Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Латыннегізді жаңа қазақ жазуындағы дауыстылардың о...

07.11.2018 7867

Латыннегізді жаңа қазақ жазуындағы дауыстылардың орфоэпиясы

Латыннегізді жаңа қазақ жазуындағы дауыстылардың орфоэпиясы - adebiportal.kz

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліп­биімен басып шығара бастауға тиіспіз. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет» деп баса айтады. Биылғы жылдың ақпан айында латын графикасына негізделген Қазақ әліпбиі бекітілді. Соның негізінде Қазақ тілі орфографиясының емле ережелері А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында «Латынграфикалы жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын жаңғыртудың ғылыми-лингвистикалық базасын әзірлеу» атты мақсатты-бағдарламалық жоба аясында дайындалды. Бұл емле ережеде қазақ жазуының ерекшеліктері мен заңдылықтары, базалық нормалары сақталды және тілдің дыбыс қоры толық қамтылды. Сондай-ақ бұрынғы Емле ережелердің стандарты негізге алынды. Емле ереже тоғыз тараудан, 108 баптан тұрады және мұнда фонематикалық принципі басшылыққа алынды. Фонематикалық принцип бойынша фонеманың негізгі реңкі дыбыстық және позициялық өзгерістерге қарамай сақталып жазылады. Ал айтуда фонеманың барлық реңкі көрініс табады. Яғни сөздің жазылуы мен айтылуында ұқсас әрі ортақ белгілер болғанымен, олардың әрқайсысының өзіне тән нормасы бар, басқаша айтқанда сөздің жазылуы мен айтылуы үнемі бір-біріне сәйкес келе бермейді. Сондықтан дұрыс жазуды қарастыратын Орфографиялық ережелермен бірге дұрыс айтуды қарастыратын Орфоэпиялық ережелер қатар дайындалуы керек.

Қазіргі таңда ауызша сөздің адамдардың өзара қарым-қатынасында, сахна өнерінде, ақпарат құралдарында мәртебесі күшейді. Қазақ әдеби тілінің бұрыннан бері қалыптасқан дәстүрлі Орфоэпиялық ережелері бар. Кезінде ережелерді жасаған ғалымдар: Р.Сыздық, Қ.Неталиева, М.Дүйсебаева, Н.Уәли, Ә.Жүнісбек. Қазақ тілтанымындағы жаңа бағыттардың дамуымен байланысты фонология, интонология, просодиканың үғымдары мен құбылыстары, сөз мәдениеті зерттеулерінің нәтижелері бұл мақалада негізге алынады. Орфоэпия тілдің сөйлеу нормасын зерттейтін болғандықтан, қазақ тіліндегі кейбір дауыстылардың ауызша сөздегі түрленімі қазіргі латын негізді емле ережеге байланысты қарастырылады.

Қазақ тіліндегі <а> дауысты фонемасы <sh> және <j> жуысыңқы фонемаларының соңынан келгенде, [á]-ге жуық айтылады, ал жазуда негізгі реңкі сақталады: shаı – [sháı], jaıbaraqat – [jáıbaraqat], jaıbasar – [jáıbasar], jaıǵasý – [jáıǵasý], jaıdaq – [jáıdaq], jaıdary – [jáıdary], jaıly – [jáıly], jaıma-jaı – [jáıma-jáı], jaısyz – [jáısyz], jaısań – [jáısań].

Сондай-ақ <а> дауыстысы сөз басында және бірінші буында [á] болып айтылады: aıgólek – [áıgólók], qadir – [qádir], qazir – [qázir] және екінші буында [á]--ға ауысады: kitap – [kitáp], kitaphana – [kitáphana].

Кейбір дауысты дыбыстардың фонематикалық қасиетін анықтау оңай емес. Себебі сөз басында [е] дыбысының алдында әнтек [ɩе] естіліп, екі дыбыс дифтонг түрінде айтылады, ал сөз ортасы мен соңында [е] дыбысы монофтонг түрінде айтылады. Дифтонг және монофтонг түрінде айтылатын дыбыстар бір <е> дыбыс типінің көріністері болып табылады. Мысалы, еgemen – [ıegemen], eger – [ıeger], egiz – [ıegiz], edáýir – [ıedáýir], ejelgi – [ıejelgi], ekpin – [ıekpin], ekijúzdi – [ıekijúzdi], elek – [ıelek], emle – [ıemle] деген сөздерде сөз басында <е> фонемасы [ɩe] түрінде айтылады.

Сол сияқты <о> және <ó> фонемалары сөз басында [o] және [ó] түрінде айтылады. Мысалы, otan – [otan], oqıǵa – [oqıǵa], olqylyq – [olqylyq], orama – [orama], orasan – [orasan], orman – [orman], oshaq – [oshaq], otyn – [otyn], omyraý – [omyraý]; ómir – ómir, óleń – óleń, ótinish – ótinish, ósimdik – ósimdik, órkenıet – órkenıet, óńir – óńir, ózara – ózara, ókpe – ókpe, ókim – ókim деген сөздерде сөз басында <о>, <ó> фонемалары [o], [ó] түрінде айтылады. Qoža, molda, qolda деген сөздерде, сөз ортасында <о> фонемасы монофтонг түрінде қолданылады. Демек, қазақ тілінде <e>, <о>, <ó> фонемалары сөз басында ғана [ɩe], [o], [ó] түрінде айтылады.

Дауысты фонемалардың да кейбіреуі әлсіз позицияда өзінің қасиетін жоғалтып, басқа фонемалардың ерекшеліктерін қабылдайды, мысалы: <y>, <i>, <e> фонемалары [u], [ú], [ó] дыбыстарына жартылай модификацияланады. Сонда <y>, <i>, <e> фонемалары [u], [ú], [ó] дауыстыларына жуық айтылады. Мысалы, qolyń [qoluń], momyn [momun], jolyń – [joluń], sóziń – [sózúń], kóziń – [kózúń], tósiń – [tósúń], kóɩlek – [kóɩlók], óngen – [óngón], kóngen – [kóngón].

Соңғы кезде орта және жас буынның сөйлеу тілінде көрсетілген дауысты фонемалардың варианттары кейде көрінбейді. Бұл – қоғамның және оның тілінің даму процесіне байланысты заңды құбылыс. Себебі сөздердің жазылуы айтылуына да әсер етуі мүмкін, ол кейде сөйлеу тілінің «бұзылғаны» деп бағаланады. Алайда сөйлеу тілі жазба тіліне және керісінше жазба тілі сөйлеу тіліне ықпал етеді, яғни бұл орфография мен орфоэпияның бір-бірімен байланысын көрсетеді. Көрсетілген мысалдарда қысаң <y>, <i> және жартылай қысаң <e> дауыстылар ерін үндестігі негізінде өзінің варианттарында жүзеге асады.

Латыннегізді қазақ жазуына көшкенде, кейбір шеттілдік сөздер үшін фонетикалық принцип басшылыққа алынады. Басқаша айтқанда, шеттілдік сөздер қазақ тілінің айтылым заңдылығына сәйкес бейімделіп алынады және қазақ тілінің орфоэпиялық нормасы бойынша айтылады. Кирилл графикасындағы /ë/ әрпімен келетін сөздер жаңа латыннегізді қазақ жазуында /о́/ әрпімен беріледі. Мысалы, маневр – manо́vr, бруцелез – brýselо́z, актер – aktór, амеба – amóba, дирижер – dırıjо́r, режиссер – rejısо́r. Осы уақытқа дейін бұл сөздер орыс тілі арқылы енгендіктен, донор тілдің орфоэпиясы бойынша айтылды. Енді /ë/ әрпімен келетін сөздер қазақ тілінің фонетикалық заңдылығына сәйкес жазылады да айтылады. Латын графикасына көшудегі мұндай өзгеріс қазақ тілінің ауызша сөз табиғатын сақтауға, ұлттық кодты жаңғыртуға бағытталған.

Латын негізді қазақ жазуын ауызша тілге айналдыратын болсақ, бірнеше өзгерістер байқалады. Сондай өзгерістердің бірі э дауыстысына байланысты. Бұл шеттілдік сөздерге қатысты болып келеді. Кейбір шеттілдік сөздер латын негізді графикаға көшкенде, э дауыстысы е түрінде айтылады: элемент – element, элемент – elevator, эпопея – epopeıa, поэтика – poetıka, коэфицент – koefısent.

Қазақ тіліндегі у, і дауыстылары бірінші және екінші буындарда әртүрлі айтылады. Бірінші буында аталмыш дауыстылар көмескіленіп редукцияланады, ал екінші буында олар анық айтылады. Мысалы, tynysh –tynysh, myqty – [myqty], dybys – [dybys], topyraq – [topyraq], japyraq – [japyraq], kirpik – [kirpik], tirshilik – [tirshilik], ádilet – [ádilet], qasiret – [qasiret], málimet – [málimet]. Бұл дыбыстардың екі түрлі болып айтылуы екпіннің түскен орнына байланысты. Екпін түсетін буынға қарағанда екпінсіз буындағы дауыстылар әлсіреп, редукцияға ұшырайды. Бұл мысалдарды фонетикалық экспериментке салып, осциллограммаларды талдағанда бірінші позицияда тұрған дауыстылардың ұзақтылығы екінші позициядағы дауыстылармен салыстырғанда кем болады. Сонымен, қарастырылған дыбыстардың әртүрлі реңкте, вариацияда айтылуы бірнеше себептерге байланысты, атап айтқанда, дыбыстардың сөздегі позициясына, көршілес дыбыстарға және екпіннің түсетін орнына.

Қазіргі қазақ тіліндегі ɩ, ý дифтонг фонемалар болып табылады. Себебі өзге дыбыстарға қарағанда артикуляциялық жағынан күрделі. Оны ɩ, ý-дың бүтін тембрі сақталмай, бір дыбыстан іле-шала екінші дыбысқа ауысып тұрғанынан байқаймыз. Бір дыбыстан басталып, екінші бір дыбыс элементіне бітеді. Сонда ɩ-дың бірінші компоненті фонетика жағдайына қарай y не і, екінші көмескі компоненті сонор ɩ, ал ý-дың негізгі компоненті фонетикалық жағдайына қарай u не , ал екінші көмескі компоненті сонор ý (тау, өте келте айтылады). Сөйтіп ɩ мен ý дауыстысының бірінші компоненті қысаң дауыстылар да, екінші компоненті сонор ɩ, ý деп білеміз. Қорыта келгенде, ɩ, ý дифтонгтары жазуда бір әріппен таңбаланса, айтуда қосар дыбыстың мазмұнын береді. Ý дифтонгысы кейде жуан, кейде болып келеді: uý, úý. Сол сияқты ɩ дифтонгысы кейде жуан, кейде жіңішке болып келеді. Бұл дифтонгтардың бірінші компонентімен байланысты. Осы әріптерді оқытуда фонетикалық транскрипция басшылыққа алынады.

Кирилл графикасындағы ю әрпі латын графикасына негізделген жазуда қазақ тіліне тән ú әрпімен беріледі. Мысалы, парашют – parashút, абсалют – absalút, глюкоза – glúkoza, дебют – debút, продюссер – prodúser, люкс – lúks, салют – salút, валюта – valúta, бюджет – búdjet, бюрократия – búrokratıa, сюжет – sújet, бюлетень – búleten; компьютер – kompúter, конюктура – konúktýra. Шеттілдік сөздердің фонетикалық принцип бойынша жазылуы қазақ тілінің орфоэпиялық нормасына да әсер ететіні сөзсіз. Қазақ тілінің орфоэпиясындағы мұндай өзгеріс ұлттық тілдің табиғатына жауап береді және ол әсіресе келесі ұрпаққа бағытталған.

Латыннегізді жаңа қазақ жазуына көшумен байланысты жіңішке белгісі бар сөздер жіңішке дауыстылар арқылы жазылады және айтылады: ансамбль – аnsámbl, дубль – dúbl, рубль – rúbl, пароль – parо́l, асфальт – asfált, пульт – púlt, альт – ált, ось – ós, вольт – vólt, бульдог – búldog.

Сөз ішінде не сөз аралығында екі дауысты қатар келгенде, оның біреуі түсіріліп айтылады. Мысалы, аlа аt – а-lаt, qаrа аlа – qа-rа-lа, tory at – to-rat. Нақты айтқанда, синтагманы құрайтын сөз тіркесі бүтін фонетикалық сөз түрінде айтылады.

Қорыта келгенде, сөз ішіндегі, сөздер аралығындағы көрші дыбыстардың бір-біріне әсерін реттейтін сондай-ақ жазба сөз бен ауызша сөздің арақатынасын білдіретін орфоэпиялық ережелерді латыннегізді жаңа қазақ жазуында ескеру қажет.

Зейнеп Базарбаева,

филол.ғ.д., профессор,

Жанар Жұмабаева,

филол.ғ.к.,

Орфогрфиялық

топ мүшелері


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар