Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Құлтөлеу Мұқаш. Таласбектің толғауы

06.12.2018 1129

Құлтөлеу Мұқаш. Таласбектің толғауы

Танымал жазушы, кинодраматург, күйші Таласбек Әсемқұловтың жазудан, кітап оқудан қол бостағы ермегі – домбыра жасау еді.

Домбыра шабуды бала кезінде нағашы атасы Ыстамбайдың Жүнісбайынан үйренгенін айтқаны бар. Одан ауылындағы Ахметжан шебердің алдын көру бұйырыпты. Есейе келе жалпы Семей өңірінде теңдесі жоқ домбыра жасаушы саналатын Батырбайдың Төлтайының шәкірті болудың сәті түседі.

– Өзді-өзім болып аспап шабуды тоғызыншы класта жүргенде бастаппын, – деуші еді. – Бірақ шеберлік бірден келе қалсын ба, ә дегенде талай қымбат ағашты қор қылдық қой. Ақырында «домбыра» деп атауға тұратындай алғашқы аспабымды көп әуреленіп, 1980-ші жылы күзде жасадым. Ой, сондағы көңілім тоғайып, іштей асып-тасығанымды, қуанғанымды көрсең!..

Осы сәттен бастап қолы жүреді.

Өзі сөз арасында:

– Бұл өнердің басты құпияларының бірі – ағаш таңдауға байланысты. Ол да – жатқан бір ғылым. Анада кездейсоқ бір украин ғалымының мақаласын оқып отырып қайран қалдым. Түрлі халықтардың музыка құралдарын дайындау технологиялары ұқсай береді екен-ау бір-біріне... Украиндар да, қолдан келсе, біз сияқты найзағай соққан қарағайды пайдаланады екен! – деп тамсанады.

Айтып отырса, қазақ шеберлері домбыраны көбінесе нажағай соққан қарағайдан жасауға тырысатын көрінеді. Себебі, жай оты түсіп, ішкі жағы үңірейіп қалған қарағайдың даусы айрықша шығады. Оның өзінде қарағай ұрғашы һәм еркек болып бөлінбекші. Мәселен, ағаштың оңтүстік жаққа қараған жылдық қабаттары қалыңдау, ал солтүстікке ірге тосқан тұсының сақина беттері күн шуағы аз түсіп, жел өтінде ұзақ тұрғандықтан өте жұқа, ұсақ келеді. Ағашты бірыңғай қылып кесіп, жуан қабаттарын бір жаққа, жіңішкесін екінші жаққа қаттап, сұрыптауға кірісесіз. Сондағы ұсақ қарағай қабаттары ұрғашы саналады. Әрі аса бағалы деп есептеледі. Ұрғашы қарағайдан аспаптың беті жасалмақшы. Жалпы, қазақ даласында өсетін ағаштың көбі домбыра жасауға жарай береді. Қайың, үйеңкі... Бір, үлкен, құшақ жетпейтін жиделер кездеседі... Ұқсата білсеңіз, соның бәрі іске асады. Шымкент жақта домбыраны, әдетте, өрік, жаңғақ ағашынан жасайды. Шебері келіссе сары теректен шабылған құрал да жаман шықпайды. Кейінде шет елдерден келіп жатқан неше қилы ағаш сорттары бар. Мысалы, үй жаһаздарын қаптайтын әдемі қызыл ағаш. Немесе Қырымнан келген шамшат ағашы. Міне, осылардан жасалған тәуір аспаптар да тыңдарман құлағының құрышын қандырып жүр. Жігіттер кейінде Алматының қара ағашынан да жасай бастаған. Әсіресе, оның бедері әсем болады...

Тәкең мұның бәрін істің «майын ішкен» кәнігі шебер ретінде екі қолы мен бет-пішін рабайының мүмкіндіктерін мейлінше пайдаланып, көздерін адырайтып, рахаттана баяндайды. Әңгімешінің қозғалып отырған тақырыпқа әбден беріліп, оны тыңдаушысына «керек нәрсені бұл да ұғып алсыншы!» дегендей бір ынта-шынтасымен түсіндіріп отырғандағы түрінің аздап күлкі шақыратыны да жоқ емес...

Шебердің айтуынша, домбыраның басты шарты – аспаптың шанағы қатты болуы керек. Мойынға ерекше талап қойылады. Өйткені, қисайып кететін жаман әдеті бар. Сондықтан, оны әбден ескіріп, қисаятыны қисайып бітіп, қырық-елу жыл жатқан кәрі ағаштан жасаған жөн. Түп-түзу болып тұрады.

Ертеректе домбыраны тұтастай шауып, ойып жасайтын еді. Басында Таласбек те сөйтіпті.

– Бірақ оған ағаш жете бермейді, – дейтін өзі. – Және бір құлаш ағашты бір домбыраға рәсуә қылу обал. Келе-келе батыстық технология меңгерілген. Яғни, құрама домбыра пайда болды. Бұл әдіспен, баяғы, бір домбыраға жіберген ағашыңыздан жеті-сегіз домбыра шығуы мүмкін. Бірақ жаңа заманғы аспап бұрынғының дүниесіндей сөйлемейді. Ертеректегі көңіл тербететін бұйра, тартымды дыбыстар жоқ. Дегенмен, шеберлер тәуір аспаптарды жасап та жүр...

Жаңа замандағы түйткілердің бірі – ішек мәселесі. Ол ескіде ешкінің яки кәрі қойдың ішегінен жасалатын-ды. Қазір ондай технология жоқ.

– Баяғыда Украинаның Полтава қаласында ішек иіретін зауыт бар еді. Кеңес өкіметі құлағаннан кейін онымен арадағы қатынас та үзілген, – дейтін Тәкең. – Әйткенмен, содан іле-шала Семейдің ет комбинатынан бір әйел Мәдениет министрлігіне келіп, ішек жәйін өзімізде-ақ шешейік, келешекте қажет нәрсе, малдың ішегін турап консерві жасағанша домбыра, гитара, арфаның ішегін өндірейік, соның тәсілдерін үйрететін маман бөліңіздер деген ұсынысын айтыпты. Министрліктегі жігіттер бір-біріне сілтеп, ақыры әлгі кісіні бір айдай әбден әурелеп, ақымақ қылып қайтарады. Міне, арада жиырма бес жылға жуық уақыт өтіпті, сол адамнан еш дерек жоқ. Тәрізі, көңілі әбден қалса керек...

Бертінде ішек орнына жаппай «леска» деп аталатын қармақбау тағылатыны белгілі. Яғни, нағыз ішектен табиғаты бөлек. Ертедегі ішектің әуезділігі иірілетіндігінде еді.

– Мысалы, алпыс метр қой ішегі иірілсе, серіппе секілді, шамамен, екі еседей кішірейеді. Тартылған кезде табалдырық тиек пен шайтантиектің арасындағы ішек көлемі ұлғая түседі де, амплитудасы үлейіп, зор тербеліс туғызады. Капрон ішектер қатты тербелмейді. Жыртқыш балықтардың жұлқылауына шыдайтындай әбден шыңдалып жасалған. Бірақ оны да осы күні амалдап, суға салып жасытып жүр. Қармақ жіптің бір жаман жері – соның дыбысына әбден дағдыланып алған тыңдарманның талғамы бұзылып, ескіше күй тартсаңыз, түсінбейді. Негізі, нағыз домбыра шегі көбінесе шет елдерден табылады. Айталық, Германияда жер бетіндегі барлық аспаптардың шегі дайындалады. Бірақ кейбір алыпсатар қулар солардың мыңдаған метрлеп шығарылатын ап-арзан ішектерін кесіп-кесіп пакетке салып әкеліп, әкесінің құнына сатып жүр...

Таласбек жаңа заманғы домбыра технологиясына қатысты тосын пікірлерін толғай отырып, бір сәт тарих тереңіне де түсіп кетуші еді. Мәселен, шағында ұлттық музыка аспаптары теориясын жан-жақты қаузаған Әл-Фараби домбыра мойны шанақтан 1,02 есе ұзын болуы керек депті. Ендеше, домбыраның шанағы 40 см. болса мойны міндетті түрде 48 см. болуы шарт. Тәкеңнің пікірінше, Әл-Фараби әлгі өлшемдерді сол замандағы малдың иірілген шегінің ұзындығына байланысты айтқан сияқты. Кейінгі параметрлер мүлде басқа. Бүгінгі ішектер өте ұзын. Ол тербелу үшін қажет. Сол себептен, аспаптың бойы да ұзындау жасалады. Әл-Фараби кезінде ішек шешен болған. Ал бұрынғы домбыра қазіргі ішекпен үйлеспейді.

Шеберлік өтілі ширек ғасырға пара-пар Таласбек Әсемқұловтың домбыраларым керемет деп мақтанғанын көрмеппін. Бірақ әйгілі әншілердің бірі Мәдениет Ешекеев кейінде сахнаға Таласбек жасаған домбырамен шығуды ұнатқан. Сыматай Үмбетбаев пен Әділет Мусин де сөйткен. Жәнібек Кәрменов те осы інісіне арнайы қалап төрт-бес домбыра жасатыпты. Небір ғаламат күйшілер туралы шығармалар жазған Мұхтар Мағауинның үйінде де бір домбырасы тұр...

Осының өзі-ақ талай жәйтті аңғартса керек. Таласбекке бұл әуестігі сонау заман күрт қиындап кеткен тұста да көп көмектескен көрінеді. Сол күрделі кезеңде бала-шағасын асырау үшін базарға шығарып сатқан домбыраларының саны жүзден асатынын айтып қалғаны бар...

Шеберлерді бір-бірінен ерекшелейтін нәрсе – олардың белгілі істегі өзіндік құпиялары. Ұлттық аспап жасауға талай жыл ғұмырын арнаған Таласбек Әсемқұлов ол жағынан да кенде емес-тін. Оның бір сыры Таласбектің тәуір домбырашылығында да жатуы мүмкін. Кезінде орындаушы ретінде ұлттық өнер труппасымен бірге Париж көрермендерімен қауышып қайтқанын білеміз...

***

Айтпақшы, халыққа, негізінен, журналист, жазушы, мәдениеттанушы ретінде танылған Таласбектің кезінде Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында сабақ бергенін біреу білсе, біреу біле бермес. Егер «сегіз қырлы, бір сырлы» деген өлшемге салсақ, бұл да жан-жақты азаматтың биік өресін танытатын қыры екені даусыз.

Тегінде, Тәкең марқұм әңгіме жазса да, сценарий түзсе де, эфирден сөз сөйлесе де, тіпті, домбыра шауып, күй тартса да, әрдайым тереңнен тербеп, көл-көсір сыр ақтарғандай, айрықша шеберлігімен тәнті етуші еді.

Осының бәрін жалпы атаумен «Таласбектің толғауы» десек қателеспейтін шығармыз. Әйтеуір, қазақ руханиятына мол олжа салған өнерпаздың әр кез көңіл түкпірінде тұратыны анық.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: #таласбекәсемқұлов, #Эссе, #құлтөлеумұқаш, #хобби
(2)

Пікірлер

Sultan

07.12.2018 10:31
Тамаша, Тәкеңнен естіген әңгімелер... "Әл-Фараби домбыра мойны шанақтан 1,02 есе ұзын болуы керек депті. Ендеше, домбыраның шанағы 40 см. болса мойны міндетті түрде 48 см. болуы шарт". 1,02 емес 1,2 болар
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар