Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Құлментегі М: Болмысы бөлек Адал ақын.

17.11.2017 2500

Құлментегі М: Болмысы бөлек Адал ақын.

Адалбек Ақмәдиұлымен ақын Асанқадір Исабек: «Бірнеше кітаптың иесі», - деп таныстырды. Орта бойлы қара торы екпіндетіп шешен сөйлейтін жан-жақты білімі бар көзі отты. Өз өлеңдерін қоңыр дауысымен мәнерлеп жатқа оқитыны маған ұнады. Жалпы пошымында қазаққа тән болмысы бар. Жігерлі. «Руым меркіт», - дегенде қатты риза болдым. Кешегі ұлы Шыңғысханмен тайталасқан меркіттің ұлы табақтас болып қасымда отыр. Дастархан басында жөн сұрасып таныса келе ол 1969 жылы Шығыс Түркістанның Алтай аймағы Жеменей ауданында дүниеге келген, атажұртқа 1996 жылы небір қиын кезеңдерді басынан өткізіп аңсап сағынып жеткен бауырымыз ақын Адалбек Ақмәдиұлы екен.

Қою қайратты қара шашын сілкіп артына қайырып өз өлеңдерін бірінен кейін бірін шабыттана оқыды. Әңгіме барысында пікірлеріміз үндесіп бір-бірімізді біле бастадық. Өлеңдерін тыңдап отырып байқағаным ұлтын сүйетін ұлтының мұң мұқтажына немқұрайлы қарамайтын ұлт тағдырына адалы жүрек пен ақындық көзқараспен айта алатын қуаты бары көрініп тұр.

Бұл ақынды сонау Шығыс Түркістандағы туған жері Жеменейде жатқызбай тулатып Атажұртына алып келген де сол ұлтын сүйетін ақын жүрегі ме деп қалдым. Ойымыз бен рухани түсінігіміз бір жерден шығып, бір-бірімізді түсіне бастадық. Ақын Адалбек «Аян», «Құсұйқы», «Айжанар» деген үш кітабын маған сыйлап, «оқып көріңіз ұнаса пікіріңізді білдіріңіз», - деп ұсынды. Әрине кез келген ақын оқырманының пікірін білгісі келеді өзін тану үшінде оқырман пікірі керек. пікір жазуда оңай іс емес, жөнсіз мақтап өсіре сөйлеуге болмайды, дөп басып айта білсең ол ақынға пайдалы іс болар еді.

Өнер адамы кім? Ол – ақын, суретші, мүсінші, сазгер, ұста сәулетші – осындай өнердің әр саласында өз өнерінің қабілетіне байланысты өнер иесі болады. Ол өнеріне өмірінің соңына дейін адал қараса тұлғаға айналады. Кез келген өнер ұлтқа халыққа қызмет жасау керек. Халықтарды, ұлттарды бір-біріне туыс бауыр жасайтын өнер, өнеріне қарап халық болмысын тануға болады. Өнер адамының керекті құралы ұлтшылдық, Абай байдың баласы, бәрі де жетеді болыс та болған бірақ қазақ үшін неге күйіп-піскен.

Себебі, ұлтын шексіз сүйген ұлтшыл. Ұлтының болашақ тағдырына алаңдаған. Сондықтан Абайды кім көрінген түсіне алмайды, ол ұлы ойшыл философ Абайды түсіну үшін терең білім керек. Білімсіздер айтады: «Абай айтты ғой, есектің артын жусаң да мал тап», - деп шулайды. Әй ары қарай неге оқымайсың ар жағында Абай айтып тұр ғой «Өзім деп мал тапқан адам хайуанмен тең» қазір өзім дегендердің көбейген заманы. Әрбір өнер адамына өнер Тәңірден берілген сый деп ұғынып өз халқының мүддесіне жұмсап қазақ халқының рухани мәдениетін байыту әрбір өнер адамының парызы.

Осы бір ойларды айтып кетуді жөн көрдім. Енді ақын Адалбек Ақмәдиұлының өлеңдеріне талдау жасап көрелік.

Өнер адамына өнер Тәңірден беріледі дегенге Адалбек ақынның жауабы.

Әй, дүние естимісің, сен мені,

Мен Тәңірдің ақынымын жердегі.

Жырлап-жырлап кетем ұшып аспанға,

Өлеңменен нұрландырып кеудені,

Мен тәңірдің ақынымын әй ғалам.

Бұл жерде ақында жігерлі екенін білдіріп әркім бара бермейтін батылдық сезіліп тұр.

Тіл адамзат баласында әр ұлттың өркениеті – қымбат қазынасы. Өз тілін ардақтап, құрмет тұтпайтын халық болмайды. Тіл – құдіретті қару, сол халықтың бітімі тілінде жатыр. Жауласқан екі елді екі ауыз сөзбен дауын шешкен небір ақылман ділмар шешен-билер өткен. Қазақта «жылқы кісінескенше адам сөйлескенше» дейді. Тіл арқылы әлемді Тәңірін таниды.сондықтан ана сүтімен қанына дарыған тілді ана тілі деп құрметпен қарап кие тұтқан. Тіл киесі деген ұғым осы. Тілді құрметтемесе тілдің киесі атады. Осы тілге қатысты ақынымыз не айтады. Құлақ салып көрейік.

Білгің келсе әлемді,

Сөйле Дала тілінде.

Бөлшек-бөлек әр елді,

Біріктірер түбінде.

Міне ақын тіл құдіретінің тамырын төрт ауыз сөзбен дөп басып айтып тұр. Тіл өркениет жемісі адамдарды біріктіретін өнер құдіреті. Тіл туралы тағы бір өлеңіне кезек берелік.

Сенің тілің сөйлегенім туғалы,

Шындық туын жығып алдым шұғылалы.

Менің тілім тылсым көктің қылышы,

Менің тілім сәулелердің сырлы әні.

Сенікінде саңғырығы сайтанның,

Хақ алдында әуселеңді байқармын.

Менің тілім көк бөрінің ырылы

Көк Тәңірдің құрсағында шайқалдым.

... ала тілден дана тілді бальзамдап

Қара түннен баба күнге қайтардым.

Ақын отаршыл басқа тілдердің ықпалын жиренішті айта отырып өз тілінің құдіретін ашып айта білген. Мысалы тылсым көктің қылышы, көк бөрінің ырылы, Тәңірдің құрсағында шайқалдым бұл көркемдік теңеулер өлеңге керемет қуат беріп тілімізді асқақтатып сонау өткен дәуірдегі түркілік сарындардан әсерлі елес береді. Ақынның тамырында құдіретті көне түркілік қанның ұшқыны ойнап тұрғанын аңғару қиын емес. Қуат күштің бәрі көне дүниенің құшағында оны заманға лестіру өнер адамдарының мойнындағы парыз.

Уа, Жаратқан,

Түнегіңді ал, күнің бер.

Өзегіме өз елімнің мұңын бер

Қазағымның жанары боп жылаймын,

Маған біраз жыр жазарлық ғұмыр бер.

Уа, Жаратқан, өкпелі ғой маған ел,

Бауырын әлі жаза алған жоқ қарагер.

Қазағымның жоқтамасам намысын

Бас ұрмаймын алам десең ала бер,

Өкпелі ғой маған қалам – қарагер.

Тек ақындық емес Қазақ өнерінің қай саласы болса да сол өнердің иесі бірінші ұлтын сүю, ұлтшыл болу парыз деп түсінемін. Онсыз үлкен дүние жасау мүмкін емес. Кез келген өнер туған халқының көңілінен шығып жүрегіне жетсе, сол әлемдік мәдениет болып саналады. Жоғарыдағы Адалбек өлеңі ұлтына деген шынайы сезіммен шыққан елдің мұңын, жырлап намысын қорғау әр ақынға тән қасиет. Кез келген халықтың өнер адамы өз тағдырын ұлт мүддесіне байланыстырады. Мысалы, ұлы Абайды алып қарайық: ұлтын барынша сүйген ұлтшыл адам. Өзі төрт түлігі сай байдың баласы барлығы бар, ел билеп болыс та болған. Қазақ билігіндегі заңдарға өзгеріс енгізуге ұмтылған. Қазақты түзетуге болашағына қатты алаңдаған ұлты үшін осынша уайым қайғы жеуі ұлтын шексіз сүйген ұлтшыл адам ғана ұлт болмысына қызмет жасай алады. Абай туралы Адалбек не дейді:

Мың қайтара оқып шықтым «Құранды»,

Пайғамбарлар қайталапты бір әнді.

Айналып кеп Абайыма жүгіндім,

Кешір Құдай күнәмді.

Көбінікі күмәнді.

Абай ғана айтқан екен турасын,

Абайға да нанбап еді қу басым.

Құдайына шын берілген жан болса

Абай құсап жырласын.

Абай – жалғыз сырласым.

Маған ұнағаны Адалбектің дөп басып, батыл айтуы. Құдай өзі ауызына салып тұрса неге айтпасқа ақынға ең керегі батылдық. Айтпаса сөздің атасы өледі дейді қазақ. Кешегі комунистік қоғамнан шыққан ақындардан батылдық еш уақытта шыққан емес. Міне еркін ойдың ақыны өз бабасын биіктен көріп жырлайды.

Жалғасымын өйткені Ұлы Абайдың

Жалған дәулет басыма сұрамаймын.

Құтылмайды түлкі жыр бұлаңдаған

Дәл тигізем көзінен құралайдың.

Себебі, мен – Рухымын Ұлы Абайдың.

Абай философ, ақын. Сөз ділмары шешен, сазгер, домбырамен ән айта білген аудармашы, сол дәуірдің заңын жетік білген қазақ қол өнерінен алғаш көрме ұйымдастырған жанның бірі орыс тілін жетік білген.

Қазақ дәстүр-салтына жетік білгірі, сол дәуірдегі шығыс, батыс кітаптарын оқыған қазақ топырағындағы өз дәуірінен озық туған жан екені шығармаларынан айқын аңғарылып тұр. Абайдың орыс ақыны Крыловтан аударған «Қарға мен түлкі», «Шырылдауық шегіртке» сияқты аудармалары түпнұсқадан асырып, қазақ болмысына енгізіп алып келуі аударманы Абайдан үйрену керектігін көрсетіп тұр. Крыловтың өзі ол еңбегін үндінің көне дәуірдегі Жатак кітабынан алған, сол дәуірде Үндістанда бай-манаптарды жаман іс-әрекеттерін аң-құс образды бейнесімен келемеж етіп шығарған. Сонымен бірге, неміс ақыны Гетенің «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңін Лермонтов аударған нұсқасынан алып, қазақ өнеріне теңдесі жоқ өнер туындысын қалдырды. Мұқағали да Абайды көп зерттеп, үлгі алған адамның бірі. Абай шығысқа да, батысқа да ұқсамайтын құбылыс өнерінің түп тамыры сонау Түрік әлемінің Күлтегін, Тоныкөк тас кітаптарымен сарындас. Қазақ сөз саптау өнері, мифтік аңыздарымыз, эпостық жырларымыз, ән-күйіміз, музыкалық сазымыз, аспаптарымыз ешкімге ұқсамайтын өзінше әлем. Ерекшелігіміз осында жатыр. Абайды батыстан, шығыстан, орыстан үйренді деп жүргендер өнерге зерделеп қарамайтын дүмшелер. Сыртқы күшке жалтақтаған сүмелек жағымпаздар Абайды екінің бірі түсіне алмайды. Түсіну үшін үлкен білім керек. Абай болмысы тұңғиық терең түпсіз ғарыш. Тәңірдің Қазаққа берген сыйы.

Мен Қазақпын, Атыраумын, Алтаймын,

Құрта алмаған сан алапат, сан қайғың.

Ғасыр ана бесігінде тербеткен,

Махамбетпін, Абаймын мен Нартаймын.

Адалбек ақын Абайдың өзін пір тұтады. Абайдан өмір бойы үлгі алғысы келеді. Ұлтын сүюді Абайдан үйреніп, өзіне ұстаз санайды. Адалбек те өз халқының тағдырына алаңдайды, жаны күйзеледі, тебіренеді.

Өзіңнен көр Қазағым бәр-бәрінде

Бара жатыр азайып дәрменің де.

Жусан иісі бұрқырап жататұғын,

Жоғалыпты жырларың, әндерің де.

Өзіңнен көр бәріне шыдамасаң,

Жығыласың, құлайсың ұраға сан.

Саған Аспан емшегін емізбейді,

Өзің жылап омырау сұрамасаң.

Өзіңнен көр қарағым, өзіңнен көр

Мынау сайқал жалғанды көзіңмен көр.

Қатарласып қасыңда келе жатыр

Басын мүжіп бабаңның семіргендер

Өзіңнен көр!

Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл. Ширек ғасыр өтті. Қазақ тілінің өгей қалпында қалуы, жастардың жұмыссыздығы, баспананың шешілмеуі, елді жемқорлық жайлауы, діни жат ағымдардың қаптап жастарды бұзып, жиһад деп соғысқа кетіп, елін сатуына өнер адамдары ел тағдырына алаңдап, өз пікірлерін білдіреді. Бұл олардың азаматтық парызы. Осындай пікір білдіруден еш қалыс қалмағаны Адалбек өлең жолдарында айқын көрініс тауып, орынды пікірлер айта білген. Адалбек ақынның кітаптарын оқып, зерделеп қарасам, ақын жан-жақты толысып, адамға әсер ететін күрделі ойларға толы жазған өлеңдерімен осы мақалаға байланысты жерлерін теріп ой толғауым, жалпы кітаптарының толық нұсқасында пікір айтсам, өлеңдері сезімге толы, сөзді тауып сөйлеп көркем айта білед. Тақырыптарды сан алуан, бас-аяғы жұмыр көркемдік шешімдері жоғары деңгейде, образды теңеулері шебер қолдана білген. Әр түрлі шешімді ойларды ала біліп, өзіндік болмыс қырымен көрсете алады. Қазақ тілді жетік біліп, әр сөзді орнына қоя біледі.

Жалпы, мәдениетте адамзат бір-бірінен алу заңды құбылыс. Мәдениеттер алмасу арқылы құбылып отырады. Алу – тікелей көшіру емес, өз халқыңның санасына лайықтап өзіндік қолтаңбаңмен басқа қырынан көрсету. Абай, Гете, Крыловтан тікелей көшірген жоқ. Қазақтың болмысына салып мүлде басқа қырынан көрсете білді, аударуды Абайдан үйренген жөн болар. Қазіргі біздегі қырғыз, өзбек әндерін тікелей көшіру ар-ұяттан безген арсыздыққа жатады.

Адалбекке айтарым, бұрын да, қазір де, қай заманда айта алатын айтары бар ақындарды ел құрмет тұтқан. Сен де төрт аяғы тағаланған тұлпар сияқты жарау кезің. Қазіргі соғыс – жымысқы. Кешегі Қабанбай, Бөгенбай, Райымбек, Махамбет сияқты қару ұстап соғыссаң, арманың жоқ. Шайқасып жастығыңды ала жатасың. Шеттегі арам пиғылды елдер неше түрлі арам идеяларын, діни ағымдарды ақшаның күшімен тықпалап, жастар санасын улап, өз халқына өзіне айдап салып, қырғын жасап пайда табуда. Бізде ақша сырттан келіп, қаптаған мешіттер салынып, жат ағыммен жастар санасы улануда. Уланған сананы тазарту оңай шаруа емес.

Тұтас халықта, билікте бұған қарсы әрекет жасамайды. Бұған қарсы әр саладағы өнер адамдарының қажырлы еңбегі керек. Ол аз топ, бірақ рухы мықты топ. Ол халықтың көзі мен құлағы. Бұрын да сол топ халықты адасудан құтқарған. Кешегі Бұқар жырау, Ақтамберді, Мәди Бәпиұлы, Дулат Бабатайұлы, Махамбеттер ұлт санасына жігер беріп, халықтың рухын асқақтатқан. Рухы биік халық ешуақытта ешкімге құл болған емес.

Халықтың жадына байланып, санасында қалам десең, семсерді қайрап өткірлейтін құмқайрақ керек. Жастардың жігерін қайрап, өршіл намысты ер жасау ұлтын сүйетін сана қалыптастыру кімнің қолынан келеді, ол тек әр саладағы өнер адамдарының қолынан келеді. Қазақ жастарына ұлттық болмыстың қазығын кімдер қағады, ол тек өнер адамдары. Күрес мәңгілік ұйықтасаң, ұлттық сана құрдымға кетеді. Тарихта өзін жоғалтқан ұлттардың тізімі жетерлік. Ұлттық сананы рухтандырып, асқақтататын оты, жігерлі жырлар өнер туындылары қазіргі өмірімізге ауадай қажет.

Тәуелсіздік алғалы бері өмірімізге енген адам төзгісіз азғындық, жемқорлық, дарақылық, тексіздіктерге тек өнерді сүйген талапты өнер адамдарының күресі ғана жеңеді, халықты құтқарады. Кешегі батыр бабаларымыздың қайсар рухын қайта жаңғырту арқылы өршілдікті, кісілікті, тектілікті, ақсүйектілікті ашық қоғам құрып, текті мемлекет болуға барша өнер адамдары бірігіп қолға алайық.

Ақын Адалбек Ақмәдиұлы жігерлі толысқан кезің уақыт тұрмайды, айтарыңды қасқайып айтып қал уақытында.

Өзіңнен жігерлі, дауылды, отты өлең жолдарын күтеміз. Жігеріңмен жаны, Қазақ Рухын!!!

Дархан темірші ұста

Құлментегі Махмут Жетенұлы,

Түркі дүниесіне еңбегі сіңген қайраткер,

қазақ өнерінің қайраткері, этнограф, өнертанушы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар