Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Құдайберлі Мырзабек: Мәлік Ғабдуллинді күшпен сөйл...

04.03.2019 6993

Құдайберлі Мырзабек: Мәлік Ғабдуллинді күшпен сөйлеткен жағдайлар болған

Құдайберлі Мырзабек: Мәлік Ғабдуллинді күшпен сөйлеткен жағдайлар болған - adebiportal.kz

Ақын, Көкшетаудағы М.Ғабдуллин мұражайының директоры Құдайберлі Мырзабекпен сұхбат

«СӘКЕНМЕН БАЙЛАНЫСЫ БАР» ДЕП ҚУДАЛАНҒАН

Құдеке, қазақтың аты аңызға айналған батыры Мәлік Ғабдуллиннің туып-өскен жері, шыққан тегі жайында айтып берсеңіз...

– Мәлік Ғабдуллин 1915 жылы 15 қарашада бұрынғы Көкшетау, қазіргі Ақмола облысының Зеренді ауданындағы Желтау тауының күнгей бетінде дүниеге келген. Бұл жер – Ғабдолла, Ысқақ деген дәулетті адамдардың қыстауы болыпты. Біздің жақта мұндайды «шұбар» дейді, малы барлар әр ағаштың қойнауында екі үй, үш үй, бес үйден топтасып шұбарда отыратын болған. Ысқақтың малы көп болады да, таудың етегінде отырады. Ал негізгі ауыл Үлкенқора деген жерде. Сол маңда «Өтес бұлағы» деген бұлақ бар. Реті келіп тұрғасын айта кетейін, Ысқақтың баласы Мыңбай – қазақ күнтізбесін жасаған атақты математик. Ал Мыңбайдың баласы Архимед Ысқақов – «Архимед мектебін» ашқан елге белгілі ұстаз.

Мәліктің қазақи жолмен тегі – арғынның қарауылы, оның ішінде қанай тармағынан. Кәдімгі «Ту баста Абылайды хан көтерген, Қамқоры қарауылдың шешен Қанай» деп Мағжан ақын «Батыр Баян» поэмасында жырлаған Қанай бидің тікелей тоғызыншы ұрпағы. Қанай Құттымбетұлы өз тұсында Ташкенттің бір қақпасына ие болған екен. Қанай би Түркістанда жерленген. Қанайдың Бақы, Итқара, Солтанкелді деген үш ұлы болған. Мәлік Бақыдан тарайды.

– Балалық шағы қайда өтеді?

– Мәлік ержеткеннен кейін бұлар Қойсалған деген жерге көшіп барып, сол жерге үй салады. Бүкіл ауыл сол жерге топтасады. Сөйтіп, балалық шағы Қойсалғанда өтеді. Мәлік алғаш Қойсалғаннан алты шақырымдағы Құлет ауылындағы мектепке барады. Сол ауылда жетіжылдықты бітірген соң оқуын жалғастыру үшін Көкшетауға келіп, Коммуна мектебіне қабылданады. Бұл қазіргі Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 мектеп.

– Жас Мәліктің Алматыға келуіне Сәбит Мұқанов ықпал еткен екен...

– Иә, Мәлік жас кезінен зеректігімен көзге түсіп, белсенді болады. 1930 жылдары Сәбит Мұқанов ЧК-ның өкілі ретінде Көкшетауға келгенінде Мәлік арнайы сәлем беріп барып, мектебіне кездесуге шақырады. Кездесуде 15 жасар Мәлік Сәбеңнің шығармалары туралы баяндама жасап, өлеңдерін оқиды. Осылайша Сәбеңе жас шәкірттің талабы ұнап қалады. Сол жылы Алматыдан келген комиссияның іріктеуінен өткен Мәлік Алматыдағы ауылшаруашылығы институтына оқуға түседі. Оның алдында Сәбең де оны Алматыға шақырып кеткен еді. Сосын Сәбеңнің ақыл беруімен Мәлік ауылшаруашылығы институтын тастап, ҚазПИ-ге түседі. Бұл әліпбидің төте жазудан латыншаға ауысып жатқан кезі. Кітапты қалай басып шығаратынын көргісі келген Мәлік баспаханаға барып, сол жерде Бейімбет Майлинге кездесіп, әңгімелеседі. Жас баланың алғырлығын, ынтасын байқаған Бейімбет оны қосымша жұмысқа алады. Әр бетіне 70 тиыннан ақы төлеп, төте жазумен жазылған кітаптарды латыншаға көшіртеді.

– Алғаш оқуға келгенінде Сәбит Мұқановтың үйінде тұрған екен...

– Сәбеңнің үйінде тұрғаны рас. Бірақ ең алғаш Алматыға келгенінде Әбділда Тәжібаев екеуі Сәкен Сейфуллиннің үйіне түседі. Оқып жүріп «Пионер» газетінде жұмыс істейді. Институтты бітірген соң 1936 жылы әскерге алынып, Өзбекстанның Ферғанасында әскери қызметін өтейді. 1937 жылдың қызыл тоқпағында Мәлікке Сейфуллиннің үйінде тұрғаны пәле болып жабысады. «Халық жауымен» байланысы бар» деп қыспаққа алады. Тіпті Семин деген офицер қыр соңына түсіп алады, комсомолдан шығартады. Мәлік Семинге: «Мен кінәсізбін ғой, мен де үлкен азамат болармын, менің де сізге бір жақсылығым тиер, нақақтан күйдірмесеңізші», – дегенінде Семин: «Менің саған күнім түспейді», – деп тұмсығын көтереді. Әупірімдеп сотталудан аман қалып, әскерден босап Алматыға келсе, «халық жауымен» байланысы бар» деп ешбір жерде оны жұмысқа алмайды. Сөйтіп, бір жылдай қара жұмыс істеп, вагоннан жүк түсіріп күнін көреді. Бірақ өзі де отты жігіт. «Мен «халық жауы» емеспін» деп қуынып жүріп комсомолдық билетін қайтарып алады.

Ал енді Семинге байланысты бір әңгімені айта кетейін. Мәлік Кеңес Одағының Батыры атағын алғасын КСРО Қорғаныс Халық комиссариатының саяси бас басқармасында лауазымды қызметте жүргенінде басына іс түсіп халі мүшкілденген Семин Мәліктің алдына келеді. «Таспен атқанды аспен ат» деген ұстанымдағы Мәлік өзінің бұрынғы жазалаушысының құжаттарын реттеп беріп, жазадан құтқарып жібереді, кектенбейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Міржақып Дулатұлының “Оян, қазақ!” кітабы туралы цензуралық материалдар - 3

– Әскерден келген соң не істейді?

– Әскерден келген соң ҚазПИ-ге аспирантураға түсіп, «Қобыланды батыр» жырын зерттеудің ғылымдық мәселелері» деген тақырып бойынша ғылыми жұмысын жазуға кіріседі. Ғылыми жетекшісі Мұхтар Әуезов болады. Диссертациясын жазып аяқтап, енді қорғаймын деп жүргенінде соғыс басталып, майданға аттанады.

– Соғыста Панфилов дивизиясының құрамында болады ғой?

– Иә, Алматыда жасақталған 316-атқыштар дивизиясының құрамында ротаның саяси жетекшісі болып соғысқа кетеді. 1941–42 жылдары Мәскеу түбіндегі Руза өзенінің бойында Ширяево селосының маңында ауыр шайқастар жүреді. Осы кезде «Жауынгерлердің рухын көтеру үшін әр халыққа өзінің ұлттық батырларын насихаттаңдар» деген Сталиннің жарлығы шығады. Саяси жетекші, фольклорист Мәлік – Қобыланды батыр, Кенесары, Наурызбай, Исатай, Махамбет туралы қазаққа ана тілінде, өзбекке «Алпамышты» өзбек тілінде, қырғызға «Манасты» қырғыз тілінде, әзірбайжанға «Көрғұлыны» әзірбайжан тілінде жырлайды. Осының арқасында әскер арасында беделді болады.

– Батыр атағын қалай, не үшін алған?

– 1942 жылы Новгород облысына қарасты Холм қаласының түбіндегі шайқаста Мәлік бастаған бір топ сарбаз жау шабуылын тойтарып, қатты соққы береді. Екі танкіні қиратып, немістің он екі солдатын тұтқынға алады. Осы шайқаста ауыр жараланғанына қарамастан, Мәлік майдан даласын тастамай, соңына дейін сарбаздарға басшылық жасайды. Осы ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесінің жарлығымен 1943 жылы 30 қаңтарда Кеңес Одағының Батыры атағын алады. Ал оны батыр атағына ұсынған Бауыржан Момышұлы болатын. Баукең ол кезде Мәліктің полк командирі болған. Қазақтардың ішінде көзі тірісінде бірінші рет батыр атағын алған – Мәлік Ғабдуллин.

М.Ғабдуллин

БАУКЕҢДІ ӨТЕ ҚАТТЫ ҚҰРМЕТТЕП, ҚАСТЕРЛЕГЕН

Яғни бұл кісі саяси жетекшімін деп сырт қалмай, қолма-қол ұрысқа да қатысқан ғой?

– Иә, нағыз қолма-қол ұрыстың жауынгері болған. «113 фашисті өлтіріп, 11 танкіні қираттым» деп өзінің жазғаны бар.

Ширяево түбінде он үш жауынгерімен жеті күн қоршауда қалып, қаншама қиындықты басынан өткеріп, қоршауды бұзып келгенінде, бұларды өлді деп жоғары басшылыққа ақпар беріп қойған. Тіпті еліне жіберетін «қара қағазға» дейін дайындаған екен. Бұлар жолшыбай бөлініп қалған өзге бөлімшелер жауынгерлерін де қосып алады. Жаралыларды да тастамай өздерімен бірге алып жүреді. Сөйтіп, тура немістердің штабы орналасқан деревняға шабуыл жасап, сол жерден қоршауды бұзып шыққан. «Жеңіске жету үшін көп болудың қажеті жоқ, ең бастысы, жүрек керек» деп Мәліктің жазғаны бар.

– Мәншүк Мәметованың Кеңес Одағының Батыры атағын алуына да Мәлік Ғабдуллин себепкер болған жоқ па?

– Иә, Төлеген Тоқтаровтың, Мәншүк Мәметованың батыр атағын алуына тікелей себепкер болған адам – Мәлік Ғабдуллин. Мәншүкті батыр атағына ұсынғанда КСРО Қорғаныс Халық комиссариаты Саяси бас басқармасында істеп жүрген кезі. Мәншүк қызмет еткен құрамаға арнайы барып, ерлігін дәлелдеп, «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынылып тұрған Мәншүкке Кеңес Одағының Батыры атағын беруге ықпал етеді. «Егер оған жұлдыздарың жетпейтін болса, менің жұлдызымды алыңдар!» деп табан тіреп тұрып алады. Ол заманда мұндай сөзді айтудың өзіне де үлкен ерік-жігер керек болатын.

– Баукең сияқты рухы мықты кісі болған екен...

– Баукеңді өте қатты құрметтеп, қастерлеген. Мен осы кісілердің азаматтығына таңғаламын әрі қызығамын. «Әр ұлттың рухын көтеретін нағыз батырлардың атын атаңдар» деп Сталиннің тарапынан тапсырма берілген кезде Баукеңдер мен Мәліктер Кенесары, Наурызбай, Исатай, Махамбет, Амангелді – бесеуінің атын атайды. Сол ұрымтал тұста тарихшы Ермұхан Бекмаханов Кенесары мен Наурызбайды ғылыми айналымға шығарып үлгерген болатын. Бұл кісілердің ұлылықтары осында. Әйтпесе бұлардың алды Баукең отызға әлі тола қоймаған, Мәлік пен Ермұхан – 25-тің маңайындағы жас жігіттер. Сол кезде кейбір ел басқарып отырған кісілердің миына кірмейтін, қолынан келмейтін әңгімелерді айтады. Және сол қайнаған оқ пен оттың ортасында жүріп Алматыдағы әдебиет майданына да араласып, тілге, әдебиетке байланысты пікірлерін айтып отырған. Оның өзі кемеңгерлік қой. Мәлік майданда жүріп Ғабит Мүсіреповке хат жазады. «Сәбит, Мұхтар үшеуің сыйыспайды екенсіңдер. Не жетпейді сендерге? Неге тату болмайсыңдар? Майданда жүрген бізден үлгі алмайсыңдар ма?» деп ренішін білдіреді. 1944 жылы «Майданбек» деген поэмасы үшін істі болып сотталып кетейін деп тұрған Дихан Әбілевке ара түсіп, жазадан аман алып қалады.

– Мәлік батыр соғыс кезінде елге келді емес пе?

– Иә, батыр атағын алғасын 1943 жылдың жаз айында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін елге келеді. Сапарын Қызылжардан бастап, ауылында бір-ақ күн қонады. Ол кезде үйлері бір-ақ бөлмелі болған. Сондықтан республикадан, облыстан келген басшыларды киіз үй тігіп қарсы алады. Мәлік кеткесін облыс басшылығы ұйымдастырып, Мәліктің әкесіне үлкендеу ағаш үй салып береді. Содан А қмола, Қарағандыда болып, соңында Алматыға келеді. Жамбылға сәлем бере барып, батасын алады.

Батырым – Мәлік беренім,

Жүйрігім, озған өренім.

Халқы сүйген қалаулым,

Жырымды саған төгемін, –

деп басталатын Жамбылдың жыры сол кезде шыққан. Жамбылдан да бұрын бұл кісіге өлең арнаған, бірінші жырлаған кісі – Бауыржан Момышұлы.

Ел күйзелген кезінде ерлік еткен бауырым,

Жау жағадан алғанда батырлық еткен бауырым, –

деп басталатын жырын арнаған. Сол кездегі бүкіл қазақ даласындағы қазақ ақындарының бәрі Мәлікке жыр арнайды. Жамбыл облысының Шу ауданынан шыққан Жақсыбай Жантөбетов деген халық ақыны 1944 жылы эпостық жырлар сарынында «Мәлік батыр» деген поэма жазған. «Правда» газетінде жазушы Борис Полевойдың «Эпостың тууы» деген үлкен мақаласы шыққан. Сол мақаласында Борис Полевой бұл рухтың аспаннан түспегенін, ерліктің жайдан-жай жасалмағанын керемет суреттеп жазады. Мәлік Ғабдуллиннің өзі Бауыржанға жазған хатында «Батырлық бізге айдаладан келген жоқ. Батырлық біздің қанымызда, салтымызда бар. Біз бұрын да батыр болғанбыз. Әлі де сондаймыз. Бұдан былай кедейміз, жарлы едік, жақыбай едік деп қыртудың керегі жоқ» деп жазған.

М.Ғабдуллин мен С.Аманжолов (1950 жыл)

ӘКЕСІ ҒАБДОЛЛА ӨЗ ҮЙІН МЕШІТКЕ БЕРГЕН

– Батырдың әкесі қандай адам болған?

– Мәліктің әкесі Ғабдолла өте сауатты кісі болған. Жұрттың барлығы «Молла ата», «Молла аға» деп құрметтеген. Мәліктің анасы Әлия Оспанқызы 1932 жылғы аштықта қайтыс болған. Бір үйдегі он баладан Мәлік қана тірі қалған. Бауырлары жас кездерінде аурудан, аштықтан өле берген. Өзі Алматыда оқып жүріп анасының жаназасына қатыса алмапты. 1960 жылдары Көкшетаудағы мешіт өртеніп кетеді. Дүниеден өтер алдында Ғабдолла ақсақал Қойсалғандағы өкімет салып берген үйін бұздырып, Көкшетаудан мешіт салуға аманат етеді. Көкшетаудағы бұл мешіт қазір де мұсылмандарға қызмет етуде. «Ингуш мешіті» деп аталады.

– Мұсылманшылықты жақсы ұстанған кісі екен ғой?

– Иә, мұсылманша өте сауатты, бес уақыт намаз оқыған кісі. Меккедегі Қағбаның жамылғысын ауыстырғанда мұсылмандар тәбәрік қылып бөліп алады екен. Оны «хисуа» деп атайды. Ғабдолла ақасақал сол хисуаны өмір бойы жайнамаз қылған.

– Қажылыққа барған ба?

– Жоқ, бармаған. Бұл кісіге қажылыққа барған бір адам құрметтеп алып келген. Сол хисуа, ақсақалдың Құран кітаптары, Қазанда шыққан «Мұхамедия» деп аталатын діни дастандар жинағы мұражайда тұр.

– Текті жерден шыққан екен ғой?

– Иә, текті жерден шыққан. Қанай ұрпақтары қазір Көкше өңірінде алты ауыл болып отыр. Ғабдолланың Бекен деген ағасы – өзі саятшы, өзі мерген. Сондай сері жанды, ел сыйлаған, өткен-кеткен әңгімені жақсы білетін, үйіне ылғи бір ақын-жыршы, игі жақсылар түсетін кісі болған. Мәлік жасынан соның тәрбиесін көп алған, еліктеген. Бекеннен Дәлден, Дәлденнің баласы Жанатай қазір 75-те. Өзі журналист. Біз істеген мұражайда қызмет еткен. Жанатай ағамыздың жұбайы Мәриям Кенжеахметқызы осы мұражайдың негізін қалап, аяғына тұрғызған. Жоғарыдағы Мыңбайдың інісі Темірхан Ысқақов Мәлік Ғабдуллиннің үйінде тұрған. Нағыз жақындары осылар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Мархабат Байғұт. Бір дорба диплом

– Елде болған соң қайта соғысқа кетті емес пе?

– Иә, соғысқа қайта барады. Үкімет те ақылды ғой. Орыс емес халықтарды сөзімен, білімімен соңынан ерте алатынын көргеннен кейін мұны тікелей соғысқа салғаннан гөрі абырой-беделін, үгіт-насихатын пайдалану керек екенін түсініп, Бас штабқа алып кетеді. КСРО Қорғаныс Халық комиссариатының Саяси бас басқармасында бөлім бастығы болып 1946 жылға дейін істейді. «Темір генерал» атанған Сабыр Рақымовпен де Мәскеуде кездескен. Соғыс біткеннен кейін Мәлікті әскерде қалдырып, әскери қызметте ұстағылары келеді. 1946 жылы Мәскеудегі пәтердің кезегі келіп, ордер жазылып қойған. Содан бұл кісі бас тартып: «Мен әскердің адамы емеспін, ғылым қуамын» деп елге қайтады. Жалпы, бұл кісінің қарапайымдылығы, биязылығына қарап, батырлық жасайды деп ешкім ойламайды екен. Өзі де естелігінде «Мен кісі өлтірмек түгілі өлген адамның түрін көруге қорқушы едім» дегені бар. Соғысқа барған соң «мен атпасам, мені атады» деген ұстаныммен соғысады.

– Елге келген соң не істейді?

– Алматыға келген соң Сәбит Мұқановқа аманаттап тастап кеткен диссертациялық жұмысын қайта қолына алады. Бұл ауыздан шыққан әрбір сөз есепке алынып тұрған қиын кезең еді ғой. Көп айтыс-тартыстармен әрең дегенде 1947 жылы Мұхтар Әуезовтің жетекшілігімен ғылыми жұмысын қорғап шығады. «Қобыланды батырды» шығару үшін бірталай батырлар жырын құрбандыққа шалуға тура келеді. Оны қазір жұрт түсінбейді, «анау өйтті, мынау бүйтті» деп жатады. 1953 жылғы әйгілі конференцияда қазақтың бүкіл эпостарынан бас тартқызған. Сол кезде Мәлік Ғабдуллинді күшпен сөйлеткен жағдайлар болған. Кейбіреулер сол фактіні қазір кері пайдаланып, ұлыларымыздың арасына ши жүгіртуге тырысатынын байқаймыз. Қазақ фольклорын мансұқтауды жоғары жақ кімнің аузымен болсын бұрап отырып айтқызатын еді. Айтпаса басы кететіні де анық жағдай. Бұл тұс Қажым Жұмалиев, Мұхамеджан Қаратаевтар 25 жылды арқалап сотталып кеткен кез еді ғой. Осы Мұхамеджан Қаратаев Сталин дүние салғаннан кейін 16 жылын өтеп айдаудан оралады. Еш жерде жұмысқа алмайды. Сол кезде Мәлік Ғабдуллин Қаратаевты өзі іздеп барып амандасып, жұмысқа алады. 1951 жылдан 1963 жылға дейін ҚазПИ-дің ректоры болған ғой.

– Мәлік атамыздың жазушылығы да бар емес пе?

– М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов т.с.с. атақты тұлғаларға жазған хаттары көп. Екі қап хаттары мен жазбалары соғыста өртеніп кеткен. Сосын ол соғыста түйген ойларын үнемі қағазға түртіп отырып: «Мынаны еңбектеріңе пайдаланыңдар, мен жазушы емеспін, оны толықтай ашып жазуға қарымым да, уақытым да жетпейді», – деп жазушыларға берген. Бірақ майдандағы достарының аты өшпесін, ерлігі ұмытылмасын деген оймен «Менің майдандас достарым» атты кітабын жазған. Солардың жыршысы болған. Өмірінің соңында «Албырт» деген роман бастаған екен, бітпей қалыпты. Бір тарауын ғана аяқтап үлгерген. Негізгі прототипі өзі.

Ғалым ретінде жазған академиялық еңбектері де баршылық. «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» деген кітабы мен хрестоматиясы 1954 жылдан осы уақытқа дейін филология факультеттерінде оқытылып келе жатыр. 1954 жылдан бастап мектеп оқулықтарын жазған. Оқулық жазу өте қиын. Әлі күнге дейін қазіргі оқулықтар соның сұлбасымен келе жатыр. «Қазақ фольклористикасы» деген кітабы да осы күнге дейін қолданыстан түскен жоқ. Тұрлыбек Сыдықовпен бірігіп жазған «Қазақ халқының батырлық жыры» деген кітабы шыққан. Публицистикалық, сыни, әдеби жанрдағы бұрын жарық көрмеген 30–40 баспа табақ еңбегі бар. Біз мұражай қызметкерлерінің күшімен батыр еңбектерінің 6–7 томын іріктеп дайындап қойдық. Әлі де он томдай дүние болады деп отырмыз. Бұл кісі туралы жазылған еңбектердің өзі бір төбе.

– Қоғамдық жұмыстармен айналысып, үлкен атақ-дәрежелерге де ие болған жоқ па?

– 1959 жылы докторлық диссертациясын қорғайды. КСРО және Ресей Педагогика ғылымдары академиясының академигі болып сайланады. Үш мәрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болады, Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген қайраткер атағын алып, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталады. 1963 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында фольклор бөлімінің меңгерушісі болады. ҚазПИ-де фольклортанудан сабақ берген. Бұл кісі ұрпақ тәрбиесіне өте мән берген. «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес» деген еңбегі бар. Сол үшін Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлық алған. Сол еңбегінде баланы кішкентай кезінен бесік жырымен және есі кірген соң батырлар жырын жаттатып өсіруді өсиет еткен.

– Соншама атақ-дәрежесі бола тұра, өмірде өте қарапайым кісі болған екен...

– Қарапайымдылығы, адамгершілігі туралы әңгімелер өте көп. Ректор болып жүрген кезінде қаншама студентке жағдай жасаған. Жазғы демалыстарда студенттер ауылына қайтуға билет екенсіңдер ғой!» деп депутаттық өкілеттігін пайдаланып, студенттеріне пойызға, ұшаққа билет әперіп жүретін болған. Студенттердің жағдайымен танысу үшін жатақханаларды аралап, олармен шахмат ойнаған болып отырып жағдайларын сұрап біліп, шахмат тақтасының астына ақша қыстырып кетеді екен. Кейде студенттермен отырып олардың қара шайын ішетін болған.

Ол кісінің қарапайымдылығына мына бір әңгіме дәлел болады. Бірде түс мезгілінде Мәлік ағамыз жұмысқа келе жатады. Бұл талапкерлердің оқуға емтихан тапсырып жатқан кезі екен. Күн ыстық. Бір ағаштың түбінде жанында қызы бар қария тамақ ішіп отырады. Оны көрген Мәлік аға бұрылып барып сәлем береді. Қария оны дәмге шақырады. Мәкең жанына тізе бүгіп, дәмінен ауыз тиеді. Кішкене әңгімелесіп, жұмысына кетеді. Біраз күннен соң қарияның қызы оқудан құлап қалады. Құжаттарын алып кету үшін институтқа келгенде қабылдау бөлмесіндегі есіктегі «Мәлік Ғабдуллин» деген жазуды оқып: «Мынау батыр Мәлік пе?» – деп сұрайды. «Иә, сол», – деген соң, «Мұндай мүмкіндік енді туа бермес, атағы алты алашқа жайылған батырдың дидарын бір көріп, амандасып шығайыншы» деп ойлайды. Кірсе, ағаштың түбінде отырып өзімен әңгімелескен, дәм татқан кісі төрде отыр.

Мәлік аға да қарияны танып, орнынан атып тұрып амандасады. Сол жерде қарияның ыңғайсызданғанына қарамай, баланың құжатын алдырып, оқуға түсіріп жіберген екен.

Сұхбаттасқан Рысбек ҮРКІМБАЙ,

«Жұлдыздар отбасы» журналы, №09, 2014 жыл

Суреттер ғаламтордан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар