Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Құлбек Ергөбек. Мұстафаның өлімі туралы қаралы жиын

26.04.2019 1290

Құлбек Ергөбек. Мұстафаның өлімі туралы қаралы жиын

«Кеше, апрельдің 3-і күні Қазақ үністетінің оқытушылары, оқушылары, партия, жастар ұясы марқұм Мұстафа жолдасты еске түсіріп қайғылы мәжіліс жасады. Мынадай көңіл білдірді:

Жас қыршын Мұстафа жолдастың ойда жоқ жерде бір жауыздың қолынан жазықсыз қаза тапқанына қайғырамыз. Мұстафа 22-нші жылдан бері үністетте оқып жүрген аяулы боздақ еді, дегеніне жете алмай, орта жолда өмірі кесілді. Бұл аянышты өлім, бұл кешілмейтін өлім.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Тұрсынбек Кәкішев: Сәбит - Мағжан - Сәкен


Мұстафаның тумаларына, құрбы-жолдастарына көңіл айтамыз. Мұстафаның оқып жүріп жазған азды-көпті сөздерін жинап бастыру керек. Мұстафа сықылды аяулы жолдасымызды өлтірген жауыз Әбеу баласы Сұлтанбекті заң мекемелері аямай, тезірек ауыр жазаға беруін талап етеміз – деді мәжіліс».

Иә, «Адасқандар» романының бір кейіпкерінің түптұлғасы – Мұстафа Көшеков қазасы жайында «Еңбекші қазақ» газеті жариялаған кейбір материалдар осындай мәліметтер береді. Кезінде жазушы Сәбит Мұқанұлы бұл материалдарды еркін пайдаланғанында дау жоқ. Ал осы материалдар бүгін де оқушысына айтары бар, көркем шығарма, тіршілік, адам тағдыры жайлы бірсыпыра ой салатын секілді. Әзірге бұл материалдарды жазушы Сәбит Мұқанұлы болашақ жазбақ шығармасына дерек жинайтын бір көз ретінде алға тартып отырмыз.

Келешекте жазылмақ шығармаға дерек жинайтын төртінші көз өзі қоғамдық айыптаушы райында ұдайы қатысып жүрген сот процесі. Ол не сот?

Қызылорда қаласының жазғы клубында 1928 жылы көкектің 29-ында Мұстафаны өлтірген Сұлтанбекке ашық сот жүргізіледі. Сот процесіне сол кездегі қазақ зиялылары молынан қатысады. Олардың кейбірімен әр жылдары біз де жолығып әңгімелестік. Айталық, профессор Бейсембай Кенжебаев, Бәтима Мақашқызы, Мәриям Мұқанкеліні, Бекет Тайлақов естеліктерін жазып алып, газетте жарияладық. Көзкөргендердің айтуына қарағанда, айыпкер мінбесінде қасқайып қылмыскер Сұлтанбек Әбеуұлы тұрған. Жәбірленуші үстелінде Мұстафа Көшекұлының жесірі – Бәтима Көшеккеліні отырады. Басы Бәтиманы Қызылордадан әкелген Балқай Байтоғаев болып куәлер шақырылады. Сот процесін жүргізуші Сырдария губерниялық сотының сессиясы. Сот ағасы – Ерімбетұлы, мүшелері Байжанұлы Ысқақ, Мұсағалиқызы Пәтима, хатшысы Әбубәкірұлы, прокурор Жантуарұлы Сұлтан, айыпкерді қорғаушы адвокат Дебоген болады. Сот процесіне қоғамдық айыптаушы болып Сәбит Мұқанұлы қатысады. Төрт күнге созылған сот процесінің материалы түгелге жуық «Еңбекші қазақ» газетінің бетінде «Мұстафаны өлтірген Сұлтанбекке сот» деген атпен жарияланды [1].

Қылмыскер Сұлтанбек Әбеуұлына құрылған сот процесінің материалдарын «Мөлдір махаббат» («Адасқандар») романының материалы ретінде қарастыруға қандай негіз бар? Сот процесін газетте жарияланған есебі бойынша бақыласақ, С.Мұқанұлының екі мақсат жетегінде болғанын жақсы аңғарамыз.

Алдымен қаза тапқан Мұстафа Көшекұлының есесін даулаушы, әлеуметтік әділеттілікті жоқтаушы – қоғамдық айыптаушы Сәбит Мұқанұлы, содан соң келешек жазбақ шығармасына материал жинақтаушы, әрі материал екшеуші – жазушы Сәбит Мұқанұлы. Жазушының өмірде кісі өлтірген Сұлтанбекті жек көріп, сот процесінде аса зор айыптап сөйлейтіні, керісінше, «Адасқандар» романында оны қорғап шығуының сыры да міне, осында.

Қоғамдық айыптаушы, көбіне шартты міндет атқаратын кісі ғой. Ал сот процесінің есебіне үңілсек, С. Мұқанұлының айналасында өтіп жатқан құбылыстың ешбіріне бейтарап қарай алмағанын байқаймыз.

Ол сот төрағасы, прокурормен таласа өзіне қажетті, істің ақ-қарасын анықтайтын сұрақтар беріп отырады. Солардың кейбірін келтірейік:

«Қоғам айыптаушысы: (демек С. Мұқанұлы – Қ. Е)

– Мұстафаны өлтірмеуге аямай, Батиманы аяған себебің не?

Сұлтанбек:

– Батима қазақтың надан әйелі. Оны алдап-арбап сүйгенінен айырып, Мұстафаның өзі алғаны үшін Мұстафа жазалы деп ойладым. Қоғам айыптаушысы:

– Бір сөздерінде бастығы Міржақып, торғайлықтың бірқатарлары қазір саған әйел алма деп ақыл береді. Міржақып пен басқа торғайлықтарға да Мұстафа екеуіңнің жақындықтарың бірдей, олар Мұстафаға әйел алма демейді. Бұған қалай қарайсың?

Сұлтанбек:

– Мұстафа менен беделді. ...(өшіп кеткен – Қ. Е.) оқуы жуық. Сондықтан Мұстафа әйел алса, ендігі жерде бір жағынан оқып, бір жағынан әйелін асырайды деп ойлаған болар деп шамалаймын».

Бұл қоғамдық айыптаушы мен айыпкер Сұлтанбектің жауаптасуы. Енді қоғамдық айыптаушы мен Бәтима арасындағы әңгімені тыңдап көрейік.

«Қоғам айыптаушысы:

– Бәтима, Сіз кешегі жауабыңызда, жолда түскенде Сұлтанбектің әкесінің үйі еш жәрдем берген жоқ деп едіңіз, жазған қағазыңызға қарағанда Сұлтанбекке, екі жолдасың Шалқарға ертіп әкеліп тастады дейсіз, мұныңыз қалай?

Бәтима:

– Кешегі айтқан сөздер есімде жоқ. Қағазға жазылса рас шығар. Қоғам айыптаушысы:

– Бәтима, Сіз Қызыл отауға (Қызылордаға болар – Қ.Е.) келген соң Сұлтанбекке жазған хатыңызда Міржақып, Сейдәзім, Мұстафаны қосасың. Мұстафаға тиген соң, Сұлтанбекке кел деп шақырып хат жазасың. Мәнісі не?

Бәтима:

– Сұлтанбекті сүйген едім. Келсе, тиетін едім».

Міне, осының бәрі шығарма жазу мақсатында жүрген жазушыға көл-көсір материал емес пе? Сөз жоқ, жазушы үшін аталмыш жайлардың қайсысы да көз тоқтатып, көңіл қойып қарайтын материалдар тізбегі. Бәлкім, осы материалдарға қарап жазушы шығарма жазбақ ойды біржола бекітіп, өзі осы ойға бекініп іске кіріскен шығар. Алайда, бұл бар болғаны материал ғана! Жазушы жазбақ шығармасына қаншама көп материал жиғанымен одан қандай шығарма тумағы шығармашылық процестің әлі көп актілеріне байланысты. Бәлкім, ендігі осындай процестің бірі – жиналған материалды екшеу, сұрыптау болар, асылы. Ал бұл оңай мәселе емес.

Ұлы орыс жазушысы Л.Н.Толстой «Соғыс және бейбітшілік» роман-эпопеясына көл-көсір материал жинаған. Отан соғысына қатысқан қаншама қолбасшылардың мемуарын оқыған. Бір «Соғыс және бейбітшілік» роман эпопеясына ғана емес, ұлы жазушы өзге әрбір шығармасына көп материал жинап, аса зор дайындықпен келіп барып, жазуға ден қояды екен. Және бір ғажабы екшей келе жинаған материалдарын іріктеп пайдаланып, бірсыпырасын арттырып отырыпты.

Мұндай құбылыс М. Әуезовте де кездеседі. «Абай жолы» роман-эпопеясын аяқтаған жазушы «Тағы осындай бір роман жазарлық материалым артылды» – деген.

Сәбит Мұқанұлы да «Сәкен Сейфуллин» пьесасына жинаған материалдың жарымын ғана пайдаланғанын айтады. Ал «Адасқандар» романына қаламгер материалды қалай екшеп, қалай іріктеп пайдаланды?

Жазушының жоғарыда аталған төрт жүйе материалды қалай екшегені оның төрт күнге созылған сот процесінің аяқталуына орай сөйлеген сөзінен байқалады.

Сот процесі 1928 жылы сәуірдің 29 күні басталып, төрт күнге созылады. Қоғамдық айыптаушы екі жастың махаббатына қатысты адамдарды мінездегенде таптық тұрғыдан қарайтынын аңғарамыз. Ақыр аяғында Сұлтанбектің қылмысты әрекетке бару сырын біле тұрып, (Мұстафаның, Бәтиманың әділетсіз әрекеттеріне қарамастан) таптық тұрғыдан талдау жасайды. Төрт күнге созылған сот процесінің аяқталу кезеңінде шырғалаңға айналған шытырман оқиғаның түйінін тауып, шиесін шешіп ұзақ сөз сөйлейді. Біз С.Мұқанұлының ол сөзін оқушыларға толық таныстырып жатуды артық көреміз. Өйткені жазушының ол сөзі «Мөлдір махаббат» былай жазылды» деп аталатын мақаласында келтірілген. Алғаш «Қазақ әдебиеті» газеті бетінде жарық көрген ол мақала кейін «Сөзстан» мақалалар жинағында қысқарып жарық көрді. Бірақ Сәбеңнің сөзі не туралы екенін, жазушының материалды екшеу процесін көрсету үшін кейбір сәттерге аялдау орынды. Ия, сот процесі аяқталу барысында Сәбит Мұқанұлы қоғамдық айыптаушы ретінде ұзақ сөз сөйлейді. Сөзінің түйіні қысқа қайырып айтқанда мынадай жайлардан тұрады.

Ол алдымен екі жас – Сұлтанбек пен Бәтиманың махаббаты шын сеніскен де, сүйіскен жүрек дерті екендігін анықтайды. «Шын сүйіскен» [2] – деген ойын тарата айтады. Бұл екі жастың қалай танысып, махаббат жолына қалай түскені хақында. Көңілдері жарасып серттескен екі жастың арасының суысуы, ақыр аяғының қанды оқиғаға әкеліп соғуына кінәлі кім, себепкер қайда? Мұны жазушы «Шылық араласқан» [3] деп түйеді. Қоғамдық айыптаушының шылық араласқан дегендегі айтары: Сұлтанбек пен Бәтима аралары жеті атаға келгенімен, әлі қыз алыспаған ағайын, әкелері туыс санатында, көңілдері жақын. Әрі сүйек жаңғырту мақсатымен Бәтима түп нағашысы (әжесінің төркіні) – Жақсылықтың Сәлім атты басы таз баласына атастырылған. Бірі қызын беремін деп, екіншісі аламын деп бата жасап, бет сипасқан соң, жастар айтқан жерден шықпаса бата бұзылады. Сондықтан олар Бәтиманың Сұлтанбекке қосылуына қарсы. Іштей қарсы ғана емес, мүмкін-қадары аяқтан шалып, кедергі келтіреді.

Өр болып өскен Бәтимаға әлдері келмей, Қызыл отаудың күштеуімен Қызылордаға оқуға аттанып кеткен соң, ел ақсақалдары қыз жолына тор құруда оқыған байшыл-ұлтшылдарға сүйенеді. Бәтиманың хатын, Сұлтанбектің өлеңін жиналған көпшілік алдында оқыған Сәбит Мұқанұлы мұны «Шылық пен былық» [4] деп анықтайды.

Қоғамдық айыптаушы: «Сондықтан сот мұны түптеп, зерттеп осы оқиғаға қатысты болған істердің тамырына балта шабуы керек» [5] – деп талап ете сөйлейді.

Бұл қанды оқиғада Сұлтанбек қана жаза тартпай, іске араласы бар, етектен тартқан ескінің, оларға қол ұшын берген оқыған ұлтшылдар да жазалануы керек деп біледі ол.

Ойының төртінші тармағын «Сұлтанбектің жазығы» деп тұжырымдап, мына мәселелерді айтады:

«1. Комсомолдың қасиетті атын былғады.

Әйел теңдігіне қол сұқты.

Мұстафаны қатеден емес, қастан өлтірді» [6] Жұртты ұйыта ұзақ сөйлеген сөзді тұжырып айтқанда осындай! Қоғамдық айыптаушының сөзіне қарағанда екі жастың сүйіспеншілік махаббатынан басталып, кісі өліміне келіп тірелер қанды оқиғаны Сәбит Мұқанұлы түптей тексерген, ойында он сан електеп қорытқан. Сәбит Мұқанұлы материалды толық жинап, меңгерумен бірге жазылмақ шығармасына желі тартып қойғандай халде жүргенін де осы сөздерінен аңғаруға болады. Демек, болашақ шығармаға шикізат – материал дайындалды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Шәкәрім қажының Сәбит Мұхановқа жазған хаты

Дайындалып қана қоймай, таптық көзқарас, суреткерлік ой, шығармашылық мақсат тұрғысынан іріктеліп, екшелеп сұрыпталады да. Жазушы бастан кешетін ендігі шығармашылық процесті бастамас бұрын Сұлтанбектің қылмысты ісіне құрылған сот процесінің нендей үкіммен аяқталғанын айта кетелік. Қоғамдық айыптаушы Сәбит Мұқанұлы әлгіндей қорытындылар шығара келіп, Сұлтанбектің аяусыз жазалануын сұрайды. Ол: «Егер де мұндайларға қатты жаза салынбаса, басқалар да бұдан үлгі алып, көңіліне жақпаған адамды аңсары ауған күні өлтіріп тастай беруі мүмкін»

Қорғаушы азамат бір сөзінде: «Сұлтанбек бала, сондықтан жазасын жеңілдету керек» деді. Сұлтанбек бала емес. Бала кісі ойланып, планын құрып алып өлтірмейді. Сұлтанбекке 136-статьяны түгел қолданып, тиісті жазасын тартқызар. Қоғамға, үйірге түзеп қосар деп сенемін. Осындай оқиғаны тудыруға себепкер болғандарға бұдан да ауыр жаза салу керек» деп аяқтайды сөзін [7].

С.Мұқанұлынан кейін шығып сөйлеген қорғаушы Дебоген Сұлтанбек Мұстафаны қастандықпен емес, масқаралағанына шыдай алмай өлтірді, әрі жас, сондықтан оған 136-статья ауыр болады деген пікірін қайталап айтады. Ақтық сөз айыпкер Сұлтанбек Әбеуұлына беріледі. Газетте оның сөзі былай жарияланыпты:

«Айыпкер Сұлтанбек Әбеуұлының сөзі.

Мұстафаны өлтіруіме себеп болған газеттегі сөздер екенін жауабымда да айтқам. Әлі де айтатыным сол.

Мұстафаның осындай қылықтарына шыдай алмадым, өлтірдім. Мені Байтоғайұлы Балқай, бай, атқамінердің баласы дейді. Мен кедей баласымын. Әкем атқамінер болып ешкімге ... (өшіп кеткен оқылмады – Қ.Е.) рарын тигізбеген адам. Менің жастығымды Кеңес соты еске алар. Жазамды жеңілдетер деп сенемін. Прокурор, қоғам айыптаушысы қорытынды сөзінде маған ең ауыр 10 жыл түрмеде жатқызуды тілек етіп отыр. 10 жыл бір кісінің өмірі, егер де 10 жыл жататын болсам, одан да атып өлтірсе екен деймін» [8].

Төрт күнге созылған процесс бойынша сот Сұлтанбекті:

«Сұлтанбек Мұстафаны жазықсыз өлтірген. Қызғаншақтық мақсатпен өлтіргенін өзі де мойындады. Мұстафаның өлімі аянышты өлім. Мұстафаның жастығы, коммунистігі бір аянышты болса, Сұлтанбектің қолынан басына 21 жерге жара түсіп мылжаланып өлуі екі аянышты. Сондықтан сот Сұлтанбекті қылмыс жүргізу заңының 136-ншы бабының «а», «б» буынына ылайықты еркінен айырып, 8 жыл түрмеге жатқызуға үкім қылады» – деген кесім-жаза береді.

Жазушы үшін материал жинақталып қалған еді. Енді сол материалдардың елеулісін електеп, іріктеп, шығармасына пайдалану жолдарын жоспарлауы ғана қалған секілді. Електен өткен материал жазушыны жиі-жиі мазалап жазу столына шақырғыштай бастаса керек. Бұл шығармашылық процестің кезекті бір сатысы, бізге бүгін қызық көрініп отырғанымен уақытында жазушыны тоқсан толғанысқа салған «ет пен сүйектен жаралған» адам ретінде, мойнында қоғамдық міндеті бар айыптаушы, оқиғаға қызығып, тақырыбын тауып тетігіне жете алмай жүрген жазушы райында әбден қинаған бір өткелі еді.

Міндеттің қайсысын да сәтті атқарып шыққан Сәбит Мұқан-ұлының алдында жүйке мен жүрекке күш салар қаншама істер күтіп тұр? Материал игерілмей қалып қояр жағдай, әйтпесе жазушының оңтайына келмей, жазылмай қалар тақырып, тіпті сәтті басталып, аяқталуы азапқа айналып өртелумен бітетін шығарма да, шығармашылық трагедияға айналып кетер сәттер де бар тарихта. Ондай жағдай С.Мұқанұлының басында болмады дейсіз бе?!

Зерттелген тақырып, тақырыпты айтасыз, екшелген материал да әлі көркем шығарма емес. Бұлар әлі көркем шығармаға керекті материал, жасалған негіз, салынған жол, қаланған баспалдақ қана. Ендігі мақсат, ендігі процесс оқиғадан ой түю, ойды образ табиғатына сіңіру, шығарманы қалай құру, қалай аяқтау... дегендей толып жатқан міндеттер жетегінде болса керек. Шығармашылық осындай процестің ендігі бір кезеңі – жоспарлаудан басталатындай ма, қалай?..

ІІ

Әдебиет тарихында жазар шығармасына жоспар жасайтын да, қиял қуатына сеніп жоспарсыз-ақ ойын ақ қағаз бетінде өрнектей беретін де қаламгерлер болған. Ұлы ақын А.С.Пушкин, үлкен прозашы А.Н.Толстой жоспарды мойындай бермеген. Сәбит Мұқанұлының жазушылық тағдырында жоспарлаудың табиғаты әрқилы. Көлемі көз қорқытарлық романдарын жоспарсыз бастап кетуге тәуекелі жеткен жазушы кейде жеке мақала, тарихи-этнографиялық очеркке арнайы жоспар құрған. Бүгін тәптіштей баяндалып отырған материалдың жайы қалай? Жазушының шығарма жазары анықталды. Ал сол шығармасына жазушы жоспар жасаған ба? Бұл сұраққа кесіп-пішіп жауап айту қиын. Жасамады деуге негізінен поэзия жанрында еңбектеніп келген жас дарын алдында тұңғыш рет көлемді проза талаптары тартылғалы тұр. Жоспар жасады деуге, жазушы архивінде романдық ұзын желіні көзге елестерлік жүйелі жоспарды байқамадық. Жекелеген жоспар-жоба бар. Соның бірі мынадай:

«ҚОҒАМ МЕН АДАМ»

Темалар

Қазақтың ескі кездегі әйелге көзқарасы.

Сұлтанбектің әйелмен жақындығы.

Әйел (Бәтима) қандай кісі?

Кімдердің қатынасы бар?

Қазіргі кезде (Кеңес өкіметінің) әйелге көзқарасы.

Әйел мен еркек. Махаббат. Байлардың пікірі.

Мұстафа жазықты ма?

Сұлтанбек қандай адам? Комсомол.

Кісі өліміне кімдер себеп болған?

Бұл оқиғаның бүгінгі салт, санаға қандай әсері бар?

Қылмыс заңы. Жаза не үшін беріледі?

Сұлтанбекке тиісті жаза салынған ба?

Үкім қандай болу керек?» [9]

Жазушы архивінен алынған бұл деректі Сәбит Мұқанұлының материал сұрыптаудағы тәсілі деп қараймыз ба, әлде романға кірісердегі толық жоспардың болғаны осы ма?

Дәл кесіп айту қиын. Әйтсе де, жазба жазушының шығармашылық іске кірісе бастағанын көрсетеді.

Шығармашылық психологиясы дегеніңіз қызық. Материалды игеру мақсатындағы сөйлесу, әңгімелесу сәттерін былай қойғанда, қалай жорырымызды білмей отырған мына қысқа жоба-жоспардан да жазушының таптық көзқарасы, суреткерлік дүниетанымынан бастау алатын бірсыпыра сыр аңғаруға мүмкіндік бар.

Көзқарас – өмірлік материалдың өнер туындысына айналуында айрықша рөл атқарар фактор. «Көзқарас – шығармашылық қожасы» (Н.Тихонов). Осы жоспарға тікелей шығармашылық ерекшелік, жазушылық мәнер тұрғысынан қарап, ой қорытсақ, мынадай жайлардың куәсі боламыз.

Алдымен жазушының кең ауқымды, масштабты ойлау мәнері, мәселені әріден бастауы бізге бұл роман жоспары-ау деген жорамал жасауға ерік береді.

Жоспардың «Қазақтың ескі кездегі әйелге көзқарасы», «Сұлтанбектің әйелмен жақындығы», «Әйел (Бәтима) қандай кісі», «Қазіргі кезде (Кеңес өкіметінің) әйелге көзқарасы», «Әйел мен еркек. Махаббат. Байлардың пікірі», «Әйелді жауапқа тарту мәселесі» деген бунақтары тікелей әйел тағдырына құрылған. Осыған қарап, жазушының ойға алған шығармасының негізгі көтерер мәселесі – әйел бас бостандығы, рухани тәуелсіздігі боларын, осы ойдың тіпті жазушы ойының қазығына, шығармасының тақырыбына айналарын топшылайсың.

«Қазақтың ескі кездегі әйелге көзқарасы», «Қазіргі кезде (Кеңес өкіметінің) әйелге көзқарасы», «Байлардың пікірі», «Кімдердің қатынасы бар?», «Ақыры нелер себеп болған, кісі өліміне кімдер себеп болған?» деген тармақтар жазушының оқиғаға таптық көзқараспен қарағанын (жазушының кейбір кемшілігі осы көзқарасқа байланысты орын алады – Қ.Е.), материалды да осы ой жүйесімен екшегенін және шығармада айтар ойдың әлеуметтік тынысы, тартыстың әлеуметтік мәні де осы таптық көзқарас төңірегінен өрбитінін пайымдаймыз.

«Әйел (Бәтима) қандай кісі?», «Мұстафа жазықты ма?», «Сұлтанбек қандай адам? Комсомол», «Сұлтанбекке тиісті жаза салынған ба?» – деген сауалдар (бұлар әрі эскиздер) арқылы шығарманың болашақ кейіпкерлерін жазушы ой таразысында күні бұрын безбендеген, жете зерттеген деген ойға жетелейді. Әрі осы сәт объективтік идея, авторлық мақсат, шиеленіс салмағы сияқты өзекті мәселелер жөнінде жоспар құрғаны байқалады.

«Бұл оқиғаның бүгінгі салт, санаға қандай әсері бар?», «Қылмыс заңы. Жаза не үшін беріледі?», «Сұлтанбекке тиісті жаза салынған ба?», «Үкім қандай болу керек?» – дегенде өмірлік материалды, шығарылған үкімді ой елегінен өткізген. Болған оқиға ізімен жүру – көркемдік шындыққа алып бара ма? Сот процесінің аңғары дұрыс па, шығарылған үкімнің артық-кемі жоқ па? Оны көркем шығармада қалай көрсету керек деген сұрақтар, шығарманың оқушыларға берер тәрбиелік мәні жөнінде алдын ала топшылаудан туса керек.

Жөпелдете жасалған қысқа жоспардан біз жазушының осындай ойларына кездескендей боламыз. «Сұлтанбекке тиісті жаза салынған ба?» – деген сауалға қарап, бұл сот процесі аяқталып, материал екшеліп, жазушы шығармашылық процесті бастар сәтте жасалған жоспар болар деп топшылаймыз.

Иә, осылайша шығармашылық процесс – жазу процесі де басталып кетті. Автор екі жақты күйде тұрды ол кезде. Алдымен ақындық шабыт, жастық қуатпен роман тез жазылса керек. Бұл – бір ой, бір болжам. Сонымен қатар, жазушы ол кезде кең тынысты прозада тәжірибесіз. Тәжірибесіздік автордың қолын байлай беруі де әбден мүмкін. Роман Қызылорда қаласында басталды да Санкт-Петербургта аяқталды. Санкт-Петербургта жазылуы қалай?

Мақаланың түпнұсқа тақырыбы - «Қайғылы мәжіліс»

Жалғасы бар...

ТҮСІНДІРМЕ:

- «Еңбекші қазақ» газеті, 1928 ж., сәуірдің 30-31, мамырдың 1-2-індегі сандарын қараңыз

- С.Мұқанов архиві, 26-том, 454- бет

- Сонда. 454-бет

- Сонда. 456-бет

- Сонда. 457-бет

- Сонда. 458-бет

- «Еңбекші қазақ» газеті, мамырдың 5-і, 1928 ж.

- Сонда.

- «Сәбит Мұқанұлы архиві», 21-том, 439-бет. С.Мұқанұлының мемориалдық музей-үйі.

- Ә. Марғұлан. «Сәбитті еске түсіру». Қолжазба. С.Мұқанов музейінің архиві.

- «Естеліктер»папкасы, 1-бет.

- С.Мұқанұлы. «Өмір мектебі». А., 1970,3-кітап, 286-бет.

- Сонда, 374-бет.

- «Сәбит Мұқанұлы архиві», 21-том, 438-бет.

- Жаңа әдебиет журналы, 1929ж., №1, 21-34 беттер.

- «Социалистік Қазақстан», 1959, 1 май.

- М.Жансаеваның жазушыға 1970 жылы, мамырдың 27-і күні жолдаған хаты С.Мұқанов музейінен пайдаланылды. Хаттың 2-3-беттері.

- Пушкин А.С. «Капитанская дочка». Издание второе, дополненное, Наука, Л., 1984, с.207

- Қ.Ергөбеков. «Қос ғасыр куәгері». «Қазақ әдебиеті» газеті, 1982ж., 1 қаңтар.

- П.Вежинов, «Так же, как строим мост». «Обзор», 1984, №7, с.47.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар