Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨНЕР
Құлтөлеу Мұқаш. Ақын тасты не үшін жинайды?.....

21.11.2018 6786

Құлтөлеу Мұқаш. Ақын тасты не үшін жинайды?..

Құлтөлеу Мұқаш. Ақын тасты не үшін жинайды?.. - adebiportal.kz

...Көз алдында –

туған өлке байтағы,

жер қыртысы,

жер жұмбағы айтары.

Қатпар-қатпар қойнауынан

таулардың

Жұдырықтай тастар

алып қайтады.

Темірхан Медетбектің ертеде

жазылған «Геолог» өлеңінен.

Алғашында ақын Темірхан Медетбектің тас үлгілері мен тамыр кесінділерін жинайтын әдетін естігенде таңданғанымыз рас.

Көзге Табиғат-ананың жеті қат жер астындағы қатты жыныстар қойнауына бетіне еш сызат түспейтіндей етіп, саз балшыққа мұқият қымтап қоятын жақұт тастары мен шипалы өсімдік түрлері елестеген...

Аса қымбат бағаланатын молибден мен вольфрам өндірген кеніште туып-өскендіктен білетінбіз – әлгі балшықтан аршып алып жуып жіберсеңіз, көз шағылыстыра жарқырап шыға келетін кесек түзінділерді сән үшін жинайтын шығар, ал, шөп тамырларын қайтеді – емшілік те қасиеті болғаны-ау ағамыздың... дейміз ғой.

Сөтсек, Темірханның жинайтыны – кәдімгі малта тастар және қурай, бозқараған, тобылғы тектес өсімдік тамырлары мен бұта қиындылары көрінеді. Бұлардың жайдан-жай жинала салмайтынына да келе-келе көз жеткен. Мәселен, талай жылдар бойы су шайып немесе бір-біріне соғылып жұмырланған тас бедерлерінің бірі әр түрлі аң-құстардың кейпіне ұқсас, екіншісі адам кескініне келеді. Яки, үш тармақ тобылғы бұтағынан қиып алған кесінді көз алдыңызға елеңдеп ытқығалы тұрған елікті әкелсе, әлдебір шілік бұтасының қисындысы қанаттарынан дауыл соғып, аузынан от шаша, көктен шүйілген алып айдаһардың бейнесін әкеледі.

Темкеңнің қолында мұндай дүниелер көп екен.

Газет-журналдарда фототілшілердің «Табиғаттың өзі мүсінші» дейтін айдары болатын еді. Сондағы бұратыла өскен биші қайыңдардың, қия шыңдардың қақ төсін тесіп шыққан сұлу шынарлардың немесе заманалардың өзі кескіндеген «Кемпіртас», «Мұнартау», «Айдаһар», «Жетіқарақшы» сияқты құз-жартастардың көріністері әлі де көз алдымызда.

Ал, Темірханға ұқсап мынандай мүлдем елеусіз жататын ұсақ мүсіндерді байқай білу үшін ерекше дарын керек шығар.

«Ең байқампаз халық – балалар мен суретшілер» деген сөз еске түседі – кейде құбылыс атаулының бәріне таң қалумен жүретін ақын да бір сәби ғой – Темірхан ағамыздың да бұл әуестігі сол қасиеттен басталатын болар. Оның үстіне, түсінген адамға, ерінбей тау-тасты аралап, дала кезіп, осындай ұқсастықтарды іздеп тауып қайтудың да рахаты ерекше шығар...

– Ертеректе мұндай бұйымдарым тіптен мол еді, әрі-бері көшіп жүргенде талай жәшігін жоғалтып алдым, – деп өкінеді өзі.

Темкең жинаған заттарға қарап отырып тылсым жаратылыс сырларына үңіліп, үйлесім мен сұлулық іздеген кіршіксіз ақын жанына қызықтық. Кей өнертанушы жігіттер бағамдай алса, осылардың эстетикалық әсері, табиғат пен адам арасындағы байланыстың мәні, бұлардың жан әлемін тазартудағы маңызы туралы, кемінде, кандидаттық диссертация жазар еді-ау деп ойлағанбыз...

– Тағы нелеріңіз бар? – деймін серпіліп.

– Е, қойшы! Не бар дейсің басқа? Осылар ғой!..

Өзіне тән әдетімен балаша күледі. Шынында да, жасырып тұрған бірдеңелері бар секілді.

Онысы – әкесінен қалған шағын шоқпар екен.

Көрсетті. Тіпті, шолақ, бірақ ыңғайлы – жең ішіне еркін сыйып кетеді. Соған еліктеп өзі де тура сондай бір шоқпар жасауға талпыныпты. Талпынды дейтініміз – түпнұсқаға өте ұқсас, алайда, орындалу шеберлігі төмендеу – декоративті деңгейде қалыпты.

Әдемі өрілген бес-алты қамшы бар екен. Бұларды да көрсетуге аса құштарланған жоқ, «ә, әшейін нәрселер ғой!» дегендей қол сілтей салды.

Расында да, бұлар көз үйреніп қалған бұйымдар болатын. Сондықтан оларды Темкеңнің ісмерлік шыңына балағысы келмеуімен іштей келістік. Әрине, ол да өз әуестігін өнер биігі деп санамайтынын сездірген. Бірақ бізді аңғарымпаз ақынның табиғаттың өз туындыларын ғана іздеуге құмарлығы тосындығымен баураған. Тегінде, осы мінез оның өлеңдерінде де бар-ау...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар