Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қуаныш Жиенбай. «Міне, керемет!..»

05.06.2021 456

Қуаныш Жиенбай. «Міне, керемет!..» 12+

әңгіме

­­­̶ Ойбай-ау, ол не дегеніңіз, сіз ол кісіні біреулермен шатастырып тұрғаннан ­­саусыз ба? Сірә, солай болар. Мұныңызды алда-жалда менен басқа ешкім естімесін. Осы тұстан тоқтаңыз. Мұнан әрі тереңдесеңіз бірден турасына көшейін, өзіңізге жоқ жерден жау тауып аласыз. Ол мұндай кемшілікті кешірмейді және оны ұсақ-түйек деп те есептемейді. Күндердің күнінде оңбай сүрінгеніңізді байқамай да қаласыз. Мен айтарымды айттым. Ескертім, ендігісі сіздің құзырыңыздағы шаруа...

Той өткізу жөніндегі алқалы комиссияның төрағасы Сапарбек Нұржанов айналмалы креслоны сындырып жіберетіндей, қозы қарнын қос қолымен құшақтаған күйі шалқалай керілді. Әлденеге таңғалғандай басын шайқады. Телефонның екінші құлағындағы әріптесінің әпенділігіне мырс етіп күлді де артынша бой-сойын жинап, тіктеліп отырды. Бір тұтам тірліктің қым-қуыт құпиясын ажырата алмаған, дұрысы ондайға көңіл аудармай қашан маңдайына сарт етіп таяқ тигенше апың-гүпің шапқылап жүре беретін албырт жас емес, жаманды-жақсылы өмір сынағынан сүрінбей өтіп, осы күнге аман-есен жеткені былай тұрсын, кез-келгенің уысына түсе бермейтін осы қаладағы үлкен бір мекеменің тұтқасын ұстаған әлгі кісінің ауыз ләміне түсіне алсашы. Әлде Нұржановтың да тамырын басып көрейін деп, әдейі істей ме. Себебі Сапарбектің енді бір жұмадан соң ақар-шақар дүрілдетіп тойлағалы отырған Әбдірәсіл ақсақалмен ым-жымы бір екенін жақсы біледі. Жақсы білген соң аздап жүйкеге ши жүгіртіп қойғанның артықтығы болмас дейтін де шығар. Оның үстіне той қамымен титықтап шаршаған кісі ашу үстінде ойда жүрген талай түйткілді айтып салмасына кім кепіл. Біреуді біреу аңдыған заман.

«Ондай ашық ауызды тапқан екенсің!» ̶ Сапарбек бүйірдегі ақ түймені быртиған бармағымен ұзағырақ басты. Қабылдау бөлмесіндегі орта жасқа келсе де, әлі өңін бермеген хатшы келіншек оқыс қоңыраудан тіксініп қалғаны соншалық, енді үңіле берген алақандай айнаны қолынан түсіріп ала жаздады. Орнынан ұшып түрегелді. Бастығын не түлен түртті? Шай ішетін уақытқа әлі бір сағат бар. Ара-тұра жүрек талмасына қарсы түймедей-түймедей екі түйір дәріні қиналыссыз жұту үшін бір стақан су сұраушы еді. Со болмаса.

Емен есіктен опа-далап жағылған жарты бетке «шай әкел» деп белгі берді. Мойынға қылғындырып байлаған қоңыр галстук тынысын тарылтқандай ма немене, саусақ ұшымен түйінін тарқатты. Сөйтті де паркет еденді сықырлатып, атшаптырым кабинеттің ана басы мен мына басын армансыз кезгіледі. Әлгі бар болғырдікі не қалжың? Әлде жоғары жақтан бір сигнал түсті ме? Солай болған күнде де оны Сапарбектің естімей қалуы қалай?! Қызық. Әрі ойлап, бері ойлап дәл осынысын ақылға сыйғыза алмады және ондай шұғыл мәселе туындаса менің естімей қалуым мүмкін емес қой деп, өзін-өзі қолпаштағандай алақанымен самайын сипады. Бәрі кешегі жиналыс үстінде ойдағыдай шешілген. Қаралған шаралар бірінен соң бірі тізбектеліп әрі оларға жауаптылардың аты-жөндері де жұртың бәріне хабарланған. Ал ендеше, әлгі жолың болғырдікі не сандырақ?! «Әбекеңе арналған салтанатты кешті жастар театрында өткізсек?»... Оу, не болып қалды аяқ астынан? Сол басқосудың үстінде, яғни төрт көздері түгел отырғанда «дайындық жұмыстарына кірісе беріңіздер» деп опера театрының басшылығына тапсырма беріп қойғандары қайда? Адам-ау, Әбекең, Әбдірәсіл Сейтжаппаровичтан не аяйтындарын қайдам осы жұрттың?! Елдің болашағына барын салып, «күндіз отырмай, түнде ұйықтамай...» жан-тәнімен қызмет қылған және сол еңбегінің өтеуін мына жарағырлар қалай бағалар екен деп, осы күнгі билік басындағылардан иненің жасуындай бірнәрсе дәметпеген ақ жүрек пенде Әбекеңдей-ақ болар. Ол кісінің орнын басатындар сирек. Әбекең, Әбекең ғой, ертең көрерсің, әр облыстан артынып-тартынып құттықтауға келген делегацияларды қайда жайғастырамыз деп жанығып жүріп, қала халқын ұмытып кетпесе сол-ақ. Оның соңы дау-дамайсыз бітсе жақсы, театрға тұмсық батыра алмағандар өліп-тіріліп, қан-сорпамыз шығып, юбилейді өз деңгейінде өткіздік қой дегенмен, біздің әдресімізге де мақтау айта қоймас. Сойып салар сыртымыздан. Қанша күннен бері юбилей қамымен шапқылап жүргенде ертең бір тұстан кешкене кемшілік кетсе, оған басымен жауап беретін Сапарбек ешқайда қаша алмайды. Бәрінен құтылып, ертеңінде аяқтарынан тік тұрып қызмет еткендер бас қосқан соңғы жиында Әбекеңнің кейінгілерге риза болған ниетін естіп, үйге барған соң бір бокал вискиді тартып жіберіп, алаңсыз ұйықтағанға не жетсін! Рақат, сол сәтің тезірек келсінші-ай! А...а айтқандай, ауыл ақсақалдарына тән ондай кеңпейілділік Әбекең тарапынан айтыла қойса... Ай, қайдам-ау! Дегенмен үкіметтік деңгейде қаулы қабылданып, мән берілген шараны мінсіз атқару Сапарбектерге жүктелген міндет. Юбилей өткізбе, өткіздің екен ауыз жарымайтын тірлікке бекер шашылма. Опера театрының кең залы тұрғанда жастар театры дегенді қайдан тауып алды әлгі сұмырай?!

Қалта телефонына түскен қоңыраудың қайдан соғылғандығына назар аудармастан, бірден тетігін басты. Осы шараға жауаптыларың бірі ̶ қала әкімінің орынбасары Бөрібаев аздаған амандық-саулықтан соң негізгі шаруаға көшті: анадағы мәселені тағы бір пысықтайын деп...

̶ Ол қандай мәселе? ̶ Сапарбек әдейі «дымбілместің» рөліне көшті. Бәрі-бәрі көкірегінде сайрап тұрса да, оны қапелімде жадынан шығарып алған кісіше қуақылана жымиды:

̶ Дайындық ойдағыдай, шалды ең кемі он жасқа жасартатын болдық. Ондай кешті көргенде арманда, көрмегенде арманда. Айта беретін несі бар, Әбекеңе жасалған жақсылықтың шет-жағасы ертең бізге де жұғысты болса...

̶ Сізге әлі қайда?

̶ Көрінген таудың алыстығы бола ма. Алпыстан асқан соң жетпіс дегенің көзді ашып-жұмғанша жетіп келеді ғой.

̶ Тірі жүрсек, оның да бір амалын қарастырармыз.

̶ Ұмытып кетпесеңдер болды да...

̶ Оған дейін ат үстінде аман жүрсек, біреулер апас-қапаста орта жолда аударып кетпесе...

̶ Жә, оның беті аулақ. Бекер уәйімдайсыз, сырт көз сыншы, қолымыздан анау айтқандай жәрдеміміз тимесе де, сырттарыңнан бәрін бақылап жүреміз. Сіз секілді орнықты азаматтар жерде жатқан жоқ.

̶ Сеніміңізге рақмет! ̶ Негізгі мәселені төбеден гүрс еткізуге оның да жүрегі дауаламайтын болса керек, әрненің басын шатып алыстан орағытады:

̶ Сол ғой, Сапеке, юбилейді ойлап, о жағына бас қатырып қайтесіз. Қалғанын «алып кел мен шауып келдің» жігіттері-ақ тастай тындырады. Ал ана мәселенің түйінін тарқататын сізден басқа оңтайлы адамды көріп тұрғанымыз жоқ. Осы төңіректегілердің бәрімен ақылдастық, айналсоқтап сізді маңайлай береді. Кәкір-шүкірге бекер уақыт өлтірмесін деп тағы да қаперіңізге салып жатқаным. Сізден басқа сүйенеріміз жоқ, аман болыңыз! ̶

Телефон үзіліп қалды.

ХХХ

Кеңсе мен үйінің арасы анау айтқандай атшаптырым алыс емес. Кешкі салқынмен жаяу жүргені алдымен өзіне пайда, сосын кішкене болса да біреулерге жәрдемі тигені оның үстіндегі шүкіршілік. Хатшы келіншекті табан астынан төтенше тапсырма туындамаса жұмыстан тыс уақытта көп ұстамайды. «Үйдегілер күтіп отырған болар, бара беріңіз» деп маңғаздана иегін қағады. Бастығының осы секілді жомарттығына не деп жауап қатарын білмей, жанары жалт-жұлт етіп, ризашылығын сонысымен дәлелдегісі келгендей, үсті-үстіне басын изеп, емен есікті жайлап жауып сыртқа беттейді. Шопыры Сапарбектің не ойлап тұрғанын қас-қабағынан аңғарып, қалған тірлікті өз бетінше тап-тұйнақтай атқара беретін тындырымды жас жігіт. Жақында үйленген. Ел көзіне көлбеңдеп түсе беруді іштей ұнатпаса да, жастарға ағалық тілегімді айту парыз шығар деп тойларына қатысып, тост көтерді. Мұны көргенде екі жастың ата-анасы төбелері көкке жеткендей марқайып қалды. Бірінші дастарқаннан соң рұқсат сұрап, ырду-дырудың арасынан сытылып шығып кетті. Үнемі қанатын қомдап, ұшатын құс секілді Сапарбектің талтаңдап бері бұрылған сәтін үздіге күтетін бозымның жаңағы «қайта берден» соң екі қолын шапаттап, қуаныштан мәшине рөліне қалай отырғанын көзге елестету соншалық қиын емес-ті.

Көшеде адам қарасы сирек. Тілдей тротуар әудем жүрген соң жан-жағы гүл көшеттерімен көмкерілген шағын баққа тіреледі. Бақтың іші ұядай. Әрбір бағана басына ілінген аспалы шамдар өкпек желмен әнтек тербетіледі. Жарықтан жалтарып, қараңғылау қалтарысты қолайлы көрген ғашықтар кешкі қала әуеніне үн қосқандай мәз-майрам. А-ха-халап күледі, әндетеді. Әртүрлі гүлдің иісі танау қытықтайды. Сапарбектің көңілі де аспан тірегендей. Жігітінің мойнын қапсыра құшақтап, жер жетпегендей әлде жастарға сонысы ыңғайлы ма кім білсін, екі тізенің үстіне қонақтай қалған сұлу бикешке не айтқысы келгенін қайдам, әйтеуір бірдеме дегісі келіп сәл бөгелді де, артынша желкесін қасып, ілгері жылжыды. «Дұрыс отырсаңшы қалқам, адамның ішкі мәдениеті кішкентай нәрседен байқалады. Үлкен кісі жандарыңнан өтіп барады, ал сендер орманда жүргендей именуді білмейсіңдер. Мейлі, өздеріңе жақсы болса өстіп, ашылып-шашылып бейберекет жүре беріңдер. Менің нем кетеді». Сапарбектің бұл жолғы діттегіні мүлдем басқа жағдай еді. Жігітің алдына отырмақ түгілі, мойнына мініп алсын. Ондай-ондайды көріп жүргені жаңа ма. Соған бола жүйке жұқартатындай реті жоқ-ты. Бүгінгі жастарды пәлен деп көпке топырақ шашып қайтеді, десе де кейбірінің аспаннан түскендей алақ-жұлақ етіп, ешнәрсеге мән бермейтіндігі аздап жанға батады. Өңкей маскүнемдер мен қаңғыбастардың «ыстық ұясына» айналған осы бақты екі білегін сыбанып, ойға-қырға шапқылап, қалалық бюжеттен қаржы бөлгізіп, ел қызығатындай демалыс орнына айналдырған дәудің өзі міне, қарсы алдарында тұрған жоқ па?! Сапекең болмаса мұның құрдымға кеткені кеткен еді. Айналасына гүл еккізді, қоршатты, күзетші ұстады. Бір есептен өзінің де тіршілігі оңалып қалды. Кейде өстіп, қызметтік көлікті бекер қаңтармай, бақтың ішімен үйіне асықпай жаяу қайтады. Жолай серуендеп жүрген таныстарын кезіктіреді. Үйге барғанда не бітіреді. Әлгілермен сұхбаттасып біраз жеңілдейді. Халықаралық тақырыптың да, өз ішіміздегі өзгерістің де біраз жерге дейін ішек-қарнын ақтарады. Бір кездері талай қызметтің қызық-шыжығына армансыз куә боп, бүгіндері құрметі демалысқа шыққан тіс қаққан кісілердің білмейтіндері жердің астында. Уақыт біраз болса да бірін-бірі қия алмай, тағы да біршама бөгеледі. Қоштасарда көпшілігі Сапекеңді бауырға тартып, арқасынан қағады: «Осы демалыс орнына сіңірген еңбегіңді өмірі ұмытпаймыз!» Оу, мұнан артық марапаттың керегі не?! Бойы жеңілденіп, күндізгі жұмыс ыңғайындағы әжік-гүжік кикілжіңдерді басы бүтін ұмытып, алтыншы қабаттағы пәтеріне лифтісіз көтеріледі. Ал мына жарағырлардың алғысы сол, гүлзар бақты қоқыстан тазартқан қадірменді кісімен жүздесіп тұрмыз-ау демей-ақ қойсын, ең құрығанда етек-жеңдерін қымтап, жинақы отыруларына болады ғой.

Жайдақ орындыққа құйрық қойғысы кеп тұрды да оқыс сілкініп, ілгері жылжыды. Шындықты мойындаған абзал. Солай, мұнысы анық шау тарта бастағандықтың белгісі. Манадан бері түкке тұрмайтын шөре-шөре тірлікті малданғандығын айтам да. Басын шайқады. Орамалымен бетін сүртті. Әбекеңнен кейінгі кезек өзінікі. Опера театры қайда, жастар театры да тақиясына тар келмес. Соның ішін толтырып алса да жарар. Бәлкім ол кезде юбилей өткізудің де қызығы болмас. Жә, оған қиналмайды. Ертеңді-кеш осы бақты айналсоқтап жүрсе де аштан қатып, көштен қалмас. Өз-өзіне ренжігендей оң қолын қаттырақ сілкіді. Жастардың қалай отырып-тұрғанында несі бар десеңші! Маған десе жалаңаш жүрсін. Біреудің бірнәрсесі кете ме?! Одан гөрі манағы әкім орынбасарының бұйымтайына бүйрек бұрмас па. Оны комиссия жүрек жұтқан біреудің мойнына жүктер деп үміттеніп еді. Десе де ол пәле айналып келіп, менің шаужайыма жабысар ма деп те қауіптенген. Солай болды да шықты, әнекей! Ол әзірге жұртқа жария етілмейтін аса құпия, оны екі-үш адамнан басқа тірі пенде білмейді. Әбдірәсіл Сейтжаппаровичтің жетпіс жылдығы сөз жоқ дүрілдеп өтеді. Өткізеді. Сый-сияпаттың да шет-жағасы көрініп қалды. Құндыз жағалы оюлы шапандар мен алтын сағаттың санына ешкім жете алмас. Тәлім-тәрбиесін көрген шәкірттері қолқалаусыз, өз еріктерімен жеңіл көлік мінгіземіз деп құлшынып отыр. Орынды. Әбекең секілді ұстазға шәкірт болудың өзі арман. Несін айтасыз, Әбекеңдер қай-да?! Әбекеңнің ортамызда қалқиып жүргенінің өзі дәтке қуат. Елу, алпыс жылдығын өткізуге қасарысып қарсы болып еді. Бар абройды жетпіс жылдыққа сақтаған екен ғой. Шалың қалай, ә?! Шалқақтаудың жөн-жосығын біледі. Юбилей өткізсе Әбекең өткізсін!

Әлгі құпияның тоқетері мынау: той өткен бойда үлкен үйдегі Үлкен кісінің қолына Әбекеңнің ризашылық көңілден жазылған үшбу хаты тиюге тиіс. Хаттың мазмұны да тіл ұшында сайрап тұр: «...сіздің көреген басшылығыңыздың арқасында халқымыздың әл-ауқаты жақсарды, елдің көңіл-күйі көтеріңкі... Болашақта мұнан да жақсы боларына сеніміміз мол... сізге шын жүрегіммен шексіз алғысымды білдіремін... Ойдағыдай юбилейімді өткіздіңіз!..» Былай қарасаңыз, мұнда тұрған түк те жоқ. Хат, кәдімгі хат. Күнделікті қолданыстағы хабарлы сөйлемдер. Ең өзектісі ̶ хатқа қол қоятын кісінің мәртебесінде. Үлкен кісі күн сайын мұндай мазмұндағы хаттың он-он бесін қабылдауы мүмкін. Бірақ ол хаттардың иелері Әбекең емес қой. Жарты бет қағаздың ендігі құдіреті ̶ Әбекеңнің қол қоюы мен қол қоймауына тіреліп тұр. Қол қойса төрт құбыла түгел. Ал қол қоймаса... Жетпіске келген «шалың» анау-мынауға шағыла салатын жаңғақ емес. Қыңыр. Өз дегені болмаса шөре-шөре қолпашыңа қыңқ демейді. Не істемек керек? Екі оттың ортасында қалған Сапарбекке аяушылық білдіретін жібі түзу бір пенде табылса...

ХХХ

Асүйде күйбеңдеп жүрген әйелі «ағы бар, сарысы бар» бір құшақ газетті аударыстырып, ара-тұра суыған шайдан бір ұрттап қоятын Әбекеңе тұмсығындағы көзәйнектің үстінен тесіле қарады:

̶ Көзіңді аясаңшы. Дәрігердің ескертпесін елемесең өзің біл. Газет-журналға көп үңілме дегені қайда? Көз өзіңе керек, маған бәрібір.

̶ Ендігі қалған ғұмырға осы да жетер. Аяқ-жолымды көріп жүруге жараса...

̶ Немерелердің сабағын тексеріп тұрамын дегенің қайда?

̶ Үлкейген кісі не демейді. Олардың әке-шешесін оқытқаным аз еді. Енді кеп... балаларына өздері ие болсын.

Құлағымның тыныштығы керек деді де, бір-екі газетті қолығына қысып, келесі бөлмедегі қызыл диванға барып жайғасты. Жарты ғасыр отасқан бәйбішесіне де аздап өкпелі. Қызметте жүргенде Әбекеңнің үстіне шық жұқтырмайтын. Әсіресе, осындай түс мезгілінде тамақтан соң он-он бес минут мызғып алсыншы деп аяғын ұшынан басып, тысқа шығып кететін. Ал қазір баяғы үйреніскен дағды тоқсан градусқа бұрылған. Әлде қызметті жастар істесін деп, демалысқа шыққан кісі қадыр-қасиеттен де бірден айырыла ма? Қап, мұндайын білгенде... Әбекеңнің көз алдынан талай дүние дөңгеленіп өтті. Металлургия институтының директорлығынан арыз беріп, өз еркімен босады. Осы салаға жауап беретін министр мырза Әбекеңді құрметті демалысқа шығарып салу рәсіміне өз аяғымен келіп, бастан-аяқ қатысты. Сөз сөйледі. Әбекеңнің өмірлік тәжірбесіне шәк келтірместен, әлдекімнің түсіне кіретіндей бірнеше қызметті де қатар ұсынды. Тіпті өзіңізге бөлінген жеке кабинетке анда-санда келіп, төбе көрсетіп тұрсаңыз болды, еңбекақыңыз сол күйі сақталады, қайда барасыз еркіңіз деп, ағынан жарылғанда аздап көңілі босағанымен, бірбеткей мінездің шылауынан шыға алмады. Діні қатты ғой. Әбекең айтпайды, айтса еменнің иір бұтағындай сіресіп алған бетінен қайтпайды. Бірнәрсесі ұмыт қалғандай жастардың арасында сүйретіліп жүре бергенді қаламады.

̶ Юбилей өткізгелі жатқан көрінесің. Және одан менен басқаның бәрі құлағдар. Бәйбіше тағы бір жайдың ұштығын шығарды:

̶ Менің естімегенім не қылар дейсің. Бұртаңдаймын да қоямын. Оған сенің де түгің кетпейді. Мына тұрған Қарағандыдағы қызың естімесе қызық сонда болар. Балаларымен бірге келіп, кештің ішінде болсын. Хабарласам қарсы емеспісің?

̶ Сен неге орынсыз жерге киліге бересің, а?! Жетпіс жылдықты жасап жатқан мен емес, сенсең оның жай-жапсарынан да білетінім шамалы. Той тойлауға о бастан құлқым жоқ. Менің рұқсатымсыз істеліп жатқан шараға кірісіп нем бар. Уақытында көрерміз.

̶ Көрерміз деп күмілжімеңіз, юбилейді қалай өткізсек деп шабылып жатқан жұртты ақымаққа санаймысың? Сенімен алдын-ала ақылдаспады дегенге кім сенеді.

Әбекең басын көтеріп, тіктеліп отырды:

̶ Менің мінезімді білесің ғой, бәйбіше. Бұл турасында ендігәрі бірдеме десең, менен жақсылық күтпе.

̶ Сабаймысың?

̶ Оны өзім білем. Есікті жап, кісіге тыныштық бер!

̶ Дауысы дірілдеп, қаттырақ шықты. Түс мезгіліндегі бір сағат ұйқының кестесі келіспеді. Көзі жұмулы, көкірегі ояу. Бәйбішесіне де бекер ұрысқанын жан жүрегімен сезіп жатыр. Балалар жеке-жеке үй болып, қанаттары қатайған қарлығаш секілді осы ұядан тұс-тұсқа ұшып шыққан. Ара-тұра немерелерді әкеліп, бір иіскетіп кетеді, әйтеуір. Ендігі тұз-дәмнің әуселесі белгілі. Темірден жаралмағаны анық. Бас ауырып, балтыр сыздаса Әбекеңнің басын сүйеп, аузына су тамызатын кім ̶ бәйбішесі. Қалай дегенде де Әбекеңнің әлгі әкіреңдеуі артық. Есебін тауып кешірім сұрағаны мақұл. Тыныштық керек, юбилейі бар болсын! Өткен айда Жезқазғаннан оралған. Сол сапардан көңілге түйгендерді біреулерге сабақ болар деп, қағазға түсіріп жүрген-ді. Соңғы нүктесін қоя алмай әлек. О жаққа да әлдекімнің қолқалауынсыз өз еркімен барған-ды. Өмірдің біраз белесіне куә болған Жезқазғандағы күндер ұмытылар ма?! Қайран Қаныш ағаның табанының ізі түскен өңірді Әбекең де талай рет жаяу аралаған. Жас геологтың романтикаға толы кеудесі алып-ұшып аяғын жерге тигізбейтін. Аяғымды жылан шақпасын деп керзі етікті киіп алып, шыжыған күннің астында өлкені жаяу шарлағаны рас. Рудасы бар кенішті сөйтіп іздейтін. Сол жаяулап жүріп-ақ талай кенішті тапты, қазығын қақты, тонналаған руда ел игілігіне пайдасын тигізді. Жездіні жаяу аралаған жас маман ақырында кен-байыту комбинатының бас директорлығына дейінгі баспалдақтардан сүрінбей өтті. Кейін Алматыға ауысты. Түрлі-түрлі жауапты қызметтердің басын қайырды. Жә, өткенге барлау жасасаң о бар болғырдың естелігі таусыла ма. Және еске түскен сайын жетпісіңді ұмыттырып, жастық шақтың шуақты күндері жігерлендіре түседі. Ширығасың кәдімгідей.

Жезқазғанға баратынын тірі жанға сездірмеді. Ұшаққа отырды да кете барды. Қоңырау соқсаң анық басыңның пәлеге қалғаны. Табаныңды жерге тигізбей ұшақтан күтіп алады. Одан арғысы белгілі. Белгіленген кесте бойынша жүріп-тұрасың. Жан-жағың анталаған адамдар. Ал бұл жолғы сапарына дән риза. Алдымен рудасы сарқылмаған кеніштерді аралады. Комбинатқа соқты. Кеншілер қалашығының кескін-келбетін өз көзімен көрді. Таныс-білістерінің үйлеріне соқпады. Күн қағарлы кепкісін баса киіп, кәстөмінің жағасын көтеріп ап, кеншілермен бірге кезекте тұрып, асханадан ас ішті. Ескілеу қонақүйді қолайлы көрді. Комбинаттың қақпасына жақындап, бейтаныс мыс қорытушылармен дидарласты. Айлық жалақыларының шамасын байқады. Комбинатты басы бүтін сатып алған кәрістердің талтаңдаған жүрістерінен жер ойылады. Май жағып алғандай беттері жып-жылтыр. Жергілікті қазақтарды бір шыбықпен айдап, қас-қабақтарына телміртіп қойған. Байырғы кеншілердің бүгінгі ұрпағы аса жалтақ. Кәрістердің қолтығына кіріп алған бірді-екілі қазақтардың ғана есептері түгел. Жағымпаздықтың қызығын көріп жүрген де солар. Олардың қанша айлық алатындығы өздеріне ғана белгілі. Рудниктің эксковатр машинисі қолға тиетін болмашы тиын-тебенге мәз. Тосындау мінез көрсетсең ертеңінде комбинатқа кіре алмайсың.

Баяғы Қаныш ағаның қолымен картаға түскен кеніштердің қазыналары таусылуға таяу. Жаңа қожайындар өз беттерінше бір карьердің бетін ашпаған. Кеншілер қалашығының күн шығыс бөлігі ойылып, жер астына түсіпті. Қаладан қоныс аударушылар шамадан тыс көп. Олардың жағдайларын ойластырып жатқан кәрістерің шамалы. Олардың басты ұраны: ̶ экспортқа жөнелтетін таза мыстың көлемін көбейтіңдер!.. Әбекеңнің қаны қайнап басына тепті. Бірнеше аптаға дейін ұйықтай алмай жүрді. Көрген-білгендерін бастан-аяқ қағазға тізді. Сенген қойым сен болсаң... Өз ырғағымен пәленбай жыл үздіксіз жұмыс істеп келген комбинатты не үшін кәрістердің қанжығасына өңгере салдық? Шыққан мүйізіміз қайсы? Мұның ақыры немен тынарын кім біледі? Ол жағы осы саланың майын ішкен Әбекеңе бес саусақтай белгілі. Бір есептен ойға түйгенді қағазға түсіргені де ақыл болды. Құрғақ сөз ̶ құйын қуған қаңбақ. Дереу ұмытылады. Ретін тауып осы қолжазбаны Үлкен кісінің қолына табыстамақшы.

̶ Әбеке, шайыңыз дайын, ̶ деді бәйбішесі түк болмағандай, жадыраңқы көңіл күймен.

̶ Сен бері, бері жақындашы! ̶ Әбекең сәл қалғып кеткен бойда селк етіп оянды да бәйбішесін жанына шақырып, арқасынан сипады.

ХХХ

Тойдан бір күн бұрын Сапарбек Әбекеңнің кең жайылған дастарқаны басында қадірлі қонақ ретінде жағасы жайлауда шалқып-тасып отырды. Өткен-кеткен еске түсті. Екеуі бес жұлдызды армиян коньягін қылдай бөлісті.

̶ Сізге кештің сценарийын таныстырайын деп...

̶ Сол үшін бекерге әуре боп...

̶ Әуре болғаны несі Әбеке-ау, сізге өмір бойы қызмет істеуге әзірміз!

̶ Пенсионер шалдан не күтіп жүргендеріңді түсінбеймін.

Кеш түсті. Айналаны қараңғылық тұмшалады. Қариялардың демалыс уақытына кесірімді тигізбейін дегендей, Сапарбек қипақтай бастады. Аса құмарлығы болмаса да тысқа шығып шылым шекті. Жиегіне алтын жалатқан кеседегі қою шайдан ұртын толтырып екі ұрттады. Коньяктің уы буынға түспей тұрғанда қарамды батырайын деп шешті.

̶ Әбеке, сізге келіп-кетері жоқ, мына бір қағазға қол қойып берсеңіз?

̶ Ол немене?

̶ Алдымен көз жүгіртіп оқып шығыңыз.

̶ «Аса құрметті!.. Сіздің елге сіңірген еңбегіңізді ешқашан ұмытпаймыз!.. Көреген саясатыңызды арқасында елдің әл-ауқаты жыл сайын жақсарып келеді... Менің мерейтойымды да жақсылап өткіздіңіз!.. Сол үшін сізге деген алғысым шексіз...»

Әбекеңнің қызара бөрткен жүзінен қан қашып, сұрланып сала берді: ̶ Юбилей өткізгендегі түпкі мақсаттарыңды енді түсіндім. Бірақ Әбдірәсіл мұндайға сатылмайды. Ақыл-есі әзірге бүтін. Сені жөн-жосық білетін дұрыс жігіт пе десем... ̶ Бір бет қағазды ортасынан қақ айырды. Сапарбек аяқ киімін әзер киіп, сыртқа беттеді.

ХХХ

Опера театрының кең залы мен екі жақ қанаттағы балконы лық толы. Ине шаншар орын жоқ. Облыстардан келген делегациялар сығылысып алдыңғы қатарға жайғасқан. Ішке кіре алмай сыртта тұрған ел қанша. Театр директорының шыбын жаны тырнақ ұшында. Өмірі мұндай оқиға болмаған. Бірінші рет. Алдын ала арендасы төленген. Қонақтар шақырылған. Өкініштісі, той иесі бұған дейін бұл маңнан бірде-бір мәрте төбе көрсетпеген. Жан-жаққа сұрау салғандар: «ол кісіні көрген-білген адам жоқ» деп ауыздарын қу шөппен сүртеді. Бұл қалай? Не істеу керек? Қара-құрым елге не дейді? Шығу керек тығырықтан. Қалай, қайтіп?!.. «Біржан-Сара» операсының әртістерін үйлеріне мәшине жіберіп, дереу шақыртып алды. Бүгін аталмыш опера тегін көрсетілмекші.

Театрдың қарсы бетіндегі атақты қонақүйге жаңа ғана орналасқан «АzatNEWS»-тің екі тілшісі апыр-топыр халықтың не үшін жиналғанын білу үшін әрі таңданыстарын да жасыра алмай, асай-мүсейлерін арқалап төмен түсті. Бұл не дүрлігу? Операға да осынша ел жиналады екен-ау, ә!? Өнер дегенде ішкен астарын жерге қоятын қазақтардың мына тірлігіне қайтіп таңғалмассың?! «Міне, керемет!» деп олар сол маңнан шартарапқа сан түрлі тілде шұғыл хабар таратып жатты.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.