Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Құмның қызы "Сынған терезе"...

26.12.2016 2489

Құмның қызы "Сынған терезе"

Құмның қызы "Сынған терезе" - adebiportal.kz

14717185_118396031967053_6283937014930067166_n.jpg

1


Ол кезде көктем еді. Көптен күткен жақсылықтың жаршысындай бұл айда бар дүние жаңарып, бүкіл тіршілік атаулы дүр сілкініп оянған-ды. Табиғат-ана қыстайғы құрыс-тұрысынан жазылып, түрленіп жатқан шағында осы маңдағы шағын өлкені жайлаған кішкене отбасы да үлкен жаңалықтан үміткер еді. Қарашаңырақтан өз еншілерін алып шыққалы бері Бекет пен Хадишаның арманына айналып, ұзақ күттірген сәбилі болу бақыты әне-міне дегенше орындалмақшы. Нәпақасын жалданып үй салудан тауып жүрген Бекет енді бұрынғы лашықтарын бұзып, жаңа үй салғалы жүр. Дайындықты бастап кеткен. Үйдің іргетасын құйып жатып, екі жаңалықты да асыға күтіп жүрген толған айдай Хадишасына қарап: - Алла жазса, жақында сәбилі боламыз! Сонда менің кішкентай құлыншағым осы үйде асыр салып ойнайтын болады. Қарашы, Хадюшам, мына көше бетке қарайтын терезені үлкендеу қылдым. Ертең ұлымыз сабақтан келе жатқанда, екеуміз осы терезеден қарап тосып отыратын боламыз! - дейді шаттана. Жарының лебізіне сүйсінген Хадиша: - Отағасы-ау, ол ұл екенін қайдан білесің? Әлде оны өзі айтты ма? - деп еркелей тіл қатушы еді. Айы-күні жетіп, перзентханаға кеткен Хадишадан «отағасы ұлды болдық» деген хабар жеткенде Бекет те көше бетке қарайтын үлкен терезесіне әйнек салып болған еді. Зарықтырып жеткен қос қуаныш ерлі-зайыптылардың шаңырағын шаттыққа бөлеген. Ертесіне Бекет қорадағы жалғыз көк тоқтысын шалып жіберіп құдайға сансыз алғысын жаудыра жүріп, Хадишаға шілдехана жасауды талап еткен. Қуанышқа кенелген бұлардың жаңа қонысына қарай көршілері тұс-тұстан келіп, құттықтасып, көрімдіктерін берісіп жатты. Сәби үнімен сәні кірген бұл шілдехана, Хадиша мен Бекет үшін ұлан-асыр тойға бергісіз еді. Осыншама адамның басын қосып, бәріне қуаныш сыйлаған сәбидің есімін бізді аңсатып жеткен еді, енді ортамызда ерке боп, бұла боп өссін деп Еркебұлан қойды әкесі. Осылайша ұядай ғана отбасында сәбидің шат күлкісіне толы бақытты күндер байқатпастан өтіп жатты. Бекет ерте тұрып, бөбегінің бетінен мейірлене сүйіп үнемі жұмысқа кетеді. Ал Хадиша болса отағасының амандығын тілеп үйде, Еркебұланның жанында қалады. Кейде Бекет сәл кешіге қалса, Хадиша кішкене бөбегін құшағына алып, ауызғы бөлмедегі үлкен терезеден көше бойынан көз алмай қарап, оны тосып отырады. Бақытты сәттер сынаптай сырғып өте шығады емес пе?

Мінекей кешегі “іңгәләп” бесікке құндақталған Еркебұлан қазірде бес жаста. Өзінің айтуынша «үлкен азамат»! Уақыттың жүйріктігіне таңғалған Хадиша терезеден далаға көз тастады. Сары түске боялған сары дала. Кешегі күлімдеген көктем мен жайма-шуақ жаздан бір нышан жоқ. Сау-сау етіп түсіп жатқан жапырақтармен сары уайым, сағыныштан хабар беріп, кең дүниені күңіренткен күрең күз. Хадиша ауыр бір күрсініп қойды. Сағатқа қарады. Біраз уақыт өтіп кетіпті. Ал Бекет әлі үйге оралған жоқ. Хадиша мазасызданайын деді. Қазір келіп қалар деп өзін-өзі жұбатқан болып, көңілін Еркебұланымен алдаусыратады. Бірақ Бекет сол күйі оралған жоқ. Біреудің шатырын жасап жатқан кезде, аяғы оқыс тайып кетіп, тілге келместен о дүниеге аттанып кете барыпты. Күңіренген күздің суық ызғарындай бұл хабар Хадишаға кеш жетті. Өз құлағына өзі сенбеген ол бір орында сілейіп қатты да қалды. Сол бір қарғыс атқан күннен кейінгі Хадишаның күйі қатты өзгерді. Толған айдай нұрланып тұратын ақ жүзінен әр кетіп, жүзі солғын тарта бастады. Өз-өзінен отырып көзіне жас алатынды шығарды. «Өлгеннің артынан өлмек жоқ» деп өзін іштей жұбатса да, қайран көңіл Бекетін қатты сағынатын. Сондай қатты сағынған шағында әкесінің өмірден өткенінен бейхабар, әкем қазір келер-ау деп есік жаққа қарағыштай беретін бейкүнә бөбегін бауырына қысып алып, көз жасына ерік беретін. Жарының қазасы сеңдей соқтырған Хадишаның серпілуіне себеп болған жеңгесі Майра тұғын:

- Әй, Хадиша, жасыңды тый, қане! Сен жылағаннан Бекет тіріліп келе ме?! Әруақты көз жасыңмен қинама! ”Тірі адам тіршілігін жасайды” деген. Қасыңда жұбанышың Еркебұлан бар. Тым болмаса сол жалғызыңның жайын ойласаңшы!

-Жеңеше-ау! Шаңырағымның шырағын сөндірмей, көштен де қалғызбай бізді асырап жеткізген осы Бекетім еді ғой! Енді қалай күнелтпекпін? Тауып жатқан табысым да жоқ!

-Енді мен неге келіп тұрмын саған?! Сенің жағдайыңды менен артық білер ешкім жоқ, қарағым! Шаруа былай, біздің фермада бір тазалықшының орны бос екен. Соған сені алғызбаққа бастықпен келісіп қойдым. Бәрін қой да, ертеңнен бастап жұмысқа шық. Ал баланы маған қалдыр!

-Айналайын, жеңешем, мың алғыс, мың алғыс! Алтынсың ғой сен!

Сөйтіп, Хадиша сүт фермасында тазалықшы болып жүрді. Жұмыстан босай сала үйіне асыға жетіп, Еркебұланын құшағына басады. Ол да есейген сайын “апа, әкем қашан келеді?”- деп сұрайтынды шығарды. Көкірегі қарс айрылған Хадиша “Құлыным-ау, әкең ұзақ сапарға кетті, ол саған көрші Мараттікіндей машина әкеп береді”- дейді. Ал Еркебұлан болса әкем тезірек келсе екен деп күтуден жалықпайтын. Сағынумен, зарығумен уақыт жылжып өтіп жатты.

2

Міне, тағы да күз. Хадишаның бар күлкісін, бақытын ұрлаған күз. Әйтсе де бұл күз Еркебұланды қатты күттірген тәрізді. Өйткені, биыл ол сабаққа барады. Кеше анасымен барып базардан сөмке, қалам, дәптер, әдемі костюм-шалбар, тіпті суреттен көрген әкесінікіндей қара галстук те сатып алған. Сөмкесіне бар оқу құралдарын салып қойған ол, енді тезірек мектепке баруды аңсайды. Міне, бүгін оның ұйқысы келер емес. Ертең 1 қыркүйек. Таңертең ерте тұрып құлыншағын әдемі қылып киіндірген Хадиша көзіне еріксіз жас алады. ”Міне, Бекетім, баламыз енді мектепке барады! Бұл сенің арманың еді ғой! Осы қуанышты менімен бірге көруге жазбағанын қарашы! Ай, тағдыр-ай, қайтейін!” - деп іштей егілді. Анасының көзінен сырғып түсіп жатқан жасты көрген Еркебұлан:

-Апатай, жыламашы!- деді өзінің кішкентай саусақтарымен анасының көз жасын сүртіп, -Мен енді ренжетпеймін, жылатпаймын. Өйткені, үлкен жігіт болдым!

-Айналайын, ботам-ау сол! Әрине үлкен жігітсің!

Көңілдеріне келешекке деген үлкен үміт пен сенім ұялаған екі жан мектепке қарай аяңдап бара жатты.

Бірде Хадиша түскі үзілісте үйіне келген, есікті аша бере көңілі құлазып сала берді. Үй іші боп-бос. Кеше ғана Бекеті осы үйді салып еді-ау! Екеуі кішкентай Еркебұланын орталарына алып, қылығына мәз болатын. Нағыз бақытты шақтар еді ғой ол! Ал қазір ше? Соның біреуі де жоқ. Көкірегіне өксік тығылып, көз алдына мөлдір моншақтар тізіле қалды. Түскі асын дайындап болып, ауызғы бөлмедегі үлкен терезенің жанына жайғасып, көше бойына көз жіберіп ұлын тосты. ”Шіркін, Бекетім жанымда болғанда екеуміз бірге баламызды күтіп алар едік қой! Осы терезені ұлын көріп отыру үшін жасап еді, жарықтық! ”Көз алды тұманданып кетті, ыстық жас бетін жуып бара жатты.

-Апа, мен келдім!

-Ау, құлыным!-деді Хадиша бетіне орамалын апарып жатып, -Сабағың қалай өтті? Келе ғой дастарқанға!

-Апа, мен математика мен әліппеден “5”алдым!-деді ол кішкентай бес саусағын көрсетіп.

-Жарайсың, ботам! Менің ұлым ертең үлкен бастық болады!

-Иә, апа! Сосын сізді жұмысқа машинамен апарам! Міне былай “дрын-дрын”деп.

Хадиша бұрынғыдай емес, жалғыздыққа көндігіп кеткен сияқты. Түнде де үйде жападан-жалғыз қала беретін болды. Еркебұлан жоғарғы сынып оқығалы бері кештетіп достарымен шығып кетеді. Ал ана байғұс ол келгенше тыныш ұйықтай алмай, мазасызданумен болады. Қазір ұлы анасының жанында сирек болатынды шығарды. Түсте келіп, ас-ауқатын жасап тосып отыратын анасына бұрынғыдай әңгімесін айтпайды, ашылып та сөйлеспейді. Тек үйден асығып шығып кетуге дайын тұрады. Оған Хадиша есейгендіктен болар деп баста аса қатты мән бермеген. Ал қазір бір үйде жүрсе де ана жүрек ұлын қатты сағынады, бұрынғыдай маңдайынан мейірлене сүйіп, бауырына басып жаралы жанына жұбаныш еткісі келеді. Оның мұнша өзін салқын болып бара жатқанын білмекке талпынған ана, шай үстінде өз ойын ұлына жеткізді.

-Құлыным-ау, осы сенің неге көңіл-күйің болмай жүр? Бұрынғыдай ашылып та сөйлемейсің! Мен бейбақ осыны ойлап мұңайып жүрмін ғой. Не болды саған?

-Апа, осы мен жетіммін бе?

-Ол не дегенің, ботам? Сенің анаң бар емес пе?! Ондай ой саған қайдан келді?

-Жоқ, мен жетіммін! Менің әкем өліп қалған! Жалғыз ғана шешем бар, я бауырым да жоқ! Менің мына үйде тұрғым келмейді. Бәрі әкелерін айтып мақтанады. Әкелері үйін асырайды, ал апалары үйінде немесе бірі апай, бірі дәрігер. Ал сіз – тазалықшысыз! Тастаңызшы сол жұмысты! Мені асырамай-ақ қойыңыз! Мен ертең мектеп бітіріп, өзімді-өзім асырайтын болам!

Баласының мұнша ауыр сөзінен есеңгіреп кеткен ана:

-Жарығым-ау, мен әкеңнің өлгенін қалады дейсің бе? Бұл құдайдың ісі емес пе?!-деді тілі күрмелген ол, осы сөзге ғана шамасы келіп, -Еркебұлан, тоқта балам, тоқта!

Хадиша есін сәлден кейін жиды. Табалдырық жанында талықсып құлап қалыпты. Үйдің іші біртүрлі тоңазып, салқындап кеткен тәрізді.

-Құдай-ау, әлгі бала әлі келмеген бе? Келсе тоңып қалар! -деп шелек алып от жағу қамына кірісті. Осы оқиғадан кейін ұлы анасына жылы қабақпен қараған емес.

Мамыр айының 25-і. Еркебұлан мектеп бітіріп жатыр. Хадишаның қуанышында шек жоқ. Жалғыз ұлы мектепті үздік бітіріп жатса, қалайша қуанбасын?! Емтиханын да жақсы тапсырып, қалаға оқуға кетпекші.

Бүгін мектеп бітірушілер кеші. Хадиша ұлына әдемі костюм-шалбар сатып әперді. Сымбатты өскен, көрікті жігітке құйып қойғандай жарасып-ақ тұр. Өзі де көптен бері киілмей шкафта тұрған қызыл ала көйлегін алып киді. Кешке қарай сыртқа шыққан екі жан: алдында бойшаң, кербез жігіт, соңында орта бойлы кейуана көше бойымен алыстап бара жатты.

Хадиша бүгін көңілді, қуанышы қойнына сыяр емес. Ұлы оқуға түсіпті. Мамандығы-инженер. Телефонмен сөйлескенде өзі солай айтқан. Құдайға сансыз алғысын жаудырған ол, енді күйеуі Бекеттің қорымының жанында құран бағыштап отыр. Жарынан ұлын қолдап, желеп-жебеп жатуын тілейді. Оның құлпытасын сипап отырып: «Отағасы-ау, біздің баламыз нағыз азамат болды. Оқуға да түсті. Сонан соң өзің салып берген үйге келін де әкелетін болады, бұйыртса! Сенің көзіңдей болған әлгі үлкен терезеден енді мектептен қайтқан немерелерімді көріп отыратын боламын. Сол жақсылыққа жетіп барып, сенің жаныңа жайғассам, арманым жоқ!» деді кемсеңдей тіл қатып.

3

Сынаптай сырғыған уақыт өтіп барады. Қылышын сүйретіп жеткен қаҺарлы қыс ысқырып, ышқынып жер-дүниені дүлей күшпен билеп-төстеп тұр. Айналасы ақ мамық көрпеге оранған әрбір үйден будақтаған қою қара түтіндер жарыса аспанға ұмтылады. Тек қана шеткеректе тұрған Хадишаның үйінен ”шықпа жаным, шықпа” дегендей әлсіз ғана түтін лебі байқалады. Еркебұлан кеткелі Хадиша бар тапқан-таянғанын жинап, оған жіберумен болды. Ауызғы бөлменің үлкен терезесінен суық, сүреңсіз тіршіліктің бейнесіндей табиғатқа көз тастап ойға батқан, жүзін әжім басқан, көздерінде қуаныштан гөрі шарасыздық, уайым басым кейуана отыр. Үзілмеген үміттей ошақтағы от та сығырайып жылт-жылт етеді. Кейуананы уайымға салған жалғызының жайы. Еркебұлан көптен бері хабарласпай кеткен еді. Ана көңілі соған алаңдаулы. ”Аман ба екен өзі? Құлыным жаурап, қарны ашып жүрген жоқ па екен?” деумен байғұс ананың тамағынан ас та өтпей, уайымдаумен түнімен ұйқы көрмей жағы қуарып, өңі солғын тартқан. Кенет телефон шыр ете қалды. Қалың ой құшағына берілген кейуана жалт қарап, соңғы кезде сырқырап аурып жүрген балтырының сыздағанына қарамастан жүгіре басып, телефон тұтқасын көтерді. Ар жағындағы таныс дауыс: -Сәлем бердік апа!

-Өй, айналайын, құлыным сол! Бақытты бол, өркенің өссін! Ботам-ау, аманбысың? Қашан келмекшісің?

-Апа, мен бұл демалыста бара алмаймын. Жұмыстарым бар. Келесі жаздағы демалыста барармын. Сонан соң маған ақша салмай-ақ қойыңыз! Мен өзім жұмыс істеп жүрмін. Жарай ма? Ал сау болыңыз. Бетіңізден сүйдім.

-Алло, Алло, Құлыным, Еркебұлан, алло?

Дың,....дың...дың...

Хадиша жерге жантая кетті. Құдайдан тілегені осы ма еді. Жалғыз ұл да қайрылмайын дегені ме. Жан дүниесі алай-дүлей болып, көкірегіне өксік тығылды. Ұлын келді деп күтіп жүрген ішкі сезімі алдап соғыпты. Мына дүние неткен тасбауыр?

Кейуананы зарықтырып, шаршатып жаз да жетті. Бұрынғысынан да жүзі жүдеу тартқан Хадиша әлі сол терезеден сыртқа көз тастаған. Ондағы ойы Еркебұлан осы көше бойымен келуі қасіреті мен уайым-қайғы өз ізін салып үлгерген жүзімен ана бүгін де терезенің жанында отыр. Көшенің басына көз жіберді, япыр-ау, өз көзіне өзі сенер емес ұзын бойлы, сол баяғы көрікті жігіт қолына үлкен жол сөмкесін ұстап маңғаздана аяңдап келеді. ”Апыр-ау, мынау Еркебұлан ғой, менің ұлым ғой!” Ана орнынан тәнтіректеп шаққа көтерілді. Қуаныштан буын-буыны қалтырап, әл кетіп барады. Сыртқы есік ашылып ұлы кірді. -Апа!

-Құлыным, Жарығым, Ботам! - ана ентіге басып барып ұлын құшақтай алды. Сөйлейін десе тілі икемге келер емес, әжім жүзін ащы жас жуып барады.

-Апа, апатай! Болды қойыңыз! Кенет Еркебұланның көзі анасының көзіне түсіп, шошып кетті. Өз анасына мүлде ұқсамайтын, бұрынғы қою қара шашынан жұрнақта қалмаған, көзі шүңірейіп ішіне енген, бойы бүкіриген кәрі кемпірді көріп, бойын жиып алды. Біреу үстінен су құйып жібергендей бір орында сілейіп тұрды да қалды. Ал байғұс ана болса бүгжеңдеп шай қамына кіріскен. Дастархан жасап жүріп, Құлыным, жағдайың қалай, оқуың ше? Еш жерің ауырып жүрген жоқ па? деп бәйек болып жатыр, - Ботам-ау, неғып тұрсың өз үйің ғой кіре ғой, қазір шай ішесің, кел!

Жігіт селсоқ қана қозғалып жер үстелге жайғасты. Байғұс ана ұлына сақтап жүрген құрт-ірімшігін, қант науатын үстел үстіне үйіп жатыр. Ұлы кеткелі күлкі атаулыны ұмытқан кейуананың жүзі бал-бұл жайнап сала берді. Анасы кұйған қою күрең шайды зорға жұтып отырған жігіт сәлден соң сөз бастады.

-Апа, мен келген жайымды айтайын. Мен мұнда ұзақ бөгелмеймін, біржолата кетемін. Өзіммен бірге сізді де алып кетем. Сізді мұнда жалғыз қалдыра алмаймын. Қалада тұрамыз. Мен жақында үйленбекшімін. Ал мына үйді сатып жібереміз. Сонан соң сіз, мен, келініңіз үшеуміз пәтер жалдап тұрамыз. Ал ақша жағынан қам жемеңіз! Мен де, келініңіз де жұмыс істейді. Үйдің құжаттарын маған беріңіз. Заңдастырамын. Менің келген шаруам осы! - деді жайбарақат. Ұлының сөзін үнсіз тыңдап отырған кейуананың көзі шарасынан шығып кете жаздады. ”О,құдайым! Мынау менің ұлым ба? Әлде менің құлағым шалыс естіп отыр ма?” Жоқ-жоқ! Алдында отырған өз ұлы, ендеше манадан бері айтылған сөздер де ұлынікі. Күтпеген жерден айтылған сөз ана жүрегіне шаншудай қадалды. Есеңгіреп барып, қайта өз-өзін жинап алды. Сонан кейін жүрек түкпірінде сақталып,айтылмай жүрген шерін ұлына ақтарып салды.

-Құлыным, сені әкең екеуміз зарығып күттік. Біз сол кездері кішкентай лашықта тұратынбыз. Сен туатын жылы әкең саған арнап осы үйді салған еді. Қарашы, мына терезені баламыздың сабақтан қайтып келе жатқанын көріп отырамыз деп әдейі көше бетке қаратып салған еді, жарықтық! Бірақ өзі сенің қызығыңды көре алмай кетті ғой! Одан ары шыдай алмаған ана, кемсеңдеп жылап жіберді де, қайтадан бар күшін жиып сөз бастады.

4

-Бұл үйді ешкімге де сатпаймын! Марқұм әкең әр кірпішін өзі қалап еді. Осы үйде ең бақытты күндеріміз өтті. Сол күндердің куәсіне айналған үйді қалай сатқызбақпын. Сенің әкеңнің әруағы кешіре ме мені! Сонан соң осы жерде әкеңнің сүйегі жатыр. Ал оны тастап мен қалаға кетпеймін! Ақылға кел, балам, ойлан әлі! Анасының сөзі шыдамсыздықпен тыңдаған ол:

-Апа, қойыңызшы өткенді қазбаламай! Одан да маған үйдің құжаттарын беріңіз. Ойланатын түгі жоқ!

-Бермеймін! Мен өлемін сосын сат бұл үйді! - деді ана шыдай алмай.

-Неге қоймайсыз? Бәрібір әкем өлді! Ендеше мына қарғыс атқан үйді де құртайық! Бітсін бәрі!

-Құлыным, артық кетпе, ақылың бар еді ғой. Шешесінің оңай көнбейтінін сезген жігіт жинала бастады.

-Ботам-ау сен...сен..қайда? Әзір болмаймысың?

-Қайтамын қалаға! Сізге мен емес, үй қымбат екен.

-Ол не дегенің, алтыным? сен.. не.. маған ашуланып қалдың ба? Жігіт жұлқына жүгіріп сөмкесін алып сыртқа беттеді. Артынан кейуана да ілесіп жүрді. -Ботам тоқта сен әлі ойланшы, қарашы мына терезеден қарап мен сені жылдар бойы күтіп отырдым!

-Айтпаңыз маған оны! Маған керегі жоқ! Ма терезе, ма! кейуана жерге құлап түсті, аяғы шалынып кетіпті. Шытыр-шытыр еткен ащы дыбыстарды естіп, басын көтеріп еді көше беттегі үлкен терезеге ұзыннан үш сынық сызық түсіп,кенет әйнектің жартысы жерге құлап бара жатты. Кейуананың жүрегі шым ете қалды. Көз ұшында тез тез басып ұлы кетіп барады.

-Еркебұлан, тоқта құлыным, тоқта! Ананың көз алдын тұман басып, құмға қарай сылқ түсіп бара жатты.

Уайым қайғының құрсауында қалған Хадиша ана шарасыздықтың пен жалғыздықтың қамытын кигелі, міне, екі апта өтті. Енді оның махаббатқа толы, дархан жүрегіне өшпестей қара дақ түскен. Ол - жалғызы салып кеткен дақ. Кеше ғана зарыға, сағынып күткен кәрі кеудеге ұлы келіп жылу сыйлап, жалғыздығын бөлісіп, қайғы бұлтын сейілткен сияқты еді. Перзентінен үлкен үміт күткен ананың бар дүниеден баз кешіп, жылаған жанына жұбаныш етіп отырған жалғыз үміт отын да жалғыз ұлы өз қолымен сөндіріп кетті. Онымен қоймай, бар бақытты шақтардың куәсіндей болған, соған қарап жақсылықтан хабар күтетін кәрі жүректің жан серігі - үлкен терезенің әйнегін сындырып, содан түсіп жатқан сынықтар жерге емес, ана жүрегіне қадалып жатқандай етіп кетті емес пе?! Сонда да жалғызын кінәлаған емес.

Кеше Хадиша түс көрді. Түсінде үйге ұлы келіпті, жанында бір әдемі бойжеткен бар. ”Келініңіз”дейді. Екеуі де қуанышты. Анасын өзімен бірге алып кеткелі келген екен. Хадиша түсті жақсыға жорыған. Жүрегі бір жақсылықты сезетін тәрізді.

Қазір түн. Алтын ай мен сансыз жұлдыздар жымыңдасып, түнгі аспанның көрігін қыздырып жатса, жаздың жайлы түні барша жанға тыныштық сыйлап жатқан тәрізді. Түн ортасы ауғанына қарамастан, көңілінде бір үміт пен бір күдік арпалысқан Хадиша әлі ояу жатыр. Сынық терезеден енген ай сәулесі күреңіткен үй ішіне болмашы ғана шуақ беріп тұр. Пештің түбінде үстіне көнетоздау шекпен жамылған кейуана келер күннен үлкен үміт күткендей сынған терезеден көк жүзіне көз тастайды. Беймәлім болашақ... Үзілмеген үміт...

Құмның қызы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар