Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Құрбанәлі Аманкелдіұлы: Қиса екен құдай аз ғана ғұ...

07.11.2016 3124

Құрбанәлі Аманкелдіұлы: Қиса екен құдай аз ғана ғұмыр

Құрбанәлі Аманкелдіұлы: Қиса екен құдай аз ғана ғұмыр - adebiportal.kz


Құрбанәлі (1).jpg


Балалық шақ



Жанарымда нұр ойнап, шаттық күлген,
Бойымнан арылмаған пәктік мүлдем.
Қайран менің, балалық балдай кезім,
Доп қуалап, шыбықты ат қып мінген.



Көңіліме алаң мен кірмей күдік,
Жадырадым уайымсыз күндей күліп.
Ғарышкер боламын деп армандадым,
Ғарыштың не екенін білмей жүріп.



Сол арманмен кетемін айға да ұшып,
Баламын ғой толмаған бойда күші.
Үйге кеш оралғанда анам кейде,
Қоятын қабақ шытып, жайлап ұрсып.





Алысқан соң ұлдармен жұлқып,
жұлқып,
Киімімде болатын жыртық-жыртық.
Бұрымынан тартамын қыздардың кеп,
Мұрынымды мен әрең сүртіп жүріп.



Достар жүрсе сабақпен басы қатып,
Мен жүремін далада асық атып.
Үйге жылап келгенде әкем маған,
Деп айтатын "жігітсің, жасыма түк".



Солай өтті қызықпен талай күндер,
Сол сәтке қия алмай қараймын мен.
Есейгім кеп жүргенде білмей қалдым,
Есейіп кеткенімді қалай бірден.



Жанарымда нұр ойнап, шаттық күлген,
Бойымнан арылмаған пәктік мүлдем.
Қош бол енді балалық балғын шағым,
Доп қуалап, шыбықты ат қып мінген.




Жетім мұңы

(цикл)





Жаныма бізін мұң сұққан кезде,
Жанарым жасқа тұншыққан кезде,
Асау тағдырдың берік тізгіні
Ырқыма көнбей қырсыққан кезде,
Еске алам әке, мен сені.



Өзекке зарым тығылған кезде,
Тағдырым тасқа ұрылған кезде,
Жаныма жалау тірек табылмай
Еңсемнің рухы жығылған кезде,
Еске алам әке,мен сені.



Мендегі үміт сорлаған кезде,
Кестесін қайғы торлаған кезде,
Шырмауық ғұмыр шимайға толы
Санамды әбден арбаған кезде,
Еске алам әке, мен сені.



Жүрегім жылап, жабыққан кезде,
Даңғаза ойдан жалыққан кезде,
Тұңғиық тылсым өмірдің қатал
Қатпарларынан зар ұққан кезде,
Еске алам әке, мен сені.



Құлазып көңіл,ойланған кезде,
Күдерім мұңға байланған кезде,
Бағымның жаурап жайқалған гүлі
Солуға енді айналған кезде,
Еске алам әке, мен сені.



Беймаза тірлік жасытқан кезде,
Қуаныш тербеп тасытқан кезде,
Сағынышымның шипасын таппай
Өзіңе қарай асыққан кезде,
Еске алам әке, мен сені.




2



Күлкімді мұңым ұрлаған кезде,
Көңілді қайғы шырмаған кезде,
Еш дауа тапппай дертіме мына
Жігерім жасып, құм бо(л)ған кезде,
Еске алам ана, мен сені.



Жанардың жасын көлдеткен кезде,
Бесігін қайғы тербеткен кезде,
Қабағын түйіп қатулы тағдыр
Мейіріміне шөлдеткен кезде,
Еске алам ана, мен сені.



Сая табылмай сенделген кезде,
Бақытым мұңға жерленген кезде,
Жылуын бөлмей сүйкімсіз жалған
Уланған улы шер бөлген кезде,
Еске алам ана, мен сені.



Арманым азып жоғалған кезде,
Шаттықтың бағы тоналған кезде,
Шүйлігіп алған шибөрі мұңға
Шиедей болып таланған кезде,
Еске алам ана, мен сені.



Қуаныш сордан жеңілген кезде,
Іргесі бақтың сөгілген кезде,
Миымды жеген мазасыз ойлар
Мезі етіп жанды кемірген кезде,
Еске алам ана, мен сені.



Үгіліп тауым шағылған кезде,
Жүрекке жара салынған кезде,
Аямай маған шуағын шашар
Күн келбетіңді сағынған кезде
Еске алам ана, мен сені.





Т.Н.А-ға




Күнә таппай қарақаттай көзіңнен,
Кірпігіңде періштелер көз ілген.
Ғалам сенің пәк күлкіңнен садаға,
Мен әлемді төмен қоям өзіңнен.



Жанарыңнан жауап іздеп қылықтым,
Қабағыңнан жасырынған сыр ұқтым.
Көңіліңде бүршік атып көрікті ой,
Ерініңде дірілдейді тұнық мұң.



Өзіңді ойлап өзеурейді күндерім,
Алмасады бірде шаттық, бірде мұң.
Сені сүю-қателігім болса егер,
Өкінбейтін қателігім бұл менің.



Айықтырып көңілдегі дертімнен,
Бір бөлек күй баурайды тыс еркімнен.
Жерде гүлде, көкте күнде сескенген,
Сенің, қалқам, шуақ шашқан көркіңнен.



Дидарыңда ай шалқыған, күн күлген,
Бар дертіме таптың сен мың түрлі ем.

Сен өмірсің, өлшеуі жоқ мен үшін,
Ал, өмірді айтшы сүймеу мүмкін бе?!



Көңілімнің құйқылжыған сазынан,
Жүрегім бұл сен деп салар нәзік ән.
Сен өлеңсің, сезімімнен гүлдеген,
Қабірімнің көк тасына жазылар.




********





Өкініштер өткелінде өткеннің,
Арыла алмай алжастырған мың ойдан.
Сенің жаның шұғыласы көктемнің,
Менің жаным күз секілді мұңайған.



Жанарымнан бір мөлдір мұң тайғанап,
Жүрегімде сүттей сезім тұрды ұйып.
Ақ жүзіңді айдың ерні аймалап,
Келбетіңе күн кеткендей нұр құйып.



Әр таңымды үмітпенен атырдым,
Өміріме өлең болып сен ендің.
Сенен өзге жанды көрмес соқырмын,
Сенен өзге жанды естімес кереңмін.



Солай болып сендегі бар ұйғарым,
Тұрақ таптың жүрегінен өзгенің.
Бақыт деген сенің ғана дидарың,
Бақыт деген сенің ғана көздерің.



Пейіштегі періштемен теңесер,
Болмысыңа бас ұрады жер әлем.
Сен естіген ең ұлы сөз не десе,
Мына сенің атыңды айтып берер ем.



Көңілімді шырмағанда қаяу-мұң,
Өксігімді өлеңіме жасырдым.
Мен сен десе тозаққа да даярмын,
Бар күнәсін арқалап ап ғасырдың.



Құштарлықтың әуелетіп мұңлы әнін,
Түндерге арттым терең ойдың салмағын.
Сенің кінәң мені ғашық қылғаның,
Менің кінәм сені сүйіп қалғаным.





Музаға


(Т.Н.А)




Күнімдей болып көгімде күлген,
Шуағын төккен көрікті адам.
Шаршаған сәтте өмірден мүлдем,
Шаттығым болып жолықтың маған.



Алданыш болған арманның бәрі,
Керуен күндерде қалып барады.
Неге мен жүрген жолдардың бәрі,
Тек қана саған алып барады?!



Пенденің бірі ем сертіме берік,
Өкінішім жоқ өткенге мынау.
Қарашы сенің көркіңе елтіп,
Табынып саған көктемде тұр-ау.



Себепші болып бағыма менің,
Жүректің қалай ұмытам жырын.
Көктемдей саған табынар едім,
Кешіре гөрсін ұлы Тәңірім.

Көркіңнен сенің көшіріп өлең,
Күлкімді тұрды жасырып налам.
Барлығынан мен кешігіп келем,
Жалғыз-ақ саған асығып барам.

Сергелдең еткен сезімнің әні,
Көп әлі саған жазбаған жырым.
Жырлауым үшін өзіңді тағы,
Қиса екен құдай аз ғана ғұмыр.





Наз...





 Білмеймін, неге сені іздей берем,
Көңілім күңіренді күздей неден?!
Қалтыраған, қорғансыз үмітімді
Алдарқатып, әйтеуір үзбей келем.



Көтеремін амалсыз барлығында,
Тастан ауыр секілді тағдырымда.
Сені маған қосуды жаздыма екен,
Тәңірім, талқыланбас жарлығында?!



Санамнан шығара алмай сені мүлде,
Жырақтамай қойдың ғой көңілімнен.
"Бас тарт" дейсің, ал сенен бас тартқаным -
Бас тарту емеспе бұл өмірімнен?!



Жанарымнан жылжиды құлап ағын,
Кімге керек шарасыз мына хәлім?!
Өлердей боп өксіген жүрегімді
Өлеңіммен әлдилеп жұбатамын.



Бұл үшін жазғырайын текке кімді?
Кімнен көрем жара сап кеткеніңді?!
Өмір маған үйретті бәрін, бәрін,
Үйретпепті тек сені жек көруді.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар