Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Құлтөлеу Мұқаш. Ежелгі досы Шәмшіні жек көремін де...

31.10.2018 11760

Құлтөлеу Мұқаш. Ежелгі досы Шәмшіні жек көремін дейді. Неге? 12+

Құлтөлеу Мұқаш. Ежелгі досы Шәмшіні жек көремін дейді. Неге? - adebiportal.kz

Белгілі жазушы Еркінбай Әкімқұлов – әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың ескі серіктерінің бірі. Кезінде «Шәмші Қалдаяқов – ән патшасы» деп аталатын роман-эссе жазған.

Биыл сексен бір жасқа өтіпті. Ұлғайған адамды әрі-сәрі көңіл күй билейтіні тағы заңдылық. Сәл шаршаңқылау көрінді. Бәйбішесі Гүлнар апай қайтыс болғалы біраз өткенін білетін ек. Қаламгер көңілін қамықтыратын өзге де жағдайлардан аз-мұз хабардармыз. Содан ба, аса салқын қабақ таныта қоймағанымен, қоңырқайлау күйде қабылдады.

– Шәкең жөнінде мына дүниеде бірталай айтқанмын, – деді қарлығыңқы дауыспен, үстел үстінде жатқан кітабын нұсқап. – Бірінші жақтан баяндадым. Ескерте кететін нәрсе, мұнда Шәкең өмірінің көлеңкелі тұстарына көп тоқталмауға тырысыппын. Ал, шындығына келгенде, оның жағымсыз жақтары да жетерлік еді...

Іштей «жазушы ағамыз салған беттен неге бүйтті екен» деп ойлап қоямын.

– Сендер көп біле қоймассыңдар, Шәмші музыка жағынан ешбір арнайы оқу орнын түгескен кісі емес-ті. Ол өнер биігіне Құдай берген талантының арқасында көтерілген адам. Алғашқыда Ташкентте музыкалық училищеде оқыған көрінеді. Сол жақта жүргенінде, бірінші курсты бітірді ме, бітірмеді ме, әйгілі әнші Жамал Омаровамен жолығып қалғандай. Сәті түсіп, екеуі біраз шүйіркелескендей. Содан Жәкең оны «талантың бар бала екенсің; сенің орның училище емес, консерватория» деп Алматыға алып келеді. Яғни, қазақтың болашақ ұлы композиторының жолын ашқан осы кісі деуіміз керек. Сөз орайында айта кетейік, бұ кісі Күләш Байсейітова, Роза Бағланова, Роза Жамановалардың замандасы, өзім талай көргем, кездескенмін, марқұм Қазіргі Қонаев пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан үйлердің бірінде үшінші қабатта тұрды, өте жақсы адам-ды, интервью алып, газетке жарияладым. Бәрі күні бүгінге дейін есімде. Содан не керек, Шәкең Алматыға келіп, консерваторияға оқуға түседі. О тұстағы ректор ­– Ахмет Жұбанов. Тағы бір қайталап айтайық, оны жоғары оқу орнының басшысымен сөйлесіп, Шәмшінің екі жылдық дайындық бөліміне қабылдануына тікелей ықпал еткен де Жамал апайымыз...

Әнші Жамал Омарованың Ташкент облысында туып-өскенін білеміз. Демек, талапкер жаспен ауылына барған сапарларының бірінде жолыққан. Ерекеңнен:

– Сонда консерваторияның дайындық бөлімі екі жылдық болғаны ма? – деп сұраймын.

– Дәл солай. Жалпы алғанда, оқу орнына мұндай тәртіппен қабылданған әрбір студенттің жеті жыл оқуына тура келген. Талаптың қаталдығын осындан-ақ біле беріңіз, – деді жазушы. – Бірақ Шәмшекең сол дайындық курсын да бітірген жоқ-ау. Ән шығарды, үйтті-бүйтті. Әйтеуір, сонымен кетті ғой...

– Қалай таныстыңыздар?

– ­­Жаңылмасам, 1958 жылы болу керек; біз – Илья Жақанов, Өмірзақ Айтбаев, Сабырхан Асанов төртеуіміз пәтер жалдап тұратынбыз. Бір күні Илья екі құлағы қалқиған, шағын денелі, әсем мұртты бір жігітті ертіп келді. Сөйтсек, Шәмші. Алғашқы әндерін радиодан естіп, тамсанып, әңгіме қылып жүретінбіз. Содан ол бізбен бірге тұра бастады. Консерваториясына барып-келіп жүреді. Дегенмен, көп ұзамай оқудан шығып қалды.

– Оған не себеп болды екен?

– Нақты себебі «міне, Шәмшінің кінәсі мынау» деп дөп басып айту қиын. Сабақтарды жиі босатқаны да рас. Ал ерқашты жылқыдай қылып, оқудан шайлықтырған жағдай ­­– ұлты бөлек оқытушылардың бірі ылғи қақпайлап, маза бермеген. Шыдамсызсың, табансызсың, ізденбейсің деп көп түртпектеген секілді...

Шәмші туралы ақын Сабырхан Асановтың естелігінен оқып қалғанымыз бар, болашақ ұлы композитор, керісінше, күні-түні талмай ізденген. Жолдастары сабақтан келген кезде оның ылғи алдына нота дәптерін жайып қойып, мандолинасын тыңқылдатып, ән жазып отырғанын көреді екен. Сүйікті ісіне берілгені соншалықты, ондай сәтте жолдастарының келгенін, тіпті, аңғармай да қалатын көрінеді. Олай болса, кейбіреудің оны жалқаулар қатарына жатқызуы, расында, жала болып шығады. Демек, жаны нәзік Шәмші ағамыз қиянатқа төзбеген.

– О кісі оқудан шығып қалған соң жұмысқа тұрды ма?

– Жоқ, жұмыс іздей қоймады. Сол тұсқа дейін бірқатар ән жазып үлгерген жігіт шығармаларын Қазақ радиосына өткізіп жүрген сияқты. Оның аздаған гонорары бар, соны місе тұтады. Арада біраз өткенде өзімен құралпылас Жәмила деген қызға үйленген. Ол, көп болса, өзінен екі-үш жастай ғана кіші. Жаңылмасам, Жәмиланың шешесі Қарағанды жақтың адамы. Екі бөлмелі үйлері бар-тын…

Кейін анықтағанымыздай, Жәмила апайымыздың анасы Құрманның Сыздығы деген қарқаралылық қазақтың Нұрбала есімді қызы болып шықты.

– Шәмшінің өнері дүйім елді ә дегеннен баурағаны шындық. Оның кереметтігіне ешкім дау айта алмайды. Шәмші даңқы сол сәттерден-ақ біртіндеп аспандай бастағандай. Әндері ғажап. Жас пен кәрінің бәрі қосыла шырқап кетті…

Онысы рас қой, қазақтың даласы мен қаласы, тауы мен тасы, аспаны мен теңізі, көлі мен шөлі, гүлі мен шөбі күні бүгінге дейін Шәмші әнімен тербеліп, Шәмші әнімен тебіреніп тұрғаны өтірік емес. Бірақ амал не, шын дарын иесінің тағдыр жолы соқтықпалы-соқпалы келетіні әлдебір заңдылықтан ба екен, әйтеуір, өнерлі жігіт әуелден түрлі кедергіге кезігіп баққандай. ­

– Содан қойшы, әлгі күндердің бірінде Шәмші екеуіміз мен тілшілік қызмет атқаратын республикалық «Лениншіл жас» газетінің редакциясында кездестік, – дейді Еркінбай аға. – Сол жерде отырып, мән-жайды бүге-шігесіне дейін өзінен тәптіштеп сұрап, біліп алдым да, «Әкімшіліктен әрі аспай...» деген мақала жаздым. Онда жоғары оқу орны жетекшілерінің Шәмшідей дарынды жастың қадірін білмей, қысастық жасағанын, себепсізден-себепсіз оқудан шығарғанын ашынып айттым. Мақала, ұмытпасам, сол 1959 жылы тамыздың отызы күні жарияланды. О кездегі ректор СССР Халық артисі Құддыс Қожамияров еді, «таяқтың» жуан басы, негізінен, сол кісіге тигені анық. Басылымымыз Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің органы, аса ықпалды ұйым; мақала үлкен қозғалыс туғызды. Іске Комитет жетекшісі Өзбекәлі Жәнібековтің өзі араласып, әңгіме көбейе түсті. Қысқасы, Шәмші дереу оқуға қайтадан қабылданды. Алдында түрлі себептермен оқудан шығып қалған Әбілахат Еспаев пен Әсет Бейсеуов те әлгі мақаланың арқасында консерваторияға қайта оралды. Оқу орны әкімшілігі бұларға жоғары стипендия тағайындаймыз, жағдайларына қарасамыз деп уәде берді. Бірақ айтқан сөз орындалмады, істің аяғы тыншыған соң баяғы қудалау және жалғасты, шәкіртақы мүлде берілген жоқ. Сөйтіп бұл үшеуі тағы да кетуге мәжбүр болды…

Еркінбай ағаның айтуынша, Шәмші Қалдаяқов 1931 жылы туған көрінеді. Оны бірде бұ кісіге Шәмшекеңнің өзі айтып қалыпты. Алайда белгілі жағдайларға байланысты паспортына дүниеге келген жылы «1930» деп жазылып кеткен. Яғни, болашақ композитор оқудан бір кіріп, бір шығып, сергелдеңге түскен сәтте жиырма сегіз жаста. Қарап отырсақ, Шәкең бұған дейін өмірдің талай ыстық-суығынан өтіп, ысылған сақа жігіт. Мектептен кейін сол кездегі Шымкент облысы Сарыағаш ауданына қарасты «Қапланбек» зооветеринарлық техникумын түгесіпті. Бұдан соң біршама уақыт Ақтөбе облысында зоотехник болып еңбек етеді. Одан Совет Армиясы қатарына шақырылып, Ресейдің Қиыр-Шығысындағы Оңтүстік Сахалин қаласында әскери училище бітіреді. Кәдімгі офицер. Қазір ойласақ, «Қазақ вальсінің королі» атанған ұлы композитордың кездейсоқ ахуал әсер етпегенде, сол әскери салада қалып қоюы да мүмкін екен. Дәл әлгі тұста ауылшаруашылық мамандығы бар адамдарды әскер қатарынан босату жөнінде жарлық шыға қалады. Сол тізімге іліккен Шәкең Москва облысының бір совхозында жылға тарта зоотехник болып жұмыс істейді. Ташкент музыка училищесіне түсуі осыдан кейін…

– Шәмшінің талантын қадірлеп, оған ұзақ уақыт қамқорлық жасаған тұлғалардың бірі – Өзбекәлі Жәнібеков, – дейді Ерекең. – Ол өзі өзге облыста жүрсе де Шәкең тіршілігін қадағалаумен отырды. Оған Шымкент қаласынан үш бөлмелі үй алуға ықпал етті. Бұл – 1961-1962 жылдар. Шәкеңнің екі ұлы дүниеге келіп қойған кез. Тұңғыш баланың аты ­– Әбілқасым. Рудакидің құрметіне қойылған есім екенін білемін. Екінші ұл – Мұхтар, аты боса-болмаса, Әуезовтің құрметіне қойылған…

– Композитор Шымкентте қанша уақыт тұрды екен?

– Онда көп тұра алмады бұлар... Жәмила аса жерсіне қоймады-ау деймін. Екі баланы жетелеп, бір барып, бір қайтып жүрді де, бес-алты айдан соң Алматыға түбегейлі кері оралды ғой…

Осы тұста іштей: «Е-е, жөн! Дегенмен, Шәмші ағамыздың көңілі алып-ұшып, өзінің кіндік қаны тамған Шәуілдір аймағына таяу Шымкент, Жамбыл өлкесіне тарта берген екен» – деп ойлаймын. Шынында да, композитор шығармашылығының аса жемісті кезеңі сол өңірлерде жүрген уақытқа сәйкесетін сияқтанады. «Шалқыған Шәуілдірдей», «Ақ бантик», «Ақ ерке – Ақ Жайық», «Сыр сұлуы», «Арыс жағасында», «Бақыт құшағында», «Кешікпей келем деп ең», «Еркежан», «Қайдасың», «Әнім сен едің» сынды ғажайып әндер осы жылдары туыпты. «Фосфорлы Жамбыл», «Тамды аруы», «Теріскей», «Байқоңыр», «Мойынқұмда», «Сағынышым менің» әндерінде де Шәмшекеңнің өз өміріне қатысты сырлар жатқанын аңдаймыз. Композитордың бір кезең сол аймақтарда жазушы Оразбек Бодықовпен бірге жүріп-тұрған сәттері еске түседі. Ерекеңнен осының мәнін сұраймын:

– Шәкең Оразбек Бодықовпен қалай жолығып жүр?

– Оразбек кезінде «Казахстанская правда» газетінде жұмыс істеген журналист. Негізінен, орыс тілінде жазады. Қаламы қазақшаға да жүйрік. Бір күні ол қазіргі Тараз, сол кездегі Жамбыл қаласында демалыста жүріп, Талас өзенінің жағасында отырған Шәмшіні көріп қалса керек. Әйгілі композитордың сырт келбеті тозыңқылау көрінгендей. Расында да, бала-шағадан шалғайда, салт басты-сабау қамшылы жағдаймен күн кешкен адамда қайбір күтім бола қойсын, жүдеулеу секілді. Қаламгер Алматыға келе салып: «Шәмші далада қалды! Халықтың сүйікті перзентін, біртуар тұлға, ғажайып ұлт қазынасын қорғайтын ешкім жоқ, бұл не сұмдық!» деп дабыл қағады. Ол мақала республикалық «Лениншіл жас» газетіне шықты-ау деймін. О кезде Шәкең, қателеспесем, Шымкенттегі сонау үйді Алматыға айырбастаған. Алтыншы ықшамауданында ма екен, ұмытыңқырап қалыппын.

– Мақаланың әсері қандай болды?

– Әсері зор болды. Содан кейін Шәмші Қалдаяқовты Дінмұхамед Қонаев қабылдады. Мына кітапта «Қонаевтың қабылдауында» деген тарау бар. Біраз жәйт баяндалған. Сол қабылдаудан кейін композиторға жағдай жасалды. «Достық» даңғылынан үш бөлмелі үй берді. «Менің Қазақстаным» деген кітабын шығаруға шешім қабылданды. Қызмет ұсынылды. Бірақ Шәкең жұмысқа қатысты ұсыныстан бас тартқандай. Ал көпшілік елдің: «Шәмшіге ешқандай қамқорлық жасалған жоқ, ешкім керек қылмады; ол жағдайы болмаған соң ішті, азып-тозды» дейтіні бос сөз.

– Өзіңіз Шәмшімен неше жылдай жолдас болдыңыз?

– Отыз үш жылдай жақын араласқан екенбіз.

– Жастық шақта қатар «тойлатқан» кездеріңіз есіңізде ме?

– Иә, алғаш танысқанда бойдақпыз ғой. Әсіресе, пәтерде бірге тұрған күндерде ара-арасында кішігірім «тойларымыз» болып тұратын. Бірақ, қалай екенін, маған арақ-шарап жақпаушы еді. Сәл ішсем, тез ұйықтап қалатынмын. Жолдастарым кешті дүрілдете қыздырып, әндетіп, билетіп, күліп-ойнап болып, тарқағалы жатқанда бір-ақ оянып, аздап өкінетінім бар-тын.

– Шәмші ағамыз, расында сан қырлы дарын иесі ғой. Композиторлығынан бөлек ақындығының өзі салмақты тақырып жүгі сияқтанады. Ұтқыр, уытты әзілге де шебер деп естиміз. Кейбір әңгімелерге қарағанда, әжептәуір әнші де секілді. Бізге о кісінің атақты сары «Жигулиімен» қазақ елінің бірталай өңірін шарлағаны да қызық көрінеді. Былайша айтқанда, кәнігі автоәуесқой…

– Иә, бірде өзінің досы, ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов екеуі Екі мәрте Социалистік Еңбек ері Жазылбек Қуанышбаевтың ауылына барып, бірталай қона жатып, сол сапарда атақты шопанға арнап «Мойынқұмда ауылым» деген ән жазған екен. Осыған орай аудан әкімшілігі ақынға – ат, композиторға «Жигули» көлігін мінгізіпті. Соны Шәкең өле-өлгенше мініп жүрді-ау. Жарықтық: «Мен Сахалинде әскерде жүргенде машина емес, танкі айдағанмын!» деп мақтанушы еді.

– Естуімізше, Шәкең алпыс жасқа толғанда Жамбыл облыстық атқару комитеті де дүбірлі шығармашылық кеш өткізіп, темір тұлпар сыйлаған көрінеді.

– Мен де естігенмін. Бірақ оның қандай көлік екенін білмейді екенмін. Өкініштісі, Шәмшекең көп ұзамай қайтыс болып кетті ғой.

– Сол атқару комитетінің төрағасы Тұйғынбек Темірбеков деген ағамыз да Шәкеңе бірталай қаморлық жасапты.

– Шәмші ол өңірден көптеген достар тапты. Тұйғынбек қала іргесінен үй салғызып бермекші болып, жайдың іргетасын көтеріп, гараж тұрғызып үлгерген секілді. Тек ол зейнетке шығып, қызметтен кеткен соң іс аяқсыз қалғандай. Соңына дейін жәрдемдесе алмаған.

– Шәкең өмірінің соңғы тұсында жанында көбірек жүрген адам жоғарыда айтылған Оразбек Бодықов емес пе?

– Ол рас. Әсіресе, Шәмші ауырып-сырқаған шақта Орекең көп көмектесті. Қасында жүріп, талай тірлігіне куә болды. Оның «Шәмші Қалдаяқов туралы хикаяттар» деп аталатын еңбегі соның дәлелі. Мұхтар Шаханов екеуі ел ішінде сырқаттанып жүрген Шәмшіні алып келіп Министрлер кеңесінің ауруханасына жатқызды. Сол сапар Шәкеңнің беті бері қарады. Тәуір болды. Шәмшіге Мұхтар інісінің жасаған жәрдемі өз алдына атап айтарлықтай бөлек тақырып.

– Шәмші досыңызды соңғы рет қашан көрдіңіз?

– Оны да дөп басып айту қиын. Ал Шәкең қайтыс болған сәтте ауруханада жатыр едім. 1992 жылы ақпанның 29-ы күні дүниеден өтті. Кеңсайға жерледі. Қазір басында биік етіп қойған, ақ күмбез, жақсы ескерткіш бар. Бірақ қасында орын жоқ, – деді Ерекең қатты опынғандай кейіппен ұзақ ойлана отырып. – Мен Шәкең өміріне қатысты көп ешкімге айта қоймаған бір шындықтың шетін ашсам. Шәмшіге ұзақ уақыт жәрдемдескен әуелі Құдай, одан соң көмектескен біздің әулет десем қателеспеймін. Біздің шаңырақты «Сұлтан әулеті» дейді. Яғни, Сұлтан деген шалдан тараймыз. Бұ кісі – бабамыз. Менің атам Пірімқұлдың әкесі. Шәмшімен ешқандай руластығымыз жоқ. Тіпті, жүзіміз де бөлек. Бірақ жақын туысқандай болып кетіппіз. Менің немере ағам, «Күйік» деген совхоздың бас бухалтері Қасымқұл Жаппарқұлов Шәмшіге ай сайын бала-шағаңа деп бір қойдың етін жіберіп тұрды. Тағы бір немере ағам, «Ақтөбе» совхозының зоотехнигі Ізтілеу Керімқұлов, ол берді... Не керек, менің ағайындарым ұзақ уақыт кемшілік көрмесін деп оған үнемі көмек қолын созды. Шәкең осы жақсылықты білді ме, білмеді ме, көзім жетпейді. Қазір ойлап қарасам, оның өмірінің көлеңкелі, тіпті, адам жеритін тұстары баршылық екен. Мысалы, кезінде өз бала-шағасынан кетіп, әмеңгермін, балаларын асыраймын деп, Төлегеннің әйелін алды. Әйткенімен, сөзінде тұрған жоқ; онда біраз жүрді де, жайына кетті. Соның алдында Төкеңнің жесіріне: «Сен оған сене берме. Аса елікпе. Ішетінін өзің білесің. Берекең болмайды. Күні ертең мына үйіңді сатқызады. Ал ақша біткен соң жөніне жөнеледі» деп ескерттім. Тыңдамады. Қайта, осы сөзімді Шәмшіге айтыпты. Еркінбай солай деді деп... Шәкең маған қатты ренжіді…

Осыны айтқан Ерекең терең күрсініп, мұңайған кескінмен «осы менің айтқанымды түсіне ме өзі» дегендей маған тесіле, сынай қарап, едәуір отырды.

– Өмірде әрқалай қайшылықты, қым-қуыт жағдайлар болып жатады ғой, Еркінбай аға. Тағдыр деген бар. Әр дүниенің көп ешкім түсіне бермейтін нәзік қалтарыстары кездеседі. Тіршілік сонысымен тартысты, сонысымен қызықты емес пе. Адам әдейілеп қателесейін демейтін шығар, – дедім мен.

– Қордайда Екейбай Қашағанов деген крайком секретары болған, – деді сөзіме құлақ асыңқырамаған қаламгер. – Осы кісінің әпкесінің баласы Сәкен деген жігіт маған дос еді. Сол әлгі жағдайдан кейін көп ұзамай Шәмшіні Сағыныш деген жас келіншекпен таныстырады. Ол аудандық газетте істеді ме екен... Сонымен тіл табысыпты. Өзінің күйеуі бар. Зоотехник. Бәрін ептеп сезеді, бірақ, қалай екенін, ешбір шу шығармайды. Әйел Шәмшіге: «Сізді құртып жүрген – арақ. Бұл әдетті доғарғаныңыз дұрыс қой» деп ақыл қосыпты. Не керек, Шәкең 1970 жылы арақты қойды. Сағыныш бала таппай жүрген әйел екен, ұзамай қыз туады. «Сағынышым менің» деген әнді естуің бар шығар? Сөзін Сабырхан Асанов жазған. Бұрын өзі: «Қайықта», «Қайдасың» деген әндерім тәуір деуші еді, бірде ең тәуір әнім осы «Сағынышым менің» деп қалды. Әлгі әйелге қарындасын ағаларына таныстырып қой деп аманат айтқан екен; табыстаған жоқ-ау... Солай... Жер хабар айтпасын, кейде Шәкеңді сонша жек көріп кететінім рас. Не тиген түк пайдасы, ешбір жақсылығы жоқ. Өте сараң, ешкімге бір тиын бермеген, тек алуды ғана білген адам еді…

«Мына кісі шын айтып отыр ма?!» дегендей, енді Еркеңе мен аңтарыла қарасам керек. Таңданғанымды сезді. Бірақ ештеңені аңдамаған түрмен сөзін жалғастыра берген:

– Міне, жаңа көрсеттім ғой, көлемді роман жаздым. 2012 жылы «Өнер» баспасынан шықты. Отыз баспа табақ. Үлкен еңбек. Бірақ «мұның да иесі бар шығар, ол өзі кім екен? Қолдан келгенше елеп-ескеріп, кішкене сыйлығын беріп қояйықшы» деп жатқан үкімет жоқ. Осы дүниені жаз деп мені ешкім қыстаған да, зорлаған да емес. Жазды-ау деген бір пенде болмады. Не таптым сонда? Жасаған жақсылығым Құдайдан қайтсын дейтінім сол…

«Естіген құлақта жазық жоқ» дегендей, жазушы ағамыздың уәжін қабылдай қоймасам да, көпшіліктен бүгіп қалғым келмеді. Белгілі пікір кейде түрлі көңіл күйіне байланысты да айтылып қалатыны және түсінікті. Әркім кез келген құбылысты өз деңгейі, жеке көзқарасы арқылы бағалап, безбендейтіні тағы мәлім. Сондықтан:

– Қалай дегенмен, Шәмші өте бақытты адам ғой, Ереке! – деп қаламын.

– Иә, оған дау жоқ, – деді Еркінбай аға жаңағы пікірінен кілт айнығандай, беті бері бұрылып. – Әндері керемет. Ғажап. Оның мәнін газеттерде алғаш көтеріп жазған да мен едім. Шәмші шығармашылығы жағынан келгенде өте бақытты адам. Оған соны Құдайдың өзі берген. Сол салада бүкіл ғұмырын сарп еткенімен, мардымды дүние бітіре алмаған немесе атқарған еңбегі ел жадында қалмаған адамдар да бар ғой. Мысалы, Еркеғали Рахмадиевтың қандай керемет әні бар? Өзің айтшы! Рас, опера жазды. «Алпамыс»... «Қамар сұлу»... Қазір бұлар, тіпті, қойылмауға айналғандай. Айталық, Мұқан Төлебаевтың «Біржан сал» туындысын бастан-аяқ жалықпай көресің. Театрдан шығып кетпейсің... Шынын айтқанда, Еркеғали мен Шәмші екеуі үнемі тартыс үстінде болды. Бақталас... Себебі, 1965 жылы Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаттығына екеуі таласты. Мұны Жазушылар одағының сол кездегі екінші секретары, комсомол Орталық Комитетінің мүшесі Жұбан Молдағалиев «Шәмшіге бермесек қалай болады?!» деп соған әпергізді. Сөйтіп ол осы жалғыз сыйлықпен өтті. Тек Елбасы 1991 жылы Тәуелсіздік күні Қазақстан Республикасының Халық артисі атағын берді. Бірақ Шәкең көп ұзамай дүниеден озды. Таңғажайып әндері елінің жүрегінде мәңгі қалды. Ол – ұлы композитор, қазақ халқының мақтанышы.

 

***

 

Өзара әңгімеміз аяқталғаннан кейін де Шәмші Қалдаяқовтың биік адамгершілігі, достыққа адалдығы туралы замандастарының естеліктері көз алдыма келіп, біраз толғандым.

Шәкеңді сараң деу мүлде қисынсыз екенін ойлайсың. Телегей теңіз сезім, шалқыған күй қытымыр, қарау, тар кеудеден шыға қоймайтыны айтпаса да түсінікті. Бүгінде Шәмші әуендерінің өз еліміздегі әншілерді былай қойып, қаншама уақыттан бері бірқатар Еуропа мемлекеттері мен Ресейдің қисапсыз музыканттарының өзін асырап келе жатқаны да өтірік емес. Сондықтан Ерекеңнің өкпесі, өзі айтқандай, кітабының бағаланбауына байланысты туған бір сәттік қана реніш көрінісі-ау деп түйемін.

Ал асқақ гимнге айналған «Менің Қазақстаным» әні тәуелсіз елімізбен бірге Шәмші Қалдаяқов атын айдай әлемге жайып келе жатқалы да талай болды емес пе.

Суреттерде:

1. Еркінбай мен Шәмші құрбыларымен.

2. Еркінбай Әкімқұловтың кітабы.

3. Еркінбай Әкімқұлов пен Шәмші Қалдаяқов

4. Қалалық атқару комитетінің төрағасы Тұйғынбек Темірбековтің қабылдауында.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар