Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Қуаныш Жиенбай. Айыпкерді ақтама...

20.05.2020 3912

Қуаныш Жиенбай. Айыпкерді ақтама 16+

Қуаныш Жиенбай. Айыпкерді ақтама - adebiportal.kz

(әңгіме)

Мына қызықты көрген кім бар, кім бар-ау?! Нөкербектің жасыл «джипі» таң азанда құйындатып келіп, Тойбазардың есік алдына дік етіп бір-ақ тоқтағаны. Жо-жоқ, дәл соның өзі. Алақандай ауылдың бірде ана басынан, бірде мына басынан жылт етіп, енді бірде қара жолдың шаңдағын аспанға көтеріп қалаға қарай жүйткіп бара жататын Нөкербек бизнесменнің айдың-күннің аманында иек астынан табылуы қалай дегенде де таңдай қағарлық оқиға еді. Жұрт жапатармағай сыртқа шығып, «бұлар енді не істер екен» дегендей шарбақтың басынан мойындарын қылтитып, әлгілерге аса қызушылықпен көз тікті. Ға-жап! Нөкербекті бұл маңайға еріксіз сүйрелеген ол қандай тығыз шаруа? Сүйексіз тілді қанша сүйреңдеткенмен орнықты шешім бәрібір табылмады.

«Спектакльдің» екінші бөлімі міне, былай басталып, былайша аяқталуға тиісті-тін: Тойбазардың сабағы түстен кейін басталатын ортаншысы мәшине дауысын естісімен терезеге үңіледі. Бәли, тілі күрмеліп, қолдарын ербеңдетіп не болғанын біле алмай, Ақсырғаның ертеңгі шайына ерін тигізе берген әкесін «ана қара, ана қара!» деп еріксіз жұлқылайды. «Мына сорыңды ұрайын қайтеді-ей!» – Тойбазар аң-таң. Одан бұрын Ақсырға ұшып түрегеледі. Оның да көздері жыпылықтап, табанда ешнәрсе тауып айта алмай, күйеуінің ауызүйдегі керзі етігін асығыс-үсігіс ішке алып кіреді. Одан арғыны ойлап-пішуге мұршасы келмеген Тойбазар «аманшылық болғайды» сан мәрте қайталап, шолақ тонды иығына іле сала сыртқа атылады. Жүгіре шығып, жан-жағына алақ-жұлақ қарағыштайды. Төңірегі тыныш, қора-қопсысы орнында. Кенет, ой-хой, сыптай киініп, қымбат шылымды еріншектене сорғыштап, маңқиып тұрған мынау шынымен Нөкербек пе-ей?! Па, шіркін, құдай пендесіне оң көзімен қарағысы келсе аброй-беделіңіз түкке тұрмайды екен-ау! Ақсырғаның: «қыстай жағатын төрт тонна тас көмірді қар жауғанда түсіремісің, әлде бізді суық тамда қатырып өлтіремісің?!» деп зар илегені кеше ғана. Көмір түсіруге қаржы таппай жүрген жоқ, көмір баздағылар Нөкербектің қолы қойылмаған тілдей қағазсыз маңына жолата ма!

Тойбазардың бұл тірлігіне аяушылық танытатын да адам сирек. Нөкербекті кеңсесінен кезіктіре алмай, қашан келетіндігін және білмей, салы суға кетіп, басы салбырап, күн кештете үйіне сүмірейіп келетіндігін құрып кеткенде Ақсырғаның байқамайтындығы, елемейтіндігі қалай? Адамшылық па мұнысы? «Тағы да бос келдің бе?» деп кісіні кемсітуге де тым шебер. «Сенен түк шықпас, жердің жыртығына кіріп кетпесе о сұмырайды сірә, өзім іздеп табармын!» деп Тойбазарға қыр көрсететіні және бар. Шынттап келгенде мұның да бір басына дүлей ашуы жетерлік. Тек кәкір-шүкірге бола үйдің берекесін алмайын деп сабырлық сақтайды. Оның үстіне иманға ұйып, Алла жолына шын ниетімен беріліп, мешіт төңірегінде жүрген кісі әйелге жұдырық ала жүгіргеннен не ұтады. Осындайда қайдағы-жайдағының еске түсіп, өзек өртейтінін қайтерсің. Бір мектептің түлектері ғой барлығы. Иә, еселаң күйдегі жастық дәуреннің қызығы мен шыжығын жіпке тізе берсең жүйкең жұқарып, өзің ауру табарсың ақырында. Нөкербек Ақсырғаға ма, әлде Ақсырға Нөкербекке ме, әйтеуір бір-біріне теріс қарамаған-быз деген сыбысты да аракідік құлағы шалады. Қойшы, құрысын, баяғы бықсыған шаланы несіне үрлейді. Өтті, кетті. Төрт баланың анасы атанып, бір шаңырақты ұршықша үйіріп отырған Ақсырғаны да жаманатқа қиғысы жоқ. Қимайды. Әне, пәлені бастайтын өзі. «Мұның ақыл, сені көргенде Нөкербек жынынан айырылған бақсы құсап иіліп, бүгіліп сәлем бермесе маған кел». – Әзіл-шынын араластырып, «бұған не дер екенсіңді» әйелінің еншісіне қалдырып, жымын білдірмей Тойбазардың да төбеден түскендей өстіп қойып қалатыны бар. Ақсырға жүзінен ешнәрсе сездірмегенімен ішті тырнайтын бір жайсыздық бүйірін бүлк еткізгендей, көздері жәутеңдеп теріс бұрылады.

Мә, безгелдек, сөйтіп жер-көктен шарқ ұрып іздеп жүрген Нөкербегі үйдің іргесіне өзі келіп тұрса... Тойбазардың сүріне-қабына анадайдан құшағын аша жүгірмесіне дәті бар ма. Екі езуі екі құлағына жетіп, бизнесмен жігітті әй-шайға қаратпай Ақсырғаның дайын тұрған дастарқанына сүйрелер. Ақсырға да асып-сасып, арнайы адам жіберіп келтіре алмайтын қадірлі қонағының алдына не қойсам деп, балалардан тыққан тәттілерін қайдан табарын білмей жанталасар.

Солай боларына тірі жанның таласы жоқ-ты. Көрші-қолаңға не керек, көрші-қолаңға Тойбазардың Нөкербектің қолын алғанша жаны шығып кете жаздап, аяғы-аяғына жұқпай ұшып келе жатқаны керек. Ертең-бүгін бұл ауылдан кім көшкелі жатыр, қыстың көзі қырауда мына алашапқын тірлік сабасына түсіп, ел кішкене ес жиып, арқа-басын кеңейтеді. Той-томалақ, шақырыспа жиелейді. Пештің қызуына балқып, қызыл күрең шайды анда-санда ұрттап қойып, таныс-біліспен алқақотан сұхбаттасқанның өзі үлкен олжа. Құрдастардың қалжыңы түн жарымына дейін түгесілмес, бірін-бірі мұқатуға келгенде бұлардың алдарына түсетіндер сирек. Ал Тойбазардың Нөкербекпен қалай амандасқаны жайлы сол жанды сурет жуық маңда ұмытылар ма. Жұрт содан дәмеленген.

Жоқ, олай болмады бұл жолы. Нөкербекті осынша күттіру неткен басынғандық, ал Тойбазардыкі не шіреніс?! Қақырынып-түкірініп жуық арада үйден шыға қойсашы. Қыр көрсететіндей несін өткізіп қойыпты Нөкербекке. Ой-хой, целлофан қалтаға салынған қоқысты міндетті түрде тап осы кезде сыртқа шығаруы керек пе. Оған Ақсырғаның да шамасы келетін еді ғой. Масқара, мына Тойбазар шынымен жынданған шығар! Қуығы сыздап бара жатпаса кішкене шыдамдылық танытып, жолай дәретханаға бұрылмай-ақ тікелей келуіне не кедергі. Ойпыр-ай, солардың біріне де назар салмастан, әлдекімдермен қалта телефоны арқылы сөйлескен боп, өңінен титімдей өзгеріс байқатпай, талтайып тұрған Нөкербектің бұл кісілігіне не дерсің?! Дүниені шашып-төгіп, көңілі құлағанды табанда байытып, суқаны сүймейтіндерге пысқырып та қарамай, шалқып-тасып өмір сүрген Нөкербек ибалы кісі боп шыға келді аяқ астынан. Сол, солай, түс көрген секілдісің кәдімгі, сенгің де келмейді бір жағынан. «Өй, әкеңді!» деп жерге шырт түкіріп, «джиптің» алдыңғы доңғалағымен топырақты бір бұрқ еткізіп, тайып тұрса Нөкербекті кім кінәлар. Мына Байқоңырдан күндіз-түні ұшып жататын ғарышкерлер есімдерін қазір ешкім еске сақтамайды, ал Нөкербектің жөні бөлек, тіпті бөлек!

Келе сала Тойбазар добалдай қолын еріншектене ұсынған: – Аманшылық па, не шаруа?

Нөкербек мұндай сауалды күтпеген-ді. Ауыр жұтынды, Тойбазардың көнетоз киімдеріне сүлесоқ көз жүгіртті. «Сізді кездестіре алмай, төрт тонна көмірге рұқсат қағазға қол қойдыра алмай табанымыздан сарсылдық». – Оның күткені осы еді. Әңгіме тиегі осы тұстан тарқатылар деп дәмеленген. Жауабын да жұптап тұрған: «Көмірге қысылма, ертең есігіңнің алдында үйліп жатады бір мәшине тас көмір».

«Ақшасын канторға барып төлермін».

«Жоқ, тегін... Ер мойнында қыл арқан шірімес. Кейін есептесерміс».

Мұндай қамқорлықты естіген Тойбазарда жан қала ма. «Үйге жүр де үйге жүр!»

– Ақсырға қалай?

– Шүкір.

– Денсаулығың түзелген секілді жүзіңе қарасам. – Осыларға уақыт шығындап, бейшараның күйін кешкеніне Нөкербектің алай-дүлей іші ашыды.

– Жұмысың дұрыс па?

– Жан бағысқа жарап тұр.

– Айтқандай, ана жолғы мешітке аударған спонсорлық көмектің есеп-қисабын жөндеп алған шығарсыңдар.

– Әрине, мешіттің есеп-шотына түскен бір тиын да бөтен мақсатқа жұмсалмайды. Оқтай барлығы.

– Сен жүрген жердің жіптіктей боларын білем ғой. – Мұнысы да шыңыраудың түбінен дауыс салған құдықшының жантәсіліміндей көмескі естілді: – Бұйымтай айта келдім. Олай ойлап, былай ойлап, сенен оңтайлы адамды және кездестіре алмадым ақыры.

– Не дейді, екі қолға бір күрек таппай, зар қағып жүргендер қаншама!

– Жүре берсін.

– Ал...

– Менің көмір баздан басқа да шаруаларым шашетек. Оның шет-жағасын сен де шамалайсың. Бизнес – есеп. Есеп ұқыптылықпен жүргізілмеген соң тапқан-таянғаның тістегеннің ­­­-- аузында, ұстағанның --қолында. Мені түсінетін, сенімнен шығатын бір адам болса, ол мына сен. Бірігіп тірлік істейік, сенің де бала-шағаң бар. Туыстық жағынан да бөтен емессің. Келген бойда орталық қойманың кілтін өзіңе табыстаймын. Ресейден, Қытайдан жеткен тауарлардың астында қалдық көміліп. Соларды рет-ретімен тиісті жеріне жөнелту сенің мойныңда. Ойлан, Ақсырғамен ақылдас. Асығыспын, уақытым тығыз! – «Джиптің» құшақ сыймас доңғалағынан ұшқан қою шаң Тойбазардың шынашықтай денесін әп-сәтте жұтып қойды.

– Оу, көкесі, мен... мен мешіттегі шаруамды қайтем...

Онысын Нөкербек естіген жоқ.

ХХХ

Ақсырғаның кешелі-бері жүзі жайдары. Бұрынғыдай анау-мынауға шаң-шұң айқай шығарып, дауыс көтермейді. Балаларға да ұрыспайды. Өмір бойы иығына ілмеген гүлді көйлегін киіп, көлбеңдеп олай өтеді, көлбеңдеп былай өтеді. Тамақты да дәмділеп пісіреді. Түтін тартпайтын пештің төменгі орамынан күл шығарып, терлеп-тепшіп шала бүлініп жатқан Тойбазарға еркелегісі келе ме немене; әлденелерді айтып әзілдегісі келе ме немене; әйтеуір, күйеуінің бүгінгі тірлігіне риза болғаны сонша наздана күлімдеп, мерейлене көз тігеді. «Осының бәрі сенің арқаң ғой» деп ары-бері өткенде Тойбазардың қыртыс-қыртыс мойнын мытып-мытып қояды.

«Сорыңды ұрайынның мұнысы не желігу?! Бір нәрсе көрінейін деп жүргеннен сау ма?» – Одан әрі не десін. Күйген кірпішті алған орнына дұрыстап сыйғыза алмай, әбден діңкеледі. Алғашында «мұнда тұрған не бар, еркек емеспін бе, түске дейін тындырып тастармын» деп екі білегін сыбанып кірісіп-ақ кеткені. «Қолдан келмейтін іске ұрынбауым керек еді» деді ақырында. Іштей мойындады. Көмейіне күл толған пешке от жағудың өзі ақырзаман. Көмір түсті ғой дегенмен пеш гүрілдеп тартып ала жөнелмесе қамыстан тұрғызылған қақыра там жуық маңда жыли қоя ма. Былтыр көрген ақыретті. «Келесі жылы тірі тұрсам» деп екі алақанына алма-кезек түкірген. Бәрі жөн-жосығымен, сылақ та қалың емес, жұп-жұқа, бірақ не пәлесінің барын қайдам, кірпіш орнына түспейді. Әрі-бері әуіреленіп, орта жолдан тастай салғысы да келді. Ақсырғаның тілін алғанда бүйтіп күйелеш-күйелеш боп, батпаққа батып жатпас еді-ау. Айтуын айтқан. Айтуған көршісі пеш қалаудың елде жоқ айтулы шебері. Осы пешті де сол батырың қалаған бір кезде.

– Қойшы деймін, қоя қойшы! – Ақсырға он жетідегі қыз секілді қылымсиды. Айтуғанға өтініш айтқысы келмеді Тойбазардың. Айтқысы келмегендіктен емес, бір нәрсенің анық-қанығына көзі жеткенше қазымырланып сұрай беретін тіл-жағына сүйенген біреу. Аузы тыным таппайды. Сыртта шелектеп көмір тасып жүрген балаларды көргенде іші-бауыры одан бетер күйіп-жанар. Қызғаныштың қызыл иті жуық маңда және басылмас.

– Қалаға кетсем, үйге қарайтын мүмкіндігім бола ма. Ерте кетіп, кеш келермін әсілі...

Ақсырға жымың-жымың. Қораға көмір тасып жүрген үйелмелі-сүйелмелі балаларына да көңілі толды. Қолқанат. Солардың сырта жүргендігін пайдаланып, Тойбазарды құшып-құшып алуға да қарсы емес-ті. Екі-үш күннен бері Нөкербектің бұйымтайына оңды жауап айтпастан, оқтау жұтқандай кекірейіп жүрген. Әлгісі азаматтық, келісті деген сол әне. Дұрыс-ақ, Нөкербектің жанында жүрген кісі қай жағынан болмасын елеусіз қалмайды. Мешіт, мешіт деп несіне үгітіледі. Оған да біреу табылар.

Жуынып-шайынып мешітке барғалы жатқан Тойбазардың түстік асын әп-сәтте әзірледі. Шайдың да шығымы керемет. Тізеге тізе түйістіріп, бүйтіп қатар отырмағалы қай заман. Күйеуінің жағасы кірлеген жейдесін жаңасымен ауыстырды, шкафтың арғы түкпіріндегі былтырдан бері киілмеген қоңыр бәтеңкесін сүртіп-сүртіп есік көзіне әкеліп қойды. Ескі етікті «енді сенің керегің шамалы» дегендей аяқ ұшымен байқатпай былайырақ ысырды.

– Балалар сабағынан қалмасын,– деді Тойбазар әр сөзін нығарлап,– қалған көмірді ертең-ақ тасып алар. Түсуін түсті ғой, әйтеуір.

Қолдан үйітілген үйректің сорпасы бал татиды. Екі-үш мәрте ұртағаны сол, маңдай тері бұрқ ете түсті.

– Бәрі сенің арқаң ғой, сенің арқаң. – Ақсырға төргі бөлмеден ақ сүлгі әкеліп, аса сыпайылықпен Тойбазарға ұсынды.

– Оны айттың ғой мана, несіне қайталай бересің, а?! – Тойбазардың болар-болмас қабағы кіртиді. Құлағына түрпідей тигені соншалық, әдресін таппаған аталы сөз адасып келіп, Тойбазарға кездейсоқ соқтыққандай ары қарай сіңіре алмады. «Оны Нөкербекке айтсаңшы» дей жаздап барып, тілін тістеді.

– Имам қарсы болмаса мен келістім. «Менің асты-үстіме түсіп жүргендігіңнің өтеуі осы болар» – Тойбазар дастарқан жиналар-жиналмастан ұшып түрегелді.

ХХХ

– Өзің біл, әркім өз-өзіне қожа ғой, – Имам Тойбазарды асықпай шыдамдылықпен тыңдады. Сосын тысы сөгілген әлдебір киіз кітапты сүйріктей саусағымен сипалап отырды да, – кейін өкініп жүр ме, – деді дауысын созыңқырап.

Дауысын созыңқырағаны да тегін емес-ті. Тойбазардың күллі өмірбаяны көз алдында. Ащысуға үйірсектігін көзге шұқудың қажеті қанша. Адасты, аяғын шалыс басты. «Ер жігіттің басынан нелер келіп, не кетпес». Қайырын берді, әйтеуір. Тойбазардың білім-білігі ұшан-теңіз. Осы күндері не көп, жекеменшік мекеме көп. Жауыннан соңғы саңырауқұлақтай қаптасын-ай келіп! Мақсат-мүдделерін ашып айтпай, әлдебір «ертегілермен» беткі жағын бүркемелеп, «халыққа қалтқысыз қызмет етеміз» дегенді бар дауыстарымен ышқынып айтады-ай кеп! Бәрекелді, «халыққа қызметтің» арғы жағында ненің бұғып жатқандығы көпке белгілі. Жұрт ақымақ емес, сауатты. Ондай мекеме басшыларының түпкі ойлары – «бай болып, бақша мұратына жету». Өлімдерін салады, ойға-қырға шапқылайды. Алып-сатарлық жабайы сауданың шәпкісін қақырайтып «бизнес қой, бизнес» деп үздіксіз қайталайды. Қалталары томпайса кеуделерімен көк тірейді. Мәшинеден-мәшине, үйден-үй... Күндіз мейрамхана, түнде сауна. Әлдекімдердің арманына айналған осы күнгі ырду-дырду тірлік-тағы ит жегір!

Өстіп келе жатады да маңдайлары тасқа тигенде барып, неден қателестім деп сандарын бір-ақ соғады. Тексерушілерің әккі, талайлардың тамырын басып, әбден тәжірибе жинақтаған. Сенімен ұрыспайды, таласпайды. «Заң жүзінде іс қылсаң жөн, ал бұра тартып жалғанды жалпағынан бассаң – бізге өкпелеме! Тиісті құжаттарыңды көрсет. Есеп-қисабың компьютер тілінде тізіліп тұрсын!» Қай-да-ғы, «ревизордың да тамағы тесік, жөндеп аламыз барлығын». Осы күндері ұсынылған конверттер кері қайтады бірінен соң бірі тізіліп. Оу, алда-жалда мұндайды кім көрген?! Тағы да текке шабуылдау, арамтер боп, әуіреге түсу. Банктегі есеп-шот құлыпта. Ең қиыны сол. Аяқ-қолың жіпсіз маталған. Баяғы «бармақ басты, көз қысты» келмеске кеткен. Орталық аппараттағы мәліметтен күллі ағайын, әсіресе, бақталас бизнесмендер түгел хабардар. Бірін-бірі аңдиды. Жауын-жауынның арасымен бұқпантайлап өте алмайсың. Цифрланған қоғамың қырсық боп жабысты жамбастарына. Ал аудан көлеміндегі есепке жүйрік жалғыз жан иесі, ол осы –Тойбазар. Өзгелердікі тәйтің-түйтің тай жарыс. Тойбазардың тілін табу қиын, қиынның қиыны. Тапсаң айым оңынан туды дей бер. Қамшы салдырмайды, қолға алған құжаттарының арасына сына қаға алмайсың. Қыздың жиған жүгіндей. Өзі қаладағы шетелдік компанияның қызметкері. Содан не керек, Тойбазардың түкірігі жерге түспеуге айналған. Көшеде жүргізбейді, ана бұрыштан да мына бұрыштан да шыға келіп, тәңірге табынғандай, Тойбазардың алдына түсіп құрдай жорғалаған мүскіндер, жәутеңдеген жанарлар. Бәрін жарылқауға шама қайда, өз шаруасы да бастан асады. Компания басшылығына сауын айтушылар мен Ақсырғаны төңіректейтіндер жыртылып айырылады. Алдымен құдайдан қайтар деп бірлі-жарымына қол ұшын берген... Одан соң, одан соңғысы былық-шылық, баттасқан бірдемелер... Күнде той, күнде ырғын ішіс. Артынан бас жазу. Қыз-қырқын. Көзін бір ашып, бір жұмып, қалғып-мүлгіп отырған Тойбазар. Кейде сыртта қонып қалады, кейде түннің бір уағында біреулер сүйретіп есік алдына әкеп тастайды. Содан Ақсырғаның Тойбазардың былғаныш киімдерін жуып, үтіктеп, өзін бала секілді баннаға салып шомылдырып, шала бүлініп жатқаны. «Осымен бітті, осыдан аузыма арақ алсам асылып өлейін!» деп уәде беруден жалықпайды Тойбазар. Артынша тілі күрмеліп, жынды адамша ыржың-ыржың күліп, тойып алып есік көзінде сүмірейіп тұрғаны. Ақсырғаның да ығыры шықты, маскүнем күйеуін жұрттан жасыруға да шамасы келмеді. Ауруханаға жатқызды, емдетті. Мықтаса бір, не екі ай, сосын ойламаған жерден таз қалпына түседі де кетеді. Не істеу керек? Арыстай азаматтың тағдыры қыл үстінде. Дереу қаладан ауылға көшкен. Ақсырға жылап-сықтап мешіт имамынан жәрдем күтті: «Бар үміт сізде, кітап ашып, құран оқып, өлген адамның жаназасын шығармас, әйтсе де иман ұйыған жерде өз-өзіне келер. Қателігін мойындар. Таза жүріп, таза жүрсе соның өзі үлкен көмек біздерге...»

Екі-үш жылдың бедерінде Тойбазардың беті бері қараған. Алла үйіндегі ахуал тұла бойына ток соққандай әсер етті. Кеш те болса кісілік, адамгершілік жолға түскеніне тәубе. Мешіттегі азан, құдайға құлшылық, адалдық, мұқтаждарға қол ұшын беру, жұма намазға жиналған жұрттың адами қалыпқа түскен Тойбазарға деген жылы-жылы көзқарастары дәрі-дәрмегіңнен әлдеқайда қуатты, әлдеқайда күшті еді...

– Өзің біл, сені ұстап тұруға біздің қауқарымыз жетпейді. Жаңа қызметіңнен береке тап. Ана пәледен аулақ жүр. Шекеңе тиген шығар біраз нәрсе. Ақыл айтты деме, аман жүруіңе тілекшімін, айналайын! – Қолынан таспиығы түспейтін имам Тойбазарды риза көңілмен шығарып салды.

ХХХ

Балалардың түскі, кешкі асының қамымен жүргенде қалаға қатынайтын қоржын автобустың азанғы рейсіне әзер ілікті. Ақсырғаның үстіне жөнді киім киюіне, айнаға қарап шашын түзеуіне мұршасы болды ма. Түрінен адам шошығандай. Жолаушылар да біртүрлі аяушылықпен қарайтын секілді. Үсті-басы жіптіктей боп, тұлға-бітімін тік ұстап, көше бойымен маңғаздана басып кетіп бара жататын Тойбазарды жоғалтып алғандары қаш-шан бұлардың. Ыстық сорпа құйылған құтыны бауырына қысқан Ақсырғаның қала шетіндегі ауруханаға жеткенше шыбын жаны тырнақ ұшында. Жан-жағына қарамайды, елмен де амандаспайды. Әлдекім ерігіп отырып, «Тойбазардың халі қалай?» деген сұрақты қойып қала ма деп, одан бетер қуыстанады. Жанашырлықпен сұрай ма, әлде табалағандай қалып таныта ма, о жағын өздері білер, әйтеуір, Ақсырғаны мазаламаса баршасына мың алғыс.

Қолдан үйітілген үйректің сорпасын ішкенде Тойбазардың тұла бойы жіпсіп, рақат күйге түсетіндігін, арқа-басы кеңіп, құс жастыққа құлай кететіндігін бұл жалғанда ұмытар ма. Ер адамның түк бітірмесе де үйден кіріп-шығып жүргенінің өзі демеу. «Сорпа ішсе ес жиып, әлденер ме еді, күндіз-түні у дәрімен қарын қампайтқан кісі оңа ма» – Тойбазардың қан-сөлсіз кескін-келбетін көз алдына әкеледі. Өзі де өлуге келген, аурухананың атынан жүрек айниды. Араққа салынғандарды емдейтін диспансер. Жұмасына екі мәрте кездеседі. Екі мәрте Ақсырға да азапқа түседі. Алланың үйінде иманға ұйып, қолдан келсе адамға жақсылық жасаудан артық мұрат жоғын түсініп, күллі болмысын шапағат нұрына шомылдырып, ауыз толтырып айтарлық кісілік қасиеттерді біртіндеп бойға сіңірген тұста не түлен түртті сормаңдайды?! Кім азғырған, кімнің алдауына түсті тапа-тал түсте?! Осы төңіректің жас-кәрісі пітір садақасын да, бала-шағасының аман-саулығы үшін құдай жолына бағыштаған құрбандығын да Тойбазардың қолына әкеп табыстайтын. Біреудің ала жібін аттамайтындығы ағайын арасында әлдеқашан дәлелденген. Жүріс-тұрысынан да ибалықтың иірімі еседі. Оның жанында тұрған жұмыр басты пенде анау айтқандай, құдайдың кәріне ұшыраған біреу болмаса өтірік айту, алдау-арбау деген секілді қиямет жолынан бойын аулақ ұстайды. Ақ қағаздай көңілі қандай таза еді Тойбазардың!..

Темір қақпа ойбайын салып әрең ашылды. Әскери киімді жап-жас полиция қызметкері сөмкенің ішін әбден аударып-төңкерді. Жарылғыш зат әкеле жатқаннан әрі. Тойбазарды палатадан дауыстап шақырды содан соң.

– Қалайсың?

– Жақсы,– деді тілі күрмеліп.

– Дәрігерлермен сөйлестің бе, қашан шығармақ?

– Ит білсін.

Көзі шүңірейіп, екі жағы суалып, ұрты ойылып түскен. Саусақтары дір-дір. Бір қасық ыстық сорпаны қақалып-шашалып әрең жұтты. Шашы өскен, тырнағы өскен: «Ортаншың тоқсанды түгел беспен аяқтады», «Өзің жөндеген пеш гүрілден жанып тұр, үй жылы», «Асыранды үйрек-қазды қысқа жеткізбей сойып тастамақпын, саған сорпалыққа жараса қалғанын көрерміз», «Имам сәлем айтты...» Ол осы секілді шолақ сөйлемдерді естімеген кісіше мәңгіріп отыра берді. «Осыдан аман шықса маңдайына шаң тигізбеспін-ау!» деп Ақсырға өз-өзіне серт берді. Тойбазарда шаруасы барлар үйдің сыртынан жүрсін мұнан былай. Бірде-бірімен жолықтырмайды. Өмір тоқтап қалмай өтіп жатыр, мінекей. Бизнесін өрге сүйрегендер Тойбазардың бүгін қандай күйге түскендігін біле ме? Әлде...

Ауруханадан шығысымен ешқайда бұрылмастан жұлқынып, қала орталығындағы Нөкербектің үш қабатты еңселі кеңсесіне тартты. Бәріне кінәлі сол, теріс жолға итермелеген де сол сұмырай! Қойманың бір бума кілтін ұстаған адамның буын-буыны босамай тұра ма?! «То-қа, То-қа, Тойбазар Әскербекович, мынаны бүйтейік, мынаны сөйтейік...» Психологиясы әлсіз, тумысынан әлжуәз, жұрттың көңілін қалдыру дегенді мүлдем ақылға сыйғыза алмайтын Тойбазарды сындыру оңай, оған қиналудың қажеті жоқ. Нөкербек соны білмей ме, білгенде қандай! Әлде Тойбазардан ала алмай жүрген өші бар ма?!.. Оу, оның баяғыда шаруасы біткен. Еске түсірудің өзі ұят, ерсі тіпті. Ақсырғаны Тойбазар алып қашқан бір кезде. Біреудің туған күнінен түнделетіп қайтып келе жатты да, Ақсырғаны әй-шайға қаратпай үйіне кіргізіп алды. Әйелдер дереу басына орамал салды. Жылады, сықтады, «бітті Бәтима...» Жо-жоқ, бұл болжам ақылға сыймайды. Бәлкім Нөкербек те бұлай боларын білмеген шығар... Жанашырлықпен бірігіп жұмыс істегенде...

«Сен оны ақтама, ақтама! Нөкербек қалай дегенде де айыпкер! Ал өзі, өзі ше?!» – Біреу кеңірдегіне кездік қадағандай, орта жолда кілт тұрып қалды.

Көрнекі сурет: Алессио Треротоли "Автокептеліс"


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар