Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Қуаныш Жиенбай. Қадірлі Әнеке, Әнес аға!.. ...

09.11.2017 4812

Қуаныш Жиенбай. Қадірлі Әнеке, Әнес аға!..

 Қуаныш Жиенбай. Қадірлі Әнеке, Әнес аға!..  - adebiportal.kz

Әнес Сарай 80-де!

(Жазушымен сырласу)

Осы күндері той көп, сол тойларға шын ниетімен баратындар мен «шақыру билетін» қолдарына алып тұрып, қабағы кіржің ете қалатындар одан да көп. Бұл араға адвокат болғымыз келмейді. Десе де, түн ұйқысын төрт бөліп, ойға алған дүниесін қашан қағазға түсіргенше тызақтап, ең аяғы сүйікті жары мен бала-шағасының еркелігін де көтере алмай, үйге бір кіріп, бір шығып, «бұл шіркінді алдымен бастау қиын» деп, мазасыз күй кешетін шығармашыл адамның туған күнін атап өткенге не жетсін! Бәрін емес, әрине.

Ал сіз, қадірлі Әнеке, Әнес аға, осынша жасқа келсеңіз де шау тарттым, шаршадым деместен, турасын айтқанда «ақ қағаздың киесінен» қорықпай, алтын уақытыңызды кәкір-шүкірге және жырымшыламай, майдан қыл суырғандай әдеби шығармаларымен қатар, біздің тарихшылардың білім-білігі жетпей ме, әлде «даулы тақырыптан» аулақ жүргеніміз абзал дейтін сақтығы ма, әйтеуір, дүние жүзілік тарихтан қазаққа қатысты бір тың дерек тапсаңыз, соның арғы қатпарына тереңірек үңіліп, соңырағы күні «ойпыр-ай» дегізетіндей соны дүние жазып шығатын жанкештілігіңіз, еңбекқорлығыңыз әріптестеріңізді үнемі таңғалдырумен келеді. Сонау 1963 жылы жарық көрген «Дауыл» атты тырнақалды әңгімеңізден бастап, кеше ғана «Егеменнің» екі нөмірінде басылған «Жайдары Әбіш, жабырқау Әбіш...» атты эссеңіздің аралығындағы шығармашылық жолыңызды шоттың тасына салса, қанша том кітап боларын кім білсін. Иә, кітаптың көлемі мен саны жазушы талантына анықтама бола алмайды. Дегенмен, іштей тәубеге келетініміз, сіздің қаламыңыздан туған көркем шығармалар болсын, тарихи-танымдық дүниелер болсын, оқырман назарынан елеусіз, дүкен сөрелерінде сүрленіп қалыпты дегенді естісек кәнекей! Бәлкім, саусақпен санарлық әдеби сыншылар қауымы айтып жүргендей, шығарманы былайғы жұрт қалай қабылдайды, жақсы ма, жаман ба, әңгіме онда емес, әңгіме – жарық жалғанның есігін жаңа ашқан бейкүнә сәбидей жаңа туындының қуат-күші, яғни қауқары оқырман жүрегін бір сәт, жалқы сәт дір еткізуге жарады ма, жараса қаламгер мойнына жүктелер зіл-батпан жауапкершіліктің азды-көп ақталғаны. Түптің түбінде шығарманың міндеті де жүректі бір дір еткізу ғой. Жүректі бір дір еткізуге жарамаған туындының барар жері белгілі.

Өзіңізбен келіскендей, осы мақалаға отырмас бұрын шығармаларыңызды тағы бір сүзгіден өткізіп шығайыншы деп ойлағам. Теңіз тақырыбына қалам сілтейтіндерді неге екендігін қайдам, ішкі түйсікпен жаныма жақын тартып тұрамын. Теңіз деген жарықтықтың көп пенде түсіне бермейтін құпиясы бар, көп пенде байқай бермейтін ғажайып мұңы мен сыры бар. Мына тіршіліктің жүйке жұқартатын күйбеңінен шаршасаңыз, «осы мен не бітіріп жүрмін?» дейтін кес-кестеп жолыңды бөгейтін сұрақтарға жауап бере алмай тұйыққа тірелсеңіз, ақ бас толқындары құм құрсауын кейін ысырған теңіз жағалауына жетіп үлгеріңіз. Сосын балақты жуан санға дейін түріп тастап, толқын шайған құм жағаны армансыз аралаңыз, армансыз кезгілеңіз. Бұлт арасынан жарық ете қалған күн көзіндей жан-дүниеңіз әп-сәтте жадырап сала бермесе маған келіңіз! Жә, мұны қыздырма қызыл сөз емес, мақалаға тұздық үшін пайдаланған көңілдің «шалықтауы» деп түсініңіз. Орыстың тамаша жазушысы К. Паустовскийдің «теңіз жағалауында туғандардың ақын болмасқа қақысы жоқ» дейтіні сірә, бекер айтылмаса керек. Өз сөзіңізбен баяндалған өмірбаянға қатысты бір штрих: «Менің өскен ортам теңізші, балықшы ел. Астрахан облысының Ақ Сарай өлкесінің төлімін. Менің сойымның (фамилиям) Сараев болуы тегін емес. Бір кезде орталығы осы Сарай қаласы болған Алтын орда исі қазақтың астана жұрты еді. Қазақстанмен рухани ара-қатынасы үзілгелі көп болған. Қазақстан жұрты сияқты заман ауанына ауысып жаңармаған, сол атам-заманғы көрген-білген қазақшылығын тұтынып қалған. Ән мақамдары да, сөз саптаулары да ескі. Оған қоса теңіз тірлігі мен кәсіптеріне орай кәсіби сөздерді көп қолданады. Өз өскен ортамның тілін қазақтың әдеби тілімен ұштастыру маған көп қиындықтар туғызды. Қазақша жазуға төселуім оңай болмады. Тамыры топыраққа дұрыс отырғызылмаған ағаштай тоқтап барып өстім...» Сол «тоқтап бары өскен» қаламгеріңіз әсіресе, адам психологиясының алуан қырлы арпалыс сезімдерін теңіз тақырыбымен әдемі қиюластыра отырып, «Мұнарлар шақырады», «Қараша өткен соң», «Бозқырау», «Ақ тымық түн», «Теңіз сарыны», «Алтын арал», «Тосқауыл», «Өртенген керуендер», «Мұңым менің», «Асылдың» сынығы» повестер-әңгімелерімен қоса «Еділ-Жайық» трилогиясы; «Исатай мен Махамбет», «Мұхамбет пайғамбардың өмірі», «Қалмақ қырғыны» атты т.б. әдеби, танымдық топтамалары; қазақ тарихының жаңа тұрпатты тынысын ашатын «Көнеліктер», «Көк түріктері», «Ноғайлы» еңбектерін ұсыныпты. Аз ба, көп пе?

Махамбет! Халықтың қашаннан асыл арманы – еркіндікті, теңдікті, жақсы тұрмысты аңсауы, ата жауына қаны қайнаған өшпенділік, ата салтқа адалдық секілді батырлық жырларының Махамбет поэзиясынан молырақ ұшырасуы және бүгінгі ұрпақтың Махамбет жырына деген сүйіспеншілігінің барған сайын күшейе түсуі – көңілге жылылық ұялатады. Ақын М. Шахановқа жүгінсеңіз ақын бейнесі былайша сомдалады:

Кім таныса Махамбетті шындығынан танысын,

Халқын мұңға қалдырғанмен,

Сатқынға бас алдырғанмен,

Еңкейтпестен сақтай білді ол ұлтының өр намысын,

Жұрт сондықтан пір тұтады Махамбеттей арысын!

Күрес әлі жүріп жатыр шындық үшін, ар үшін...

Иә, сізге дейін де Махамбет-Исатай тақырыбына қызығушылық танытушылар аз болмаған. Ықылман Шөреков, Қажым Жұмалиев, Берқайыр Аманшин... әрі қос батырдың ерлігі мен өрлігін жырға қосушылар қаншама! Осылардың арасынан тағы бірнәрсе табамын, шындық әлі толық ашылмаған секілді деп, былайғы дүниенің бәрін ысырып қойып, бел шешіп кірісіп кеткендігіңізді батылық демеске біздің де әддіміз қалмады. Махамбет ақын өлеңдерін бала күніңізден жаттап, Исатай батыр рухын жан-жүрегіңізбен сезініп өскендігіңіздің арқасы ма, «Исатай мен Махамбет» зерттеу еңбегіңізге тұтас жиырма жыл уақытыңызды арнапсыз. «Имандай шыным, кітап болсын, жарық көрсін деп жазғаным жоқ, өзім үшін, өзім түсіну үшін жаздым» дейсіз бұл шығарманы. Көтеріліс тарихын кезең-кезеңге бөліп, жылнамалық тәсілді қатаң сақтай отырып, көз майын тауысып қағазға түсіре бастағанда-ақ кей тұстардағы әр күн, әр апта сайынғы беті ашыла бастаған шындық сізді мықтап өз иіріміне тартып әкеткенге ұқсайды. Ел басына күн туғанда Исатай мен Махамбет батырдың қасынан табылған жауынгер-сарбаздары туралы, олардың осы күндері аман-есен жер басып жүрген ұрпақтары туралы толымды мағұлмат қалдырсам деген арман-мақсатыңыз толықтай ақталды ғой деген ойдамыз.

Басқа жұртты қайдам, сіз біз үшін өмірде өтірік айтпайтын адам секілді елестейсіз. Байпаң-байпаң жүріс-тұрысыңыз, алқалы жиындарда әдебиетіміздің көзі тірі ақсақалының бірі ғой деп сөз беріле қалғанда алдымен сөзді баяулап бастап, артынша бабы келген тұлпардай түйдек-түйдек тосын ойларды үстемелете жөнелетіндігіңіз, тіпті дөңгелетіп сақал қойғаныңызға дейін ешкімге ұқсамайды. Корней Чуковский «Писатель в России должен жить долго» дейді, тек Ресейде ғана ма екен. Сірә, әрбір қаламгердің, егер ол шынымен халқының қамын жеп, ел тағдырына жаны ауыратын қаламгер болса ұзақ өмір сүріп, бойындағы барын соңғы нүктесіне дейін сарқып беріп, өзгелерге өзін де, өзінің халқын да кеңірек танытып, ту секілді қаламы қолынан сылқ етіп түскенше ғұмыр кешкенге не жетсін. Осы орайда шығармашылықпен адал өмір сүріп, әдебиетіміздің бар жанрында қажымай-талмай еңбек етіп, және сол қыруар еңбегінің қызығын да бір шама көріп үлгерген иманды болғыр Қадыр Мырза-Әлі ағамыздың жөні бөлек еді ғой. Сіздің де ала-бөтен еңбекқорлығыңыз бір атанға молынан жүк болғандай. Таяуда өмір бойы жазған сызғандарымның келешек қажетіне жарайды-ау дегендерін сұрыптап, елеп-екшеп, қырнап-сүрнеп, қысқартып-қосып, аузын шымшып буып, 25 томдықты дайындап қойдым дейсіз. Ал таңғалмай көріңіз! Бұл қыруар еңбек көздің қарашығына сызат түсірмей шыдата ма?! Және мынаны тағы үстемелейсіз: «Санамалай бастасаң, жас деген біразға келді ғой. Бірақ адамда биологиялық жас деген болады дейді. Мен биологиялық жасымның қандай екендігін білмеймін, бірақ жұмыстан қалып, қажыр-қайратым тайып, жұмыс істей алмаған күнім жоқ. Шүкір әлі де жұмыс істеп жатырмын». Жұмыс істей беріңіз!

Сіздің әдеби қауым мойындаған соқталы шығармаңыз – «Еділ-Жайық» романы. 1994 жылы аталмыш шығармаға Мемлекеттік сыйлық берілді. Роман оқиғасы 1918 жылдың күзінен басталып, 1919 жылдың ақыр соңымен аяқталады. Бір жылдың аумағына қаншама кезеңдік оқиғаларды сыйғыза білгенсіз және бір оңтайлысы, саясаттың сойылын соққан бірде-бір кейіпкер көзге ұшыраспайды, тіпті оны айтасыз, революцияның дабыра-дамай даңғырасы да көз алдыңызға елестетілмейді. Романда төңкеріс оқиғасы төтенше көзқараспен суреттеледі, суреттелгеннен бұрын күндердің күнінде кеңестер дәуірінің күні өтетіндігіне сәуегейлік жасалған эпизодтар да оқырманды бей-жай қалдырмайды. Кейбір шығармаларды оқығанда табан астынан пенделігің ұстап, қашан аяқталады екен деп иненің ұшында отырғандай қал кешесің ғой, ал кейде осы құбылыс керісінше ыңғай танытады да шығарма әзір бітпесе екен деп арқаңды жарға тірейсің. «Алашорда» қозғалысының ұлт мүддесіне сай саяси күш ретінде бас көтеруі де шынайылықпен өріліп отырады. Романдағы өмірде болған нақтылы деректер, тарихи оқиғалар тізбесі көркем дүниенің жүрек шымырлатар толғаныс екпініне ешқандай көлеңкесін түсірмейді. Уақыт жағынан бір жылдық мерзім қамтылғанымен, ал күрескерлік тұрғыдағы оқиғалар желісі Астраханнан басталып, Атырау, Маңғыстау, Орал облыстарының аумағымен ұштасады. Астрахан мен Атырау арасындағы Забурынға қоныстанған ақты да, қызылды да мойындамайтын балықшылар атаманы Қарабасқа қатысты желі романда жан-жақты тарқатылған, ұлы теңіздің түйе өркеш толқындарымен алысып, қайрат-күштерін дауылды күндердегі ақтық айқас үстінде шыңдаған балықшылар образы нанымдылығымен есте сақталады. «Еділ-Жайық» тәуелсіздігіміздің елең-алаң шағында өмірге келген панорамалық туынды ғой, жұрт кітап парақтаудан бұрын дорба асынып, күн көріс қамымен базар жағалап кетті, сондайда шығарма қалың оқырманға насихатталуы жағынан сәл кемшін түскен жоқ па екен дейтін күдік те көңілге ұялайды.

Сізге өтірік, маған шын, мен «Көнеліктер», «Көк түріктері», «Ноғайлы» атты кереқарыс мақабалы кітаптарыңызды және бір қайталап шығайыншы дегенмен, Астанадағы академиялық кітапхана сөрелерінен кезіктіре алмадым. Жоқ. Жоқ емес бар, бірақ олар кітапхананың сирек кітаптар қорына өтіп кетіпті. Оңайлықпен қолға тимейді, қордың меңгерушісі қолын қойған арнайы тапсырыспен ғана ала аласың. Онда да уақытша. Титтей өкінсем не дейсіз, демек сіздің Санкт-Петербор, Мәскеу, Пекин, Қазан қалаларының мұрағаттарынан өз қаражатыңызға құнды деген құжаттарды сатып алатын, сатып алып қана қоймай сондағы ғылыми деректерді айналысқа түсіргенше кірпік ілмейтін жанкешті еңбегіңіздің ақталғаны ғой. Кітаптарыңыз келешектің рухани байлығы ретінде құйма алтынды сақтағандай сирек қорға жол тартыпты. ХҮІІІ-ХІХ ғасырда орыс тарихшылары «русь» этнонимінің мән-мағынасын анықтау жолында ізденіске толы қыруар еңбек сіңіргендері белгілі. Сан-саққа жүгірткен жаңсақ пікірлер де аз болмаған. Осындай бір қызу пікірталастың үстінда орыстың ұлы ғалымы Ломоносов қиянатқа шыдамай тарихпен түбегейлі шұғылданып кетіпті. «Неге бұлай істедің?» деген әріптестерінің сауалына: «Ұлттық сананы қалыптастыруда тарихтың атқарар міндетін өзге бірде-бір ғылым атқара алмайды» деп жауап қайтараны есте. Әлгі аталған еңбектерді әрбір қазақтың мұқият оқып шыққаны абзал.

Анда-санда Алматыдан Әбекең, Әбдіжәмил Нұрпейісов ағамыз телефон соғады: «Амансыңдар ма, жігіттер қалай?» Мың-сан мәрте қайталанған сауалдар, «жігіттерінің» де кімдер екендігін жақсы білемін. Олардың алды -- 80-де, арты -- 75-те. Қоңыр дауыс одан әрі жалғасады: «Әнес қалай, көзіне операция жасатыпты деп еді... дұрыс болып па?.. Төлен қалай, Төленнің бәйбішесі қалай?.. Қажығали қалай... Айтқандай, келесі аптада Астанада боламын. Әбіш жоқ, мені Әнестің үйіне апарасың. Менің әңгімелесетін адамдарым сиреп барады ғой...» Бір түрлі жүрегің шаншып ауырғандай әсер етеді. Ал Астанада Төлен аға мен Қажығали ағаның сіз дегенде шығарға жандары жоқ. Бірге оқығандарыңыз бар, бірге жүргендеріңіз бар, әзілдеріңіз сұмдық жарасады. Бір-бірлеріңізді апта көрмесеңіздер, сағынысып іздеп жүресіздер. Кейінгілер үлгі алатындай-ақ үрдіс.

Соңғы бітірген шаруаңыз – «Туған ауыл түтіні» дейтін циклді әңгімелер – ауызға салған қант қиығындай тамсанып оқуға тұратын әдеби жауһар. Ашаршылық, баянсыз балалық, қиян шеттегі қазақы ауылдың күйбең тіршілігі, тағы да теңіз, тағы да балықшылар қауымының қам-қарекеті. Әр әңгіменің көтерер жүгі мен оқиғаларының жүрекке әсер етуі бөлек мақаланың тақырыбы... Сахналарда қойылып жататын драматургияңыз жөнінде жақ ашқанымыз жоқ... Иә, менің кейбір сұрақтарыма да жауап бермедіңіз, әуелі сексен жылдығыңызды аман-есен өткізіп алыңыз, ол сұхбатқа сосын кірісерміз...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар