Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Қуат Адис: Бүрсеңдейді қанаттылар – таныс хал......

24.09.2019 4902

Қуат Адис: Бүрсеңдейді қанаттылар – таныс хал... 12+

Қуат Адис: Бүрсеңдейді қанаттылар – таныс хал... - adebiportal.kz

КЕШІККЕН КӨКТЕМ

Сәуір туды, көкек құс келмеді әлі,

Күтетін сұрша құсты елде бәрі...

Қасат қардан қылаудай қалмаса да,

Көктен күннің жетпей тұр жерге нәрі.

Көктемнің жарқ етпесе ай қабағы,

Жаның қалай шуақсыз жай табады?!

Қыс етегін ұстаған күн ызғары,

Қабағынан көршінің байқалады.

Мейірін жатыр күннің аңсап дала,

Көктем жайлы салмайды ән шаттана.

Шешпеген малақайын басындағы,

Қозысын құшақтаған малсақ бала.

Таппайсың гүл көктемге жарасты мән,

(Қалайша табиғатпен талас қылам?!)

Албардағы арыған күрең қасқа,

Тебініп шөп іздейді қар астынан.

Қыстан шықпай жанымның жапырағы,

Қалтырайды кеудемде, аһ ұрады.

Белағашқа қонақтап қызыл әтеш,

Өңеш созып көктемді шақырады.

Көрінбейді көктегі адасқан күн,

Сөгілмейді пердесі боз аспанның.

Сәуірде сәукелесін сала алмаған,

Бұтақтары арса-арса ағаш-талдың.

Өмір сірә, бола ма нұрсыз мәнді?!

Үйге қуды сыздаған бұлт ызғарлы.

...Балаларым мойыныма асылғанда,

Көңілімнің көктемі бүршік жарды.

БІЗДІҢ АУЫЛДЫҢ ЖАЗҒЫ КЕШІ

Сәл ертерек намазшам уақыттан,

Құба белден табынды құлатып, паң...

Есек мінген Байнияз қартпен бірге,

Өрістен мал қайтады шұбатып шаң.

Кеш кірсе тіршіліктің толғағы қат,

Ауылдың сәні емес пе ол да бірақ?!

Қайнаған Бұқараның базарындай,

Жатады азан-қазан төл жамырап.

Байланып дәл осынау мезетке құт,

Күйбең тірлік жатады кезек келіп.

Қара қазан, кешкі ас, ошақ қамы –

Жеңгелерім жүреді тезек теріп.

Әңгіме айдарынан жел естіріп,

(Бұл да ерсі көрінер емес қылық).

Малын күткен көршілер жап басында,

Қауқылдасып тұрады кеңес құрып.

Бала біткен бәс тігіп, бәйге жүлдеп,

Жарысады көшеде тай дүбірлеп.

Қою шаң арасынан айқай шығар:

«Бұзау емді, қайдасың, әй, жүгірмек?».

Тұтпайтұғын ауылдың салтын – мұрат,

Кеше келген сабағын қорытындылап.

Көрші қарттың қалалық немересі,

Қозы-лақтан қашады қорқып, жылап.

Сатылмай қалған,

болып түрлі себеп,

Сынық мүйіз сиырдың тумысы ерек.

«Қарасан келгір» деп, қарғап сауғанда апам,

Көл-көсір боп толады сырлы шелек.

Уызына қойған соң құлқынды етіп,

Қара бұзау әл бермей, жұлқып, жетіп...

Көрші үйлерден естілер еміс-еміс,

Қара күбі піскені күрпілдетіп.

Жылда жазда сүтсіз қап қаны қатқан,

«Көзіңді құртам ертең Тәңір атқан!»

Деп,- сыбап көрші кемпір айдап келед,

Қысыр қалған қашарын шаңлақтан.

Бетіңді ошақтағы тістеп жалын,

Жатады жалмайтындай күшпен бәрін.

Сары майға бөктіріп береді апам,

Сексеуілдің шоғына піскен нанын.

Қараңғыға сіңгенде алау ғалам,

Сәл тыныштық орнайды манаураған.

Қызыл жалын шапшыған кернейінен,

Көрінеді самауыр әр ауладан.

...Тірлігі кешкі ауылдың тынғанында,

Тербелер тыныштықтың құндағында.

Тезектен түтіндік сап қараша үйге,

Отырады ел кешкі асқа түн жарымда.

СҮРЕҢСІЗ ШАҚ

Қара жерге шаруаның тері сіңіп,

Жомарт күзден күтетін ел іші үміт...

Сарала жапырақтар жоғалыпты,

Кеткен-ау қарашаның желі ұшырып.

Күз кетті, етіп бізді қысқа аманат,

Қайтеміз қысқа күнді күстаналап.

«Өмір-ай!», – деп, қарт әкем күрсінеді,

Терезеден телміріп тысқа қарап.

Өзімен бірге әкетіп досты уақытсыз,

Барады тағы бізбен қоштасып күз.

Тәнін алды қара жер құшағына,

Жары қалды артында жас, бақытсыз.

Енді бүрін жарғанда шыбықтан гүл,

Әкетті қапияда жұлып тағдыр.

Жазы бітіп, бір сәтте қыс келетін,

Өмір деген осы екен, құрып қалғыр!

Көктемде қыраттардың төсінен гүл

Көктесе, қурар күзде есіл өндір...

Білмеймін, маған мүлде ұнамайды,

Тірліктің нүктесіндей осы мезгіл.

КҮЙ ҚҰДІРЕТІ

Құдіреттен күткендей шабытты асқақ,

(Қалайша көңіл шерін ағытпасқа).

Күйші отыр домбырасын қолына алып,

Шіңгірлете шектерін қағып тастап.

Маған да бұл бір сәттің күйі мәлім,

Лап етіп жанарынан жиі жалын.

Көкке ұшардай қомданып, кеудесіне,

Күтеді құдіреттің құйыларын.

Көңілсіз отыратын ылғи жүдеп,

Кенеттен дүр сілкінер қырғи жүрек.

Сиқырлы саусақтары перне үстінде,

Серіппедей селкілдеп сырғиды кеп...

Домбыраға тіл бітті, иіді жаны,

Дүниені қос шекке сыйдырады.

Салалы саусақтардың сиқырымен,

Шанақтан төгіледі күй бұлағы.

Кернегенде күйшіні толғақ-шабыт,

Еріксізден кетесің әруақтанып.

«Адайың» делебені қоздырғанда,

Қазақ үшін қоясың сәл мақтанып.

«Көш керуен» тізбегі көсілді анық,

Барады сахараның төсін жарып...

Көркімен тамсандырып көз алдыңнан,

«Ерке сылқым» өтеді есіңді алып.

«Келіншек» тіл қатқанда серті бекем,

Жабықсаң жан-дүниеңнің дерті кетер.

«Балбраун» бойыңды балбыратып,

«Сарыарқаның» самалы желпіп өтер.

«Тойбастардан» тағылым тамыр тартса,

«Әке толғау» – арыңа әмір, патша.

«Жұмыр қылыш» жаниды намысыңды,

«Кісен ашқан» жаныңды жабырқатса.

...Маңдайдағы әжімдер шимайланып,

Күйші бұл кез өзіне сыймайды анық.

Күңіренген домбыраның күмбірінен,

Кетеді өзі бір сәт күйге айналып.

ЖЫРАУ

Шығарып қос жанардай тұнықтан жас,

Тыңдалмаса, өнер де ұлықталмас.

Әрбір сөзі көненің көшін жалғап,

Жырау отыр төрімде құрып молдас.

Өскен соң жастай тыңдап баба зарын,

Тарқатады бойдағы «жан азабын».

Сүлейлердің сақталған сарқытындай,

Санасына сіңірген дала заңын.

Қолына домбырасын алса ырымдап,

Қонар бір сәт басыңа бал шырын бақ.

Көмейінен көшкенде күркіреп жыр,

Кетеді тәнің ұйып, жан шымырлап.

Сөз құлатса кеудеден ұл көшелі,

Жанының жазылады мың кеселі.

Дауылдатып алады алдыменен,

Содан соң төпелейді жыр нөсері.

Әдеті бар әдептен озбас әрі,

Санаға сіңбек емес сөз нашары.

Көмейінің күмбірлеп қоңырауы,

Көңілдегі көмілген көзді ашады.

Тұрмағанбет, Базардың беу, реңі,

Жалғасқан Шернияздың шеруі еді...

Кеудесіне жыраудың түнеп қалған,

Кешегі сүлейлердің керуені.

Тарихты танытар өрнегінен,

Зерлі сөзбен тұтады төрге кілем.

Көмейінен бүгінге көш түзеді,

Кеудесіне түнеген сол керуен.

Түпкі тегі сөзінен анықталған,

Жоқ шығар жырауы бар халықта арман.

Кеудесі бұл жыраулардың алтын көмбе,

Бабалар аманатын алып қалған.

Бергенде енді бір сәт тіліне ерік,

Мүлгіп қана тыңдайсың мұңына еріп.

Жырау келсе тұрады бабалардың,

Құлағыма үзілген үні келіп.

ҚАРЛЫҒАШТЫҢ ҰЯСЫ

Тұрғанмын лашықта да, шошалада,

Болған жоқ жылуынан ошағы ада.

Өз үйіме қолымыз жеткен күні,

Қарлығаш ұя салды босағама.

Көктем жерге аспаннан жақұт шашып,

Күнге мініп барады уақыт қашып.

Шиқылдап қос қарлығыш бір шөкімнен,

Балшық емес, жүргендей бақыт тасып.

Күнен-күнге ұяның өрнегі өсіп,

Жалықпай жасап жатыр төрге бесік.

Өзім тұрған ұядай бір бөлмеге,

Қос қарлығаш жатқандай бөлме қосып.

Аттары иеленген ән асылын,

Ақ бауыр, адал құсы даласының.

Жүрегің жібіп кетер көрген сәтте,

Жұптасқан «жанұяның» жарасымын.

Қанаттарда әуеде қалқып ұшқан

Құлшыныс бар өмірге, талпыныс бар...

Аз күнде дайын қылды балшық үйін,

Жаһанда жақсылыққа жаршы құстар.

Өмірдің ұрпақпенен болса мәні,

Сәті түссе, жоқ екен онша азабы.

Ұл мен қызым қуанып, ұядағы,

Сары ауыз балапанға қол созады.

Тағы атты алтын күнмен таң апталып,

Тілегімен қондырған алапқа құт.

Қимастықпен айналып өскен үйін,

Балапандар кетті ұшып қанаттанып.

Кедергіні көп көрген кері күннен,

Бұл ырымды жақсыға жорыдым мен.

Жылжығын жылдар өтті, содан бері,

Толмай жатыр үйімнің төрі кіммен?!

Ниетің жақсылыққа болса бейім...

Шаттық жырын сол жылы шырқады үйім.

Көп ұзамай ұядай құтханамда,

Өмірге есік ашты бір сәбиім.

...Күлімдеп көк жүзінен күн қараған,

Көктем кеп, көрдік тағы гүл даладан.

Бұл көктем де жеткізді сүйіншілеп,

Біздерге сәби дауысын іңгәлаған.

Күлкім – бақыт, бұл күнде ұйқым – «қайғы»,

Жан дүнием бір керемет күй тыңдайды.

Ұядай бір бөлмемді шуға бөлеп,

Сары ауыз «балапандар» шиқылдайды.

Табиғат кілем жайып бар бөктерге,

Қыс өтіп, қара жерден қар кеткенде.

Жақсылық әкелердей үйімізге,

Сол құстарды күтеміз әр көктемде.

СОҢҒЫ САПАР

Жаратқаннан жетті жарлық,

Аласарды биігім.

Өзіңменен кетті барлық,

Әлемдегі мейірім.

Көтере алмай басымды тік,

Өзегімді өрт алды.

Жанарымның жасын жұтып,

Тағдырымнан сор тамды...

Тоқтады ма ғұмыр-кеуде,

Ажал – арсыз тегі, шын...

Тек өзің ең жұмыр жерде,

Құдірет күш мен үшін.

Өкініштен жалын жұтқан,

Өр көңілім жасиды.

«Құдіретті» алып жыққан,

Құдіретке бас идім.

Ғазиз жаның Хаққа аманат,

Еңсемді езді ескі мұң...

Өзің кеткен жаққа қарап,

Өтеді енді «бес күнім».

ҚАРАШАДАҒЫ ҚАРАЛЫ ӨЛЕҢ

Ол жылы мен не бары он үште едім,

Мені құшып ағайын, көрісті елім.

Әкем кетті аттанып арамыздан,

Ішіне тұншықтырып соғыс шерін.

Қабыл боп Жаратқаннан ақ тілегі,

Сарқылды сәрсенбіде сәтті демі.

Жақсы кісі еді деп әкең сенің,

Жұрт жиылып жұбатып жатты мені.

Таусылып тірліктегі татар дәмі,

Басталды ақиретке сапар қамы.

Ажалдың тұтқынында кете барды,

Кешегі қан майданның қаһарманы.

Соңғы ауасын сіміріп бақ-мекеннің,

Ажалын күтіп алды ол ап кетер күн...

Тірлігінде жасаған сауаптары,

Соңынан шұбап бара жатты әкемнің.

Арқалап ұрпағы үшін сан азапты,

Бетке алды әкем ақыры «ана жақты».

Бірақ, оның өр, асқақ рухынан,

Ажалдың өзі именіп бара жатты.

Қайта көктеп, жарғанмен терек бүрін,

Болғанымен барлығы бөлек бүгін...

Күн өткен сайын мен де сезіп келем,

Әкеге де әкенің керектігін.

«Әке», – деп жүгіргенде ұлым бүгін,

Егілем еске түсіп құлын күнім.

«Орынында бар оңалар» дегендері,

Тегінде осы ма екен бұрынғының?!

БАБА ЕСКЕРТКІШІ ЖАНЫНДА

«Келте тонды Келменбет,

Келбетіңе рахмет»

(Хан сөзі)

Уа, Келменбет, дүр баба!

Таңдай қаққан талайлар,

Тау болмысты тұлғаңа.

Қорған болар жұртына,

Сендей туған ұл ғана.

Енді бүгін қарайсың

Тас тұғырдан түйіліп,

Ұрпағыңа мұңдана.

...Кек алмаққа дұшпаннан,

Қалың топқа қансыраған түсті арлан.

Желден жүйрік сары қасқа атыңа,

Ілесе алмай қанат қаққан құс қалған.

Келте болды шалғайынан сан шауып,

Тері тоның жібекпенен тысталған.

Ұрпағыңның қылышы бар, амал не,

Тасқа шауып қысқарған...

Батыр баба баданасын оқ тескен,

Сұм ажалмен талай мәрте беттескен.

Қарашасын қорғау үшін шоқ шайнап,

Жалын жұтып, от кешкен...

Бәдізің де биікте тұр бүгінде,

Текті рухың төменге әлі шөкпестен.

...Қамын күйттеп жүрген қара басының,

Қалмайын деп тек көштен

Мына біздей ұрпағыңды, кеш баба!

ҚАРАША. ҚАЛА

Қараша келді қатулы қырау қабағы,

Жылауық бұлттар бетіне бұлау қонады.

Жапырақтарға жынды жел жаназа оқып,

Жалаңаштады күз келіп мынау қаланы.

Қалдырғанымен қараша қаланы гүлсіз,

Қызғалдақтайын құлпырып барады бір қыз.

Сәуле сұрайды жұрттардан, тиын тіленбей,

Бұрышта тұрып бір бейбақ жанары нұрсыз.

Күреңіткен күзде көңілсіз күрсініп дала,

Жынды жел жұлды теректен бір шыбықты ана...

Көшелерінде күркілдеп көксау көліктер,

Тыныстайды әрең түтіннен тұншығып қала.

Қара қарға отыр басында жабығып талдың,

Жазын жоғалтқан бұл құстың жанын ұққан кім?!

Етекті тұтып еңіреп еңісті жапқан,

Көңілшек болып кетіпті бәрі бұлттардың.

Тас көшелерге тамшылар жаңбырдан тұнды,

Жоғалтты қала көгінде қаңғырған күнді.

Қолшатырлардың астында беймәлім бізге,

Теңселіп кетіп барады тағдырлар түрлі.

Түнере түсті түксиіп күздің қабағы,

Боз тұман басты тағы да біздің қаланы.

Жапырақтары тоналған жадау бақтағы,

Жасаурап отыр бейтаныс қыздың жанары.

КҮЗГІ КӨҢІЛ

Көлегейлеп Күн нұрын,

Аспанның да қабағы қатуланып тұр бүгін.

Түрер оның желіккен жел түндігін...

Жұбатады ал, бірақ

Сабағына басын сүйеп жылап тұрған Гүлді кім?

Ауысқанда ауадағы ағыстар,

Бүрсеңдейді қанаттылар – таныс хал...

Қаусап қалған қара талдың басынан да бағы ұшқан.

Ал, адамдар бағыттары беймәлім –

Жапырақтарды жаншып кетіп барады

Бірі-бірімен жарысқан...

Естімейтін дүниені дүрбелең,

Ызыңдаған бағаналар тұр керең...

Көк пен жердің арасында дірілдеп,

Өмір жайлы өлең тұр тек өлмеген...

Көргендерім:

Жанарымның ішіндегі сурет екен сүреңсіз

Көңіліме үңілсем –

Ән салып тұр мәңгі Көктем бүрлеген.

ЖАПЫРАҚ-ҒҰМЫР

Сарғайған бақта өзгерген мүлдем реңі,

Жапырақ бірде жылайды, бірде күледі.

Онсыз да оның бір сәттік келте ғұмырын,

Зулаған мынау қатыгез күн кеміреді.

Басталып жаңа өмірдің әні көктемде,

Сыбдырлап еді ерке жел тәнін өпкенде.

Күз келіп енді сарғайып мұңға батады,

Қызықсыз екен тіршілік мәні кеткенде.

Ілініп тұр-ау үміті сағағына әрең,

Жұбатқым келді кептеліп тамағыма өлең.

...Өткінші екен ғой расында Өмір дегенің,

Қарасаң бір сәт жапырақтың жанарыменен.

Сурет kzbydocs.com сайтынан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар