Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Құлтөлеу Мұқаш. Қолбасшы қолтаңбасы

23.11.2018 3065

Құлтөлеу Мұқаш. Қолбасшы қолтаңбасы

Кеңес Одағының Батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының қол бостағы әуестігі қандай екен? Бұл жағдайды белгілі бауыржантанушы Мамытбек Қалдыбайдан сұрадық.

1. ОЮ-ӨРНЕК. Баукең кейде жай әңгімелесіп отырғанда да қолына қағаз, қайшы алып ою ойып отыратын еді. Әрі әр оюы бір-бірін еш қайталамайтын.

Бір куә болғаным, соғыс кезінде Бауыржан басқарған дивизияның аспазшысы болған Жан деген кісі 1974 жылы Баукең Жәмила жеңгемізге үйленгенде Қырғызстанның Талас қаласынан Толқын деген кенже қызын ертіп, құттықтап келді. Сонда Бауыржан аға Толқынға «мынау біздің ұлттық өнеріміздің бірі» деп ою-өрнек түрлерін ұзақ үйретті.

Баукеңнің қолынан шыққан оюлар әлі де көп. Олардың дені батырдың туған жеріндегі мұражайда сақтаулы тұр.

2. СУРЕТШІЛІК. Өз айтуына қарағанда, Баукең әуесқой суретші болатын. Арнайы соңына түскен жоқпын, бірақ қазір елге ұялмай көрсетуге болатындай жиырмадан аса қолтумам бар деп отыратын.

Бір айта кететін жәйт, батыр кітаптарына енген бірқатар соғыс әңгімелерінің иллюстрациясын өзі салған.

Мысалы, Бауыржан Момышұлының атақты «Автопортретін» оның өзінен артық ешкім сала алмайтындай көрінеді. (Баукеңнің әкесі Момыш та ұста, зергер адам екен. Ол алтын мен күмістен сақина, білезік соққан. Қамшы өріп, ер шапқан. Коллективтендіру кезінде ауылда шамдары болмай қалған жерлестеріне қолдан шырағдан жасап беріп жүрген).

Жалпы, Бауыржан ағаның көзі – нағыз суреткердің көзі еді. Әсемдікті ұнататын. Маңайындағы адамдардың кім екенін сырт тұлғасы мен сөйлеу мәнерінен-ақ бірден жазбай танитын.

3. ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ. Баукең тәуір тоғызқұмалақшы да болған. Көбінесе, Мұхтар Әуезовпен ойнауды ұнатушы еді.

Өзі 1944 жылы майданнан елге демалысқа оралғанда сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Николай Скворцовтың қабылдауында болып, оған ұлтымыздың бәйге, көкпар, аударыспақ, қыз қуу, айтыс дәстүрлері мен тоғызқұмалақ секілді көптеген ойындарын дамытуға тиым салып, қаскөйлік жасап отырғанын бетіне қатты айтып, олардың ұрпақ тәрбиесіндегі зор мәнін түсіндіргені мәлім.

Бауыржан аға сол сәтте хатшыға қазақ халқының есепке ойша жүйрік, зерек келетінін, оның сыры тоғызқұмалақ ойынын жақсы білуде екенін айтады.

– Мысалы, – дейді ол, – баяғыда мың қойды бір өзі-ақ бағуға машықтанған қойшыларымыз хат танымаса да алдындағы малды жедел-ақ санап үлгерген...

Сол кездесуден соң Н.А.Скворцов өз қателігін түсініп, халықтық мұраларға оң көзбен қарай бастайды.

4. БИЛЬЯРД. Мұны мергендік өнерімен тікелей байланысты деуші еді: – Бір миллиметр мүлт кетсең ұтылғаның. Геометриялық шағылысу бұрыштары деген болады... Нысана көздеуде жер қыртысы ерекшеліктерін, жел әсерін, оқтың ұшу траекториясын есептей білу машығы мұнда да көп жәрдемдеседі...

Баукең бір жазда Мәскеудің арғы бетінде орналасқан «Малеевка» демалыс үйіне «Москва үшін шайқас» кітабын жазуға барған екен.

Жұмыс арасында сергіп қайтпаққа сондағы үлкен бильярд залына кірсе, ешкімді шақ келтірмей ұтып жүрген Асанов деген бір жазушы әбден кеуделеніп, кесірленіп алғаны сонша, ол жолы да «Кәне, енді қайсың барсың?!» деп айқайлап тұрған көрінеді. Ойынға Баукең кіріскенде анау бұ кісіні де «азиаттар да ойнайды екен-ау!», деп менсінбей, бірден тықсырып тастамақ болады. Бірақ жедел-ақ, қаумалап қарап тұрған жұрттың мазағына ұшырап, ойсырай ұтылады. Содан қатты қорланып, демалысының аяқталмағанына қарамастан тез жиналып, еліне қайтып кетіпті. Сол ойынды көріп тұрған әйгілі мүсінші Евгений Вучетич дән риза болып, Баукеңді айқара құшақтап, құттықтайды. Сол сәттен-ақ екеуі өле-өлгенше дос болып кеткен. Кейін Евгений Викторович Қазақстанға келіп он екі қайраткердің мүсінін жасағанда Бауыржан Момышұлын кеңесші қылып алыпты. Өзі Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Кеңсесінің алдындағы семсерден соқа жасап тұрған адамның ескерткішін соққанда оның бет-бейнесіне Баукеңнің кескін-келбетін алдым дейді екен.

Айтпақшы, айта кетейік, батыр Бауыржан биді де тәуір билеген. Сондай-ақ әлемдік музыкадан әжептәуір хабардар болған.

Суреттерде:

1. Баукең.

2. Батырдың автопортреті.

3. Әйгілі мүсінші Евгений Вучетичпен бірге.

4. Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Кеңсесінің алдындағы ескерткіш.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар