Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Қуаныш Жиенбай: Қазіргі самарқаулықты дұшпаныңның ...

17.03.2017 5420

Қуаныш Жиенбай: Қазіргі самарқаулықты дұшпаныңның басына да тілегің келмейді

Қуаныш Жиенбай: Қазіргі самарқаулықты дұшпаныңның басына да тілегің келмейді - adebiportal.kz

Әдебиет – мәңгіліктің әңгімесі. Адамзат баласы барда ол ешқашан таусылмайды. Кейде біз дабыра мен дақпырттан бойын аулақ ұстайтын жазушылардың ішкі жан дүниесінде қандай алапат сезімдер қайнап жатқанын біле бермейміз. Сыпайы, сырбаз болмысты жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Қуаныш Жиенбай ағамен әдебиет туралы сөз қозғағанда оның жанының мөлдірлігі мен тазалығына тәнті болдық. Оқырманға талай тамаша көркем дүниелерді сыйлаған азаматтың айтары да мол. Ендеше, сізде қаламгердің қатпар сырларымен таныс болыңыз!

–Аға, кезінде толқыны құрық тимеген асау жылқыдай тулаған Аралдың жағасында дүниеге келдіңіз. Сондықтан ба, сіздің барлық шығармаларыңыздан теңіздің сарынын естігендей боламын. Балалық шағыңызда елге атағым жайылған жазушы болам деп армандадыңыз ба?

 

– Теңіз жағалауында туғандардың ақын болмасқа қақы жоқ деген тәмсіл бар. Бұл негізі қатып қалған қағида емес, дегенмен теңіз жарықтықтың адам жанын әлдилейтін, әлдебір қалғып кеткен санаңды түрткілеп оятатын құдіреті барын жоққа шығаруға болмайды... Жә, сөзді көбейтпей мынаған тоқтайық, балақты тізеге дейін түріп тастап, түйе толқындар тепкілеп жатқан құм жағалауда біруақ бой жазыңызшы, жан дүниеңіздегі алай-дүлей сезімдерді теңіздің саф самалы әп-сәтте табаныңыздан түсірмесе маған келіңіз; денеңіз ширығып, ет пен терінің арасындағы қанды ірің – жалқаулықтан құлан таза айығып, жарау аттай жұлқынып шыға келмесеңіз маған келіңіз! Аяғыңды аймалап жататын толқындар жан-әлеміңді әлдебір қиял кеңістігіне ала қашатындай әсерге бөлейді. Жалпы, менің түсінігімде адам теңіз жағалауына тек тазару үшін баруы керек, кәкір-шүкір арам пиғылдардан арылу үшін бару керек. Біздің балалық шағымыз теңіздің шалқып жатқан кезеңімен тұспа-тұс келді. Ол кезде ең терең тұс алпыс-жетпіс метрге жуықтайтын. Аралдың тұзды суындай мөлдір су жер бетінде некен-саяқ, сол тереңдікке тесіле қарап біраз отырыңыз, сосын түйеөркеш толқындардың алас ұрып, бірін-бірі кимелеп, әлі жетсе бірін-бірі жеп қойғысы келетін арпалысын аңдып тағы да біраз отырыңыз. Сірә, көкірегінде болар-болмас оты бар пендеге теңіздің ақы-пұлсыз сыйлайтын «шабыты» осы! Егер мұны шабыт деп түсінсеңіз, онда теңіз сізді айдынынан алыс ұзата қоймайды. Қолыңыз қалт еткенде құм жағалауға тартып кеткіңіз келеді де тұрады. Теңіздің тартылыс күшін жүрек дүрсілімен ғана сезіне білген жөн. Жойқын арпалыс митың тірлікті және ұнатпайды. Теңіз жағалауында өмірге келген менің жерлестерімнің етітірілігін былай қойғанда, өмірге деген құштарлығын сол табиғи күйінде қағазға түсіру үшін де тосындау пайым-түсінік қажет-ақ. Сол өзге тіршілікке ұқсай бермейтін жағалаулықтардың «жұмбақ жаны» сенің қаламгерлік сапарыңның ақырғы аялдамасы. Ал «ақырғы аялдама» бәрібір жеткізбейді. Қолға да ұстатпайды, әркез алтын сағымдай көз арбайды. Міне, шығармашылық ізденісті өз басым осылай түсінемін. Алас ұрып алға жылжы, ізден, ізден! Азды-көпті біраз қағаз шимайлаған секілдіміз, бірақ жағалаулықтардың адами психологиялық ахуалын, олардың теңіз толқыны секілді алған беттен қайтпайтын өршіл мінез-құлқын, кез-келген нәрсеге алдана салатын баладай аңқаулығын қағаз бетіне толыққанды өрнектей алмадым-ау деп әлі күнге дейін аздап уайым жейтінім бар.

Теңіз тартылды, бірақ бала күнгі әсерлер сол қалпы. Ана жылы Шығыс Азияда жойқын цунами болды. Өз басым оған соншалық таңғалғаным жоқ, себебі, теңіз беттен түнімен қара дауыл соққанда қақпақылға түскен дәу кемелер тұмсығы қайқайтып ертеңінде есік алдында жататын. Біз соны көрдік, бұл – біреулерге қиял-ғажайып ертегі. Қысқасы, осының бәрі қаламгерліктің қалыптасу кезеңдеріне жатады. Ал елге атағым жайылған жазушы боламын деп тіпті армандағаным жоқ, суретші болуға талпынғаным рас.

 

 – Арал тағдыры әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Туған жеріңіздің перзенті, азаматы ретінде Аралдың мұңы туралы не айтар едіңіз?

 

 – Кіші Аралдың жағдайын сұрап отырған боларсыз. Өткен ғасырдың 80-90 жылдарындағы Аралдың экологиялық ахуалы әлем жұртшылығының назарын аударды. Аралдың табанынан ұшқан тұзды шаңдақ сонау Мұзды мұхиттың сіреу мұзын еріте баспапты деген суыт хабарға елеңдемеген жан қалмады. Аралға жер жүзінің әр түкпірінен «теңізді құтқарушылар» легі топ-тобымен ағылды. Соншама қоғамдық қорлар құрылды, экологияның ауырлық нүктесіне қоныстанған менің жерлестеріме деген аяушылық қоңырауы қатырақ соғылды. Бірақ мұның бірде-бірі ұлы теңізге жалғыз тамшы су тамызған емес. Экзотика үшін Аралға маңдай тірегендер қаншама. Сөзімнің басында айтып өткенімдей, менің қайсар жүректі жағалаулық жерлестерім «қоғамдық қорлардан» түсетін «пайданың» парқын түсінді де, ақыр соңында бәрін жиып тастап, біліктерін сыбанып, қазақбайлау, сәл жабайылау болса да қарап отырмайық деп, теңізді екіге бөлген Көкарал бөгетін өздері салуға кірісті. Бөгет алдымен теңіз табанындағы шым топырақпен үйілген-ді. Сырдарияның суы өзіміздің Кіші Аралдың тілім-тілім таңдайын жібітті, жобаның өміршеңдігіне су мамандары мен су шаруашылығымен айналысатын институттар көмекке келді. Бүкіләлемдік банк қаржы бөлді, мемлекет араласты. Қойшы, сонымен өзімізге тиесілі теңіздің тұла бойына болмашы ғана жан еніп, кірпігі кимылдай бастаған-ды. Бірақ бұл әрекет әлі жетімсіз еді, қолдан тұрғызылған бөгетті ағын су тұс-тұстан жырып кетіп, болмашы су текке рәсуә болды. Осындайда қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі Әбдіжәмил Нұрпейісовтың мына сөздерін кісі сірә, ұмыта алар ма: «... Ана дүниенің тозағы қандай болатынын кім білсін; ал мына дүниенің азабы мен тозағын бұл жалғанда Арал өңірінің халқынан артық кім көрген; егер күндердің күнінде халық шеккен қасіретке ескерткіш қойылар болса, келешек ұрпақ тек аралдықтарға ғана қояр-ау!»

Сол ғасыр қасіреті деп әлемді дүрліктіріп, тұс-тұстан шулап жүргенде бөгет құрылысын жобалаушылар есептерінен жаңылып, межелі жерінен төрт метр төмен салса, кімге барып мұң шағарсың, кімге барып сауын айтарсың?! Кіші теңіз Арал портына жиырма шақырымдай жетпей қалды. Бүгінде бөгеттің екінші кезегін салуға қаржы күтілуде. Бірақ оған қарап жатқан ел бар ма?! Кіші Аралға жиналған судың арқасында ежелгі кәсіп қайта жаңғырды, баяғы құм астында қалған балық зауыттары қайтадан ірге көтерді. Сан түрлі ау-құралдармен балық аулайтындар жасанды теңізге жан-жақтан лап қойды. Оларда: «өліп-тіріліп көрген теңіздің болашағына балта шаппайық, балық шаруашылығы көмеліне келіп өркен жайсын, бізге бұйырған несібе болса ешқайда қашпас» дейтін жанашырлықтан гөрі «жо-жоқ, күшіміздің барында қарпып қалайық, теңіздің сапалы балығын аспантау асырып байып алайық» дейтін ашкөз пиғылдың салмағы бәрінен басымырақ жатты. Ара-тұра елге табан тигенде байырғы балықшылардың аузынан осындай әңгімелерді естігенде көңілің кәдімгідей қоңылтақсиды. Аралға – туған жердің перзенті ретінде, азамат ретінде қолымнан келер қайран шамалы. Қолымнан келетіні – жағалаулықтарға рухани жағынан дем беру, шамам келгенше, солардың тұзды шаңдақ, шаң-тозаңмен араласып, тек «жылтыраған көздері ғана қалып», сөйте тұра болашақтан күдер үзбейтін өжет жігерлерін жани түсу, жүріп өткен азапты жолдарын қағазға түсіру. Ашығын айтайын, бірде-бір шығармам Арал тақырыбынан тысқары қалған емес. Жаныма жақын тақырып барған сайын иіріміне үн-түнсіз тартып барады. Құпия-сыры мұнша ғажап болар ма?! Қаламгер ретінде мені де ептеп тәубеме түсіретін осы дәнекер, осы демеу.

 

 –Сіз көркем әдебиеттің есігін енді ашқан жылдары қазақтың асыл сөз өнерінің дәурені жүріп, дәуірлеп тұрған тұс болатын. Алғашқы әңгімеңіз қалай жазылды, оған кім тілектес болып, батасын берді?

 

Көркем әдебиеттің, жалпы сөз өнерінің ол кездегі қуат-қарымын осы күндері жылап тұрып еске алғандайсың. Әрбір жаңа туынды өмірге келген сайын әдебиет әлемінде кішігірім той болып жататын. Жазушылар одағының «Қаламгер» кафесі сан түрлі ойлар мен қайшыласқан пікірлердің ашық алаңына айналып шыға келетін. Әдеби салонның рөлін де сол кафе атқаратын, аздаған қышқылтым дене қыздырсын мейлі, қаншалықты ауызша айтылды ғой десін мейлі, сол жерде дау туғызған ащы сынның дүмпуі біраз күнге дейін басылмайтын. Сол құбылыстың өзі жарасымды еді, әдеби ағыс басын тау-тасқа ұрғыласа да түбі пайдалы іспен аяқталатын. Ең құрығанда, «сен ананың әңгімесін оқыдың ба, оқымасаң оқып шық, соның ішінде біз бұрын байқамай жүрген бірнәрсе бар» деп әдеби орта бірін-бірі құлағдар етуге тырысатын. Жалпы, күнделікті тіршілік ағымына сай өтіп жатқан қоғамдық құбылыстардың бірде-бірі әдебиет төңірегіндегі полемиканы елемей, ескерусіз қалдырмайтын. Мұның өзі әдеби процестің бір орында тұрып қалмай, қайнап жатқандығын аңғартатын.

 

Ал осы күнгі самарқаулықты қас-дұшпаныңа тілегің келмейді. Кім не жазып жатыр, бәрібір. Жақсы шығарма қалай дегенде де қазақ әдебиетінің табысы, жақсылыққа қуана білудің өзі – тазалық. Міне, осыдан келеді де бос қалған кеңістікті, бос вакуумді көлденең көк аттылар ақы-пұлсыз иемденеді де кетеді. Осы күндері не көп, аты-жөні әдеби ортаға белгісіз, бірақ кірпіш кітабын алтынмен аптап, күміспен күптеп баспадан шығарып алған белгісіз авторлардың «тұсаукесерлері» көп, күн сайын дүрілдеп өтіп жатады десек қателеспеспіз. Соған біздің кейбір ағаларымыз алаөкпе боп жетіп барады да, кітапты жүрдім-бардым сол жерде бір парақтап шығып, «жүректегі сөзін» айтып, «сен түбі классик боласың» деп арсалаңдап арқасынан қағады. Бітті, ал әлгі «классик» содан сол, әдебиеттегі әркімнің қаперінде жүруге тиісті «үрейді» бойдан оп-оңай сылып тастайды да, «мен өзімді танымай жүр екенмін ғой» деп төңірегіне тәкәппарлана қарайды. Тіпті қарамайды, «жолым ашылды», - дейді де, сол күлдібадам қойыртпағын төпелей береді. Бұрынғылар: «менің алдымда әдебиетке еңбек сіңіргендер бар, солар не дейді екен, солардың сын-тезіне ілігіп қалмаймын ба?», - деп сескенетін. Шындығын айтқанда, кітаптары «қойшының қойнында, трактористің етігінің қонышында» жүретін, әбден оқырмандарынан өз бағасын алған тау тұлғалы жазушылардың өңдерінде сес жүретін. Ол сес сені жатырқамайды, егер сен әдебиетті еріккеннің ермегіне балайтын болсаң, әлгі қатулы қабақ барлық жылуынан айырылып, бомба секілді тарс етіп жарылады. Міне, біреулер мені құптар, құптамас, қас пен көздің арасында біз осы сестен айырылып қалдық. Қазір тұңғыш кітабы шыққан «классиктер» алдымдағылардан ұят болар, алдымен солар сөйлесін деместен, орта жолдағының бәрін баса-көктеп бірден биік мінбеге көтеріліп бара жатады. Өткен ғасырдың орта шенінен асқан уақытта менің қаламгер тұстастарым, егер орталарында Зейнолла Серікқалиев пен Асқар Сүлейменов отырса, кимелеп көзге түсуге аса құмарта қоймайтын.

 

Иә, әлгі самарқаулық дегеннен шығады-ау, жуырда белгілі қаламгер ағамыз Кәдірбек Сегізбаевтың «Қазақ әдебиетінде» «Керең» деген әдемі әңгімесі жарияланды. Әңгіме тосын, айтары бар, сюжеті шымыр. Қоңырау шалып, олжалы шығармасы туралы пікірімді білдірдім. Қаламгер қапалы көңілін былай түйіндеді: «Әңгіменің жария болғанына екі жеті уақыт өтті. Ал соны оқыдым деп хабарласып тұрған алғаш адам сен ғана...» Шығармашыл пенденің жан әлемі таңғы шықтай мөлдір, жылы сөзге зәру. Талай түн қиналып жазған дүниесінің ертеңгі тағдырына алаңдап жүреді, қаламгерлердің бір-бірінен дәмететін сүйеніш-тірегі де осы! Өкініштісі, кейде бір ауыз жылы сөзбен бірге күллі жиған-тергеніміз бірге кететіндей, соның өзін айтуға қиналып бітеміз-ау!

 

Алғашқы әңгімелерім қиял, одан арғысы еліктеу мен солықтау. Жетпісінші жылдары әдеби шығарманың қаны жерге тамбай тұрды. Сөзге, оралымды сөйлемге, идеяға деген жауапкершілікті сұрамаңыз! Әлі есімде «Қазақ әдебиетіне» «Ақ бота», «Лениншіл жасқа» «Бәйтеректің бұтағы» дейтін әңгімелерім қатар басылып, біраз уақытқа дейін табаным топыраққа тимей жүрді. Бірақ біреулерден бата да, «сәт сапар» да алған емеспін.

 

 –Жасыңыздан мерзімді баспасөздің көрігінде қайнап, журналистика мен жазушылықты қатар алып жүрдіңіз. Жалпы, журналистиканың сіздің шығармашылығыңызға салқыны тиді ме, әлде пайдасы болды ма?

 

 – Журналистикадан өмір бойы қол үзгенім жоқ. Журналистиканың жазушылыққа салқыны тиеді деген бос сөз! Керісінше, көмегі ұшан-теңіз. Есікті тарс бекітіп алып, күндіз-түні көпіртіп жаза бермейсің ғой. Жалпы, шығармашыл адамның анда-санда қағаздан жерініп, қаламды суытып, жазу үстелінен тұрып кеткені абзал. Сондайда көптен бері баста жүрген ойды қорытып, мақала жазуға оқталатының бар. Бұл сені қысқалыққа, сөзді тарыдай тақырға шашып жібермей, барынша жинақылыққа үндеп, тасқа басылғаннаң артында сұрауы барына үйретеді.

 

– Бүгінде қатпары қалың үш роман жаздыңыз. Онда туған жеріңіздің трагедиясы арқылы жұмыр басты пенденің өз болмысынан алыстап, оның табиғат пен қоғамға үлкен қатер төндіріп отырғанын кейіпкерлер образымен тұспалдап, ой ағымы арқылы шынайы көркемдейсіз. Осы сүйекті шығармаларды жазуға не түрткі болды, жүрегіңізді қандай мәселелер толғандырды?

 

– Газетке сұхбат берудің жаман жағы мен жақсы жағы бірдей. Жақсылығы – ойыңды өзгелермен бөлісесің, екінші жағынан насихат; ал қиындығы – сенің қолыңнан әлдеқашан шығып кеткен, әлдеқашан оқырманның рухани дүниесіне айналып үлгерген шығарма туралы қайтадан үстемелеп түсініктеме беріп жатуың. Мұндайда амалсыз ақталасың, не байқатпай «мен осындай да роман жазғанмын» деп мақтанасың. Ал мына сұрағың мені қос бүйірден қыспаққа алып отыр. Алғашқы романым «Даңқ түрмесінің тұтқыны» деп аталады. Тартылған теңіз төңірегіндегі экология құрсауында қалған адамдардың әлеуеті, олардың өмірге деген қөзқарасы туралы әпсана. Теңіздің орта тұсында атақты «Барсакелмес» аралы бар-тын. Онда мемлекеттік маңызға ие аса сирек ұшырасатын жан-жануарлар қорығы ұйымдастырылған. Талай мәрте табанымыз тиген жер. Теңіз тартылған соң «Барсакелместің» тағдыры да тұйыққа тірелді, аралдың бір пұшпағы құрлықпен жалғасты, аң-құсқа ашкөзденген браконьерлердің қарасы көбейді. «Мұнда өмір сүруге болмайды» деген жасырын түрдегі ұрандар қаншама. Дұрыс-ақ, десе де шырылдап жарық дүние есігін ашқаннан «Барсакелмес» табиғатымен біте қайнасып, тұмса табиғаттың төл перзенті атанып, кейде кісікиіктеніп, ал жазатайым аралдан бөгде адамның қарасы көрінсе оған адамдық жылы қабақпен емес, тағылық, жабайылық тұрғыдан текекөздене қарайтын қорықшы Қабылдың тұлға бітімі шығарманың негізгі арқауына айналған-ды. Жұрт, әдеби қауым «бұрын-соңды қазақ әдебиетінде кезікпеген тың тақырып» деп оңды пікір білдірді (Әне, көрдіңіз бе, мақтана бастадым). Сол экологиялық қыспақтың ортасында жүрген Қабылдың қаны, медициналық сараптама негізінде ең таза қан құрамы болып шықты. Бұл қаны таза халық – қазақ халқы деген ұғымды тұспалдап жеткізетін-ді. Роман екі жүз беттің шамасында ғана. Бір жыл жұмыстан жалақысыз демалыс алып жазып шықтым.

 

«Ән салуға әлі ерте» – мұнда да туған жер тағдыры, туған жердің мұң-зары. Бір әулеттің басындағы ала-құла мінездер қайшылығы. Бұл шығарма туралы «Егеменге» Әкім Тарази ағам тұщымды мақала жазды. Романды жан-жақты талдады. Біреу сөзіңді сөйлесе иегіңнің қышығаны не, осы тұстан тоқтайын. Үшінші роман – «Жер үстінде де жұмақ бар», алдыңғылардың заңды жалғасы деуге толық негіз бар. Төретам, Космодром, Қорқыт кесенесі – осы үш тағаның арасындағы тіршілік ауаны, әлем назарыны іліккен Жер кіндігінде өмір сүріп жатқан адамдардың болмыс-бітімі. Осылардың түп төркінінде адамның көзіне баттиып көріне бермейтін бір тылсым құбылыс, бір тылсым жаратылыс жатады. Атмосфераның арғы жағынан күңіреніп естілетін Қорқыт үні, Қорқыттың қобызы, оның әлемдік косманавтика жаңалықтарымен үндесуі... Төретам төңірегіндегі қос өкімет арасындағы тартыс. Жергілікті халық ортасынан шыққан бас кейіпкердің ата дәстүрге адалдығы, туған жерге деген патриоттық сезімі... Жә, жарайды, романда айтылатын жағдаяттарды тәтпіштеп түсіндіріп жатпайын. Бәрі оңды-ақ, бір «әттеген-айы» – роман жазылғалы он жылға таянды. Бірақ әлі күнге дейін кітап болып басылған жоқ. Бастыра алмай жүрмін...

 

–Атандай ауыр жүк тартатын шағын жанрға жиі қалам тартасыз. Онда артық бояу, сөз де кездеспейді. Кейде мен сізді Василий Шукшиннің табиғатымен ұқсатам?

 

–Мені Шукшин табиғатына ұқсатқаныңызға «Алла разы болсыннан» басқа не айтайын. Шукшин, Распутин, Быков, Белов дегендеріңіз айтары жоқ, әдебиеттегі бір-бірімен шатастыруға келмейтін ерекше құбылыстар ғой. Осы күндері өздерінше эксперимент жасауға, әдебиетте тосын жаңалық ашпақ боп талпынып жүрген орыс жазушылары жетерлік. Бірақ бірде-біреуі әлгі жайсаңдар шыққан биікке көтеріле алған жоқ. Әдебиеттегі боямасыз шындықтың үлгісін көрсетіп кеткендер де солар. Шукшин әртіс те, режиссер де, сценарийші де болып көрді. Әйтсе де оның бағын ашқан – әңгіме жанры. Жазушы әңгімелерінің әлі де бірнеше ғасыр бойы үздіксіз оқылатындығына кәміл сенімдімін. Әңгіме өте оңтайлы жанр, талай түйткілдерді тарқатуға мүмкіндігі мол. Тек шеберлігіңіз жетсе деңіз!

 

– Сіздің жарық көрген кітаптарыңызға қойған тақырыптарыңыз анадайдан оқырманды қол бұлғап шақырып тұрады. Осы шеберліктің сырын кеңірек айта аласыз ба?

 

 – Тақырып та түс секілді ғой. Ойда жоқта сарт ете түседі. Бірақ оған дейін тартатын азабыңды айтсаңшы! Алдымен тақырыпты шегелеп алмай, жазуға отыра алмайтын ауруым бар. Ақ қағаздың басында айқайлап шығарманың тақырыбы тұрмаса, жарты бет те жаза алмаймын.

 

Сіз әдебиетке жетпістің аяғы мен сексенінші жылдардың басында келген буынға жатасыз. Осы буынның әдебиеттегі орны мен рөлі көп айтылмайды?

 

– Бұл бізді де қапаландыратын және жүйке кеміріп ойландыратын сұрақ. Менің тұстастарымның әдебиеттегі жолдары ешқашан оңай болған емес. Сол сексенінші жылдардың орта тұсында алдымыздың бірді-екілі кітабымыз шығып, енді елге таныла бастағанда қаламақы мәселесі кілт үзілді. Аузымыз аққа тие бергенде тоқырау заманына киліктік. Бір сәуегейлердің: «Жастарға қаламақы неге керек екен? Абай өлеңді қаламақы сұрамай-ақ жазды ғой. Шынымен жазбаса тұра алмайтын күйге түссе, тіленбей, бұрқыратып жаза бермей ме?», - деп кергитіндері бар. Абай өмір сүрген дәуренді бұл заманмен салыстыруға бола ма және Абай секілді қора-қора малы мен байлығы бардың қаламақы үшін сұраншақтануы неме керек?! Әсіресе, жастарға жаңа ірге көтерген отбасын асырау үшін, артына қарамай ең кемі бір-екі жыл алаңсыз шығармашылықпен айналысу үшін қаламақы неге керек болмасын. Керек болғанда қандай! Сол сексенінші жылдары әдеби ортаның ащы-тұщысынан дәм тата бастаған менің тұстастарым әлі күнге дейін алдарынан кездескен тұрмыстық қиыншылықтарға қарамай, табанды түрде шығармашылықпен айналысып келеді. Әдебиет қоржынына қомақты олжа салып жүрген де солар. Серік Асылбеков, Әлібек Асқаров, Несіпбек Дәутаев, Жұмабай Шаштайұлы, Рақымжан Отарбаев, Тұрысбек Сәукетаев, Қуандық Түменбаев... есімдерін құрметпен атағым келеді де тұрады. «Суреткердің жаны әр кез буланып тұрады», - дейді О. Бальзак. «Буланып тұрадыны» қаламнан қол үзбеу, үнемі ой шырмауында жүреді деп түсінген абзал. Романдары да, том-том кітаптары да жарық көрді, бірақ әдеби сынның осылардың шығармашылық қауқарын түбін қопара зерттегендері шамалы. Әйтеуір, атаусыз қалмасын дегендей, аты-жөндері жаттанды тізімдердің ішінде жүреді. Білмеймін, осы буынға келгенде әлдекімдерге жомарттық танып жататын сын тым тартқыншақ, шешіліп, төгіліп сөйлеуге сылбыр. Әлдебір жерде жарық көрген не әңгіме, не повестерімен құттықтап, бір-біріміздің көңілімізді аулағандай ыңғай танытамыз. Мұнан үш-төрт жыл бұрын сыншы, әдебиетші Рафат Әбдіғұлов алдын-ала тиянақты дайындық жұмыстары жүргізіп, «Қуаныштың құрдастары» дейтін циклді мақалалар жариялауды мықтап қолға алып еді. Жұрт та елеңдесіп қалған. Алғашқылары «Қазақ әдебиетінің» үш нөмерінде жарық көрді. Сосын... сосын сол ғой, кейбір ағаларымызға бұл жоба ұнамапты. Одақтың басшыларына арызданып, мың қайтара кіріп жүріп, ақыры жақсы бастаманы орта жолда тоқтатты. Бұдан кім ұтты, кім ұтылды? Қалам қуатына сызат түсірмеген менің тұстастарым әлі шабыт үстінде, тегеурінді топ екендіктерін жылма-жыл нақты жетістіктерімен дәлелдеп-ақ келеді. Ал қазақ әдебиетінің онсызда өлместің күйін кешіп, ұлы көшке әзер ілесіп келе жатқан сыны ақсады да қалды. Біреудің жылт еткен табысын әдебиеттің олжасы ғой деп бір-бірімізден сүйінші сұраудың орнына, қызғаныш, көре алмау, етектен тарту машығына бой үйретіп алғанымыз соншалық, осы жиіркенішті әдеттен жиырма бірінші ғасырға аяқ бассақ та, құтыла алмай келеміз.

 

 –Бүгінде қара сөзді әрі-бері сапырып, қадірін кетіріп алған жоқпыз ба. Сізді бүгінгі әдебиет, жалпы сөз өнері туралы қандай ойлар мазалайды?

 

Бұл пікірге келісуге де, келіспеуге де болады. «Біз қара сөзді әрі-бері сапырып, қадірін кетіріп алған жоқпыз ба!», - дейсіз. Қара сөздің қадірін кетіріп жүргендер кімдер? Осы тұсты анықтап алған дұрыс. Қай заманда да ұшаққа мінгенде, не пойызға отырғанда, тек ұйқы шақыру үшін оқылатын «қара сөздің» қадірі болған емес және болмайды да. Біреулердің жаңа термин түзгендей «коммерциялық әдебиет» дегендерінің құдайға керегі жоқ! Соңғы кездері «алтын мен жезді айыра алмайды» деп оқырманды кінәлауға дайын тұратын әдет тауып алдық. Бұл – көпке топырақ шашу. Қаламгерді ойлы пікірімен қақпайлап отыратын оқырман бар, табыла да бермек. Ал оқырманды екінші, бәлкім үшінші планға ысыра салғысы келетіндердікі – нағыз кеудемсоқтық. «Қарауылдан құтылдық» дейтіндерге екі дүние бір қадам, негізі «қара сөзді әрі-бері сапырып» жүрген солар. Көркем дүниеге қойылар басты критерийдің бірі – кітап оқушысын бей-жай қалдырмауға тиіс. Ең болмағанда жүректі бір дір еткізетіндей қауқары болуы керек.

Ойым айтады: дамудың арқасында ел кеңірдектеп байысын, «әдебиетсіз де күн көруге болады» дейтіндер дей берсін. Төрт құбыласы түгелденген пенде байғұсқа сонда ешнәрсе қажет емес пе, мына дүниеде?! Жо-жоқ, қателесесіз, мейлі мың жерден «бай болып, бақша мұратына» жете берсін, адам жаны бірібір әлденені қоңылтақсып іздейді, әлденеге алаңдайды, әлденені аңсайды, ол аңсардың аты – көркем әдебиет. Мұны фантастмагориялық түсінікпен шатастырмаңыз, тірі болсақ біздің әлі кітап дүкеніндегі қырғын кезекке куәгер болатындығымыз ақиқат. Өз басым келешектегі кереметтерді көркем әдебиетсіз көз алдыма елестете алмаймын. Сізді қайдам...

 

Аға, ақтарылып айтқан әңгімеңізге рахмет!

 

 Сұхбаттасқан: Азамат Есенжол


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар