Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қуаныш Дәлей. Ымырт қызы

17.11.2019 805

Қуаныш Дәлей. Ымырт қызы

Ақын Қуаныш Дәлейдің шығармашылығынан бірнеше өлеңді жексембілік поэзия айдары бойынша жариялап отырмыз.

ЫМЫРТ ҚЫЗЫ

Ымырт қызы -

Бозғыл сәуледей бірсін-бірсін

құшағыңа шөгіп...

Жоғалып -

өлген

жалғыз мен ғана емес шығармын,

Сенің қара шаштарыңа оралып.

О, тәуба...

Жанарыңнан ұшқан ең соңғы жарқылға

жүрегімді түйретіп,

Келдің бе

тағы мені матауға,

Жол-шылбырларыңды сүйретіп...?!...

***

Бейуақта -

Күш көрсетеді ә, қара түн,

бозғыл сәуле - бейбаққа...

Тағы тосып отырсың ба

Сен мені?

Ымырт қызы-

Үліңгірдің жағасында -

айлақта!

...................

Қарағым,

тос мені!...

Барамын...!...

***

Үскірік аяз бетті жалайды

ернімнен өбіп -

Ымырт қыздың құшағында

Майы түгесілген білтелі шамдай

ақырын

Барамын сөніп...

Жүзімді жабады баяу

ай сәулесімен,

Іңір қария үнсіз келіп!

Сәлден соң түн...

***

Таң азанда...

Мен не айтам,

Өтіп кеткен сол түнге?

Ымырт қызы -

Қара шашың қуарып,

Қара көзің суалып,

Сен айналып кеттің неге кемпірге?!

... ... ... ... ...

Қала бүгін елемейді

Көшеде

маскүнемді

өзін-өзі өлтірген!

Дәриға-ай...!

***

Көзімде тұнған мөлдір шықтан,

Көрдім жартысын ғана ғаламның.

Ал жартысы -

Уысында жанып жатты

адамның!

***

Үліңгір.

Сол баяғы қара өзен...

Тоғай...

Құм басқан ескі жағада

бозғыл тұман

күңгірт кешті паналап.

Ымырт қызы -

Күрсінесің сен үнсіз...

Көңілсіз

саусағыңмен

ағарған

шаштарымды салалап!...

***

Үліңгір.

Ыңырсыған толқындар...

... ... ... ...

Жағалауда

балғын жалбыз гүл ашып,

Тұр титімдей сұлулық -

Жар қабақтың шетіндегі бақабақ

солғын бояу...

Қызыл мия,

сарғыш гүл...

Бір-бірімен ұнасып.

Есімде сол:

Жағалау.

Ыңырсыған толқындар...

Адасқан күн кешкі бұлттар легінен...

Ескі мекен.

Шарбақ қоршау.

Сол баяғы лашық!

Бірақ,

ауладағы қара жиденің орнына

гүл өсіп тұр

азып кеткен тегінен,

Қасірет...!...

*** ***

Тағдыр-

меңзеп қояды,

Өмір қабылдайды оны.

Жолдар үнсіз жетелеп!

Табылғанның барлығы ғайып болу,

Жоғалғандар тіптен өте көп...

Ән де, өлең де емес!

Өмір - бір тамшы жас.

Бір уыс топырақ,

Бір жұтым ауа,

Бір түйір тас...!...

Тәңірге ғана түсінікті -

жалғыздықтың нала- мұңы...

Шеңбер нүктесінің басталуы мен аяқталуы ғана -

Сүйу мен ұмытудың аралығы...!!...

***

Біреу өтті өмірден_

Жүректі жаралап,

Жетіп ед ол кеше,

Түнекті аралап!

Біреу өтті өмірден_

Сәбидей балғын-ды,

Жұпар иісін аңқытып,

Аралап шалғынды.

Біреу өтті өмірден_

Тумаған жанға ұсап,

Келмеген түн құсап,

Атпаған таң құсап!

Біреу өтті өмірден_

Толды да жан-нұрға,

Жуынып жаңбырға,

Риза едік тағдырға...!...

***

Ұшады тазқаралар ереуілдеп,

Құшағы кең аспанның тұрады ашық ...

Рухым бақытты іздеп дерегі жоқ,

Кеңдіктен жол таба алмай, жүр адасып.

Табаным жерде емес, кеңістікте...!

Тамырым- түннен қуат алады дүр.

Тағдырым- мені іздейді,

теріс біткен

Алақтап ертеңімнің жанары жүр...

Жадымды жаулап біткен жаңа бояу,

Тартады мені өзіне тынышымды алып...

Мен кетем, орнымда ұйқым қалады ояу,

Қайтады өткеніме сыртым барып!

Мәңгілік толқынында ағып барып,

Айтармын өткенімді әпсана қып...

Уақыт өзегімді алып қалып,

Отырар қабығымды отқа жағып.

(СОҢЫ)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар