Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қуаныш Ілиясұлы. Мағаздың ақ батасын алған едім

15.03.2021 1213

Қуаныш Ілиясұлы. Мағаздың ақ батасын алған едім 12+

Қуаныш Ілиясұлы белгілі ақын, «Құлантаза» жыр кітабының авторы. Қазақ тележурналистикасында өз орыны бар тұлға. «Наурыз», «Жылқы жалындағы мәдениет» сынды бірқанша этонграфиялық, ұлт мәдениетін айшықтайтын сериялды деректі фильмдер түсірген. Сондай-ақ, руханият пен әдебиетіміздің үздік тұлғалары туралы көптеген танымдық фильмдердің авторы. Және Қытайдағы қазақ әдебиетінің ірі қайраткерлері туралы үзбей жазып келе жатқан сыншы, әдебиеттанушы. Журналистік сапарында ол қаншама өнер қайраткерлері мен қаламгерлер қауымымен қауышып, еркін әңгімелесіп, әдебиеттің өткені мен кеткенін молынан сараптап үлгірген еді. Біз осы орайда Қуаныш Ілиясұлын арнайы сөзге тартып, арғы беттегі қаламгерлер өмірінен, өзі жазып алған естеліктерін арқау ете отырып сұхбаттасқан едік.

- Қытайдағы қазақ әдебиеті туралы сөз болғанда, алдымен ауызға ілінер жазушылардың бірі Мағаз Разданұлы. Ол кісінің тарихи көркем романдары мен әңгіме-повестері осы жақта да көп жарық көрді. Әңгімен маңғаз Мағаз әлемінен бастасақ?

- Ойласақ болды ылғи да маңғаз тау, маңғаз нар тектес биіктік атаулыны елестете беретін осы бір ұлы тұлғаның рухына сонау балаң шағымда жалғасқан сағыныш саулелерін қағаз бетіне түсіру де, көсіле әңгімелеп беруде оңай болмағанын өз жүрегім ғана сезінер. Себебі, ұлы тұлғаларға үңілу, еске алудың өзіне үлкен батылдықпен қоса, керемет тебіреніс, ақ сағыныш керек-ау! Егер дәл осы толқуды тағдыр маған сәл ертерек силаған болса, Мақаң туралы әлдеқашан жазған болар едім. Бәлкім, мен Мағаз Разданұлын әлі сағынып бола алмаған шығармын. Рас, ол ешкім сағынып, зерттеп бола алмайтын тұлға болғандықтан да «Қайран, маңғаз, Мағаз-ай»,- деп жиі еске алып, дала топырағына тартып туған жырларын, том-том қара сөздерін оқып, өнерге айналып кеткен Мағазбен сырластық. Туысың, жанашырың емес, керек десең түк те қатысы жоқ біреуді сонша сағынтып, аңсатып қоятын қасиетті өнердің алтын тамырының құдіреті-ай десеңші!

- Мағаз Разданұлының ақындық қуаты да, айрықша болды ғой..?

- Менің кеудемде ұзақ жыл сақталып, сүрленген сағынышты, халық айдынына күшті толқынмен айдап шыққан тағы да сол өнердің ірі тұлғалары Құрманбек Зейтінғазыұлы мен Дәулет Халықұлының өнер тойының дүбірі болды. Үш күнге ұласқан тойда небір әзіл де, ән де айтылды. Өткен-кеткенді еске алулар болды. Соның бірінде әнші Сағдат Мырзахметұлы Мағаз Разданұлының сөзіне жазылған өз әні «Көрікті жер, батыр елді» қоңыр даусымен төгілте шырқады-ай. Кеудем де қоздап тұрған сағыныштың отына май құйғандай болды. Ән аяқталған соң Сағдат ағадан осы әннің қалай жазылғаны туралы сұрадым. Сәл ойланған ол кісі: «1983 жылы жазда Мағаз Разданұлы, Күнгей Мұхажанұлы бастаған бірнеше ақын, жазушы Шіңгілді аралап, ой мен қырындағы тарихи жерлерді көріп бірталай күн болған еді. Сол сапардан қайтарда Мақаң маған осы «Көрікті жер, батыр ел» өлеңін ұстатып кетті. Өлеңді оқып шығып туып өскен жерімнің табиғатына одан ары іңкәр болдым. Мақаңның қыран жанары, Шіңгілдің біз көрмеген көркін көріпті, ұлы жүрегі біз сезбеген қасиетін сезіпті. Өлең мені бір жола тұтқынға алды. Сонымен ұзақ толғаныс, тебіреністен осы әуен дүниеге келді. Ән көрікті жер, батыр елдің аспанында ғана емес, исі қазақтың аспанында қалықтады. Басқа шығармасын былай қойғанда, осы бір өлеңмен-ақ, Мақаң Өр Алтай даласында әлі тірі. Біздің арамызда...»,- деп тебірене әңгімесін тоқтатты. (Төмендегі сурет жазушы Мағаз Разданұлының мерейтойында түсірілген - Ұ.З.)

- Сол ән халық жүрегінде ерекше күйде сақталып қалды ғой?

- Иә, Мағаз өлеңінің алтын арқау болған қос Шіңгілдің бойын үш күн думанына бөлеп, жыр бесігінде тербеткен той тарап, жерде де, әр көңілде де құлазу басталды. Режиссер Ұлан Кенжеханұлы екеуміз Үрімжіге қайттық. Замананың жүрдек көлігі жер апшысын қуырып келеді. Дыбыс алғыштан Сағдат Мырзахметұлының әуелеткен «Көрікті жер, батыр елді» тыңдап, қам көңілді жұбатып біз келеміз.

Өр Алтайдың ақтарылған сырындай,

Егу, Кесік егіз екі бұрымдай.

Қай жаядан құлап түскен бұрым деп,

Қай жолаушы кеткен оған бұрылмай.

Толқынды аққу қанатымен желпіді,

Симфония Шағанғолдың серпіні.

Шіңгіл ақын ақтарылған сезімі,

Осы үш бұлақ Үліңгірдің төркіні.

Өлең осылай өріле береді. Бас-аяғында бір ауыз бос сөз жоқ. Қандай құдіретті өлең бұл? Талант күшіне дауа бар ма? Ал, өлеңнің ішкі иріміне сай келіп құдіретін онан ары асыра түскен әуенді ойласаң талант пен таланттың тоғысуы тіпті хикімет екенін түсінесің. Ұшы-қиыры жоқ ақ дала әлі сол баяғысындай бар құпиялықты сағыммен бүркеп жантайып жатыр. Мақаңдар осынау далада біркездері кенезесі кеуіп айдау астында еңбекке жегілген шығар? Ақынның ащ тері, ыстық жасы тамған тамған жусанның түбірі бар ма екен әлі? Сонау тарғыл құмдарға көрсеткен ерлігін осы даланың тастағынан үйренген болар. Осы далада боз көдені көкірегіне басып тұрып, елімен қоштасып:

Ер жасып мұңайған ба, ажырғыға,

Немене ауыр бейнет сабырлығы.

Жеті мың үш жүз түннің баста ұйқысын,

Жайлап сал төсегіңді абыржыма.- деп өзін-өзі жұбатып, өзін-өзі қайраған шығар.

- Өзіңіз Мағаз Разданұлын көріп үлгірдіңіз бе?

- 1996 жыл. Мен ол кезде Алтай аймақтық №1 орта мектебінде 8-сынып оқитынмын. Осы мектепте ұзақ жыл ұстаздық қызымет атқарған, қолынан талай шәкіртті түлетіп ұшырған ұстаз, қарт зейнеткер Мидыхат Разданұлының отбасына жиі барып тұратынмын. Мені ол үйге жетелей беретін екі нәрсе еді. Бірі – Қатира апамның бауырмал, қонақжай мейрімділігі болса, екіншісі Мидыхат ағаның гитара, домбыра, мандалинмен шертетін алуан әуенді әр ұлттың күйлері мен қызықты әңгімелері және мол кітап қоймасы. Мағаз ағаның қолынан түспейтін кітаптарды осы үйден тауып оқыдым. Мидыхат ағадан Мақаң туралы көп әңгіме тыңдадым. Ақындықты армандайтын маған бұл әңгімелердің әсер еткені, соншалық Мақаңмен бір жолықсам, сәлем берсем дегенді ойлай бердім. Ақыры зарықтырып жүріп жол түсті. 1996 жылы 1-ші қазан күні Мағаз ағаның Буыршын ауданында тұратын семиясына ат басын тіредік.

Осыдан екі жыл бұрын 70 жылдық торқалы тойынан кейін қан тамыр қатаю науқасына шалдығып, төсек тартып жатқан Мақаң біз барғанда басын көтерді, жабыла сәлем берген бізге жөн ғана басын изеді. Амал не, қара сөздің қамбасы, ақиық ақынның тілі сөйлеуге келмей қалғанына көп уақыт болыпты. Аты-жөнімізді айтып танысқан ілтипат танытып жатырмыз. Анда-санда таңдайын қағып қойып Мақаң отыр. Қара сөзді суша сапырған қайран тіл қайырымға келе алмай қалғанына, тілі сөйлеп тұрған шағында келіп, әңгімесін тыңдап, батасын алмағаныма өкініп мен отырмын. Бірде маған ақын жүрегі тарихтың терең қатпарларынан; туған жерінің тым мұңлы, тым тәтті топырағынан; жел өтіндегі бәйтеректей күн кешкен өмірінен; иә болмаса анау, Тарымның тарбиған алып құмдарында өкінішпен өткен, есіл өмірінен сыр шертіп жатқандай күй кештірді. Менің көз алдымда маңғаз Мақаңның екі түрлі бейнесі биіктей берді. Бірі – бөгенайы бөлек шығармалары арқылы жүрегіме жол тартып, өзінің тұрақты оқырманы еткен өнердегі өр Мағаз. Енді бірі – асқақ арманмен ала қашып, азуын басқан Тарымның тарлан даласына тай болып барып, Алтай тауындай айбатты, жанының бар шуағын туған халқының рухани қазынасы үшін төккен өмірдегі ер Мағаз.

Қазанның 4-ші күні таңертең кететінімді айтып Мақаңнан рұқсат сұрадым. Мақаң басын изеп маған аз қарап отырды да жұбайы Шабетай апаға кітап сөресін нұсқап ым қақты. Шабетай апамыз кітап толы сөрені ақтарыстырып Мақаңның өлеңмен жазылған «Сарыбел» романын әкеліп Мақаңның алдына қойды. Аз ойланып отырып, жансызданып қалған қолдарын, әрең икемге келтіріп бірдеңелерді жазған соң, кітапты маған ұсынды. «Сарыбелді» ашып қарасам былай деп арнау қалдырыпты:

Жетпістің заңғарынан асқан атаң,

Әлі де тұяғымды тасқа басам.

«Сарыбелден» ұша бер биіктерге,

Қанатыңды қатайтып ақ балапан!

(Мағаз Разданұлы. 04.10.1996)

Осы шумақты оқығанымда ауыр сырқат меңдетседе жігерін әлі сөндірмеген, үміт кемесін өрге сүйреген ұлы жүрекке іштей сүйіндім. Амал не, Мақаңның көзіндей көріп жүрген «Сарыбел» романы 2002 жылы жоғалған бір сандық кітаппен бірге кетті. Мен сонда Мақаңнан жаңа ғана айрылғандай жыладым. Сол сандықтың ішінде басқада ұлы тұлғалардың қолтаңбасы, он жыл жиіп-терген қазынам кетті. Өкінішімді уақыт ұмыттырса да, Мақаңды еске алсам болды көз алдыма «Сарыбел» елестейді... Маңғаз Мақаңа қош айтып, Буыршын даласынан асқар Алтайға қарай жолға шықтым. Алдымда Алтай тауы манаурап тұр. Артымда тағы бір тау. Мағаз қалып барады. Мақаңды қимай кері тартқан көңілімді автобус алаға қарай зорға сүйреп келеді. Құлағыма кеше кеште Мақаңның кішкентай немересі шерткен Раздан имамның «Елім-ай» күйі естілгендей болады. Күңіренген күй тілі: «Елім келет дегенге, жүгіріп шықтым белеңге. Қайран елім, қайтейін, қайта айналып көрем бе?»,- деп үзіліп өксиді. Сол кезде көп нәрсені ойлай бермейтін бала көңіл, қайран басым, сол бір шағының халқының қара нар ұлы Мағазбен тұңғыш әрі соңғы кездесуі сол екенін қайдан білсін. 1998 жылы мамырдың 2-ші күні Мақаңның халқым деп соққан, өнер деп соққан жүрегі мәңгіге тоқтады да туған жері Буыршын топырағына жантайды. Ал мен болсам Мақаңды көргенін, көріп сәлем бергенін мақтанышпен еске алатын жас ұрпақтың соңғыларының бірі болып қала бердім. (Төмендегі суретте Мағаз Разданұлы қаламдастар ортасында - Ұ.З.)

- Мақаң туралы сөз болғанда, осы әулеттің өнер қонған, сөз дарыған қасиетін айтпай өтуде мүмкін емес. Сол қатарда Мидыхат Разданұлының да орыны ерекше болды ғой?

- Әңгімені мектеп қабырғасынан бастайын. Ертіс-Қыран бойындағы кәрі қыстаулықтан пішен шауып бола салысымен, 1995 жылдың қыркүйек айы дабыл қағып, жаңа оқу маусымы жетіп келді. Алағақ ауылының орта мектебіне қош айтысып, Алтай аймақтық №1 орта мектепке түсіп оқуға шешім қабылдағам. Шөп тиеген трактордың тіркемесіне жармасып ауылға жеткесін, ертесі Ілен ағам (Ілескен Ғазезұлы) Алтай қаласына алып жүрді. Арманшыл балғын жүректің лүпілін Қыран толқындары қарсы алған тау қаласындағы алғашқы күндерде алдымнан құшақ жая қарсы алған. Ақ дәмін алдыма жайған Смағұл Әймекұлы мен жұбайы Әмина апаны, Мидыхат Разданұлы мен Қатира апаны, Алтай ортаның сол кездегі бастығы Қалихан Қозыбақұлын қалай ғана ұмытайын?! Бұл күнде барлығы бақилық болған. Көненің көзі, дана көкірек жандар еді. Маған қуат берген, үлгі-өнеге берген сол кісілердің ақ дәмі мен ақ батасы дер едім. Білімнің алтын ордасы Алтай қалалық №1 орта мектебінде оқыған бес жыл – кейінгі өмірімнің мызғымас тағанын қалады. Көп уақытым жатақхана мен мектеп, кітапхана арасында өтті. Тесік өкпелеу өскен мен сияқтылар көп еді. Қиындықты бірге жеңіп, бірге алға бастық. Сенбі,жексенбі сайын үйі қаладағы балалардың үйіне барып тұратынбыз. Ол кезде Мидыхат мұғалім әлдеқашан демалысқа шығып кетседе мектепке жиі келіп тұратын. Тұлғасынан сабаздық, даналық, білімділік аңғарылар еді. Тамырлас бәйтеректей Кәзім мұғалім жүрер еді қасында. Екеуіне қарап, солардай болуды армандадық. Балалық тәтті қиял, сәби арман бәріне талпынып тұрған шақ. Мидыхат мұғалімнің немересі Нұрқуаныш екеуміз қос Қуаныш болып баласындай бауыр басып кеттік. Мидыхат атаның ұлағатты әңгімесі, мол кітап қоры, Қатира апаның ақ пейілі ол үйге жиі жетелейтін. Мидыхат мұғалім әркез астан кейін мандалин, гитара шалатын. Маған бірде: «Балам, жігітке жетпіс өнерде аздық етеді, бұл аспаптарды үйрен, үйретейін саған»,- деді. Бас изегеніммен миыма кітаптан басқа ештеңе кіріп жырғатпайтын шақ. Құлқым соға қоймады. Үйренім алсамшы деген өкініш әлі де мазалайды... Мидыхат аға маған үлкен үміт артты. Қайрат, жігер беретін. Мектепті бітіргенше жиі барып тұрдым. Кейін Жоғары оқу орынына кеттік. Одан ары қоғамдық қызымет басталды. Алтайға ат басын бұрған сайын сәлем бере баруды ұмытқамын жоқ. Батасын алып аттанып жүрдім. Ол кісінің маған берген ұлағаты ұшан-теңіз еді. Бәрін айту мүмкін де емес. Бүгін асыл тұлғаны сағына отырып, елеулі еңбектерін айта кеткім келіп отыр.

- «Әдебиет порталының» оқырмандарына Мидыхат Разданұлы туралы толығырақ айта отырсаңыз?

- Мидыхат Разданұлы әуелі аса текті әулеттің ұрпағы. Алтайдың ең көрікті алқабының бірі Буыршынның Дулайты ауылында 1932 жылы дүниеге келген. Мидыхат ағаның атасы Қамшыбай, әкесі Раздан бәрі де бардам және сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу өз заманының ілгері адамдары болған. Әсіресе, Раздан атамыз оқымысты, өнер иесі, қоғам қайраткері, «Елім-ай» сынды күй қалдырған шежіре-кеуде адам болған. Ал бірге туған ағалары Мағаз бен Масығұтты дүйім жұрт білетін дарынды тұлғалар. Міне осындай құнарлы тамырына тартқан Мидыхат ағада тектілігін танытты. Отбасының, ұлтының, әулетінің ғана емес бүкіл қоғамның жүгін көтерді. Бір ғұмыры ұрпақ санасына шам-шырақ болып жағылумен өтті. Мидыхат Разданұлы Қытай қазақтары оқу-ағарту тарихында ерекше орын алатын тұлға. Ол кісінің әр қадамы, әр тынысы ұрпақ тәрбиелеуге арналды. Кішірейтіп айтсақ, бүкіл Шынжаң мәдениетінің өркендеуіне үлес қосқан ұрпақтарды, алғаш тарбиелеген, мәпелеп баулыған қайраткерлердің бірі еді. Ұстаз еңбегінің ұлылығы мен даңқын, ұстаз мәртебесінің аса жоғарылығын Мидыхат ағаның шынайы өмірінен көрген жас өркеннің бірі ретінде айта аламын. Құрметке лайық болу үшін де Мидыхат ағадай ұстаз бола білу керек шығар. Ол кісінің қолынан сонау 1950 жылы түлеп ұшқан шәкірттерінің ішінде туған ел, отан, қоғам үшін елеулі рөл атқармағандары аз. Әкімшілік, педагогика, әдебиет пен өнер, медицина, ауыл шаруашылығы сынды әр саланың маманы, серкелері болған шәкірттерін бүкіл ел мақтанышпен айтады. Осының бәрі жетелі ұстаздың маңдай терінің ақталғаны емей, не дейсіз?

Мидыхат Разданұлы бастауыш мектепті бітіргеннен кейін, 1948 жылы қыркүйек айында Құлжа қаласындағы техникалық институтты бітірген соң, Алтайдағы орта мектепте оқытушылық қызыметін бастайды. 1950 жылы қараша айында қазірі Алтай қаласындағы №1 толық орта мектебінің шаңырағын көтеріскен 25 оқытушы қызыметкердің бірі болған асыл аға, осы орта мектепте тап жылмай мұғалім болып, 1987 жылдың соңында «Орт мектептің жоғары дәрежелі оқытушысы» деген даңықты атақпен демалысқа шығады. Саптастары мен шәкірттері Мидыхат Мұғалімнің сабақ өткендегі кәсібилігі, педагогикалық шеберлігі, көркем-өнердің бар саласынан қабардарлығы, ұйымдастыру қабылетінің мықтылығы туралы тамсана баяндайды. Шынымен де ол кісінің кішпейілділігі мен жанашырлығы, мейірі адамға қанат бітіретін еді. Өз оқушыларының мінез-құлқын, тіпті ұғымының терең-таяздығына дейін ерте аңғарып, әр баланың өз ерекшелігіне қарай жұмыс жасайтын. Ұлағатты ұстаздың көңіл түкпірінде әр оқушысына арналған бір-бір естелік дәптері болатындай деп еске алады кейін шәкірттері. Осы еңбегінің нәтижесінде ол кісі талай мемелекет дәрежелі сыйлықтардың иегері атанып, құрмет төрінен көрінді.

- Ол кісі саналы өмірін педагогика, бала тәрбиесіне арнады ғой?

- Мидыхат Разданұлы 1980 жылдардан кейін бала тәрбиесі, педагогикалық шеберлік аясында жазған көптеген ғылыми-танымдық мақалалары ел ішіндегі газет-журналдарға молынан жариялана бастады. 1985 жылы «Шынжаң халық баспасынан» жарық көрген «Оқыту тәрбие мәселелері» атты ғылыми кітапқа «Отыз жыл салған ойлар» атты ғылыми мақаласы кірген. 1993 жылы Бақыт Қуанышұлымен бірігіп жазған «Алтай жағырапиясы» атты оқулық кітабы Алтай қаласында басылып шықты. Бұл сол кездегі бастауыш-орталау мектеп оқушылар үшін таптырмас маңызы айрықша оқулық болып саналады. Сол жылы тағы да «Барымыз балаларға арналады» деген атпен жастар мен оқушыларға арналған кітабы жарық көреді. Ғалымның одан кейінгі ізденістері мен ғылыми пайымдаулары тереңдей береді. 2002 жылы «Шынжаң халық баспасынан» «Белестер белгісі» деген кітабы басылып шықты. Бұл кітапқа қазақтың біртуар ұлдары Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды тұлғалардың шығармашылығына арналған зерттеу мақалалары мен Амаерикаға барғандағы сапар естелігі енгізілген. Осы жылы ағаға сәлем бере барғанымда: «Атаңның 70 жасындағы бір естелігі саған»,- деп бір кітабын ұсынған еді. Мидыхат ағаның жоғарыдағы кітаптары тарих, мәдениет, оқу-ағарту, әдебиет, жағырапия, психологиядан ғылыми сауат беретін танымдық кітаптар. Әсіресе «Барымыз балаға арналады» деген кітабы сол тұстағы бала тәрбиесіне қажетті ең құнды, ең қат кітаптардың бірі болды.

- Мидыхат Разданұлының музыкалық қабілеті де ерекше болыпты деп еститінбіз?

- Мидыхат Разданұлы мектептегі «Балдырған» әнсамбілінде оқушыларға жетекшілік етуден тартып, ел ішіндегі ескі күй мұраларын кәдеге жаратып туған елінің ыстық ықыласына бөленді. Саптасы Кәзім Мәңкейұлы екеуі мандалин мен гитарада қосып орындаған татар және орыс халық күйлері 1982 жылдары радионың алтын қорына жазылып, әуе толқынына кеңінен тарады. «Айжарық» атты үнтаспалары жарық көрді. Әртүрлі концерттер мен айтыс сахналарында көрерменнің мейірін қандырды. Кейінірек жазған «Бейсенбінің беймәлім күйлері мен шәкірттері» атты көлемді ғылыми зерттеу мақаласы бейсенбітанудағы сүбелі еңбектердің қатарын толықтырды.

- Соңғы кездесуді еске алып өтсеңіз?

- Мен Мидыхат ағамен соңғы рет 2014 жылы мамыр айында Алтайда кезіктім. Зият Шәкерімұлы хақында сұхбат алдым. Тарлан тартып, бір құлағы ауырлап қалсада «Сырлы аяқтың сыры кеткенмен, сыны кеткен бе?» керемет әңгімелер айтты. Кейін туыс шылап Сарыарқаға барған Мидыхат аға мен Қатира апа араларына аз ауақыт салып, бірінен кейін бірі сонда қайтыс болды. Қоштасу мен қауышудан тұратын өмір дейтін ескі сарайдың өзегі толы сағыныш. Сол сағыныштардың бір арнасы менің кеудемде толқи ағады. Ол өмірдің қадыры мен қасиетін, кеңдігі мен мейірін, парасат, пайымын сездіретін Мидыхат аға сияқты тұлғалар. Қимастық сынды өміршең сезім орнатқан сағыныш мұнарасы еді ол.

- Әдетте осы дәуірдің қаламгерлері туралы айтылғанда Мағаз, Күнгей, Омарғазы, Оразхан, Қаусылхан бастаған қаламгерлер легі қатар айтыла бастайды. Әңгіменің тиегі жазушы Күнгей Мұқажанұлына қарай бұрсақ?

- Күнгей Мұқажанұлы – Қытай қазақ әдебиетінде тұңғыш роман жазған классик жазушы. Сонымен қатар алғашқы аға буын журналист, алғашқы драматургтардың бірі. Мемлекет және қоғам қайраткері. Күнгей сынды ірі тұлға туралы көңілге түйген бірәз әңгімемді айтып берейін. 1929 жылы маусым айы болатын. Сарсүмбе сапарынан қайтқан Ақыт қажыны Мұқажан шаңырағының дәмі тартты. Айтулы жылқышы Мұқажан құтты қонағы абыз атаға дастарқанын кең жайды. Дәл осы күні, айы-күні жетіп отырған әйелі босанып, шекесі торсықтай ұл дүниеге келді. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» дейтін қазақ, әйелі ұл туса, неге ғана ақ түйенің қарыны жарылмасын! Ақыт атаны жібермей ақсарбасын атап сояды. Баласына ақ батасын беріп, ат қойып беруін өтінеді. Ақыт ата күнгейті бойында туған ұрпаққа: «Өмірі табиғаттың күнгейіндей шуақты болсын! Мұратты болсын, аты Күнгей болсын»,- деп батасын беріп, атын қойып аттанады. Жақсының шарапаты тиді ме, жоқ әлде жаратушының айрықша ықыласы түсті ме екен, бала Күнгей кішкентайынан шешендік, даналық, алымдылық байқатып, көп баладан өзгеше бөгенаймен өседі. Талапты жас Алтайдағы орта мектебінен кейін шынжаңдағы жоғары оқу орынын бітіріп, «Алтай» газетінде тілшілік сапардан жұмысын бастайды. Аталмыш газеттің 1950-1962 жылдар аралығындағы сарғайған парақтарынан Күнгей Мұқажанұлының журналистік іздер сайрап жатқаны анық. Осыдан кейінгі 20 жыл қаламгер өміріндегі жазықсыз жапа шеккен ең ауыр жылдар еді. Тұтас ҚХР-дың мәдениеті мен дамуын кері шегіндірген «Мәдениет төңкерісінің» ызғары Күнгейді де шарпымай өтуі мүмкін емес еді. Тек бүкіл халықтық 3-ші жалпы мәжілістен кейін ғана жазушы ақталып, Күнгейдің жаңа шығармашылық өмірі басталады. Сары табан жылқышы Мұқажан мен қара өлеңді майын тамыза айтатын Зақыманның кіндігінен жаралып, халықтың шешен тілінен ерте нәр алып, алғашқы жасампаздық жолын өлеңмен де, қара сөзбен де бастаған Күнгей бір кезде: «Жанымды ала алмайды ажал қазан, халықтан тыс тағдыры адам қаран. Мен үшін шындық – теңіз, мезгіл – муза, тарих – үй, ғасыр – қағаз, заман – қалам»,- деп толғана жазыпты. Десе де Күнгей өзінің шығармашылық жолында өлеңнен гөрі прозаға ат басын ерте бұрып, сол ауылға көп аялдады. Және барынша өнімді жұмыс істеді. Оның қаламынан «Игілік», «Өр Алта» романдары мен «Тайталас», «Алтай әңгімелері», «Ортеке» повестері мен әңгіме, очерктер жинағы арт-артынан жарық көрді. Қара сөздің қамбасындай осынау кітаптардың авторы, жазушы деген даңыққа әбден лайық, әдебиетіміздің көлеңке түспес Күнгейі қаламын бір күн қолынан тастамай, қоғамдық, мемлекеттік жұмыстарға белсене араласып, бүкіл жан жылуын, халықтан алған қазынасын халқына қайта беруге үлгіріп не, үлгірмей 1990 жылы 2-ші тамызды 61 жасында арамыздан аттанған. Қайталанбас қаламгердің міне арамыздан аттанғанына міне 30 жылдан асып барады. 2019 жылы дүниеге келгеніне 90 жыл толып еді, елеусіз өтіп кетті. 2009 жылы қазан айында Шынжаң жазушылар одағының ұйымдастыруымен Үрімжіде өткен, жазушының 80 жылдығына арналған ғылыми-талқы жиыны Күнгейдің көзін көргендер мен оны оқып өскен оқырмандарының жазушыға деген құрметі мен жазушы әлемін ашудағы ізденістерінің жалғасындай көрініп еді.

- Өмірдің, «Мәдениет төңкерісінің», саясаттың зобалаңын қатар көргеннен кейін бе, ол тұстағы қаламгерлердің сыйластығы, кісілігі айрықша еді ғой?

- Айтқаның ойға қонады. Табиғат ана қашанда адамзат бақыты мен аз күндік ғұмырдың мағыналы болуы үшін не бір керемет асылдарын сыйлаған ғой. Табиғаттан жаралып, табиғатқа қайтатын тіршілік дүниесінде, өмірге берерінен көрі алары көп адамзат әлемінде есте қалар ескірмес есімдер қашаннан тым аз екен-ау дейсің. Өткен өмір, келте ғұмырды қайта парақтап отырып. Жер-ана мен оның жалғыздығын саналы ғұмырында қаламына арқау еткен Күнгейдей ұлдарын туған халқы да, туған топырағы да ұмытпақ емес. Жан жолдасы, сырласы, қаламдас әріптесін сағынған Мағаз Разданұлы Күнгейін сағына отырып, былай деп жырына қосқан екен.

Сағым ойнап сарғаяды бел неге?

Сары белде гуілдейді жел неге?

Сары белде мерт болған бір киіктей,

Жалғыз қайың мұңаясың сен неге?

Жалғыз қайың жел мұжыған жараң көп,

Жапырағың сарғаймасқа шараң жоқ.

Бірі кетіп, бірі қалса екінің,

Жар басында жалғыздықтан жаман жоқ.

Ақ бас атанның қос өркешіндей, күнгей таудың қос қайыңындай Мағаз бен Күнгейдің бірі кетіп, бірі қалғаны тұтас қауым үшін ауыр кезеңдер еді. Енді міне қазақ әдебиетінің қос тарланы да жоқ арамызда. Күнгей өмірінің әр қырынан сыр шертіп, Күнгей еңбектерінің тереңіне бойлап, тұнығынан сусындау әлі де жетіспей келеді. Күнгей прозасындағы ішкі ирім мен қуатты ағысты, шығармаларындағы тарихи кезеңдерді зерделеп зерттеу керек-ақ. Жазушы Жұмабай Біләлдің: «Күнгей таңдайынан тамып тұратын шешен тілдің тамшысы күні бүгінге дейін балзам сезіледі»,- деуі жайдан жай емес. Осы орайда қаламгер Жеңісхан Аметханның «Күнгейдің шешендік мың сөзін», «Күнгей» эпопеясын жазуы үлкен ерлік. Ал әке еңбегінің жалғасын тауып, қашанда рухани айналымда болуы үшін аянбай еңбек етіп жүрген Дауыл Күнгейұлына оқырман ретінде алғысым шексіз.

- Журналистік қызыметіңізге байланысты Шығыс Түркістанның бар жерін араладыңыз. Көптеген өнер тарландарының көзін көрдіңіз? Ақын, фольклорист Шәмен Исаұлы туралы да емірене жазғаныңызды оқығаным бар?

- 2008 жыл Қытайдағы қазақ руханияты үшін қаралы жыл болды. Сансыз саз сетерін баулыған музыкант Сағи Қайрасұлы, қара домбыраның қасиетін қара қостан халықараға танытқан дәулескер күйші Дәулет Халықұлы, халық мәдениетінің жоқшысы, ақын, фольклорист Шәмен Исаұлы сынды қайталанбас тұлғалар іркес-тіркес келмес сапарға аттанды. Біз осынау бүкіл болмысын, тағдыры халықпен біте қайнасып кеткен тұлғалардың өнерін, қадыр-қасиетін тірісінде қаншалық бағалап, құрмет төріне көтергеніміз өзімізге түсінікті. Ал өмірден өткесін қаншалықты сағына еске алып, азалы күй кешіп жатқанымыз, артындағы рухани мұрасын қалай бағалап жатқанымыз ол да дөп басып айта алмайтын кеп. Дәулет Халықұлы мен Шәмен Исаұлының өнер тойын, ауыл-аймақ, туы-туған жабыла атқа қонып, өткізіп беріп міндеттен құтылғандай бір тыныстағаны бар. Ал Сағи Қайрасұлы өнер тойын көре алған жоқ. Шәкірттері ұйымдастырып, ұстаз рухына бағыштап, Сағи саздарын Үрімжі қаласында әуелетіп еске алғаны бар. Бірақ бұл да, дәйекті зерттеуінен, тұлғатану, өнертануынан көрі, дабырасы басым тойға ұласып кеткені өкінішті. Айта берсең сөздің ауаны алыс. Әңгімемді Шәмен аға туралы сабақтайын.

- Иә, айта беріңіз аға?

- Сақасы алшы түсіп, десі басып тұрған материялдық таным алдында адами ғұмырдың алтын діңгегі руханияттың уақытша болсада жүзі кірбең, көңілі сынық екенін қалай жасырайық. Адамдар арасында,тіпті туыстар арасында сағыну сезімі қожырай бастаған осы бір өтпелі шақта, қаламдастар қауымына, ел ішінде көміліп жатқан ана бір талантты танымадың деп сын айтуда әбестік сынды. Қалайда, құлшынған дұрыс-ау. Сағынта алар жан болса сағынғанға не жетсін?! Мені Шәмен Исаұлы туралы қалам тербеуге жебеген батылдық – осы ұлы сағыныш еді. Мен бала шағымнан-ақ Шәкеңді сағынып өстім. Қыс қсытау, жаз жайлауда әкемнің қоңыр радиосынан көтерілген «Атамекен сағынышы» атты әдемі ән менің сәби санамды алып ұшып, биігінде тербетіп, бүкіл сақара осы әндегі кеңдік, биіктік болып елестейтін. Осылайша есімін алғаш ән арқылы тансықан тұлғаның ақындық, фольклористік қырларымен орта мектеп партасынан танысып, атынан көрі затына қаныға бастадым. Шәмен Исаұлының жиып-теріп, зерттеуімен жарық көріп жатқан алуан жанрдағы халық ауыз әдебиеті, халықтық ән-күй мұралары, әсіресе, Қаба ауданының ауыз әдебиетіне қатысты төрт томдығын шығарудағы есіл еңбектеріне сүйініп жүргенімде, 2006 жылы Көктоғай ауданында Шынжаң Халық радиосы ұйымдастырған радио-тетр жиналысында кезігіп, сұхбаттасудың сәті түскен еді. Жай әңгімеден гөрі өнері, халық қазынасы, шығармашылық жаққа қарай көбірек ойыса беретін ағаның білімдарлығы, батыл мінезі, өжет адуындығын, халық мұрасына жанашырлығын байқатқан. Әлі де жинақталмай, хатқа, таспаға түспей, зерттелмей ел арасында тарыдай шашылып жүрген ән-күйлердің тағдыры туралы толғағанда жаны күйіп, өзін ұмытып, елеуреп, ашына сөйлейтін риәсіз рухы, боямасыз бейнесі әлі көз алдымда тұр. Қазіргі қазақ әндерінің дені байырғы топырағынан тамыр тарта алмай жүрісі мен жорғасынан жаңылған «өткінші» әуендердің молая бастағанына, әдемі ән жазғаннан көрі, бірден жұлдыз болуға асығатын жастар шоғырының күн санап кеңейіп келе жатқан өрісіне қапаланатынын, ондай өнердің ғұмыры қашанда келте екенін жаны ашып, қайта-қайта екіленіп айтқан еді. Ақ күміс шашынан арай тарап, қыз сары өңі нұрлана, әңгімесін айтқан сайын көтеріле түсетін қоңыр дауысы мені жанымның ең түкпірінде сол ыстық күйінде сақталып қалып еді. Бұл күнде сол ұлы дауыстың жаңғырығы жан діріліне ұласып, көңіл көкжиегін жиі ұрғылап, сағыныш отын маздата түсетіндей еді.

- Ол кісі ел мен жердің ескі әңгімесіне, өткен тарихына, қазыналы шежіресіне ұста адам еді ғой?

- Шәмен Исаұлымен соңғы жүздесу, бір жылдан кейін, 2007 жылдың шілде айының соңғы жарымында бұйырыпты.сол жылы Іле қазақ автономиялы облысының ХV кезекті ақындар айтысы Қаба ауданының Аққайың аралында өту алдында тұрған. Қабаның елі мен жерін арқау еткен «Жетіқаба - Жерұйық» атты көркем фильмді түсіруге Шынжаң теледидарынан Ләззат Оразханқызы, Ұлан Кенжеханұлы қатарлы қызыметкерлер Қабаға аттанған. Жеті Қабаның хикаясын, Алқабек, Білезік, Қараүңгірдің аңызын арыдан әңгімелеген Шәкең мен Ғалымбек Оразбекұлы бізбен жарты айдан астам уақыт бірге болған-тын. Қашан да сөзді халықтық тағылыммен бастап, кешегі тарихқа бойлап кете баратын Шәкең бұл жолы да шешен, шежіре тілімен тспамызға мол мәліметтер қалдырып еді. Кезінде Сыр бойынан ауған ел алғаш кереге жайып, түйе қомдығын суытқан шұрайлы қонысы жеті Қабаның ой мен қырына Шәкеңнің таныстыруымен онан ары қанығып, «Ауылыңда қарт болса, жазып қойған хатпен тең» деп салмақтай салмақпен айтатын мақалдың мәнісіне терең бойлаған едік. Болбадайдың биігінен Қараүңгірдің қиырына дейінгі сақара, салып ұрып арындай жөңкілген өзендердің уақыт қолымен жазылған қызықты тарихы, аңызы көрікті жерді онан ары киелендіріп әкеткен. Қарапайым ғұмырын халық тағдырымен тоғыстырып, «Мың өліп, мың тірілген» елінің кешесі, бүгінін ой хатына өрнектей білген қарттың сарасы, данасы еді-ау Шәкең. Қайталанбайтын қымбат қазынасын қалдырып, қара жерге өзі ғана кете берді. Айта жөнелсең бәрі аңыз сияқты естігенге...

- Жаңа ғана өзіңіз әңгіме еткен, Шәкеңнің атақты «Атамекен сағынышы» атты әнінің шығу тарихынан хабарыңыз бар ма?

- 1986 жылдың наурыз айы. Түс әлеті болса керек. Композитор Кәрім Әбдірахманұлының отбасында бір дәуірдің саңлақ сазгерлері Мәлік Шипанұлы, Бәдет Ахметжанұлы және үй иесі Кәрім үшеуі музыка өнері жайында ұзақ әңгіме, жарасымды әзілдің сіргесін жиып, бір табақ етті алдарына енді ала бергенде, есік айқара ашылып, дауыстарын көтере сәлем беріп, орта жастардағы екі адам кіре берген. Бұлар сол кездегі Алтай қалалық Мәдениет басқармасының бастығы Қажыкәрім мен Шәмен Исаұлы еді. Астан соң бұйымтай сұраған Кәрімге Шәмен: «Бүгін жолым болғанына қуанып отырмын. Үйткені, бір емес музыканың үш білгірі осында отыр екен. Мен бір ән жазған едім, сол әннің кіндігін мына Кәрімге кестіріп, нотаға түсіріп алайық деп келдік. Бұл ән жан түкпірімде ұзақ сақталды. «Мәдениет төңкерісі» кезінде туған елден, туған жерден алыста жүргенде алғаш рет қойын дәптеріме жазылып, әуені көкірегіме қонақтап ұзақ жүрді. Ол кезде жарыққа шығару қайдан болсын»,- деп бір тыныстаған Шәкеңе кәрім: «Ал, әніңізді тыңдайық, сосын нотаға да түсіре жатармыз»,- десімен, Қажыкәрімнің домбырамен сүйемелдеуінде Шәмен қоңыр дауысымен баяу шырқай жөнелген. Даланың салқын лебін, қыранның шырқауын, тіпті байтақ сақараны сазына, сөзіне сидырып тұрған ән марқұм Бәдетті, Мәлік ақсақалды да тебірентіп әкеткен. Кәрім тездетіп нотаға түсіріп, бәрі қосыла шырқап, тұсауы осылай кесіліпті тағдырлы әннің.

- Шәкеңнің осы жалғыз әні ел жүрегінен ерекше орын алған, бүгінде бар қазақ баласы қосыла шырқайтын әнге айналып кетті ғой?

- «Атамекен сағынышы» осы жылдың күзінде Шынжаң халық радиосының әуе толқынынан Тұран Құсайынқызының орындауымен әуелесе, іле-шала Сағдат Мырзахметұлы, Әсемхан Ғибадатқызы, Қадыл Ахметұлы қатарлы өнерпаздардың орындауымен қанатын кең жайып, халық жүрегінен орын алған. Қалада да, далада да шырқалған «Атамекен сағынышы» осылайша ең бақытты әнге айналып жүре берген. Сан жас отаудың есігі осы әнмен ашылып, сан сәбидің ақ бесігі осы әнмен тербеліп жатты. Шәкеңнің өзге еңбегі бір төбе болса, осы әні өзінше бір әлем еді. Ол осы бір әнімен-ақ, көп ән жазып, бір әні де ел көңіліне қонбасада, өзін сазгер санайтын топтан көш бойы алда жүрді. «Атамекен сағынышы» - зарығу мен сағынудың, туған жер топырағына қойған асқақ мұнарасы. Тым алысқа жер аударған адамның жан әлдиіндей естілгенмен, бұл ән Шәкеңнің Алтайдың құт қойнауында жүріп тудырған әні. Ел мен жердің қадырын алыстағанда ғана біліп, алыстағанда ғана сағынатын біз үшін бұл шынында тамсанарлық дүние. Шәкең туған таудың баурайында тұрып, басын сағына алды. Сағыныштан биік ән жазды. Ата мұра, ақ жалын жыр, әсем ән аясында жиі толқып, жиі тебіреніп жүрген адуын жүрек 2008 жылдың 8-ші қарашасына қараған түні соғуын мәңгі тоқтатты. Қайран ел, сайран жерде ән болып, жыр болып сағынышы қала берді. Бұл ақынның сағыныш ғұмыры, мәңгі өлмейтін екінші ғұмыры еді. Оның саналы, қажырлы өмірі тектес осы әнде бар жүректің дірілі, лүпілі, аңсағаны, іздегені бар еді.

Ойлаймын даламды жұпары ескен,

Ақ бастау арайлы бұлттары көшкен.

Қайда екен айна көл құстарым қонған,

Сағындым сайран ел құштарым болған.

Қоңыр ел, қоңыр бел, жанатым құшқан,

Қоңыр ән, қоңыр жел, қанатым ұшқан.

Бәріңді сағындым, нәріңді сағындым,

Жырың боп ағылдым, бәріңе табындым.

Ән осылай басталып, барған сайын әуелей береді. Әннің мелодиясымен қатар үндескен мәтінде поэзияның күшті қуаты бар. Сазынан бөліп алып оқысаң да жан-дүниеңді шымырлатып, көзіңе ыстық жас алдыратын құдіретті лирика. Атамекен хақында жазылған жырлар аз емес-ті. Бірақ соның қайсы бірі осы әндей өміршең бола алар екен. Былай қарасаң әннің мәтіні ауыр, құрлымы күрделі. Әнге аса сұранып тұрмағаны көрініп тұр. Алайда Шәмен Исаұлы осынау өлеңнің жан сырын ашатын, онан ары әрлендіріп әкетер сазды тап басып үйлестіре білген. Ән бейне туған жердің кеңдігін, биіктігін, жомарттығын, ырысы мен қасиетін арқалап, әр тыңдарманның көңіліне қанат бітіріп тұрғандай әсер етеді. Қадірлі елге, қаймақты жерге деген кейінгі ұрпақтың сағынышы, табынысы осы әнге сыйып кеткені ғажап. Бұл ақын талантының уақыт, мәңгілік сынды өміршең ұғымдармен үндестігінің айқын үлгісі болса керек!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар