Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Күлтегіннің Көк тасындай күмбірле!...

17.08.2020 3541

Күлтегіннің Көк тасындай күмбірле! 12+

Күлтегіннің Көк тасындай күмбірле! - adebiportal.kz

Ұзақ та, ауыр бір сапардан оралған оғылан ер іргеңе кеп ат шалдырып жатыр делік. Жаны жаралы, жүзі қаралы, қабағы жауар бұлттай. Сондай асқақ, сондай аруақты ер. Қайсарлығы мен өткір нәзіктігі беліндегі берендей. Астындағы серігі есік пен төрдей. Ереуіл аттың суыт жүрісін әнтек бәсеңдеткендегі аяқ алысы; ауыздықтың моншақтай сылдыры; пысқырынуы; бусанған тердің жұпары; батырдың ырғатыла аттан түсуі; қара тамақ қанды найзаның қайқы бас ерде сүйеулі қалуы; бүркіт қабағын көтеріп тұман шөккен алып тауларға ойлана көз тастауы; күрсінуі, серттесуі; жортуылдан шалдыққан аттың оқыс осқырынуы; ішін тартып өксуі. Қан жусандай егілген ұрыс даласынан, қаншама дүниесін жоғалтып, қаншама дүниесін тонатса да, қайта туғандай ақ арманына аман жетіп ақтық байлап тұрған апайтөс бейне. Кепиетті сәт. Сауыт-сайманын саудыратып іргеңнен өтіп, босағаңа келіп қалды әне. Ауыр алған дем, алапатты жүріс. Ертегі емес, елес емес, өңіңде. Өңіңнен де ыстық – өмірде, кітапта, поэзияда! Өйткені сен өркеш-өркеш теңіздей тербелген өлең кешіп келдің. Асуда асу ойлардан талықтың. Қаныңдағы қасқыр иісі бұрқырап Алтайдың ақселеулі жонынан жорттың. Табаныңды күз жауған соқпақ талдырып, ақшам мен түннің арасын армансыз кездің. Көк Түріктердің жорық жырынан төбеңде жасын ойнап, тұла бойыңды кек кернеп, Күлтегіннің соңғы сәтіне куә болдың. Теріскей белден тер аққан, күнгей белден қан аққан Орта ғасырдың ұрыс майданында азуыңды айға білеп тұрсың! Аш қасқырдай алқындың, хас қырандай жұлқындың! Мүмкін мерт болдың, шейіт кеттің. «Ажалымыз қайдан-дүр» дейтіндей армансызсың! Осының бәрін «Алматылық шайыр досқа» ақтарыла айтып тауыса алмай отырсың бәлкім? Бәлкім бәрін ішіңе жұттың? «Құмдағы шайыр моласына қашалған жырды» жаңбыр шайып өткен тұста, аракідік әдіптеп қалған, өңмен түстей хәліңіз мүмкін. Батар күнді нұсқап тұрып, сағынышыңды тарқата алмаған жан арпалысыңыз нешік... Неде болса алыс-алыс таулардың ар жағынан бұлт кешіп бізге жетіп боздап тұрған бейкүнә жырлардың бір парасы осындай хақ екен дейді. Ата жауының кеудесіне қадаған қанжарын суырып алғандағы серт жүрмес семсерден сорғалап тұрған қанды һәм қаһарлы жырлар екен дейді. Асып-тасып айтқанымыз емес жыр иесінің өз дауысы, өз бояуы, өз болмысы екен дейміз. Жыр иесі – Байтайлақ батыр белінен тараған, Алаш ұранды ұзан Ұларбек Дәлейұлы болмақ-дүр! «Селеңгіге сел жауса да, Орхон бойына оқ жауса да, Мен сендерді ұмытпаймын, бауырлар!» деп белін жырмен буған алдаспан ақын бүгінгі күні қамал алған қырықта! Берекелі ғұмырдың басы, мерейлі шақтың мизам шуағы. Бағанадан бері бәдіздеп отырғанымыз «Күз жауған соқпақты» (ақынның жыр кітабы) бойлап аз жүргендегі көңілімізге түйген ескі бір әннің қайырмасы. Соза берсең сөздің ауаны алыс, сағынышы ауыр. Көшпенді баласы үшін қаңтардағы қыранның тау мен тасты жаңғыртып бір рет шаңқ еткен дауысына жетер құдірет бар ма? Ұларбек Дәлейұлы поэзиясының тылсымы да сондай. Құдай тағала ақынды сол биік дауысынан айырмасын деген ізгі тілекпен, ендігі сөздің бұйдасын ағалар әуезіне бергенді жөн санап отырмыз.

Күлтегіннің Көк тасындай күмбірлей бер боздақ жыр!

Темірхан МЕДЕТБЕК,

ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

Ұларбек әдебиетке келгеннен өзінің мінезімен, болмыс бітімімен, өзінің ұлттық дәстүрді терең ұғына, сезіне білетін қасиетімен ерекшеленіп тұрды. Ол нағыз қазақтың қайнаған ортасынан шығып, құтты ордасынан қуат алып, Алтайдай асқақ рухпен тамырланған текті поэзияның өнегесін көрсеткен ақын. Оның өлеңдерін алғаш оқығанымда бірден көкейіме қона кетті. Мәселен өзім Ұларбектің жырларына ыриза болғандықтан, өлеңдеріне ықыласым ауғандықтан өзімнің «Алтынкөпірліктеріме» кіргізіп, оның ақындық болмысына оң бағамды бергем. Ұларбектің алар асуы, шығар биігі әлі алда. Оның жаңа өрісі, жаңа тынысы бізді әлі талай қуантатын болады. Оған оның мүмкіндігі толық жетеді. Күш қуаты бойында. Осы кез оның нағыз ұлттың тағдырын, ұлттың болмысын, ұлттың бітімін, ондағы жүріп жатқан түрлі құбылыстарды өлеңіне орап еліне сыйлайтын дер шағы. Мен оған толық сенімдімін. Мықты ақындардың бәрі туған баламдай, туған бауырымдай. Ұларбек те сол қатарда. Кейінгі жылдары жазғанын көп жарияламай жүр ме, көзіме көп шалына бермейді. Қырық жас нағыз өзіне қамшы басатын шағы. Қаламыңнан құт таймасын, бауырым!

Мұрат ШАЙМАРАН,

ақын:

Мен Дәлей әулетінен шыққан екі ақынменен де таныспын. Жай таныстық қана емес, шынайы өмірде де, рухани әлемде де ағалы-інідей жақынмын. Екі шайыр да маған ниеттес дос, ізеттес іні болды. Дәлей әулетінің бір ақыны – Қуаныш Дәлей. Ол арғы бетте аса абройға ие, өлеңге өз қолтаңбасын қалдырып үлгерген талант! Енді бірі – бүгін қырыққа толып отырған Ұларбек атты баһадұр. Ұларбекпен 2003 жылы Қазақстанға келген кезімде таныстым. Одан бұрын да атын еститінмін. 2002 жылы болуы керек, маған Тоқаш – Тоқтарәлі Таңжарық және Нұрбатима Байтұрсындарман бірігіп шығарған өлеңдер кітабын беріп жіберіпті. Біздің әзірге дейін арқауы үзілмей келе жатқан жақындығымыз осылай басталған. Мен содан бері Ұларбек Дәлейді жақсы білем, жақсы көріп оқимын. Ұларбек тынымсыз ізденді, тез өсті. Өлеңдегі өз соқпағын салды. Соқпағын салды дейтінім – көп ақынның ішінен Ұларбектің дауысын оқырман бірден таниды. Ұларбектің өлеңдері өзі туып өскен Алтай тауларындай асқақ, өршіл. Ертістей иірімді, Шіңгілдің суындай мөлдір һәм көркем. Әр өлеңінде үлкен, қайталанбас мінез бар. Сондықтан болар, ол оқырманын бейжай қалдырған емес. Кейде оның әрбір шығармасы маған өзінің және замандастарының тағдырындай, тыныс-тіршілігіндей, алабұртқан көңіл құбылысындай, налыған, жұбанған, қуанған жүрек дауысындай сезіледі... Әрбір өлеңінен шын ақын Ұларбек менмұндалап тұрады... Ол нағыз поэзияның қандай екенін және қалай жазылатын біледі. Бұл оның – ақындық бақыты! Тәңірім Ұларбекті осы бақытынан айырмасын!

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,

жазушы:

Ұларбек Дәлейұлының өлеңдерінен көкейге қонымды жерлерін бірталай эссеме өрнектеп салып жібергенім бар. Ұларбектің тіл байлығы зор, өткен мен бүгінін көре білетін көз бар, ұлттық рухты қастерлеп сүйе білетін жүрек бар. Оның өзі ұсынған бір топ әңгімелерін қолжазба күйінде оқып, проза жазудан да сүрінбейтінін көрдім. Проза расында сөз тізе беру емес. Проза өлең жазудан ғөрі қиын жанр, жалынан ұстатпайтын сиқырлы су жылқысы сияқты.

Ақынның «Жан шөлі», «Көбелек ұмтылып сыңар көз шыраққа...», «Қыр басына қонып қалған молалар», «Бұл дала мәңгілік тұрағым» сияқты өлең жолдары бұрыннан аян ұғымдар болса да ақынның қаламынан поэтикалық қуатпен, өзгеше таныммен естіледі екен.

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ,

әдебиет сыншысы:

Мен алғаш Ұларбек Дәлейұлының өлеңдерін осыдан он неше жыл бұрын оқыған едім. Сол кезде маған қатты әсер етті. Жалпы Ұларбектің поэзиясында көлгірлік жоқ. Өлеңдерінде шынайылық, тазалық, талғампаздық, мөлдірлік басым. Оның өлеңді бұлдырлатпай, сағымдатпай түсінікті жазатын шеберлігі ұнайды маған. Сол жылдары әдебиетке жаңа келген бір топ жас ақындардың өлеңдері топтастырылған бір альманахқа алғы сөз жазып беруді ұсынған болатын. Солардың арасында көптеген ақындар болды. Мен өзіме ұнаған жеті ақынның өлеңін іріктеп алып қысқаша шолу жасаған едім. Ұларбек сол жеті ақынның арасындағы ең ұнағандардың бірі еді. Әсіресе Жаңаөзен туралы жазғаны айрықша ұнаған. Шындықты батыл айтуға деген талпынысы, символдар арқылы қоғамның трагедиясын бере алуы маған қатты әсер еткен. Кейінірек, Ұларбек маған бір кітабын сыйлады. Оны да толық оқып шықтым. Оның терең сезімнің ақыны екендігі, сезімді кестелі тіл мен шебер кескіндей алатын ұтқырлығы ұнады. Ол далалық мәдениеттің озық жыр үлгілері мен өзінің жан әлемінің толқынысын ғажап тоғыстыра білген лирик ақын. Алдағы уақытта Ұларбектің замандастарының шығармашылығы туралы талдап жазсам деген ойым бар. Сол кезде Ұларбек Дәлейұлының поэзиясы туралы ойларымды кеңірек тарқатып жазармын.

Бағдат МҮБӘРАК,

ақын:

Ұларбек анау-мынау тақырыптарға бара бермейтін, өлеңге өте үлкен жауапкершілікпен қарайтын санаулы ақындардың шоғырынан. Жазған өлеңі көзіме шалынса, қалт жібермеймін. Кәдімгідей демалып, тынысым ашылады. Ол жазса, келесі ақын сол тақырыпты қаузамайтындай қылып бар мүмкіндігін сарп етеді. Оқиғаны шұнтитып тастау деген оның ғадетінде мүлдем жоқ. Басы бар, аяғы бар кәдімгідей тірі организмге айналдырады. Алғашқы шумағын оқыдың ба, әрі қарай өзі жетектеп әкетеді. Өте сезімтал ақын. Көлденең көк аттының түйсігі жете бермейтін тылсыммен тілдесудің шебері. Және соларды лексикологиялық мол қорымен әдемі жымдастырып, һәкім айтқандай айналасын жұп-жұмыр, теп-тегіс қылып жеткізетінін қалай аңғармуға болады? Әдеби ортаның ырду-дырдуынан бойын аулақ ұстайтыны және бар. Ұлаштың тың дүниелерге түрен салатындай мүмкіндігі мен таланты жетіп артылады. Тек соның тігісін жатқызатын таудай талабын іске қосса жетеді. Ұларбек поэзиясының қыр-сырын ашатын күн де туар. Сол кезде көресіздер...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар