Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Құлтөлеу Мұқаш. Жәнібектің әні

18.01.2019 1094

Құлтөлеу Мұқаш. Жәнібектің әні

Саңлақ әнші Жәнібек Кәрменов ағамды ойласам, көзіме Құлагер елестер еді. Иә, кәдімгі Ақан серінің аламан бәйгеде мың сан аттан оқ бойы қара үзіп, мәреге қарай жүйткіп келе жатқанда омақаса құлаған өрен жүйрігі.

Жәнібек те намазшам, намаздыгер арасында армандарына қарай қатты асығып, заулап бара жатып ертоқымнан ауып түскен...

Жәкең үйіндегі Тоты жеңгейден сыр тартып отырғанда білдім, бұ кісі де әншіні ең алғаш осы «Құлагер» әнін шырқаған кезінде көріпті. Сол сәт Сарқандтың тал шыбықтай бұралған он жеті жасар қызы Қазақ политехникалық институтына құжат тапсырып келген беті екен. Түскен үйіндегі алқа-қотан отырыста әлдебір жас әншінің өнеріне қайран қалады.

- Құлагер, айналайын тұлпарым-ай,
Бір көрмей тұра алмайтын, сұңқарым-ай.
Даңқыңа бүкіл адам ғашық болып,
Бір көрсек деп тұратын іңкәрім-ай...

«Есімінің Жәнібек екенін кейінірек білдім. Жиырмада екен. Жан тебіренткен мұндай ғажайып, асқақ дауысты өмірімде бірінші рет естіппін. Жүрегім аттай тулап, қатты алабұрттым. Бірден ерекше баурап әкетті» – дейді апайымыз ағынан жарылып.

Жанары жәудіреп, сонадайдан өзіне үзіліп қарағыштай берген бойжеткен назарын сезімтал балаң жігіт те қалт жібермесе керек.

Қысқасы, әлгі кештегі сырт таныстық біртіндеп Алматының салқын самалы лекіген тұңғиық түндеріндегі ұзақ сырласуға ұласады.

Осылайша екі ғашық арада бірер жыл өткенде бас қосып, отау тігуді ұйғарған. Міне, Тоты ханымның өмірі Жәнібектің әуелеген ән ғұмырына, күмбірлеген күй ғұмырына осылайша жалғасады. (Айта кетейік, жеңгеміздің шын есімі – Тұрар. Ал Жәкең Абай атасының әйелі Шүкіманның есімін Әйгерім деп өзгертіп алғаны секілді, жан жарын Тоты, Тотай деп атап кетіпті. Қазір көпшілік те келе-келе әбден сіңіскен осы атты қолай көретіндей).

Жиырма жылғы отбасылық өмірде Жәнібектей серінің көңіл ауанын дөп басып, қас-қабағына қарап, кез келген жағдайда сенімді серік бола білген екен...

Жәнібек Кәрменовтің «ән академигі» атанған Жүсіпбек Елебекұлының класында тәрбиеленгені мәлім. Әйтсе де ол халықтың түрлі ән мектептерін алаламай, мүмкіндігінше, қанатты кең жаюға тырысқан. Көптеген шет елдерді аралап, қазақ әнін бірқатар сырт мемлекеттер аспаны астында әуелеткен. Әйтеуір, ұлттық өнер көкжиегін барынша кеңейтуге күш салған.

Өнер адамының зайыбы қосағының шығармашылық тыныс-тірлігін терең түсінуі де бір ғанибет шығар:

– Қазақ елінде қанша ән дәстүрі болса, соның бәріне дендеп барды. Ақселеу Сейдімбек ағасы екеуі жасаған оншақты телевизиялық хабар бар. Сонда білікті маман ретінде Мұхит, Кенен әндері, өзге де халық ақындарының шығармалары, Шәкәрім мен Сәкен мұралары дегендей, бір-біріне ұқсамайтын әр түрлі бағыттағы дүниелерді жан-жақты саралады.

Осылайша, Жәкең бір кезең Қазақ әні әлемінің ұлттық музыка фольклоры зерттеушісі ретінде де танылған екен.

– Әндерді көбінесе архивтерден алатын. 1988 жылы қазақтың үш жүздей әні мәтінін қалпына келтіру бағытында екі томдық антология шығарылды. Міне, осы тұрғыда көп ізденіс жасады...

Байқауымызша, өнерпаз, халықтың барлық мектептері қырларына терең бойлады дегенімізбен, жанына жақын Арқа ән дәстүріне көбірек ден қойғандай. Сондай-ақ оның өзі туып-өскен өңір мәнеріне, оның ішінде Абайдың өнерпаздық тағылымына жітірек қарауы да, бір себептен, қисынды сияқтанады.

Сөйткен әнші, әрі өнер зерттеушісі күндердің бір күнінде сөз өрнегі айрықша, сонымен бірге қаламы әбден төселген жазушы ретінде көрінеді.

Бір қызығы, оның осы қырына жерлестері аса таңырқай да қоймағандай. (Бұ тұста бір айта кететін жәйт – Жәнібек Абайдың досы Ерболдың туған інісі – Дүтбайдың шөбересі көрінеді. Сондықтан ағайындары Шыңғыстау баурайында туып-өсіп, бойына сөз дарыған ұланның қаламға икемділігін заңдылық деп қабылдаса керек).

– Жазушылығы негізсіз емес, – дейді Тоты тәтеміз де. – Сол ауылдың Шәкәрім атамызды көрген, Мұхтар ағамызбен үзеңгі қағыстырған қарттарың сөзіне зейін қойып өсіпті. Кәмен Оразалин деген ағасы қазақ тілі мен әдебиетінен мұғалім болған кісі. Осылардың бәрі ықпалын тигізбей қоймайды. Өзі әкеден алты жасында жетім қалыпты. Көңілін тербеткен мұң да жоқ емес қой. Көкейде тұнған сырды бір мезгіл сыртқа шығармаса ішқұса бола бастар ма еді, кім білсін. Оның үстіне Абай елі ежелден ән мен жырдың бесігіндей қасиетті өлке. Соның бір бетке шыққан қаймағы да...

Жеңгеміздің айтуынша, Жәнібекті алғаш қаламгерлікке итермелеген белгілі ғалым, жазушы Рымғали Нұрғалиев болып шықты. Әнші інісінің бұл жағынан да қаражаяу емесін білетін ол түрлі тақырыптарды жиі ұсынып, қоярда қоймай жүріп жазғызған. Дарынды адам бұл жағынан да қамшы салдыра қоймаған-ау...

Жәнібек Кәрменов қаламынан әр жылдарда «Ақылбайдың әні», «Ғашықтың тілі», «Махаббат әні» секілді тартымды әңгіме-хикаят жинақтары туған.

– Алғашқы кітабы 1980-ші жылдары шықты. Түнімен отырып жазатын еді, – деп сыр ағытады апай. – Жәкең ұйықтап қалған кезде ұрланып оқуға құмартушы едім. Кейін: «Әлгі кейіпкерің кім, ол онда неғып жүр, оқиға неліктен солай жалғасты» дегендей сұрақтар қоямын. Сонда: «Жазушының фантазиясы деген болады. Ол кейіпкерді нақ бәлен, тура сол адам деп айта алмаймын» деп жауап беретін.

Тұрар Бәйгелқызы бертінде жолдасының газет-журналдарда басылған мақалалары мен телерадиода жүргізген сұхбаттарынан тұратын «Әніңнің қазақ жетпес бұрмасына» деп аталатын жинағын құрастырып шығарыпты. Ал бұрынырақта жазушы Тұрсын Жұртбаймен бірігіп, «Жәнібек» деген естелік жинағын жариялатқанын білетін едік. Онда әйгілі әншінің жақын араласқан замандастары жүрекжарды лебіздерін білдірген.

Жалпы, халқы Жәкеңді көзі тірісінде-ақ ерекше әлпештеген-ді. Айталық, Ғабит Мүсірепов «басқа әншілер бір төбе, Жәнібегім – бір төбе» деп айрықша аялаған.

Мұның мәні сонау он тоғызыншы ғасырдағы сал-серілердің сарқытындай, әуен-ырғағы өзгеше әншінің сонау «саф алтын» ескі сарынды мейлінше бұзбай жеткізуінде жатқандай. Нақтырақ айтсақ, ол бүгінде жиі айтылатын «заманауи» әуеннен қашып, әннің сіңісті қазақы қалпын дәл жеткізуге күш салған. Сонда кәрі құлақ тыңдаушы шығарманың жақсы сақталған ұлттық бояу-нақышына тәнті болып, елтитін тәрізді.

Осы ретте Жәнібек ғұмырының ұлы Мұхаңмен де қатыссыз еместігі еске түседі. Бес жасынан қу шыбықты домбыра етіп, халық әндерін салуға талаптана бастаған бала Жәнібек 1958-1959 жылдары сахнаға шығады. Сол күндердің бірінде оқта-текте елге соғып тұратын Мұхтар ағасының алдында ән салыпты. Тағы бір ғажабы, кейін Мұхтар Әуезовтің музыка аспабының атақты шеберлері ағайынды Борис пен Эммануил Романенкоға арнайы жасатқан домбырасы араға жылдар салып осы Жәнібектің иелігіне өтеді. (Бұл өз алдына бөлек әңгіме).

Тоты жеңгей жолдасының сол алыптар тобының өкілдері – қос Ғабең және Сапарғали Бегалин, Рақымжан Қошқарбаев сынды қазақтың маңдайына біткен бірқатар жақсы-жайсаңымен етене араласып, әкелі-балалы, ағалы-інілідей жарасымды өмір кешкенін айтады.

Әлбетте, бұлардың ішінде әншіні Жүсіпбек Елебековтің туған ұлындай еркелеткені туралы мысал көп. Ондай әңгімелерді жас шәкіртке шеше орнына шешедей қамқорлық жасаған Жүсекең үйіндегі Хабиба апайымыздың аузынан да талай естіп едік.

Базбір замандастары Жәнібекті ұстазы Жүсекеңе қатты ұқсатады екен. Тіпті, кей жолдастары ақсақалдан: «Шыныңызды айтыңызшы, осы балаға ешқандай қатысыңыз жоқ па?!» деп қыжыртып, соқтығатын да секілді.

Кейде қазақтың аңдамай айтылған қалжыңы да кісі өлтірмей ме. Баяғыда болашақ әнші Әміре бозбала шағында әкесіне еріп Қаражан деген байдың қамбасына барыпты; сонда әлдебіреу Қашаубайдың қасына келіп: «Қашеке, мына қасыңыздағы бала өз балаңыз ба? Өзіңізге серік болып қалыпты ғой. Немене, оқи ма?» – деп сұрайды. Сонда Қашаубай әдеттегі әзілқой мінезіне салып: «Иә, бала өзімдікі деп жүрмін ғой. Жоқ, әлде танып тұрсың ба?!» – деп күле жауап беріпті.

Сол айтқандай, Жүсекең де әлгіндей қыңыр сауалдарға жымиып күледі де қояды екен.

Ондай әзілде, әрине, Жүсекең шәкіртінің ұстазының өзінен туғандай біте-қайнасып кетуі туралы терең мағыналы теңеу-тұспал жатыр.

Әсілі, Жәкеңнің өз мінез-құлқынан да сол кемеңгер халқымызға тән асыл қасиеттерді байқауға болар еді. Зайыбы да, әсіресе, әнші ағамыздың жайдары, жайсаң мінезін ыждаһаттана баяндайды:

– Өте балажан еді. Балалармен балаша ойнайтын. Үлкенге иіліп, ізетті іні бола білді. Сондай кішіпейіл, ақжарқын. Кейде бір тез ашуланып қалатын мінезі де жоқ емес-ті. Бірақ тез қайтатын, жүрегіне зіл болмайды. Кек сақтамайтын. Кешірімді еді. Жүрегі даладай кең. Әркімнің ондай қасиеті болады деп ойламаймын...

Жәкең қол боста карта ойынына бейім деп еститінбіз. Жеңгейден әнші ағаның осындай әуестігінің жай-жапсарын сұрадық.

– Картаны, шынында да, жақсы көретін. Әмбе тәуір ойнайтын да. Осы, түнді түнге жалғап отыратын кезеңдері кездесетін. Кейде менің ашуым келеді. «Мыналарың денсаулығыңа қып-қызыл зиян ғой! Бір сәт ұйықтамайсың ба, дамылдамайсың ба» демеймін бе. – «Сен не білесің! Қайта, мен осындайда дем аламын. Қанша жұмыс істеп, ми шаршап жүргенде осыдан тынығамын», – деуші еді. Одан соң сәл қалт етсе оңаша қалып, толғануды ұнататыны бар-тын.

Шығармашылық адамы, әсілі, қым-қуыт терең ойдан да ләззат алатын болып тұр ғой.

– Иә, әсіресе, бір мезгіл табиғат аясына шығып, бой жазуды қалайтын. Ондайда ескінің қазақтарынша басына – тақия, үстіне жеңіл шапан киіп, қолына таяқ ұстап қырға шығып, ұзақ серуендейді. Бірталай жылдар «Көктем» ықшамауданында тұрдық. Сонда Алатау бөктеріне дейін жаяу барып, жаяу қайтып жүрді. Бір сәт өз-өзіңмен сырласудың да рахаты жоқ еместей. Ойланады. Мазалаған сауалдардың жауабын іздейді. Миында болашақ шығармаларын пісіреді. Артында қалған үш кітаптың бәрін солай жазғандай.

Әттең, амал не:

– Құлагер, айналайын шабысыңнан,
Атағы елге шыққан дабысыңнан.
Біліп ем өлеріңді, Құлагерім,
Шыңғырған түсімдегі дауысыңнан, –

деп өзі шырқағанындай, композиторлық қыры да ерекше, тұлпар тағдырлы әнші сұм ажалдың біртіндеп жақындап келе жатқанын сезді ме екен, «Жастық шақ» аталатын әнінде:

– Жалындап келдім өмірге,

Жайлауын кешіп жастықтың,

Адасып қалдым бұл күнде,

Білмеймін, қайда асықтым.

Зулайды күндер, зулайды,

Тулайды жүрек, қимайды,

Жас дәурен мойнын бұрмайды,

Жастығым қолын бұлғайды...

немесе «Өмір туралы» толғауында:

– Опасыз мынау дүние,

тұтқа болған кімдерге,

Өмірдің соңы – өкініш,

санамен ойлап білгенге.

Қадірі болмас адамның

ортаңда тірі жүргенде.

Орыны қалар ойсырап

бір күні көрге кіргенде.

Мұңайма, Жәке, мұңайма,

сабыр ет енді, жүрегім,

Бір күні сен де тоқтайсың,

оны да жақсы білемін,

Бас имей жүрген тағдырға,

дертті жанның бірі едім,

Адам боп кеп ем өмірге,

Адам боп өтсем – тілегім,

Бәріңе соны тіледім! –

дегендей жолдарды түзіпті.

Бұлардың бәрінен бұлқына ышқынған, әлдеқайда алып-ұшқан жан толқынысын аңдаймыз.

Сөйтіп жүргенде, ширыққан домбыраның ішегіндей, қапияда үзіліпті де кетіпті. Қырық үш жасында...

Бірақ «Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы» деп Абай атасы айтатынындай, Жәнібектің енді қайтып оралмайтынын басқа басқа, Тоты жеңгеміз мойнындай алмайтын секілді:

– Әлі күнге дейін сенбеймін, шынын айтсам. Әлі де әне-міне кіріп келетіндей көрінеді де тұрады. Көрген түстей күйде қалдық. Арада қаншама жыл өтсе де әлі елегзимін. Қайтыс болған алғашқы жылдарда құлап қалатындай жағдайға да келгенбіз. Үйде бір үнтаспа бар еді. 1986 жылы Ленин комсомолы сыйлығын алған-ды. Сол қуанышқа жиналған отырысты толықтай жазып алыппын. Әйткенмен, жазбаны кейін бастан-аяқ қайта тыңдап үлгермейсің де ғой. Өзі қайтыс болғаннан кейін арада біршама жылдар өткенде әлгіні қаттырақ қойып қойып, ас үйге жеткен кезімде Жәнібектің: «Әй, Тотай!» – деп қалған дауысы шалқамнан түсірді. Мені шақырған үні жазылғанын білмеппін. Сол дауыс дәл құлағымның түбінен естілгендей естен тандым. Жүрек жарасы жазылмайды екен. Тырнала береді. Уақыт емші деп жатады. Соған сене қоймаймын...

Жәкеңнің балаларының есімі Әдебиет әлеміне қатыссыз емес – Әсет, Ақбота, Шәкәрім...

Таяуда Тоты жеңгей Жәнібектен екі жаста қалған Шәкәрімнің 7-ші сыныпта жүргенде жазған бір шығармасын тауып алыпты. Онда кенже ұл былайша толғанады:

«Әке» – ­үш-ақ әріп. Бірақ осы сөздің бағасы мен құнын адамзат біле бере ме? Әкеңді құшақтап, басыңды кеудесіне қойып, бір еркелеп алғанның өзі шексіз бақыт екеніне елдің бәрінің көзі жете бермейді. «Қолда барда алтының қадірі жоқ» дейді ғой қазақ. Мен баға жетпес «алтынымнан» есім кірмей-ақ ерте айырылып қалдым. Мүмкін содан да шығар, апайым берген тақырыптан тыс әке туралы жазып отырғаным... Бұл жазғаным – мен үшін еріккеннің ермегі емес. Ішіме сыймай бара жатқан дерттің қысып, қинаған кезіндегі жүректен шыққан әкеме деген пәк, сазды сағынышым. Жасымнан құрбыларым сияқты әкемнің алдына отырып, әкемнің жылы алақанын сезбегеннен шыққан сағыныш. Кейде осындай кең дүниеге сыймай, ішімдегі дертіме шыдамай, әкемді құшақтап, әкемнің қанатының астына тығылып, бар әлемді ұмытқым келіп кетеді. Бірақ амал не, тағдырдың жазғаны сол болды, амалсыздан шыдаймын. Балапандай кезімнен мәпелеп, әкенің орнына әке болған асыл анамның көңіліне қарап, ішімдегі жалынды көрсетпеуге тырысамын. Әкемнің жоқтығын сездірмей, құрбыларымнан кем қылмай өсіріп келе жатқан анамның жүрегіне бұл жай ауыр тиетінін де түсінемін. Сондықтан да, көрсетпеймін. Бірақ өзімнен-өзім әкемнің үнтаспаларын тыңдап отырған кезімде көзімнен жас сорғалап кеткенін де байқаймын. Сағынамын! Қиналамын! Түнде ұйықтар алдында әкем бүгін түсіме кірсінші деп Алладан тілеймін. Түсімде болса да әкеммен бірге болғым келеді. Әкемнің дауысын суық үнтаспадан емес, тірідей, таза тыңдағым келеді. Дана, ұлағатты сөздерін әкемнің достарының аузынан емес, өз аузынан тыңдағым келеді. Бірақ мұның бәрі тек қана арман, қиял. Қатыгез тағдырдың жазғанына көнуден басқа амал жоқ. Бірақ қолымнан келгені – әкемнің атын өшірмей, жолын қуып, ғибратты ойлары мен асқақ дауысын келер ұрпаққа жеткізіп, Жәнібек Кәрменовтің ұлы деген атқа сай болу. Өмір бойы осы мақсатымды орындауға соңғы демім жеткенше тырысамын. Бар күшімді саламын. «Болмасаң да ұқсап бақ» деп Абай атам айтқандай, әкемнің деңгейіне әлі жету алыс екенін білсем де, жан аямай тырысамын. Кім біледі, алда әлі бүкіл өмір бар емес пе!»

***

– Осы Шәкәрімімнен үмітім бар енді, – дейді Төкең. – Қаламға да бейім. Елге тележүргізуші ретінде танылды. Ал Ақбота мен Әсет екеуі де заң қызметкері ғой. Кенен атамыздың Жәнібектің орындауындағы «Ақ ешкі» әнінде «Домбырамның қала ма иесі жоқ» деген сауал жанымды мұздай қарып, мен де домбырасы иесіз қалар ма екен деп мұңданушы ем. Құдайға тәуба, кіші ұл он үш жасынан бастап өнерге бет бұрып, домбырасына ие болды. Атақты әнші болуға ұмтыла қоймаса да, өзі үшін әкесінің әндерін тербетіп отыратын кездері дәтке қуат!..

Кейде Жәнібек аға өмірден ерте озғанымен, бақытты әнші ме деген де ой келеді. Айталық, Бекболат Тілеуханов, Ержан Қосбармақовтай шәкірттері бар ұстазда арман бар ма!

Оның үстіне, Жәнібектің қасиетті домбырасы өз баласы Шәкәрімнің қолында ғой.

Ал әні ­– халқының жүрегінде!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: #жәнібеккәрменов, #жүсіпбекелебеков, #сапарғалибегалин, #рахымжанқошқарбаев, #мұхтарәуезов
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар