіміне тимеді, кәпірде өші бардай бірден басынан сыпырып ап, жұлдызына бас салады. Кәпір командир де мұны аямады, «Алға, Байболов!» деп бұйрық береді, Отан үшін алға суырылып шығып жүрді, бірақ қаңғыған оқ қазаққа емес, өзін өлімге жұмсаған кәпірдің өзіне тиді. Сөйтіп жүріп, қан қасаппен екі жыл да өтті.

Осы сәт құр сүлдесіне ілінген қарт кісі дауыс салайын десе дауысы шықпай, қақырынып-түкірініп келді де, тап-таза гимнастерка киіп, сымдай тартылып, оқшау тұрған жиырмадағы жігітті құшақтай алды.

- Аман-есен жеттің бе? Сен, сол Байболдың Сағындығысың ба? – деп өзіне тартқан болды. Көріп тұрсыз ғой дегендей жымың етті. – Өлді десе де, тірі келгенге не жетсін. Осы Қызылтаңнан, біздің азғантай тама-тарақтыдан қаншама үй қара жамылды. Сенің де киіміңді таратып қойғанбыз. Қырық төрттің жазында артыңнан «қара қағаз» келді. Әкең тірі еді, қайғыны көтере алмады. Оның үстіне өзіңнің жылыңды берген соң келінді аталас әулеттің баласы Құлжабекке қостық, - деп шал төмен қарады. Әулеттің үлкені Сыздықтың көкшіл көзі шүңірейіп кетсе де, солдат Сағындық өзін жеңіл ұстап, ауырлыққа мойымаған мәнер танытты.

- Көке, бәрін де түсінем. Тек әкем тірі келгенімді көре алмады. Сол ғана...

- Біздікі... «ерден кетсең де, елден кетпенің» кері ғой, - дегенде, әлі солдат киімін шешпеген Сағындық киіп кетті.

- Соғыстан он қой айдап қайттым. Соның біреуін соям. Өз қолыммен бауыздаймын. Әкеме Құран оқытамын, - деп түрегеле бергенде қасында іші томпиып тұрған келіншегінің кіндік тұсына қолы тиіп кетті.

- Астапыралла, - деп Сыздық шал таңқалып, таңдайын қақты.

- Бүкіл ауылды шақырыңдар, - деп Сағындық сөйлеп барды да, ақырдағы көк шиінге бас қойған он қойдың құйрығы дөңгеленген көнтерлісін ұстап әкеп, сәл шүңейттеу жерге жатқызды да, алқымын өткір пышақпен орып жіберді...

Төрде бас ұстап отырған Сыздық шал бір мезет:

- Сонда... он қойды соғыстан қалай айдап қайттың? – деп сұрап қалды.

- Көкемді білесіздер, Бұдабай ақынның «Бай жақсы батырдан да, биліктен де, әр істі ақша бұзар киліккенде» деген сөзін жиі айтатын.

- Бұдекең айтқыш еді ғой, - дей бергенде, бір қыжыл бойын бунаған солдат Сағындық тағы да тоқсандағы шалды киіп кетті.

- Бұдабай емес, менің әкем Байбол айтқыш еді. Өмірі біреуден алақан жайып бірдеңе сұрамайтын, қайта жұрт таң атпай келіп, иіліп тұрып, менің әкемнен қарыз сұрайтын. Малды семіртіп, жұрттың аузы құрғап жүргенде жас сорпа ішкізетін. Әкемізге тартқанбыз да... – деп нығыздап қойды. «Мынау өзі күшаладан ауыз тиген жоқ па екен?» деп, қорқасоқтап отырғандарға көзінің астымен қарап, жертөледегі жаны шығар-шықпас күндерін ойлап кетті.

***

Соғыста өлмейтін адам жоқ, шабуыл шығынсыз болмайды. Бұл әуелі жаз шыға өлген орыстың жұлдызы жарқыраған пилоткасын жиып ап, қыста құлақшынына қол сала бастады. Арқасындағы «бесмешок» - қапшығының бір бұрышы толы қызыл жұлдыз, бір бұрышы қисайтып киер қиғаш пилоткаға толды. Бір күні завхоз грузин арбамен келген асханадан тамақ тасуға жұмсады. Сонда қара наннан босаған қос кенеп қапты төрт бүктеп қойнына тықты. Көп ұзамай қаптың біреуі мыж-мыжы шыққан құлақшын мен екі бүктелген пилоткаға толды. Өлген орыстың шинелін сыпырып ап, төрт бүктеп, оны да қап түбіне жайғастырды. Шабуыл сайын шинель де көбейе берді. Мұсылманды көмгенде әкесінен үйренген Құлқуалланы қайталап тұрды, орысқа келгенде алабөтен шалттықпен үстіндегісін сыпырып ап, денесін толырақпен жасырды.

Сағындық задында тірлікті тез істеп, құмбыл қимылдайды. Взвод командирі өлікті көму мен жаралыны арбаға тиеуге қол-аяғы шалт қазақты жұмсайтын. Сол жолы немістің шабуылы жүдә күшті болды, бұлар оп-оңай шегінді. Шегіну – жеңілу деген сөз. «Бір адым шегінбеңдер!» деген Сталин жолдастың бұйрығы тағы бар. Сөйтсе, Жуков сияқты сарабдал шегініп жүріп шабуылға шығуды жоспарлаған екен де. Жуков фельдмаршал Паулюстің бірнеше дивизиясын қоршап, тұтқынға түсіріпті. Дәл сол күні өлі мен тіріні ажыратып болмас қанды қасап болды. Сағындық жұртпен бірдей қашып, снаряд қазып кеткен шұқырға жалп ете қалды. Айналасына қараса, жалғыз өзі. Жалғызбын деп жабырқамады, «тірі қалсам болды» деп тілін кәлимаға келтіріп, бұғып жата берді. Батыр болу, оның үстіне мұсылман баласының батыр атануы бұл жерде жоқ ереже. Ол – мыңнан біреудің ғана басына қонар бақ, қосалқы тізімдегі көз алдау. Онда да грузин мен армияннан артылса ғана көшке ілесесің, ал өзбек пен қырғыздың аты аталмайды, олар өлі жандар боп есептеледі. Сағындық соғыста жүріп өзбекке қызығатын. Аспаздық кәсіпті соғыста да қолға ұстаған солар болды. Генерал мен полковниктің қарны тоқ болса, майор мен одан төменгілер қалғанын жейді. Бірақ, өзбек-әкәнің есебі түгел, ауылы оқтан алыс. Ол осындай бір жантыныштыққа жетсем бе деп еді, бірақ кәсіп те ұлт таңдайды екен, соғысқа келген өзбекті әпсәтте тауып алып, асханаға алып кетеді. «Сонда қазақ не істеу керек? Тек өлу керек пе?» Өлім мен өмірдің арасындағы будақтаған көкала түтіннің ортасында жатып, серейген әнебіреуге қараса, оқ жүрегін тесіп өткен взвод командирі екен. Өзіне көзін аларта қарап, тек алғы шепке айдайтын. Шинелі шұрқ тесік, аяғындағы су жаңа құрым етікке көзі түсіп кетті. Айналада ауыр танктердің дүмпуі басылып, әр-әр жерде оқатары қисайып, табан шынжыры шұбатылып түсіп, лапылдап жанып жатыр. Еңбектеп барды да, су жаңа етікті аяғынан суырып алды. «Ажалың менен бұрын болды, командир!» деп, қонышын қайырып, қапшығына салды. Бүкшеңдеп, әредік еңбектеп келе жатып, талай өлікті көрді. Мына қара, немістің обер-лейтенанты етбетінен түсіп жатыр. Погонын жұлып тастап, көкпеңбек шинелді үстінен сыпырып ап, төрт бүктеп қапшыққа тықты. Қайыс белдікті де қалдырмай шиыршықтап ап, қапшықтың аузын буды, крөшкесі мен темір қасық салынған көне қапшық тырсиып шыға келді. «Тірі қалғаным қалған, енді бөлімшемді тапсам» деп шарқ ұрды. Немістің қолына түсіп қалмай, өзімізге тірі жетсем деп қара жердің бетінде бүкшеңдеп, арқасы көрініп келе жатты. Қапшығында екі шинель мен бір құрым етік. Адам жанкешті, адам қу дүниенің құлы, одан ешқашан құтыла алмайды.

Сағындық күн-түн жүріп, өз әскеріне қосылды. Бірақ, бұның аты-жөні өлілердің тізімінде штабқа кеткен еді. Екі күннен кейін тірі қазақты көргенде жаңа командир адам келді-ау деп амандаспады да, аты-жөні қайта тіркеліп, тірі өлік боп қатарда тұра берді.

***

Аузына қараған ақсақал-қарасақалға мұның бірін де айтқан жоқ, тек қос кенеп қапты солдат белдігі мен қызыл жұлдызға, қыс киер шинель мен құрым етікке, қиғаш пилоткіге толтырып қайтқанын сөз кезегінде сыр ғып жеткізді. Солдаттарды жерге берерде белдік біткеннің бәрін көз ілеспес шалттықпен сыпырып алатын, топырақ сап тұрған тірілер бұның тірлігіне көз салып қарамайтын. Әредік көріп қалатын бес жұлдызды қайыс белдік «бір тақсам ғой» деген ауыл баласының арманы еді. «Елге тірі барып, соларды арманына жеткізем» деген қиғаш ой қашқан көңілдің соңынан қуған қуғыншы еді. Міне, енді сол арманының бір қабын арқалап келіп отыр.

Сөйтіп, жауды жеңіп қайтқанда жолай Аралға соққанын айтты. Саратов деген қаладан тіп-тік боп өскен банан деген тәтті жемісті Тікенгүл үшін сатып алғаны ирелеңдеген нәзік сыр боп ішінде қалды. Сол банан шинелінің қалтасында ораулы тұр. «Оны да Тікенгүлге беретін уақыт келер» деп әңгімеден аттап кетті. Бас мүжіліп, семіз қойдың он екі жілігі желініп болған соң көккөз Сыздық Сағындықтың алдында баладай қипақтап қалды.

- Қарағым, Сағындық, біз емес, дәстүр кінәлі біздің тірлігімізге. Құдай қосқан қосағыңның түк те күнәсі жоқ. Көнбеп еді, ата салтын алға сап көндірдік. «Ерден кеткенмен, елден кетпей» қалды. Бар бәле осында, - деп ішкі қалтасынан ауылсоветтен ала келген «қара қағазды» шығарды.

«Қатардағы жауынгер Сағындық Байболов Сталинград үшін болған шайқаста ерлікпен қаза тапты.

Батальон командирі полковник А.Смертников» деген жазуды оқыды да, біртүрлі жасқаншақтап, қағазды шалға қайтып берді.

- Тірі келгенің олжа. Байбол да қуанып жатқан шығар, - деп шал кемсең-кемсең етті.

- Көкем риза болса болды, - деп күбір еткенде, рубасы шал еттен кейінгі сорпаның күшімен даусын қаттырақ шығарды.

- Ал, қалқам, қосағыңды жіберем десең, өз еркің, қосылам десең қатын сенікі. Екі некелесу болмайды, сол өзің тұтатқан түтініңді өзің түтетіп отыра бересің. Үй-жай, қора-қопсы өзіңдікі. Сен елге сыйлы, өзінің кәсібімен күн көрген Байбол баласысың, - дегенде, Сағындық жұлдызы жарқыраған пилоткасын бір түзеп қойып:

- Көке, солай-ақ болсын. Тікенгүлде күнә жоқ. Бар кінә өзімнен, - деді төмен қарап иіліп тұрған қосағына қарап. - Көрдім. Көндім бәріне. Егер Тікенгүл ұл тапса, атын өзім қоям, қыз тапса өзі қойсын.

- Әулет сенікі, екеуін өзің қоям десең де еркің, - деп шал тұруға ыңғайланды. – Анау Құлжабек деген құлжаның асығы енді қайтып бұл табалдырықтан аттамасын. Айтып барыңдар, - деп қиралаңдап шығып кетті.

Сағындық төрт жыл көріспеген келіншегімен қараңғыда тілдескенше асығып тұр. Ол от пен оқтың арасынан ұрғашыға ынтық боп келді. Қонағы кетіп, ақылмандардан ажырап, көрпе жамылғанша жаны тыншыр емес. Әуелі томпиып шығып келе жатқан жұбайының ішіне көзі түскенде бір тікен бұнын да ішін тырнап өткен, кейін бәріне қаныққан соң Тікенгүлді тірі көргеніне «тәуба» деді. Күн бата төмен етекті тырп еткізбеді. еркектігін көрсетіп, шын сағынышын жасыра алмады.

***

Иә, сағынышын жасыра алмады. «Үш айлық деген немене, тәйірі, үш жыл көрмеген адамға...» деп, нәпсінің қамалын бұзып-жарып, бір мезет бүктүсіп жатқан ол келіншегінің томпиған ішін сыйпады. «Демалып жатыр. Адам ғой. Демалсын. Соғыстан кейін адамзат демалу керек. Ауыл баласы да тыныстау керек. Атын өзім қоям. Мені күтіп жүрдің ғой. Іште жатқан адам ғой бұл да». Әйелінің сәл томпиған ішіне қайыстай қатты алақанын қойып, қараңғыда тек ыңырсыған үнін ғана естіген ол қипақтап бастап тіл қатып, сөзге тартты.

- Аралда алты ай болып, үйге жеткенше жолда үш ай жүргенімді айттым ғой.

- Ішінара естіп қалдым. Саған «қара қағазды» көрсеткенде, «өзім кінәлімін» дедің. Соны айтшы, не кінәң бар?

- Бір түкпірде тығылып жатып, өлгендердің етігі мен шинелін жинадым. Сөйтіп, кешігіп келіп, өлілердің тізіміне іліктім. Мен өзі өлімін бе, тірімін бе?

Тікенгүл еңкілдеп жылап, мойнынан құшақтай алды. Аяғы ауыр әйелдің сүтке толып келе жатқан қос анарының ұшы бетіне тигенде еркек тәні дір етіп, жайылып түскен қос анар жанын жібітіп жіберді.

- Сен тірісің, сен менімен бір көрпені жамылып жатырсың. Тек мені кешірсең болды. Кешіресің бе? – деп кілт тыйылды. - Сен кінәлі емессің... – деп қараңғыда қара ойдың қармауына түсіп кетті.

- Соғыстан қашып келгендер де жүр дейді ғой...

- Сен соғыстан қой айдап келдің. Он қойың ертең жүз қой болады. Балаңның атын өзің қоясың. Атамның осыны көрмей кеткені жақсы болды. Мен атамның бетіне қарай алмас едім.

- Соғыс кінәлі. Мен соғыста белдік жинадым.

- Қалай?! - Тікенгүл қараңғыда үрке қарағанмен күйеуінің көз жанары бүркеулі еді.

- Былай... – Сағындық тағы да ерге қонып, еркектігіне салды. Адам өліп, жер құшып жатқан алапатта аман келгеніне «тәубә» деп, армансыз алға шапты. Жігіт басын жаралаған ызаның табы тағы бар. Намыс пен ызаның қайтымы қайта-қайта атқа мініп, өмірге қарсы шабу, әйел жанына ләззат сыйлап, өз жарасын өзі жалау болды. Жігіт жолай Аралға түскенін жұртқа ашып айтпады. Басқалар бас шайқап, «өлді» деп беттерін сыйпаған әруақтың тірі кеп, өзі айдап келген қара қойдың етіне тойғызып жіберген жұртын көз алдына әкелгенде, өмір мені мазақ етсе, мен де білгенімді істедім деп қасарысып қарсы тұрды. Нәпсі бұлағы ерте бастау алған жиырмадағы жігітке үш жыл ұрғашы көрмеу оңай ма, алпыс екі тамыры ашылып, еркек пен ұрғашының арасына адам айтып жеткізе алмас ләззат көпірін салды. Аракідік тоқтап, әңгіме айтқанда көз алдына көлеңдеп қалған өткен күндеріне жан бітірді. Аралда өткізген алты айда қып-қызыл жұлдызшаны көріп, елірген бала-шағаның әке-шешесі төлер ақшасы болмай, бір жұлдызшаға бір кілә тұз айырбастады. «Аралсульфат» комбинатының қасында көнтерлі әйел үп-үшкір бір пилотка үшін бір қап тұзын аямады. Әйел әкесін көрмеген баласы үшін бәріне баруға даяр еді. Солдат белдігін тағып, маңдайында жұлдызшасы жанып тұрған пилотка киген баладан бақытты ешкім жоқ бұл жерде. Сөйтіп жүріп, бір салпаң құлақ қара есекті тауып ап, арқасына екі қап тұз артып, бір қапты көлденең тастап, ауылға қарай аяңдады. Кездескен кішкентай бекеттің базарында татар әйел бір белдікке үш «Ку-ка-ре-ку!» деп шақырып тұрған қораз кәмпитті айырбастады. Қораз да таң хабарын айтсам деп қапшығында бұлқынып жатыр. Күріш еккен тоқ аудан Жалағашқа жеткенде бір жұпынылау киінген әйел ұмсына қарап:

- Қабыңда не бар? Еркек киетін киім болса сатшы, бізде мал бар, киім жоқ, - деп қолқа салды.

- Етік бар, - деді еркекше қарап.

- Бір етігің бір тоқты болсын.

- Бердім.

- Жарты сағат күтесің.

- Күтем. Қазақ қазақты алдамайды.

Жарты сағатқа жетер-жетпесте бір топ-томпақ тоқтыны жетелеп келді. Шабуыл сайын өзін оққа айдап жүріп, жарты жолда жан тапсырған взвод командирінің аяғынан шешіп алған су жаңа құрым етікті әпсәтте айырбастап жіберді.

- Тағы бар ма?

- Бар.

- Ақшасы барларға айтайын.

Үш пар етікке үш қара қой қолма-қол айырбасталды.

- Бұны енді Шиеліге қалай жеткізсем екен?

Алдыңа салып айда. Қойдың жем-шөбі – жерде, - деп әлгі әйел әкесі тіріліп келгендей қуанып тұр.

Қой шіркін көнбіс, шәйт десең үркіп жүре береді. Жердегі барды жұлып жеп, алға тырмысқан қара қой жол үсті оңалып, құйрығы дөңгелене бастады. Тың жердің жусаны мен изенін оттап, Сырдариядан бастау алған жіңішке арықтардың балдай суын сіміріп ішіп, жерден басын көтермеген аша тұяқ алға жылжи берді. Соңында ой кешкен Сағындық. Қазақтың момындығын қойға теңесе, дөрекі айтылса да дөп айтылған сөз. Соғыста да момын мұсылман баласы алда, кәпір артта қалған көзкөрген сурет көз алдын шимайлап, бұйрық бергіш орыстың үстінен сыпырып алған жып-жылы шинелді кімге сатсам екен деп келе жатқанда, шойын жол жөндеп жүрген қара қазақ алдынан шықты. Үсті-басы алба-жұлба, шибарқыт шалбары қара майдан көрінбейді. Жөн сұрасып, Шиеліге мал айдап бара жатқанын айтты. Әуелі күдіктене қараса да, сөзін тыңдап жібиін деді. Даусы да дөрекі емес, жұмсақ, өңі де өтірікшіге ұқсамайды, кең маңдайдың астындағы тұнық қара көзі тура қарап, қос қалқан құлағы аңқаулықтың ауылынан алыс кетпей тұр.

- Үйге жүріп, сұйық айран іш. Соғыстан қайтқан екенсің, айранды сағынған шығарсың, - деді әскер киіміне әсерлене қарап. Төртбұрыш қыш үйге келіп, сұйық айран толы ағаш тостағанды ұсынғанда, ағарған шіркін көзін қарықтырып, дір-дір еткен қолын созды. Күбіден шыққан сұйық айран тамағын бүлкілдетіп өткенде дүние шіркін бір сәтте мұп-мұздай боп кетті.

- Тағы ма?

- Қанағат.

- Онда таба нан же, бізде бары осы.

Таба наннан бір сыңдырып ап аузына салғанда қарсы алдындағы қара қазақты сұмдық жақсы көріп кетті де, тезірек Тікенгүлдің қазан жаппасын жесем деп асықты. Сары қаптың аузын ашып, ішінен шинелді шығарды.

- Мә, киіп ал. Бізде бары осы.

- Қыс түскесін кием ғой, - деп жолшы жігіт пұтқа қақылған жүздік шегеге іле салды.

- Балаң бар ма? – деді қапшыққа қолын салып тұрып.

- Құдай жалғыз, мен жалғыз.

Мына сөзден бойы босап кетті. Сонда да қолын құр шығармай бір дорба тұз сап беріп, жігітке ұсынды.

- Тұз-дәміңе рахмет! Бізде бары осы.

Жолшы жігіт қой айдаған солдатқа тағы да секемдене қарады. Бір жағынан таң қалып тұр.

***

«Осының өзі рас па, өтірік пе?» деп қараңғыда қақыраның төбесіне шұқшиған Сағындық әнтек Тікенгүлге қарай бұрылды.

- Саған сонау Саратов деген қаладан алып келген пәдәркім бар...

Ыңырсуын қойып, бейқам әйелдік рахатқа бөгіп жатқан келіншек түсіне қоймаса да, «Ол не?» деп жауап берді. Тас қараңғыда әйел даусы еркелей естілді. Сағындық жалаңаш күйде шалттығына сап атып тұрып, қақыраның пұт ағашының бір бөртпешегіне ілулі шинелдің қалтасына қол сұғып, шүберекке ораулы сорайған бірдеңені шығарды.

- Бұл не? – деді Тікенгүл жалаңаш денесін қымтай түсіп.

- Бұны банан дейді. Бір белдікке айырбастап алдым.

Жүгерінің жіп-жіңішке собығындай ғып жалбыратып, қабағын аршып берді. Былжырай бастаған жемісті бір тістеген жұбайының тәтті даусы естілді.

- Өзі тіп-тік болғанмен тәтті екен.

Бұл күлкісін көрсетпей мырс етті. «Тілің тәтті ғой сенің, сенің осы тіліңді басқаға қалай қиярмын. Басыма түскенді бірге бөліскен Тікенгүлсің ғой сен» дегенде, дәмі ішінде, қабығы сыртында қалған банандай жұмсақ келіншектің тәтті тілі тағы да еркекті өзіне тартты.

- Банан дедің бе? Сен де сол банансың ғой, - деді сықылықтап күліп. – Болды енді, таң атып қалды.

Сағындық жуынып-шәйінуге шыққанда мал қорадан бастары қылтиып тұрған тоғыз қойдың төбесін көрді. «Біреуі кеше сойылды, енді қалған тоғызына береке берсін». Шалт бұрылып, жас жоңышқаны алдына шашқанда момақан түлік күндер бойына соңынан еріп жүрген ескі серігін танығандай «Мә-ә!» деп маңырап қоя берді. Алдына шөп салғасын төрт аяқ бәрін ұмытып, ауыздары жыбырлап, жерден бас алмады. «Мына шөптің иісі қандай, мына топырақтың иісі қандай». Сағындық қан сасыған Сталинград жеріндегі қызылала топырақты көз алдына әкеле бергенде қасынан өткен Тікенгүл «Самауырға шоқ сап қойдым», - деді. Ол жеңін түрініп, маңдайынан бастап, түгел салқын суды жүгіртіп өтті. Жез құманның шүмегінен ытқыған қара су жанына жағып барады. Әкесі осылай жуынатын. Баласы құманмен үзіп-үзіп су құйып тұрғанда «Бісіміллә!» деп маңдайын, сосын мойны мен бетін шаятын. Қолтығы мен көкірегін бір сыйпап өтетін. Бұл да сөйтті. Әуелі «Бісімілләсын» айтты, уыстап алған салқын су жанына жағып, туған жеріне келіп тұрғанын енді ғана білгендей шүмектен ытқыған қара суды қайта-қайта уысын толтырып алып, денесін сыйпай берді. Тікенгүл ұсынған бөртпешек сүлгіге сүртініп болып, шәйға отырарда өзі арқалап келген қос сары қаптың аузын ашып, дөңгеленіп буылған қайыс белдікті шығарды.

- Бұл не? – деді ту сыртынан келген жұбайы.

- Бұл - солдатский ремен. Осымен немістерді талай шықпырттым. Қос белдікті орауын жазып, алдына қойды. – Мынаны ауылдың балдарына бер. – Сосын көне шүберекке оралған қораз кәмпитті шығарды.

- Ойбай, мынау қораз боп шақырып тұр ғой, - деді мұндайды көрмеген келіншегі сықылықтай күліп.

- Иә, шақырып тұр. Сенің қоразың қасыңда шақырып тұр...

- Өй, жынды.

- Бұны да қайныларың мен қайынсіңлілеріңе тарат.

- Тегін бе?

- Таратқанда тегін таратады. Ақшасы төленіп қойған.

Әзілдесе де, еркегінің ернін қымқырып айтқан сөзінен сескеніп қалды да: «Самаурынның ыстығы басылып қалмасын, тағы бір шоқ салайын», - деп бұрылып кетті.

Осы күні жүзден аса түтіні бар Қызылтаң ауылының кішкентайлары бастарына пилотка киіп, белдерін ортасына қызыл жұлдыз бедерленген қайыс белдікпен кезек буып, көшеге шықты. Қораз жалап тамсанып жүргендерге не дерсің. Ауылдың үлкені Сыздық немересі белін белдікпен буып, шошайтып қиғаш пилотка киіп, кіріп келгенде жыламсырай қарады.

- Осыны Байбол көргенде... Баласының өлмей тірі келгенін білгенде... – деп шоқша сақалы дір-дір етті.

***

Бүгін бұл үйде шілдехана. Сағындық бір қойды бауыздап тастап, жеті айдан кейін өмірге ұл боп келген перзентке қан шығарып, рәсім өткізіп жатыр.

- Көке, ұл болса атын өзім қоям деп едім. Бұның аты Бұқалай болсын, - деді аптыға сөйлеп.

Шал іркіліп қалды да:

- Қарағым, ерік өзіңде. Итбай қойсаң да өз еркің, - деп сөз төркініне бірден түсінген сыңай танытты.

- Бұқалайы несі, ат табылмай қалғандай? – деді бір жеңгесі шәйінен бір ұрттап.

Сол сәт Сағындықтың қалқасында тұрған Тікенгүл солқ-солқ етіп жылап жіберді.

- Жылама, жылама, аман-есен жаның қалды, дүниеге ұл әкелдің, - деп бір кейуана қасына отырғызып ап арқасын сыйпады.

- Жеңеше, Бұқалай дегенім, Бұқалай, - деп Сағындық сөзінің соңын күлкіге бұрғанмен көкірегінен тотиайынның сарқындысы ытқып шыққандай болды. «Қу тіршілік, бұның қалай?!» дегенді ол көпшілікке жар салып, айқайлап айтып тұр еді.

- Бұқалай бәтшағардың бауы берік болсын, аталары сияқты атқамінер болсын, - деп Сыздық шал көзі көкшиіп, қос алақаны дірілдеп, қол жайды. Бет сипап болғасын Сағындық шалдан именіп сәл тұрды да, басқа қарсы пейіл, қарау ниет жоқтығын біліп, қазақы сөзді сағынып қалғандай қызыл тілге тұсау салдырмай ағылтсын кеп.

- Көке, мына қақыраны бұзып, Бұқалайға там соғам. Жаңа үйде өссін. Бұған да батаңызды беріңіз?

Шал дірілдеп тұрып тағы да алақан жайды.

- Көке, әкем «Бай жақсы батырдан да, биліктен де, әр істі ақша бұзар киліккенде» дегенді көп айтушы еді. Айдап келген он қойым жеті айда жиырмаға жетті. Осының басын көбейтем. Қашанғы қақырада түтінге қақалып отырамыз. Гүрілдеп тартқан пеш соғам, - дегенде, бір жеңгесі тағы да мырс етті.

- Белдік сатып байыдың ғой.

Бұл сөзді естісе де естімеген болды. Мысқыл сөз мысын баспаса да, құлағының түбінен қаңғыған оқтай зың ете қалды. Сыр берген жоқ, көзі күлімдеген жеңгесіне жауап қайырмастан еркекше едіреңдеп сөйлеп кетті.

- «Қазақ байыса қатын алады, өзбек байыса там салады» дейсіздер ғой. Мен қатын алмаймын, там салам. Сендерге де салып берем. Кірпіш құятын топырақ дайындай беріңдер, - деді өзгелерге өзімси қарап, өршелене сөйлеп.

- Әуелі өзіңе соғып ал, сонан кейінгі өшіред менікі, - деп күйеуі хабарсыз кеткен тағы бір жеңгесі бір нәрсені тықыршый күтіп, қозғалақтап кетті. Сом денесінен сыйқыр жүгіріп өткені көрініп тұр.

Көпті көрген Сыздық шал көкшіл көзі жалт етіп, «Мынау өзі күшала ұрттап алғаннан сау ма?» деп күдіктеніп қалды да, «Ұрттаса ұрттасын, ұрттайтын кезі ғой» деп өзіне-өзі жауап беріп, баяғы бір сөзді қайталап, оң қолын соза бергенде, Сағындық ытқып кеп төрдегі қарияны қолынан тартып, тұрғызып алды.

- Е-е-е, белдік сатқанның етіне де тойдық – деді аударылып-төңкерілген тағы бір әйел қақырадан шығып бара жатып.

***

Бас-аяғы үш айда Сағындық кәкірейтіп үш бөлмелі үй тұрғызып алды. Ауылдағы төбесі алыстан көрініп, «менмұндалап» тұрған жалғыз «шипр там» да осы. Тіпті, колхоз бастық Шегебайдың үйі де отызыншы жылы жаппай соғылған тоқал тамның бірі. Әр кірпішті санап құйып, төртбұрышын тең ғып қалап, қара сылағы мен құм сылағын да өзі ұрды. Бала емізіп болғасын Тікенгүл бар күшін салып кірпіш лақтырып тұрды. Бұл иіліп қағып ап, қиуын келтіріп, қабырғаны қалады. Кешегі соғыстан айдап келген он қойдың ауыздан қалғаны жиырма болды. Жылда төлдеп, Еділбай қойының елтірісін ешкімге білдіртпей ақшасы барларға сатты. Тамға кірген күні қоныстой жасап, бозаның күшімен бір сөзді байқамай айтып қалды.

- Менің баққаным қаракөл койы. Терісі алтынға пара-пар. Мәскеуден бастап, ауылдағы шөпкетышарлар кәкірейтіп киген папах осы елтіріден тігілген. Қаракөл қозысы өмірде екі-ақ минөт өмір сүреді. Екі минөтте бауыздамасаң терісі бүлініп кетеді. Біз тәй-тәй баспай жатып қозы байғұсты бауыздаймыз, қызығын дәулер көреді, - деп бозаның күшімен бөсіп жібергенін өзі де білмеді. Ертеңіне ауылсовет арқылы аудандағы бір жым-жырт кеңсеге шақырды. Адамзаттың жүргені білінбейді, шыбынның ызыны естіледі. Сол жерден ұнжұрғасы түсіп қайтып келеді. Бөлмесіне кіргеннен көкшіл киінген біреу қабағын түйіп қарсы алды.

- Байболов Сағындық сенсің бе?

- Менмін.

- «Белдік сатқан» деген атың бар екен. Жарайды, не сатсаң о сат, оны өзің білесің. Сенің Саяси бюро мүшелері мен генералдар киетін папахта не жұмысын бар? Олардың бас киімін сенің қозыңның терісінен тіккенін көріп тұрдың ба? Жауап бер?!

Ә дегенде сасып қалды. «Апырмай, бұл той үстінде айтылған бөскенбай әңгіме ғой» деп, удай ашыған көкірегінен бір кертікті көріп қап, «Байқамай айтсам айтқан шығармын» деп бірден мойындады.

- Сауатың қалай?

- Онша емес, - деп шынын айтты. «Барып кел, шауып кел» бірдеңеге жұмсап қоя ма деп қауіптеніп те отыр.

- Осы айтқаныңды мойындайсың ба?

- Мойындаймын.

- Онда осы айтқан сөзіңнің бәрін жазып бер.

- Жазбасам болмай ма?

Погоны мен шалбарына көк жолақ тартылған сұсты адамның өңеш тұсы қолқ ете қалды. Жөтелді ме, қақырынды ма, ажырата алмады.

- Оның бір-ақ жолы бар, - деді де, шалт бұрылып, арқасын бере сөйледі. – Бүгін кешке бір қаракөл елтірісін тағы бір генералға бере аласың ба?

- Біреу емес, екеуін...

- Екеудің керегі жоқ, біреу жетеді. Түнде үйіңе біреу барады. Сен ешкімді көрген жоқсың. Мәселең сонда ғана шешіледі. Көнесің бе?

- Көнгенде қандай, - деп қуанып кетті.

- Кете бер, - деді анау арқасымен шығарып сап.

Сағындық ауылға жаяу тартты. Атымен мал бағады, сыртқа шықса ер салмайды. Ауданға ат мініп барса атқамінерлер жақтырмайды, атты тек солар міну керек сияқты.

Бір жарым шақырым жолға ілбіп жаяу шыққанына жарты сағат болды. Ымырт жабылуға таяу. Аспан күңгірт тарта бастады. Базардағы кәріс келіншектен алған бір стақан шемішкесін шағып, қабығын шырт түкіріп, өз ойымен өзі арпалысып келеді. «Қайдан білді екен, кім жеткізіп барды екен? менің той үстінде көңілім тоғайып тұрып айтқан сөзімді. «Жау жоқ деме, жар астында» деген осы. «Ағайын асыңды ішіп, аяғыңа түкіреді». Әкесі айтатын мақал-мәтелдерді тізбектеп есіне түсірді. Ауылым Сағындық деген тәп-тәуір атымды бұрып айтып, «Белдік сатқан» дейді. Мен сатқан заттың сендер зиянын көрдіңдер ме? Сатылмай қалған белдікті балдарың әлі күнге мектепке тағып барып жүр. Неміс пен сәбет боп ойнаса да, отын бұтаса да, белін шарт буғаны сол белдік. Ағайынға қалай жағарсың. Енді той жасамаспын» деп қара шемішкенің қабығын шырт түкіріп тастады. Ыза буып келе жатып, тамағына тұрып қалған қабықты түсірем деп қайта-қайта қақырынды. «Түкірігім ауыр түсті ме?» деп өз-өзінен тіксініп қалды. «Жат- жұртта, Сталинградтың топырағында сүйегім көмілмей қалса не болар еді?» Қараңғыда қатты түскен түкірігін айналсоқтап тұрып қалды. «Той жасаймын. Бұқалай әлі сүндетке отырады, мектепке барады. Тойды мен жасамай кім жасайды? Тек байқап сөйлеймін, бозаны да байқап ішемін». «Өз ауылымның топырағына қатты түкіріп қойдым ба?» деп күбірлеп, қара жолда жалғыз өзі қараңдап келеді.

***

Күн батқанша ешкім келмеді. Ескі шүберекке ораулы екі елтіріге қарап, төзімі таусылды. Қорадағы малын ойлады, оған шөп салып, су беру керек.

Жаңа үйге кіргенде Сейтімхан ұстаға бір тоқты беріп, шифонер жасатып алған. Ішінде төрт-бес киімілгіші бар. соның бірінде неміс обер-лейтенантының үстінен сыпырып алған көкшіл шинел ілулі. «Әй, өздері таза ғой, таза болғанда сұрама. Ауыр танктің алдында шабуылдап келе жатып та тойға барардай сәнденіп шығады ғой. Сырты таза көрінгенмен іштері арам екен ғой нәлеттердің». Сол шинельді сатуға қимай шифонерге салбыратып іліп қойған. «Жұртқа көрсетпей-ақ қойайын. Тағы біреуі сөз қып жүрер» деп сақтанған да сыңайы бар. Бұқалайдың шілдеханасын өткізерде ескерткіш болсын деп суретке түспекке Тікенгүл үшеуі аудан орталығындағы неміс фотограф Карл Вехтердің үйіне барды. Бұрыннан таныс, жұбайы шаштараз, Тікенгүлге деп бір-екі рет әтір сатып алған. «Үшеу боп суретке түсейік әрі осы шинельді затың неміс қой, саған берейін» деп, төрт бүктеп дорбасына сала келген. Карл сірнені сүйсініп жейді, соны біліп, бір қозыны жетелей келді. Суретке түсіргенде екеуі күлімсіреп, Бұқалай көзін жұмып, ұйқы құшағында отырды. Фотограф Тікенгүлге: «Сіз күліңіз, әлде де күліңіз», - деп қайта-қайта ескерту жасады. Бөтен еркекке қарап күлмейтін ауыл әйелі аздап жымиған болды. Қара жамылғыны жамылып, жарқ еткізген Карл басын шығарып: «Бір аптадан кейін дайын болады», - деді нық сөйлеп.

- Саған қозы әкелдім, - деп атдорбадан мойны қылқиып тұрған жас төлді қолына ұстатты. Кәуап жеп үйренген неміс қуанып кетті.

- Бұны кім бауыздайды? Өзің бауыздамасаң...

- Адам өлтірсеңдер де, мал бауыздай алмайсыңдар, - деп қағытып тұрып пышақты қолына алды.

Құлағы салбыраған жас төлді алқымнан тартып жібергенде қара қаны шапшып, төрт аяғы тырбаңдап, жан тапсырды.

- Баланың көзінше... – деп Тікенгүл Бұқалайды әрі алып кетті.

Терісін іреп, етін бөлшектеп, сірненің сұлбасын дайын ғып болып:

- Саған тағы бір берерім бар, - деді. Фотограф аң-таң. Қоржынынан бүктеуін жазып, көздің жауын алған неміс офицерінің көкшіл шинелін шығарды. – Саған сыйлағаным.

- Мұны қайдан алдың?

- Соғыстан.

- Рас екен ғой. Ремен әкелді деп естіп едім. – Неміс жігітінің түсі бұзылып кетті де, бетіне тура қарады. – Білесің бе, Сағындық, мен неміс болғанмен фашист емеспін. Мен обер-лейтенант емеспін, - деп ұсынған қолын қайтарып тастады.

Сағындық не дерін білмеді. Фотогаф Карл Вехтер тәкаппарсып сөйлеп, тәубасына келе алмай тұр.

- Бір аптадан соң суретіңді алып кетерсің.

Қозы салған дорбаға қайтадан төрт бүктеп неміс шинелін тығып, Тікенгүл – артта, қолына жаңа туған шақалақ пен жүген ұстаған Сағындық - алда, үшеуі міңгескен күрең айғыр сар желіспен Қызылтаңға тартты.

Күйеуінің күжірейген жауырынынан көзін алмаған Тікенгүл тіл қатты.

- Неміс тамырыңа ренжіп қалдың ба? Киуге қорыққан шығар.

- Немістер де әртүрлі болады екен. Бұл – сәбеттің немісі ғой. Мейлі, мал жайғауға өзім кием, - деп атының жүгенін жасқады...

Ауданнан келетін адамды күтіп, екі көзі төрт болды. «Біреуді күту Ұлы Жеңісті күткеннен де жаман екен ғой» деп өзін-өзі мазақ етті. Күн бата көк шинелді салбыратып киіп алды, етсіз сидам денесіне құйып қойғандай қона кетті. Ақырды тазартып, қой-қозының алдына шөп салып, мал қораның қамына кірісіп кеткенде үй тұсына томпақ «Победа» тоқтап, қорадан ытқып шыққан өзіне қарсы жолыққан әскери киімді кісі даусын нығыздап:

- Сен, Байболов Сағындықсың ба? – деді бетіне төрт бұрыш батарейка-шырақтың сықсындаған жарығын түсіріп.

- Иә, менмін.

- Мына пормаң не? Неміссің бе, сәбетсің бе?

- Мен Сәбет Одағының азаматы Байболов Сағындықпын, - деді асып-сасып, әскерде ант қабылдаған сөзін қайталап.

- Біреуінен әрең құтылғанда... Қайда әлгі затың? – Шинелінің етегі делеңдеп үйге кіріп, шүберекке ораулы екі елтіріні ұстай шықты.

- Маған «біреу» деген...

- Мынау біреуі...

- Әр айдың отызы күні началник Жібермесов жолдастың алдында боласың. Сен мені көрген жоқсың, мен сені көрген жоқпын.

- Құп болады! – деді тағы да сапта тұрғандай мәнерге салып тұрып.

Әскери адам жылт-жылт еткен жарық астында қазақтың үстіндегі тап-таза неміс шинеліне көзін сата бір қарап, бұрылып кетті. «Осыны мал жайғауға да кимей-ақ қояйыншы» деген тұтқыр ойдан тұлабойы мұздай болды. Үйде маздап жанып жатқан темір пештің қақпағын ашып, үстінен шешіп ап, сексеуіл шоғына төрт бүктеп тастай салды. «Арамнан пайда қылмай-ақ қойдым» дегенде, әкесі айтқан көп мәтелдің бірі құлағына күңгірлеп естіліп тұрды.

***

Сыздық шал да отырып қалыпты. Әкесінен бір жас кішілігі бар, бірақ бір жасты бесікке бірге бөлеп, бірін-бірі қағытып отыратын. Бұқалайы қырқынан шыққанда батасын беріп еді, сонан бері де зымырап жеті он екі ай өтіпті. Көзіне күн салып қарайды. Сірә, Сағындықты даусынан таныса керек.

- Көке, сізге үй сап берем. Соны айтайын деп келдім. Қашанғы колхоздың тоқал тамында отырасыз. Батаңызды беріңіз.

- Осыны колхоз құрылған жылы сенің әкең соғып еді. Оған да зымырап ширек ғасыр боп қалды. Әкеңнің қолы алтын еді, - дей бергенде: «Баласының қолы күміс», - деді бет аузында майда толқындар бүлкілдеп.

Шал тіксініп қалды. «Мені кекеткен түрі ме?» дегендей көкшіл көзі жалт етіп бір қарады. Оты жоқ кәрі көз шүңірейіп ішіне кіріп кеткен. «Боқтап жіберер ме екен» деп еді, «Бұқалайың қалай?» - деді жас жеңіп, кәрі иілген сыңаймен.

- Шауып жүр. Белінде белдік, басында пилотка.

Апат соғыста өліп-тіріліп келген құрдасының баласына шүйіле қарады. «Осының жүрісі жүріс-ақ, бозасын ұрттап ап бір тынбайды. Әкесі де жоқтан бар жасайтын. Майысқан шегені түзеп ап, қағатын жерге сіңіріп жіберетін. «Әке көрген оқ жонар...».

- Бір жазда бітірем. Киіз үй тігіп отырыңыз, әйтпесе біздің үйге көшіп келіңіз. Кемпіріңіз болса жоқ, жолай біреу-міреуді сүйрей келерсіз...

«Әкесі құрдастың баласы құрдас», айтып тұрғанын қарашы».

- Артық-ауыс қылығымды келін байқап қалар. Киіз үй тігем.

- Онда беріңіз батаңызды.

- Бердім, - деп қолын жайды. Батаға жоқ белсенді алақанын жайып, күбір-күбір етті. Ол Сағындықтың тірлігіне бар білген жақсы сөзін арнап тұр еді.

- Пондаментті асарлатып бастаймыз.

Шал басын изеді.

Ертеңіне тоқал тамның төбесі таздың басындай ала-құла боп ойылып ортасына түскенде пәлен жылдан бергі кесек қабырға қоса құлады. Атам заманнан бері мұндайды көрмеген көккөз Сыздықтың аузынан «Астапыралла!» деген сөз шығып кетті. «Осының істемейтіні жоқ!» деп, біртүрлі жігітке таңданып тұрып кірпиаздана қарады. Тоқал тамның орнын әпсәтте жылан жалағандай ғып сүріп тастап, түйемен тасыған Қаратаудың тасына сұйық цементті асарлатып құйғанда үй орны тас боп қаланып қалды. «Мұны да көрдік» деп үй иесі қызыл тілін таңдайына қайырды. Шүңірек көз шалдың балаға түкіретіні бар еді, белсенді болса да, тұмауратып әйтпесе көкжөтел қысқан баланы бөтен көзден тасалап, таңата шалға әкелетін. «Сүффит, сүффит!» деп аузынан шашырап шыққан түкірігі баланың бетіне тамғанда, «сен көр, мен көр» жазылып кететін. Бүгін шал күн шыға Сағындықтың үйіне шақыртпай келіп, күркілдеп жүрген Бұқалайды өзіне тартып, «Сүффит, сүффит!» деп екі мәрте түкірігін бетіне шашты. «Жұрттың көзінше белсенді көкем қалай қорықпай түкірді екен?» деп миығы тартқан Сағындық келіншегіне иек қаққанда бес тиын бақырды дір-дір еткен жұқа алақанның шұқырына тастап жіберді.

Емін-еркін отырып шәй ішті, бірақ әңгімешіл адам үн қатпады. «Көкем осы тоқал тамның төбесі опырылып түскенде қатты қорықты-ау деймін» деп, құрдасының баласы кесе әперіп отырып келеке қылды. Шал, шынында, бәлен жылдан бергі қара шаңырағының төбесі гүрс етіп опырылып жерге түскенде жан-дүниесі тітіркеніп, қатты сескенді. «Осының қолы тиген жер сау қалмайды. Мейлі, білгенін істесін» деп, көкірек шіркін екі көзге басу айтты.

- Мың кірпіш құйам да, он бес күнде қабырғаны өріп шығам. Асарлатып төбесін жабам. Қызылтаңның аяғымен батпақ илейтін бала-шағасы аман болсын. Айтсам болды, белдіктерін тағынып, қас пен көздің арасында жетіп келеді. Төбесі жабылған үйге кіре беруге болады, тек «қол ұстасып, судай тасып...».

Шал күлмейін десе де, селк-селк етті. «Бұдан шығады. «Әкесі құрдастың баласы құрдас». Бірақ, жиырма жыл пана болған жаман лашығымның төбесі опырылып түскені көз алдымда қалып қойды ғой. Бәле-жәледен аулақ».

Құдайды айтып күн көрмесе де, пітір-садақаға келгенде сараңдығы жоқ ауыл белсендісі есік алдында отырып, дәл маңдай тұсында өзіне үңіліп қараған мұртты біреуден сескеніп, бетін бұрды. Тіке қарауға батылы бармады.

Талға ілулі «қалпақ» радио халықтар көсемі Сталиннің өмірден өткенін қазақша хабарлап жатты. «Бәле-жала өзіңмен...» деген шал талға арқасын сүйеп, талықсып кетті.

***

Жаңа үйіне кіріп, жалаңаш еденге текемет төсеп, сандықтың үстіне көрпе-төсек жиналған күні Сағындық Сыздық шалға тағы келді.

- Көке, көрдіңіз ғой, үш айда бітірдім. Қазақтың баласы тек қой бағу үшін тумаған шығар. Қазақтың қолынан бәрі келеді. Әкем «Үй соқ» деуші еді, шәй ішіп, маңдайы тершігенде.

- Естігем, талай естігем. Ауылдағы тоқал тамның бәрі сенің әкеңнің қолынан шықты, - деп күрк-күрк жөтелді. Дем ала алмай отыр. Күшала тамызған қызыл шәйдан бір ұрттады. Сонан кейін көкірегін керіп «уһ» деп, шекесі жіпси бастады.

- Қойды да ұстау керек. Өзің де соғыстан қой айдап қайттың ғой.

- Қоймен қой болып кетуге де болмайды. Үй соғып, құрылыс салу керек. Ауылдың айналасы толы тау мен тас. Мысалы, анау тұрған Қаратаудың тасын кім көрінген тасып әкетіп жатыр. Осының қойнында алтын болуы да мүмкін. Орыс біздің қауынымызға тойып ап, аузына келгенін айтып, «баран» дейді. Мылтық ұстатуға да сенбейді. Соны көзіммен көріп келген жоқпын ба?

- Не дейд... Осы сен соғыстан тегін келген жоқсың.

- Өлген орыстың етігі мен белдігін қойға айырбастап келдім...

- Шығад, сенен шығад...

-Тау-тасқа өзіміз ие болуымыз керек, көке.

- Бұқалайды оқытасың ғой.

Шал күбірлеген күйі қалды.

- Көке, не дедіңіз?

- Басқалар... Сталин жолдастай басқара алар ма екен?..

- Көке, адамзаттың бәрі бірдей. Одан да артық басқарады.

- Найсап, аузыңа ие бол.

- Көке, қыз-келіншек, қатын-қалаш үйде өсек айтып отырмай түгел жұмысқа шықсын деген сөз шығып жатыр ғой. Ол үшін колхозға бала бақша керек. Мен енді бақша соғам. Әрине, колхоздың көмегімен. Сізден сөз сұрай қалса, мен жақта болыңыз.

- Сен жақта болмай, маған бірдеңе көрінді дейсің бе?

- Қайдам... бұл өмірде көргеніңіз көп қой, - дегенде, шал ырдуан арбасы ырғалып барып тоқтап, боғымен жасты баланың мысы басқанын мойындады.

«Мынау өзі қамшы салдырар емес, дегені болсын бәтшағардың...». Есік тықыр етіп, пошталион бала жаңа газетті жалп еткізіп тастап кетті – баяғы аудандық «Өскен өңір» мен облыстық «Ленин жолы». «Өскен өңір» өзінің өмірі, оған қарамай тұра алмайды. Бірінші бетке шұқшиғанда «Алдияр Жібермесов – халық жауы» деген былшиған қап-қара әріптермен терілген жазуды оқыды. Ортасында суреті, бетін Х-пен бір тартыпты. Тіксініп қалды. «Бұл кеткесін басқалар не болады? Аудандық НКВД-ның бастығы ғой».

- Көке, не болды?

- Жолда жүрген жолдас еді. Ұсталыпты.

Сағындық газетке қарап еді, баяғы өзін жым-жырт кеңсеге шақырып, теріс қарап тұрып қоштасқан адамды көрді. «Сонан кейін бетін көруім осы, онда да айқара сызық тартылған жансыз бейнесі. Жыл сайын біреу кеп қаракөл қозымның елтірісін алты рет алып кетті. Жетеуге жетпей қалды. Қой қоздайтын уақытты күтіп жүр едім. Осы «жеті киелі» деген рас секілді. Алтаудан аспай қалды». Бұл – Сағындықтың ешкімге айтпаған іште қалған сарқынды сыры еді. Төсектес Тікенгүлге де тіс жармады. «Әйелдің аузы жеңіл. Қазақ «әйел – дұшпан» дейді. Заман болса алағай да бұлағай. Енді Бұқалайыма қаракөлден тымақ тігіп беремін. Сыздық көкемнің кеңсеге баратын қауқары жоқ. Колхоз бастыққа кірейін. Жаман сөз емес, жақсы сөз айтам, Бұқалай мен оның құрдастарының қамын айтам. Дауысқа сап жатса, шалдың дірілдеген қолы көтерілді деп білем». Төрт бет гәззиттің басқа беттері ашылмай қалды.

Сыздық жаңа үйге кіріп, бір түнеп болғасын бүкіл ауылды жинады. Жаңа тамның ішінде шәниіп жатса да, сол құлап түскен қабырға мен төбесі опырылған тоқал там көз алдынан кетпей қойды. Бір мезет Сағындыққа қарап: «Ағайынның барынан жоғы... артық кеткен жерім болса...» деді де, көзін жаңа үйдің әк иісі кеппеген әппақ төбесінен алмай үн-түнсіз қалды. Үлкендер кеп көзін жапты.

Ет жақыны болмаса да қатарға тұрған Сағындық: «Әкемді көріп едің, енді кімге еркелеймін» деп өкіре жылады.

ЕКІНШІ БӨЛІМ

Қазақ - сөздің сүйегін сырқыратқан айтқыш халық. Ауылда ауыздан шықса жатпайтын тағы бір құйтырқы сөз қылаң берді, «Белдік сатқан»-ның тілеп алған перзентіне «Белдік сатқанның баласы» деген атау беріліпті. Бұл - ат жалын тартып мінген Бұқалайға көзкөргеннің қойған есімі. Әкесі төбе би боп Сыздықтың орнын басты, қасында әредік тілімен тырнап алар Тікенгүлі. Құданың құдіреті, Бұқалайды бір тамшы сідігімен жаратқан ауылдағы мүсәпір Құлжабек серт сөзден кейін бұл үйдің табалдырығын бір аттамай-ақ бір күнде жер астына жөнелді – суға кетіп шәйіт болды. Күңкіл сөзден Бұқалай шын әкесінің кім екенін естіп қалды. Дарияның жылына бір сұрайтын құрбандығы бар. Сол құрбандықтың кезегі күріш егіп жүрген Құлжабекке келіпті. Әкесінің түсін түстеп, өмірі бір көрмепті. Әкең өлді деп те ешкім естірткен жоқ. Мәйітті көтерерде «Қарызы болса өтейтін кім бар?» деп имам сауал тастағанда жаназаға жиналып, сапта тұрғандар Бұқалайға қарады.

«Қолыңнан келсе, басқаларға там соғып бер» деген әкесінің баппен айтқан сөзі – Бұқалайдың құлағында күй боп ойнайды да тұрады. Өзі қалтасы толып, қарадан озғасын бала бақша соқты. Көк жібін әкесіне қидырды. Ауыл әкімі: «Басқа жолы үлкен біреу қиғаны дұрыс қой» деп еді, қисықтығына салып көнбеді. «Әкем айтпаса мен осыны соғар ма едім», - деп қасарысып тұрып алды. Бірақ, осы әкесі ашқан алғашқы бақшаға балалар көп барады. «Айналасы кең, талға шығып ойнаймыз, жаңа бақшада тәртіп қатал» дейтін көрінеді. Оның меңгерушісі Тікенгүл еді, орнын келініне берді. Бір әулет бір бақшаны ұстап тұр. Аспазы да, боқ жуып, қолы былғанған тазалық сақшылары да өзінің абысын-ажындары.

Бүгін Бұқалайға ұсыныс түсті. Аудан орталығынан «Сыр перзенті» деген бала бақша соғу керек. Осыны өз қолыңызға алсаңыз» дейді әкімшілік. Бірден келісімін берді. «Бәрі өз қалтамнан болсын, Сырда туған сәбидің кекілін сыйпағаным болсын» деп ықылас білдірді. Бірақ, өтінішін қоса айтты. «Қызылтаңдағы алғашқы бала бақшаның қабырғасына әкемнің аты-жөні жазылған ескерткіш-тақта орнатамын. Қабырғасын қалаған сол ғой», - деді қаймықпай қарап. Бәрі үнсіз бас изеді.

Ертеңіне іс-шара өтті. Ауылдағылар тайлы-таяғымен ескі бақшаның алдына жиналды. Қабырға ескі болғанмен қоршауы жап-жаңа. «Бала бақша соқсаң айналасын темірмен емес, шарбақпен қорша» деп әкесі осы жерде сөйлеп келе жатқандай көрінді. «Көңіл көк дөненнен де жүйрік». Әлі құрылысы басталмаған бақшаның жас ағаштан жасалған қоршауына кішкентайлар жүгіріп кеп мініп-түсіп жатыр...

Жұрт тым-тырыс бола қалды. Жиынға ауыл мен аудандық білім бөлімінің тәуірлері келіпті. Әкім: «Бұл сен жауап беретін сала ғой» деп өзі келмей орынбасарын жіберіпті.

Аудандық білім бөлімінің өкілі сөз сөйлеп, бұл бала бақшаны 1953 жылы қабырғасын қалаған Сағындық Байболов екенін, сонан бергі қырық жыл ішінде Қызылтаңның талай баласы осы жерде өсіп, мектеп есігін аттағанын айтып, әкімнің орынбасары екеуі тақтайшаны жапқан ақ матаны жіңішке жіпті тартып қап төмен түсірді. «1953 жылы бала бақшаның құрылысын соққан Сағындық (Белдік сатқан) Байболұлы» деп мәрмәр тасқа қашап жазылған жазу жұрттың көзіне қызық көрінді. Басшылар бұрылып кетіп, аттарына мінді. Архитекторға «еңбегіңді жемеймін» деп артық ақша беріп, Бұқалай осылай жаздыртты. Әкесінің көзін көрген екі кемпір жазуға сықсиып қарап, тақтаны алақанымен сыйпады. Сосын Бұқалайға төне түсіп:

- Белдік сатқанның өзі ғой, - деді біреуі.

- Тірлігі Белдік сатқанның тірлігі ғой, - деп екіншісі іліп әкетті.

Ақ шүберек аз-кем желкеммен желпілдеп жерде қалды.

Сидаңдау кемпір белін бүгіп, ақ шүберекті кәрі саусағының ұшымен іліп алды да, бар күшін салып ортасынан қақ айырды.

- Белдік сатқанның көзіндей көріп жүрейік, - деп жартысын кәрі құрбысына ұсынды. – Енді Белдік сатқанның баласының үйіне барып... – дей бергенде, аяғын әрең басқан екінші кемпір: «Тікенгүлдің тәтті шәйін ішеміз, жүріңдер!» деп, ошарылып тұрған жұртқа қол сермеп, өзіне шақырды.

Белдік сатқанның баласы екі кемпірдің алдына түсті.

Белін ескі белдікпен шірей тартқан екі кішкентай ескерткіш тақтаға төменнен шүйіліп, «Белдік сатқан» деген жақшаның ішіндегі жазуды өкшелерін көтеріп тұрып ежіктеп оқыды да, белдіктерін сәл-пәл босатып, бір жеңілдеп қалды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар